156-бап. Басқыншылық соғысты жоспарлау, әзiрлеу,
тұтандыру немесе жүргiзу
1. Басқыншылық соғысты жоспарлау, әзiрлеу немесе тұтандыру -
жетi жылдан он екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Басқыншылық соғысты жүргiзу -
он жылдан жиырма жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға не өлiм жазасына немесе өмiр бойы бас бостандығынан айыруға жазаланады.
157-бап. Басқыншылық соғысты тұтандыруға насихат жүргiзу
және жария түрде шақыру
1. Басқыншылық соғысты тұтандыруға насихат жүргiзу және жария түрде шақыру -
үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның үш айдан тоғыз айға дейiнгi кезеңдегi жалақысының немесе өзге табысының мөлшерiнде айыппұл салуға не үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Бұқаралық ақпарат құралдарын пайдаланып жасалған не мемлекеттік жауапты қызмет атқарып отырған лауазымды адам жасаған дәл сол әрекет -
бес мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның алты айдан бiр жылға дейiнгi кезеңдегi жалақысының немесе өзге табысының мөлшерiнде айыппұл салуға не үш жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айырып, екi жылдан бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
158-бап. Жаппай қырып-жою қаруын өндiру немесе тарату
Химиялық, биологиялық, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық шартымен тыйым салынған жаппай қырып-жою қаруының басқа да түрiн өндiру, сатып алу немесе өткізу -
бес жылдан он жылға дейiн мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
159-бап. Соғыс жүргiзудiң тыйым салынған құралдары
мен әдiстерiн қолдану
1. Әскери тұтқындарға немесе әскери емес тұрғындарға қатыгездiкпен қарау, әскери емес тұрғындарды күштеп көшiру, басып алынған аумақта ұлттық мүлiктi тонау, Қазақстан Республикасының халықаралық шартымен тыйым салынған құралдар мен әдiстердi әскери жанжалда қолдану -
он екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Қазақстан Республикасының халықаралық шартымен тыйым салынған жаппай қырып-жою қаруын қолдану -
он жылдан жиырма жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға не өлiм жазасына немесе өмiр бойы бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2009.10.07 № 175-ІV ҚР Заңымен 160-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
160-бап. Геноцид
1. Геноцид, яғни ұлттық, этникалық, нәсiлдiк немесе дiни топты осы топтың мүшелерiн өлтiру, олардың денсаулығына ауыр зардап кетiру, бала тууға күш пен бөгет жасау, балаларды мәжбүрлеп бiреуге беру, күштеп көшiру не осы топтың мүшелерiн қырып-жоюға есептелген өзге де тiршiлiк жағдайларын туғызу арқылы толық немесе iшiнара жоюға бағытталған қасақана әрекеттер -
он жылдан жиырма жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға не өмiр бойы бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2009.10.07 № 175-ІV ҚР Заңымен мазмұн екінші бөлікпен толықтырылды
2. Соғыс уақытында жасалған нақ сол әрекеттер -
он бес жылдан жиырма жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға не өлім жазасына немесе өмір бойына бас бостандығынан айыруға жазаланады.
161-бап. Экоцид
Өсiмдiктер немесе жануарлар дүниесiн жаппай жою, атмосфера, жер немесе су ресурстарын улау, сондай-ақ экологиялық апатты туғызған немесе туғызуы мүмкiн өзге де iс-әрекеттердi жасау -
он жылдан он бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
162-бап. Жалдамалылық
1. Жалдамалыны жалдануға азғырып көндiру, оқытып-үйрету, қаржыландыру немесе өзге материалдық қамтамасыз ету, сондай-ақ оны қарулы жанжалда немесе соғыс қимылдарында пайдалану -
төрт жылдан сегiз жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Адам өзiнiң қызмет бабын пайдаланып немесе кәмелетке толмағанға қатысты жасаған дәл сол әрекеттер -
мүлкi тәркiленiп немесе онсыз жетi жылдан он бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Жалдамалының қарулы жанжалға немесе соғыс қимылдарына қатысуы -
үш жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
4. Осы баптың үшiншi бөлiгiнде көзделген, адам қазасына немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан iс-әрекеттер -
мүлкi тәркiленiп он жылдан жиырма жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға не мүлкi тәркiленiп өлiм жазасына немесе мүлкi тәркiленiп өмiр бойы бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескерту. Материалдық сыйақы алу немесе өзге де бас пайдасы мақсатында iс-әрекет жасайтын және қарулы қақтығысқа қатысушы тараптың азаматы болып табылмайтын, оның аумағында тұрақты тұрмайтын және ресми мiндеттердi орындау үшiн басқа мемлекет жiбермеген адам жалдамалы деп танылады.
163-бап. Халықаралық қорғау аясындағы адамдарға немесе
ұйымдарға шабуыл жасау
1. Шетелдiк мемлекеттiң өкiлiне немесе халықаралық қорғау аясындағы халықаралық ұйымның қызметкерiне немесе онымен бiрге тұратын оның отбасы мүшелерiне, сондай-ақ халықаралық қорғау аясындағы адамдардың қызметтiк немесе тұрғын үй-жайларына не көлiк құралдарына шабуыл жасау, сол сияқты осы азаматтарды ұрлау немесе бас бостандығынан күштеп айыру, егер осы әрекеттер соғысқа арандату немесе халықаралық жағдайды шиеленiстiру мақсатында жасалса -
мүлiктерi тәркiленiп немесе онсыз үш жылдан сегiз жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Бiрнеше рет не қару қолдану не адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша жасалған, не денсаулыққа ауыр зиян келтiрумен ұштасқан, абайсызда адам өлiмiне әкеп соққан нақ сол әрекеттер -
мүлкi тәркiленiп немесе онсыз он жылдан он бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
ҚР 05.05.00 ж. № 47-II; 19.02.02 ж. № 295-II Заңдарына сәйкес 164-бап өзгертілді
164-бап. Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк немесе
дiни араздықты қоздыру
1. Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, дiни араздықты немесе алауыздықты қоздыруға, азаматтардың ұлттық ар-намысы мен қадiр-қасиетiн не дiни сезiмдерiн қорлауға бағытталған қасақана iс-әрекеттер, сол сияқты азаматтардың дiнге көзқарасына, тектiк-топтық, ұлттық, рулық немесе нәсiлдiк қатыстылығы белгiлерi бойынша олардың айрықшалығын, артықшылығын немесе кемдiгiн насихаттау, егер осы әрекеттер көпшiлiк алдында немесе бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалана отырып жасалса -
бір мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның он айға дейiнгi кезеңдегi жалақысының немесе өзге табысының мөлшерiнде айыппұл салуға не алты айға дейiнгi мерзiмге қамауға не екi жылға дейiнгi мерзiмге түзеу жұмыстарына не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Адамдар тобымен немесе бiрнеше рет жасалған, немесе күш көрсетумен не оны қолданамын деп қорқытумен ұштасқан, сол сияқты өзiнiң қызмет бабын пайдалана отырып, адам не қоғамдық бiрлестiктiң жетекшiсi жасаған нақ сол iс-әрекеттер -
бес жүзден үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның бес айдан бір жылға дейiнгi кезеңдегi жалақысы немесе өзге де табысы мөлшерiнде айыппұл салуға не төрт жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не үш жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айырып, екі жылдан алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бiрiншi және екiншi бөлiктерiнде көзделген, ауыр зардаптарға әкеп соққан iс-әрекеттер -
үш жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айырып немесе онсыз үш жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
5-тарау. Мемлекеттiң конституциялық
құрылысына және қауiпсiздiгiне қарсы қылмыстар
ҚР 05.05.00 ж. № 47-II Заңына 165-бап өзгертілді; 2009.10.07 № 175-ІV ҚР Заңымен 165-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
165-бап. Мемлекеттік опасыздық
1. Мемлекеттік опасыздық, яғни қарулы жанжал кезiнде жау жағына өтiп кетуден, сол сияқты шпиондық жасаудан, мемлекеттік құпияларды жатқа беруден не Қазақстан Республикасына қарсы дұшпандық әрекет жүргiзуден, шетелдiк мемлекетке, шетелдiк ұйымға немесе олардың өкiлдерiне өзге де көмек көрсетуден көрiнген, Қазақстан Республикасының азаматы Қазақстан Республикасының сыртқы қауiпсiздiгi мен егемендiгiне нұқсан келтiру немесе әлсiрету мақсатында жасаған қасақана әрекет -
мүлкi тәркiленiп немесе онсыз он жылдан он бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға, ал ұрыс жағдайында ауырлататын мән-жайлар кезiнде - он бес жылдан жиырма жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға не мүлкi тәркiленiп немесе онсыз өмiр бойы бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2009.10.07 № 175-ІV ҚР Заңымен мазмұн екінші бөлікпен толықтырылды
2. Соғыс уақытында жасалған нақ сол әрекеттер -
мүлкі тәркіленіп, он бес жылдан жиырма жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға не өлім жазасына немесе мүлкі тәркіленіп, өмір бойына бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескерту. Осы бапта, сол сияқты осы Кодекстiң 166 және 168-баптарында көзделген қылмыстарды жасаған адам, егер ол мемлекеттік органдарға ерiктi және дер кезiнде хабарлауымен немесе өзгеше жолмен Қазақстан Республикасының мүдделерiне залал келтiрудi болдырмауға жәрдемдессе және оның iс-әрекеттерiнде өзге қылмыс құрамы болмаса, қылмыстық жауаптылықтан босатылады.
ҚР 05.05.00 ж. № 47-II Заңына сәйкес 166-бап өзгертілді
166-бап. Шпионаж
Мемлекеттік құпияларды құрайтын мәлiметтердi шетелдiк мемлекетке, шетелдiк ұйымға немесе олардың өкiлдерiне беру, сол сияқты оларға беру мақсатында жинау, ұрлау немесе сақтау, сондай-ақ шетелдiк барлаудың тапсырмасы бойынша өзге де мәлiметтердi Қазақстан Республикасының сыртқы қауiпсiздiгi мен егемендiгiне зиян келтiре отырып пайдалану үшiн беру немесе жинау, егер осы әрекеттердi шетелдiк азамат немесе азаматтығы жоқ адам жасаса -
мүлкi тәркiленiп немесе онсыз он жылдан он бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
ҚР 19.02.02 ж. № 295-II Заңына сәйкес 167-бап жаңа редакцияда
167-бап. Қазақстан Республикасы Президентінің өміріне
қастандық жасау
Қазақстан Республикасы Президентінің өміріне оның мемлекеттік қызметін тоқтату не осындай қызметі үшін кек алу мақсатында қастандық жасау, -
он бес жылдан жиырма жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға не өлім жазасына немесе өмір бойы бас бостандығынан айыруға жазаланады.
09.12.04 ж. № 10-III ҚР Заңымен 168-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
168-бап. Билiктi күшпен басып алу немесе билiктi күшпен ұстап тұру не Қазақстан Республикасының уәкiлеттi органдары мен лауазымды адамдарының құзырына кiретiн өкiлеттiктердi шет мемлекет немесе шетелдiк ұйым өкiлдерiнiң жүзеге асыруы
1. Қазақстан Республикасының Конституциясын бұзып, билiктi күшпен басып алуға немесе билiктi күшпен ұстап тұруға бағытталған, сол сияқты Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгертуге бағытталған iс-әрекеттер, -
он жылдан он бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Қазақстан Республикасының, оның уәкiлеттi органдарының немесе лауазымды адамдарының құзырындағы өкiлеттiктердi шет мемлекет немесе шетелдiк ұйым өкiлдерiнiң жүзеге асыруы, -
бiр мың айлық есептiк көрсеткiштен бес мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның он айдан бiр жылға дейiнгi кезеңдегi жалақысының немесе өзге табысының мөлшерiнде айыппұл салуға не жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
169-бап. Қарулы бүлiк
Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын құлату немесе күштеп өзгерту не Қазақстан Республикасының аумақтық тұтастығын бұзу мақсатында қарулы бүлiк ұйымдастыру не оған белсендi түрде қатысу -
он жылдан он бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
ҚР 19.02.02 ж. № 295-II Заңына сәйкес 170-бап өзгертілді
170-бап. Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын
күшпен құлатуға немесе өзгертуге не оның аумақтық
тұтастығын күшпен бұзуға шақыру
1. Өкiметтi күштеп басып алуға, өкiметтi күштеп ұстауға, мемлекет қауiпсiздiгiне нұқсан келтiруге немесе конституциялық құрылысын күштеп өзгертуге, сондай-ақ Қазақстан Республикасының тұтастығын және оның аумағының бiрлiгiн күштеп бұзуға жария түрде үндеу, сондай-ақ осындай мазмұндағы материалдарды осы мақсатта тарату -
үш жүзден бiр мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның үш айдан он айға дейiнгi кезеңдегi жалақысының немесе өзге табысының мөлшерiнде айыппұл салуға, не бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Бұқаралық ақпарат құралдарын пайдаланып немесе ұйымдасқан топпен жасалған, сол сияқты бұрын осы бап бойынша сотталған адам жасаған нақ сол әрекеттер -
бiр мыңнан бес мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның он айдан бiр жылға дейiнгi кезеңдегi жалақысының немесе өзге табысының мөлшерiнде айыппұл салуға не үш жылдан жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
171-бап. Диверсия
Қазақстан Республикасының қауiпсiздiгi мен қорғаныс қабiлетiне нұқсан келтiру мақсатында адамдарды жаппай қырып-жоюға, олардың денсаулығына зиян келтiруге, кәсiпорындарды, құрылыстарды, қатынас жолдары мен құралдарын, байланыс құралдарын, халықтың тiршiлiгiн қамтамасыз ету объектiлерiн қиратуға, немесе зақымдауға бағытталған жарылыс жасау, өрт қою немесе өзге iс-әрекеттер жасау, сол сияқты осы мақсатта жаппай улау немесе эпидемиялар мен эпизоотиялар тарату -
мүлкi тәркiленiп немесе онсыз он жылдан жиырма жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға не өлiм жазасына немесе өмiр бойы бас бостандығынан айыруға жазаланады.
ҚР 05.05.00 ж. № 47-II Заңына сәйкес 172-бап жаңа редакцияда
172-бап. Мемлекеттік құпияларды заңсыз алу, жария ету
1. Құжаттарды ұрлау, мемлекеттік құпияларды бiлетiн адамдарды немесе олардың жақындарын сатып алу немесе қорқыту, байланыс құралдары арқылы қолға түсiру, компьютерлiк жүйеге немесе желiге заңсыз кiру, арнайы техникалық құралдарды пайдалану жолымен, сол сияқты өзге де заңсыз әдiспен мемлекеттік құпияларды құрайтын мәлiметтер жинау мемлекетке опасыздық немесе шпиондық белгiлерi болмаған жағдайда -
төрт айдан алты айға дейiнгi мерзiмге қамауға алуға немесе белгiлi бiр лауазымдарда болу немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып немесе онсыз бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Адамның өзiне сенiп тапсырылған немесе қызмет немесе жұмыс бабымен мәлiм болған мемлекеттік құпияны құрайтын мәлiметтердi жария етуi, мемлекетке опасыздық белгiлерi болмаған жағдайда -
үш айдан алты айға дейiнгi мерзiмге қамауға алуға немесе үш жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарда болу немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып немесе онсыз үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Адамның өзiне сенiп тапсырылған немесе қызмет немесе жұмыс бабымен мәлiм болған қызметтiк құпияны құрайтын мәлiметтердi жария етуi, егер бұл ауыр зардаптардың тууына әкеп соқса, мемлекетке опасыздық белгiлерi болмаған жағдайда -
екi жүзден бес жүзге дейiнгi айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде немесе сотталған адамның екi айдан бес айға дейiнгi кезеңдегi жалақысы немесе өзге де табысы мөлшерiнде айыппұл салуға, не төрт айға дейiнгi мерзiмге қамауға алуға, не екi жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымда болу немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып немесе онсыз екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
4. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген әрекеттер, егер олар ауыр зардаптарға әкеп соқса, -
үш жылға дейiнгi мерзiмде белгiлi бiр лауазымда болу немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, сегiз жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
ҚР 05.05.00 ж. № 47-II Заңына сәйкес 173-бап жаңа редакцияда
173-бап. Мемлекеттік құпиялары бар құжаттарды, заттарды жоғалту
1. Адамның өзiне қызмет немесе жұмыс бабымен сенiп тапсырылған мемлекеттік құпиясы бар құжаттарды, сол сияқты олар туралы мәлiметтер мемлекеттік құпияны құрайтын заттарды жоғалтуы егер аталған құжаттар немесе заттар оларды пайдаланудың белгiленген ережелерiн бұзудың салдарынан жоғалса және ауыр зардаптардың тууына әкеп соқса,-
бiр мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның он айға дейiнгi кезеңдегi жалақысы немесе өзге де табысы мөлшерiнде айыппұл салуға, не екi жылға дейiнгi мерзiмге түзеу жұмыстарына, не үш айдан алты айға дейiнгi мерзiмге қамауға алуға, не үш жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымда болу немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, төрт жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Адамның өзiне қызмет немесе жұмыс бабымен сенiп тапсырылған қызметтiк құпиясы бар құжаттарды, сол сияқты олар туралы мәлiметтер қызметтiк құпияны құрайтын заттарды жоғалтуы, егер аталған құжаттар немесе заттар оларды пайдаланудың белгiленген ережелерiн бұзудың салдарынан жоғалса және ауыр зардаптардың тууына әкеп соқса, -
екi жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның екi айға дейiнгi кезеңдегi жалақысы немесе өзге де табысы мөлшерiнде айыппұл салуға, не бiр жылға дейiнгi мерзiмге түзеу жұмыстарына, не екi айға дейiнгi мерзiмге қамауға алуға, не екi жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымда болу немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып немесе онсыз бiр жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
174-бап. Жұмылдыруға шақырудан жалтару
1. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерi, басқа да әскерлерi мен құрамалары қатарына жұмылдыру бойынша әскери қызметке шақырудан жалтару -
бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Соғыс уақытында жасалған нақ сол әрекет, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiн толықтыру үшiн одан әрi шақырудан жалтару -
бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
6-тарау. Меншiкке қарсы қылмыстар
05.05.00 ж. № 47-II; 21.12.02 ж. № 363-II (бұр. ред. қара); 09.12.04 ж. № 10-III (бұр. ред. қара) ; 2005.22.11 № 90-III (бұр. ред. қара) Заңдарымен 175-бап өзгертілді
175-бап. Ұрлық
1. Ұрлық, яғни бөтен мүлiктi жасырын ұрлау -
екi жүзден жетi жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның екi айдан жетi айға дейiнгi кезеңдегi жалақысының немесе өзге табысының мөлшерiнде айыппұл салуға, не жүз сексеннен екi жүз қырық сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не екi жылға дейiнгi мерзiмге түзеу жұмыстарына, не үш жылға дейiн бас бостандығын шектеуге, не алты айға дейiнгi мерзiмге қамауға, не үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Мынадай:
а) адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша;
б) бiрнеше рет;
в) тұрғын, қызметтiк немесе өндiрiстiк үй-жайға, қоймаға заңсыз кiрумен жасалған ұрлық -
мүлкi тәркiленiп немесе онсыз бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Мынадай:
а) ұйымдасқан топ;
б) iрi мөлшерде;
в) ұрлық не қорқытып алушылық үшiн бұрын екi немесе одан да көп рет сотталған адам жасаған ұрлық -
мүлкi тәркiленiп үш жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескерту.
1. Осы Кодекстiң баптарында ұрлық деп пайдакүнемдiк мақсатта бөтен мүлiктi осы мүлiктiң меншiк иесiне немесе өзге иеленушiсiне залал келтiре отырып айыптының немесе басқа адамдардың пайдасына заңсыз қайтарымсыз алып қою және (немесе) айналдыру танылады.
2. Осы Кодекстің 184, 184-1-баптарын қоспағанда, осы тараудың баптарында iрi мөлшер немесе iрi залал деп қылмыс жасалу сәтiне Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленген айлық есептi көрсеткiштен бес жүз есе асып түсетiн мүлiктiң құны мен залалдың мөлшерi танылады.
3. Осы Кодекстiң 175-181-баптарында бiрнеше рет жасалған қылмыс деп осы баптарда, сондай-ақ осы Кодекстiң 248, 255, 260-баптарында көзделген бiр немесе одан да көп қылмыстардан кейiн жасалған қылмыс танылады.
4. Осы тараудың баптарында, сондай-ақ осы Кодекстiң басқа баптарында ұрлық немесе қорқытып алушылық үшiн бұрын сотталған адам деп осы Кодекстiң 175-181, 248, 255, 260-баптарында көзделген бiр немесе бiрнеше қылмыс үшiн сотталған адам танылады.
5. Меншiк құқығында ұйымға тиесiлi немесе оның қарамағындағы бөтен бiреудiң мүлкiн ұрлау, алаяқтық жасау, иемденiп алу немесе ысырап ету жолымен жасалған ұсақ-түйек ұрлау қылмыстық жауаптылыққа әкеп соқпайды. Оны жасауға кiнәлi адам заңға сәйкес әкiмшiлiк жауапқа тартылады. Егер ұрланған мүлiктiң құны әрекет жасалған кезде Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген он еселенген айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнен аспайтын болса, ұрлық ұсақ-түйек ұрлау деп танылады.
ҚР 21.12.02 ж. № 363-II (бұр. ред. қара); 25.09.03 ж. № 484-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 176-бап өзгертілді
176-бап. Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иеленiп алу
немесе ысырап ету
1. Иеленiп алу немесе ысырап ету, яғни кiнәлi адамға сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi ұрлау -
екi жүзден бес жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның екi айдан бес айға дейiнгi кезеңдегi жалақысының немесе өзге табысының мөлшерiнде айыппұл салуға, не жүз жиырмадан жүз сексен сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не екi жылға дейiнгi мерзiмге түзеу жұмыстарына, не алты айға дейiнгi мерзiмге қамауға, не үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Мынадай:
а) адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша;
б) бiрнеше рет;
в) қызмет бабын пайдаланып жасалған нақ сол әрекеттер -
бес жүзден бiр мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның бес айдан бiр жылға дейiнгi кезеңдегi жалақысының немесе өзге табысының мөлшерiнде айыппұл салуға, не төрт жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не мүлкiн тәркiлеп немесе онсыз белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып, екi жылдан бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген әрекеттердi, егер оларды:
а) ұйымдасқан топ;
б) iрi мөлшерде;
в) ұрлық немесе қорқытып алушылық үшiн бұрын екi немесе одан да көп рет сотталған адам жасаған болса -
г) мемлекеттік қызметтер атқаруға уәкiлеттi адам не оған теңестiрiлген адам, егер оларды өзiнiң қызмет бабын пайдаланумен қатар жасаса-
мүлкi тәркiленiп және үш жылға дейiнгi, ал г) тармағында көзделген жағдайларда - жетi жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
ҚР 21.12.02 ж. № 363-II (бұр. ред. қара); 09.12.04 ж. № 10-III (бұр. ред. қара); 2009.07.12. № 222-IV (бұр. ред. қара) Заңдарымен 177-бап өзгертілді
177-бап. Алаяқтық
1. Алаяқтық, яғни бөтен мүлiктi ұрлау немесе бөтен мүлiкке құқықты алдау немесе сенiмге қиянат жасау арқылы алу -
екi жүзден жетi жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның екi айдан жетi айға дейiнгi кезеңдегi жалақысының немесе өзге табысының мөлшерiнде айыппұл салуға, не жүз сексеннен екi жүз қырық сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не екi жылға дейiнгi мерзiмге түзеу жұмыстарына, не алты айға дейiнгi мерзiмге қамауға, не үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не нақ сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Мынадай:
а) адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша;
б) бiрнеше рет;
в) қызмет бабын пайдаланып жасалған алаяқтық -
жетi жүзден бiр мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның бес айдан бiр жылға дейiнгi кезеңдегi жалақысының немесе өзге табысының мөлшерiнде айыппұл салуға, не төрт жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не мүлкi тәркiленiп немесе онсыз бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Мынадай:
а) ұйымдасқан топ;
б) iрi мөлшерде;
в) ұрлық немесе қорқытып алушылығы үшiн бұрын екi немесе одан да көп рет сотталған адам;
г) мемлекеттік функцияларды атқаруға уәкілетті адам не оған теңестірілген адам жасаған алаяқтық, егер ол өз қызмет бабын пайдаланумен ұштасса, -
мүлкi тәркiленiп, бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
178-бап. Тонау
1. Тонау, яғни бөтен мүлiктi ашық ұрлау -
үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не алты айға дейiнгi мерзiмге қамауға, не төрт жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.