ҚР 05.05.00 ж. № 47-II; 21.12.02 ж. № 363-II (бұр. ред. қара); 09.12.04 ж. № 10-III (бұр. ред. қара) Заңдарымен 453-бап өзгертілді
453-бап. Үкiмдi орындау кезiнде сот қарауға
жататын мәселелер
Соттың жүргiзуiне үкiмдi орындауға байланысты мынадай мәселелердi қарау жатады:
1) жазаны өтеуден қасақана жалтарған жағдайда айыппұл төлеу түріндегі жазаны қоғамдық жұмысқа тартумен, түзеу жұмыстарына жiберумен немесе қамауға алумен /Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 40-бабы/, қоғамдық жұмыстарға тартуды бас бостандығын шектеумен немесе қамауға алумен, /Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 42-бабы/, түзеу жұмыстарын бас бостандығын шектеумен, қамауға алумен немесе бас бостандығынан айырумен, /Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 43-бабы/, бас бостандығын шектеудi бас бостандығынан айырумен, /Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 45-бабы/ ауыстыру туралы;
1-1) қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес жазаға сотталып, бақылаудан жасырынған және жазасын өтеуден жалтарған адамдарға қатысты iздестiру жариялау мен бұлтартпау шарасын таңдау туралы;
2) қылмыстық-атқару заңдарына сәйкес бас бостандығынан айыруға сотталған адамға шығарылған үкiм бойынша тағайындалған түзеу мекемесiнiң түрiн өзгерту туралы;
3) жазаны өтеуден мерзiмiнен бұрын шартты түрде босату (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 70-бабы), жазаның өтелмеген бөлiгiн неғұрлым жеңiл жаза түрiмен ауыстыру (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 71-бабы) туралы, сондай-ақ жазаны өтеуден мерзiмiнен бұрын шартты түрде босатуды жою (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 70-бабының жетiншi бөлiгi) туралы;
4) науқастануына байланысты медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолданып немесе қолданбай жазадан босату (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 73-бабы) туралы;
5) шартты түрде соттауды жою немесе сынақ мерзiмiн ұзарту (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 64-бабы) туралы;
5-1) бас бостандығын шектеуге сотталған адам үшін бұрын белгіленген міндеттердің толық немесе ішінара күшін жою туралы (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 45-бабы);
6) соттың айыптау үкімінiң ескiру мерзiмiнiң өтiп кетуiне байланысты жазаны өтеуден босату (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 75-бабы) туралы;
7) басқа да орындалмаған үкiмдер болған кезде, егер бұл уақыт бойынша соңғы үкiмде шешiлмесе, үкiмдi орындау (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 60-бабы) туралы;
8) қамауда ұсталған мерзiмiн, сондай-ақ емдеу мекемесiнде болған уақытын есепке алу (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 62, 94, 95-баптары) туралы;
9) медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдануды ұзарту, өзгерту немесе тоқтату (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 93, 95-баптары) туралы;
10) керi күшi бар қылмыстық заңның, сондай-ақ рақымшылық жасау актiсiнiң шығуы себептi жазадан босату немесе жазаны жеңiлдету (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 5-бабы) туралы;
11) қылмыстық-атқару заңдарына сәйкес түзеу жұмыстарына сотталушының жалақысынан ұстау мөлшерiн төмендету туралы;
12) үкiмдi орындау кезiнде туындаған қандай да болсын күмән мен түсiнiксiздiктi ұғындыру туралы;
13) сотталған адамның қайтыс болуына байланысты iс жүргiзудi қысқарту туралы.
09.12.04 ж. № 10-III ҚР Заңымен 454-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
454-бап. Үкiмдi орындаумен байланысты мәселелердi шешетiн соттар
1. Осы Кодекстiң 452-бабына сәйкес үкiмдi орындауды кейiнге қалдыру туралы, жазаның бiр түрiн екiншiсiне ауыстыру (осы Кодекстiң 453-бабының 1-тармағы) туралы, айыптау үкімінiң ескiру мерзiмiнiң өтiп кетуiне байланысты жазадан босату (осы Кодекстiң 453-бабының 6-тармағы) туралы, басқа да атқарылмаған үкiмдер болған кезде үкiмдi атқару (осы Кодекстiң 453-бабының 7-тармағы) туралы, оның материалдық жағдайы нашарлаған жағдайда түзеу жұмыстарына сотталушының жалақысынан ұстау мөлшерiн төмендету (осы Кодекстiң 453-бабының 11-тармағы) туралы мәселелердi, сондай-ақ үкiмнiң орындалу кезiнде туындаған күмән мен түсiнбеушiлiктi (осы Кодекстiң 453-бабының 12-тармағы) үкiмдi шығарған сот шешедi.
2. Егер үкiм үкiмдi шығарған соттың қызмет ету ауданынан тыс жерде орындалған болса, бұл мәселелердi атаулас сот, үкiмнiң орындалу ауданында атаулас сот болмаған жағдайда жоғары тұрған сот шешедi. Бұл жағдайда сот қаулысының көшiрмесi үкiм шығарған сотқа жiберiледi.
3. Бас бостандығынан айыруға сотталған адамға тағайындалған түзеу мекемесiнiң түрiн өзгерту (осы Кодекстiң 453-бабының 2-тармағы) туралы, жазадан мерзiмiнен бұрын шартты түрде босату немесе жазаның өтелмеген бөлiгiн неғұрлым жеңiл түрiмен ауыстыру (осы Кодекстiң 453-бабының 3-тармағы) туралы, науқасына байланысты жазадан босату туралы (осы Кодекстiң 453-бабының 4-тармағы), алдын ала қамауда немесе емдеу мекемесiнде болған уақытын есепке алу (осы Кодекстiң 453-бабының 8-тармағы) туралы, медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдануды ұзарту, өзгерту немесе қысқарту туралы (осы Кодекстiң 453-бабының 9-тармағы), сондай-ақ керi күшi бар заңның шығуы себептi жазадан босату немесе жазаны жеңiлдету (осы Кодекстiң 453-бабының 10-тармағы) туралы мәселелердi сотталушының жазаны өтеу орны бойынша сот шешедi.
4. Мерзiмiнен бұрын шартты түрде босату (осы Кодекстiң 453-бабының 3-тармағы) туралы, шартты түрде соттауды жою туралы және осы Кодекстiң 453-бабының 1-1 және 5-тармақтарында көзделген басқа да мәселелердi сотталушының тұрғылықты жерi бойынша сот шешедi.
2007.26.03. № 240-III ҚР Заңымен 455 -бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
455-бап. Үкiмдi орындаумен байланысты мәселелердi
шешудiң тәртібі
1. Осы Кодекстiң 453-бабының 4-тармағында көзделген жағдайларда жазаны өтеуден босату кезiнде медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдануды үш судья құрамындағы сот шешедi. Жазаны орындаумен байланысты барлық басқа мәселелердi сот отырысында судья жеке дара шешедi.
2. Үкiмдi орындаумен байланысты мәселелердi жазаны орындайтын органның ұсынуы бойынша бір айлық мерзімде сот қарайды, не кәмелетке толмаған адамның түзелуiн қамтамасыз етушi мамандандырылған мемлекеттік органның ұсынуы бойынша сот шешедi. Сот отырысына өздерiнiң ұсынуы бойынша iс қаралатын органдар мен ұйымдардың өкiлдерi шақырылады.
3. Осы Кодекстiң 452-бабында, 453-бабының 4, 6, 7, 10, 11 және 12-тармақтарында көрсетiлген жағдайларда, соттың мәселенi қарауына сотталушының өтiнiшi негiз болуы мүмкiн.
4. Осы Кодекстiң 453-бабының 1, 2, 3, 5, 6, 7, 10 және 11-тармақтарында көзделген жағдайларда сот отырысына өзiне қатысты iс қаралатын сотталушының қатысуы мiндеттi. Сотталушы сотқа ұсынылған материалдармен танысуға, оларды қарауға қатысуға, өтiнiшiн мәлiмдеуге немесе бас тартуға, түсiнiктер беруге, дәлелдемелер ұсынуға құқылы.
5. Сотталушы өзiнiң құқықтарын қорғаушының көмегiмен жүзеге асыра алады. Сот кәмелетке толмағандарға қатысты, сондай-ақ өздерiнiң құқығын қорғауды өз бетiнше жүзеге асыру мүмкiндiгiнен айыратын дене және психикалық кемiстiктерден зардап шегушiлерге, сонымен бiрге iс бойынша iс жүргiзiлетiн тiлдi бiлмейтiн адамдарға да үкiмдi орындауға байланысты мәселелердi сот қараған кезде қорғаушының қатысуы мiндеттi.
6. Науқастануына байланысты сотталушыны босату туралы не оны емдеу мекемесiне орналастыру туралы мәселенi қараған кезде қорытынды берген дәрiгерлер комиссиясы өкiлiнiң қатысуы мiндеттi.
6-1. Жазаны өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы мәселені қарау кезінде жәбірленушінің не оның өкілінің пікірі ескеріледі.
Сот алда тұрған сот отырысы туралы жәбірленушіні не оның өкілін почта арқылы тапсырыс хатпен хабардар етеді. Жәбірленушінің не оның өкілінің сотқа жеке өздерінің қатысуы мүмкін болмаған жағдайда сотта жазбаша арыздар мен өтінішхаттар қаралуы мүмкін. Жәбірленуші не оның өкілі тиісінше хабардар етілген және оның тарапынан қандай да бір жазбаша арыздар мен өтінішхаттар болмаған жағдайда, сондай-ақ мемлекет мүдделеріне залал келтірілген жағдайда жәбірленушінің немесе мемлекеттің құқықтарын сақтау туралы мәселе бойынша міндетті түрде прокурордың қорытындысы талап етіледі.
7. Егер мәселе үкiмдi орындаудың азаматтық талап бөлiгiне қатысты болса, сот отырысына сондай-ақ азаматтық талапкер немесе оның өкiлi шақырылады. Аталған адамдардың келмеуi iстi қарауға кедергi болмайды.
8. Сот мәжілісiне прокурор қатысып отырады.
9. Iстi қарау ұсынуы бойынша iс қаралып отырған органның өкiлiнiң баяндамасымен не өтiнiш иесiнiң түсiнiк беруiмен басталады. Бұдан соң ұсынылған материалдар зерттеледi, сот отырысына келген адамдардың түсiнiктерi, прокурордың пiкiрi тыңдалады, бұдан соң судья қаулы шығарады.
456-бап. Соттылықты алып тастау туралы өтiнiштi қарау
1. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 77-бабына сәйкес соттылығын алып тастау туралы мәселенi жазасын өтеген адамның өтiнiшi бойынша тұрғылықты жеріндегі сот шешедi.
2. Сот отырысына өзiне қатысты соттылықты алып тастау туралы өтiнiшi қаралатын адамның қатысуы мiндеттi.
3. Қарау өтiнiш бiлдiрген адамның түсiнiгiн тыңдаумен басталады, бұдан соң ұсынылған материалдар зерттеледi және шақырылған адамдардың сөзi тыңдалады.
4. Соттылықты алып тастаудан бас тартылған жағдайда бұл туралы сот алдында қайталап өтiнiш беру бас тарту туралы қаулы шығарылған күннен бастап бiр жылдан ерте қозғалмайды.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 457-бап өзгертілді
457-бап. Судьяның қаулысына шағым жасау және
наразылық бiлдiру
Үкiмдi орындауға байланысты мәселелердi шешу кезiнде шығарылған сот қаулыларына осы Кодекстiң 47-тарауында белгiленген ережелер бойынша апелляциялық тәртiпте шағым жасалуы және наразылық келтiрiлуi мүмкiн.
10-бөлім. Соттың заңды күшіне енген шешімдерін
қайта қарау жөнінде іс жүргізу
50-тарау. Қадағалау сатысындағы іс жүргізу
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II; 10.03.04 ж. № 529-II Заңдарымен 458-бап өзгертілді ; 2005.30.12 № 111-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңымен 458-бап жаңа редакцияда
458-бап. Сот қадағалауы тәртібімен қайта қаралуы мүмкін сот
актілерi
1. Заңды күшіне енгеннен кейін:
1) бірінші сатыдағы соттардың үкімдері мен қаулылары;
2) апелляциялық және қадағалау қаулылары сот қадағалауы тәртібімен қайта қаралуы мүмкін.
2. Мемлекеттік және жеке айыптаушының айыптаудан бас тартуына байланысты соттардың осы Кодекстің 109, 110, 111-баптарында көзделген мәселелер бойынша істерді қосымша тергеу немесе жаңа сот қарауына жіберу туралы шығарған, заңды күшіне енген қаулылары сот қадағалауы тәртібімен қайта қарауға жатпайды.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қадағалау сатысында ауыр емес қылмыстар туралы заңды күшіне енген үкімдері сот қадағалауы тәртібімен қайта қарауға жатпайды.
3. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қадағалау алқасының қаулылары қабылданған қаулы адамдардың өмірі, денсаулығы не Қазақстан Республикасының экономикасы мен қауіпсіздігі үшін орны толмас ауыр салдарларға әкеп соқтыруы мүмкін екені туралы деректердің анықталуына байланысты ерекше жағдайларда қайта қаралуы мүмкін.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II; 10.03.04 ж. № 529-II; 09.12.04 ж. № 10-III (бұр. ред. қара) Заңдарымен 459-бап өзгертілді ; 2005.30.12 № 111-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңымен 459-бап жаңа редакцияда ; 2007.26.03. № 240-III ҚР Заңымен 459 -бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
459-бап. Заңды күшіне енген сот үкімдері мен қаулыларын қайта
қарау негіздерi
1. Істі тергеу немесе сотта қарау кезінде азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын бұзуға жол берілуі не заңды дұрыс қолданбаудан:
1) кінәсізді соттауға;
2) орташа ауыр қылмыс, ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасады деп айыпталған адамға қатысты ақтау үкімін негізсіз шығаруға немесе істі негізсіз қысқартуға;
3) жәбірленушіні сот арқылы қорғалу құқығынан айыруға;
4) сот тағайындаған жазаның қылмыстың ауырлығы мен сотталған адамның жеке басына сай келмеуіне ;
5) үкімді орындау тәртібімен заңсыз немесе негізсіз қаулы шығаруға әкеп соғуы заңды күшіне енген үкімдер мен қаулыларды қарауға негіз болып табылады.
2. Заңды күшіне енген сот актілері, егер:
1) сот актісі мемлекеттік немесе қоғамдық мүдделерді, мемлекет қауіпсіздігін қозғаса не адамдардың өмірі, денсаулығы үшін орны толмас ауыр салдарларға әкеп соқтыруы мүмкін болса;
2) адам өлім жазасына сотталған үкім апелляциялық қарау нысанасы болмаса, қайта қаралады.
3. Өлім жазасы туралы заңды күшіне енген үкімдер де өлім жазасын орындауға мораторийдің күші жойылғаннан кейін қайта қаралуы мүмкін.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II ; 2005.30.12 № 111-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 460-бап өзгертілді
460-бап. Заңды күшiне енген сот үкiмдерi мен қаулыларына
шағым жасауға, наразылық бiлдiруге құқығы бар адамдар
1. Заңды күшiне енген үкiмдер мен қаулыларға iстердi қадағалау тәртібімен қайта қарауға өкiлеттi сотқа тiкелей апелляциялық шағым беруге құқығы бар процеске қатысушылар шағым жасауы мүмкiн.
2. Заңды күшiне енген үкiмдер мен қаулыларға:
1) Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры - облыстық және оған теңестiрiлген соттың қадағалау алқасына және Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қадағалау алқасына;
2) Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасарлары - облыстық және оған теңестiрiлген соттың қадағалау алқасына ;
3) облыс прокурорлары мен оларға теңестiрiлген прокурорлар - облыстық және оған теңестiрiлген соттың қадағалау алқасына наразылық келтiруге құқылы.
3. Наразылық осы баптың екiншi бөлiгiнде көрсетiлген адамдардың өз бастамасы бойынша да, осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген процеске қатысушылардың өтiнiшi бойынша да бiлдiрiлуi мүмкiн.
3-1. 2005.30.12 № 111-III ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
4. Шағымды, наразылықты iс қадағалау сатысында қаралғанға дейiн оны берген адам керi қайтарып алуы, наразылықты сондай-ақ жоғары тұрған прокурор керi қайтарып алуы мүмкiн.
5. Осы Кодекстің 463-465-баптарында көзделген ережелер прокурордың наразылықтарына қолданылмайды және тікелей қадағалау сатысында қаралады.
Бұл ретте қадағалау алқасы осы Кодекстің 459-бабында көзделген қадағалау тәртібімен істі қайта қарау негіздерінің бар-жоғы туралы мәселені шешеді, содан кейін прокурор наразылығын мәні бойынша қарайды. Аталған негіздер болмаған кезде қадағалау алқасы істі сот қадағалауы тәртібімен қайта қараудан бас тарту туралы қаулы шығарады.
ҚР 05.05.00 ж. № 47-II Заңымен 461-бап өзгертілді
461-бап. Заңды күшiне енген сот шешiмдерiне
шағымдану мерзiмдерi
1. Сотталушының кiнәсiздiгi себептерi бойынша, сондай-ақ неғұрлым жеңiл қылмыс туралы заңды қолдану қажеттiгiне, жазаның қатаңдығына байланысты немесе сотталушының жағдайын жақсартатын өзге де негiздер бойынша айыптау үкімін қадағалау тәртібімен қайта қарау мерзiммен шектелмейдi.
2. Неғұрлым ауыр қылмыс туралы заңды қолдану қажеттiгi, жазаның жұмсақтығы себептерi бойынша немесе сотталушының жағдайын нашарлататын өзге де негiздер бойынша iстi қысқарту туралы соттың қаулысына, айыптау үкіміне, сондай-ақ ақтау үкіміне не iстi қысқарту туралы соттың қаулысына шағым жасауға, наразылық бiлдiруге олар заңды күшiне енгеннен кейiн алты ай iшiнде жол берiледi.
462-бап. Заңды күшiне енген сот шешiмдерiне қадағалау
шағымын, наразылығын берудiң тәртібі
1. Қадағалау шағымы, наразылығы оларды қайта қарауды жүзеге асыруға өкiлеттi сотқа жазбаша түрде берiледi. Шағымда, наразылықта iс жүргiзу кезiнде осы Кодекстiң 459-бабында аталған қандай жолсыздықтарға орын берiлгенi және осы жолсыздықтардың шығарылған сот шешiмдерiнде қалай көрiнiс тапқаны көрсетiлуi тиiс.
2. Шағымға, наразылыққа шағым жасалып отырған сот шешiмдерiнiң көшiрмелерi және шағымның, наразылықтың дәлелдерiнiң негiздiлiгiн қуаттайтын өзге де материалдар қоса берiлуi тиiс.
3. Егер шағым, наразылық қадағалау тәртібімен iстi қайта қарауға өкiлеттiгi жоқ сотқа келiп түссе, ол оны осы шағым, қарсылық қаралуға жататын сотқа беруге тиiс.
4. Заңды күшiне енген сот шешiмдерiне шағым берiлуi, наразылық келтiрiлуi олардың орындалуын кiдiртпейдi, бұған осы Кодекстiң 466-бабында көзделген жағдайлар кiрмейдi.
2005.30.12 № 111-III ҚР Заңдарымен 462-1- баппен толықтырылды
462-1-бап. Қадағалау шағымын немесе прокурор наразылығын
қайтару
Қадағалау шағымы немесе прокурор наразылығы мынадай негіздер бойынша:
1) қадағалау шағымы немесе прокурор наразылығы осы Кодекстің 462-бабының талаптарына сай келмесе;
2) заңды күшіне енген осы сот актісіне қадағалау шағымын немесе прокурор наразылығын осы Кодекстің 460-бабына сәйкес шағым жасауға құқығы жоқ адамдар берсе;
3) қадағалау шағымы немесе прокурор наразылығы осы Кодекстің 461-бабының екінші бөлігінде көрсетілген мерзім өткеннен кейін берілсе;
4) қадағалау шағымы немесе прокурор наразылығы оларды мәні бойынша қарағанға дейін кері қайтарып алынса;
5) қадағалау шағымы немесе прокурор наразылығы қадағалау сатысына осы Кодекстің 291, 292-баптарында белгіленген соттылық тәртібін бұза отырып берілсе;
6) қадағалау шағымы немесе прокурор наразылығы осы Кодекстің 458-бабына сәйкес сот қадағалауы тәртібімен қайта қарауға жатпайтын сот актілеріне берілсе, олар берген адамдарға қайтарылуға тиіс.
Қадағалау шағымын немесе прокурор наразылығын қайтаруға негіз болған кемшіліктер жойылған жағдайда оларды жалпы негізде қайта беруге болады.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 463-бап жаңа редакцияда ; 2005.30.12 № 111-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңымен 463- бап жаңа редакцияда
463-бап. Қадағалау шағымын алдын ала қарау
1. Сот актісін қадағалау тәртібімен қайта қарау туралы қадағалау шағымы облыстық және оған теңестірілген сот төрағасының, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты Төрағасының тапсырмасы бойынша тиісті қадағалау алқасының үш судьясынан құралған сотта алдын ала зерделенеді және қаралады. Қажет болған жағдайда қылмыстық іс сұратылуы мүмкін.
2. Қадағалау шағымы келіп түскен күннен бастап бір айдың ішінде, ал іс сұратылған жағдайда - іс келіп түскен күннен бастап бір айдың ішінде қаралады.
3. Қадағалау шағымының алдын ала қаралатын күні туралы шағым берген адамға хабарланады, алайда оның келмеуі іс бойынша сот қадағалауы тәртібімен іс жүргізуді қозғау негізі бар немесе жоқ екендігі туралы мәселені шешуге кедергі болмайды.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 464-бап жаңа редакцияда ; 2005.30.12 № 111-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңымен 464- бап жаңа редакцияда
464-бап. Қадағалау шағымын алдын ала қараудың нәтижелерi
бойынша қабылданатын қаулылар
1. Сот қадағалау шағымын алдын ала қараудың нәтижелері бойынша:
1) шағым берілген сот актісін қайта қарау бойынша қадағалау іс жүргізуін қозғау және қадағалау шағымын қылмыстық істі сұрата отырып қадағалау сатысында қарау туралы;
2) шағым берілген сот актісін қайта қарау бойынша қадағалау іс
жүргізуін қозғаудан бас тарту туралы;
3) қадағалау шағымын қайтару туралы қаулы шығарады.
2. Соттың қадағалау шағымын алдын ала қарау нәтижелері бойынша шығарған қаулысында:
1) қаулының шығарылған күні мен орны;
2) қадағалау шағымын қараған және қаулы шығарған тиісті сот судьяларының тегі мен аты-жөні;
3) дау туғызған сот актісін көрсете отырып қаулы шығарылған іс;
4) қадағалау шағымын берген адам;
5) қадағалау шағымында келтірілген дәлелдер;
6) шағым берілген сот актісін қайта қарау бойынша қадағалау іс жүргізуін қозғаудың немесе одан бас тартудың не қадағалау шағымын оларды берген адамдарға қайтарудың негіздері;
7) осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген шешімдердің бірі көрсетілуге тиіс.
3. Қадағалау шағымын алдын ала қараудың нәтижелері бойынша шығарылған қаулының көшірмесі қадағалау шағымын берген адамға жіберіледі.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 465-бап жаңа редакцияда ; 2005.30.12 № 111-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңымен 465- бап жаңа редакцияда
465-бап. Қадағалау сатысының сот отырысын тағайындау
1. Қадағалау сатысы шағым берілген сот актісін қайта қарау бойынша қадағалау іс жүргізуін қозғау туралы соттың қаулысын алғаннан кейін тараптарға қадағалау шағымының көшірмесін, сот отырысын өткізу күнін, уақытын, орнын көрсете отырып, істің қадағалау сатысында қаралуы туралы хабарлама жібереді.
2. Қадағалау сатысындағы іс қадағалау іс жүргізуін қозғау туралы қаулымен бірге іс қадағалау сатысына берілген не прокурор наразылығы келіп түскен күннен бастап бір айдың ішінде қаралуға тиіс.
ҚР 09.08.02 ж. № 346-II Заңымен 466-бап жаңа редакцияда ; 2005.30.12 № 111-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңымен 466- бап өзгертілді
466-бап. Сот үкімінiң, қаулысының орындалуын тоқтата тұру
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы, Бас Прокуроры iстi сұратып алумен бiр мезгiлде сот үкімінiң, қаулысының орындалуын қадағалау тәртібімен тексеру үшiн үш айдан аспайтын мерзiмге тоқтата тұруға құқылы.
05.05.00 ж. № 47-II; 11.07.01 ж. № 238-II; 2005.30.12 № 111-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 467-бап өзгертілді
467-бап. Iстi қадағалау сатысында қараудың тәртібі,
қадағалау сатысы сотының шешiмдерi
1. Қадағалау сатысының сот отырысы төрағалық етушiнiң қандай сот шешiмi және кiмнiң шағымы (наразылығы) бойынша қайта қаралып жатқаны, сот құрамына кiмдердiң енетiнi және сот отырысы залында iс жүргiзуге қатысушылардың қайсысы келiп отырғаны туралы хабарламасымен ашылады. Iстi қараудың уақыты және орны туралы тиiсiнше хабардар етiлген шағым (наразылық) берген адамның болмауы сот отырысын жалғастыру мүмкiндiгiн терiске шығармайды. Прокурордың қадағалау сатысының сот отырысына қатысуы мiндеттi.
2. Мәлiмделген наразылықтар мен өтiнiштер шешiлгеннен кейiн сот тыңдауды жалғастыру туралы не оны кейiнге қалдыру туралы шешiм қабылдайды. Сот iстi тыңдауды жалғастыру туралы шешiм қабылдаған кезде төрағалық етушi қадағалау шағымын (наразылығын) берген процеске қатысушыға сөз бередi. Егер мұндай қатысушылар бiрнешеу болса, онда олар өздерi ұсынған сөз сөйлеу кезектілігiн соттың назарына салады. Егер олар өзара келісімге келе алмаса, онда сөз сөйлеу кезегiн сот белгiлейдi.
3. Шағым (наразылық) берушi адам, өз пiкiрi бойынша, шағым жасап отырған шешiмнiң заңсыз, негiзсiз, әдiлетсiз болып табылатыны туралы дәйектерi мен дәлелдемелерiн айтып бередi. Онан соң төрағалық етушi процестiң өзге қатысушыларына сөз бередi.
4. Егер шағымды қорғанушы тарап берген болса, онда алғашқы сөздi оның өкiлдерi болып табылатын процеске қатысушылар алады. Олардың сөз сөйлеу тәртібі өздерiнiң қол жеткiзген уағдаластыққа сәйкес ондай уағдаластық болмаған жағдайда соттың шешiмiмен белгiленедi.
5. Егер шағымды (наразылықты) айыптаушы тарап берген болса, онда оның өкiлдерi бiрiншi болып сөз алады, онан кейiн төрағалық етушi сөздi процестiң басқа қатысушыларына бередi.
6. Iстi қадағалау тәртібімен қараудың нәтижесiнде сот осы Кодекстiң 370 және 373-баптарының талаптарын сақтай отырып кеңесу бөлмесiнде мынадай шешiмдердiң бiрiн қабылдайды:
1) шағымды (наразылықты) қанағаттандырусыз қалдырады не істі сот қадағалауы тәртібімен қайта қараудан бас тарту туралы қаулы шығарады;
2) апелляциялық және қадағалау сатыларының үкімі мен қаулысын өзгертедi;
3) үкiмнiң және барлық бұдан кейiнгi шешiмдердiң күшiн жояды және iстi жаңадан сот қарауына жiбередi;
4) үкiмнiң және кейiнгi барлық қаулылардың күшiн жояды және iстi қысқартады;
5) соттың үкімін өзгертіп немесе оны өзгеріссіз қалдыра отырып апелляциялық және қадағалау тәртібімен шығарылған қаулылардың күшiн жояды;
6) апелляциялық сатыдағы соттың үкімі мен қаулысын өзгерiссiз қалдыра отырып қадағалау сатысы шешiмдерiнiң күшiн жояды.
7. Iстi қадағалау тәртібімен қарау кезiнде үкiмнiң күшiн жоюға немесе оны өзгертуге осы Кодекстiң 412-бабында көрсетiлген мән-жайлар негiз болып табылады.
8. Бiрiншi, апелляциялық және қадағалау сатыларындағы соттардың қаулылары, егер осы қаулымен бiрiншi сатыдағы сот заңсыз және негiзсiз шешiм қабылдаған не алдыңғы қаулыларды немесе iс бойынша үкiмнiң жоғарыда тұрған сот заңсыз және негiзсiз күшiн жойған немесе өзгерткен деп танылса, не егер iстi жоғары тұрған сотта қаралуы кезiнде қабылданатын шешiмнiң дұрыстығына әсер еткен немесе әсер етуi мүмкiн болған заңды елеулi бұзуға жол берiлсе, күшi жойылуға немесе өзгертiлуге жатады.