Ұлттық басқарушы холдинг, Ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялар және акцияларының (қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы тікелей немесе жанама түрде ұлттық басқарушы холдингке, ұлттық холдингке, ұлттық компанияға тиесілі ұйымдар жүзеге асыратын тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алудың үлгі ережесін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 28 мамырдағы № 787 Қаулысы
Осы редакция 2009 жылғы 2 қарашада енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Акционерлік қоғамдар туралы» Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 13 мамырдағы Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Ұлттық басқарушы холдинг, ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялар және акцияларының (қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы тікелей немесе жанама түрде ұлттық басқарушы холдингке, ұлттық холдингке, ұлттық компанияға тиесілі ұйымдар жүзеге асыратын тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алудың үлгі ережесі бекітілсін.
2. Ұлттық басқарушы холдинг, ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялар акцияларының пакеттеріне иелік ету және пайдалану құқықтарын жүзеге асыратын мемлекеттік органдар осы қаулыдан туындайтын шараларды қабылдасын.
3. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | К. Мәсімов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2009 жылғы 28 мамырдағы
№ 787 қаулысымен
бекітілген
Ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялар және акцияларының (қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы тікелей немесе жанама түрде ұлттық басқарушы холдингке, ұлттық холдингке, ұлттық компанияға тиесілі ұйымдар жүзеге асыратын тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алудың үлгі ережесі
1. Жалпы ережелер
1. Осы Ұлттық басқарушы холдинг, ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялар және акцияларының (қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы тікелей немесе жанама түрде ұлттық басқарушы холдингке, ұлттық холдингке, ұлттық компанияға тиесілі ұйымдар жүзеге асыратын тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алудың үлгі ережесі (бұдан әрі - Үлгі ереже) «Акционерлік қоғамдар туралы» Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 13 мамырдағы Заңына сәйкес әзірленді.
Ұлттық басқарушы холдинг, ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялар және акцияларының (қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы тікелей немесе жанама түрде ұлттық басқарушы холдингке, ұлттық холдингке, ұлттық компанияға тиесілі ұйымдар Үлгі ереженің негізінде Тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алуды жүзеге асыру ережесін (бұдан әрі - Сатып алу ережесі) әзірлейді және бекітеді.
2. Осы Үлгі ережеде пайдаланылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:
1) әлеуетті өнім беруші - кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлға, заңды тұлға (Қазақстан Республикасының заңдарында олар үшін өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік мекемелерді қоспағанда), сатып алу туралы шарт жасасуға үміткер заңды тұлғалардың уақытша бірлестігі (консорциум);
2) жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді берушінің қазақстандық
қамтуы - мыналардың:
өнім беруші тікелей де және қосалқы мердігерлік шарттарын жасасу арқылы да жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу туралы шартты орындау үшін сатып алатын отандық тауар өндірушілердің тауарлары;
өнім беруші тікелей де және қосалқы мердігерлік шарттарын жасасу арқылы да жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу туралы шартты орындау үшін жалдаған резидент жеке тұлғалардың еңбекақы құнының сатып алу туралы шарттың жалпы құнына пайыздық мәні.
3) отандық жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді берушілер - Қазақстан Республикасының жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету жөніндегі жергілікті еңбек ресурстарының кемінде тоқсан бес пайызын пайдаланатын Қазақстан Республикасының резиденттері болып табылатын жеке және (немесе) заңды тұлғалар;
4) отандық кәсіпкерлер - Қазақстан Республикасының резиденттері болып табылатын және кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын әлеуетті өнім берушілер;
5) отандық тауар өндірушілер - Қазақстан Республикасының резиденттері болып табылатын және мыналарды:
Қазақстан Республикасы Кеден кодексінің 34-бабында санамаланған, толығымен Қазақстан Республикасында өндірілген тауарларды;
Қазақстан Республикасы Кеден кодексінің 35-бабында белгіленген жеткілікті өңдеу өлшемдеріне сәйкес Қазақстан Республикасында жеткілікті өңделген тауарларды өндіретін әлеуетті өнім берушілер (бұдан әрі - отандық тауар өндірушілер) - жеке және (немесе) заңды тұлғалар;
6) өнім беруші - кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлға, заңды тұлға (егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік мекемелерді қоспағанда), тапсырыс берушімен сатып алу туралы жасалған шартта оның контрагенті ретінде әрекет ететін заңды тұлғалардың уақытша бірлестігі (консорциум);
7) сатып алу - мыналарды:
еңбек шарттары бойынша жеке тұлғаларда не қызметтерді өтемді көрсету шарттары бойынша кәсіпкерлік қызмет субъектілері болып табылмайтын жеке тұлғаларда жүзеге асырылатын қызметтерді сатып алуды;
жарналарды (салымдарды), оның ішінде жаңадан құрылатын заңды тұлғалардың жарғылық капиталына салуды;
Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес, сондай-ақ Қазақстан Республикасы мүшесі болып табылатын халықаралық ұйымдар қаржыландыратын инвестициялық жобаларды іске асыру шеңберінде жүзеге асырылатын тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуды;
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі, банктер және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес алынған лицензиялардың негізінде банктік операциялардың жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар жүзеге асыратын банктік операцияларды жүргізуге байланысты қаржы қызметтерін сатып алуды қоспағанда, тапсырыс берушінің жұмыс істеуін, сондай-ақ функцияларын не жарғылық қызметін орындауын қамтамасыз ету үшін қажет тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді тапсырыс берушілердің осы Үлгі ережеде, сондай-ақ азаматтық заңнамада белгіленген тәртіппен жүзеге асырылатын ақылы негізде сатып алуы;
8) сатып алуды ұйымдастырушы - сатып алуды ұйымдастыру және жүргізу рәсімдерін орындауға жауапты өзінің құрылымдық бөлімшесі атынан тапсырыс беруші не сатып алуды ұйымдастыру және жүргізу рәсімдерін орындау мақсатында тапсырыс беруші анықтаған заңды тұлға;
9) тапсырыс берушілер - ұлттық басқарушы холдинг, ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялар және акцияларының (қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы тікелей немесе жанама түрде ұлттық басқарушы холдингке, ұлттық холдингке, ұлттық компанияға тиесілі ұйымдар;
10) тауарларды берушінің қазақстандық қамтуы - өнім беруші осы
тауарларды сатып алу туралы шартты орындау үшін сатып алатын отандық
тауар өндірушілердің тауарлары құнының сатып алу туралы шарттың жалпы
құнына пайыздық мәні.
3. Үлгі ереже негізінде бекітілетін Сатып алу ережесі талаптарды қамтуы және мыналарды:
1) инвестициялық жобаларды тиімді іске асыруды;
2) әлеуетті өнім берушілерге сатып алуды жүргізу рәсіміне қатысу үшін тең мүмкіндіктер ұсынуды;
3) әлеуетті өнім берушілер арасында адал бәсекелестікті;
4) сатып алу процесінің жариялылығы мен айқындылығын;
5) отандық кәсіпкерлерді қолдауды;
6) сатып алуда қазақстандық қамтуды арттыруды;
7) сатып алу үшін пайдаланылатын ақшаны ұтымды және тиімді
жұмсауды қамтамасыз етуі тиіс.
2. Сатып алу процесі
4. Сатып алу процесі мыналарды қамтиды:
1) сатып алу жоспарын әзірлеу және бекіту;
2) өнім берушіні таңдау;
3) сатып алу туралы шарт жасасу және оны орындау.
5. Тапсырыс беруші тиісті бюджеттің (бизнес-жоспардың, кірістер мен шығыстардың сметасы) негізінде сатып алу жоспарын әзірлейді және бекітеді, ол мынадай мәліметтерді қамтиды:
1) жылдар бойынша орта мерзімді кезеңге арналған сатып алуды жүзеге асыру үшін бөлінген соманы қоса алғанда, тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің атауы. Жұмыстардың номенклатурасы осы жұмыстарды орындау шеңберінде сатып алынатын тауарлардың көлемі туралы мәліметтерді қамтуы тиіс;
2) сатып алуды жүзеге асыру тәсілі;
3) тауарларды жеткізудің, жұмыстарды орындаудың, қызметтерді
көрсетудің жоспарланатын мерзімі мен орны;
4) аяқтау мерзімі бар сатып алу туралы шарттар жасасқан жағдайда әрбір қаржы жылына бөлінген және көзделген соманың шегінде кестеге және жылдар бойынша белуге сәйкес тауарларды жеткізудің, жұмыстарды орындаудың, қызметтерді көрсетудің жоспарланатын мерзімі.
6. Тапсырыс беруші сатып алу жоспарын бекіткен күннен бастан бес жұмыс күні ішінде оны веб-сайтқа орналастырады.
7. Сатып алуды жүзеге асыру туралы шешімді тапсырыс беруші бекітілген сатып алу жоспарының негізінде қабылдайды.
8. Бекітілген сатып алу жоспарында көзделмеген тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуға жол берілмейді.
9. Тапсырыс беруші тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді берушіні таңдауға қатысты сатып алу рәсімдерін бюджет (бизнес-жоспар, кірістер мен шығыстар сметасы) пен сатып алу жоспары бекітілгенге дейін жүзеге асыра алады. Бұл ретте бюджеттің (бизнес-жоспардың, кірістер мен шығыстар сметасының) және өнім берушіні таңдауға қатысты сатып алу рәсімдері жүзеге асырылған тауарлар, жұмыстар және көрсетілетін қызметтер бойынша сатып алу жоспарының бекітілуі сатып алу туралы шартты жасасу талабы болып табылуы тиіс.
10. Сатып алу тәсілін тапсырыс берушілер Сатып алу ережесінің негізінде дербес таңдайды.
11. Егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде өзгеше белгіленбесе, тапсырыс беруші сатып алуды мынадай тәсілдермен жүзеге асырады:
1) тендер;
2) баға ұсыныстарын сұрату;
3) ұйымдастырылған электрондық сауда-саттықта;
4) тауар биржалары арқылы;
5) бір көзден сатып алу.
12. Осы Үлгі ереженің 11-тармағында көзделген тәсілдермен сатып алуды жүргізу рәсімдерін тапсырыс беруші Сатып алу ережесін әзірлеген кезде белгілейді.
Тапсырыс беруші Сатып алу ережесінде өнім берушіні таңдау кезінде қазақстандық қамтудың басымдығын көздейді.
13. Сатып алуды ұйымдастыру рәсімдерін орындау және жүргізу үшін тапсырыс беруші сатып алуды ұйымдастырушыны анықтайды.
Сатып алуды ұйымдастырушыны анықтау тәртібі Сатып алу ережесінде көзделеді.
14. Тендер тәсілімен сатып алу Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 915-бабына сәйкес жүзеге асырылады.
15. Баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен сатып алу біртекті тауарларға, жұмыстарға және көрсетілетін қызметтерге жүзеге асырылады, бұл ретте өнім берушіні таңдау кезінде ол ұсынған баға шешуші шарт болып табылады.
16. Ұйымдастырылған электрондық сауда-саттықта сатып алу Қазақстан Республикасының сауда қызметін реттеу туралы заңнамасына сәйкес тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді нақты уақыт режимінде сатып алуды қамтамасыз ететін электрондық сауда жүйелері арқылы жүзеге асырылады.
17. Тауарларды тауар биржалары арқылы сатып алу Қазақстан
Республикасының тауар биржалары туралы заңнамасына сәйкес жүзеге
асырылады.
18. Бір көзден сатып алу, егер:
1) осы Үлгі ереженің 11-тармағының 1)- 4) тармақшаларында көзделген тәсілдердің бірімен сатып алу өтпеді деп танылған;
2) қандай да бір өнім берушіден тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алған тапсырыс берушіде біріздендіру, стандарттау немесе қолда бар тауарлармен, жабдықпен, технологиямен, жұмыстармен немесе көрсетілетін қызметтермен сәйкестікті қамтамасыз ету мақсатында сол өнім берушіден басқа да сатып алуды жүргізу қажеттілігі туындаған жағдайларда жүзеге асырылады.
19. Тапсырыс беруші осы Үлгі ереженің 11-тармағында көзделген тәсілдермен сатып алу қорытындыларын шығарғаннан кейін өнім берушімен Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес сатып алу туралы шарт жасасады.
20. Қазақстан Республикасының резидент емесімен сатып алу туралы шарт жасасқан жағдайда Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын ескере отырып, ол ұсынатын нысанда сатып алу туралы шартты ресімдеуге жол беріледі.
21. Сатып алу ережесі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қосымша талаптарды қамтуы мүмкін.