51. Тендерлік комиссияның қандай да бір мүшесі болмаған жағдайда отырыс хаттамасында оның болмау себебі және осы фактіні растайтын актіге сілтеме көрсетіледі.
52. Егер тендерлік өтінімдер салынған конверттерді ашу жөніндегі тендерлік комиссияның отырысы кворумның болмауы себебінен белгіленген күні мен уақытта өткізілмесе, тендерлік комиссияның хатшысы тендерге ұсынылған тендерлік өтінімдер салынған конверттердің сақталуын қамтамасыз етеді және тендерлік комиссияның өткізілмеген отырысы күнінен бастап бір жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде белгіленетін конверттерді ашудың жаңа күні мен уақыты туралы хабарлайды.
Бұл ретте қайта берілген тендерлік өтінімдер салынған конверттер қабылданбайды.
53. Егер белгіленген уақытта тендерлік комиссия мүшелерінің қажетті саны қамтамасыз етілмесе, онда тапсырыс беруші немесе сатып алуды ұйымдастырушы тендерлік комиссияның өткізілмеген отырысы күнінен кейінгі үш жұмыс күні ішінде тендерлік комиссияның құрамына өзгерістер енгізеді.
54. Тендерлік комиссия отырысының хаттамасына оның барлық мүшелері, тендерлік комиссияның төрағасы, оның орынбасары мен комиссия хатшысы қол қояды және әр парағына бұрыштама қол қояды.
ҚР Үкіметінің 2019.30.05. № 347 Қаулысымен 55-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
55. Тапсырыс беруші немесе сатып алуды ұйымдастырушы осы Қағидаларға сәйкес тауарларды немесе фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерді сатып алуға арналған тендерлік құжаттаманы бекітеді, ол оның интернет-ресурсына орналастырылады және мыналарды қамтиды (сатып алу нысанасына қарай):
1) осы Қағидалардың 3-тарауының талаптарына және 4-тарауына сатып алынатын тауарлардың өзінің сәйкестігін растау үшін әлеуетті өнім беруші ұсынуға тиіс тендерлік құжаттаманың құрамын, құжаттар тізбесін;
2) техникалық ерекшеліктерді қоса алғанда, сатып алынатын тауарлардың, фармацевтикалық көрсетілетін қызметтердің техникалық және сапалық сипаттамаларын;
3) сатып алынатын тауарлардың, фармацевтикалық көрсетілетін қызметтердің көлемін және әрбір лот бойынша оларды сатып алу үшін бөлінген сомаларды;
4) тауарды беру немесе фармацевтикалық қызметтерді көрсету орны, мерзімдері мен басқа да шарттарын;
5) төлем шарттары және денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысандар бойынша тауарларды сатып алу шартының немесе фармацевтикалық қызметтерді көрсетуге арналған шарттың жобасын;
6) тендерлік өтінімнің, сатып алу шартының немесе фармацевтикалық қызметтерді көрсетуге арналған шарттың тіліне қойылатын талаптарды;
7) тендерлік өтінімді ресімдеуге қойылатын талаптарды;
8) тендерлік өтінімді кепілдікті қамтамасыз етуді енгізу тәртібін, нысаны мен мерзімдерін;
9) тендерлік өтінімді кері қайтарып алу мүмкіндігі мен тәртібін көрсетуді;
10) тендерлік өтінімдерді қабылдау орны мен соңғы мерзімін және олардың қолданылу мерзімін;
11) әлеуетті өнім берушілердің тендерлік құжаттаманың мазмұны қажет болған кезде олармен кездесу өткізу тәртібі бойынша түсініктеме алу үшін жүгіну нысандарын;
12) тендерлік өтінімдер салынған конверттерді ашу орнын, күнін, уақыты мен рәсімін;
13) тендерлік өтінімдерді қарау рәсімін;
14) әлеуетті өнім берушілерге - отандық тауар өндірушілерге Қағидаларда айқындалған қолдау көрсету шарттарын;
15) сатып алу шартын немесе фармацевтикалық қызметтерді көрсетуге арналған шартты кепілдікті қамтамасыз етуді енгізу шарттарын, нысанын, көлемі мен тәсілін;
16) дәрілік заттардың халықаралық патенттелмеген атауы немесе құрамы, сондай-ақ әрбір лот бойынша техникалық сипаттамалары және халықаралық патенттелмеген атауына шекті бағалары және саудалық атауына шекті бағалары көрсетілген тегін және (немесе) жеңілдікті негізде босатылатын дәрілік заттардың, медициналық бұйымдардың тізбесін және санын (фармацевтикалық көрсетілетін қызметті сатып алу кезінде).
Пациенттің жеке өзіне жақпаған жағдайда, тапсырыс берушінің дәрігерлік-консультациялық комиссиясының қорытындысы негізінде саудалық атауы, сондай-ақ әрбір лот бойынша техникалық сипаттамасы мен халықаралық патенттелмеген атауына шекті бағалары және саудалық атауына шекті бағалары көрсетілген, тегін және (немесе) жеңілдікті негізде босатылатын дәрілік заттардың, медициналық бұйымдардың тізбесін және санын (фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерді сатып алу кезінде);
17) сервистік қызмет көрсетуді талап ететін медициналық бұйымдардың тізбесі мен санын;
18) әрбір лот бойынша облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың денсаулық сақтау басқармалары айқындаған фармацевтикалық қызмет көрсетілуге тиіс елді мекендердің тізбесін (фармацевтикалық көрсетілетін қызметті сатып алу кезінде);
19) осы Қағидалардың 3-тарауында белгіленген фармацевтикалық көрсетілетін қызметтердің әлеуетті өнім берушілеріне, сондай-ақ олардың бірлесіп орындаушыларына қойылатын талаптарды (фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерді сатып алу кезінде);
20) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша біліктілік туралы мәліметтерді;
21) осы Қағидалардың 4-тарауында белгіленген тауарларға қойылатын талаптарды.
56. Тапсырыс берушінің немесе сатып алуды ұйымдастырушының біртекті тауарларды оларды беру орны бойынша лоттарға, ал біртекті тауарлардың бірнеше түрін сатып алуды жүзеге асыру кезінде олардың біртекті түрлері және (немесе) беру орны бойынша лоттарға бөлуіне жол беріледі.
Тапсырыс беруші немесе сатып алуды ұйымдастырушы фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерді сатып алу кезінде сатып алуды оларды көрсету орны бойынша лоттарға бөледі.
57. Тендерлік өтінімдерді қабылдаудың соңғы мерзімі өткенге дейін күнтізбелік он күннен кешіктірмей әлеуетті өнім беруші қажет болған кезде тапсырыс берушіге, сатып алуды ұйымдастырушыға тендерлік құжаттама бойынша түсініктеме беруге жүгінеді, оларға тапсырыс беруші немесе сатып алуды ұйымдастырушы сұрау салуды алған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей сұрау салу авторын көрсетпей, сұрау салу келіп түскен күнге тендерлік құжаттама алған барлық әлеуетті өнім берушілерге жіберілетін түсініктеме береді.
58. Тендерлік өтінімдерді қабылдаудың соңғы мерзімі өткенге дейін күнтізбелік жеті күннен кешіктірілмейтін мерзімге тапсырыс беруші немесе сатып алуды ұйымдастырушы қажеттілік болған кезде өз бастамасымен немесе әлеуетті өнім берушілердің сұрау салуларына жауапқа тендерлік құжаттамаға өзгерістер енгізеді, бұл туралы тендерлік өтінімдер ұсынған немесе тендерлік құжаттаманы алған барлық әлеуетті өнім берушілерге дереу хабарланады. Бұл ретте тендерлік өтінімдерді қабылдаудың соңғы мерзімі кемінде күнтізбелік бес күнге ұзартылады.
59. Тапсырыс беруші немесе сатып алуды ұйымдастырушы қажет болған кезде тендерлік құжаттамада айқындалған жерде және уақытта тендер шарттарын түсіндіру үшін әлеуетті өнім берушілермен кездесу өткізеді, бұл туралы кездесудің барысы және мазмұны туралы мәліметтерді қамтитын хаттама жасалады, ол тендерлік өтінімдер ұсынған немесе тендерлік құжаттама алған барлық әлеуетті өнім берушілерге жіберіледі.
2-параграф. Тендерлік өтінімдердің қолданылу мерзімі, мазмұны, оларды ұсыну және кері қайтарып алу
60. Тендерге қатысуға ниет білдірген әлеуетті өнім беруші тендерлік өтінімдерді қабылдаудың соңғы мерзімі өткенге дейін тендерлік құжаттама ережелеріне сәйкес жасалған тендерлік өтінімді желімделген түрде тапсырыс берушіге немесе сатып алуды ұйымдастырушыға ұсынады.
61. Тендерлік өтінімдерді қабылдаудың соңғы мерзімі өткеннен кейін келіп түскен тендерлік өтінім ашылмайды және әлеуетті өнім берушіге қайтарылады.
62. Тендерлік өтінімнің қолданылу мерзімі тендерлік өтінімдерді қабылдаудың соңғы күнінен бастап есептелетін кемінде күнтізбелік қырық бес күнді құрайды. Қолданылуы мерзімі неғұрлым қысқа тендерлік өтінім қабылданбауға тиіс.
63. Тендерлік өтінім негізгі бөліктен, техникалық бөліктен және кепілдікті қамтамасыз етуден тұрады. Бірлесіп орындаушы тартылған жағдайда әлеуетті өнім беруші тендерлік өтінімге мәліметтері мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінде расталатын «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» 2014 жылғы 16 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес алынған, қызметтерді немесе әрекеттерді (операцияны) жүзеге асыруға бірлесіп орындаушының құқықтарын растайтын (жіберілген) рұқсаттардың (хабарламалардың) не электрондық құжат түріндегі рұқсаттардың (хабарламалардың) көшірмелерін де, мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінде расталатын мәліметтерді, сондай-ақ осы Қағидалардың 64-тармағының 19), 20) тармақшаларында көрсетілген құжаттарды қоса береді.
ҚР Үкіметінің 2019.30.05. № 347 Қаулысымен 64-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
64. Тендерлік өтінімнің негізгі бөлігі мыналарды қамтиды:
1) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша тендерге қатысуға арналған өтінім. Электрондық жеткізгіште денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша өтінімге қоса берілетін құжаттардың тізімдемесі ұсынылады;
2) заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәліктің көшірмесі не заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтама;
3) заңды тұлға үшін жарғының көшірмесі (егер жарғыда құрылтайшылардың, қатысушылардың немесе акционерлердің құрамы көрсетілмесе, құрылтайшылардың, қатысушылардың құрамы туралы үзінді немесе құрылтай шартының көшірмесі немесе хабарландыру күнінен кейінгі қолданыстағы акция ұстаушылардың тізілімінен үзінді ұсынылады);
4) заңды тұлға құрмастан кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға құқық беретін, тиісті мемлекеттік орган берген құжаттың көшірмесін, жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
5) мәліметтері мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінде расталатын, «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» 2014 жылғы 16 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес алынған (жіберілген) рұқсаттардың (хабарламалардың) не электрондық құжат түріндегі рұқсаттардың (хабарламалардың) көшірмелері. Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінде мәліметтер болмаған жағдайда, әлеуетті өнім беруші «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес алынған (жолданған) тиісті рұқсаттың (хабарламаның) нотариат куәландырған көшірмесін ұсынады;
6) конверттерді ашу күнінің алдындағы бір айдан ерте емес «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы алынған салық төлеушінің салықтық берешегінің, міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары, әлеуметтік аударымдар және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдар және (немесе) жарналар бойынша берешектің жоқ (бар) екендігі туралы мәліметтер;
7) әлеуетті өнім берушіге қызмет көрсететін банктің немесе банк филиалының Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі басқармасының қаулысымен бекітілген екінші деңгейдегі банктерде, ипотекалық ұйымдарда және «Қазақстан Даму Банкі» акционерлік қоғамында бухгалтерлік есепке алу шоттарының үлгі жоспарына сәйкес банктің немесе банк филиалының алдында әлеуетті өнім берушінің анықтама берген күннің алдындағы үш айдан астам мерзімге созылған міндеттемелерінің барлық түрлері бойынша мерзімі өткен берешегінің жоқ екені туралы қол қойылған және конверттерді ашу күнінің алдындағы бір айдан ерте емес берілген, денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша анықтаманың түпнұсқасы (егер әлеуетті өнім беруші екінші деңгейдегі бірнеше банктің немесе филиалдарының, сондай-ақ шетелдік банктің клиенті болып табылса, осындай банктердің әрқайсысынан);
8) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша біліктілік туралы мәліметтер;
9) дәрілік заттарды сатып алу және сатып алу шартын немесе өнім беру шартын жасасуға артықшылық алу үшін дәрілік заттарды сатып алу және дәрілік заттарды берудің ұзақ мерзімді шарттарын жасасу кезінде объектінің және өндірістің тиісті өндірістік практика (GMP) талаптарына сәйкестігі туралы сертификаттың көшірмесі (отандық тауар өндірушілер үшін);
сатып алу шартын немесе өнім беру шартын жасасуға артықшылық алу үшін дәрілік заттарды, медициналық бұйымдарды және фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерді сатып алу кезінде объектінің тиісті дистрибьюторлық практика (GDP) талаптарына сәйкестігі туралы сертификаттың көшірмесі;
сатып алу шартын немесе өнім беру шартын жасасуға артықшылық алу үшін фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерді сатып алу кезінде объектінің тиісті дәріханалық практика (GРP) талаптарына сәйкестігі туралы сертификаттың көшірмесі;
10) егер әлеуетті өнім беруші Қазақстан Республикасының резиденті болып табылмаса және Қазақстан Республикасында салық төлеуші ретінде тіркелмесе, осы әлеуетті өнім беруші - Қазақстан Республикасының бейрезидентінің Қазақстан Республикасының мемлекеттік кірістер органының салықтық есепте тұрмайтыны туралы хаттың түпнұсқасы немесе көшірмесі;
11) әлеуметті өнім беруші қосымша көрсетілетін қызметтердің бағасын қоса алғанда мәлімделген дәрілік заттардың, медициналық бұйымдардың және медициналық бұйымның және (немесе) фармацевтикалық көрсетілетін қызметтің, соңғы бағасы қалыптасатын әлеуетті өнім берушінің нақты шығындарын қамтитын денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша әлеуетті өнім беруші мәлімдеген бағалар кестесі;
12) қосымша қызметтер;
13) тендерлік өтінімді кепілдікті қамтамасыз етуді енгізуді растайтын құжаттың түпнұсқасы;
14) қажет болған кезде «салқындату тізбегінің» болуы туралы санитариялық-эпидемиологиялық зерттеп-қарау актісінің (актілер өтінімдер салынған конверттерді ашу күніне дейін бір жылдан кешіктірілмей берілуі тиіс) көшірмесі. Әлеуетті өнім беруші тиісті дистрибьюторлық практика (GDP) сертификатын, отандық тауар өндіруші - объектінің тиісті өндірістік практика (GMP) талаптарына сәйкестігі туралы сертификатты немесе объектінің тиісті дәріханалық практика (GPP) талаптарына сәйкестігі туралы сертификатты берген жағдайда жоғарыда көрсетілген акт ұсынылмайды;
15) әлеуетті өнім берушінің осы Қағидалардың 13-тармағында белгіленген біліктілік талаптарына сәйкестігін растайтын құжаттар;
16) фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерді сатып алу кезінде бірлесіп орындаушының осы Қағидалардың 14-тармағында белгіленген біліктілік талаптарына сәйкестігін растайтын құжаттар;
17) осы Қағидалардың 9-тармағына сәйкес үлестестіктің жоқ екендігі туралы хат;
18) осы Қағидаларда белгіленген тәртіппен осы Қағидалардың 9-тармағында көрсетілген фактілер анықталған жағдайда сатып алу шартын бұзуға келісу туралы хат;
19) бірлесіп орындаушылармен фармацевтикалық қызметтерді көрсету туралы ниет шарттары;
20) амбулаториялық дәрілік қамтамасыз етуді (фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерді сатып алу кезінде) есепке алудың ақпараттық жүйесін жүргізу үшін ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымды орнату туралы кепілдік хат;
21) тиісті фармацевтикалық қызметпен айналысуға және (немесе) медициналық бұйымдарды өткізуге рұқсатта және (немесе) хабарламада көрсетілген мекенжайға сәйкес фармацевтикалық қызмет объектісін меншік құқығында немесе иелену және пайдалану құқығында иеленуді растайтын құжаттың көшірмесі.
ҚР Үкіметінің 2019.30.05. № 347 Қаулысымен 65-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
65. Тендерлік өтінімнің техникалық бөлігі мыналарды қамтиды:
1) мәлімделген тауардың, фармацевтикалық көрсетілетін қызметтің нақты техникалық сипаттамалары көрсетілген қағаз жеткізгіштегі техникалық ерекшелік (сервистік қызмет көрсетуді талап ететін медициналық бұйымды мәлімдеген кезде, *doc форматында электрондық жеткізгіште де);
2) ұсынылатын тауарлардың және фармацевтикалық көрсетілетін қызметтердің осы Қағидалардың талаптарына және тендерлік құжаттамаға сәйкестігін растайтын құжаттар.
66. Әлеуетті өнім беруші тендерлік өтініммен бірге тауарларды немесе фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерді сатып алу үшін бөлінген сомадан бір пайыз мөлшерде кепілдікті қамтамасыз етуді енгізеді.
67. Тендерлік өтінімді кепілдікті қамтамасыз ету (бұдан әрі - кепілдікті қамтамасыз ету) мынадай:
1) тапсырыс берушінің немесе сатып алуды ұйымдастырушының банктік шотына не мемлекеттік органдар және мемлекеттік мекемелер болып табылатын сатып алуды ұйымдастырушылар үшін Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінде көзделген шотқа енгізілетін кепілдікті ақшалай жарна;
2) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша банк кепілдігі түрінде ұсынылады.
68. Кепілдікті қамтамасыз етудің қолданылу мерзімі тендерлік өтінімнің қолданылу мерзімінен кем болмайды.
69. Кепілдікті қамтамасыз ету әлеуетті өнім берушіге бес жұмыс күні ішінде мынадай:
1) тендерлік өтінімнің мерзімі өткен (тендер жеңімпазының тендерлік өтінімін қоспағанда);
2) тендерлік өтінімдерді қабылдаудың соңғы мерзімі өткенге дейін әлеуетті өнім беруші оны кері қайтарып алған;
3) тендерлік құжаттаманың ережелеріне сәйкес келмеу негіздемесі бойынша тендерлік өтінім қабылданбаған;
4) басқа әлеуетті өнім беруші тендердің жеңімпазы деп танылған;
5) сатып алу рәсімдері тендердің жеңімпазын айқындамай тоқтатылған;
6) сатып алу шарты күшіне енген және тендер жеңімпазы сатып алу шартын орындауды кепілдікті қамтамасыз етуді енгізген жағдайларда қайтарылады.
70. Кепілдікті қамтамасыз ету әлеуетті өнім берушіге, егер ол:
1) тендерлік өтінімдерді қабылдаудың соңғы мерзімі өткеннен кейін тендерлік өтінімді кері қайтарып алса немесе өзгертсе;
2) тендердің жеңімпазы деп танылғаннан кейін жеңімпаз сатып алу шартын немесе фармацевтикалық қызметтер көрсетуге арналған шарт жасаудан жалтарса;
3) жеңімпаз деп танылса және сатып алу шартын немесе фармацевтикалық қызметтер көрсетуге арналған шартты кепілдікті қамтамасыз етуді енгізбесе не уақтылы енгізбесе қайтарылмайды.
71. Әлеуетті өнім беруші қажет болған кезде өтінімдерді қабылдаудың соңғы мерзімі өткенге дейін оны жазбаша нысанда кері қайтарып алады.
72. Тендерлік өтінімдерді ұсыну мерзімі өткеннен кейін тендерлік өтінімдерге өзгерістер енгізуге жол берілмейді.
73. Тендерлік өтінім тігілген және нөмірленген түрде ұсынылады, соңғы беті бірінші басшының немесе уәкілетті адамның қолымен, сондай-ақ әлеуетті өнім берушінің мөрімен (бар болса) бекітіледі. Тендерлік өтінімнің техникалық ерекшелігі және сатып алуды кепілдікті қамтамасыз етудің түпнұсқасы тендерлік өтінімге бөлек қоса беріледі және тендерлік өтініммен бір конвертке желімденеді. Техникалық ерекшелік тігілген және нөмірленген түрде ұсынылады, оның соңғы парағы бірінші басшының немесе уәкілетті адамның қолымен, сондай-ақ әлеуетті өнім берушінің мөрімен (бар болса) бекітілуге жатады.
74. Тендерлік өтінім басылып шығарылады не өшірілмейтін сиямен жазылады және оған әлеуетті өнім беруші қол қояды. Грамматикалық немесе арифметикалық қателерді түзету қажет болатын жағдайларды қоспағанда, тендерлік өтінімнің мәтініне жолдар арасына қосымша жазулар, өшірілген сөздер немесе толықтырулар енгізуге жол берілмейді.
75. Тендерлік өтінім әлеуетті өнім берушінің атауы мен заңды мекенжайы көрсетілетін конвертке желімденеді. Конверт тендерлік құжаттамада көрсетілген мекенжайы бойынша тапсырыс берушіге немесе сатып алуды ұйымдастырушыға жіберілуге тиіс және «________ сатып алу жөніндегі тендер (тендердің атауы көрсетіледі)» және «________ дейін ашпаңыз» (тендерлік құжаттамада көрсетілген конверттерді ашу күні мен уақыты көрсетіледі)» деген сөздерді қамтиды.
3-параграф. Тендерлік өтінімдер салынған конверттерді ашу
76. Тендерлік өтінімдерді қабылдауды аяқтау мен тендерлік өтінімдер салынған конверттерді ашудың басталуы арасындағы уақыттың ұзақтығы екі сағаттан аспайды.
77. Тендерлік өтінімдер салынған конверттерді тендерлік комиссия тендерлік құжаттамада айқындалған уақытта және орында ашады.
78. Тендерлік өтінімдер салынған конверттерді ашу рәсіміне әлеуетті өнім берушілер немесе олардың уәкілетті өкілдері қатыса алады.
79. Тендерлік комиссияның хатшысы конверттерді аша отырып, олардан тендерлік өтінімдер келіп түскен әлеуетті өнім берушілердің атауы мен мекенжайын, әрбір лот бойынша мәлімделген бағаларды, беру мен ақы төлеу шарттарын, тендерлік өтінімдерді кері қайтарып алу тәртібін, тендерлік өтінімді құрайтын құжаттар туралы ақпаратты хабарлайды және осы мәліметтерді конверттерді ашу хаттамасына енгізеді.
4-параграф. Тендерлік өтінімдерді бағалау және салыстыру
80. Тендерлік комиссия тендерлік өтінімдерді бағалау мен салыстыруды жүзеге асырады.
Әлеуетті өнім берушілердің банкроттық не тарату рәсімдеріне қатыстылығы бөлігінде олардың біліктілік талаптарына сәйкестігін нақтылау мақсатында конкурстық комиссия банкроттық немесе тарату рәсімдерінің жүргізілуіне бақылауды жүзеге асыратын уәкілетті органның интернет-ресурсына орналастырылған ақпаратты олардың жосықсыз әлеуетті өнім берушілерінің тізбесінде болуы бөлігінде қарайды, денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның интернет-ресурсындағы ақпаратты қарайды.
ҚР Үкіметінің 2019.30.05. № 347 Қаулысымен 81-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
81. Тендерлік комиссия мынадай:
1) осы Қағидалардың талаптарына сәйкес тендерлік өтінімді кепілдікті қамтамасыз ету ұсынылмаған;
2) заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәліктің көшірмелері не заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтама ұсынылмаған;
3) жарғының көшірмесі немесе құрылтайшылардың, қатысушылардың құрамы туралы үзінді немесе акция ұстаушыларының тізілімінен үзінді немесе осы Қағидаларда көзделген жағдайларда құрылтай шарты ұсынылмаған;
4) тиісті мемлекеттік орган берген заңды тұлғаны құрмай, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға құқық беретін құжаттың көшірмесі, жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі ұсынылмаған (кәсіпкерлік қызметпен айналысатын жеке тұлға үшін);
5) мәліметтері мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінде расталатын, «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» 2014 жылғы 16 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес алынған тиісті фармацевтикалық қызметпен айналысуға және (немесе) медициналық бұйымдарды немесе медициналық бұйымды өткізуге арналған рұқсаттардың (хабарламалардың) көшірмелері ұсынылмаған не мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінде мәліметтер болмаған жағдайда «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» 2014 жылғы 16 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес алынған (жіберілген) тиісті рұқсаттың (хабарламаның) нотариат куәландырған көшірмесі ұсынылмаған;
6) конверттерді ашу күнінің алдында бір айдан ерте емес «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы алынған салық төлеушінің салық берешегінің, міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары, әлеуметтік аударымдар және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдар және (немесе) жарналар бойынша берешегінің жоқ (бар) екендігі туралы мәліметтер ұсынылмаған;
7) тиісті мемлекеттік кірістер органының құжаттарында салық берешегі, міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары, әлеуметтік аударымдар және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдар және (немесе) жарналар бойынша берешек (олар бойынша төлем мерзімдері өзгертілген, берешектің жалпы сомасында көрсетілмеген сомаларды қоспағанда) туралы ақпарат болған;
8) осы Қағидалардың талаптарына сәйкес мерзімі өткен берешектің жоқ екендігі туралы қол қойылған банк анықтамасының түпнұсқасы ұсынылмаған;
9) банктің немесе банк филиалының анықтамасында осы анықтаманы беру күнінің алдындағы үш айдан астам созылатын әлеуетті өнім берушінің міндеттемелері бойынша мерзімі өткен берешек болған;
10) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша біліктілік туралы мәліметтер ұсынылмаған;
11) осы Қағидалардың талаптарына сәйкес техникалық ерекшелік ұсынылмаған;
12) әлеуетті өнім беруші тендерлік құжаттаманың және осы Қағидалардың талаптарына сәйкес келмейтін техникалық ерекшелікті ұсынған;
13) біліктілік талаптары және осы Қағидалар шеңберінде сатып алынатын тауарларға және көрсетілетін қызметтерге қойылатын талаптар бойынша дәйексіз ақпарат ұсыну фактісі анықталған;
14) банкроттық, тарату рәсімі қолданылған және (немесе) жосықсыз әлеуетті өнім берушілердің тізбесінде болған;
15) осы Қағидалардың 4-тарауында көзделген талаптарға ұсынылған тауарлардың, фармацевтикалық көрсетілетін қызметтердің сәйкестігін растайын құжаттар ұсынылмаған;
16) фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерді сатып алу кезінде әлеуетті өнім беруші - тиісті дистрибьюторлық практика сертификатын (GDP), отандық тауар өндіруші - объектінің тиісті өндірістік практика (GMP) талаптарына сәйкестігі туралы сертификатты, тиісті дәріханалық практика сертификатын (GPP) ұсынған жағдайларды қоспағанда, қажет болған кезде осы Қағидалардың 64-тармағының 14) тармақшасына сәйкес «салқындату тізбегінің» болуы туралы санитариялық-эпидемиологиялық зерттеп-қарау актісінің көшірмесі ұсынылмаған;
17) егер мәлімделген сервистік қызмет көрсетуді талап ететін медициналық бұйымның техникалық сипаттамасы тіркеу куәлігінде және (немесе) тіркеу деректерінде айқындалған техникалық сипаттамаға және (немесе) жинағына сәйкес келмеген;