көрсетiп) жасауы тиiс.
3. Мемлекеттік ұйымдардың жоғарыда аталған
қызметкерлерiне көлiк құралдарын беруге байланысты
келтiрiлген шығыстарды көлiк құралы иесiнiң талап
етуi бойынша белгiленген тәртiппен осы ұйымдар
өтейдi.
2.4. Көлiк құралы жүргiзушiсiнiң құжатын тексеруге немесе көлiк құралын пайдалануға құқығы бар адам жүргiзушiнiң талап етуi бойынша қызметтiк куәлiгiн көрсетуге мiндеттi.
ҚР Үкіметінiң 2005.12.10. № 1021 қаулысымен 2.5.-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2.5. Жол-көлiк оқиғасы кезiнде, оған қатысы бар жүргiзушi:
Ереженiң 7.2.-тармағының талаптарына сәйкес көлiк құралын дереу тоқтатуға (орыннан қозғамауға), авариялық жарық сигнализациясын iске қосуға және авариялық аялдау белгiсiн (жанып-сөнетiн қызыл фонарь) қоюға, оқиғаға қатысы бар заттардың орнын ауыстырмауға;
зардап шеккендерге дәрiгерге дейiнгi медициналық көмек көрсету үшiн барлық мүмкiн болатын шараларды қолдану, "медициналық жедел жәрдем" шақыру, шұғыл жағдайларда зардап шеккендердi жол-жөнекей аттандыру, ал егер бұған мүмкiндiк болмағанда, өзiнiң көлiк құралымен жақын жердегi емдеу мекемесiне жеткiзуге, өзiнiң тегiн, көлiк құралының тiркеу белгiсiн хабарлауға (жеке басын куәландыратын құжатты немесе жүргiзушiнiң куәлiгiн және көлiк құралын тiркеу құжатын көрсетiп) оқиға болған жерге қайтып келуге;
болған жағдай туралы жақын жердегi iшкi iстер органына кешiктiрмей хабарлауға, көзiмен көргендердiң тегi мен мекен-жайларын жазып алуға және iшкi iстер органдарының қызметкерлерiнiң келуiн күтуге;
егер басқа көлiк құралдарының қозғалысына мүмкiндiк болмаса, жолдың жүретiн бөлiгiн босатуға;
жүру бөлiгiн босату немесе зардап шегушiнi өзiнiң көлiк құралымен емдеу мекемесiне жеткiзу қажет болған жағдайда куәлардың қатысуымен көлiк құралының орналасуын, оқиғаға қатысы бар iздер мен заттарды алдын ала белгiлеп, олардың сақталуына мүмкiн болатын барлық шараларды қабылдауға және оқиға болған жердi айналып өтудi қамтамасыз етуге мiндеттi.
ҚР Үкіметінiң 2005.12.10. № 1021 қаулысымен 2.6.-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2.6. Егер жол-көлiк оқиғасының нәтижесiнде зардап шегушiлер болмаса, жүргiзушiлер болған жағдайды бағалауда өзара келісімге келiп, алдын ала оқиғаның схемасын жасап және оған қолдарын қойып, оқиғаны ресiмдеу үшiн iшкi iстер органының жақын жердегi жол полициясы постына немесе бөлiмшесiне келулерiне болады.
2.7. Жүргiзушiге:
2.7.1. Мас күйiнде (алкогольдi, есiрткi немесе өзге де), құлақ асуды және назар аударуды әлсiрететiн дәрiлiк заттар әсерiнде; жол қозғалысы қауiпсiздiгiне қатер төндiретiндей ауру немесе шаршаған жағдайда көлiк құралын басқаруға.
ҚР Үкіметінiң 2005.12.10. № 1021 қаулысымен 2.7.2.-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2.7.2. Ақауы бар немесе мемлекеттік байқаудан өтпеген көлiк құралдарын пайдалануға.
ҚР Үкіметінiң 2005.12.10. № 1021 қаулысымен 2.7.3.-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара
2.7.3. Иесi заңнамада белгiленген жағдайларда көлiк құралдары иелерiнiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартын және/немесе жолаушылардың алдында тасымалдаушының жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартын жасамаған көлiк құралын пайдалануға.
ҚР Үкіметінiң 2005.12.10. № 1021 қаулысымен 2.7.3-1-тармақпен толықтырылды
2.7.3-1. Мемлекеттік тiркеу нөмiрi белгiлерi болмаған немесе олар тiркеу құжаттарына сәйкес келмеген жағдайларда көлiк құралын пайдалануға.
ҚР Үкіметінiң 2005.12.10. № 1021 қаулысымен (бұр.ред.қара); 2009.26.01. № 47 (бұр.ред.қара) 2.7.4.-тармақ өзгертілді
2.7.4. Мас күйіндегі, жауапты қимыл жасауды және назар аударуды әлсiрететiн, дәрiлiк заттар әсерiнде отырған адамдарға, ауру немесе шаршаған адамға, сондай-ақ жүргiзудi үйретушiден басқа, өзiмен бiрге осы санаттағы көлiк құралын басқаруға құқық беретiн жүргiзушiнiң куәлiгi (жүргiзушi куәлiгiнiң орнына берілген уақытша куәлік және жүргiзушiнiң жеке басын куәландыратын құжат) жоқ немесе жол (маршрут) қағазында көрсетiлмеген адамға көлiк құралын басқаруға беруге.
ҚР Үкіметінiң 2005.12.10. № 1021 қаулысымен 2.7.5.-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2.7.5. Ұйымдасқан (оның iшiнде жаяу жүргiншiлер де) колоннаны кесiп өтуге және оның iшiнен орын алуға.
ҚР Үкіметінiң 2005.12.10. № 1021 қаулысымен 2.7.6.-тармақпен толықтырылды
2.7.6. Жүрiс бөлiгiне қоқыс, қозғалыс үшiн қауiп туғызатын заттар лақтыруға тыйым салынады. Бұл талап жол қозғалысының басқа қатысушыларына да қойылады.
ҚР Үкіметінiң 2009.26.01. № 47 қаулысымен 2.7.7.-тармақпен толықтырылды
2.7.7. Тыңдауышты немесе қатты дауысты байланысты қолдану жағдайларын қоспағанда, көлік құралын жүргізу кезінде телефонды не радиостанцияны пайдалануға тыйым салынады.
ҚР Үкіметінiң 2005.12.10. № 1021 қаулысымен 2.8.-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2.8. Тежегiштiң жұмыс жүйесi немесе рульдiк басқаруы жұмыс iстемейтiн болса, ақауы бар тiркеу құрылғысымен (поезд құрамында), сондай-ақ тәулiктiң қараңғы уақытында жолдарда жасанды жарықтандыру болмағанда немесе жеткiлiксiз көрiнетiн жағдайларда - фарлар мен (немесе) артқы үлкен оттары жанбайтын (жоқ) болса, жаңбыр немесе қар жауып тұрғанда жүргiзушi жағындағы терезе тазалағыштың ақауы болса, көлiк құралының қозғалысына тыйым салынады.
Ескертпе. Ең төменгi жылдамдықтағы қозғалыс кезiнде көлiк құралын тоқтатат немесе маневрдi жүзеге асыра алмайтын жұмыстың тежегiш жүйе немесе рульдiк басқару жұмыс iстемейтiн болып саналады.
Жол жүргенде Негiзгi ережелермен көлiк құралдарын пайдалануға тыйым салынатын және жүргiзушi анықтай алатын басқа да ақаулар және жағдайлар туындаған жағдайда, оны жоюы тиiс, ал егер бұл мүмкiн болмаса, жағдайда, онда қажеттi сақтық шараларын сақтай отырып тұрақ немесе жөндеу орнына апаруына болады.
3. Жаяу жүргiншiлердiң мiндеттерi
3.1. Жаяу жүргiншiлер тротуармен немесе жаяу жүргiншiлерге арналған жолдармен, ал олар болмаған жағдайда, жолды жағалай, сондай-ақ Ереженiң 17.1 және 17.4. тармақтарының талаптарына сәйкес қозғалуы тиiс.
Көлемi үлкен заттарды көтерiп немесе алып келе жатқан жаяу жүргiншiлер, сондай-ақ двигателi жоқ мүгедектер арбасымен келе жатқан адамдар, егер олар тротуармен немесе жолды жағалай жүргенде басқа жаяу жүргiншiлер үшiн кедергi келтiретiн болса, жолдың жүргiн бөлiгiнiң жиегiмен (көлiк жүретiн бөлiктiң iшкi шетiн бойлай - бөлу жол жолақтары бар жолдарда) қозғалуына болады.
Тротуарлар, жаяу жүргiншiлерге арналған жол немесе жолдың жағалауы болмағанда, сондай-ақ олармен қозғалу мүмкiн болмаған жағдайда, жаяу жүргiншiлер велосипед жолымен немесе көлiк жүретiн бөлiктiң шетiмен (көлiк жүретiн бөлiктiң iшкi шетiн бойлай - бөлу жол жолақтары бар жолдарда) бiр қатарда қозғалуларына болады.
Елдi мекендерден тыс жерлерде жаяу жүргiншiлер көлiк жүретiн бөлiгiмен қозғалған кезде көлiк құралдарының қозғалысына қарсы бағытта жүруi тиiс.
Көлiк жүретiн бөлiктiң шетiмен двигателi жоқ мүгедектер арбасында келе жатқан, мотоцикл, мопед, велосипед жүргiзушi адамдар көлiк құралдары қозғалысының бағытында, жолдың оң жағымен жүруi тиiс.
3.2. Көлiк жүретiн бөлiкпен қозғалатын ұйымдасқан жаяу жүргiншiлер колоннасына көлiк құралдарының қозғалысы бағытында оң жақпен, қатарда төрт адамнан артық емес, қозғалуға рұқсат етiледi. Колоннаның алдынан және артынан сол жағымен қызыл жалауша ұстаған жүрушi, тәулiктiң қараңғы уақытында және жеткiлiксiз көрiну жағдайында - алдында ақ түстi, артта қызыл түстi жағулы фонарьмен жүруi тиiс.
Балалар тобын тек қана тротуармен және жаяуларға арналған жолмен, ал олар жоқ болған жағдайда - жол жағасымен, бiрақ тәулiктiң жарық уақытында және ересектердiң бастауымен алып жүруге рұқсат етiледi.
3.3. Жаяу жүргiншiлер көлiк жүретiн бөлiктi жаяу жүргiншiлерге арналған, оның iшiнде жерасты және жерүстi өтпелерiнен, ал олар болмағанда - қиылыстардан тротуарлар мен жол жағалауы сызығы бойымен кесiп өтуi тиiс.
Көру аймағында өтпе немесе жол қиылысы болмағанда көлiк жүретiн бөлiктiң шетiне, екi жақтан да жақсы көрiнетiн жерден тiк бұрыш жасап жолды кесiп өтуге болады. Көлiк жүретiн бөлiктi елдi мекенде бөлу жол жолағы болған кезде, сондай-ақ жаяу жүргiншiлерге немесе жол қоршаулары орнатылған жерлерде кесiп өтуге тыйым салынады.
3.4. Қозғалыс реттелiп тұратын жерлерде, жаяу жүргiншi, реттеушiнiң сигналын, ал ол болмағанда - көлiк бағдаршамын басшылыққа алады.
3.5. Реттелмейтiн жаяу жүргiншiлер өтпелерiнен, жаяу жүргiншiлер көлiк жүретiн бөлiкке жақындап қалған көлiк құралымен арақашықтықты, оның жылдамдығын бағалап және кесiп өту олар үшiн қауiпсiз екендiгiне көз жеткiзгеннен кейiн шығуына болады. Көлiк жүретiн бөлiктi жаяу жүргiншiге арналған өтпеден тыс жерлерден кесiп өту кезiнде жаяу жүргiншiлер, бұдан басқа көлiк құралдары үшiн кедергi келтiрмеуi және жақындап қалған көлiк құралының жоқтығына көз жеткiзбейiнше тоқтап тұрған көлiк құралының немесе көрiнудi шектейтiн өзге кедергiнiң тасасынан шықпауы тиiс.
Ескертпе. Реттелетiн және реттелмейтiн жаяу жүргiншi өтпесi түсiнiгi Ереженiң 13.4-тармағында белгiленген реттелетiн және реттелмейтiн қиылыс түсiнiгiмен бiрдей.
ҚР Үкіметінiң 2005.12.10. № 1021 қаулысымен 3.6.-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3.6. Көлiк жүретiн бөлiкке шыққаннан кейiн жаяу жүргiншi, егер бұл, қозғалыс қауiпсiздiгiн қамтамасыз етумен байланысты болмаса, кiдiрмеуi немесе аялдамауы тиiс. Жолды кесiп өтуге үлгермеген жаяу жүргiншi қарама-қарсы бағыттағы көлiк легiн бөлетiн сызықта аялдауы керек. Әрi қарай қозғалыстың қауiпсiз екендiгiне көз жеткiзгеннен кейiн бағдаршамның (реттеушiнiң) сигналын ескерiп, жолдан өтудi жалғастыруға болады.
3.7. Жарқылдайтын көк маягi бар және арнайы дыбыс сигналы iске қосулы көлiк құралы жақындаған кезде жаяу жүргiншiлер жолдан өтпей тұра тұрады, ал жол үстіндегілер осы көлiк құралдарына жол беруi және мүмкiндiгiне қарай көлiк жүретiн бөлiктi босатуы тиiс.
3.8. Маршруттық көлiк құралы мен таксидi көлiк жүретiн бөлiкке қарағанда биiгiрек тұрған отырғызу алаңдарында, ал жоқ болған жағдайда - тротуарда немесе жол жағасында тұрып күтуге рұқсат етiледi. Биiгiрек отырғызу алаңдарымен жабдықталмаған аялдама пункттерiнде көлiк құралына отыру үшiн көлiк жүретiн бөлiкке шығуға ол тоқтағаннан кейiн ғана рұқсат етiледi. Түскеннен кейiн көлiк жүретiн бөлiктi кiдiрместен босату керек.
Аялдама пунктiне немесе одан көлiк жүретiн бөлiк арқылы қозғалыс кезiнде жаяу жүргiншiлер Ереженiң 3.4.-3.7. пункттерiнiң талаптарын басшылыққа алуы тиiс.
4. Жолаушылардың мiндеттерi
4.1. Жолаушылар:
қауiпсiздiк белдiгi бар көлiк құралымен жүргенде оларды бекітуге (2.1.2.-тармақты ескерiп), ал мотоциклмен жүргенде - мотошлемдi түймелеуге;
тротуар немесе жол жағалауы жағынан және көлiк құралы толықтай тоқтағаннан кейiн ғана отырғызуға және түсiруге мiндеттi.
Егер тротуар немесе жол жағалауы жағынан мүмкiн болмағанда, ол қозғалысқа басқа қатысушылар үшiн қауiпсiз және кедергi келтiрмейтiндей болмағанда ғана көлiк жүретiн бөлiгi жағынан жүзеге асырылуы мүмкiн.
4.2. Жолаушыларға:
жүргiзушiнi көлiк құралы қозғалысы кезiнде оны басқарудан алаңдатуға;
борт платформасы бар жүк автомобилiнiң үстiнде келе жатып түрегелiп тұруға, бортқа немесе борттан биiк тұратын жүк үстiне отыруға;
көлiк құралының қозғалысы кезiнде оның есiгiн ашуға тыйым салынады.
5. Бағдаршамның және реттеушiнiң сигналдары
Бағдаршам сигналдары мен реттеушiнiң кескiндемелерi 1-суретте келтiрiлген.
5.1. Бағдаршамның сигналдары
5.1.1. Жол қозғалысын реттеу үшiн көлденең және тiгiнен орналасқан бағдаршамдар қолданылады.
Бағдаршамдарда жасыл, сары, қызыл және ай түстес ақшыл жарық сигналдары қолданылады.
Сигналдары тiгiнен орналасқан бағдаршамдарда қызыл түс жоғарыда орналасады, ал жасыл - төменде; сигналдар көлденеңiнен орналасқанда қызыл сол жақта, жасыл - оң жақта орналасады.
Бағдаршам сигналдары белгiлi мақсатында байланысты дөңгелек, бағыттаушы түрiнде (көрсеткiшi), жаяу жүргiншi немесе велосипед кескiнiнде және Х-үлгiсiнде болуы мүмкiн.
Дөңгелек сигналды бағдаршамдардың бiр немесе екi, дөңгелек жасыл сигналдың деңгейiнде орналасқан жасыл бағыттаушы (көрсеткiш) түріндегі сигналдары бар қосымша секциялары болуы мүмкiн.
5.1.2. Бағдаршамның дөңгелек сигналдарының мынадай мәнi бар:
жасыл сигнал қозғалысқа рұқсат етедi;
жасыл жыпылықтаған сигнал қозғалысқа рұқсат етедi және оның қолданылу уақыты өтiп барады және тыйым салатын сигнал iске қосылатындығын хабарлайды (жүргiзушiлер мен жаяу жүргiншiлердi жасыл сигналдың жануына дейiн уақыт туралы секундпен хабар беретiн сандық табло қолданылуы мүмкiн);
сары сигнал Ереженiң 5.6-тармағында көзделгеннен басқа жағдайларда қозғалысқа тыйым салады және сигналдардың ауысқалы тұрғанын ескертедi;
сары жыпылықтаған сигнал бағдаршаммен реттелетiн көше қиылысын немесе жаяу жүргiншi өтпесiн бiлдiредi, қауiптен сақтандырады;
қызыл сигнал, оның iшiнде жыпылықтайтыны, қозғалысқа тыйым салады. Қызыл және сары сигналдардың қосыла жануы қозғалысқа тыйым салады және жасыл сигнал жанғалы тұрғанынан хабар бередi.
1-сурет. Бағдаршамның және реттеушiнiң сигналдары
[Графикалық нысанды қараңыз]
Көлiк сигналдары
5.1.3. Қызыл, сары және жасыл түстi бағыттаушы түрiнде орындалған бағдаршам сигналы тиiстi түстердегi дөңгелек сигналмен бiрдей мағыналас, бiрақ олардың күшi бағыттаушы көрсеткен бағытқа (бағыттарға) ғана қолданылады. Мұндайда солға бұрылуға рұқсат беретiн бағыттаушы, егер бұған тиiстi жол белгiсiмен тыйым салынбаса, керi бұрылуға да рұқсат етедi.
Қызыл және сары бағыттаушылардың орнына осы мағынада қара контурлы бағыттаушылар кескiнделген дөңгелек қызыл және сары сигналдар пайдаланылуы мүмкiн.
Қосымша секциясы бар жасыл бағыттаушы да осындай мәнге ие болады. Қосылмай тұрған қосымша секцияның сигналы осы секциямен реттелетiн бағыттағы қозғалысқа тыйым салынғанын бiлдiредi.
5.1.4. Егер бағдаршамның негiзгi жасыл сигналына қара контурлы бағыттаушы (бағыттаушылар) салынған болса, онда ол жүргiзушiге бағдаршамның қосымша секциясын және қосымша секцияның сигналына қарағанда өзге де рұқсат етiлген қозғалыс бағыттарын хабарлайды.
5.1.5. Егер бағдаршам сигналы жаяу жүргiншiнiң (велосипедтiң) кескiнi түрiнде орындалса, онда күшi тек жаяу жүргiншiге, (велосипедшiлерге) ғана қолданылады. Мұндайда жасыл сигнал жаяу жүргiншiнiң (велосипедшiнiң) қозғалысына рұқсат бередi, ал қызыл тыйым салады.
Велосипедшiлердiң қозғалысын реттеу үшiн сондай-ақ кiшiрейтiлген өлшемдегi дөңгелек сигналы бар, 300х200 мм өлшемдi, қара түстi велосипед кескiнделген тiк бұрышты ақ түстi табличкамен толықтырылған бағдаршам пайдаланылуы мүмкiн.
5.1.6. Соқыр жаяу жүргiншiлердi жүрiс бөлiгiн кесiп өту мүмкiндiгi туралы ақпараттандыру үшiн бағдаршамдардың жарық сигналдары дыбыстық сигналмен толықтырылуы мүмкiн.
5.1.7. Көлiк құралдарының жүрiс бөлiгiнiң қозғалыс бағыты қарама-қарсы бағытқа өзгеруi мүмкiн жол жолақтары бойынша қозғалысын реттеу үшiн Х үлгiсіндегі қызыл сигнал және төмен бағытталған бағыттаушы түріндегі жасыл сигналы бар реверстiк бағдаршам қолданылады. Бұл бағдаршамдар тиiсiнше олар үстiнде орналастырылған жол жолағы бойынша қозғалысқа тыйым салады немесе рұқсат бередi.
Реверстiк бағдаршамның негiзгi сигналдары бағыттаушы түріндегі, төмен қарай оңға немесе солға қиғаштай еңкейтiлген, iске қосылған сигналдың ауысатындығын және бағыттаушы нұсқаған жолаққа қатар ауыстыру қажеттiгiн хабарлайтын сары сигналмен толықтырылуы мүмкiн.
Реверстiк бағдаршамның екi жағынан 1.9. таңбалауымен белгiленген жолақтың үстiне орналастырылған сигналдары iске қосылғанда осы жол жолағына шығуға тыйым салынады.
5.1.8. Трамвайлардың, сондай-ақ олар үшiн бөлiнген жолақпен қозғалатын басқа маршруттық көлiк құралдарының қозғалыстарын реттеу үшiн "Т" әрпi түрiнде орналасқан төрт ай түстес ақ дөңгелек сигналдары бар бағдаршамдар қолданылуы мүмкiн. Бiр мезгiлде төменгi сигналмен бір немесе бiрнеше жоғарғы сигнал iске қосылған кезде ғана олардың сол жақтағысы - солға, ортадағысы - тiке, оң жақтағысы - оңға қозғалуға рұқсат етедi.
5.1.9. Темір жол өтпесiне орналасқан дөңгелек, жыпылықтап тұратын ай түстес ақ сигнал көлiк құралдарының өтпе арқылы қозғалысына рұқсат бередi. Ай түстес ақ және қызыл жыпылықтайтын сигнал iстемей тұрған кезде көз жетер жерде өтпеген жақындап қалған поезд (локомотив, дрезина) болмағанда, қозғалысқа рұқсат етiледi.
5.2. Реттеушiнiң сигналдары
Оның денесi мен қолдарының, оның iшiнде мынадай мәндердi бiлдiретiн жезлмен жасаған қимылдары, реттеушiнiң сигналы болып табылады:
қолдары екi жаққа созылған немесе төмен түсiрiлген:
сол және оң бүйiр жақтарынан - қозғалыс трамвайға тiке, рельссiз көлiк құралдарына тiке және оңға қозғалуға рұқсат етiледi, жаяу жүргiншiге жүрiс бөлiгiн кесiп өтуге рұқсат етiледi;
кеуде және арқа жағынан - барлық көлiк құралдарының және жаяу жүргiншiнiң қозғалысына тыйым салынады.
оң қол алға созылған:
сол бүйiр жақтан - қозғалыс трамвайға солға, рельссiз көлiк құралдарына барлық бағыттарға рұқсат етiледi;
кеуде жағынан - барлық көлiк құралдарына қозғалыс тек қана оңға рұқсат етiледi;
оң бүйiр және арқа жағынан - барлық көлiк құралдарына қозғалыс тыйым салынады;
жаяу жүргiншiлерге жүрiс бөлiгiн кесiп өтуге реттеушiнiң арт жағынан рұқсат етiледi.
Қол жоғары көтерiлген:
Ереженiң 5.6-тармағында көзделгеннен басқа жағдайларда барлық көлiк құралдары мен жаяу жүргiншiлердiң барлық бағытта қозғалысына тыйым салынады.
Реттеушi қол қимылдарымен жүргiзушiлерге және жаяу жүргiншiлерге түсiнiктi басқа да сигналдар беруi мүмкiн.
Сигналдар жақсы көрiнуi үшiн реттеушi жезлдi немесе сигналды дискiнi (жарық қайтарғышты) қолдануы мүмкiн.
ҚР Үкіметінiң 2005.12.10. № 1021 қаулысымен 5.3.-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
5.3. Көлiк құралының аялдауын талап ету қатты дауыстау құрылғысымен немесе бip мезгiлде ысқырып сигнал бере отырып, көлiк құралына бағытталған қол қимылымен көрсетiлуi мүмкiн. Жүргiзушi оған нұсқалған орында аялдауы тиiс. Көлiк құралын тоқтатқан iшкi iстер органдарының қызметкерi (полиция) 2.3.2-тармаққа сәйкес жүргiзушiге кiдiрмей келiп, тоқтату себебiн айтуы тиiс.
5.4. Ысқырықпен берiлген қосымша сигнал қозғалысқа қатысушылардың назарын аударуға берiледi.
5.5. Бағдаршамның (реверсивтiден басқа) немесе реттеушiнiң тыйым салатын сигналы кезiнде жүргiзушiлер тоқтау-сызығының (5.3.3-белгiсiнiң) алдында, ал олар болмаған кезде:
жол қиылысында - кесiп өтетiн жүрiс бөлiгiнiң алдында (Ереженiң 13.8 бөлiгiн ескере отырып), жаяу жүргiншiлер үшiн кедергi тудырмай;
теміржол өтпесi алдында - Ереженiң 15.4-тармағына сәйкес;
басқа жерлерде - қозғалыс рұқсат етiлген көлiк құралы мен жаяу жүргiншiлерге кедергi туғызбай тоқтатуға мiндеттi.
ҚР Үкіметінiң 2005.12.10. № 1021 қаулысымен 5.6.-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
5.6. Реттеушi қолын көтерген немесе сары сигнал жанған кезде, егер бағдаршам сигнализациясының жұмыс режимi жасыл сигналдың тiкелей сөнер алдындағы жыпылықтауын қамтамасыз етпейтiн жағдайларда, шұғыл тежеуге жүгiнбей тоқтата алмайтын жүргiзушiлерге Ереженiң 5.5-тармағында белгiленген жерлерде әрi қарай қозғалуға рұқсат етiледi.
Реттеушi қолын көтерген немесе сары сигнал жанған кезде жүрiс бөлiгiнде келе жатқан жаяу жүргiншiлер оны босатуы тиiс, ал оған мүмкiндiк болмаған кезде қарама-қарсы көлiк легiн бөлушi сызықта тоқтаулары тиiс.
5.7. Жүргiзушiлер мен жаяу жүргiншiлер, тiптi олар бағдаршам сигналына, жол белгiлерi немесе таңбаларының талаптарына қайшы келсе де, сигналдың талаптары мен реттеушiнiң бұйрығын орындаулары тиiс.
5.8. Теміржол өтпелерiнде жыпылықтаған қызыл сигналмен бiр мезгiлде қозғалысқа қатысушыларды қосымша ақпараттандыратын, өтпе арқылы қозғалысқа тыйым салатын дыбыстық сигнал берiлуi мүмкiн.
6. Арнаулы сигналдарды қолдану
ҚР Үкіметінiң 30.01.04 ж. № 115 ; 2005.12.10. № 1021 (бұр.ред.қара) қаулыларымен 6.1-тармақ өзгертілді
6.1. Көк түстi жарқылдауық маягi iске қосылған жедел және арнаулы қызметтiң көлiк құралдарының жүргiншiлерi кезек күттiрмейтiн қызметтiк тапсырманы орындауы кезiнде, қозғалыс қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету шартымен Ереженiң 5 (реттеушiнiң сигналдарынан басқа), 8-18 бөлiмдерiн, Ережеге 1 және 2-қосымшалардың талаптарын орындамауы мүмкiн.
Қозғалысқа басқа қатысушылардың алдында басымдылық алуы үшiн мұндай көлiк құралдарының жүргiзушiлерi көк түстi жарқылдауық маяк пен арнаулы дыбыстық сигналды iске қосуы тиiс. Олар өздерiне жол берiлгендiгiне көз жеткiзгеннен кейiн ғана, басымдылықты пайдалана алады.
Осы құқықты, жедел және арнаулы қызметтердiң көлiк құралдарын Ереженiң осы тармағымен белгiленген жағдайларда алып жүретiн көлiк құралдарының жүргiзушiлерi де пайдаланады.
Қазақстан Республикасының Президентi Күзет қызметiнiң, Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң, Қарулы Күштерi әскери автомобиль полициясының және жол полициясының көлiк құралдарында олар басқа көлiк құралдарын бiрге алып жүрген кезде көк түстi жарқылдауық маякқа қоса, қызыл түстi жарқылдауық маяк iске қосылуы мүмкiн.
6.2. Көк түстi жарқылдауық маягi iске қосылған және арнаулы дыбыстық сигналы бар көлiк құралдары жақындаған кезде жүргiзушiлер осы және олардың алып жүруіндегі басқа көлiк құралдарының кедергiсiз өтiп кетуiн қамтамасыз етуi үшiн жолды босатулары керек.
6.3. Көк түстi жарқылдауық маягi iске қосулы тоқтап тұрған көлiк құралдарына жақындаған кезде жүргiзушi, қажет болған жағдайда дереу тоқтатуға мүмкiндiк болуы үшiн, жылдамдықты азайтуы тиiс.
ҚР Үкіметінiң 2005.12.10. № 1021 қаулысымен 6.4.-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
6.4. Сарғыш қызыл немесе сары түстi жарқылдауық маягi iске қосулы көлiк құралының жүргiзушiсi жол үстiнде құрылыс, жөндеу немесе жинау жұмыстарын орындау кезiнде қозғалыс қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жағдайында жол белгiлерi (2.2, 2.4-2.6, 3.11-3.14, 3.17.2, 3.20 белгiлерiнен басқа) мен таңбаларының, сондай-ақ Ереженiң 9.4-9.8 және 16.1-тармақтарының талаптарын орындамауы мүмкiн.
Басқа көлiк құралының жүргiзушiлерi олардың жұмысына кедергi жасамауы тиiс.
Сарғыш қызыл немесе сары түстi жарқылдауық маяк қозғалыста басымдылық әпермейдi және қозғалыстың басқа қатысушыларын қауiптілік туралы ескерту үшiн қызмет етедi.
7. Авариялық сигнал мен авариялық аялдау
белгiсiн қолдану
7.1. Авариялық жарық сигналы мынадай жағдайларда iске қосылуы тиiс:
жол-көлiк оқиғасы кезiнде;
аялдауға тыйым салынған жерлерде амалсыздан тоқтаған кезде; артқы жүрiспен қозғалғанда;
фардың жарығымен жүргiзушiнiң көзiн қарықтырғанда;
сүйретуге алғанда (сүйретiлетiн механикалық көлiк құралында);
жолдың жарықтандырылмайтын учаскесiнде немесе көлемдiк оттардың дұрыс iстемеуiнен көру жеткiлiксiз болған жағдайларда аялдағанда және тұрғанда;
елдi мекеннен тыс, жол жағалауының енi жүрiс бөлiгiнен толық кiру үшiн жеткiлiксiз болғанда немесе жол жағалауының енiн осы жол жағдайында айқындау мүмкiн болмай, онда тоқтаған кезде.
Авариялық жарық сигналы және басқа жағдайларда да, қозғалысқа қатысушыларды көлiк құралы туғызуы мүмкiн қауiптілік туралы ескерту үшiн де қосылуы мүмкiн.
7.2. Авариялық жарық сигналын iске қосқаннан кейiн, сондай-ақ оның ақауы болса немесе ол болмағанда, жүрiс бөлiгiнiң неғұрлым қауiптi жағына: