Денсаулық сақтау саласындағы аккредиттеу ережесін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 12 қазандағы № 1559 Қаулысы
(2014.17.04. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
ҚР Үкіметінің 2015 жылғы 17 маусымдағы № 448 Қаулысымен күші жойылды
«Денсаулық сақтау саласындағы аккредиттеу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 10 наурыздағы № 127 бұйрығын қараңыз
«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Кодексіне сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Денсаулық сақтау саласындағы аккредиттеу ережесі бекітілсін.
2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:
1) «Денсаулық сақтау саласындағы аккредиттеу ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 8 қаңтардағы № 15 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2004 ж., № 1, 7-құжат);
2) «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 8 қаңтардағы № 15 қаулысына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 31 қазандағы № 1033 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2006 ж., № 40, 443-құжат).
3. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | К. Мәсімов |
ҚР Үкіметінің 2011.31.08. № 982 Қаулысымен ереже жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2009 жылғы 12 қазандағы
№ 1559 қаулысымен
бекітілген
Денсаулық сақтау саласындағы аккредиттеу
ережесі
1. Жалпы ережелер
1. Осы Денсаулық сақтау саласындағы аккредиттеу ережесі (бұдан әрі - Ереже) «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Кодексіне сәйкес әзірленді және денсаулық сақтау саласында аккредиттеу жүргізу тәртібін белгілейді.
ҚР Үкіметінің 2012.11.12. № 1574 Қаулысымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Осы Ережеде, мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
денсаулық сақтау субъектілері - жеке медициналық практикамен және фармацевтикалық қызметпен айналысатын денсаулық сақтау ұйымы, сондай-ақ жеке тұлға;
медициналық ұйым - негізгі қызметі медициналық көмек көрсету болып табылатын денсаулық сақтау ұйымы;
тәуелсіз сарапшы - денсаулық сақтау субъектілері қызметіне тәуелсіз сараптама жүргізу үшін белгіленген тәртіппен аккредиттелген жеке тұлға;
аккредиттелетін субъект - медициналық ұйым, жеке тұлға;
аккредиттеуші орган - денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган);
ҚР Үкіметінің 2012.11.12. № 1574 Қаулысымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Денсаулық сақтау саласындағы аккредиттеуге:
көрсетілетін медициналық және фармацевтикалық қызметтердің денсаулық сақтау саласындағы белгіленген талаптар мен стандарттарға сәйкестігін тану мақсатында медициналық ұйымдар;
денсаулық сақтау субъектілерінің қызметіне тәуелсіз сараптамалық бағалау жүргізу үшін жеке тұлғалар жатқызылады.
4. Аккредиттеу ерікті сипатта болады және аккредиттелетін субъектінің қаражаты есебінен және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тыйым салынбаған өзге де қаражат есебінен жүзеге асырылады.
ҚР Үкіметінің 2012.11.12. № 1574 Қаулысымен 5-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5. Денсаулық сақтау саласында аккредиттеуді жүзеге асыратын орган (ұйым) аккредиттеу жөніндегі тиісті комиссиялар (бұдан әрі - Комиссиялар) құрады және аккредиттелген денсаулық сақтау саласындағы медициналық ұйымдар мен тәуелсіз сарапшылардың дерекқорын қалыптастырады.
6. Медициналық ұйымдарды аккредиттеуді аккредиттеуші орган не денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган аккредиттеген ұйым жүргізеді.
7. Комиссиялардың құрамы мен олар туралы ереже аккредиттеуші органның шешімімен бекітіледі.
2. Денсаулық сақтау субъектілерінің қызметіне тәуелсіз сараптамалық бағалау жүргізу үшін жеке тұлғаларды аккредиттеуді жүргізу тәртібi
ҚР Үкіметінің 2014.17.04. № 366 Қаулысымен 8-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
8. Денсаулық сақтау субъектілерінің қызметіне тәуелсіз сараптамалық бағалауды жүргізуге аккредиттеуден өту кезінде жеке тұлғалар аккредиттеуші органға мынадай құжаттарды:
1) уәкілетті орган бекіткен мамандықтар номенклатурасына сәйкес мәлімделген аккредиттеу саласын көрсете отырып, аккредиттеуші орган бекіткен нысан бойынша аккредиттеуден өтуге арналған өтінішті;
2) жеке куәлігінің көшірмесін;
3) жоғары кәсіптік медициналық немесе фармацевтикалық білімі туралы дипломның көшірмесін;
4) еңбек кітапшасының көшірмесін немесе осы Ереженің 8-1-тармағының 1), 2) немесе 3) тармақшаларына сәйкес жұмыс өтілін растайтын өзге де құжатты;
5) осы Ереженің 8-1-тармағының екінші, үшінші бөліктеріндегі талаптарды ескере отырып (клиникалық практиканы және фармацевтикалық қызметті жүзеге асыратын мамандар үшін) біліктілікті арттыру және (немесе) қайта даярлау туралы құжаттардың көшірмелерін;
6) бірінші немесе жоғары біліктілік санаттарының берілгені туралы сертификаттардың көшірмелерін (клиникалық практиканы жүзеге асыратын мамандар үшін);
7) ғылыми дәрежелерінің, атақтарының (бар болса) туралы құжаттардың көшірмелерін ұсынады.
ҚР Үкіметінің 2014.17.04. № 366 Қаулысымен 8-1-тармақпен толықтырылды
8-1. Денсаулық сақтау субъектілерінің қызметіне тәуелсіз сараптамалық бағалау жүргізу үшін аккредиттеуден өтуге:
1) денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік органдарда немесе медициналық көрсетілетін қызметтер және (немесе) дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдардың немесе медициналық техниканың айналысы саласындағы сапа сараптамасын жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдарында;
2) медициналық немесе фармацевтикалық білім беру (ғылыми-педагогикалық құрамда) ұйымдарында;
3) кәсіптік медициналық (клиникалық практика) және (немесе) фармацевтикалық қызметте кемінде 7 жыл жұмыс өтілі бар жеке тұлғалар жіберіледі.
Осы тармақтың 1), 2) тармақшаларында көрсетілген адамдарды қоспағанда, аккредиттеу туралы куәлікті алғаш рет алуға үміткер адамдардың соңғы 2 жылда денсаулық сақтау саласындағы білім және ғылым ұйымдарында сараптама жүргізу мәселелері бойынша немесе сараптамалық қызмет негіздері бойынша жалпы көлемі кемінде 216 сағат біліктілігін арттыруы қажет.
Осы тармақтың 1), 2) тармақшаларында көрсетілген адамдарды қоспағанда, аккредиттеу туралы куәлікті қайта алуға үміткер адамдардың соңғы 5 жылда денсаулық сақтау саласындағы білім және ғылым ұйымдарында тиісті және (немесе) медициналық көрсетілетін қызметтердің сапасын басқару мәселелері бойынша жалпы көлемі кемінде 216 сағат біліктілігін арттыруы қажет.
9. Аккредиттеуші орган құжаттарды алған сәтінен бастап екі жұмыс күнінің ішінде ұсынылған құжаттардың толықтығын тексереді. Ұсынылған құжаттардың толық болмау фактісі анықталған жағдайда көрсетілген мерзімдерде жазбаша уәждемемен өтінішті одан әрі қараудан бас тартылады.
10. Құжаттарды қарау мерзімі денсаулық сақтау субъектілерінің қызметіне тәуелсіз сараптамалық бағалау жүргізу үшін жеке тұлғаларды аккредиттеуден өткізуге өтініш тіркелген сәттен бастап аккредиттеуші орган тиісті шешім шығарғанға дейін 30 күнтізбелік күннен аспайды.
11. Денсаулық сақтау субъектілерінің қызметіне тәуелсіз сараптама жүргізу үшін жеке тұлғаларды аккредиттеу конкурстық іріктеу (тестілеу және әңгімелесу) арқылы олардың біліктілігін кешенді бағалау негізінде жүргізіледі.
12. Кешенді бағалаудың қорытындылары бойынша аккредиттеуші орган аккредиттеу немесе аккредиттеуден бас тарту туралы шешім қабылдайды. Кешенді бағалауды жүргізу тәртібін уәкілетті орган бекітеді.
ҚР Үкіметінің 2014.17.04. № 366 Қаулысымен 13-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
13. Аккредиттеуден өткен субъектіге аккредиттеуші орган бекітетін нысан бойынша аккредиттеу туралы куәлік 5 жыл мерзімге беріледі.
14. Мынадай жағдайларда аккредиттеу туралы куәлік беруден:
1) ұсынылған құжаттарда бұрмаланған немесе жалған ақпарат болғанда;
2) кешенді бағалаудың (тестілеу және әңгімелесу) қанағаттанғысыз нәтижелері болғанда;
3) азаматтардың және заңды тұлғалардың жеке тұлғаның қызметіне мемлекеттік органдарға комиссиялық тексеру актілерімен расталған негізгі шағымдары болғанда;
4) жеке тұлғаға қатысты мәлімделген түрі бойынша қызметпен айналысуға тыйым салу туралы сот шешімі болғанда бас тартылады.
3. Медициналық ұйымдарды аккредиттеуді жүргізу тәртібi
ҚР Үкіметінің 2014.17.04. № 366 Қаулысымен 15-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
15. Медициналық ұйымдар аккредиттеуден өту үшін аккредиттеуші органға мынадай құжаттарды:
1) аккредиттеуші орган бекіткен нысан бойынша өтінішті;
2) медициналық және (немесе) фармацевтикалық қызметті жүзеге асыру құқығына қосымшасы бар лицензияның көшірмесін;
3) өзін-өзі бағалау нәтижелерінің өз бетінше немесе тәуелсіз сарапшыларды тарта отырып жүргізілетін аккредиттеу стандарттарына сәйкестігіне көшірмені ұсынады.
Мемлекеттік заңды тұлғалар және мемлекет қатысатын заңды тұлғалар заңды тұлға мүлкінің меншік иесін немесе меншік иесі өкілеттік берген органның не оған құрылтай құжаттарымен өкілеттік берілген заңды тұлға органының заңды тұлғаның мөрімен бекітілген медициналық ұйымдар ұсынған ақпараттың дұрыстығына растама ұсынады.
16. Медициналық ұйымдар ұсынған құжаттардың осы Ереженің 15-тармағына сәйкестігін қарауды аккредиттеуші органның аумақтық бөлімшелері жүзеге асырады.
17. Аккредиттеуші органның аумақтық бөлімшелері құжаттарды алған сәтінен бастап екі жұмыс күнінің ішінде ұсынылған құжаттардың толықтығын тексереді. Ұсынылған құжаттардың толық болмау фактісі анықталған жағдайда көрсетілген мерзімдерде өтінішті одан әрі қараудан жазбаша уәждемемен одан әрі қараудан бас тартылады.
18. Медициналық ұйымдарды аккредиттеу олардың қызметінің уәкілетті орган бекіткен белгіленген аккредиттеу стандарттарына сәйкестігіне сыртқы кешенді бағалау негізінде жүргізіледі және мемлекеттік тапсырысты орналастыру кезінде ескеріледі.
ҚР Үкіметінің 2012.11.12. № 1574 Қаулысымен 19-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
19. Медициналық ұйымдардың аккредиттеу стандарттарына сәйкестігіне сыртқы кешенді бағалау:
1) дербес немесе заңнамада белгіленген тәртіппен аккредиттелген тәуелсіз медициналық сарапшыларды тарта отырып өткізілетін бағалау парақтарын толтыру арқылы аккредиттеу стандарттарына сәйкестігіне өзін-өзі бағалау;
2) аккредиттеуші органның аумақтық бөлімшелері немесе заңнамада белгіленген тәртіппен аккредиттелген тәуелсіз медициналық сарапшыларды тарта отырып өткізетін осы Ереженің 15-тармағына сәйкес аккредиттеу рәсімдерін өту үшін ұсынылатын құжаттарды сараптау;
3) аккредиттеу комиссиясының аккредиттелетін субъектіге бара отырып, бағалау парақтарын толтыру арқылы аккредиттеу стандарттарына сәйкестігін сараптамалық бағалау;
4) сауалнама жүргізу, сұхбат алу;
5) аккредиттеу стандарттарына сәйкестікті бағалауды баллдық жүйе негізінде жүргізу кезеңдерінен тұрады.
ҚР Үкіметінің 2012.11.12. № 1574 Қаулысымен 20-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
20. Медициналық ұйымдар ұсынған құжаттарды қарау Комиссияның отырысында аккредиттеу стандарттарына сәйкестікті сыртқы кешенді бағалауды ескере отырып жүзеге асырылады.
Сыртқы кешенді бағалау қорытындылары баллдық жүйе негізінде аккредиттеу стандарттарына сәйкестікті бағалауды жүргізумен аяқталады.
Аккредиттеу стандарттарына сәйкестігі 60%-дан 80%-ға дейін жеткен кезде аккредиттеуден өткен денсаулық сақтау субъектісіне 2 жыл мерзімге аккредиттеу туралы куәлік беріледі, ал аккредиттеу стандарттарына сәйкестігі 80%-дан 100%-ға дейін жеткен кезде 4 жыл мерзімге аккредиттеу туралы куәлік беріледі.
Аккредиттеу туралы куәлік нысанын аккредиттеуші орган бекітеді.
21. Аккредиттеуші орган тиісті шешім шығарғаннан кейін аккредиттеуден өткен медициналық ұйымға 10 жұмыс күні ішінде аккредиттеу туралы куәлік беріледі.
22. Аккредиттеу туралы куәлікті беруден:
1) ұсынылған құжаттарда бұрмаланған немесе жалған ақпарат болған;
2) медициналық ұйымдардың сыртқы кешенді бағалау нәтижелеріне сәйкес белгіленген аккредиттеу стандарттарына сәйкессіздігі;
3) медициналық ұйымға қатысты мәлімделген қызмет түрімен айналысуға тыйым салу туралы сот шешімі болған жағдайларда бас тартылады.
4. ҚР Үкіметінің 2012.11.12. № 1574 Қаулысымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
5. Аккредиттеу туралы куәлікті қайтарып алу
34. Медициналық ұйымды және тәуелсіз сарапшыларды аккредиттеу туралы куәлікті қайтарып алуды Комиссияның шешімі бойынша аккредиттеуші орган мынадай фактілер анықталған жағдайда:
1) медициналық және (немесе) фармацевтикалық қызметті жүзеге асыру құқығына арналған лицензияны тоқтатқанда немесе қайтарып алғанда;
2) әкімшілік және қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы заңнамаға сәйкес жүзеге асырады.
6. Қорытынды ережелер
ҚР Үкіметінің 2012.11.12. № 1574 Қаулысымен 35-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
35. Жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты және (немесе) медициналық ұйымның атауы, ұйымдық-құқықтық нысаны өзгерген жағдайда аккредиттелген тәуелсіз сарапшылар, медициналық ұйымдар аккредиттеуші органға көрсетілген мәліметтерді растайтын тиісті құжаттарды қоса бере отырып, аккредиттеу туралы куәлікті қайта ресімдеу туралы өтініш береді.
Аккредиттеуші орган тиісті жазбаша өтініш берілген күннен бастап жеті жұмыс күнінің ішінде тәуелсіз сарапшылармен медициналық ұйымдар үшін аккредиттеу туралы куәлікті қайта ресімдейді.
Бұрын берілген аккредиттеу туралы куәліктің күші жойылды деп танылады және болған жағдайда аккредиттелген субъектілердің дерекқорына тиісті ақпарат енгізіле отырып, аккредиттеуші органға қайтарылады.
36. Аккредиттеу туралы куәлік жоғалған жағдайда аккредиттеуші орган аккредиттелген тәуелсіз сарапшының, медициналық ұйымның жазбаша өтініші бойынша үш жұмыс күнінің ішінде аккредиттеу туралы куәліктің телнұсқасын береді.
Бұл ретте аккредиттеу туралы куәліктің түпнұсқасының күші жойылды деп танылады.
37. Аккредиттеуші орган медициналық ұйымдар мен тәуелсіз сарапшыларды аккредиттеу туралы куәліктердің бланкілерін дайындауды, есепке алуды және сақтауды қамтамасыз етеді.
38. Аккредиттелмеген медициналық ұйымдар белгіленген аккредиттеу стандарттарына сәйкессіздікті жойғаннан кейін қайта аккредиттеуден өтуге өтініш береді.
ҚР Үкіметінің 2012.11.12. № 1574 Қаулысымен 39-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
39. Аккредиттеуші органның аккредиттеу не аккредиттеуден бас тарту туралы шешіміне медициналық ұйымдар және жеке тұлғалар заңнамада белгіленген тәртіппен шағымдана алады.
Қосымша. ҚР Үкіметінің 2012.11.12. № 1574 Қаулысымен алып тасталды (бұр.ред.қара)