Қазақстан Республикасы Yкіметінің 2004 жылғы 8 қаңтардағы № 15 қаулысына өзгеріс енгізу туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 31 қазандағы № 1033 Қаулысы
ҚР Үкіметінің 2009 жылғы 12 қазандағы № 1559 Қаулысымен күші жойылды
Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. «Денсаулық сақтау саласындағы аккредиттеу ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 8 қаңтардағы № 15 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2004 ж., № 1, 7-құжат) мынадай өзгеріс енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Денсаулық сақтау саласындағы аккредиттеу ережесі осы қаулыға қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі | Д. Ахметов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2006 жылғы 31 қазандағы
№ 1033 қаулысына
қосымша
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2004 жылғы 8 қаңтардағы
№ 15 қаулысымен
бекітілген
Денсаулық сақтау саласындағы аккредиттеу ережесi
1. Жалпы ережелер
1. Осы Денсаулық сақтау саласындағы аккредиттеу ережесі (бұдан әрі - Ереже) "Денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 4 маусымдағы Заңына сәйкес әзірленді және денсаулық сақтау саласындағы аккредиттеуді жүргізу тәртібін белгілейді.
2. Аккредиттеуден медициналық және фармацевтикалық қызметті жүзеге асыру үшін ерекше мәртебесі мен құқықтылығын тану мақсатында медициналық қызметті жүзеге асыратын денсаулық сақтау субъектілері және фармацевтикалық қызметті жүзеге асыратын дәрілік заттар айналымы саласындағы субъектілер (бұдан әрі - денсаулық сақтау субъектілері), сондай-ақ денсаулық сақтау субъектілерінің қызметіне тәуелсіз сараптамалық бағалау жүргізу үшін жеке және заңды тұлғалар (бұдан әрі - жеке және заңды тұлғалар) өтеді.
Денсаулық сақтау субъектілерін аккредиттеу денсаулық сақтау субъектісінің беделі мен мәртебесін көтеру үшін олардың қызметінің белгіленген аккредиттеу стандарттарына сәйкестігін, сондай-ақ мемлекеттік тапсырысты орналастыруға қатысу мүмкіндігін сырттай кешенді бағалаудың негізінде жүргізіледі.
Денсаулық сақтау субъектілерінің қызметіне тәуелсіз сараптама жүргізу үшін жеке және заңды тұлғаларды аккредиттеу олардың біліктілігін кешенді бағалау негізінде жүргізіледі.
3. Денсаулық сақтау саласында аккредиттеуді:
1) денсаулық сақтау субъектілері мен жеке, заңды тұлғаларды - медициналық қызмет көрсету саласындағы бақылау жөніндегі мемлекеттік орган;
2) дәрілік заттардың айналымы саласындағы субъектілерді - дәрілік заттардың айналымы саласындағы мемлекеттік орган жүзеге асырады.
4. Аккредиттеуді тиімді жүзеге асыру мақсатында аккредиттеу комиссиялары (бұдан әрі - комиссиялар) құрылады. Комиссиялардың құрамы мен олар туралы ереже тиісті мемлекеттік орган (бұдан әрі - аккредиттеуші орган) басшысының бұйрығымен бекітіледі.
5. Аккредиттеуші орган аккредиттелген субъектілердің деректер банкін қалыптастырады.
2. Денсаулық сақтау субъектілерінің қызметіне тәуелсіз
сараптамалық бағалауды жүргізу үшін жеке және заңды
тұлғаларды аккредиттеуді жүргізу тәртібi
6. Жеке және заңды тұлғалар аккредиттеуден өту үшін аккредиттеуші органға мынадай құжаттарды ұсынады:
1) аккредиттеу саласын көрсете отырып, аккредиттеуші орган бекіткен нысан бойынша аккредиттеуден өтуге арналған өтініш;
2) жеке куәлігінің көшірмесі (жеке тұлғалар үшін);
3) тәуелсіз сараптамаға қатысатын мамандардың тізімі (заңды тұлғалар үшін);
4) нотариалды расталған:
жеке кәсіпкерді мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің көшірмесі (жеке тұлғалар үшін);
заңды тұлғаның құрылтайшылық құжаттарының және оларды мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің көшірмелері;
салық төлеуші куәлігінің көшірмесі;
лицензиялауға жататын қызметті жүзеге асырған жағдайда қосымшаларымен бірге медициналық, дәрігерлік қызметті жүзеге асыру құқығына лицензияның көшірмесі;
жоғары кәсіптік білімі туралы дипломның көшірмесі (тәуелсіз сараптамаға қатысатын мамандар - заңды тұлғалар үшін);
ғылыми дәрежелері, атақтары болған кезде олардың болуы туралы құжаттардың көшірмелері (тәуелсіз сараптамаға қатысатын мамандар - заңды тұлғалар үшін);
бірінші немесе жоғары біліктілік санаттарының берілгені туралы сертификаттардың көшірмелері (тәуелсіз сараптамаға қатысатын мамандар - заңды тұлғалар үшін);
практикалық денсаулық сақтауда мамандығы бойынша кемінде 7 жыл жұмыс өтілінің болуын растайтын еңбек кітапшасының көшірмелері (тәуелсіз сараптамаға қатысатын мамандар - заңды тұлғалар үшін);
5) жұмыс орнынан (негізгі) мінездеме немесе кәсіптік медицина қауымдастықтарының немесе денсаулық сақтау саласындағы ғылыми ұйымдардың немесе медициналық білім беру ұйымдарының ұсынымдары (кемінде екеу) (жеке тұлғалар үшін);
6) соңғы 5 жыл ішінде денсаулық сақтау саласындағы ғылыми ұйымдарда және медициналық білім беру ұйымдарында оның ішінде сараптама жүргізу мәселелері бойынша біліктілік арттыру және (немесе) қайта даярлау туралы құжаттардың көшірмелері;
7. Құжаттарды қарау мерзімі аккредиттеуден өтуге арналған өтініш тіркелген сәттен бастап аккредиттеуші орган тиісті шешім шығарғанға дейін 30 күнтізбелік күннен аспайды.
8. Құжаттарды қарау, сондай-ақ Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы және тәуелсіз сарапшының мәлімдеген аккредиттеу саласындағы заңнамасын білуін қоса алғанда, аккредиттеу субъектісінің құзыреттілік дәрежесін айқындау, кәсіптік деңгейін айқындау Комиссияның отырысында жүзеге асырылады.
9. Комиссия отырысының қорытындылары бойынша аккредиттеуші орган аккредиттеу (немесе аккредиттеуден бас тарту) туралы және аккредиттеу туралы куәлікті беру (беруден бас тарту) туралы шешім қабылдайды.
10. Аккредиттеуден өткен субъектіге 3 жыл мерзімге аккредиттеуші орган бекіткен нысан бойынша аккредиттеу туралы куәлік беріледі.
Тәуелсіз сарапшы аккредиттеу туралы куәліктің қолданылуын ұзарту үшін осы Ереженің 6-тармағында көрсетілген құжаттарды және сараптама қызметі туралы ақпараттан тұратын 3 жыл ішіндегі жұмысы туралы жазбаша есепті ұсынады.
11. Мынадай жағдайда аккредиттеу туралы куәлікті беруден бас тартылуы мүмкін:
1) осы Ереженің 6-тармағына сәйкес талап етілетін барлық құжаттардың ұсынылмауы, сондай-ақ ұсынылған құжаттарда толық емес, бұрмаланған немесе сенімсіз ақпараттың болуы;
2) Комиссия отырысының қорытындылары бойынша әңгімелесудің қанағаттанғысыз нәтижелері;
3) денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік органдарға және (немесе) өзге де мемлекеттік органдарға жеке немесе заңды тұлғаның қызметіне азаматтардың және заңды тұлғалардың негізделген шағымдарының болуы;
4) жеке немесе заңды тұлғаға қатысты мәлімделген қызмет түрімен айналысуға тыйым салу туралы сот шешімінің болуы.
3. Денсаулық сақтау субъектілерін аккредиттеудi
жүргізу тәртібi
12. Денсаулық сақтау субъектілері аккредиттеуден өту үшін аккредиттеуші органға мынадай құжаттарды тапсырады:
1) мәлімделетін аккредиттеу саласын көрсете отырып, аккредиттеуші орган бекіткен нысан бойынша өтініш;
2) қосымшасымен бірге медициналық, дәрігерлік және (немесе) фармацевтикалық қызметті жүзеге асыру құқығына арналған лицензияның көшірмесі;
3) жеке куәлігінің және жеке кәсіпкерді мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің нотариалды расталған көшірмелері (жеке тұлғалар үшін);
4) құрылтайшылық құжаттарының және оларды мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің нотариалды расталған көшірмелері (заңды тұлғалар үшін);
5) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен аккредиттеу стандарттарына сәйкестігі туралы сараптама қорытындысының көшірмесі.
Белгіленген тәртіппен аккредиттелген тәуелсіз сарапшылар аккредиттелетін денсаулық сақтау субъектісіне сараптама қорытындысын ұсынады.
13. Құжаттарды қарау мерзімі аккредиттеуден өтуге арналған өтініш тіркелген сәттен бастап аккредиттеуші орган тиісті шешімді шығарғанға дейін 30 күнтізбелік күннен аспайды.
14. Денсаулық сақтау субъектілері ұсынған құжаттарды қарау Комиссияның отырысында оның ережесіне сәйкес жүзеге асырылады.
15. Комиссияның денсаулық сақтау субъектісінің құжаттарын зерделеуі қорытындылары бойынша аккредиттеуші орган аккредиттеу (немесе аккредиттеуден бас тарту) және аккредиттеу туралы куәлікті беру (беруден бас тарту) туралы шешім қабылдайды.
16. Аккредиттеуден өткен денсаулық сақтау субъектісіне аккредиттеуші орган бекіткен нысан бойынша 3 жыл мерзімге аккредиттеу туралы куәлік беріледі.
Аккредиттеу туралы куәліктің қолданылуын ұзарту үшін денсаулық сақтау субъектісі осы Ереженің 12-тармағында көрсетілген құжаттарды ұсынады.
17. Мына жағдайда аккредиттеу туралы куәлікті беруден бас тартылуы мүмкін:
1) осы Ереженің 12-тармағына сәйкес талап етілетін барлық құжаттардың ұсынылмауы, сондай-ақ ұсынылған құжаттарда толық емес, бұрмаланған немесе сенімсіз ақпараттың болуы;
2) денсаулық сақтау субъектісінің аккредиттеудің белгіленген стандарттарына сәйкес келмеуі;
3) денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік органдарға және (немесе) өзге де мемлекеттік органдарға денсаулық сақтау субъектісінің қызметіне азаматтардың және заңды тұлғалардың негізделген шағымдарының болуы;
4) денсаулық сақтау субъектісіне қатысты мәлімделетін қызмет түрімен айналысуға тыйым салу туралы сот шешімінің болуы.
4. Аккредиттеу туралы куәлікті тоқтата тұру және қайтарып алу
18. Аккредиттеу туралы куәліктің қолданысын алты айға дейінгі мерзімге тоқтата тұруды аккредиттеуші орган мына жағдайда жүзеге асырады:
1) аккредиттеу алу үшін ұсынылған құжаттарда сенімсіз немесе бұрмаланған деректер анықталғанда;
2) медициналық, дәрігерлік және (немесе) фармацевтикалық қызметті жүзеге асыру құқығына арналған лицензияның қолданылуы тоқтатыла тұрғанда.
19. Денсаулық сақтау субъектісі аккредиттеу туралы куәліктің қолданылуын тоқтата тұруға әкеп соқтырған бұзушылықтарды уақтылы жойған кезде оның қолданылуын аккредиттеуші орган Комиссия ұсынымының негізінде қайта жаңғыртады.
20. Мынадай фактілер анықталған жағдайда да тәуелсіз сарапшының аккредиттеу туралы куәлігінің қолданылуы тоқтатыла тұруы мүмкін:
1) тәуелсіз сараптама сапасыз жүргізілгенде, бұл ретте тәуелсіз сараптаманың сапасыз жүргізілгені туралы қорытынды аккредиттеуші орган белгілеген тәртіппен шығарылады;
2) тәуелсіз сараптаманы жүргізу кезінде Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасы бұзылғанда.
21. Тәуелсіз сарапшының аккредиттеу туралы куәлігінің қолданылуын тоқтата тұруға әкеп соқтырған фактілер расталмаған жағдайда аккредиттеу туралы куәліктің қолданылуын аккредиттеуші орган Комиссия ұсынымының негізінде қайта жаңғыртады.
22. Тәуелсіз сарапшының аккредиттеу туралы куәлігін қайтарып алуды аккредиттеуші орган Комиссияның шешімі бойынша мынадай фактілер анықталған жағдайда жүзеге асырады:
1) медициналық және дәрігерлік қызметті жүзеге асыру құқығына арналған лицензия қайтарып алынғанда;
2) тәуелсіз сарапшының қорытындыларында жалған және сенімсіз мәліметтер болғанда;
3) тәуелсіз сараптама қайтадан сапасыз жүргізілгенде;
4) тәуелсіз сараптаманы жүргізу кезінде Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасы қайтадан бұзылғанда.
23. Денсаулық сақтау субъектісінің аккредиттеу туралы куәлігін қайтарып алуды аккредиттеуші орган Комиссияның шешімі бойынша мынадай фактілер анықталған жағдайда жүзеге асырады:
1) медициналық, дәрігерлік және (немесе) фармацевтикалық қызметті жүзеге асыру құқығына арналған лицензия қайтарып алынғанда;
2) денсаулық сақтау субъектісі денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен аккредиттеу стандарттарына сәйкес келмегенде.
5. Қорытынды ережелер
24. Жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты және (немесе) заңды тұлғаның атауы, ұйымдастырушылық-құқықтық нысаны мен орналасқан жері өзгерген жағдайда аккредиттелген субъектілер аккредиттеуші органға осы Ереженің 6 және 12-тармақтарында көрсетілген құжаттарды және көрсетілген мәліметтерді растайтын құжаттарды қоса бере отырып, аккредиттеу туралы куәлікті қайта ресімдеу туралы өтініш береді.
Аккредиттеуші орган тиісті жазбаша өтініш берілген күннен бастап 15 жұмыс күні ішінде аккредиттеу туралы куәлікті қайта ресімдейді.
Бұл ретте бұрын берілген аккредиттеу туралы куәліктің күші жойылды деп саналады және ол аккредиттелген субъектілердің деректер банкіне тиісті ақпарат енгізіле отырып, аккредиттеуші органға қайтарылады.
25. Аккредиттеу туралы куәлік жоғалған жағдайда аккредиттеуші орган аккредиттелген субъектінің жазбаша өтініші бойынша 10 жұмыс күніне дейінгі мерзімде аккредиттеу туралы куәліктің телнұсқасын береді.
26. Аккредиттеуші орган аккредиттеу туралы куәліктердің бланкілерін және қосымшаларын дайындауды, есептеуді және сақтауды қамтамасыз етеді.
27. Аккредиттелмеген субъект қайта аккредиттеуден өтуге, бірақ кемінде 12 айдан кейін өтініш бере алады.
28. Аккредиттеуші органның аккредиттеу туралы немесе аккредиттеуден бас тарту туралы шешіміне денсаулық сақтау субъектілері, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалар заңнамада белгіленген тәртіппен шағымдана алады.