3) Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлықтары үшін Қазақстан Республикасының Конституциясымен, Қазақстан Республикасының Президенті туралы заң актісімен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің осы тәртіпті реттейтін актілерімен;
4) Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулылары үшін - Қазақстан Республикасының Конституциясымен, Үкімет туралы заң актісімен, Қазақстан Республикасы Президентінің және Үкіметінің актілерімен;
5) орталық атқарушы және өзге де орталық мемлекеттік органдарының Қазақстан Республикасы Үкіметі құрамына кіретіндерінің де, кірмейтіндерінің де, оның ішінде Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актілері үшін - Үкімет пен осы органдар туралы заң актілерімен, Қазақстан Республикасы Президентінің және Үкіметінің актілерімен, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлықтарымен, Қазақстан Республикасы Үкіметінің осы органдардың қызметін реттейтін қаулыларымен;
6) Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің нормативтік қаулылары үшін - Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы заң актілерімен;
7) Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулылары үшін - Қазақстан Республикасының соттары туралы заңдармен;
8) Орталық сайлау комиссиясының (Референдум өткізу жөніндегі комиссияның) нормативтік қаулылары үшін - сайлау және референдум туралы заң актілерімен;
8-1) 2007.27.07. № 315-III ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
9) жергілікті өкілді және атқарушы органдардың нормативтік шешімдері үшін - осы органдар туралы заң актілерімен, өзге де заң актілерімен, Қазақстан Республикасы Президентінің және Үкіметінің актілерімен айқындалады.
3. Уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiнi қабылдау жөніндегі құзыретi Қазақстан Республикасының заңдарында тiкелей көзделген жағдайларда ғана уәкiлеттi органның осы актiнi қабылдауына жол берiледi.
26-бап. Нормативтік құқықтық актіні күшіне енгізу тәртібі
1. Нормативтік құқықтық актіні күшіне енгізу тәртібі нормативтік құқықтық актінің өзінде белгіленуі мүмкін.
2. Заңдарды, оның ішінде кодекстерді күшіне енгізу тәртібі заңдардың (кодекстердің) өзіне немесе жеке заңдармен белгіленеді.
16.06.04 ж. № 566-II ҚР Заңымен 27-бап толықтырылды (бұр. ред. қара) ; 2007.29.06. № 271-III Заңымен (бұр. ред. қара) 27-бап өзгертілді
27-бап. Жаңа нормативтік құқықтық актінің қабылдануына байланысты нормативтік құқықтық актілердің және олардың бөліктерінің күші жойылды деп тану, оларды өзгерту мен толықтыру
1. Нормативтік құқықтық актінің қабылдануына байланысты бұрын қабылданған барлық нормативтік құқықтық актілердің немесе олардың құрылымдық бөліктері, егер олар жаңа актіге енгізілген құқық нормаларына қайшы келсе немесе оларда қамтылса, күші жойылды деп танылуға, өзгертілуге немесе толықтырылуға тиіс.
2006.31.01. № 125-III (2006.01.07. бастап қолданысқа енгізіледі) ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды
1-1. Жоғары деңгейдегі нормативтік құқықтық актінің күші жойылды деп танылған кезде, оны іске асыру үшін қабылданған төменгі деңгейдегі нормативтік құқықтық актілердің де күші жойылды деп танылуға тиіс.
Бұл талап жоғары деңгейдегі нормативтік құқықтық актіден төменгі деңгейдегі нормативтік құқықтық актілерді іске асыру үшін қабылданған жекелеген нормалар алып тасталған жағдайларда да қолданылады.
2. Нормативтік құқықтық актінің қабылдануына байланысты күші жойылды деп танылуға тиісті актілер мен олардың бөліктерінің тізбесі не актінің өзінде, не оны күшіне енгізу тәртібі туралы актіде болуға тиіс.
3. Жаңа нормативтік құқықтық актінің қабылдануына байланысты күші жойылды деп танылуға, өзгертілуге немесе толықтырылуға тиісті және жаңа актімен бір деңгейдегі актілердің немесе олардың бөліктерінің (тарауларының, баптарының, тармақтары мен тармақшаларының) саны едәуір (үш немесе одан да көп)болған жағдайда олардың тізбесі жеке актімен ресімделеді. Мұндай актінің жобасын негізгі актінің жобасын әзірлеушілер дайындап, сонымен бір мезгілде табыс етеді.
Бір ғана нормативтік құқықтық актіге енгізілетін барлық өзгерістер мен толықтырулар бір тармақпен немесе тармақшамен көзделеді. Өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін актілердің тізбесіндегі барлық актілер, күші жойылды деп танылатын актілер тізбесіндегі сияқты олардың заңдық күшінің арақатынасына қарай, сондай-ақ олардың қабылданған (шығарылған) күні бойынша хронологиялық тәртіппен орналастырылады.
4. Жаңа нормативтік құқықтық актінің қабылдануына байланысты күші жойылды деп танылуға, өзгертілуге немесе толықтырылуға тиісті және жаңа актіден деңгейі неғұрлым төмен актілердің немесе олардың бөліктерінің (тарауларының, баптарының, тармақтары мен тармақшаларының) саны едәуір (үш немесе одан да көп) болған жағдайда уәкілетті орган тиісті мемлекеттік органға олардың актілерінің күші жойылды деп тану, оларды өзгерту мен толықтыру туралы актілер қабылдауды (шығаруды) олардың қабылдану (шығарылу) мерзімін көрсете отырып тапсырады.
Мұндай тапсырманың жобасын уәкілетті органға жаңа нормативтік құқықтық актінің жобасын енгізетін орган дайындайды.
5. Нормативтiк құқықтық актiнiң күшi жойылды деп танылған кезде, сонымен бiр мезгiлде осы актiге өзгерістер мен толықтырулар енгізiлген барлық нормативтiк құқықтық актiлердiң не олардың бөлiктерiнiң күшi жойылды деп танылады.
Егер нормативтік құқықтық актіде бұрын қабылданған актілердің күші жойылды деп тануды көздеген басқа нормативтік құқықтық актінің немесе оның бөлігінің күші жойылды деп танылған жағдайда, бұрын қабылданған актілер қолданысын қайта жаңғыртпайды.
6. Күшiне енгiзiлмеген нормативтiк құқықтық актiлердi күшi жойылды деп тануға болмайды. Қажет болған кезде мұндай нормативтiк құқықтық актiлер жойылуы мүмкiн.
ҚР 06.03.02 ж. № 298-II Заңымен ; 2005.21.10. № 81-III Заңымен (бұр. ред. қара) ; 2007.29.06. № 271-III Заңымен (бұр. ред. қара) 28-бап өзгертілді
28-бап. Қолданылып жүрген нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу
1. Қолданылып жүрген нормативтік құқықтық актінің құрылымдық бөліктерінің (бөліктерінің, бөлімдерінің, бөлімшелерінің, тарауларының, параграфтарының, баптарының, тармақтарының, тармақшаларының) күші жойылды деп танылған жағдайда мұндай бөліктері қолданылып жүрген актіден алып тасталады, бірақ олардың нөмірлері сақталады. Сақталған нөмірлерге актінің (немесе оның бөлігінің) күші жойылды деп тану туралы нормативтік актіге сілтеме қосып жазылады. Сақталып қалған құрылымдық бөліктердің нөмірлері өзгермейді.
1-1. Нормативтік құқықтық актіге дәл сол түрдегі соңғы құрылымдық бөліктен кейін енгізілетін жаңа құрылымдық бөліктерге кейінгі рет сандары беріледі.
2. Нормативтік құқықтық актінің құрылымдық бөліктерінің арасына дәл сол түрдегі қосымша құрылымдық бөліктер енгізілген жағдайда олар актінің қай құрылымдық бөлігінен кейін келсе, сол құрылымдық бөлігінің нөміріне қосарласатын: 2-1-бөлім, 8-1-параграф, 26-1-бап, 4-1-тармақ және сол сияқты қосымша нөмірлермен енгізіледі.
Енгізілген құрылымдық бөліктің мәтінінен кейін оны енгізу туралы актіге жақша ішінде сілтеме жасалады. Басқа құрылымдық бөліктердің нөмірлері сақталады.
3. Қолданылып жүрген актінің құрылымдық бөлігінің мәтіні өзгерген жағдайда мұндай бөлік өзгертілген редакциясында қолданыла береді. Өзгертілген құрылымдық бөліктің мәтінінен кейін бұл бөліктің оны өзгерткен актінің редакциясында қолданылатынына сілтеме жасалады.
4. Нормативтік құқықтық актінің құрылымдық бөлігіне осы құрылымдық бөлік мәтіні мазмұнының жартысынан асатын көлемде өзгерістер мен толықтырулар енгізілген кезде, оның жаңа редакциясы қабылданады.
Нормативтік құқықтық актінің құрылымдық элементін жаңа редакцияда ресімдеу кезінде сөз оның мәтінінің көлемін айқындау бірлігі болып табылады.
Бап пен тармақты қоспағанда, нормативтік құқықтық актінің құрылымдық бөлігін жаңа редакцияда ресімдеу кезінде жаңа редакцияда жазылатын құрылымдық элемент оның мәтінінің көлемін айқындау бірлігі болып табылады.
5. Нормативтiк құқықтық актінің мәтініне нормативтiк құқықтық акт мәтінінің жартысынан асатын көлемде өзгерістер мен толықтырулар енгiзiлген кезде, оның жаңа редакциясы қабылданады.
Нормативтік құқықтық актіні жаңа редакцияда ресімдеу кезінде оның құрылымдық элементі көлемді айқындау бірлігі болып табылады.
Осы тармақтың талаптары Қазақстан Республикасының Парламентіне енгізілген заңдардың жобаларын қарау кезінде қолданылмайды.
ҚР 06.03.02 ж. № 298-II Заңымен; 2007.29.06. № 271-III Заңымен (бұр. ред. қара) 29-бап өзгертілді
29-бап. Нормативтік құқықтық актілерге қол қоюға уәкілдік берілген адамдар
1. Нормативтік құқықтық актілердің ресми мәтіндеріне мынадай лауазымды адамдар:
1) Қазақстан Республикасының Конституциясына, конституциялық заңдарына, кодекстеріне, заңдарына, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлықтарына, оның ішінде Конституциялық заң немесе Заң күші бар Жарлықтарына - Қазақстан Республикасының Президенті;
2) Қазақстан Республикасы Парламентінің қаулыларына Мәжілістің төрағасы;
3) Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулыларына - Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі;
4) мәслихаттың шешімдеріне - мәслихат сессиясының төрағасы;
5) әкімдіктің қаулыларына, әкімнің шешімдеріне - әкім;
6) өзге де нормативтік құқықтық актілерге - оны қабылдаған (шығарған) органның басшысы қол қояды.
2. Негізгі түрдегі нормативтік құқықтық акт арқылы нормативтік құқықтық актінің туынды түрін қабылдаған жағдайда (осы Заңның 3-бабының 4-тармағы) уәкілдік берілген адам негізгі түрдегі нормативтік құқықтық актіге ғана қол қояды.
6-тарау. Нормативтік құқықтық актілерді жариялау
ҚР 06.03.02 ж. № 298-II Заңымен 30-бап жаңа редакцияда; 2005.21.10. № 81-III Заңымен (бұр. ред. қара); 2006.31.01. № 125-III Заңымен (2006.01.07. бастап қолданысқа енгізіледі) (бұр. ред. қара) ; 2007.29.06. № 271-III Заңымен (бұр. ред. қара); 2007.27.07. № 315-III ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 30-бап өзгертілді
30-бап. Нормативтік құқықтық актілерді ресми жариялаудың міндеттілігі
1. Барлық заңдар, Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттар жарияланады. Азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актілердің ресми жариялануы оларды қолданудың міндетті шарты болып табылады.
Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, Қазақстан Республикасының Президенті мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілер жинағы, Қазақстан Республикасының орталық атқарушы және өзге де орталық мемлекеттік органдарының актілер жинағы ресми басылымдар болып табылады.
2. Нормативтік құқықтық актілерді ресми жариялауды Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен конкурстық негізде мұндай құқық алған мерзімді баспа басылымдары да жүзеге асырады.
Нормативтік құқықтық актілердің мәтiндерiн кейiннен ресми жариялауды баспа басылымдары Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін тәртіппен және олар жариялайтын мәтіндер Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне сәйкестік сараптамасынан өткізілген жағдайда жүзеге асырады.
Нормативтік құқықтық актілер мәтіндерінің кейіннен ресми жариялануының белгіленген тәртібінің сақталуын бақылауды әділет органдары жүзеге асырады.
Нормативтік құқықтық актілердің мәтіндерін кейіннен ресми жариялауды жүзеге асыру құқығын беру тәртібі осы баптың 1-тармағының екінші бөлігінде аталған, нормативтік құқықтық актілердің мәтіндерін кейіннен ресми жариялау қажеттілігі туралы өз бетінше шешім қабылдайтын ресми басылымдарға қолданылмайды.
3. Құқық қолдану тәжірибесінде нормативтік құқықтық актілердің ресми жарияланымдары пайдаланылуы тиіс.
4. Нормативтік құқықтық актілердің бейресми жариялануына олар ресми жарияланғаннан кейін ғана жол беріледі.
ҚР 06.03.02 ж. № 298-II Заңымен 31-бап жаңа редакцияда
31-бап. Заң актілерін ресми жариялау
1. Қазақстан Республикасының заң актілері Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысында, сондай-ақ осы Заңның 30-бабында белгіленген тәртіппен басқа да баспа басылымдарында ресми жарияланады.
2. Заң актілерін ресми жариялау Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таратылатын мерзімді баспа басылымдарында ғана жүзеге асырылады.
ҚР 06.03.02 ж. № 298-II Заңымен 32-бап жаңа редакцияда
32-бап. Қазақстан Республикасы Президентінің жарлықтары мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулыларын ресми жариялау
1. Қазақстан Республикасы Президентінің жарлықтары, Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулылары Қазақстан Республикасының Президенті мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілер жинағында, сондай-ақ осы Заңның 30-бабында белгіленген тәртіппен басқа да баспа басылымдарында ресми жарияланады.
2. Қазақстан Республикасы Президентінің жарлықтарын, Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулыларын ресми жариялау Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таратылатын мерзімді баспа басылымдарында ғана жүзеге асырылады.
ҚР 06.03.02 ж. № 298-II Заңымен 33-бап жаңа редакцияда ; 2007.29.06. № 271-III Заңымен (бұр. ред. қара); 2007.27.07. № 315-III ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 33-бап өзгертілді
33-бап. Қазақстан Республикасы орталық атқарушы және өзге де орталық мемлекеттік органдарының нормативтік құқықтық актілерін ресми жариялау
1. Орталық атқарушы және өзге де орталық мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық актілері осы Заңның 30-бабында белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының орталық атқарушы және өзге де орталық мемлекеттік органдарының актілер жинағында, сондай-ақ басқа да мерзімді баспа басылымдарында ресми жарияланады.
2. Орталық атқарушы және өзге де орталық мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық актілерін ресми жариялау Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таратылатын мерзімді баспа басылымдарында ғана жүзеге асырылады.
ҚР 06.03.02 ж. № 298-II Заңымен 34-бап жаңа редакцияда
34-бап. Мәслихаттардың нормативтік құқықтық шешімдерін, әкімдіктердің нормативтік құқықтық қаулылары мен әкімдердің нормативтік құқықтық шешімдерін ресми жариялау
1. Мәслихаттардың нормативтік құқықтық шешімдерін, әкімдіктердің нормативтік құқықтық қаулылары мен әкімдердің нормативтік құқықтық шешімдерін ресми жариялау осы Заңның 30-бабында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
2. Мәслихаттардың нормативтік құқықтық шешімдерін, әкімдіктердің нормативтік құқықтық қаулылары мен әкімдердің нормативтік құқықтық шешімдерін ресми жариялау тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында таратылатын мерзімді баспа басылымдарында жүзеге асырылады.
35-бап. Нормативтік құқықтық актілердің мазмұны толық жарияламауға жол бермеу
Мемлекеттік құпиялар және заңмен қорғалатын өзге де құпиялар бар нормативтік құқықтық актілерді қоспағанда, нормативтік құқықтық актілердің мазмұнын ресми түрде толық жарияламауға жол бермейді.
ҚР 06.03.02 ж. № 298-II Заңымен 35-1-баппен толықтырылды
35-1-бап. Орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық актілерінің жариялануын бақылау
1. Орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық актілерінің жариялануын бақылауды Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі мен оның аумақтық органдары жүзеге асырады.
2. Орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық актілерінің жариялануын бақылауды жүзеге асыру тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
7-тарау. Нормативтік құқықтық актілердің уақыт, кеңістік
жағынан және тұлғалар бойынша қолданылуы
06.03.02 ж. № 298-II ҚР Заңымен 36-бап өзгертілді ; 16.06.04 ж. № 566-II ҚР Заңымен 36-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); 2006.31.01. № 125-III (2006.01.07. бастап қолданысқа енгізіледі) (бұр. ред. қара) ; 2007.29.06. № 271-III Заңымен (бұр. ред. қара); 2007.27.07. № 315-III ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 36-бап өзгертілді
36-бап. Нормативтiк құқықтық актiлердi күшiне енгізу және қолданысқа енгізу уақыты
1. Осы тармақтың екiншi бөлiгiнде көрсетiлген нормативтiк құқықтық актiлердi қоспағанда, нормативтiк құқықтық актiлер оларға қол қойылғаннан кейiн күшiне енедi.
Осы Заңның 38-бабына сәйкес әдiлет органдарында мемлекеттік тiркелуге тиiс нормативтiк құқықтық актiлер мемлекеттік тiркелген күннен бастап күшiне енедi.
2. Нормативтiк құқықтық актiлер мынадай мерзiмдерде:
1) Қазақстан Республикасының заң актілері, Қазақстан Республикасының Парламентi мен оның палаталарының қаулыларын қоспағанда, Қазақстан Республикасы Президентінің нормативтiк құқықтық жарлықтары, Қазақстан Республикасы Үкіметінiң нормативтiк құқықтық қаулылары, егер актiнiң өзiнде немесе оларды қолданысқа енгізу туралы актiлерде өзге мерзiмдер көрсетiлмесе - олар алғашқы ресми жарияланғаннан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң;
2) Қазақстан Республикасының Парламентi мен оның палаталарының қаулылары, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтiк қаулылары, егер актiлердiң өзiнде өзге мерзiмдер көрсетiлмесе - алғашқы ресми жарияланған күннен бастап;
3) Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң қаулылары оларды қабылдаған күннен бастап;
4) Қазақстан Республикасының министрлерi мен орталық мемлекеттік органдардың нормативтiк құқықтық қаулылары, Орталық сайлау комиссиясының нормативтiк қаулылары, орталық мемлекеттік органдар ведомстволары басшыларының нормативтiк құқықтық бұйрықтары, мәслихаттардың нормативтiк құқықтық шешiмдерi, сондай-ақ әкiмдiктердiң нормативтiк құқықтық қаулылары мен әкiмдердiң нормативтiк құқықтық шешiмдерi, егер актiлердiң өзiнде өзге мерзiмдер көрсетiлмесе олар қабылданған күннен бастап;
5) әділет органдарында мемлекеттік тіркелуге тиісті, осы тармақтың 4) тармақшасында көзделген нормативтiк құқықтық актiлер, егер актiлердiң өзiнде өзге мерзiмдер көрсетiлмесе - олар алғаш ресми жарияланғаннан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.
3. Нормативтiк құқықтық актiлерде немесе оларды қолданысқа енгізу туралы актiлерде нормативтiк құқықтық актiлердiң жекелеген бөлiмдерiн, тарауларын, баптарын, бөлiктерiн, тармақтарын, тармақшаларын және баптарының абзацтарын қолданысқа енгізудiң тұтас алғанда бүкiл акт үшiн белгiленгеннен өзге мерзiмдерi көрсетiлуi мүмкiн.
4. Бұрын жауапкершiлiкке әкеп соқпаған iс-әрекеттер үшiн заңдық жауапкершiлiк көзделетiн не бұрынғымен салыстырғанда неғұрлым қатаң жауапкершiлiк белгіленетiн нормативтiк құқықтық актiнi, бұл акт ресми жарияланғаннан кейiн он күн мерзiм өткенге дейiн қолданысқа енгізуге болмайды.
2007.12.01 № 222-III ҚР Заңымен 4-1-тармақпен толықтырылды (күшіне енетін мерзімін қара)
4-1. Біліктілік талаптарын, қызмет түрлерін лицензиялаудың ережелерін және экспорты мен импорты лицензиялануға тиіс жекелеген тауарлар тізбелерін бекітетін нормативтік құқықтық актілер осы актілер ресми жарияланғаннан кейін жиырма бір күндік мерзім өткенге дейін қолданысқа енгізіле алмайды.
5. Егер нормативтiк құқықтық актiнiң едәуiр көлемдi болуына байланысты оның мәтiнi мерзiмдi баспасөз басылымының бiрнеше нөмiрiнде жарияланса, онда нормативтiк құқықтық актi мәтiнiнiң қорытынды бөлiгi жарияланған күн ресми жарияланған күн болып есептеледi.
Нормативтiк құқықтық актiлер мерзiмдi баспасөз басылымдарында мемлекеттік тiлде және орыс тілінде бiр мезгiлде жариялануға тиiс.
6. Азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен мiндеттерiне қатысты нормативтiк құқықтық актiлердi ресми жариялау оларды қолданысқа енгізудiң мiндеттi шарты болып табылады.
7. Республиканың мемлекеттік құпияларын немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияларды қамтитын нормативтiк құқықтық актiлер олардың қабылданған күнiнен бастап немесе актiнiң өзiнде көрсетiлген мерзiмдерде қолданысқа енгiзiледi.
8. Барлық нормативтік құқықтық актілерде осы баптың нормалары ескеріле отырып, оларды қолданысқа енгізу мерзімі көрсетілуге тиіс.
37-бап. Нормативтік құқықтық актінің кері күші
1. Нормативтік құқықтық актінің күші оны күшіне енгізгенге дейін пайда болған қатынастарға қолданылмайды.
2. Нормативтік құқықтық актінің немесе оның бір бөлігінің кері күші оның өзінде немесе нормативтік құқықтық актіні күшіне енгізу туралы актіде көзделген, сондай-ақ кейінгісі бұрын көзделген құқық бұзушылық үшін жауапкершілікті жоятын немесе жұмсартатын жағдайлар осы баптың 1-тармағының ережелеріне кірмейді.
3. Жауапкершілікті белгілейтін немесе күшейтетін, азаматтарға жаңа міндеттер жүктейтін немесе олардың жағдайын нашарлататын нормативтік құқықтық актілердің кері күші болмайды.
06.03.02 ж. № 298-II Заңымен; 16.06.04 ж. № 566-II Заңымен (бұр. ред. қара); 2006.31.01. № 125-III Заңымен (2006.01.07. бастап қолданысқа енгізіледі) (бұр. ред. қара) ; 2007.29.06. № 271-III Заңымен (бұр. ред. қара) 38-бап өзгертілді
38-бап. Орталық атқарушы және өзге де орталық мемлекеттік
органдардың нормативтік құқықтық актілерін олардың күшіне
енгізілу шарты ретінде мемлекеттік тіркеу
1. Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің, Жоғарғы Сотының нормативтік қаулыларын қоспағанда, мемлекеттік органдардың осы Заңның 36-бабы 2-тармағының 4) тармақшасында аталған, жалпыға міндетті маңызы бар, азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актілері Қазақстан Республикасының әдiлет органдарында мемлекеттік тіркелуге тиіс. Мұндай тіркеу оларды күшіне енгізудің қажетті шарты болып табылады.
Тіркелмеген нормативтік құқықтық актілердің заңдық күші болмайды және әділет органдарының шешіміне белгіленген тәртіппен шағым берілмесе, оларды шығарған органның өзі жоюға тиіс.
Нормативтік құқықтық актінің осы тармақта белгіленген өлшемдерге сәйкестігін Әділет министрлігі мен оның аумақтық органдары айқындайды.
2. Егер мемлекеттік тіркелуге тиісті нормативтік құқықтық акт:
1) азаматтардың заңда белгіленген құқықтары мен бостандықтарына қысым жасаса;
2) жоғары тұрған деңгейдегі нормативтік құқықтық актілерге қайшы келсе;
3) нормативтік құқықтық актіні шығарған органның құзыретіне шегінен шығып кетсе;
4) егер келісу қажет болып, келісілмесе;
2009.17.07. № 188-IV ҚР Заңымен мазмұн 4-1) тармақшамен толықтырылды
4-1) жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғаса және жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктері ұсынған сараптамалық қорытындылар түрінде қосымшалары болмаса;
5) мемлекеттік тіркеу ережелерінде белгіленген тәртіпті, сондай-ақ мемлекеттік тіркеуге жататын нормативтік құқықтық актілердің жобаларын ресімдеу мен келісу тәртібін бұза отырып қабылданса, мұндай актіні тіркеуден бас тартылуы мүмкін.
3. Мүдделі мемлекеттік орган мемлекеттік тіркелуге тиісті нормативтік құқықтық актіні тіркеуден бас тартылуына сот тәртібімен шағымдануы мүмкін.
4. Нормативтік құқықтық актілерді ресімдеу, келісу және мемлекеттік тіркеу ережесін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
39-бап. Нормативтік құқықтық актінің қолданылу мерзімі
1. Егер актінің өзінде немесе оны күшіне енгізу туралы актіде өзгеше көзделмесе, нормативтік құқықтық акт мерзімсіз қолданылады.
2. Бүкіл нормативтік құқықтық акт немесе оның жекелеген бөлігі (жекелеген бөліктері) үшін уақытша қолданылу мерзімі белгіленуі мүмкін. Бұл жағдайда нормативтік құқықтық акт немесе оның бөлігі қандай мерзімде күшін сақтайтыны көрсетілуге тиіс. Актіні шығарған орган бұл мерзім өткенге дейін актінің қолданылуын жаңа мерзімге ұзарта алады немесе оған мерзімсіз сипат бере алады.