Кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі сараптамалық кеңестер туралы үлгі ережені бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 2 маусымдағы № 496 Қаулысы
Осы редакция 2009 жылғы 2 қазанда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Жеке кәсіпкерлік туралы» Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 31 қаңтардағы Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Қоса беріліп отырған Кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі сараптамалық кеңестер туралы үлгі ереже бекітілсін.
2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:
1) «Шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау әрі дамыту мәселелері жөніндегі сарапшылық кеңестері туралы үлгі ережені бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 19 тамыздағы № 917 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2002 ж., № 27, 303-құжат);
2) «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 19 тамыздағы № 917 қаулысына өзгеріс және толықтыру енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 29 сәуірдегі № 410 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2003 ж., № 18, 186-құжат).
3. Осы қаулы 2006 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі | Д. Ахметов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2006 жылғы 2 маусымдағы
№ 496 қаулысымен
бекітілген
Кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі сараптамалық кеңестер
туралы үлгі ереже
Осы Кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі сараптамалық кеңестер туралы үлгі ереже (бұдан әрі - Ереже) "Жеке кәсіпкерлік туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленген және орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың жанынан құрылатын сараптамалық кеңестерді қалыптастырудың және олардың қызметінің тәртібін айқындайды.
1. Жалпы ережелер
1. Кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі сараптамалық кеңес (бұдан әрі - сараптамалық кеңес) жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктерінен және мүдделі коммерциялық емес ұйымдардан жеке кәсіпкерліктің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық кесімдердің жобаларына (бұдан әрі - нормативтік құқықтық кесімдердің жобалары) сараптамалық қорытындылар алу жөніндегі жұмысты ұйымдастыру үшін орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарының (бұдан әрі - мемлекеттік органдар) жанынан құрылатын консультативтік-кеңесші орган.
2. Сараптамалық кеңес өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына, "Жеке кәсіпкерлік туралы" Қазақстан Республикасының Заңына, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық кесімдеріне, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
3. Сараптамалық кеңес мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) мемлекеттік құпияларды қамтитын нормативтік құқықтық кесімдердің жобаларын қоспағанда, мемлекеттік органдар әзірлеген және ұсынған нормативтік құқықтық кесімдердің жобаларын жалпы қол жетімді телекоммуникациялық желілердегі WEB-сайттарды қоса алғанда, олар бұқаралық ақпарат құралдарында міндетті жарияланғаннан (таратылғаннан) кейін қарайды;
2) көрсетілген нормативтік құқықтық кесімдердің жобаларына сараптамалық кеңес мүшелерінің сараптамалық қорытындыларын жинақтауды жүзеге асырады.
2. Сараптамалық кеңестерді қалыптастырудың тәртібi
4. Сараптамалық кеңестің құрамы заңнамада белгіленген тәртіппен аккредиттелген жеке кәсіпкерлік субъектілері бірлестіктерінің, мүдделі коммерциялық емес ұйымдардың өкілдерінен, сондай-ақ мемлекеттік органның өкілдерінен қалыптасады.
Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктері мен коммерциялық емес ұйымдар сараптамалық кеңестің құрамына ұжымдық мүше ретінде қатысады және өкілеттігі сенімхатпен расталатын өзінің өкілі арқылы әрекет етеді.
5. Сараптамалық кеңестің құрамы мемлекеттік орган басшысының шешімімен бекітіледі.
Жанынан сараптамалық кеңес құрылатын мемлекеттік органның басшысы сараптамалық кеңестің төрағасы болып табылады.
3. Сараптамалық кеңес мүшелерінің құқықтары
6. Сараптамалық кеңестің мүшесі:
1) сараптамалық кеңестің материалдарына қол жеткізуге;
2) сараптамалық кеңестің отырысына ұсынылатын материалдарды талқылауға қатысуға;
3) қаралатын нормативтік құқықтық кесімдердің жобалары бойынша сараптамалық кеңестің отырысын өткізуге бастама білдіруге құқылы.
4. Сараптамалық кеңестер қызметінің тәртібi
7. Сараптамалық кеңестердің қызметін қамтамасыз етуді жанынан сараптамалық кеңестер құрылатын мемлекеттік органдар жүзеге асырады.
8. Сараптамалық кеңестің жұмыс органының функциясын мемлекеттік органның шешімімен айқындалған оның тиісті құрылымдық бөлімшесі жүзеге асырады.
9. Сараптамалық кеңестің жұмыс органы:
1) сараптамалық кеңес отырыстарының арасындағы кезеңде оның жұмысын ұйымдастырады;
2) нормативтік құқықтық кесімдердің жобаларын жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктеріне, коммерциялық емес ұйымдарға жібереді;
3) сараптамалық кеңестің отырысына енгізілетін нормативтік құқықтық кесімдердің жобалары бойынша материалдар дайындауды жүзеге асырады;
4) сараптамалық кеңес отырыстарының қорытындылары бойынша хаттама дайындауды және оған қол қоюды қамтамасыз етеді.
10. Сараптамалық кеңестің төрағасы сараптамалық кеңестің жұмысына басшылық жасауды жүзеге асырады, сараптамалық кеңестің кезекті отырысының күн тәртібін бекітеді, қажет болған кезде оның отырысын шақырады, отырыстардың хаттамаларына қол қояды.
11. Сараптамалық кеңестің шешімдері хаттама түрінде ресімделеді және ұсынымдық сипатта болады.
12. Сараптамалық кеңестің отырыстары оның төрағасы бекіткен сараптамалық кеңестің жұмыс жоспарына сәйкес кемінде тоқсанына бір рет және осы Ереженің 10-тармағына сәйкес қажеттілігіне қарай өткізіледі.
13. Сараптамалық кеңестің нормативтік құқықтық кесімнің жобасын қарауы мәжіліс өткізбей-ақ, оны сараптамалық кеңестің мүшелеріне тарату жолымен жүзеге асырылуы мүмкін.
Қарау нәтижелері бойынша осы Ережеде белгіленген тәртіппен хаттама жасалады.
14. Мемлекеттік органдардың жанындағы сараптамалық кеңестер қызметінің мониторингін кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі уәкілетті органның жанынан құрылатын үйлестіру кеңесі жүзеге асырады.