2. Жеке адамға қарсы ауыр немесе аса ауыр қылмысты қоспағанда, қылмыс жасаған адам, егер ол ұйымдасқан топ немесе қылмысты сыбайластық (қылмысты ұйым) жасаған қылмыстарда болғызбауға, ашуға немесе тергеуге, ұйымдасқан топ немесе қылмысты сыбайластық (қылмысты ұйым) жасаған қылмысқа басқа да қатысушыларды анықтауға белсендi түрде жәрдемдессе, қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкiн.
3. Осы баптың бiрiншi және екiншi бөлiгiнде көзделген жағдайлар болған кезде басқа санаттағы қылмыс жасаған адам тек осы Кодекстiң Ерекше бөлiмiнiң тиiстi баптарында арнайы көзделген реттерде ғана қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкiн.
66-бап. Қажеттi қорғану шегiнен асқан кезде қылмыстық жауаптылықтан босату
Қоғамдық қауiптi қылмыстан болған үрейлену, қорқу немесе сасқалақтау салдарынан қажеттi қорғану шегiнен асқан адамды сот iстiң мән-жайын ескере отырып, қылмыстық жауаптылықтан босатуы мүмкiн.
ҚР 21.12.02 ж. № 363-II Заңымен 67-бап жаңа редакцияда (бұрынғы ред. қара)
67-бап. Жәбірленушімен татуласуына байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату
1. Ауыр емес қылмыс жасаған немесе адамның қайтыс болуымен немесе оның денсаулығына ауыр зиян келтірумен байланысты емес орташа ауыр қылмысты бірінші рет жасаған адам, егер ол жәбірленушімен татуласса және келтірілген зиянның есесін толтырса, қылмыстық жауаптылықтан босатуға жатады.
2. Орташа ауыр қылмыс жасаған адам, егер ол жәбірленушімен татуласса және жәбірленушіге келтірілген зиянның есесін толтырса, қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкін.
68-бап. Жағдайдың өзгеруiне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату
1. Қылмыс белгiлерi бар әрекет жасаған адамды, егер iстi сот қараған кезде жағдайдың өзгеруi салдарынан ол жасаған әрекет қоғамға қауiптi емес деп танылса, сот қылмыстық жауаптылықтан босатуы мүмкiн.
2. Бiрiншi рет кiшiгiрiм немесе орташа ауырлықтағы қылмыс жасаған адамды, егер ол адамның содан кейiнгi мүлтiксiз мiнез-құлқына байланысты iс сотта қаралған уақытта ол қоғамға қауiптi деп есептеле алмайтындығы белгiленсе, сот қылмыстық жауаптылықтан босатуы мүмкiн.
2007.08.01. № 210-III ҚР Заңымен 69-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
69-бап. Ескіру мерзiмiнiң өтуiне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату
1. Егер қылмыс жасалған күннен бастап мынадай мерзiмдер өтсе, адам қылмыстық жауаптылықтан босатылады:
а) кiшiгiрім қылмыс жасағаннан кейiн екi жыл;
б) орташа ауырлықтағы қылмыс жасағаннан кейiн бес жыл;
в) ауыр қылмыс жасағаннан кейiн он бес жыл;
г) аса ауыр қылмыс жасағаннан кейiн жиырма жыл.
2. Ескіру мерзiмi қылмыс жасаған күннен бастап және сот үкімі заңды күшiне енген кезге дейiн есептеледi.
3. Егер қылмыс жасаған адам тергеуден немесе соттан жалтарса, ескіру мерзiмiнiң өтуi тоқтатылады. Бұл ретте ескіру мерзiмiнiң өтуi адамның ұсталған немесе оның айыбын мойындап келген кезiнен бастап жаңартылады. Бұл орайда, егер қылмыс жасаған уақыттан берi жиырма бес жыл өтсе және ескіру тоқтатылмаса, адам қылмыстық жауапқа тартылмауы керек.
4. Егер ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасаған адам осы баптың бiрiншi бөлiгiнде аталған мерзiм өткенге дейiн жаңадан қасақана қылмыс жасаса, ескіру мерзiмi тоқтатылады. Мұндай реттерде ескіру мерзiмi жаңа қылмыс жасаған күннен қайта басталады. Ескіру мерзiмi өткенге дейiн адам тағы да қылмыс жасаған өзге реттерде әрбiр қылмыс бойынша ескіру мерзiмi дербес өтедi.
2009.10.07 № 175-ІV ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5. Осы Кодекс бойынша өлім жазасы немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру тағайындалуы мүмкін қылмысты жасаған адамға талап қою мерзімін қолдану туралы мәселені сот шешеді. Егер сот талап қою мерзімінің бітуіне байланысты адамды қылмыстық жауаптылықтан босату мүмкін деп таппаса, өлім жазасы өмір бойына бас бостандығынан айырумен ауыстырылады, ал өмір бойына бас бостандығынан айыру жиырма бес жыл мерзімге бас бостандығынан айырумен ауыстырылады.
6. Бейбiтшiлiк пен адамзаттың қауiпсiздiгiне қарсы күрес қылмыс жасаған адамдарға ескіру мерзiмi қолданылмайды.
ҚР 21.12.02 ж. № 363-II Заңымен (бұрынғы ред. қара) ; 2007.26.03. № 240-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2009.10.07. № 177-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 70-бап өзгертілді
70-бап. Жазаны өтеуден мерзiмiнен бұрын-шартты түрде босату
1. Түзеу жұмыстарын, әскери қызмет бойынша шектеу, бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру жазасын өтеп жүрген және сот тағайындаған жазаны толық өтеуді қажет етпейтін адамды сот құқық бұзбайтын мінез-құлқы, еңбекке (оқуға) адал қарағаны, көркемөнерпаздар ұйымдарының жұмысына және тәрбиелік іс-шараларға белсенді қатысқаны, қылмысымен келтірген залалын өтеу жөнінде шаралар қолданғаны үшін сот тағайындаған жазадан шартты түрде мерзімінен бұрын босатуы мүмкін. Бұл орайда ол адам қосымша жаза түрін өтеуден толық немесе ішінара босатылуы мүмкін.
2. Жазасын өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған адамдарға жазасының өтелмеген қалған бөлігі ішінде тізбесі Қазақстан Республикасы Қылмыстық-атқару кодексінің 178-2-бабында белгіленетін міндеттер жүктеледі.
3. Жазадан шартты түрде-мерзiмiнен бұрын босату сотталған адам:
а) кiшiгiрiм және орташа ауырлықтағы қылмысы үшiн тағайындалған жаза мерзiмiнiң кемінде үштен бірін;
б) ауыр қылмысы үшiн тағайындалған жаза мерзiмiнiң кемінде жартысын;
в) аса ауыр қылмысы үшін тағайындалған жаза мерзімінің кемінде үштен екісін өтегеннен кейін қолданылуы мүмкін.
4. Бас бостандығынан айыруға сотталушының нақты өтеу мерзiмi алты айдан кем болмауы керек.
5. Сот тағайындаған өмiр бойы бас бостандығынан айыру жазасын өтеп жүрген адам, егер сот ол бұл жазаны одан әрi өтеудi қажет етпейдi деп таныса және кемiнде жиырма бес жыл бас бостандығынан айыруды iс жүзiнде өтесе, мерзiмiнен бұрын-шартты түрде босатылуы мүмкiн.
6. Мерзiмiнен бұрын-шартты түрде босатылған адамның мiнез-құлқына бақылау жасауды босатылған адамның тұрғылықты жері бойынша - ішкі істер органдары, ал әскери қызметшiлер жөнiнде - әскери бөлiмдер мен мекемелердiң командованиесi жүзеге асырады.
7. Мерзiмiнен бұрын-шартты түрде босату қолданылған адам, егер жазаның қалған өтелмеген бөлiгi iшiнде:
a) бірнеше рет әкімшілік құқық бұзушылық жасап, ол үшін оған әкімшілік жаза қолданылса немесе өзіне Қазақстан Республикасы Қылмыстық-атқару кодексінің 178-2-бабымен жүктелген және сот жүктеген міндеттерді орындаудан әдейі жалтарса, шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды қолдану кезінде сот осы баптың алтыншы бөлігінде аталған органдардың ұсынуы бойынша шартты түрде мерзімінен бұрын босатудың күшін жою және жазаның өтелмеген бөлігін орындау туралы қаулы ете алады;
б) қылмыс абайсызда жасалса, жаңа қылмысқа жаза тағайындау кезiнде мерзiмiнен бұрын-шартты түрде босатудың күшiн жою немесе оны сақтау туралы мәселенi сот шешедi;
в) қылмыс қасақана жасалса, сот оған осы Кодекстiң 60-бабында көзделген ережелер бойынша жаза тағайындайды. Егер сот мерзiмiнен бұрын-шартты түрде босатудың күшiн жойса, абайсызда қылмыс жасаған жағдайда да жаза осы ережелер бойынша тағайындалады.
8. Өлiм жазасы түріндегі жаза кешiрiм жасау тәртібі бойынша бас бостандығынан айырумен ауыстырылған , жазасын өтеу кезеңінде қасақана қылмыс жасаған, сондай-ақ бұрын шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған адамға мерзiмiнен бұрын-шартты түрде босату қолданылмайды.
ҚР 21.12.02 ж. № 363-II Заңымен 71-бап өзгертілді (бұрынғы ред. қара)
71-бап. Жазаның өтелмеген бөлiгiн неғұрлым жеңiл жаза түрiмен ауыстыру
1. Кiшiгiрiм, орташа ауыр және ауыр қылмыс үшiн бас бостандығынан айыру жазасын өтеп жүрген адамға сот оның жазасын өтеу кезіндегі мiнез-құлқын ескере отырып, жазаның өтелмей қалған бөлiгiн оның жеңiл түрiмен ауыстыра алады. Бұл орайда адам жазаның қосымша түрiн өтеуден толық немесе iшiнара босатылуы мүмкiн.
2. Жазаның өтелмеген бөлігі, сотталған адам ауыр емес және орташа ауыр қылмыс жасағаны үшін жаза мерзімінің кем дегенде үштен бір бөлігін, ауыр қылмысы үшін немесе бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеуден шартты түрде мерзімінен ерте босатылған және жазаның өтелмей қалған бөлігі кезеңінде жаңа қылмыс жасаған адам жаза мерзімінің жартысын нақты өтегеннен кейін жазаның неғұрлым жеңіл түрімен ауыстырылуы мүмкін.
3. Жазаның өтелмеген бөлiгiн ауыстыру кезiнде сот осы Кодекстiң 39-бабында аталған жаза түрлерiне сәйкес, осы Кодексте әрбiр жаза түрi үшiн көзделген шекте жазаның кез келген неғұрлым жеңiл түрiн таңдап алуы мүмкiн.
ҚР 21.12.02 ж. № 363-II (бұр. ред. қара) 09.12.04 ж. № 10-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен ; 2007.26.03. № 240-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) 72-бап өзгертілді
72-бап. Жүктi әйелдердiң және жас балалары бар әйелдердiң жазаны өтеуiн кейiнге қалдыру
1. Жеке адамға қарсы ауыр және аса ауыр қылмысы үшiн бес жылдан астам мерзiмге бас бостандығынан айыруға сотталған әйелдердi қоспағанда, сотталған жүктi әйелдердi және он төрт жасқа толмаған баласы бар әйелдердi сот тиiсiнше бес жылға дейінгі мерзімге, бірақ бала он төрт жастан аспайтын мерзiмге жазасын өтеуден босатуы мүмкiн.
2. Егер осы баптың бiрiншi бөлiгiнде аталған сотталған әйел баладан бас тартса немесе баланы тәрбиелеуден жалтаруды жалғастырса, немесе сотталып, жазасын өтеу кейiнге қалдырылған әйелдi бақылауды жүзеге асыратын орган екi рет жазбаша түрде ескерту жасағаннан кейiн қоғамдық тәртiптi бұзса, сот сол органның ұсынысы бойынша жазаны өтеу мерзiмiн кейiнге қалдыруды тоқтатып, сотталушы әйелдi сот үкіміне сәйкес тағайындалған жерге жазасын өтеуге жiбере алады.
3. Бала он төрт жасқа толғаннан кейiн немесе ол шетiнеген жағдайда не жүктілігi үзiлген жағдайда сот сотталған әйелдiң мiнез-құлқына қарай оны жазаны өтеуден босатуы немесе оны неғұрлым жеңiл жазамен ауыстыруы, немесе сотталған әйелдi жазаны өтеу үшiн тиiстi мекемеге жiберу туралы шешiм қабылдауы мүмкiн.
4. Егер сотталған әйел жазаны өтеуден босату кезеңiнде жаңа қылмыс жасаса, сот оған осы Кодекстiң 60-бабында көзделген ережелер бойынша жаза тағайындайды.
2009.10.07. № 177-IV ҚР Заңымен 73-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
73-бап. Ауруға шалдығуына байланысты жазадан босату
1. Қылмыс жасағаннан кейiн оның өз iс-әрекетiнiң (әрекетсiздiгiнiң) iс жүзіндегі сипаты мен қоғамдық қауiптілігiн ұғыну не оған ие болу мүмкiндiгiнен айыратын психикасы бұзылу пайда болған адамды сот жазадан босатады, ал жазасын өтеп жүрген адамды сот оны одан әрi өтеуден босатады. Мұндай адамдарға сот осы Кодексте көзделген медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын тағайындауы мүмкiн.
2. Жазаны өтеуге кедергi жасайтын өзге де ауыр науқастан зардап шегiшу адамды сот жазаны өтеуден босатуы мүмкiн немесе бұл жаза неғұрлым жеңiл жаза түрiмен ауыстырылуы мүмкiн. Бұл орайда жасалған қылмыстың ауырлығы, сотталған адамның жеке басы, науқасының сипаты және басқа мән-жайлар ескерiледi.
3. Осы баптың бiрiншi және екiншi бөлiктерiнде аталған адамдар, егер осы Кодекстiң 69 және 75-баптарында көзделген ескіру мерзiмi өтпеген болса, олар сауыққан жағдайда қылмыстық жауапқа тартылып жазалануы мүмкiн.
4. Қамауға сотталған әскери қызметшiлер өздерiн әскери қызметке жарамсыз ететiн науқастануы жағдайында жазадан немесе жазасын одан әрi өтеуден босатылады. Оларға жазаның өтелмеген бөлiгi де неғұрлым жеңiл жаза түрiмен ауыстырылуы мүмкiн.
74-бап. Төтенше мән-жайлардың салдарынан жазадан босату мен жазаны өтеудi кейiнге қалдыру
1. Кiшiгiрiм және орташа ауырлықтағы қылмысы үшiн сотталған адамды, егер жазаны өтеу өрт немесе кездейсоқ апат, отбасының еңбекке жарамды жалғыз мүшесiнiң ауыр науқастануы немесе қайтыс болуы немесе басқа да төтенше мән-жайлардың салдарынан сотталған адам немесе оның отбасы үшiн жазасын өтеуi аса ауыр зардапқа әкелiп соқтыруы мүмкiн болса, сот жазадан босатуы мүмкiн.
2. Ауыр немесе аса ауыр қылмысы үшiн бас бостандығынан айыруға сотталған адамның жазасын өтеуiн сот осы баптың бiрiншi бөлiгiнде аталған негiздер болған жағдайда үш айға дейiн мерзiмге кейiнге қалдыра алады.
75-бап. Айыптау үкімінiң ескіру мерзiмi өтуiне байланысты жазаны өтеуден босату
1. Қылмысы үшiн сотталған адам, егер айыптау үкімі оның заңды күшiне енген күнiнен бастап есептегенде, мынадай мерзiмдерде орындалмаған болса, жазаны өтеуден босатылады:
а) кiшiгiрiм ауырлықтағы қылмысы үшiн сотталғанда - үш жыл;
б) орташа ауырлықтағы қылмысы үшiн сотталғанда - алты жыл;
в) ауыр қылмысы үшiн сотталғанда - он жыл;
г) аса ауыр қылмысы үшiн сотталғанда - он бес жыл.
2. Егер сотталған адам жазаны өтеуден жалтарса, ескіру мерзiмiнiң өтуi тоқтатыла тұрады. Бұл жағдайда ескіру мерзiмiнiң өтуi адам ұсталған немесе айыбын мойындап келген кезден басталады. Сотталған адамның жазаны өтеуден жалтаруы кезiне қарай өткен ескіру мерзiмi есептелуге тиiс. Бұл орайда айыптау үкімі егер, оның шығарылған уақытынан бастап жиырма бес жыл өтсе және ескіру мерзiмi жаңа қылмыс жасау арқылы үзiлмеген болса, орындалмауы керек.
3. Егер адам осы баптың бiрiншi бөлiгiнде аталған мерзiм өткенге дейiн жаңадан қасақана қылмыс жасаса, ескіру мерзiмi үзiледi. Мұндай жағдайда ескіру мерзiмiнiң өтуi жаңадан қылмыс жасаған күннен бастап қайта есептеледi.
4. Өлiм жазасына немесе өмiр бойы бас бостандығынан айыруға сотталған адамға ескіру мерзiмiн қолдану туралы мәселенi сот шешедi. Егер сот ескіру мерзiмiн қолдану мүмкiн деп таппаса, өлiм жазасы өмiр бойы бас бостандығынан айыруға ауыстырылады, ал өмiр бойы бас бостандығынан айыру жиырма бес жыл мерзiмге бас бостандығынан айыруға ауыстырылады. Бейбiтшiлiк пен адамзаттың қауiпсiздiгiне қарсы қылмыс жасағаны үшiн сотталған адамдарға ескіру мерзiмi қолданылмайды.
2007.08.01. № 210-III ҚР Заңымен 76-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
76-бап. Рақымшылық немесе кешiрiм жасау актiсi негiзiнде қылмыстық жауаптылық пен жазадан босату
1. Рақымшылық жасау туралы актiнi адамдардың жеке айқындалмаған тобы жөнiнде Қазақстан Республикасының Парламентi шығарады.
2. Қылмыс жасаған адамдар рақымшылық жасау туралы актiнiң негiзiнде қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкiн. Қылмыс жасағаны үшiн сотталған адамдар жазадан босатылуы мүмкiн не оларға тағайындалған жаза қысқартылуы немесе жазаның неғұрлым жеңiл түрiмен ауыстырылуы мүмкiн, не мұндай адамдар жазаның қосымша түрiнен босатылуы мүмкiн. Жазасын өтеген немесе оны одан әрi өтеуден босатылған адамдардан рақымшылық жасау туралы актiмен соттылығы алынып тасталуы мүмкiн.
Ауыр немесе аса ауыр қылмыстар жасаған адамдарға, сондай-ақ қылмыстардың қауіпті немесе аса қауіпті қайталануы жағдайында жаза тағайындалған адамдарға рақымшылық жасау туралы акт қолданылмайды.
3. Белгiлi бiр жеке адамға ол жөнiнде айыптау үкімі заңды күшiне енген жағдайда кешiрiм жасау туралы актiнi Қазақстан Республикасының Президентi шығарады.
4. Қылмыс жасағаны үшiн сотталған адам кешiрiм жасау кезiнде жазаны одан әрi өтеуден босатылуы мүмкiн не оған тағайындалған жаза қысқартылуы немесе жазаның неғұрлым жеңiл түрiмен ауыстырылуы мүмкiн. Жазасын өтеген адамнан кешiрiм жасау актiсiмен соттылығы алынып тасталуы мүмкiн.
2007.08.01. № 210-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2009.10.07. № 177-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 77-бап өзгертілді
77-бап. Соттылық
1. Қылмыс жасағаны үшiн сотталған адам соттың айыптау үкімі заңды күшiне енген күннен бастап соттылықты жою немесе алып тастау кезiне дейiн сотты болған деп есептеледi. Осы Кодекске сәйкес соттылық қылмыстың әлденеше рет қайталануы, қылмысты қайталау кезiнде және жаза тағайындау кезiнде ескерiледi.
2. Жазадан босатылған адам соттылығы жоқ деп танылады.
3. Соттылық:
а) шартты түрде сотталған адамдар жөнiнде - сынақ мерзiмi өтуi бойынша;
б) әскери қызмет бойынша шектеу немесе қамау түрiнде жазасын өтеген әскери қызметшiлер жөнiнде - iс жүзiнде жазаны өтеу бойынша;
в) бас бостандығынан айырумен салыстырғанда жазаның неғұрлым жеңiл түрiне сотталған адамдар жөнiнде - жазаны өтегеннен кейiн бiр жыл өтуi бойынша;
г) кiшiгiрiм немесе орташа ауырлықтағы қылмысы үшiн бас бостандығынан айыруға сотталған адамдар жөнiнде - жазаны өтегеннен кейiн үш жыл өтуi бойынша;
д) ауыр қылмысы үшiн бас бостандығынан айыруға сотталған адамдар жөнiнде - жазаны өтегеннен кейiн алты жыл өтуi бойынша;
е) аса ауыр қылмысы үшiн сотталған адамдар жөнiнде - жазаны өтегеннен кейiн сегiз жыл өтуi бойынша жойылады.
4. Егер сотталған адам заңда белгiленген тәртiппен жазасын өтеуден мерзiмiнен бұрын босатылса немесе жазаның өтелмеген бөлiгi неғұрлым жеңiл жазамен ауыстырылса, онда соттылықты жою мерзiмi жазаның нақты өтелген мерзiмiн негiзге ала отырып, негiзгi және қосымша жаза түрлерiн өтеуден босатылған кезден бастап есептеледi.
5. Егер сотталған адам жазаны өтегеннен кейiн өзiн мiнсiз ұстаса, сот оның өтiнiшi бойынша соттылықты жою мерзiмi өткенге дейiн одан соттылықты алып тастай алады.
Бұл норма ауыр немесе аса ауыр қылмыстары үшін бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарға, сондай-ақ қылмыстардың қауіпті немесе аса қауіпті қайталануы жағдайында жаза тағайындалған адамдарға қолданылмайды.
6. Егер сотталған адам соттылықты жою мерзiмi өткенге дейiн тағы да қылмыс жасаса, соттылықты жою мерзiмi тоқтатылады. Бiрiншi қылмыс бойынша соттылықты жою мерзiмi соңғы қылмысы үшiн негiзгi және қосымша жазаны iс жүзiнде өтегеннен кейiн қайта есептеледi. Бұл жағдайда адам екi қылмыстың ең ауыры үшiн соттылық мерзiмi өткенге дейiн олар үшiн сотталған деп есептеледi.
7. Соттылықты жою немесе алу соттылыққа байланысты барлық құқықтық зардаптардың күшiн жояды.
VI бөлім. Кәмелетке толмағандардың қылмыстық
жауаптылығы
ҚР 05.05.00 ж. № 47-II Заңына сәйкес 78-бап өзгертілді
78-бап. Кәмелетке толмағандардың қылмыстық жауаптылығы
1. Осы бөлімнің күшi қолданылатын кәмелетке толмағандар деп қылмыс жасаған кезге қарай жасы он төртке толған, бiрақ он сегiзге толмаған адамдар танылады.
2. Қылмыс жасаған кәмелетке толмағандарға жаза тағайындалуы мүмкiн не оларға тәрбиелiк әсерi бар мәжбүрлеу шаралары қолданылуы мүмкiн.
ҚР 05.05.00 ж. № 47-II; 21.12.02 ж. № 363-II (бұр. ред. қара); 09.12.04 ж. № 10-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 79-бап өзгертілді
79-бап. Кәмелетке толмағандарға тағайындалатын жаза түрлерi
1. Кәмелетке толмағандарға тағайындалатын жаза түрлерi:
а) айыппұл;
б) белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру;
в) қоғамдық жұмыстарға тарту;
г) түзеу жұмыстары;
г-1) бас бостандығын шектеу;
д) 09.12.04 ж. № 10-III алынып тасталды (бұр. ред. қара)
е) бас бостандығынан айыру болып табылады.
2. Айыппұл кәмелетке толмай сотталған адамның дербес табысы немесе өндiрiп алуға жарайтын мүлкi болған жағдайда ғана тағайындалады. Айыппұл оннан бес жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе кәмелетке толмаған адамның жалақысының немесе өзге табысының екi аптадан алты айға дейiнгi кезеңдегi мөлшерiнде тағайындалады.
3. Кәмелетке толмағандарға белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру бiр жылдан екi жылға дейiнгi мерзiмге тағайындалады.
4. Қоғамдық жұмыстарға тарту қырық сағаттан жүз алпыс сағатқа дейiнгi мерзiмге тағайындалады, ол кәмелетке толмаған адамның қолынан келетiн жұмысты орындауы болып табылады және ол оны оқудан немесе негiзгi жұмысынан бос уақытында атқарады. Он алты жасқа толмаған адамдардың бұл жаза түрiн орындауының ұзақтығы күнiне екi сағаттан, ал он алтыдан он сегiз жасқа дейiнгi адамдар үшiн күнiне үш сағаттан аспауы керек.
5. Түзеу жұмыстары сот үкiм шығарған кезде он алты жасқа жеткен кәмелетке толмаған адамдарға бiр жылға дейiнгi мерзiмге тағайындалады.
5-1. Кәмелетке толмағандарға бас бостандығын шектеу бір жылдан екі жылға дейінгі мерзімге тағайындалады.
6. 09.12.04 ж. № 10-III алынып тасталды (бұр. ред. қара)
7. Кәмелетке толмағандарға бас бостандығынан айыру он жылдан аспайтын, ал ауырлататын мән-жайларда кісі өлтіргені үшін немесе қылмыстардың жиынтығы бойынша қылмыстардың біреуі ауырлататын мән-жайларда кісі өлтіргені үшін - он екі жылдан аспайтын мерзімге тағайындалуы мүмкін. Он төрт жастан он сегіз жасқа дейін ауыр емес қылмысты және он төрт жастан он алты жасқа дейін орташа ауыр қылмысты бірінші рет жасаған адамдарға бас бостандығынан айыру тағайындалмайды.
8. Кәмелетке толмай сотталған адамдар бос бостандығынан айыруды:
а) бас бостандығынан айыруға бiрiншi рет сотталған еркек жынысты кәмелетке толмағандар, сондай-ақ әйел жынысты кәмелетке толмағандар жалпы режимдегi тәрбиелеу колонияларында;
б) бұрын бас бостандығынан айыру жазасын өтеген еркек жынысты кәмелетке толмағандар - күшейтiлген режимдегi тәрбиелеу колонияларында өтейдi.
9. Қоғамдық қауiптілік сипатына және дәрежесiне, кiнәлi адамның жеке басына және басқа да мән-жайларға қарай сот қабылданған шешiмнiң себебiн көрсете отырып, еркек жынысты кәмелетке толмай сотталған адамның бас бостандығынан айыруды жалпы режимдегi тәрбиелеу колониясында өтеуiн тағайындауы мүмкiн.
10. Сот жазаны орындаушы органға кәмелетке толмай сотталған адаммен қарым-қатынас кезiнде оның жеке басының белгiлi бiр ерекшелiктерiн ескеру туралы нұсқау беруi мүмкiн.
80-бап. Кәмелетке толмаған адамға жаза тағайындау
1. Кәмелетке толмаған адамға жаза тағайындау кезiнде осы Кодекстiң 52-бабында көзделген мән-жайлардан басқа, оның өмiрi мен тәрбиесiнiң жағдайлары, психикалық даму деңгейi, жеке басының өзге де ерекшелiктерi, сондай-ақ оған жасы үлкен адамдардың ықпалы ескерiледi.
2. Кәмелетке толмаған жас жеңiлдететiн мән-жай ретiнде басқа да жеңiлдететiн және ауырлататын мән-жайлармен жиынтықта ескерiледi.
09.12.04 ж. № 10-III ҚР Заңымен 81-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
81-бап. Кәмелетке толмағандарды қылмыстық жауаптылықтан және жазадан босату
1. Кiшiгiрiм ауырлықтағы қылмыс жасаған немесе бiрiншi рет орташа ауырлықтағы қылмыс жасаған кәмелетке толмаған адамды, егер оны қылмыстық жауаптылыққа тартпай-ақ түзеуге болады деп белгiленсе, сот оны қылмыстық жауаптылықтан босатуы мүмкiн. Бұл ретте оған осы Кодекстiң 82-бабында көзделген тәрбиелiк әсерi бар мәжбүрлеу шаралары қолданылуы мүмкiн.
2. Кiшiгiрiм немесе орташа ауырлықтағы қылмыс жасағаны үшiн бiрiншi рет сотталған кәмелетке толмаған адамды, егер оны түзеуге осы Кодекстiң 82-бабында көзделген тәрбиелiк әсерi бар мәжбүрлеу шараларын қолдану жолымен қол жеткізуге болады деп танылса, сот оны жазадан босатуы мүмкiн.
82-бап. Тәрбиелiк әсерi бар мәжбүрлеу шаралары
1. Сот кәмелетке толмаған адамға тәрбиелiк әсерi бар мынадай мәжбүрлеу шараларын тағайындауы мүмкiн:
а) ескерту;
б) ата-аналарының немесе олардың орнындағы адамдардың не мамандандырылған мемлекеттік органның қадағалауына беру;
в) келтiрiлген зиянды қалпына келтiру мiндетiн жүктеу;
г) бос уақытын шектеу және кәмелетке толмаған адамның жүрiс-тұрысына ерекше талаптар белгiлеу;
д) кәмелетке толмағандарға арнаулы тәрбие немесе емдеу-тәрбиелеу мекемесiне орналастыру.
2. Кәмелетке толмаған адамға бiр мезгiлде тәрбиелiк әсерi бар бiрнеше тәрбиелеу шаралары тағайындалуы мүмкiн.
83-бап. Тәрбиелiк әсерi бар мәжбүрлеу шараларының мазмұны
1. Ескерту кәмелетке толмаған адамға оның әрекетiмен келтiрiлген зиянды түсiндiруден және осы Кодексте көзделген қылмыстарды қайталап жасаудың зардаптарын түсiндiруден тұрады.
2. Қадағалауға беру ата-аналарына немесе олардың орнындағы адамдарға не мамандандырылған мемлекеттік органға кәмелетке толмаған адамға тәрбиелiк әсер ету және оның мiнез-құлқын бақылау жөнiнде мiндеттер жүктеуден тұрады.
3. Келтiрiлген зиянды қалпына келтiру мiндетi кәмелетке толмаған адамның мүлiктiк жағдайын және оның тиістi еңбек дағдысы болуын есепке ала отырып жүктеледi.
4. Кәмелетке толмаған адамның бос уақытын шектеу және оның жүрiс-тұрысына ерекше талаптар белгiлеу, белгiлi бiр орындарға баруға, бос уақыттың белгiлi бiр нысанын, оның iшiнде механикалық көлiк құрамын басқаруға байланысты нысанын пайдалануға тыйым салуды, тәулiктiң белгiлi бiр уақытынан кейiн үйден тыс жерде болуын, мамандандырылған мемлекеттік органның рұқсатынсыз басқа жерлерге баруын шектеудi көздеуi мүмкiн. Кәмелетке толмаған адамға білім беру мекемесiне қайта оралу, оқуын жалғастыру немесе аяқтау, не мамандандырылған мемлекеттік органның көмегiмен жұмысқа орналасу талабы да қойылуы мүмкiн. Осы тiзбе толық болып табылмайды.
5. Алты айдан екi жылға дейiнгi мерзiмге арнаулы тәрбие немесе емдеу-тәрбиелеу мекемесiне орналастыруды сот кәмелетке толмай қасақана орташа ауырлықтағы қылмыс жасаған адамға тағайындауы мүмкiн. Аталған мекемелерде болу адамның кәмелетке толуына байланысты, сондай-ақ түзетудi қамтамасыз етушi мамандандырылған мемлекеттік органның қорытындысы негiзiнде сот кәмелетке толмаған адам өзiнiң түзелуi үшiн бұдан әрi бұл шараны қолдануды қажет етпейдi деген тұжырымға келсе, мерзiмнен бұрын тоқтатылуы мүмкiн.
6. Кәмелеттiк жасқа толмағандарға арналған арнаулы тәрбие немесе емдеу-тәрбиелеу мекемесiнде болуды осы баптың бесiншi бөлiгiнде көзделген мерзiм бiткеннен кейiн ұзартуға тек кәмелетке толмаған адамның жалпы білім беретiн немесе кәсiптiк даярлығын аяқтауы қажет болған жағдайда ғана жол берiледi, бiрақ ол кәмелетке толғанға дейiнгiсiнен аспауы керек.