Қазақстан Республикасының
Заңы
Жеке кәсіпкерлік туралы
(2009.08.06. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)
Осы редакция 2009 жылғы 10 шілдеде енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Осы Заңға енгізілетін өзгерістерді қара:
2007.12.01. № 224-III ҚР Заңы (Осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап үш жыл алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі)
2009.04.05 № 156-ІV ҚР Заңы (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі)
Түпнұсқада мазмұны жоқ
Осы Заң жеке және мемлекеттік емес заңды тұлғалардың жеке кәсіпкерлікті жүзеге асыруына байланысты туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді, Қазақстан Республикасындағы жеке кәсіпкерліктің еркіндігін қамтамасыз ететін негізгі құқықтық, экономикалық және әлеуметтік жағдайлар мен кепілдіктерді айқындайды.
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) бизнес-инкубатор - шағын кәсіпкерлік субъектілерінің қалыптасуы кезеңінде өндірістік үй-жайлар, жабдық беру, ұйымдық, құқықтық, қаржылық, консалтингілік және ақпараттық қызметтер көрсету жолымен оларды қолдау үшін құрылатын заңды тұлға;
2008.10.12. № 101-IV ҚР Заңымен 1-1) тармақшамен толықтырылды (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
1-1) дара кәсіпкердің орналасқан жері - қызметінің басым жүзеге асырылатын орны немесе дара кәсіпкердің мемлекеттік тіркелуі туралы куәлікте пошталық мекен-жайы толық жазылып көрсетілген дара кәсіпкердің тұрақты тұрып жатқан жері.
2) дара кәсіпкерлік - жеке тұлғалардың кіріс алуға бағытталған, жеке тұлғалардың өздерінің меншігіне негізделген және жеке тұлғалардың атынан олардың тәуекелімен және мүліктік жауапкершілігімен жүзеге асырылатын бастамашылық қызметі;
3) жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау - Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік бастаманы іске асыру үшін жеке кәсіпкерлікті дамытуды ынталандыру, қолайлы құқықтық, экономикалық және әлеуметтік жағдайлар жасау жөніндегі мемлекеттік шаралар кешені;
4) жеке кәсіпкерлік субъектілері - кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке және мемлекеттік емес заңды тұлғалар;
5) жеке кәсіпкерлік - жеке кәсіпкерлік субъектілерінің кіріс алуға бағытталған, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің өздерінің меншігіне негізделген және жеке кәсіпкерлік субъектілерінің атынан олардың тәуекелімен және мүліктік жауапкершілігімен жүзеге асырылатын бастамашылық қызметі;
6) индустриялық аймақ - коммуникациялармен қамтамасыз етілген, мемлекет жеке кәсіпкерлік субъектілеріне өнеркәсіп объектілерін орналастыру және пайдалану үшін Қазақстан Республикасының Жер кодексінде және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген тәртіппен беретін ауыл шаруашылығы мақсатындағы емес жер;
7) жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктерін аккредиттеу - кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі сарапшылық кеңестерде жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін білдіруге белгіленген өлшемдерге жеке кәсіпкерлік субъектілері бірлестіктерінің сәйкестігін тиісті мемлекеттік органдардың тануы;
8) жеке кәсіпкерліктің инфрақұрылымы - өз ісін ұйымдастыруға жәрдемдесуді, құқық, маркетинг, инжиниринг және менеджмент саласындағы ақпаратпен қамтамасыз етуді, коммерциялық негізде материалдық-техникалық, қаржылық және басқа да ресурстармен қамтамасыз етуде қолдауды қоса алғанда, жеке кәсіпкерліктің жұмыс істеуі мен дамуының жалпы шарттарын қамтамасыз ететін, құрылатын немесе жұмыс істеп тұрған ұйымдар кешені;
9) келушілер мен тексерулерді есепке алу кітабы - мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарының тексеру (бақылау) жүргізу фактісі туралы лауазымын, тегін және тексеру нысанасын көрсете отырып, міндетті түрде белгі қою үшін кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган белгілеген үлгідегі журнал;
10) коммерциялық құпия - жеке кәсіпкерлік субъектісі айқындайтын және қорғайтын, заңды негізде еркін қол жеткізуге адамдардың шектеулі тобы ие болатын, жариялануы, алынуы, пайдаланылуы оның мүдделеріне залал келтіруі мүмкін ақпарат;
11) жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестігі - жеке кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын, заңды мүдделерін қорғау үшін құрылатын коммерциялық емес ұйымның дербес ұйымдық-құқықтық нысаны;
12) кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) - жеке кәсіпкерлікті дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың жеке кәсіпкерлікті дамыту және қолдау жөніндегі жұмысын үйлестіру бойынша мемлекеттік саясатты жүргізуді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
13) кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі сарапшылық кеңес (бұдан әрі - сарапшылық кеңес) - жеке кәсіпкерлік мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілер жобаларына жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктерінен және мүдделі коммерциялық емес ұйымдардан сараптамалық қорытындылар алу жөніндегі жұмысты ұйымдастыру үшін орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар жанынан құрылатын консультативтік-кеңесші орган;
14) мемлекеттік бақылау - жеке кәсіпкерлік субъектілерінің Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауын мемлекеттік органдардың өздерінің құзыреті шегінде бақылауы жөніндегі қызметі;
15) шағын кәсіпкерлікті қолдау орталықтары - оқытуды, ақпараттық қамтамасыз етуді, консультациялық және маркетингтік қызметтер көрсетуді, шағын кәсіпкерлік субъектілерінің жобаларына құқықтық, экономикалық және технологиялық сараптама жасауды жүзеге асыратын заңды тұлғалар.
2-бап. Қазақстан Республикасының жеке кәсіпкерлік туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының жеке кәсіпкерлік туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және Азаматтық кодекстен, осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда көзделгендерден өзгеше ережелер белгіленсе, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.
3. Жеке кәсіпкерліктің жекелеген түрлерін жүзеге асыру ерекшеліктері Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес белгіленеді.
3-бап. Жеке кәсіпкерлікті құқықтық реттеу шектерi
1. Жеке кәсіпкерлік Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес белгіленген негіздер бойынша ғана шектелуі мүмкін.
2. Жеке кәсіпкерлікті шектеу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мемлекеттің айрықша құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша ғана орын алуы мүмкін.
3. Мемлекеттік органдардың жекелеген жеке кәсіпкерлік субъектілерінің артықшылық жағдайын белгілейтін нормативтік құқықтық актілер қабылдауына тыйым салынады.
4-бап. Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеудің негізгi мақсаты мен принциптерi
1. Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеудің негізгі мақсаты жеке кәсіпкерлікті дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау және жеке кәсіпкерлікке әкімшілік етуді енгізу жолымен мемлекеттің мүдделері мен тұтынушылардың құқықтарын қорғау болып табылады.
2. Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеудің негізгі принциптері:
жеке кәсіпкерлік еркіндігінің кепілдігі және оны қорғау мен қолдауды қамтамасыз ету;
кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға барлық жеке кәсіпкерлік субъектілерінің теңдігі;
жеке меншікке (жеке кәсіпкерлік субъектілерінің меншігіне) қол сұғылмауы мен оны қорғаудың кепілдігі;
Қазақстан Республикасында шағын кәсіпкерлікті дамытудың басымдығы;
жеке кәсіпкерліктің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің жобаларына сараптама жасауға жеке кәсіпкерлік субъектілерінің қатысуы болып табылады.
2006.01.07. бастап қолданысқа енгізіледі
5-бап. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілердi
әзірлеудің және қабылдаудың ерекшеліктерi
1. Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің жобаларын сарапшылық кеңестер арқылы жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктеріне сараптамалық қорытынды алу үшін жібереді.
2. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актінің жобасына түсіндірме жазба нормативтік құқықтық актіні қолданысқа енгізуге байланысты жеке кәсіпкерлік субъектілері шығындарының азаюын және (немесе) көбеюін растайтын есептеу нәтижелерін міндетті түрде қамтуға тиіс.
3. Сараптамалық қорытындыларды мемлекеттік органдар белгілеген мерзімде мыналар:
республикалық деңгейде - жеке кәсіпкерлік субъектілері бірлестіктерінің одағы (қауымдастығы), шағын кәсіпкерлік жөніндегі республикалық бірлестік, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің республикалық салалық бірлестіктері;
облыстық деңгейде - жеке кәсіпкерлік субъектілерінің облыстық бірлестіктері, шағын кәсіпкерлік жөніндегі облыстық бірлестік;
қалалық, аудандық деңгейлерде - шағын кәсіпкерлік жөніндегі қалалық, аудандық бірлестіктер табыс етеді.
4. Сараптамалық қорытындылар жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктері мүшелерінің жинақталған пікірін білдіреді, ұсынымдық сипатта болады және оларды мемлекеттік орган қабылдағанға дейін нормативтік құқықтық актінің жобасына міндетті қосымшасы болып табылады.
5. Мемлекеттік орган сараптамалық қорытындымен келіскен кезде нормативтік құқықтық актінің жобасына тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізеді.
Мемлекеттік орган сараптамалық қорытындымен келіспеген жағдайда жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестігіне сараптамалық қорытындымен келіспеу себептерінің негіздемесі бар жауап жібереді.
6. Жеке кәсіпкерліктің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актіні қолданысқа енгізу мерзімі жеке кәсіпкерлік субъектісіне қызметті Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленетін талаптарға байланысты жүзеге асыруға дайындалу үшін қажетті мерзімдер негізге алына отырып, белгіленуге тиіс.
Нормативтік құқықтық актілердің қолданысқа енгізілу тәртібі мен мерзімдері жеке кәсіпкерлік субъектілеріне залал келтірмеуге тиіс.
7. Осы бапта көзделген рәсімдер жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілерді қабылдаудың міндетті шарты болып табылады.
8. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің жобалары оларды тиісті органда немесе сарапшылық кеңестің отырысында қарағанға дейін бұқаралық ақпарат құралдарында, WEB-сайттарды қоса алғанда, жалпыға бірдей қолжетімді телекоммуникация желілерінде міндетті түрде жариялануға (таратылуға) тиіс.
2-тарау.
ЖЕКЕ КӘСІПКЕРЛІК СУБЪЕКТІЛЕРІ ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ЖҰМЫС
IСТЕУ ЖАҒДАЙЛАРЫ
6-бап. Жеке кәсіпкерлік субъектілерi
1. Жеке кәсіпкерлік субъектісі болып табылатын заңды тұлға Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында көзделген ұйымдық-құқықтық нысанда ғана құрыла алады.
2. Жеке кәсіпкерлік субъектілері:
шағын кәсіпкерлік субъектілеріне;
орта кәсіпкерлік субъектілеріне;
ірі кәсіпкерлік субъектілеріне жатқызылуы мүмкін.
3. Заңды тұлға құрмаған, жұмыскерлерінің жылдық орташа саны елу адамнан аспайтын дара кәсіпкерлер және кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын, жұмыскерлерінің жылдық орташа саны елу адамнан аспайтын және жыл бойғы активтерінің орташа жылдық құны тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген алпыс мың еселенген айлық есептік көрсеткіштен аспайтын заңды тұлғалар шағын кәсіпкерлік субъектілері болып табылады.
4. Мыналарды:
есірткі заттарының, психотроптық заттардың және прекурсорлардың айналымымен байланысты қызметті;
акцизделетін өнімді өндіруді және (немесе) көтерме сатуды;
астық қабылдау пункттерінде астық сақтау жөніндегі қызметті;
лотереялар өткізуді;
ойын және шоу-бизнес саласындағы қызметті;
сертификаттау, метрология және сапаны басқару саласындағы қызметті;
мұнай, мұнай өнімдерін, газ, электр және жылу энергиясын өндіру, қайта өңдеу және сату жөніндегі қызметті;
радиоактивті материалдардың айналымымен байланысты қызметті;
банк қызметін (не банк операцияларының жекелеген түрлерін) және сақтандыру нарығындағы қызметті (сақтандыру агентінің қызметінен басқа);
аудиторлық қызметті;
бағалы қағаздар нарығындағы кәсіби қызметті жүзеге асыратын дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар шағын кәсіпкерлік субъектілері болып таныла алмайды.
5. Шағын кәсіпкерлік субъектілері жұмыскерлерінің жылдық орташа саны осы субъектінің филиалдарының, өкілдіктері мен басқа да оқшау бөлімшелерінің жұмыскерлерін қоса алғанда, барлық жұмыскерлері ескеріле отырып, айқындалады.
6. Осы баптың 3-тармағында белгіленген шарттардың бірі артық болып кеткен жағдайда, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне Қазақстан Республикасының заңнамасында шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін көзделген жеңілдіктер қолданылмайды.
7. Заңды тұлға құрмаған, жұмыскерлерінің жылдық орташа саны елу адамнан астам дара кәсіпкерлер және жеке кәсіпкерлікті жүзеге асыратын, жұмыскерлерінің жылдық орташа саны елуден астам, бірақ екі жүз елу адамнан аспайтын және жыл бойғы активтердің орташа жылдық құны тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген үш жүз жиырма бес мың еселенген айлық есептік көрсеткіштен аспайтын заңды тұлғалар орта кәсіпкерлік субъектілері болып табылады.
8. Жеке кәсіпкерлікті жүзеге асыратын, жұмыскерлерінің жылдық орташа саны екі жүз елу адамнан артық немесе жыл бойғы активтердің жалпы құны тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген үш жүз жиырма бес мың еселенген айлық есептік көрсеткіштен асатын заңды тұлғалар ірі кәсіпкерлік субъектілері болып табылады.
7-бап. Дара кәсіпкерлік
1. Дара кәсіпкерлік өзіндік немесе бірлескен кәсіпкерлік түрінде жүзеге асырылады.
2. Өзіндік кәсіпкерлікті бір жеке тұлға өзіне меншік құқығымен тиесілі мүлік негізінде, сондай-ақ мүлікті пайдалануға және (немесе) оған билік етуге жол беретін өзге де құқыққа орай дербес жүзеге асырады.
Некеде тұратын жеке тұлға жұбайын кәсіпкер ретінде көрсетпей өзіндік кәсіпкерлікті жүзеге асырған кезде ол жұбайдың кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға келісімі талап етілмейді.
Жеке тұлға өзіндік кәсіпкерлікті жүзеге асыру үшін ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкін пайдаланған жағдайларда, егер заңдарда немесе неке шартында не ерлі-зайыптылардың арасындағы өзге келісімде өзгеше көзделмесе, мұндай пайдалануға жұбайының келісімі қажет.
3. Бірлескен кәсіпкерлікті жеке тұлғалар (дара кәсіпкерлер) тобы өздеріне ортақ меншік құқығымен тиесілі мүлік негізінде, сондай-ақ мүлікті бірлесіп пайдалануға және (немесе) оған билік етуге жол беретін өзге де құқыққа орай жүзеге асырады.
Бірлескен кәсіпкерлік кезінде жеке кәсіпкерлікпен байланысты барлық мәмілелер бірлескен кәсіпкерліктің барлық қатысушыларының атынан жасалады, ал құқықтар мен міндеттер олардың атынан алынады және жүзеге асырылады.
4. Бірлескен кәсіпкерліктің нысандары:
1) ерлі-зайыптылардың ортақ бірлескен меншігі негізінде жүзеге асырылатын ерлі-зайыптылардың кәсіпкерлігі;
2) шаруа (фермер) қожалығының ортақ бірлескен меншігі немесе жекешелендірілген тұрғын үйге ортақ бірлескен меншік негізінде жүзеге асырылатын отбасылық кәсіпкерлік;
3) жеке кәсіпкерлік ортақ үлестік меншік негізінде жүзеге асырылатын жай серіктестік болып табылады.
5. Ерлі-зайыптылардың кәсіпкерлігін жүзеге асырған кезде жұбайлардың бірі екінші жұбайдың келісімімен іскерлік айналымда ерлі-зайыптылардың атынан әрекет етеді, келісім дара кәсіпкерді тіркеу кезінде расталуы немесе дара кәсіпкердің қызметі мемлекеттік тіркеусіз жүзеге асырылған жағдайларда жазбаша түрде көрсетіліп, нотариалдық жолмен куәландырылуы мүмкін.
Ерлі-зайыптылардың біреуінің іскерлік айналымда ерлі-зайыптылар атынан әрекет етуіне екіншісінің келісімі болмаған кезде іскерлік айналымда әрекет ететін жұбай дара кәсіпкерлікті өзіндік кәсіпкерлік түрінде жүзеге асыратындығы көзделеді.
6. Жай серіктестік нысанын пайдаланатын дара кәсіпкерлік Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
7. Дара кәсіпкерлер өз міндеттемелері бойынша, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өндіріп алынбайтын мүлікті қоспағанда, өздерінің барлық мүлкімен жауапты болады.
8. Жеке тұлға өзіндік кәсіпкерлікті жүзеге асырған кезде өзіне меншік құқығымен тиесілі барлық мүлкімен, соның ішінде ерлі-зайыптылардың ортақ меншігіндегі үлесімен жауапты болады.
Жеке тұлға жеке кәсіпкерлікті жүзеге асыру үшін ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкін пайдаланған жағдайларда, оның борыштары бойынша өндіріп алу ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкіне де қолданыла алады.
Жұбайлардың жеке кәсіпкер болып табылмайтын әрқайсысының мүлкі өзіндік кәсіпкерлікті жүзеге асыратын жұбайының біреуінің борыштары бойынша өндіріп алуды қолдану нысанасы бола алмайды.
9. Ерлі-зайыптылар кәсіпкерлігін жүзеге асырған кезде ерлі-зайыптылардың кәсіпкерлікті жүзеге асыруға байланысты борыштары бойынша өндіріп алу олардың қайсының іскерлік айналымда әрекет ететініне қарамастан, ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкіне қолданыла алады.
10. Дара кәсіпкер өз қызметін жүзеге асыру кезінде іскерлік құжаттаманың дербес бланкілерін, мөрді, мөртабандарды пайдалануға құқылы.
8-бап. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары мен міндеттерi
1. Жеке кәсіпкерлік субъектілері:
1) егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, жеке кәсіпкерліктің кез келген түрін жүзеге асыруға;
2) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жалдамалы еңбекті пайдалана отырып, жеке кәсіпкерлікті жүзеге асыруға;
3) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртіппен филиалдар мен өкілдіктер құруға;
4) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларды қоспағанда, өндірілген тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) бағасын дербес белгілеуге;
5) жеке кәсіпкерлік субъектілеріне өтеулі негізде қаражат (қарыз) беруге;
6) өзінің құқықтық қабілеті шегінде сыртқы экономикалық қызметті жүзеге асыруға;
7) жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктерін құруға;
8) жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктері арқылы сарапшылық кеңестердің жұмысына қатысуға;
9) бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асыратын құқық қорғау органдарына және мемлекеттік органдарға жеке кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын бұзуға кінәлі тұлғаларды жауапқа тарту мәселелері бойынша жүгінуге;
10) өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін сот органдарына жүгінуге;
11) жеке кәсіпкерлікті қолдау және қорғау мәселелері жөніндегі нормативтік құқықтық актілердің орындалмауына немесе тиісінше орындалмауына септігін тигізетін себептер мен жағдайларды жою туралы ұсыныстарды мемлекеттік органдардың қарауына енгізуге құқылы.
2. Жеке кәсіпкерлік субъектілері:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасын, жеке және заңды тұлғалардың құқықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерін сақтауға;
2) өндірілетін өнімнің (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкестігін қамтамасыз етуге;
3) Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңына сәйкес лицензиялануға жататын жеке кәсіпкерлік түрлерін жүзеге асыруға лицензиялар алуға;
4) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес азаматтық-құқықтық жауапкершілікті міндетті сақтандыруды жүзеге асыруға міндетті.
9-бап. Жосықсыз бәсекені жүзеге асыруға жол бермеу
Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген еркін бәсекелестікке басқа жеке кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын бұзу жолымен бәсекелестікті шектеуге немесе жоюға бағытталған іс-әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) тыйым салынады.
10-бап. Ішкі нарықты қорғау
Ішкі нарықты қорғау Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тарифтік және тарифтік емес реттеу шараларымен жүзеге асырылады.
11-бап. Жеке кәсіпкерлік субъектісі туралы ақпаратты
қорғау
1. Коммерциялық құпияны қорғау коммерциялық құпияны құрайтын ақпаратты заңсыз алуға, таратуға не пайдалануға тыйым салудан тұрады.
2. Жеке кәсіпкерлік субъектісі коммерциялық құпияны құрайтын ақпаратқа еркін қол жеткізу құқығы бар адамдар тобын айқындайды және оның құпиялылығын қорғауға шаралар қолданады.
3. Ақпаратты қолжетімділік санатына жатқызу тәртібін, коммерциялық құпияны құрайтын ақпаратты сақтау және пайдалану шарттарын жеке кәсіпкерлік субъектісі айқындайды.
4. Коммерциялық құпияны құрайтын ақпаратты заңсыз әдістермен алған, жария еткен немесе пайдаланған адамдар келтірілген залалды Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес өтеуге міндетті.
5. Жеке кәсіпкерлік субъектісі немесе ол уәкілеттік берген адам өз қызметкерлерінен коммерциялық құпияны құрайтын ақпаратты жария етпеу туралы қол қоюын талап етуге, ал оны тексеруді жүзеге асыратын адамдарға Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапкершілік туралы ескертуге құқылы.
6. Міндетті түрде жариялануға не акционерлердің, шаруашылық серіктестік қатысушыларының немесе өзге де белгілі бір адамдар тобының назарына міндетті түрде жеткізуге жататын ақпараттың тізбесі Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жеке кәсіпкерлік субъектісінің құрылтай құжаттарымен белгіленеді.
7. Жеке кәсіпкерлік субъектісі тіркеу, бақылау функцияларын орындау кезінде және басқа да іс-әрекеттер жасау кезінде мемлекеттік органдарға және лауазымды адамдарға Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген, оларға жүктелген функцияларды іске асыру үшін қажетті ақпараттан басқа, коммерциялық құпияны құрайтын ақпаратты бермеуге құқылы.
8. Мемлекеттік орган өзіне жүктелген функцияларды іске асыру барысында алған жеке кәсіпкерлік субъектісі туралы кез келген ақпарат, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес ақпаратты басқа мемлекеттік органға беру жағдайларын қоспағанда, жария етілуге және таратылуға жатпайды.
9. Құқық қорғау органдары прокурор санкциясы, тергеу органдарының қылмыстық іс қозғау туралы қаулысы негізінде не сот қаулысының негізінде жеке кәсіпкерлік субъектісінен де, мұндай ақпаратқа ие мемлекеттік органдардан да қажетті ақпаратты, соның ішінде коммерциялық құпияны құрайтын ақпаратты сұратуға және алуға құқылы.
10. Заңды күшіне енген сот шешімі бар ақпаратты қоспағанда, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын ақпаратты жеке кәсіпкерлік субъектісінің келісімінсіз жария етуге болмайды.
11. Жеке кәсіпкерліктің нақты субъектісінің қызметі туралы мәліметті ашпайтын, жинақталған ақпарат жалпыға қолжетімді болып табылады.
12-бап. Статистикалық есептілік
Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің статистикалық есептілігі Қазақстан Республикасының мемлекеттік статистика саласындағы нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес беріледі.
Мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының мемлекеттік статистика саласындағы нормативтік құқықтық актілерінде көзделмеген мәліметтерді талап етуге құқылы емес.
13-бап. Шағын кәсіпкерлік субъектілерінің бухгалтерлік
есепке алуды жүргізу мен қаржылық есептілік
жасау тәртібi
1. Осы Заңның 27-бабына сәйкес міндетті мемлекеттік тіркеуге жатпайтын дара кәсіпкерлерді қоспағанда, шағын кәсіпкерлік субъектілерінің бухгалтерлік есепке алу мен қаржылық есептілік жасауы Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есепке алу мен қаржылық есептілік туралы заңнамасында айқындалған тәртіппен жүзеге асырылады.
2. Шағын кәсіпкерлік субъектілері Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есепке алу мен қаржылық есептілік туралы заңнамасы бойынша бухгалтерлік есепке алуды жүргізу мен қаржылық есептілік жасаудың оңайлатылған нысанын қолдануға құқылы.
3-тарау.
МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАРДЫҢ ЖЕКЕ КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУ
МЕН ҚОЛДАУ САЛАСЫНДАҒЫ ҚҰЗЫРЕТI