5. Бастамашылығы бойынша сараптама тағайындалып отырған iс жүргiзуге қатысушы сараптамалық зерттеу объектiсi ретiнде заттарды, құжаттарды ұсына алады. Тергеушi дәлелдi қаулысы арқылы оларды мұндай объектiлердiң қатарына жатқызбауға құқылы.
6. Ұсынылған мәселелердi қарағаннан кейiн тергеушi олардың қылмыстық iске немесе сот сараптамасының нысанасына жатпайтындарын қабылдамайды, сарапшыдан бас тарту үшiн негiздердiң бар-жоғын анықтайды, мұнан соң осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген талаптарды сақтай отырып, сараптама тағайындау туралы қаулы шығарады.
7. Сараптама жүргiзуге байланысты шығындарды өтеу, сондай-ақ сарапшының еңбегiне ақы төлеу осы Кодекстiң 21-тарауының ережелерi бойынша жүргiзiледi.
8. Сараптама тағайындаған тергеушi сезiктiнi, айыпталушыны, жәбiрленушiнi, егер аталған адамдардың сараптама жүргiзу кезiнде қатысуы мiндеттi деп танылса, оларды сарапшыға жеткізудi қамтамасыз етедi.
ҚР 05.05.00 ж. № 47-II; 06.11.01 ж. № 251-II Заңдарымен 243-бап өзгертілді
243-бап. Сот сараптамасын жүргiзу тапсырылуы мүмкiн адамдар
1. Сот сараптамасын жүргізу:
1) сот сараптамасы органдарының қызметкерлеріне;
2) лицензия негізінде сот-сараптама қызметін жүзеге асыратын адамдарға;
3) заң талаптарына сәйкес бір жолғы тәртіппен өзге де адамдарға тапсырылуы мүмкін.
2. Сараптама жүргiзу iс жүргiзуге қатысушылар ұсынған адамдардың бiрiне тапсырылуы мүмкiн.
3. Сараптама жүргiзу тапсырылған адамды шақыру туралы тергеушiнiң талабы аталған адам жұмыс iстейтiн ұйымның басшысы үшiн мiндеттi.
2006.04.07. № 151-III ҚР Заңымен 244-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
244-бап. Сезiктiнiң, айыпталушының, жәбiрленушiнiң
сараптама тағайындау және жүргiзу кезіндегі құқықтары
1. Сараптама тағайындалған және ол жүргiзiлген кезде жәбiрленушiнiң, сезiктiнiң, айыпталушының:
1) сараптама жүргiзiлгенге дейiн оның тағайындалғаны туралы қаулымен танысуға және өзiне тиесiлi құқықтарына түсiндiрме алуына, бұл туралы хаттама жасалады;
2) сарапшыдан бас тартуға немесе сараптама жүргiзуден сот сараптамасы органын шеттету туралы өтiнiш жасауға;
3) сарапшылар ретiнде өздерi атаған адамдарды немесе белгiлi бiр сот сараптамасы органының қызметкерлерiн тағайындау туралы, сондай-ақ сараптаманы сарапшылар комиссиясының жүргiзуi туралы өтiнiш жасауға;
4) сарапшының алдында қосымша мәселелер қою немесе бұрын қойылғандарын нақтылау туралы өтiнiш жасауға;
5) сараптама жүргізуге кедергі келтіретін жағдайларды қоспағанда, тергеушінің рұқсатымен сараптама жүргізу кезінде қатысуға, сарапшыға түсініктемелер беруге құқығы бар. Қылмыстық процесті жүргізуші орган сараптама жүргізу кезінде қатысу туралы өтінішті қанағаттандырған жағдайда жәбірленуші, күдікті, айыпталушы сараптама жүргізілу орны мен уақыты туралы хабардар етіледі. Бұл жағдайда қылмыстық процесті жүргізуші органның қатысуы міндетті. Хабарландырылған адамның келмей қалуы сараптама жүргізуге кедергі келтірмейді;
6) сарапшының қорытындысымен не оның қорытындысы тергеушiге түскеннен кейiн беруге болмайтыны туралы хабармен танысуға, өз ескертпелерiн ұсынуға, сарапшыдан жауап алу, қосымша немесе қайталама сараптама тағайындау, сондай-ақ жаңа сараптамалар жүргiзу туралы өтiнiштер жасауға құқығы бар.
2. Аталған құқықтарға, сонымен қатар сараптама жасалатын куә да және психикалық жағдайы мүмкiндiк берсе, медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану жөнiнде iс жүргiзiлiп отырған адам да ие.
3. Егер сараптама адамды сезiктi деп танығанға немесе айыпталушы ретiнде iске тартқанға дейiн жүргiзiлсе, тергеушi оны сараптама тағайындау туралы қаулымен, сарапшының қорытындысымен таныстыруға және оның осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген құқықтары мен мiндеттерiн түсiндiруге мiндеттi.
4. Жәбiрленушiлер мен куәларды сараптамадан өткізу тек олардың жазбаша келісімiмен ғана жүргiзiледi. Егер бұл адамдар кәмелетке толмаған болса немесе сот оларды әрекет қабiлетi жоқ деп таныса, сараптама жүргiзуге жазбаша келісімдi олардың заңды өкiлдерi бередi. Аталған ереже осы Кодекстiң 241-бабында көзделген жағдайларда сараптама жүргiзу үшiн қолданылмайды.
5. Осы баптың бiрiншi және екiншi бөлiктерiнде де аталған адамдар жасаған өтiнiштер қанағаттандырылған жағдайда тергеушi сараптама тағайындау туралы өз қаулысын тиiсiнше өзгертедi немесе толықтырады. Өтiнiштердi қанағаттандырудан бас тартқан жағдайда ол өтiнiш берген адамға одан қолхат алып жарияланатын қаулы шығарады.
245-бап. Сот сараптамасы органының сараптама жүргiзуi
1. Сараптама сот сараптамасы органына тапсырылған кезде тергеушi сараптама тағайындау туралы қаулыны және қажеттi материалдарды оның басшысына жiбередi. Сараптаманы сот сараптамасы органының қаулыда көрсетiлген қызметкерi жүргiзедi. Егер қаулыда нақты бiр сарапшы көрсетiлмесе, сарапшыны сот сараптамасы органының басшысы таңдайды, бұл туралы сараптама тағайындаған адамға хабарлайды.
2. Сот сараптамасы органының басшысы сараптама жүргiзудi ұйымдастырады, оны жүргiзу мерзiмдерiн белгiлейдi, сараптамалық зерттеудiң сапалы жүргiзiлуiне және сараптама объектiлерiнiң сақталуын қамтамасыз етуге бақылау жасайды.
3. Зерттеудiң нәтижесiн және қорытындының мазмұнын алдын-ала белгiлейтiн нұсқаулар беруге сот сараптамасы органы басшысының құқығы жоқ.
246-бап. Сот сараптамасы органынан тыс сараптама жүргiзу
1. Егер сараптама жүргiзудi сот сараптамасы органының қызметкерi болып табылмайтын адамға тапсыру ұйғарылып отырса, оны тағайындау туралы қаулыны шығарғанға дейiн тергеушi сараптама тапсыруды белгiлеп отырған адамның жеке басын, оның құзыреттілігiн анықтауға, оның сезiктiмен, айыпталушымен, жәбiрленушiмен, сараптау жүргiзiлетiн адаммен және iс жүргiзуге басқа да қатысушылармен ара қатынасын анықтауға және сарапшыдан бас тартуға негiздердiң бар-жоғын тексеруге мiндеттi.
2. Тергеушi сараптама тағайындау туралы қаулы шығарады, оны сарапшыға тапсырады, оған осы Кодекстiң 83-бабында көзделген құқықтар мен мiндеттердi түсiндiредi және көрiнеу жалған қорытынды бергенi үшiн қылмыстық жауаптылығы туралы ескертедi. Бұл iс-әрекеттiң орындалғаны туралы тергеушi сарапшының қол қоюымен куәландырылатын сараптама тағайындау туралы хаттамада белгi жасайды. Сарапшы жасаған мәлiмдеме және оның өтiнiштерi де осылайша бекітіледi. Сарапшының өтiнiшiн қабылдамау туралы сараптама тағайындаған адам дәлелдi қаулы шығарады.
247-бап. Сараптама жүргiзу үшiн медициналық
мекемеге орналастыру
1. Егер сот-медициналық немесе сот-психиатриялық сараптама тағайындалған немесе жүргiзiлген кезде стационарлық байқау қажеттiгi туындаса, сезiктi, айыпталушы, жәбiрленушi, куә медициналық мекемеге орналастырылуы мүмкiн, бұл туралы сараптама тағайындау туралы қаулыда көрсетiледi. Жәбiрленушi, куә медициналық мекемеге осы Кодекстiң 241-бабында көзделген реттерден басқа жағдайларда тек олардың жазбаша келісімiмен ғана орналастырылуы мүмкiн.
2. Сот-медициналық және сот-психиатриялық сараптама жүргiзу үшiн күзетпен ұсталмайтын сезiктiнi немесе айыпталушыны, сондай-ақ жәбiрленушi мен куәнi медициналық мекемеге жiберу осы Кодекстiң 14-бабының екiншi бөлiгiнде көзделген тәртiппен жүргiзiледi.
3. Стационарлық сот-психиатриялық сараптама жүргiзу үшiн сезiктiнi медициналық мекемеге орналастыру кезiнде оған айып тағылуға тиiстi мерзiм сезiктiнiң психикалық хал-ахуалы туралы сарапшылар комиссиясының қорытындысы алынғанға дейiн үзiледi.
248-бап. Сараптама объектiлерi
1. Заттай дәлелдер, құжаттар, адамның денесi мен психикалық ахуалы, мәйiттер, жануарлар, сараптамалық алынған үлгiлер, сондай-ақ қылмыстық iс материалдарындағы сараптама нысанасына жататын мәлiметтер сараптама объектiлерi болып табылады.
2. Сараптамалық зерттеу объектiлерiнiң дәлдiгi мен оларға жол берiлетiнiне сараптаманы тағайындаған орган кепiлдiк бередi.
3. Сараптамалық зерттеу объектiлерi, егер олардың көлемi мен қасиеттерi мүмкiндiк берсе, сарапшыға буып-түйiлген және мөрмен бекітілген күйiнде берiледi. Басқа жағдайларда сараптаманы тағайындаған адам сарапшыны зерттеу объектiлерi орналасқан жерге жеткізудi, оларға бөгетсiз қол жеткізудi және зерттеу жүргiзу үшiн қажеттi шарттарды қамтамасыз етуге тиiс.
4. Сараптамалық зерттеу объектiлерiн пайдалану заттай дәлелдердi алудың, iске қоса тiгудiң, сақтау мен жоюдың осы Кодексте көзделген ережелерiне сәйкес жүзеге асырылады.
249-бап. Жеке және комиссиялық сараптама
1. Сараптаманы сарапшы жеке не сарапшылар комиссиясы жүзеге асырады.
2. Комиссиялық сараптама күрделi сараптамалық зерттеулердi жүргiзу қажет болған жағдайларда тағайындалады және оны бiр мамандықтағы бiрнеше сарапшы жүргiзедi.
3. Ақыл-есiнiң дұрыстығы туралы мәселе бойынша сот-психиатриялық сараптама жүргiзу үшiн кемiнде үш сарапшы тағайындалады.
4. Сараптама комиссиясының мүшелерi алынған нәтижелердi бiрлесiп талдайды және ортақ пiкiрге келгенде қорытындыға не қорытынды берудiң мүмкiн еместiгi туралы хабарламаға қол қояды. Сарапшылар арасында келiспеушiлiк болған жағдайда олардың әрқайсысы немесе сарапшылардың бiр бөлiгi жеке қорытынды бередi не пiкiрi комиссияның басқа мүшелерiнiң қорытындысымен сәйкес келмеген сарапшы пiкiрiн қорытындыда жеке тұжырымдайды.
5. Тергеушiнiң комиссиялық сараптама жүргiзу туралы қаулысы сот сараптамасы органының басшысы үшiн мiндеттi болып табылады. Сот сараптамасы органының басшысы ұсынылған материалдар бойынша комиссиялық сараптама жүргiзу туралы өз бетiнше шешiм қабылдауға және оны жүргiзудi ұйымдастыруға құқылы.
250-бап. Кешендi сараптама
1. Кешендi сараптама iс үшiн маңызы бар жағдайларды анықтау үшiн әртүрлi білім саласының негiзiнде зерттеулер жүргiзу қажет болған кезде тағайындалады және оны әртүрлi мамандықтағы сарапшылар өз құзыретiнiң шегiнде жүргiзедi.
2. Кешендi сараптаманың қорытындысында әрбiр сарапшының қандай зерттеудi, қандай көлемде жүргiзгенi және оның қандай қорытындыға келгенi көрсетiлуге тиiс. Әрбiр сарапшы қорытындының осы зерттеулер мазмұндалған бөлiгiне қол қояды.
3. Әрбiр сарапшы жүргiзген зерттеулер нәтижелерiнiң негiзiнде олар анықтау үшiн сараптама тағайындалған мән-жай туралы ортақ қорытынды (қорытындылар) тұжырымдайды. Ортақ қорытындыны (қорытындыларды) алынған нәтижелердi бағалауға құзыретi бар сарапшылар ғана тұжырымдап, қол қояды. Егер комиссияның немесе оның бiр бөлiгiнiң түпкiлiктi қорытындысына сарапшылардың бiрi (жекелеген сарапшылар) анықтаған фактiлер негiз болса, онда бұл туралы қорытындыда көрсетiлуге тиiс.
4. Сарапшылар арасында келiспеушiлiк болған жағдайда зерттеулердiң нәтижелерi осы Кодекстiң 249-бабының төртiншi бөлiгiне сәйкес ресiмделедi.
5. Сот сараптамасы органы тапсырылған кешендi сараптама жүргiзудi ұйымдастыру оның басшысына жүктеледi. Сот сараптамасы органының басшысы сол сияқты тергеушiнiң қаулысына сәйкес ұсынылған материалдар бойынша кешендi сараптама жүргiзу туралы өз бетiнше шешiм қабылдауға және оны жүргiзудi ұйымдастыруға құқылы.
251-бап. Сарапшы қорытындысының мазмұны
1. Қажеттi зерттеулер жүргiзiлгеннен кейiн оның нәтижелерiн есепке ала отырып, сарапшы (сарапшылар) өз атынан жазбаша қорытынды жасап, оны өз қолын қоюы және жеке мөрi арқылы растап, сараптама тағайындаған органға жiбередi. Сараптаманы сот сараптамасы органы жүргiзген жағдайда сарапшының (сарапшылардың) қолы аталған органның мөрiмен расталады.
2. Сарапшының қорытындысында мыналар көрсетiлуге тиiс: қашан, қай жерде, кiм (тегi, аты, әкесiнiң аты, білімi, мамандығы, мамандығы бойынша жұмыс стажы, ғылыми дәрежесi және ғылыми атағы, лауазымы), қандай негiзде сараптама жүргiзiлдi, көрiнеу жалған қорытынды бергенi үшiн қылмыстық жауаптылығы туралы өзiне ескертiлгенi туралы сарапшының қол қоюымен куәландырылған белгi; сарапшының алдына қойылған мәселелер; сараптама жүргiзу кезiнде кiм қатысты және қандай түсiнiктемелер бердi; сарапшы қылмыстық iстiң қандай материалдарын пайдаланды; қандай объектiлер зерттелдi; қандай зерттеулер жүргiзiлдi, қандай әдiстер қолданылды және олардың сенімдiлiк шамасы қандай; қойылған сұрақтарға негiздi жауаптар. Егер сараптама жүргiзу кезiнде сарапшы iс үшiн маңызы бар, олар туралы сұрақ қойылмаған мән-жайларды анықтаса, ол бұларды өз қорытындысында көрсетуге құқылы.
3. Егер зерттеу барысында осы Кодекстiң 252-бабында көрсетiлген мән-жайлар анықталса, қорытындыда қойылған сұрақтардың барлығына немесе олардың кейбіреуiне жауап берудiң мүмкiн болмауының негiздемесi қамтылуға тиiс.
4. Қорытындыға зерттеуден кейiн қалған объектiлер, оның iшiнде үлгiлер, сондай-ақ фотокестелер, схемалар, графиктер, кестелер және сарапшының қорытындысын растайтын басқа да материалдар қоса тiркелуге тиiс. Қорытындының қосымшасына сарапшы (сарапшылар) қол қояды.
252-бап. Қорытынды берудiң мүмкiн еместiгi туралы хабарлама
Егер сарапшының зерттеу жүргiзгенге дейiн оның алдына қойылған мәселелер өзiнiң арнайы бөлiмдерiнiң аясынан тыс екенiне не оған ұсынылған материалдар қорытынды беру үшiн жарамсыз немесе жеткiлiксiз екенiне және орындалуы мүмкiн емес екенiне, не ғылым мен сараптама тәжiрибесiнiң жайы қойылған сұрақтарға жауап беруге мүмкiндiк бермейтiнiне көзi жетсе, ол қорытынды берудiң мүмкiн еместiгi туралы дәлелдi хабарлама жазып, оны сараптама тағайындаған органға немесе адамға жiбередi.
253-бап. Сарапшыдан жауап алу
1. Егер сарапшының қорытындысы жеткiлiктi түрде айқын болмаса, қосымша зерттеулер жүргiзу талап етiлмейтiндей олқылықтары болса, немесе сарапшы қолданған әдiстер мен терминдердi нақтылау қажет болса, тергеушi сарапшыдан аталған мән-жайлар бойынша жауап алуға құқылы. Сарапшының өзiнiң жауаптарын өз қолымен жазуына болады. Сарапшыдан жауап алу хаттамасы осы Кодекстiң 203-бабында жазылған ережелердi сақтай отырып жасалады.
2. Сарапшы қорытынды бергенге дейiн одан жауап алуға жол берiлмейдi.
254-бап. Сезiктiге, айыпталушыға, жәбiрленушiге және
куәға сарапшы қорытындыларын көрсету
1. Сарапшының қорытындысы немесе оның қорытынды беру мүмкiн емес екендiгi туралы хабарламасы, сондай-ақ сарапшыдан жауап алу хаттамасы алдын ала тергеу аяқталғанға дейiн сараптама жасалған сезiктiге, айыпталушыға, жәбiрленушiге, сондай-ақ куәға көрсетiледi, ол өз түсiнiктемелерiн беруге және сараптама қорытындылары бойынша қарсылықтарын мәлiмдеуге құқылы. Мұндай өтiнiштi қанағаттандырған немесе оны қабылдамаған жағдайда тергеушi тиiстi қаулы шығарады, оны өтiнiш бiлдiрген адамнан қолхат алып хабарлайды.
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде аталған адамдарды сарапшының қорытындысымен және одан жауап алудың хаттамасымен таныстыру туралы хаттама жасалады, онда жасалған мәлiмдемелер немесе қарсылық бiлдiрулер көрсетiледi.
3. Осы баптың ережелерi адамды айыпталушы ретiнде тартқанға не ол сезiктi немесе жәбiрленушi деп танылғанға дейiн сараптама жүргiзiлген жағдайларда да қолданылады.
ҚР 05.05.00 ж. № 47-II Заңымен 255-бап өзгертілді
255-бап. Қосымша және қайталама сараптама
1. Қосымша сараптама қорытынды толық немесе жеткiлiктi түрде айқын болмаған, сондай-ақ осының алдындағы зерттеумен байланысты қосымша мәселелердi шешу қажет болған жағдайда тағайындалады.
2. Қосымша сараптаманы жүргiзу сол сарапшының өзiне немесе басқа сарапшыға тапсырылуы мүмкiн.
3. Қайталама сараптама сарапшының алдыңғы қорытындысы жеткiлiктi түрде негiздi болмағанда не оның дұрыстығы күмәндi болған не сараптаманы тағайындау мен жүргiзудің iс жүргiзу нормалары елеулi түрде бұзылған жағдайларда дәл сол объектiлердi зерттеу және дәл сол мәселелердi шешу үшiн тағайындалады.
4. Қайталама сараптама тағайындау туралы қаулыда алдыңғы сараптаманың нәтижелерiмен келiспеудiң дәлелдерi келтiруге тиiс.
5. Қайталама сараптама жүргiзу сарапшылар комиссиясына тапсырылады. Алдыңғы сараптаманы жүргiзген сарапшылар қайталама сарапшылар жүргiзген кезде қатысып, комиссияға түсiнiктемелер бере алады, бiрақ олар сараптамалық зерттеуге және қорытынды жасауға қатыспайды.
6. Қосымша және қайталама сараптама тапсырылған кезде сарапшыға (сарапшыларға) алдыңғы сараптамалардың қорытындылары ұсынылуға тиiс.
7. Қосымша және қайталама сараптамалар осы Кодекстiң 240, 242-252-баптарының ережелерi сақтала отырып тағайындалады және жүргiзiледi.
33-тарау. Үлгілер алу
256-бап. Үлгiлер алудың негiздерi
1. Тергеушi көзi тiрi адамның, мәйiттiң, жануардың, бұйымның, заттың қасиеттерiн бейнелейтiн үлгiлерiн зерттеудiң iс үшiн маңызы болғанда оларды алуға құқылы.
2. Үлгi ретiнде, атап айтқанда:
1) қан, ұрық, шаш, қиып алынған тырнақ, дененiң сыртқы бетiнiң микроскопиялық қорытындылары;
2) сiлекей, тер және басқа бөлiнiп шығатындар;
3) терi бедерiнiң iзi, тiстiң қалыбы;
4) қолжазба мәтiн, бұйымдар, адамның дағдысын бейнелейтiн басқа материалдар;
5) дауыс фонограммасы;
6) материалдардың, заттардың, шикiзаттың, дайын өнiмнiң сынамалары;
7) гильзалардың, оқтардың қару мен тетiк iздерiнiң үлгiлерi алынады.
3. Үлгiлер алу туралы дәлелдi қаулы шығарылады, онда: үлгiлердi алатын адам; үлгiлер алынатын адам (ұйым); нақты қандай үлгiлер қандай мөлшерде алынуға тиiс екенi; үлгiлердi алу үшiн адамның қашан және кiмге келуi керек екенi; үлгiлер алынғаннан кейiн қашан және кiмге ұсынылуға тиiс екенi көрсетiлуге тиiс.
257-бап. Үлгiлер алуға құқығы
бар адамдар мен органдар
1. Егер iс-әрекет үлгiлер алынуға тиiстi жынысы басқа адамды шешiндiрумен байланысты болмаса және ерекше кәсiптiк дағдыны талап етпесе, тергеушi жеке өзi, ал қажет болғанда дәрiгердiң, өзге маманның қатысуымен үлгiлер алуға құқылы. Өзге жағдайларда үлгiлердi тергеушiнiң тапсырмасы бойынша дәрiгер немесе маман алуы мүмкiн.
2. Үлгiлердi алу сараптамалық зерттеудiң бiр бөлiгi болып табылған жағдайда оны сарапшы алуы мүмкiн.
258-бап. Үлгiлер алуға болатын адамдар
1. Үлгiлер сезiктiден, айыпталушыдан, жәбiрленушiден, сондай-ақ медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану жөнiнде iс жүргiзiлiп отырған адамнан алынуы мүмкiн.
2. Оқиға болған жердегi немесе заттай дәлелдердегi iздердi өзге адамның қалдыруы мүмкiн екенi туралы жеткiлiктi деректер болған кезде үлгiлерi сол адамнан, бiрақ аталған iздер қалдырылуы мүмкiн жағдайлар туралы одан куә (жәбiрленушi) ретiнде жауап алынғаннан кейiн ғана алынуы мүмкiн.
259-бап. Тергеушiнiң үлгiлер алуының тәртібі
1. Тергеушi адамды өзiне шақыртып немесе ол тұрған жерге келiп, оны үлгiлер алу туралы қаулымен қолхат ала отырып таныстырады, оған және аталған тергеу iс-әрекетiне қатысушы өзге адамдарға олардың құқықтары мен мiндеттерiн түсiндiредi.
2. Тергеушi қажеттi iс-әрекеттi жеке өзi немесе маманның қатысуымен жүргiзедi, үлгiлер алады, оларды буып-түйiп, мөрмен бекiтедi.
3. Тиiстi жағдайларда үлгiлердi сұрыптап алуды, тiнтудi, эксгумацияны жүргiзу арқылы немесе оларды жүргiзумен бiр мезгiлде жүзеге асырылады.
260-бап. Дәрiгердiң немесе басқа маманның үлгiлер алуы
1. Тергеушi үлгi алынуға тиiстi адамды, сондай-ақ тиiстi тапсырмасы бар қаулыны дәрiгерге немесе басқа маманға жiбередi. Қаулыда аталған тергеу iс-әрекетiнiң барлық қатысушыларының құқықтары мен мiндеттерi көрсетiлуге тиiс. Дәрiгерге, басқа маманға апару туралы мәселенi қаулы шығарған тергеушi шешедi.
2. Дәрiгер немесе басқа маман тергеушiнiң тапсырмасы бойынша қажеттi iс-әрекет жасайды және үлгiлердi алады. Үлгiлер буып-түйiледi және олар мөрмен бекітіледi, осыдан кейiн дәрiгер немесе басқа маман жазған ресми құжатпен бiрге тергеушiге жiберiледi.
261-бап. Сарапшының үлгiлердi алуы
1. Сарапшы зерттеу процесiнде эксперименттiк үлгiлер жасауы мүмкiн, бұл туралы ол қорытындыда хабарлайды.
2. Тергеушi мұндай үлгiлердi әзiрлеу кезiнде қатысуға құқылы, бұл өзi жасайтын хаттамада көрсетiледi.
3. Зерттеу жүргiзгеннен кейiн сарапшы үлгiлердi буып-түйiлген және мөрмен бекітілген күйiнде өзiнiң қорытындысына қоса тiгедi.
262-бап. Үлгiлер алу кезіндегі жеке адам құқықтарын қорғау
Үлгiлер алудың әдiстерi мен ғылыми-техникалық құралдары адамның өмiрi мен денсаулығына қауiпсiз болуға тиiс. Жанға қатты батыра жасалатын күрделi медициналық рәсiмдердi немесе әдiстердi қолдануға бұған үлгiлер алынуға тиiстi адам, ал егер ол адам кәмелетке толмаған болса немесе психикалық ауру болса - оның заңды өкiлдерi жазбаша келісім берген жағдайда ғана жол берiледi.
263-бап. Үлгiлер алу туралы қаулының орындалу мiндеттілігi
1. Сезiктiден, айыпталушыдан үлгiлер мәжбүрленiп алынуы мүмкiн.
2. Жәбiрленушi мен куәден үлгiлер алу, мұндай әрекеттi жасауды сезiктi, айыпталушы өзiн қылмыс жасады деп әшкерелейтiн айғақтарды тексеру үшiн табанды түрде талап еткеннен, сондай-ақ жыныстық аурулар мен өзге де жұқпалы ауруларды анықтау үшiн, мұндай анықтау iс үшiн маңызы болғанда үлгiлер алу қажет болғаннан басқа жағдайларда, жәбiрленушi мен куәнiң келісімiмен ғана жүргiзiлуi мүмкiн.
3. Жәбiрленушiден, куәдан осы баптың екiншi бөлiгiнде аталған жағдайларда үлгiлердi мәжбүрлеп алуға прокурордың санкциясымен немесе соттың шешiмi бойынша ғана жол берiледi.
264-бап. Үлгiлер алудың хаттамасы
1. Тергеушi үлгiлердi алғаннан кейiн хаттама жасайды, онда үлгiлердi алу үшiн жасалған барлық әрекет олардың жүргiзiлу ретiмен, бұл үшiн қолданылған ғылыми-зерттеу және басқа әдiстер мен рәсiмдер, сондай-ақ үлгiлердiң өзi сипатталып жазылады.
2. Егер үлгiлердi тергеушiнiң тапсырмасы бойынша дәрiгер немесе басқа маман алса, онда ол бұл туралы ресми құжат жасайды, оған аталған iс-әрекетке қатысқан барлық адам қол қояды және ол осы Кодекстiң 203-бабының сегiзiншi бөлiгiнде белгiленген тәртiппен қылмыстық iске қосып тiгу үшiн тергеушiге бередi.
3. Алынған үлгiлер буып-түйiлген және мөрмен бекітілген күйiнде хаттамаға қоса тiркеледi.
34-тарау. Алдын ала тергеуді тоқтата түру
және қайта жалғастыру
265-бап. Алдын ала тергеудi тоқтату тұрудың тәртібі
1. Тергеушi алдын ала тергеудi осы Кодекстiң 50-бабының бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген негiздер бойынша тоқтата тұруға құқылы.
2. Алдын ала тергеудi тоқтата тұру туралы тергеушi дәлелдi қаулы шығарады, мұның көшiрмесi жиырма төрт сағат iшiнде прокурорға жiберiледi.
3. Алдын ала тергеудi тоқтата тұрудың алдында тергеушi айыпталушы болмаған кезде жүргiзiлуi мүмкiн барлық iс-әрекеттi орындау, оны табу, сонымен қатар қылмыс жасаған адамды анықтау үшiн барлық шараны қолдануға мiндеттi.
266-бап. Тергеушiнiң алдын ала тергеудi тоқтата тұрғаннан
кейiнгi iс әрекетi
1. Алдын ала тергеудi тоқтата тұрғаннан кейiн тергеушi бұл туралы жәбiрленушiге, оның өкiлiне, азаматтық талапкерге, азаматтық жауапкерге немесе олардың өкiлдерiне хабарлауға және сонымен бiр мезгiлде прокурорға алдын ала тергеудi тоқтата тұру туралы қаулыға шағым жасауға болатынын оларға түсiндiруге мiндеттi. Алдын ала тергеу осы Кодекстiң 50-бабының бiрiншi бөлiгiнiң 4, 6, 7-тармақтарында көзделген негiздер бойынша тоқтатылған жағдайда бұл туралы айыпталушы мен оның қорғаушысына да хабарланады.
2. Алдын ала тергеу тоқтатыла тұрғаннан кейiн тергеушi:
1) осы Кодекстiң 50-бабының бiрiншi бөлiгiнiң 1-тармағында көзделген жағдайда тiкелей өзi де, анықтау органдары арқылы да айыпталушы ретiнде жауапқа тартылуға тиiс адамды анықтау үшiн шара қолданады;
2) осы Кодекстiң 50-бабының бiрiншi бөлiгiнiң 2-тармағында көзделген жағдайда айыпталушының тұрған жерiн анықтайды, егер ол iзiн жасырса, оны iздестiру шараларын қолданады.
3. Iс жүргiзу тоқтатыла тұрған iс бойынша тергеу әрекеттерiн жүргiзуге жол берiлмейдi.
2008.05.07. № 65-IV ҚР Заңымен 267-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
267-бап. Айыпталушыны iздестiру
1. Айыпталушының тұрған жерi белгiсiз болған жағдайда тергеушi iздестiру жүргiзудi анықтау органдарына тапсыруға құқылы. Бұл тапсырма туралы алдын ала тергеудi тоқтата тұру туралы қаулыда көрсетiледi немесе жеке қаулы шығарылады.
2. Айыпталушыны iздеу алдын ала тергеу жүргiзу кезiнде де, оның тоқтатыла тұруымен бiр мезгiлде де жариялануы мүмкiн.
3. Осы Кодекстiң 139-бабында көрсетiлген негiздер болған кезде iздестiрiлiп жатқан айыпталушыға қатысты, ол табылған жағдайда, бұлтартпау шарасы қолданылуы мүмкiн. Осы Кодекстiң 150-бабында көрсетiлген жағдайларда соттың санкциясы бойынша тұтқындау түрiнде бұлтартпау шарасы қолданылуы мүмкiн.
ҚР 25.09.03 ж. № 484-II Заңымен 267-1-баппен толықтырылды; 2007.08.01. № 210-III ҚР Заңымен 267-1-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
267-1-бап. Халықаралық iздестiрудi жариялау
1. Халықаралық iздестiрудi жариялауға негiздер болған кезде қылмыстық қудалау органы айыпталушыға халықаралық iздестiру жариялау туралы прокурор санкция берген жеке қаулы шығарады.
2. Қазақстан Республикасының аумағында қылмыс жасаған және тергеуден жасырынып жүрген адамға халықаралық iздестiру жариялауға санкция беру құқығы Бас прокурор мен оның орынбасарларында, облыстардың прокурорлары мен оларға теңестірілген прокурорларда болады.
ҚР 05.05.00 ж. № 47-II Заңымен 268-бап өзгертілді
268-бап. Тоқтатыла тұрған алдын ала тергеудi қайта жалғастыру
1. Тоқтатыла тұрған алдын ала тергеу қылмыстық iзге түсу органының дәлелдi қаулысымен:
1) тоқтата тұру үшiн негiздер жойылғаннан кейiн;
2) айыпталушының қатысуынсыз жүзеге асырылуы мүмкiн тергеу iс-әрекетiн жүргiзу қажеттілігi пайда болғанда қайта жалғастырылады.