1) үкімнің кіріспе бөлімінде екінші судьяның және алқабилердің тегі көрсетілмейді;
2) ақтау үкімінің сипаттамалы-дәлелді бөлігінде алқабилердің қатысуымен сот ақтау шешімін шығарған айыптаудың мәні баяндалады және шешімге не мемлекеттік айыптаушының айыптаудан бас тартуына сілтеме қамтылады;
3) айыптау үкімінің сипаттамалы-дәлелді бөлігінде сотталушы жасағаны үшін кінәлі деп танылған қылмыстық әрекеттің сипаттамасы, жасалған әрекеттің дәрежеленуі, жаза тағайындау себептері және азаматтық талапқа қатысты сот шешімінің негіздемесі қамтылуға тиіс;
4) үкімнің қарар бөлігінде апелляциялық сатыға үкімге шағым жасау және наразылық білдіру тәртібі туралы түсінік қамтылуға тиіс.
2. Yкімге іс бойынша төрағалық етуші қол қояды.
572-бап. Сотталушының есі дұрыс емес екендігінің
анықталуына байланысты қылмыстық істі қарауды
тоқтату
1. Егер алқабилердің қатысуымен соттың істі талқылау барысында сотталушы өзінің психикалық жағдайы бойынша қылмыстық жауаптылыққа тартылуы мүмкін емес не оны өз іс-әрекеттеріне есеп беру немесе оларды басшылыққа алып жүру мүмкіндігінен айыратын, сот-психиатриялық сараптаманың тиісті қорытындысымен расталған, жан күйзелісі ауруына шалдықты деп есептеуге негіз болатын мән-жайлар анықталса, төрағалық етуші алқабилер қатысқан соттың қылмыстық істі қарауды тоқтатуы туралы қаулы шығарады және оны осы Кодекстің 12-бөлімінде көзделген тәртіппен соттың қарауына жібереді.
2. Төрағалық етушінің алқабилер қатысқан соттың істі қарауды тоқтатуы және оны осы Кодексте көзделген жалпы тәртіппен соттың қарауына жіберуі туралы қаулысы түпкілікті болып табылады және апелляциялық тәртіппен шағым жасауға, наразылық білдіруге жатпайды.
573-бап. Сот отырысының хаттамасын жүргізу ерекшеліктерi
1. Сот отырысының хаттамасы, осы Кодекстің 328-бабының талаптарына сәйкес, осы бапта көзделген ерекшеліктермен жүргізіледі.
2. Хаттамада сот отырысына шақырылған алқабиге кандидаттар құрамы және алқабилер алқасын құру барысы міндетті түрде көрсетіледі.
3. Төрағалық етушінің жүгінуі сот отырысының хаттамасына жазылады немесе оның мәтіні қылмыстық іс материалдарына тіркеліп, бұл туралы хаттамада көрсетіледі.
4. Сот отырысының хаттамасында соттың іс қарауының бүкіл барысы оның өтуінің дұрыстығын куәландыратындай етіп көрсетуге тиіс.
61-тарау.
Апелляциялық сатыдағы сотта іс жүргізудің
ерекшеліктерi
574-бап. Алқабилердің қатысуымен сот шығарған, заңды
күшіне енбеген үкімдер мен қаулыларға шағым
жасау және наразылық білдіру
1. Алқабилер қатысқан соттың заңды күшіне енбеген үкімдері мен қаулыларына шағым жасау, наразылық білдіру тәртібі, осы тарауда белгіленген ерекшеліктермен, осы Кодекстің 8-бөлімінде көзделген ережелермен айқындалады.
2. Алқабилер қатысқан соттың үкімдеріне, төрағалық етушінің істі тоқтату туралы қаулыларына, сондай-ақ төрағалық етушінің осы Кодекстің 299-бабы екінші бөлігінің 2) және 5) тармақтарында көрсетілген, алдын ала тыңдау нәтижелері бойынша шығарылған қаулыларына апелляциялық тәртіппен шағым жасалуы және наразылық білдірілуі мүмкін. Төрағалық етуші шығарған басқа қаулылар шағым жасауға және наразылық білдіруге жатпайды.
575-бап. Алқабилердің қатысуымен сот қараған істердi
апелляциялық сатыда жүргізу ерекшеліктерi
1. Апелляциялық сатыда сот шешімдерінің күшін жоюға немесе оларды өзгертуге:
1) істі аяқтау үшін айтарлықтай маңызы болуы мүмкін жол берілетін дәлелдемелерді талқылаудан негізсіз алып тастау;
2) істі аяқтау үшін айтарлықтай маңызы болуы мүмкін дәлелдемелерді тараптың зерттеуінен негізсіз бас тарту;
3) істің аяқталуына әсер еткен дәлелдемелер ретінде пайдалануға жол беруге болмайтын іс жүзіндегі деректерді сот отырысында зерттеу;
4) осы Кодекстің 415-бабының үшінші бөлігінде көрсетілген қылмыстық іс жүргізу заңын елеулі түрде бұзу негіз болып табылады.
2. Апелляциялық саты сотталған адамға онша ауыр емес қылмыс туралы қылмыстық заңды қолдануға және жасалған әрекеттің дәрежеленуінің өзгеруіне сәйкес жазаны жеңілдетуге құқылы. Бұл ретте, апелляциялық саты неғұрлым ауыр қылмыс туралы қылмыстық заңды қолдануға немесе тағайындалған жазаны ауырлатуға құқылы емес.
3. Қылмыстық іс жүргізу заңының прокурордың, жәбірленушінің немесе оның өкілінің дәлелдемелерді ұсыну құқығын шектеген бұзушылық жағдайларын қоспағанда, алқабилер қатысқан соттың ақтау үкімі апелляциялық сатыда күшін жоймауға тиіс.
62-тарау.
Қадағалау сатысындағы сотта іс жүргізу
ерекшеліктерi
576-бап. Алқабилер қатысқан соттың заңды күшіне енген
үкімдері мен қаулыларын қадағалау тәртібімен
қайта қарау
Алқабилер қатысқан соттың заңды күшіне енген үкімдері мен қаулылары туралы істер бойынша қадағалау сатысында осы Кодекстің 459-бабының бірінші бөлігінің 1), 3), 4), 6) тармақтарында және екінші бөлігінде көзделген негіздер бойынша іс жүргізілуі мүмкін.
577-бап. Алқабилер қатысқан соттың шешімін қадағалау
тәртібімен қайта қараған кезде сотталған
адамның жағдайын нашарлатуға жол бермеу
Неғұрлым ауыр қылмыс туралы қылмыстық заңды қолдану қажеттігіне байланысты айыптау үкімін, сондай-ақ сот қаулысын жазаның жеңілдігіне орай немесе сотталған адамның жағдайын нашарлатуға әкеп соқтыратын өзге де негіздер бойынша қадағалау тәртібімен қайта қарауға, сондай-ақ соттың ақтау үкімін не қылмыстық істі қысқарту туралы қаулысын қайта қарауға жол берілмейді.
Қазақстан Республикасының
Президентi
Н. Назарбаев
Ақмола, 1997 жылғы 13 желтоқсан
№ 206-І ҚРЗ