Осы редакция 2009 жылғы 14 наурыздағы енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
ҚР Үкіметінің 2008.19.02. № 160 қаулысымен ережемен толықтырылды (2008 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2005 жылғы 20 шілдедегі
№ 754 қаулысымен
бекітілген
Жеке оңалту бағдарламасына сәйкес жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы мүгедектер үшін жеке көмекшінің және естімейтіндігі бойынша мүгедектер үшін жылына отыз сағат ымдау тілі маманының әлеуметтік қызметтерін көрсету ережесі
1. Жалпы ережелер
1. Осы Жеке оңалту бағдарламасына сәйкес жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы мүгедектер үшін жеке көмекшінің және естімейтіндігі бойынша мүгедектер үшін жылына отыз сағат ымдау тілі маманының әлеуметтік қызметтерін көрсету ережесі (бұдан әрі - Ереже) «Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 13 сәуірдегі Заңына сәйкес әзірленді және жеке оңалту бағдарламасына сәйкес жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы мүгедектер үшін жеке көмекшінің және естімейтіндігі бойынша мүгедектер үшін жылына отыз сағат ымдау тілі маманының әлеуметтік қызметтерін көрсету тәртібін айқындайды.
2. Жеке көмекшінің әлеуметтік қызметтері жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы мүгедектерге көрсетіледі.
3. Ымдау тілі маманының әлеуметтік қызметтері бір мүгедекке жылына отыз сағаттан асырмай естімейтіндігі бойынша мүгедектерге көрсетіледі.
2. Жеке көмекшінің, ымдау тілі маманының әлеуметтік
қызметтерін көрсетудің тәртібі
4. Жеке көмекшінің, ымдау тілі маманының әлеуметтік қызметтерін көрсету Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік министрлігі Бақылау және әлеуметтік қорғау комитетінің аумақтық органы әзірлеген мүгедекті жеке оңалту бағдарламасы негізінде жүзеге асырылады.
5. Жеке көмекшінің және ымдау тілі маманының әлеуметтік қызметтерін алу үшін жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы мүгедектер және естімейтіндігі бойынша мүгедектер мынадай құжаттарды:
1) мүгедекті жеке оңалту бағдарламасынан үзінді көшірмені;
2) өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжатты;
3) мүгедектігі туралы анықтаманы қоса беріп, қалалық, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдеріне өтініш жасайды.
Құжаттар салыстырып тексеру үшін түпнұсқаларымен және көшірмелерімен беріледі, кейіннен құжаттардың түпнұсқалары, құжаттардың қабылданған күні мен уақыты, оларды қабылдаған тұлғаның тегі мен аты-жөні көрсетілетін растама бере отырып, өтініш иесіне қайтарылады.
6. Өзі барып өтініш жасау мүмкін болмаған жағдайда, мүгедек нотариалды түрде куәландыруды талап етпейтін сенімхат негізінде жеке көмекшінің, ымдау тілі маманының әлеуметтік қызметтерін көрсету туралы өтінішті жасауға басқа адамдарға уәкілеттік бере алады.
7. Жеке көмекшінің және ымдау тілі маманының әлеуметтік қызметтері мүгедектерге осы Ережеге қосымшаға сәйкес медициналық айғақтамалар негізінде мүгедекті жеке оңалту бағдарламасына сәйкес көрсетіледі.
Жеке көмекшінің және ымдау тілі маманының әлеуметтік қызметтерін көрсетуге мамандандырылған медициналық ұйымдарда емделуді талап ететін мынадай аурулар:
бактерия тарататын туберкулез (БК+);
жұқпалы тері және шаш аурулары;
жыныс аурулары;
адамның қорғаныш тапшылығы қоздырғышынан (АҚТҚ) туындаған ауру;
неврозды, невроз тәріздес жай-күйлерді, жеңіл дәрежедегі есуастықты, ұстамалары сирек (2-3 айда бір реттен аспайтын) түрлі этиологиядағы тырыспа синдромдарын қоспағанда, жарыместіксіз және жеке тұлғаның білініп бұзылуынсыз орны алатын психикалық бұзушылықтар;
үнемі күтім мен көмекке мұқтаждыққа әкеп соқтырған аурулардың және/немесе жарақаттардың салдары қарсы медициналық айғақтамалар болып табылады.
8. Жеке көмекшінің, ымдау тілі маманының әлеуметтік қызметтерін көрсету туралы шешімді (бұдан әрі - шешім) қалалық, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері барлық қажетті құжаттар болған кезде құжаттар қабылданған күннен бастап он жұмыс күні ішінде қабылдайды.
Шешім қабылдағаннан кейін қалалық, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері жеке көмекшінің және ымдау тілі маманының әлеуметтік қызметтерімен қамтамасыз етілуге тиіс мүгедектер туралы мәліметтерді жасайды және көрсетілген қызметтерге қажеттілікті қалыптастырады.
9. Қалалық, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес жеке көмекшінің және ымдау тілі маманының әлеуметтік қызметтерін сатып алуды жүргізеді.
10. Қалалық, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері мен жеке көмекшінің немесе ымдау тілі маманының арасындағы қатынастар әлеуметтік қызметтерді көрсетуге арналған шартпен (бұдан әрі - шарт) ресімделеді.
Шартта жеке көмекшіге және ымдау тілі маманынына қойылатын талаптар мен олар көрсететін әлеуметтік қызметтердің түрлері ескеріледі:
1) мүгедекпен бірге тұратын жерінен баратын пунктіне дейін және қайтарда: жұмысқа, оқу орындарына; сондай-ақ мүгедек жергілікті өкілді және атқарушы органдарға, сотқа, прокуратураға, әлеуметтік сала объектілеріне, заң консультацияларына, нотариусқа, мәдени-ойын-сауық іс-шараларына, спорт ғимараттарына, сауда объектілеріне, медициналық мекемелерге, тұрмыстық қызмет көрсету кәсіпорындарына және оқуына, жұмысқа орналасуына, өзінің құқықтары мен мүдделерін қорғауына және іске асыруына, ақпарат алуына, қажетті құжаттарды ресімдеуіне, бос уақытын, демалысын өткізуіне, тауарлар мен қызметтер сатып алуына байланысты мәселелерді шешуі үшін өзге де ұйымдарға барған кезде ілесіп жүру;
2) еститін және естімейтін адамдардың арасындағы делдалдық қызметті көрсетумен байланысты жұмысты орындау: мүгедектің конференцияларға, пікірталастарға және басқа да қоғамдық іс-шараларға қатысуы уақытында; мүгедектің оқуына, жұмысқа орналасуына, өзінің құқықтары мен мүдделерін қорғауына және іске асыруына, мемлекеттік органдар мен консультациялық ұйымдарда ақпарат алуына, қажетті құжаттарды ресімдеуіне байланысты мәселелерді шешуі үшін еститін адамдармен араласуы кезінде ымдау тілінен және ымдау тіліне кәсіби аударма жасау.
11. Қалалық, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері мен жеке көмекшінің және ымдау тілі маманының әлеуметтік қызметтерін көрсететін үкіметтік емес ұйым арасындағы қатынастар мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты жүзеге асыруға арналған шартпен ресімделеді.
12. Жеке көмекші мен ымдау тілі маманының әлеуметтік қызметтеріне ақы төлеу шарттары, оның ішінде жол жүру шығыстары мен басқалары, сондай-ақ жұмыс уақытының есебі, мүгедектерге қызмет көрсету нормативтері мен көрсетілетін қызметтердің тізбесі шартта ескеріледі.
13. Жеке көмекшінің әлеуметтік қызметтеріне ақы төлеуді қалалық, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері әлеуметтік жұмыс жөніндегі маманның бір сағаттық жалақысы мөлшері есебімен, бірақ күніне 8 сағаттан асырмай, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың азаматтық қызметшілеріне, қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеудің бірыңғай жүйесіне сәйкес жүргізеді.
14. Ымдау тілі маманының бір сағаттық әлеуметтік қызметіне ақы төлеу тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы Заңда белгіленген ең төмен айлық жалақының он бес пайызы мөлшері есебімен, бірақ бір мүгедекке жылына отыз сағаттан асырылмай жүзеге асырылады.
Ымдау тілі маманының жылына отыз сағаттан артық әлеуметтік қызметтер көрсетуіне кеткен уақытын мүгедек өз қаражаты есебінен төлейді.
Ережеге қосымша
Жеке көмекшінің және ымдау тілі маманының әлеуметтік
қызметтерін көрсетуге медициналық айғақтамалар
1. Жеке көмекшінің әлеуметтік қызметтерін көрсетуге:
1) толық соқырлық;
2) түзетумен екі көзінің де 0,03 дейін көру жітілігі;
3) елеулі немесе айқын түрде білінетін вестибулярлық-мишықтың бұзылуы;
4) елеулі немесе айқын түрде білінетін гиперкинетикалық амиостатикалық синдром;
5) паркинсонизм (елеулі немесе айқын түрде білінетін акинетикалық-регидтік түрі);
6) елеулі немесе айқын түрде білінетін: ауру немесе жарақаттар салдарынан туындаған гемипарез, төменгі парапарез, трипарез;
7) гемиплегия, триплегия, параплегия;
8) елеулі немесе айқын түрде білінетін қан айналымы және тыныс функцияларының бұзылуы (III кезеңдегі қан айналым жеткіліксіздігі, IV функционалдық сыныпты стенокардияға сәйкес қан тамыр жеткіліксіздігі, ІІ-ІІІ және III кезеңдегі өкпе-жүрек жеткіліксіздігімен қосарланған III дәрежелі тыныс жеткіліксіздігі және т.б.);
9) елеулі немесе айқын түрде білінетін несеп шығару жүйесі қызметінің бұзылуы (ІІІ-ІV дәрежедегі созылмалы бүйрек жеткіліксіздігі);
10) буын функцияларының ІІІ-ІV дәрежеде бұзылуымен қатар ағзаның статикалық-динамикалық функцияларының елеулі немесе айқын түрде білініп бұзылуы;
11) қолдардың екеуінің де протездеуге жарамсыз және жүріп-тұру құралдарының қолданылуын қиындататын ампутациялық тұқылдары;
12) қолдардың екеуінде де протездеуге жарамсыз және жүріп-тұру құралдарының қолданылуын қиындататын туа біткен ауытқулардың болуы;
13) екі санның протездеуге жарамсыз ампутациялық тұқылдары;
14) протездеуге жарамсыз және жүріп-тұру құралдарының қолданылуын қиындатып, қолдардың айқын білінетін функционалдық бұзылушылықтарына әкеп соғатын балтырлардың ампутациялық тұқылдары;
15) жүріп-тұрудың III дәрежеде бұзылуымен қоса аяқтардың дамуындағы туа біткен ауытқулар;
16) қолдардың жүріп-тұру құралдарының қолданылуын қиындатып айқын білінетін функционалдық бұзылушылықтарымен қосарланған буындар функцияларының ІІІ-IV дәрежеде бұзылуымен қоса жамбастың және тізе буындарының екеуінің де функционалдық тұрғыдан қолайсыз қалыптағы анкилоздары;
17) қолдардың жүріп-тұру құралдарының қолданылуын қиындатып айқын білінетін функционалдық бұзылушылықтарымен қосарланған буындар функцияларының ІІІ-ІV дәрежеде бұзылуымен қоса жамбастың және тізе буындарының екеуінің де елеулі немесе айқын білінетін контрактуралары медициналық айғақтамалар болып табылады.
2. Ымдау тілі мамандарының әлеуметтік қызметтерін көрсетуге:
1) керең-мылқаулық;
2) есту протезін қолдануға жарамсыз толық кереңдік;
3) есту протезін қолдануға жарамсыз ІІІ-ІV дәрежедегі құлақ мүкістігі;
4) қимылдық афазия;
5) көмекейдің болмауы медициналық айғақтамалар болып табылады.