566. Қарыз алушы банктiң кредиттiк қабiлетiнiң негiзгi өлшемдерi:
бұрын республикалық және/немесе жергiлiктi бюджеттердiң ақшасы есебiнен алынған кредиттер бойынша мерзiмi өткен берешектiң болмауы;
салықтық берешектiң болмауы;
конкурсты өткізу күнiнiң алдындағы соңғы үш айдың iшiнде банк заңнамасында белгiленген пруденциялық нормативтердi сақтауы;
меншiк капиталы бюджеттік кредит сомасынан кемiнде екi есе аспауы тиiс;
бюджеттік кредиттердi уақтылы қайтару бойынша қамтамасыз етудiң болуы; қажет болған кезде филиалдық желiнiң және/немесе корреспонденттiк желiнiң болуы болып табылады.
567. Жергiлiктi атқарушы органдардың кредиттiк қабiлетiнiң негiзгi өлшемi бұрын алынған кредиттер бойынша мерзiмi өткен берешектiң болмауы болып табылады.
568. Жеке тұлғаларға бюджеттік кредит берген кезде кредиттiк қабiлетiн сенім бiлдiрiлген өкіл (агент) анықтайды.
569. Бюджеттік кредиттi алуға үмiткер шетел мемлекетiнiң кредиттiк қабiлетiн жетекшi халықаралық рейтингтiк агенттiктер берген рейтингтерге сәйкес анықталады.
570. Сол сияқты кредит берушi қарыз алушының кредиттiк қабiлетiн анықтау үшiн қосымша талаптар белгiлеуi мүмкiн.
59-тарау. Мамандандырылған ұйымдарды iрiктеу тәртібі
571. Бюджеттік бағдарламалардың әкiмшiлерi тиiстi бюджеттердi қабылдағаннан кейiн бiр айдан аспайтын мерзiмде мамандандырылған ұйымдарды анықтауға үмiткерлерге (бұдан әрi - үмiткерлер) қойылатын талаптар анықталады.
572. Осы Ереженiң 571-тармағын орындағаннан кейiн бағдарламаның әкiмшiсi үш жұмыс күнi iшiнде кредит берушiмен келiсуге конкурстық құжаттаманы жiбередi.
Бюджеттi атқару жөніндегі уәкiлеттi орган он жұмыс күнi iшiнде конкурстық құжаттаманы келiседi және жазбаша түрде ол туралы бюджеттік бағдарламаның әкiмшiсiн хабардар етедi.
573. Бюджеттік бағдарламалардың әкiмшiлерi өтiнiм беру мерзiмiн көрсете отырып, бюджеттік бағдарламаларды iске асыру шеңберiнде кредиттердi алуға конкурс жариялайды.
574. Үмiткерлер бюджеттік бағдарламалар әкiмшiлерi анықтаған конкурс өткізу мерзiмдерiнде олардың конкурс талаптарына сәйкес келуiн растайтын және бюджеттік кредиттердi алу шарттары бойынша ұсыныстарды және олардың нақты бюджеттік бағдарламаларды iске асыру шеңберiнде түпкi қарыз алушыларға кредит беруiн жүзеге асыруды қамтитын құжаттарды қоса бере отырып, конкурсқа қатысуға өтiнiмдер бередi.
575. Бюджеттік бағдарламалардың әкiмшiлерi:
бюджеттік кредиттер алуға қойылатын негiзгi талаптарды қоса бере отырып, үмiткерлердiң тиiстi талаптарды сақтауы туралы ақпаратты алу мақсатында қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау жөніндегі уәкiлеттi органға;
республикалық және/немесе жергiлiктi бюджеттердiң қаражаты есебiнен бұрын алынған бюджеттік кредиттер бойынша үмiткерлердiң мерзiмi өткен берешегiнiң бар-жоғы туралы ақпарат алу мақсатында бюджеттi атқару жөніндегі орталық уәкiлеттi органға және/немесе жергiлiктi атқарушы органдарға сұрау салулар жiбередi.
576. Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау жөніндегі уәкiлеттi орган бес күннiң iшiнде сұрау салуларға сәйкес бюджеттік бағдарламалардың әкiмшiлерiне үмiткерлердiң конкурсқа қатысуына қойылатын талаптарды сақтауы туралы ақпаратты жiбередi.
577. Бюджеттi атқару жөніндегі орталық уәкiлеттi орган және/немесе жергiлiктi атқарушы органдар бюджеттік бағдарламалар әкiмшiлерiнiң сұрау салуларына сәйкес бес күннiң iшiнде бұрын республикалық және/немесе жергiлiктi бюджеттердiң қаражаты есебiнен алынған бюджеттік кредиттер бойынша үмiткерлердiң мерзiмi өткен берешегiнiң бар-жоғы туралы ақпарат жiбередi.
578. Конкурсқа қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау жөніндегі уәкiлеттi органның және бюджеттi атқару жөніндегі орталық уәкiлеттi органның және/немесе жергiлiктi атқарушы органдардың оң қорытындысын алған үмiткерлер жiберiледi.
579. Құжаттарды қарау және конкурсқа қатысуға жiберiлген үмiткерлердiң қатарынан қарыз алушыларды iрiктеу үшiн бағдарламалардың әкiмшiлерi конкурстық комиссия құрады.
Конкурстық комиссия бюджеттi атқару жөніндегі уәкiлеттi органдар мен бюджеттік бағдарламалар әкiмшiлерiнiң өкiлдерiнен тұруы тиiс.
Конкурстық комиссия бюджеттік бағдарламалардың орындалуын қамтамасыз ететiн тиiсiнше кредит беру мақсатында үмiткерлердiң өтiнiмдерiн қарауды жүргiзедi және мыналарды:
түпкi қарыз алушыларға бюджеттік кредит берумен байланысты шығыстардың ең аз деңгейiн;
қамтамасыз ету сапасын (көлемiн, нысанын, өтiмдiлiгiн);
несие қоржынының сапасын;
меншiк капиталының көлемiн;
кредит беру саласындағы жұмыс тәжiрибесiн негiзге ала отырып, оларды iрiктеудi жүзеге асырады.
580. Бюджеттік бағдарламалар әкiмшiлерi мамандандырылған ұйымдар мен сенім бiлдiрiлген өкілдер (агенттер), бюджеттік кредит беру шартына сәйкес іріктеуде артықшылығы жүзеге асырылатын қаржы агенттігін қоспағанда, конкурстық негiзде қарыз алушыны анықтайды.
581. Бюджеттi атқару жөніндегі уәкiлеттi орган бюджеттік бағдарламалар әкiмшiсiмен және конкурстық негізде анықталған мамандандырылған ұйыммен бiрлесiп Қазақстан Республикасы Үкіметінiң немесе жергiлiктi атқарушы органдардың кредиттер беру туралы қабылданған шешiмдерiнiң негiзiнде кредиттiк шарт (келісім) жасасады.
582. Бюджеттік кредит беру кезiнде туындаған барлық даулар мен келiспеушiлiктер жасасқан кредиттiк шарттар (келісімдер) талаптарына және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шешiледi.
ҚР Үкіметінің 2009.28.08. № 1280 Қаулысымен 59-1-тараумен толықтырылды
59-1-тарау. Қаржы агенттіктерін республикалық бюджеттен бюджеттік кредиттерді міндеттемелердің
орындалуын қамтамасыз етпей алатын қаржы агенттіктерінің тізбесіне енгізу тәртібі мен өлшемдері.
582-1. Республикалық бюджеттен бюджеттік кредиттерді міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз етпей алатын қаржы агенттіктерінің тізбесіне енгізу үшін агенттік бюджеттік бағдарламаның әкімшісіне мынадай құжаттарды жібереді:
1) тізбеге енгізуге арналған өтініш;
2) Жарғының нотариалды куәландырылған көшірмесі;
3) соңғы қаржы жылындағы қаржылық есептілік (бухгалтерлік теңгерім, табыстар мен шығындар туралы есеп, ақша қаражатының қозғалысы туралы есеп, капиталдағы өзгерістер туралы есеп, түсіндірме жазба);
4) тиісті салық органының салық берешегінің және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің жоқ (бар) екендігі туралы белгіленген нысандағы анықтамасының түпнұсқасы.
582-2. Бюджеттік бағдарламаның әкімшісі 5 (бес) жұмыс күнінің ішінде осы Ереженің 582-1-тармағында көрсетілген құжаттарды бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органға жібереді.
582-3. Банктік операциялардың жекелеген түрлерін жүзеге асыратын, мемлекеттің жүз пайыз қатысуы бар банктер мен ұйымдар үшін республикалық бюджеттен бюджеттік кредиттерді міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз етпей алатын қаржы агенттіктерінің тізбесіне енгізу өлшемдері осы Ереженің 110-қосымшасына сәйкес, өзге қаржы агенттіктері үшін осы Ереженің 111-қосымшасына сәйкес белгіленеді.
582-4. Бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган бюджеттік бағдарламаның әкімшісінен осы Ереженің 582-1-тармағында көрсетілген құжаттарды алған күнінен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде бюджеттік бағдарламаның әкімшісіне осы Ереженің 110 және 111-қосымшаларына сәйкес қаржы агенттігін тізбеге енгізу туралы ұсыныс енгізеді.
60-тарау. Қазақстан Республикасы Yкіметінiң мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздары бойынша кiрiстiлiктiң
орта мөлшерлi ставкасын анықтау тәртібі
583. Кiрiстiлiктiң орта мөлшерлi ставкасы бағалы қағаздардың қайталама нарығында бюджеттi атқару жөніндегі орталық уәкiлеттi орган эмитенттеген тиiстi мемлекеттік орта мерзiмдi индекстелмейтiн бағалы қағаздармен жасалған тиiстi тоқсандағы операциялардың нәтижелерi бойынша анықталады.
584. Тиiстi мемлекеттік бағалы қағаздар бойынша жасалатын операциялардың нәтижелерi бойынша «Қазақстан қор биржасы» акционерлік қоғамы (келісім бойынша) есептi тоқсаннан кейiнгi айдың бесi күнiнен кешiктiрмей бюджеттi атқару жөніндегі орталық уәкiлеттi орган эмитенттеген тиiстi мемлекеттік орта мерзiмдi индекстелмейтiн бағалы қағаздармен бағалы қағаздардың қайталама нарығындағы операциялардың нәтижесіндегі кiрiстiлiктiң қалыптасқан орта мөлшерлi ставкасының көлемi туралы ақпаратты бюджеттi атқару жөніндегі орталық уәкiлеттi органға жiбередi.
61-тарау. Жергiлiктi атқарушы органнан бюджеттік кредит бойынша берешек сомасын және/немесе мақсатқа сай пайдаланылмаған бюджеттік кредит сомасын өндiрiп алу жөніндегі рәсiмдер
585. Жергiлiктi атқарушы органның мақсатқа сай пайдаланбаған бюджеттік кредит бойынша берешек сомасын және/немесе бюджеттік кредит сомасын өндiрiп алу жөніндегі iс-шараларды бюджеттi атқару жөніндегі орталық немесе жергілікті уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
586. Бюджеттi атқару жөніндегі орталық немесе жергілікті уәкiлеттi орган ағымдағы қаржы жылының соңына қарай тиiстi жергiлiктi органның Әкіміне өтеу мерзiмiн көрсете отырып, мақсатқа сай пайдаланылмаған бюджеттік кредит бойынша берешектi өтеу және/немесе бюджеттік кредит сомасын қайтару қажеттiгi туралы ескерту жiбередi.
587. Жергiлiктi атқарушы орган ағымдағы қаржы жылының 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша бюджеттік кредит бойынша берешек сомасын қайтармаған жағдайда, бюджеттi атқару жөніндегі орталық немесе жергілікті уәкiлеттi орган қазынашылықтың тиісті аумақтық бөлімшелеріне тиісті жергілікті атқарушы орган Әкімі аппаратының қызметін қамтамасыз ететін азаматтық-құқықтық мәмілелерді тіркеу және бюджеттік бағдарлама бойынша төлемдерді жүргізу жөніндегі операцияларды тоқтата тұру туралы жазбаша хабарлама жiбередi.
Жергілікті атқарушы орган мемлекеттік қаржылық бақылау актісіне қол қойғаннан кейін бір ай ішінде жоғары тұрған бюджеттен бөлінген мақсатсыз пайдаланған бюджеттік кредит сомасын қайтармаған жағдайда бюджетті атқару жөніндегі орталық немесе жергілікті уәкілетті орган қазынашылықтың тиісті аумақтық бөлімшелеріне тиісті жергілікті атқарушы орган Әкімі аппаратының қызметін қамтамасыз ететін азаматтық-құқықтық мәмілелерді тіркеу және бюджеттік бағдарлама бойынша төлемдерді жүргізу жөніндегі операцияларды тоқтата тұрылуы туралы жазбаша хабарлама жiбередi
ҚР Үкіметінің 2013.16.10. № 1101 Қаулысымен 588-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
588. Бюджетті атқару жөніндегі орталық немесе жергілікті уәкілетті органнан нұсқау алғаннан кейін келесі жұмыс күні аумақтық қазынашылық бөлімшесі мыналар:
1) тиісті жергілікті атқарушы орган Әкімі аппаратының қызметкерлеріне төленетін жалақы және басқа да ақшалай төлемдер;
2) салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер;
3) іссапар шығыстары;
4) міндетті зейнетақы жарналары;
5) ерікті зейнетақы жарналары;
6) әлеуметтік аударымдар;
7) банктің көрсеткен қызметіне ақы төлеу жөніндегі операцияларды қоспағанда, тиісті жергілікті атқарушы органның Әкімі аппаратының қызметін қамтамасыз ететін бюджеттік бағдарлама бойынша операцияларды тоқтата тұруды жүзеге асырады.
ҚР Үкіметінің 2010.03.07. № 688 Қаулысымен 589-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара); ҚР Үкіметінің 2013.16.10. № 1101 Қаулысымен 589-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
589. Егер тиісті жергілікті атқарушы орган әкімі аппаратының қызметін қамтамасыз ететін бюджеттік бағдарлама бойынша операцияларды жүзеге асыруды тоқтата тұру туралы жазбаша хабарлама алынған күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде бюджетті атқару жөніндегі тиісті уәкілетті орган бюджет қаражатының бос қалдықтары есебінен жергілікті бюджетке түзету жүргізбесе және аумақтық қазынашылық органдарына берешектің барлық сомасын өтеу бойынша төлеуге берілетін шоттарын ұсынбаса, бюджетті атқару жөніндегі орталық немесе жергілікті уәкілетті орган, мыналарды:
1) тиісті жергілікті атқарушы орган әкімі аппаратының қызметкерлеріне айлық жалақы және басқа да ақшалай төлемдер;
2) салықтармен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер, міндетті зейнетақы жарналары;
3) ерікті зейнетақы жарналары;
4) әлеуметтік аударымдар;
5) банктің көрсеткен қызметіне ақы төлеу жөніндегі операцияларды қоспағанда, тиісті жергілікті атқарушы орган әкімі аппаратының қызметін қамтамасыз ететін бюджеттік бағдарлама бойынша барлық операцияларды (азаматтық-құқықтық мәмілелерді тіркеу және төлемдерді жүргізуді) тоқтата тұруды жүзеге асырады.
590. Тиісті жергілікті атқарушы орган Әкiмі аппаратының қызметiн қамтамасыз ететiн бюджеттік бағдарлама бойынша операцияларды жаңарту берешектiң барлық сомасын өтеу жөніндегі төлеуге шоттар ұсынылғаннан кейiн аумақтық қазынашылық бөлiмшесi басшысының бюджетті атқару жөніндегі орталық немесе жергілікті уәкілетті органға жазбаша өтiнiмi бойынша жүргiзiледi.
ҚР Үкіметінің 2010.03.07. № 688 Қаулысымен тақырыбы өзгертілді (бұр.ред.қара)
62-тарау. Бюджеттік кредит бойынша берешектi өндiрiп алу есебiнен өндiрiп алынған мүлiктi сату және (немесе) мемлекеттік меншiкке айналдыру тәртібі, сондай-ақ бюджеттік кредитті өтеу бойынша кредит берушінің талаптарын тоқтату тәртібі
591. Бюджеттік кредит бойынша берешектi өтеу есебiне өндiрiп алынған мүлiк сенім бiлдiрiлген өкілдер (агенттер) және/немесе Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес атқару құжаттарының орындалуын қамтамасыз ету жөніндегі уәкiлеттi орган арқылы сатылуға жатады.
Сенім бiлдiрiлген өкілдер (агенттер) конкурстық негiзде мамандандырылған ұйымдарды немесе тиiстi лицензиялары бар өзге ұйымдарды тарту жолымен мүлiктi ашық аукционда конкурстық негiзде сатады және сатудан түскен қаражатты республикалық бюджеттiң кiрiсiне аударады. Сенім бiлдiрiлген өкілге (агентке) тапсырманы орындағаны үшiн шығыстарды төлеудi бюджеттік бағдарлама әкiмшiсi тиiстi бюджеттiң қаражаты есебiнен жүзеге асырады.
Мүлiктi сату кезiнде кредит берушi талаптарының мөлшерi республикалық бюджет кiрiсiне түскен қаражат сомасына азаяды.
592. Жекелеген жағдайларда бюджеттік кредит бойынша берешектi өтеу есебiне өндiрiп алынған мүлiк Қазақстан Республикасы Үкіметінiң шешiмi негiзiнде мемлекеттік меншiкке айналдыруға жатады.
593. Мүлiктi мемлекеттік меншiкке айналдыру кезiнде бюджеттi атқару жөніндегі орталық уәкiлеттi орган растайтын құжаттардың негiзiнде сенім бiлдiрiлген өкілмен (агентпен) және/немесе сот орындаушысымен, конкурстық басқарушымен, бюджеттік кредиттер бойынша берешектi өтеу есебiне мүлiктi мемлекеттік меншiкке қабылдауды ұйғаратын қарыз алушымен келісім жасасады.
594. Сенімхат негiзiнде әрекет ететiн бюджеттi атқару жөніндегі уәкiлеттi органның өкiлi осы Ереженiң 593-тармағында анықталған жасасқан келісімге сәйкес қабылдап алу-беру актiсi бойынша мүлiктi қабылдайды және мүлiкке меншiк құқығын тiркейдi.
595. Бюджеттік кредит бойынша берешектi өтеу есебiне мүлiктi мемлекеттік меншiкке айналдыру кезiнде кредит берушi талаптарының мөлшерi мүлiк құнының сомасына азайтылады. Бюджеттік кредиттер бойынша берешектi өтеу есебiне мемлекеттік меншiкке айналдырылатын мүлiктi бағалау тиiстi бюджеттiң қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
ҚР Үкіметінің 2010.03.07. № 688 Қаулысымен 595-1-тармақпен толықтырылды
595-1. Бюджеттік кредитті өтеу бойынша кредит берушінің талаптарын тоқтатуды Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі негізінде тиісті жылға арналған республикалық бюджет туралы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган жүзеге асырады.
ҚР Үкіметінің 2010.03.07. № 688 Қаулысымен 595-2-тармақпен толықтырылды
595-2. Олар бойынша талаптар сот шешімдері негізінде тоқтатылған қарыз алушылардың берешектері Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі негізінде тиісті жылға арналған республикалық бюджет туралы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес кредит берушінің есептен шығаруына жатады.
12-бөлiм. Мемлекеттік және мемлекет кепiлдiк берген қарыздар және мемлекет кепілгерлігімен тартылатын қарыздар
63-тарау. Қазақстан Республикасы Үкіметінiң қарыз алу тәртібі
ҚР Үкіметінің 2009.04.12. № 2011 Қаулысымен (бұр.ред.қара); 2012.26.03. № 352 Қаулысымен (бұр.ред.қара) 596-тармақ өзгертілді
596. Осы бөлiмде мынадай ұғымдар пайдаланылады:
Банк - Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен мемлекет кепiлдiк берген қарыздарға, мемлекет кепiлгерлігімен тартылған қарыздарға қызмет көрсетуге өкiлеттiк берiлген банк немесе банктiк операциялардың жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйым;
банк-кепiлгер - Қазақстан Республикасының екiншi деңгейдегi банкi немесе шетелдiк банк. Қазақстан Республикасының кепiлдiк беретiн екiншi деңгейдегi банкiн қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау жөніндегі уәкiлеттi мемлекеттік орган ұсынатын ақшалай нысанда атқаруды көздейтiн банктiк кепiлдемелер беруге заңды лицензиясы бар екiншi деңгейдегi банктердiң атауын қамтитын тiзбеден бюджеттi атқару жөніндегі уәкiлеттi орган анықтайды;
бизнес-жоспар - алдағы қарыз жылындағы төлемдер мен кiрiс көздерiнiң түрлерi туралы кесте қамтылатын алдағы қаржы жылына арналған қарыз алушы әзiрлейтiн құжат;
қарыз алушы - негiзгi борышты өтеу және сыйақыларды, сондай-ақ кредиттiк шартқа сәйкес басқа да төлемдердi төлеу жөніндегі мiндеттемелер жүктелген қарыз қаражатын алған қарыз шартының тарабы. Қазақстан Республикасы Үкіметінiң атынан қарыз алушы болып бюджеттi атқару жөніндегі уәкiлеттi орган әрекет етедi;
кепiлгерлiк шарты - тараптардың мемлекет кепiлгерлiгiн беру туралы құқық қатынастарын, мiндеттемелерi мен жауапкершiлiгiн белгiлейтiн бюджетті атқару жөнiндегі уәкiлеттi орган мен мемлекет кепiлгерлiгiмен тартылатын мемлекеттік емес қарыз бойынша облигациялар ұстаушылардың өкiлi арасындағы жазбаша келісім;
облигациялар ұстаушылардың өкiлi - бағалы қағаздардың қайталама нарығында инфрақұрылымдық облигацияларды айналдыру, облигациялар бойынша сыйақылар төлеу және оларды өтеу үстiнде эмитентпен жасалған шарт негiзiнде қарыз берушiлер мүддесiнде әрекет ететiн ұйым;
жергiлiктi атқарушы орган - облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, облыстық маңызы бар қалалардың, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттiң, ауылдың (селоның), ауылдық (селолық) округтiң жергiлiктi атқарушы органы;
мемлекет кепiлдiк берген қарыздар бойынша алдағы төлемдердi қамтамасыз ету жүйесi - қарыз алушының бюджеттi атқару жөніндегі уәкiлеттi органмен келісім бойынша арнайы шарты салым шотын ашуы, сондай-ақ қарыз алушы тиесiлi соманы белгiленген мерзiмде төлемеген жағдайда, мемлекет кепiлдiк берген қарыз бойынша берешектi өтеу туралы қарыз алушының бюджеттi атқару жөніндегі уәкiлеттi органның алдында банктiң кепiлдiгiн беруi;
шартты салымның арнайы шоты (қызмет көрсету шоты) - қарыз алушының Қазақстанның Даму Банкiнде ашылған және тек қана мемлекет кепiлдiк берген қарыз, мемлекет кепілгерлігімен тартылған қарыз бойынша алдағы төлемдердi өтеудi қамтамасыз етуге ғана арналған арнайы шартты салым шотында ақшаның бөлiгiн мерзiмдi төлеу арқылы мiндеттi жинақтамасы;
шартты салымның арнайы шотындағы (қызмет көрсету шоты) қаражат қарыз туралы шартқа (келісімге) сәйкес алдағы төлем күніне дейінгі отыз бес күн бұрын негізгі борыштың, есептелген пайыздардың (сыйақының), сондай-ақ өзге де төлемдердің алдағы төлемдерінің жүз пайызы мөлшерінде белгіленеді;
арнайы несие шоты - Банкте тек концессия объектісін құру үшін пайдалана алынатын инфрақұрылымдық облигацияларды орналастырудан түскен қаражатты есепке алу үшін ашылған арнайы несие шотында ақша бөлігінің кезеңді төлемдері арқылы қарыз алушының міндетті жинағы.
мемлекеттік кепiлдiк беру туралы келісім - бюджеттi атқару жөніндегі уәкiлеттi органның, сенім білдірілген өкілдің (агенттiң) және қарыз алушының арасындағы мемлекеттік кепiлдiк беру туралы тараптардың құқықтық қатынастарын белгiлейтiн мемлекет кепiлдiк берген қарыз, мемлекеттік кепiлдiк бойынша мiндеттемелердi атқарған жағдайда оқшауландырылған республикалық бюджеттiң қаражатын қайтару бойынша мемлекет кепiлдiк берген қарыз шартына сәйкес мiндеттемелердiң орындалуын қамтамасыз ету жөніндегі келісім;
концессия мәселелері бойынша мамандандырылған ұйым - концессия мәселелері бойынша қызмет көрсету үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі құрған ұйым;
түпкi қарыз алушы - Қазақстан Республикасының резидентi болып табылатын қарыз алушы анықтаған шарттарда қарыз қаражатын түпкi алушы;
Бағдарламалық сыртқы қарыз - саланы, оның ішінде көрсетілген мақсаттарға жұмсалған бюджеттің ағымдағы шығындарын жабу жолымен де реформалау және институционалдық дамыту жөніндегі іс-шараларды қаржыландыруға тартылатын сыртқы үкіметтік қарыз түрі.
ҚР Үкіметінің 2009.04.12. № 2011 Қаулысымен 596-1-тармақпен толықтырылды; ҚР Үкіметінің 2010.03.07. № 688 Қаулысымен 596-1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
596-1. Бағдарламалық сыртқы қарыздар әкімші іс-шараларды іске асыру басталатын бірінші жылдың алдындағы қаржы жылында бюджеттік өтінімнің құрамында берген және жобаны іске асырудың бүкіл кезеңіндегі іс-шаралардың тізбесі мен есептеулерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген сараптамаларды және мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның экономикалық қорытындысын ұсына отырып, іс-шаралардың жүзеге асырылуын және тиімділігін зерделеу нәтижелерін қамтитын бағдарламалық құжатының іс-шаралары бойынша іске асырылады.
ҚР Үкіметінің 2010.03.07. № 688 Қаулысымен 597-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара); ҚР Үкіметінің 2013.16.10. № 1101 Қаулысымен 597-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
597. Қабылданған макроэкономикалық көрсеткіштерге сүйене отырып, бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Ұлттық банкімен және мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен бірлесіп, әлеуметтік-экономикалық даму болжамы мен республиканың алдағы үш жылдық кезеңге арналған бюджеттік өлшемдері, жинақталған мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген борыштың көлемі мен құрылымының негізінде үкіметтік қарыз алу мен борыштың алдағы орта мерзімді кезеңіне арналған жыл сайынғы жай-күйін бағалау және болжауды жүргізеді.
598. Бюджеттi атқару жөніндегі орталық уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасы Үкіметінiң қарыз алу көлемдерiн, нысандарын және шарттарын, ағамдағы қаржы жылына арналған республикалық бюджетте бекітілетiн үкiметтiк борышты өтеу және қызмет көрсету көлемдерiн анықтайды
ҚР Үкіметінің 2009.09.11. № 1789 Қаулысымен (бұр.ред.қара); 2009.04.12. № 2011 Қаулысымен (бұр.ред.қара) 599-тармақ жаңа редакцияда; ҚР Үкіметінің 2010.03.07. № 688 Қаулысымен (бұр.ред.қара); 2012.26.03. № 352 Қаулысымен (бұр.ред.қара); 2013.16.10. № 1101 Қаулысымен (бұр.ред.қара) 599-тармақ өзгертілді
599. Республикалық бюджеттің тапшылығын қаржыландыру үшін тартылатын үкіметтік қарыздар бойынша кезекті қаржы жылына арналған болжамды деректер мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның бюджеті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органмен бірлесіп:
1) қолданыстағы және тартылуы болжанған сыртқы үкіметтік қарыз қаражатын игеру болжамын;
2) Қазақстан Республикасы Үкіметінің сыртқы борышының жинақталған қалдық деңгейін және халықаралық қаржы ұйымдары мен қарыз беруші елдердің үкіметтерімен, басқа да сыртқы қарыз берушілермен өзара іс-қимылдың перспективаларын ескере отырып, болжанған бағдарламалық және инвестициялық үкіметтік сыртқы қарыздардың тізбесін қалыптастыру жолымен болжанатын үкіметтік қарыздарды;
3) ішкі және халықаралық капитал нарықтарында мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыруды қоса алғанда, бюджет тапшылығының жоғарыда санамаланған көздер жаппаған бөлігін қаржыландыру үшін өзге де болжанған қарыз алу көздері мен құралдарын анықтауды қамтиды.
64-тарау. Қазақстан Республикасы Үкіметінiң мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздарды шығару жолымен қарыз алуы
600. Қазақстан Республикасының Үкіметі iшкi және халықаралық капитал нарықтарында мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздар шығару туралы шешiм қабылдайды.
601. Халықаралық капиталдар нарықтарына мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздар шығару үшiн:
1) елдiң кредиттiк рейтингiн жаңарту, инвесторларды тарту мақсатында мемлекеттік бағалы қағаздар шығару нарығы мен әрiптестерiн анықтау жөнiнде iс-шаралар ұйымдастыру және өткізу;
2) осындай мәмiле үшiн белгiленген талаптарға сәйкес қажеттi құжаттамалар дайындау жүзеге асырылады.
65-тарау. Қарыз шарттарын жасасу жолымен Қазақстан Республикасы Yкіметінiң қарыз алуы
ҚР Үкіметінің 2009.04.12. № 2011 Қаулысымен (бұр.ред.қара); 2012.26.03. № 352 Қаулысымен (бұр.ред.қара) 602-тармақ жаңа редакцияда
602. Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан сыртқы қарыз тартуды болжанған бағдарламалық және инвестициялық үкіметтік сыртқы қарыздар тізбесінің шеңберінде жобаны (жобалық құжаттың іс-шараларын) (бұдан әрі - жоба) іске асыруға бағытталған әрбір бюджеттік инвестициялық жоба және/немесе бюджеттік бағдарлама бойынша республикалық бюджет комиссиясының оң шешімі негізінде бюджеттің атқарылуы жөніндегі орталық уәкілетті орган жүзеге асырады.
Республикалық бюджет комиссиясының шешімінде үкіметтік сыртқы қарыз есебінен қаржыландыруға болжанған жобаны қаржыландырудың көздері мен тетігі белгіленеді.