Көрсетілген құжаттардың әрбір парағы мемлекеттік мекеме мөрінің бедерімен расталады және орталық атқарушы органның бірінші басшысының орынбасары (ол уәкілеттік берген адам) немесе мемлекеттік мекеме басшысы (ол уәкілеттік берген адам) дәйектейді.
218. Бюджеттік бағдарлама әкімшісі жарияланған акцияларға (бағалы қағаздарға) төлеуге арналған ақша аударылғаннан кейін бір ай өткен соң бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органға төлемдер бойынша қаржыландыру жоспарына сәйкес бөлінген сомалар шегінде жарғылық капиталды арттыруға байланысты бюджеттік бағдарламалардың мақсаттарына уақтылы қол жеткізуге бағытталған іс-шаралардың іске асырылуы туралы ақпарат береді.
Инвестициялық жобаларды іске асыру және мемлекеттік бағдарламаларда көзделген міндеттерді орындау мақсатында заңды тұлғалардың жарғылық капиталдарын арттыруға бағытталған бюджеттік бағдарламаларды (кіші бағдарламаларды) жүзеге асыратын бюджеттік бағдарлама әкімшілері жыл сайын 20 қаңтарға, сондай-ақ республикалық және жергілікті бюджеттер нақтыланған жағдайда 30 күннің ішінде бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органға бюджеттік бағдарлама, (кіші бағдарлама) мақсатына уақтылы қол жеткізу бағытындағы іс-шараларды іске асыру жөніндегі ақпаратты осы Ереженің 82-қосымшасына сәйкес нысан бойынша ұсынады.
29-тарау. Қолма-қол ақшамен жасалатын операцияларды жүзеге асыру тәртібі
219. Қолма-қол ақшаны алуды мемлекеттік мекемелер банктің чектері бойынша және (немесе) корпоративтік төлем карточкаларын қолдана отырып жүзеге асырады және тізілімі мен мөлшерін бюджеттік атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган анықтайтын шығыстардың экономикалық сыныптамасының ерекшеліктері бойынша жол беріледі.
Осы Ереженің 203-тармағында көзделген ақшаны банк кассасынан чектер бойынша қолма-қол ақша алу үшін мемлекеттік мекеме банкті өзі дербес таңдайды. Мемлекеттік мекеме, аумақтық қазынашылық бөлiмшесi және банк кассалық қызмет көрсетуге осы Ереженің 83-қосымшасына сәйкес нысан бойынша шарт жасасады.
Қосымша аумақтық қазынашылық бөлiмшесi және банк Қазақстан Республикасының банктік заңнамасына сәйкес чектерді пайдалану туралы шарт жасасады.
220. Чек кітапшаларын банкте мемлекеттік мекеменiң уәкiлеттi тұлғасы мемлекеттік мекеменiң басшысы немесе ол өкілеттiк берген тұлғаның сенімхаты негiзiнде қол қою арқылы сатып алады.
Сатып алынған чек кітапшаларын мемлекеттік мекеменiң уәкiлеттi тұлғасы оларды аумақтық қазынашылық бөлiмшесiне тіркеу үшін ұсынады.
221. Банк чектер бойынша мемлекеттік мекемеге берiлген қолма-қол ақшаны есепке алуды жүргiзу үшiн республикалық бюджеттiң есебiнен ұсталатын мемлекеттік мекемелер үшiн және жергiлiктi бюджеттердiң қаражаты есебiнен ұсталатын мемлекеттік мекемелер үшiн жеке тиiстi баланс шотында банкiшiлiк шоттар ашады.
Банкте ашылған банкiшiлiк шоттардың ерекшелiгi әрбiр операциялық күннiң аяғында банкiшiлiк шоттардың қалдықтары нөл болуы тиiс.
222. Мемлекеттік мекемелер банк кассасынан қолма-қол ақша алуына аумақтық қазынашылық бөлiмшесi банкке қойылған қолдар мен мөр бедері үлгiлерi бар құжатты екi данада банкке бередi. Қойылған қолдар мен мөр бедерінің үлгiлерi бар құжат Қазақстан Республикасы Ұлттық банкi белгiлеген нысан бойынша және тәртiппен ресiмделедi.
223. Мемлекеттік мекеме чектер бойынша қолма-қол ақша алғанға дейiн бiр жұмыс күнi бұрын аумақтық қазынашылық бөлiмшесiне осы Ереженің 84-қосымшасына сәйкес нысан бойынша банкте алған қолма-қол ақшаны қалпына келтiруге арналған төлеуге берiлетiн шотты, банк қызметтерiне төлемдi, чектi, қолма-қол ақша алуға арналған өтiнiмдi қоса бере отырып, төлеуге берiлетiн шоттардың тiзiлiмiн бередi.
Төлеуге берiлетiн шоттар шығыстардың экономикалық сыныптамасының әрбiр ерекшелiгi бойынша жеке берiледi.
Чек мемлекеттік мекеменiң лауазымды тұлғасына және банктiң кассасынан қолма-қол ақша алуға арналған төлеуге берiлетiн шоттардың жалпы сомасына ресiмделедi. Чек мемлекеттік мекеменiң қолдарын қоймай-ақ және мөр бедерінсіз берiледi.
224. Аумақтық қазынашылық бөлiмшелерiнiң лауазымды тұлғалары қол қойған және елтаңбалы мөрдiң таңбасымен бекітілген мемлекеттік мекемелердiң чектерi кассалық қызмет көрсетуге арналған шартта белгiленген мерзiмде банкке берiледi.
Чектер банкке осы Ереженің 85-қосымшасына сәйкес 5-55 нысан бойынша мемлекеттік мекемелердiң қолма-қол ақшаны алуға арналған чектердiң тiзiлiмiмен бiрге республикалық бюджет есебiнен ұсталатын мемлекеттік мекемелер бойынша жеке және жергiлiктi бюджеттердiң есебiнен ұсталатын мемлекеттік мекемелер бойынша жеке берiледi.
225. Қолма-қол ақшаны берудi банк мемлекеттік мекемелердiң қолма-қол ақша алуға арналған чектердiң тiзiлiмi және атына чек берiлген мемлекеттік мекеменiң уәкiлеттi тұлғаға тiкелей чек түскеннен кейiн келесi жұмыс күнiне банк жүргiзедi.
226. Банк кассалық қызмет көрсетуге арналған шартта белгiленген мерзiмде аумақтық қазынашылық бөлiмшесiне осы Ереженің 86-қосымшасына сәйкес нысанда төленген чектердiң тiзiлiмiн бередi.
227. Корпоративтік төлем карточкаларын қолдана отырып, бюджет ақшасы есебінен есептесулерді жүзеге асыру үшін мемлекеттік мекеме карт-шот ашады, бұл ретте республикалық бюджеттік бағдарламалар әкiмшiсi бюджеттi атқару жөніндегі орталық уәкiлеттi органға, жергiлiктi бюджеттi бағдарламалар әкiмшiсi - бюджеттi атқару жөніндегі жергiлiктi уәкiлеттi органға қолдаухат бередi.
Бюджеттік бағдарламалар әкiмшiсiнiң қолдаухаты мемлекеттік мекеменің атауы мен кодын, бюджет түрін және шығыстар бағының мақсаттарын, оған сәйкес ол қалыптасқан немесе қайта ұйымдастырлған нормативтік құқықтық актіні қамтуы тиіс.
Бюджеттi атқару жөніндегі уәкілетті орган бюджеттік бағдарламалар әкiмшiсiнiң қолдаухаты келiп түскен күннен бастап бес жұмыс күннің ішінде мемлекеттік мекемеге карт-шотты ашуға осы Ереженің 87-қосымшасына сәйкес нысан бойынша екі данада рұқсат бередi.
Рұқсат беруден бас тартқан жағдайда, бюджеттік бағдарламалар әкімшісіне бас тарту себебі көрсетіле отырып, жазбаша хабарлама жіберіледі.
228. Мемлекеттік мекеме банкпен карт-шот ашуға осы Ереженің 88-қосымшасына сәйкес нысан бойынша корпоративтік төлем карточкаларын беру және оларға қызмет көрсету туралы шарт жасасады және ҚР ҰБ-нiң нормативтiк құқықтық актілерімен белгiленген құжаттарды бередi.
229. Алынған корпоративтiк төлем карточкалары осы Ереженің 89-қосымшасына сәйкес нысан бойынша мемлекеттік мекемеде тiркеу журналында тiркеледi және орталық атқарушы органның жауапты хатшысының (белгіленген тәртіппен орталық атқарушы органның жауапты хатшысының өкілеттіктері жүктелген лауазымды тұлғаның), ал мұндай болмаған жағдайда - мемлекеттік мекеме басшысының бұйрығымен анықталған уәкiлеттi тұлғаларға (бұдан әрi - есеп беретiн тұлға) қол қойып берiледi.
230. Корпоративтiк төлем карточкасын пайдалана отырып жүргiзiлетін төлемдер карт-шоттағы ақша сомасы шегінде жүзеге асырылады.
Карт-шотты толықтыру мiндеттемелер мен төлемдер бойынша бюджеттік бағдарламаларды (кiшi бағдарламаларды) қаржыландырудың жеке жоспарларымен бекітілген сомалар шегiнде төлеуге берiлетiн шот негiзiнде жүзеге асырылады.
231. Мемлекеттік мекеменің уәкілетті тұлғасы Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген мерзiмде және тәртiппен сауда чектерiн, слиптердi және чектерді және (немесе) корпоративтiк төлем карточкасын пайдалана отырып жүргiзiлген төлемдердi растау болып табылатын басқа да құжаттарды қоса бере отырып, чек бойынша және (немесе) карт-шоттан ақшаны пайдаланғаны туралы аванстық есеп бередi.
232. Ағымдағы қаржы жылының аяғына дейін карт-шоттағы ақшаның пайдаланылмаған қалдықтары және/немесе есеп беретін тұлға корпоративтiк төлем карточкасын пайдалана отырып алған пайдаланылмаған қолма-қол ақша мемлекеттік мекеменің тиісті шотына тиісінше қалпына келтірілуге тиіс. Бұл ретте егер бюджет ақшасы ағымдағы қаржы жылының аяғына дейін қалпына келтірілмеген болса, келесі қаржы жылының бірінші үш жұмыс күнінде бюджет ақшасының қайтарылатын сомасын мемлекеттік мекеме (мемлекеттік мекеменің есеп беруші тұлғасы) тиісті бюджет кірісіне аударуы тиіс. Басқа қаржы көздерінен ағымдағы қаржы жылының аяғына дейін тиісті шотқа аударылмаған ақшаларының пайдаланылмаған қалдықтарының қайтарылатын сомасы келесі қаржы жылының бірінші үш жұмыс күнінде тиісті шотқа қалпына келтірілуге тиіс.
233. Кассалық операциялар жүргізу, мемлекеттік мекемелердiң кассаларындағы қолма-қол ақша қалдығының лимитін анықтау тәртібін бюджеттi атқару жөніндегі орталық уәкiлеттi орган анықтайды.
30-тарау. Мемлекеттік мекеменiң жасалған төлемдер сомасын және ақша аударымдарын қайтару
ҚР Үкіметінің 2011.29.12. № 1654 Қаулысымен 234-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
234. Ағымдағы қаржы жылында жасалған төлемдерді қайтару кезінде аумақтық қазынашылық бөлімшесі:
1) орындалмаған міндеттемелер сомасын арттыру және шығыстардың бюджеттік сыныптамасының тиісті кодтары бойынша кассалық шығыстарды азайту арқылы мемлекеттік мекеменің кассалық шығыстарын қалпына келтіруді жүзеге асырады;
2) мемлекеттік мекемеге осы 2-38 «Төлем тапсырмасы» нысанындағы есепті Ереженің 90-қосымшасына сәйкес нысан бойынша (бұдан әрі - 2-38-нысан бойынша төлем тапсырмасы) және 5-17 «Қалпына келтіру және ауыстырулар тізілімі» нысанындағы есепті осы Ереженің 91-қосымшасына сәйкес нысан бойынша береді.
«Қазынашылық-клиент» АЖ бойынша қызмет көрсетілетін мемлекеттік мекемелер 2-38 «Төлем тапсырмасы», 5-17 «Қалпына келтіру және ауыстырулар тізілімі», 5-56 «Жалақы бойынша төлемдерді қайтару жөніндегі есеп», 5-57 «Зейнетақы төлемдерін қайтару жөніндегі есеп» нысанындағы есептерді дербес қалыптастырады.
ҚР Үкіметінің 2010.03.07. № 688 Қаулысымен 235-тармақтың екінші бөлігінің мемлекеттік тілдегі мәтіні өзгеріссіз қалдырылады; ҚР Үкіметінің 2013.24.04. № 392 Қаулысымен 235-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
235. Ағымдағы жылдың деректемелері дұрыс көрсетілмеген төлемдері немесе өткен жылдардың төлемдерiн қайтарған жағдайда, аумақтық қазынашылық бөлiмшесi мұндай төлемдерді 902 «Өзара есеп айырысулар бойынша айқындалғанға дейінгі сомалар» шотына (бұдан әрі - 902-шот) есептейді. Аумақтық қазынашылық бөлiмшесiнің жауапты орындаушысы келесі жұмыс күнінен кешіктірмей мемлекеттік мекемеге 2-38 нысан бойынша төлем тапсырмасын бередi.
Аумақтық қазынашылық бөлiмшесi жетi жұмыс күнi iшiнде олардың есептелген күнінен бастап сомалардың 902-шотқа есептелу себебiн анықтауды қамтамасыз етедi, төлемдер қате аударылған жағдайда, сома ақшаны жөнелтушiге керi қайтарылады.
ҚР Үкіметінің 2009.09.11. № 1789 Қаулысымен 236-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
236. Мемлекеттік мекеме төлем тапсырмасын алған күннен бастап үш жұмыс күнi iшiнде аумақтық қазынашылық бөлiмшесiне аумақтық қазынашылық бөлiмшесi ақша алушыға қайтарылған төлем құжатының сомасын кейiн аудару үшiн нақтыланған деректемелердi көрсете отырып не аумақтық қазынашылық бөлiмшесi қайтарылған төлем құжатының сомасын тиiстi бюджеттiң кiрiсiне кейiн аудару үшiн өткен жылдардың дебиторлық берешегiн растайтын хат жiбередi.
Тиісті бюджеттің кірісіне өткен жылдардың дебиторлық берешегін қайтару сомасын аударуға аумақтық қазынашылық бөлімшесінің 2-38-нысаны бойынша көлем тапсырмасы мемлекеттік мекеменің есебіндегі дебиторлық берешекті есептен шығару үшін негіз болып табылады.
ҚР Үкіметінің 2013.26.06. № 650 Қаулысымен 237-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
237. Ағымдағы қаржы жылы ішінде зейнетақылық, әлеуметтік аударымдар, жалақы, алименттер, стипендиялар бойынша өткен жылдардың төлемдерін қайтару мемлекеттік мекеменің хаты мен оған қоса берілген свифт-файлдың негізінде аумақтық қазынашылық бөлімшесі ақшаны жөнелтушіге одан әрі аударуы үшін 902-шотқа есептеледі.
Кірістері бойынша түсімдер сомасын есептеу кезінде 902-шотқа (құжаттарда 2-28-нысан бойынша төлем тапсырмаларындағы көрсетілген деректемелер болмаған немесе дұрыс болмаған кезде) аумақтық қазынашылық органы соманы ақшаны жөнелтушіге не мемлекеттік мекеменің хаты негізінде деректемелерді нақтылаған кезде тиісті бюджеттің кірісіне есептелуі мүмкін.
Мемлекеттік мекеменің және жергілікті өзін-өзі басқарудың ақылы қызметтердің, демеушілік, қайырымдылық көмектің, ақшаны уақытша орналастырудың ҚБШ түсімдер бойынша 902-шотына есептелген сомалар 2-38-нысан бойынша төлем тапсырмаларында көрсетілген деректемелер болмаған немесе қате көрсетілген кезде аумақтық қазынашылық бөлімшесі мемлекеттік мекеме хатының негізінде деректемелерді нақтылаған кезде ақшаны алушыға есептейді.
Ағымдағы қаржы жылының соңында зейнетақылық, әлеуметтік аударымдар, жалақы, алименттер, стипендиялар бойынша төлемдерді қайтару өткен жылдардың төлемдерін қайтару мемлекеттік мекеменің хаты мен оған қоса берілген свифт-файлдың негізінде аумақтық қазынашылық бөлімшесі ақшаны жөнелтушіге одан әрі аударуы үшін 902-шотқа есептеледі.
ҚР Үкіметінің 2009.09.11. № 1789 Қаулысымен 30-1-тараумен толықтырылды
30-1-Тарау. Есептеудің аккредитивті нысанын пайдалану
237-1. Шетел валютасында жасалған шарттар бойынша Қазақстан Республикасының резидент еместерінің пайдасына шетел валютасында төлемдер және ақша аударуды жүзеге асыру кезінде құжаттық аккредитивті (бұдан әрі - аккредитив) қолдана отырып, есеп айырысу нысанын пайдалануға жол беріледі.
ҚР Үкіметінің 2010.03.07. № 688 Қаулысымен 237-2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
237-2. Аккредитив ағымдағы қаржы жылына көзделген шарт сомасының шегінде және шетел валютасындағы шарттың қолданылу мерзіміне ашылады. Бұл ретте шартты ағымдағы қаржы жылының 31 желтоқсанына дейінгі немесе ағымдағы қаржы жылынан асатын қолданылу мерзімімен шарт жасасқан жағдайда аккредитивтің қолданылу мерзімі аккредитив ашылатын қаржы жылының 15 желтоқсанынан кешіктірмей белгіленеді.
237-3. Аккредитивті шетел валютасында ашу үшін мемлекеттік мекеме аумақтық қазынашылық бөлімшесіне ҚР ҰБ белгіленген тәртіппен ресімделетін және ұсынылатын өтінімді ұсынады. Осы Ережеде белгіленген тәртіппен тіркелген аккредитивті пайдалану көзделген шарт өтінімді ресімдеу үшін негіз болып табылады.
237-4. Аккредитив трансферленбейтін (аударылмайтын) болуы тиіс.
237-5. Аккредитив ҚР ҰБ-да ашылады. Есептеудің аккредитивті нысанын қолдана отырып жасалған шарттың талаптарында аккредитивпен көзделген құжаттарды тиісті ұсынуға дейін банк-эмитентте (ҚР ҰБ) аккредитив бойынша жабудың болуы көзделеді.
237-6. Аккредитивтің талаптарының мерзімнен бұрын орындалуына не аккредитивті қолдану мерзімінің аяқталуына байланысты шетел валютасындағы аккредитив жабылады.
ҚР Үкіметінің 2010.03.07. № 688 Қаулысымен 237-7-тармақтың мемлекеттік тілдегі мәтіні өзгеріссіз қалдырылады
237-7. Шетел валютасындағы аккредитивтің пайдаланылмаған сомасы аккредитивтің қолданылу мерзімі аяқталған соң, қайта айырбастау жөніндегі рәсімдерді жүзеге асырғаннан кейін шетел валютасы айырбасталған шығыстар БСК бойынша ағымдағы қаржы жылының кассалық шығыстарын қалпына келтіру жолымен есепке алынады.
237-8. Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган мемлекеттік мекемелердің аккредитив сомаларының есебін жүргізеді.
31-тарау. Инкассолық өкiмдердi орындау тәртібі
ҚР Үкіметінің 2012.26.03. № 352 Қаулысымен 238-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
238. Инкассолық өкім соттардың заңды күшіне енген шешімдеріне, ұйғарымдарына, қаулыларына, бұйрықтарына сәйкес берілген, сондай-ақ пайда болған салық берешегін, міндетті зейнетақы жарналары немесе әлеуметтік аударымдар бойынша берешекті, кеден органдары алдындағы берешекті өтеуге байланысты атқарушылық құжаттарды мемлекеттік мекеменің/квазимемлекеттік сектор субъектісінің мәжбүрлі түрде орындауына негіз болып табылатын құжатты білдіреді. Инкассолық өкім мемлекеттік мекеме/квазимемлекеттік сектор субъектісі төлемінің негізділігін растайтын құжат болып табылады.
Салық қызметі органдары мен кеден органдарының инкассолық өкімдерін қоспағанда, инкассолық өкім атқару парағы немесе сот шешімі (үкімі, ұйғарымы, қаулысы) немесе ақшаны өндіріп алу туралы сот бұйрығы негізінде және Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген басқа да негіздер бойынша берілген бұйрықтың негізінде жасалады.
Инкассолық өкім оны жасау үшін негіз болып табылатын атқарушылық құжаттың түпнұсқасын не әрбір беті соттың елтаңбалық мөрімен куәландырылған осы құжаттың көшірмесін қоса, Қазақстан Республикасының банктік заңнамасында белгіленген нысан бойынша 2 данада мемлекеттік мекемеге/квазимемлекеттік сектор субъектісіне қызмет көрсетілетін аумақтық қазынашылық бөлімшесіне беріледі.
Инкассолық өкімді аумақтық қазынашылық бөлімшесі инкассолық өкім есептен шыққан күннен 10 (он) күнтізбелік күн ішінде орындауға қабылдауы тиіс.
Инкассолық өкімдерді қабылдау кезінде аумақтық қазынашылық бөлімшесінің жауапты орындаушысы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қолдардың және мөр бедерінің болуына көзбен тексеруді жүзеге асырады.
ҚР Үкіметінің 2012.26.03. № 352 Қаулысымен 239-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
239. Инкассолық өкім Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға, оның ішінде осы Ереженің 238-тармағына сәйкес болған кезде 92 және 92-1-қосымшасына сәйкес нысан бойынша, инкассолық өкімдерді есепке алу журналында тіркеледі, ол беттердің жалпы санын көрсете отырып, нөмірленген, тігінделген және елтаңбалы мөр бедерімен және аумақтық қазынашылық бөлімшесі басшысының қойылған қолымен нықталған болуы тиіс.
Жазбалар хронологиялық тәртіппен жүргізіледі, инкассолық өкімнің түскен күні журналда көрсетілген күнге сәйкес келуі тиіс. Инкассолық өкімдерді есепке алу журналы бюджет түрлері және қаржыландыру көздері бойынша жүргізіледі.
Инкассолық өкім Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес келмеген және атқарушы құжаттарды ұсыну үшін, оның ішінде осы Ереженің 238-тармағында белгіленген мерзімі өтіп кеткен кезде инкассолық өкім екі жұмыс күні ішінде қайтару себептерін жазбаша негіздеумен орындалмай қайтаруға жатады.
ҚР Үкіметінің 2012.26.03. № 352 Қаулысымен 240-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
240. Салық және кеден органдарының атқарушы құжаттары бойынша мемлекеттік мекемеге/квазимемлекеттік сектор субъектісіне қойған инкассолық өкімдері аумақтық қазынашылық бөлімшесіне бір мезгілде түскен кезде, оларды орындау Азаматтық кодексте белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
Салық және кеден органдарының инкассолық өкімдері мемлекеттік мекемеге/квазимемлекеттік сектор субъектісіне бір мезгілде түскен кезде, салық берешегі сомаларын өндіріп алуға қойылған инкассолық өкімдер бірінші кезекте орындалады.
ҚР Үкіметінің 2011.31.08. № 990 Қаулысымен (бұр.ред.қара); 2012.26.03. № 352 Қаулысымен (бұр.ред.қара); 2013.26.06. № 650 Қаулысымен (бұр.ред.қара) 241-тармақ жаңа редакцияда
241. Инкассолық өкiмдi орындау:
1) инкассолық өкім мемлекеттiк мекеменiң кодына қойылған жағдайда, ағымдағы қаржы жылының қабылданбаған мiндеттемелерi бойынша жоспарлы тағайындау сомасы. Сондай-ақ мемлекеттiк сатып алу бойынша үнемдеудi қоса алғанда, бюджеттiк бағдарлама бойынша бюджет қаражатының қолда бар үнемi инкассолық өкiмдi орындауға жiберiледi;
2) қабылданбаған мiндеттемелер бойынша жоспарлы тағайындау сомасы және оны мемлекеттiк мекемелердiң олардың иелігінде қалатын тауарларды (жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi) сатуынан түсетiн ақшаны есептеумен және олардың есебінен шығыстарды жүргізумен байланысты операцияларды есепке алуға арналған ҚБШ қойған жағдайда, мемлекеттiк мекемелердiң тауарларды (жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi) сатуынан түсетiн ақша;
3) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес оны мемлекеттік мекемелер үшін алатын демеушілік, қайырымдылық көмектен түскен ақшаны есептеумен және жұмсаумен байланысты операцияларды есепке алуға арналған ҚБШ қойылған жағдайда демеушілік, қайырымдылық көмек ақшасының қалдығы;
4) квазимемлекеттік сектор субъектісінің шотындағы ақша қалдығы және банктік заңнамаға сәйкес;
5) жергілікті өзін-өзі басқарудың ҚБШ шығарған жағдайда, жергілікті өзін-өзі басқарудың ҚБШ-дағы ақша қалдығы есебінен жүргiзiледi.
ҚР Үкіметінің 2009.09.11. № 1789 Қаулысымен 241-1-тармақпен толықтырылды
241-1. Атқару құжаттарының негізінде ұсынылған инкассалық өкімді орындау шығыстардың экономикалық сыныптамасының тиісті ерекшелігі бойынша жасалады. Атқару құжаттарын, сот актілерін орындауға арналған шығыстардың экономикалық сыныптамасының ерекшеліктері бойынша қаражат жетіспеген не жоқ болған жағдайда инкассалық өкімді орындау жеке қаржыландыру жоспарларына өзгерістер енгізу жолымен жүзеге асырылады.
ҚР Үкіметінің 2013.26.06. № 650 Қаулысымен 242-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
242. Инкассолық өкімді алғаннан кейін аумақтық қазынашылық бөлімшесінің жауапты орындаушысы:
1) мемлекеттік мекемеге инкассолық өкімді тіркеген күннен кейінгі келесі жұмыс күнінен кешіктірмей инкассолық өкімді қою және мына:
мемлекеттік мекемелердің қызметін ұстау жүзеге асырылатын бюджеттік бағдарлама (кіші бағдарлама) бойынша;
міндеттемелерді тіркеу және мемлекеттік мекемелердің ақылы қызметтер ҚБШ бойынша төлем жүргізу жөнінде;
мемлекеттік мекемелердің демеушілік, қайырымдылық көмектің және жергілікті өзін-өзі басқарудың ҚБШ бойынша төлем жүргізу жөнінде;
осы Ережеге 238-тармақта көзделген жағдайларда инкассолық өкімнің бірінші данасы мен атқарушы құжаттың көшірмесі қоса беріле отырып, операцияларды тоқтата тұру туралы жазбаша хабарлама (бұдан әрі - хабарлама хат) жібереді. Аумақтық қазынашылық бөлімшесінде инкассолық өкімнің екінші данасы, оны атқарушы құжаттар негізінде қойған жағдайда - инкассолық өкімнің көшірмесімен бірге атқарушы құжаттың түпнұсқасы (көшірмесі) қалады;
2) сол күнi мыналар бойынша:
жалақы және басқа да ақша, оның ішінде штаттан тыс қызметкерлердің төлемдерi;
Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген ақшалай өтемақы;
салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер;
жәрдемақы, алимент;
мiндеттi зейнетақы жарналары;
әлеуметтiк аударымдар;
банк қызметтерiне ақы төлеу бойынша төлемдер мен ақша аударымдары жүзеге асырылатын шығыстардың ҚБШ-ны қоспағанда, қызметтерiн қамтамасыз ету жүзеге асырылатын бюджеттік бағдарламаның (кiшi бағдарламаның) пайдаланылмаған қалдықтары бойынша операцияларды тоқтата тұру жүзеге асырылады.
ҚР Үкіметінің 2012.26.03. № 352 Қаулысымен 242-1-тармақпен толықтырылды
242-1. Аумақтық қазынашылық бөлімшесінің жауапты орындаушысы инкассолық өкімді алып, квазимемлекеттік сектор субъектісінің шотындағы қалдықтар шегінде инкассолық өкімде көрсетілген алушының пайдасына акцептсіз ақша алуды жүзеге асырады. Келесі жұмыс күні осы Ереженің 90-қосымшасына сәйкес 2-38-нысанды және 76-қосымшасына сәйкес 5-15-нысанды қалыптастырады және басып шығарады. 2-38-нысан мөртабанмен расталады және оған аумақтық қазынашылық бөлімшенің жауапты орындаушысының қолы қойылады да ақшаның алынғанын растайтын құжат ретінде квазимемлекеттік сектор субъектісіне беріледі.
243. Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен қаражат өндіріп алу туралы атқарушы құжаттар бойынша инкассолық өкімдер қойылған кезде мемлекеттік мекемелердi ұстау жүзеге асырылатын бюджеттік бағдарлама (кiшi бағдарлама) бойынша операцияларды тоқтата тұру жүргізілмейді.
244. Операцияларды тоқтата тұру, осы Ереженің 242-тармағының 2) тармақшасының екінші - сегізінші абзацында көзделген шығыстардың БСК қоспағанда, аумақтық қазынашылық бөлiмшесiнiң мемлекеттік мекемелердi ұстау жүзеге асырылатын бюджеттік бағдарлама (кiшi бағдарлама) бойынша пайдаланылмаған қалдықтары есебінен мемлекеттік мекемелердiң құжаттарын қабылдауды және орындауды тоқтата тұруды көздейді.
ҚР Үкіметінің 2011.31.08. № 990 Қаулысымен 245-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); ҚР Үкіметінің 2012.26.03. № 352 Қаулысымен (бұр.ред.қара); 2013.24.04. № 392 Қаулысымен (бұр.ред.қара) 245-тармақ өзгертілді
245. Мемлекеттік мекеме хабарлама хатты алып, инкассолық өкім түскен күннен бастап келесі жұмыс күнінен кешіктірмей инкассолық өкім деректері негізінде төлеуге берілетін шотты қалыптастыру және аумақтық қазынашылық бөлімшесіне ұсыну жолымен инкассолық өкімнің орындалуын қамтамасыз етеді.
Мемлекеттік мекеме мемлекеттік сатып алу бойынша үнемдеуді қоса алғанда, қабылданбаған міндеттемелер мен бюджеттік бағдарлама шығыстарын үнемдеу бойынша жоспарлы тағайындау сомасы жетіспеген немесе болмаған жағдайда бюджеттік бағдарламалардың әкімшілерін инкассолық өкім қойылғаны туралы хабардар етеді және инкассолық өкімді орындауды аумақтық қазынашылық бөлімшесінде инкассолық өкім тіркелген күннен бастап 20 (жиырма) жұмыс күні ішінде жүзеге асырады.
Бюджеттік бағдарламалар әкімшісі осы Ережеде белгіленген тәртіппен басқа ведомстволық бағынысты мемлекеттік мекемелердің пайдаланылмаған жоспарлы тағайындауларын азайту есебінен инкассолық өкім шығарылған мемлекеттік мекеменің жоспарлы тағайындауларын арттыру рәсімдерін жүзеге асырады.