Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын орналастыру үшін материалдық емес активтерді қоспағанда, рұқсат етілген қаржы құралдарының тізбесін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 28 қаңтардағы № 66 Қаулысы
(2024.14.06. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)
Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Бюджет кодексіне сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын орналастыру үшін материалдық емес активтерді қоспағанда, рұқсат етілген қаржы құралдарының тізбесі бекітілсін.
2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:
1) «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын орналастыру үшін рұқсат етілген материалдық емес активтерді қоспағанда, шетелдік қаржы құралдарының тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 26 қарашадағы № 1236 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2004 ж., № 46, 584-құжат);
2) «Қазақстан Республикасының Үкіметінің 2004 жылғы 26 қарашадағы № 1236 қаулысына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 11 қазандағы № 977 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2006 ж., № 37, 413-құжат).
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | К. Мәсімов |
ҚР Үкіметінің 2012.24.05. № 665 Қаулысымен (бұр.ред.қара); 2012.10.12. № 1572 Қаулысымен (бұр.ред.қара); 2014.12.04. № 350 Қаулысымен (бұр.ред.қара); 2014.30.06. № 731 Қаулысымен тізбе өзгертілді (бұр.ред.қара); ҚР Үкіметінің 2017.30.06. № 403 Қаулысымен тізбе жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); ҚР Үкіметінің 2022.30.12. № 1115 Қаулысымен (бұр.ред.қара); 2023.29.09. № 845 Қаулысымен (бұр.ред.қара); 2024.14.06. № 470 Қаулысымен (бұр.ред.қара) тізбе өзгертілді
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2008 жылғы 28 қаңтардағы
№ 66 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын орналастыру үшін материалдық
емес активтерді қоспағанда, рұқсат етілген қаржы құралдарының
тізбесі
1. Шетелдік қаржы құралдары, оның ішінде шетелдік қаржы нарықтарында айналыстағы құралдар:
1) мемлекеттік және агенттік бағалы қағаздар;
2) мемлекеттік және агенттік бағалы қағаздарға инвестициялау шеңберінде муниципалдық бағалы қағаздар;
3) халықаралық қаржы ұйымдарының (ХҚҰ) бағалы қағаздары;
4) корпоративтік бағалы қағаздар;
5) корпоративтік бағалы қағаздарға инвестициялау шеңберінде айырбасталатын бағалы қағаздар;
6) жылжымайтын мүлік (MBS) және активтер (ABS) кепілдікке қойылған бағалы қағаздар;
7) акциялар;
8) репо және кері репо операциялары;
9) шетел валютасындағы және алтындағы депозиттер (салымдар);
10) кепіл арқылы бағалы қағаздарды қарызға беру (securities lending);
11) туынды қаржы құралдары;
12) құрылымдық өнімдер;
13) валюталар;
14) ақша нарығы қорлары;
15) құймадағы және металл шоттардағы алтын;
16) биржалық инвестициялық қорлар (ETFs);
17) балама құралдар;
18) арнайы мақсаттағы компаниялар мен әріптестіктердің акциялары мен үлестері (SPV - special purpose vehicle).
2. Қазақстандық қаржы құралдары:
1) Қазақстан Республикасы Президентінің тікелей тапсырмасы бойынша іске асырылатын стратегиялық инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру үшін шығарылатын «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының борыштық бағалы қағаздары;
2) Халықаралық SPO (Secondary public offering) жүргізу кезінде Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының үлесін басым түрде өткізу құқығымен республикалық бюджетті қаржыландыру үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша нарықтық құнына дисконтпен «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының және «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» акционерлік қоғамының акциялары.