Инвестициялық қорлар туралы 2004 жылғы 7 шілдедегі
№ 576-II Қазақстан Республикасының Заңы
(2008.23.10. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)
Осы редакция 2008 жылғы 20 қарашадағы енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
2007.12.01 № 222-III ҚР Заңымен бүкіл мәтін бойынша «қайтарып алған», «қайтарып алынғаны», «лицензиясы қайтарып алынса», «лицензияны қайтарып алған», «қайтарып алынған», «(қайтарып алынуына)», «лицензиясы қайтарып алынған» деген сөздер тиісінше «одан айырған», «одан айырылғаны», «лицензиясынан айырылса», «лицензиядан айырған», «одан айырылған», «(одан айырылуына)», «лицензиясынан айырылған» деген сөздермен ауыстырылды (бұр. ред. қара)
Осы Заң Қазақстан Республикасындағы акционерлік инвестициялық қордың құқықтық жағдайын, құрылу, қызмет ету, қайта ұйымдастырылу және таратылу ерекшелiктерiн, инвестициялық пай қорының құрылу, жұмыс iстеу және жұмыс iстеуiн тоқтату шарттары мен тәртібін айқындайды, бағалы қағаздар рыногына кәсiпқой қатысушылардың инвестициялық қорлардың жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету жөніндегі қызметiне байланысты қатынастарды реттейдi, сондай-ақ инвестициялық қорларды мемлекеттік реттеу тәртібін белгiлейдi.
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) инвестициялық қордың активтерi - акционерлік инвестициялық қорға тиесiлi немесе инвестициялық пай қорын құрайтын активтер жиынтығы;
2) акционерлік инвестициялық қор - қызметiнiң айрықша түрi осы Заңда белгiленген талаптарға және өзiнiң инвестициялық декларациясына сәйкес осы қоғамның акционерлерi оның акцияларын төлеу үшiн қосқан ақшаны, сондай-ақ осындай инвестициялау нәтижесiнде алынған активтердi жинақтау мен инвестициялау болып табылатын акционерлік қоғам;
3) пайды сатып алу - басқарушы компанияның пайды ұстаушыдан оны сатып алу арқылы инвестициялық пай қорының активтерiн сенiмгерлiк басқару шартын бұзу;
4) пай ұстаушы - инвестициялық пай қорының пайларын ұстаушылар тiзiлiмi жүйесiнде немесе нақтылы ұстауды есепке алу жүйесiнде жеке шоты бар және инвестициялық пай қорының пайлары бойынша құқықтары бар тұлға;
5) әртараптандыру - инвестициялық қор активтерiн олардың құнының төмендеу қаупiн азайту мақсатында түрлi қаржы құралдарына және өзге мүлiкке орналастыру;
6) сенiмгерлiк басқару шарты - осы Заңда белгiленген талаптарға сәйкес ақшаны сенiмгерлiк басқаруға беру туралы басқарушы компанияның акционерлік инвестициялық қормен немесе инвестициялық пай қорының инвесторымен жасайтын инвестициялық қор активтерiн құрайтын инвестициялық портфельдi басқару жөніндегі шарт;
7) инвестициялық декларация - инвестициялау объектiлерiнiң тiзбесiн, инвестициялық қор активтерiне қатысты инвестициялық қызмет мақсатын, стратегиясын, шарттарын және оны шектеудi, қор активтерiн хеджирлеу және әртараптандыру шарттарын айқындайтын құжат;
8) инвестициялық шешiм - инвестициялық қордың активтерiн басқару процесiнде қабылданатын оның активтерiмен мәмiле жасасу туралы шешiм;
9) инвестициялық кiрiс - инвестициялық қор активтерiн инвестициялау нәтижесiнде алынған олардың ақшалай көрiнiсіндегі өсiмi;
10) инвестициялық қор - осы Заңға сәйкес құрылған акционерлік немесе инвестициялық пай қоры;
11) пайдың нақтылы құны - инвестициялық пай қорының пайларын бастапқы орналастыру кезіндегі пай құнының ақшалай көрiнiсi;
12) инвестициялық пай қоры - пайға, сондай-ақ оларды инвестициялау нәтижесiнде сатып алынған өзге де активтерге ақы төлеуден алынған, пайларды ұстаушыларға ортақ үлестiк меншiк құқығымен тиесiлi және басқарушы компанияның басқаруындағы ақша жиынтығы;
13) пай - инвестициялық пай қорындағы оның иесiнiң үлесiн, инвестициялық пай қоры жұмыс iстеуiн тоқтатқан кезде оның активтерiн өткізуден алынған ақшаны алу құқығын, сондай-ақ осы Заңда айқындалған инвестициялық пай қоры қызметiнiң ерекшелiктерiне байланысты өзге де құқықтарды растайтын, шығарылымы құжаттандырылмаған нысандағы атаулы эмиссиялық бағалы қағаз;
14) пайларды бастапқы орналастыру - инвестициялық пай қоры активтерiнiң ең төменгi мөлшерiн қалыптастыру мақсатында пайларды нақтылы құны бойынша орналастыру кезеңi;
15) инвестициялық пай қорының ережесi - инвестициялық пай қорының мақсаттарын, жұмыс iстеу және жұмыс iстеуiн тоқтату шарттары мен тәртібін айқындайтын құжат;
16) пайдың есептелу құны - инвестициялық пай қорының таза активтерiнiң құнын оның айналыстағы пайларының санына бөлу арқылы айқындалатын пай құнының ақшалай көрiнiсi;
17) инвестициялық қордың таза активтерiнiң құны - инвестициялық қордың барлық активтерiнiң құны мен оның инвестициялық қор активтерi есебiнен төленуге жататын мiндеттемелерi не есептелген шығыстары арасындағы айырма ретiнде айқындалатын инвестициялық қор активтерi құнының ақшалай көрiнiсі;
18) уәкiлеттi орган - қаржы рыногын және қаржылық ұйымдарды реттеу мен қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
19) басқарушы компания - инвестициялық портфельдi басқаруға берiлген лицензия негiзiнде инвестициялық қор активтерiн сенiмгерлiк басқаруды жүзеге асыратын бағалы қағаздар рыногының кәсiпқой қатысушысы.
2006.07.07. № 182-III ҚР Заңымен 20) тармақшамен толықтырылды
20) жылжымайтын мүлік қоры - қызметінің айрықша түрі осы Заңда белгіленген талаптарға және өзінің инвестициялық декларациясына сәйкес, осы қоғамның акционерлері оның акцияларын төлеу үшін қосқан ақшаны, сондай-ақ осындай инвестициялау нәтижесінде алынған активтерді жылжымайтын мүлікке және осы Заңмен өзге де рұқсат берілген мүлікке жинақтау мен инвестициялау болып табылатын акционерлік инвестициялық қор.
2-бап. Қазақстан Республикасының инвестициялық қорлар
туралы заңдары
1. Қазақстан Республикасының инвестициялық қорлар туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнен, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзге ережелер белгiленсе, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.
3. Егер осы Заңда өзгеше белгiленбеген болса, Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар рыногы туралы және акционерлік қоғамдар туралы заңдары инвестициялық қорларға қолданылады.
3-бап. Осы Заңның реттеу нысанасы
1. Осы Заң:
1) акционерлік инвестициялық қорлардың құқықтық жағдайының және қызмет етуiнiң ерекшелiктерiне байланысты;
2) инвестициялық пай қорларын құру, олардың жұмыс iстеуi және жұмыс iстеуiн тоқтату процесiнде туындайтын;
3) бағалы қағаздар рыногына кәсiби қатысушылардың инвестициялық қорлардың активтерiн сенiмгерлiк басқару, оларды есепке алу мен сақтау, сондай-ақ инвестициялық қорлардың бағалы қағаздарын шығаруды, орналастыруды, айналысқа жiберудi, сатып алуды және өтеудi қамтамасыз ету жөніндегі қызметiне байланысты құқықтық қатынастарды реттейдi.
2. Осы Заң, басқарушы компанияларды қоспағанда, қызметi Қазақстан Республикасының басқа заң актілерімен реттелетiн өзге тұлғалар жүзеге асыратын мүлiктi сенiмгерлiк басқару жөніндегі қатынастарға қолданылмайды.
3. Осы Заң құрылу тәртібі мен қызметi Қазақстан Республикасының жеке заң актiсiмен белгiленетiн Қазақстанның Инвестициялық қорына қолданылмайды.
4-бап. Инвестициялық қорлардың түрлерi
1. Қазақстан Республикасында инвестициялық қорлардың мынадай түрлерi:
1) акционерлік инвестициялық қор;
2) ашық, аралық немесе жабық нысандарда құрылуы мүмкiн инвестициялық пай қоры жұмыс iстейдi.
2006.07.07. № 182-III ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды
1-1. Жылжымайтын мүлік қоры оның акцияларын ұстаушысына жылына кемінде бір рет акциялар бойынша дивидендтер алуға құқық береді. Дивидендтерді төлеуге жіберілетін ақшаның ең аз мөлшері қордың таза кірісінің кемінде тоқсан процентін құрауға тиіс.
2. Ашық инвестициялық пай қоры оның пай ұстаушысына басқарушы компаниядан осы Заңда және осы инвестициялық қордың ережелерiнде белгiленген жағдайларда, шарттарда және тәртiппен пайды сатып алуын талап етуге құқық бередi, бiрақ ол екi аптада бiр реттен кем болмауға тиiс.
3. Инвестициялық аралық пай қоры оның пай ұстаушысына басқарушы компаниядан осы Заңда және осы инвестициялық қордың ережелерiнде белгiленген жағдайларда, шарттарда және тәртiппен пайды сатып алуын талап етуге құқық бередi, бiрақ ол жылына бiр реттен кем болмауға тиiс.
4. Жабық инвестициялық пай қоры оның пай ұстаушысына осы қордың пай ұстаушыларының жалпы жиналысына қатысуға, сондай-ақ қор ережелерiнде көзделген жағдайларда және тәртiппен пай бойынша дивидендтер алуға құқық бередi.
Жабық инвестициялық пай қорының пай ұстаушысы басқарушы компаниядан өзiне тиесiлi пайларды сатып алуды талап етуге құқылы емес.
5. Инвестициялық декларациясында немесе ережелерiнде осы Заңның 41-бабы 1-тармағының 6) және 8)-12) тармақшаларында белгiленген инвестициялау шарттарын сақтамай, қордың активтерiн инвестициялау мүмкiндiгi көзделген инвестициялық қор тәуекелмен инвестициялау қоры болып табылады.
2006.07.07. № 182-III ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
6. Акционерлік немесе жабық инвестициялық пай қорлары ғана тәуекелмен инвестицияланатын инвестициялық қорлар бола алады. Жылжымайтын мүлік қоры тәуекелмен инвестицияланатын қорлар бола алмайды.
7. Инвестициялық портфельдi басқаруға лицензиясы болған кезде акционерлік инвестициялық қор өз активтерiн басқаруды жүзеге асыруға құқылы.
Өз активтерiн дербес басқаруды жүзеге асыратын акционерлік инвестициялық қор өзге тұлғалардың активтерiн басқаруды жүзеге асыруға құқылы емес.
5-бап. Инвестициялық қордың атауы
1. Акционерлік инвестициялық қордың атауында "акционерлік инвестициялық қор" деген сөздер болуға тиiс.
2006.07.07. № 182-III ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды
1-1. Жылжымайтын мүлік қоры болып әрекет ететін акционерлік инвестициялық қордың атауында «жылжымайтын мүлік қоры» деген сөздер болуға тиіс.
2. Тәуекелмен инвестицияланатын инвестициялық қордың атауында осы қордың тәуекелмен инвестициялау қоры болып табылатыны көрсетiлуге тиiс.
3. Инвестициялық пай қорының атауында "инвестициялық пай қоры" деген сөздердiң болуы, оның ашық, аралық немесе жабық болып табылатыны көрсетiлуге тиiс.
4. Инвестициялық қордың атауында "ұлттық", "орталық", "үкiметтiк", "кепiлдiк берiлген" немесе "сақтандырылған" деген сөздердi кез келген тiлде көрсетiлген немесе өзгертiлген түрiнде пайдалануға тыйым салынады.
Инвестициялық қордың атауы инвестициялардан түскен кiрiстi сақтандыруды немесе оған кепiлдiк берудi растауға немесе бiлдiруге тиiс емес.
5. Әдiлет органдарында акционерлік инвестициялық қор ретiнде тiркелмеген және уәкiлеттi органда инвестициялық қордың акциялар шығарылымын тiркемеген заңды тұлға өзін инвестициялық қор деп атауға, инвестициялық қор ретiнде қызметтi жүзеге асыруға және өз атауларында кез келген тiркесте "инвестициялық қор" деген сөздердi пайдалануға құқылы емес.
6-бап. Инвестициялық қордың инвестициялық қызметi
Инвестициялық қордың инвестициялық қызметi осы қор акционерлерiнiң немесе пай ұстаушыларының кiрiстер алуы және мұндай инвестициялау кезiнде қауiптiң азайтылуын қамтамасыз ету мақсатында акционерлік инвестициялық қор тиiстi лицензиясы болған кезде дербес немесе қорды басқарушы компанияның қор активтерiн инвестициялауынан тұрады.
2008.23.10. № 72-IV ҚР Заңымен тақырыбы өзгертiлдi (бұр. ред. қара)
7-бап. Басқарушы компания аудитiне инвестициялық қор активтерiне қатысты
қойылатын талаптар
Инвестициялық қордың басқарушы компаниясының жыл сайынғы аудиторлық есептерiнде:
1) инвестициялық қор активтерiне және олармен жасалатын операцияларға қатысты есеп жүргiзу мен есептiлiктi;
2) инвестициялық қор активтерiнiң құрамын;
3) инвестициялық қор активтерiнiң құнын бағалау, сондай-ақ инвестициялық пай қоры пайының есептiк құнын, оның пайларын орналастыру мен сатып алу бағасын айқындау тәртібін;
4) инвестициялық қор активтерiмен жасалған мәмiлелерiн;
5) кастодианмен инвестициялық қор активтерiнiң құнына, қозғалысы мен құрамына, кейiн пайларды орналастырған немесе сатып алған кезде олардың есептiк құнына тексеру жүргiзудiң тәртібі мен нәтижелерiн тексерудiң нәтижелерi туралы мәлiметтер болуға тиiс.
2. 2008.23.10. № 72-IV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
2-тарау. Акционерлік инвестициялық қор
8-бап. Акционерлік инвестициялық қордың құрылтайшылары
мен акционерлерiне қойылатын талаптар
1. Тiзбесiн уәкiлеттi орган белгiлейтiн оффшорлық аймақтарда тiркелген заңды тұлғалар акционерлік инвестициялық қордың құрылтайшылары немесе акционерлерi бола алмайды.
2. Осы инвестициялық қормен тиiстi шарттар жасаған басқарушы компания, кастодиан және тiркеушi акционерлік инвестициялық қордың акционерлерi бола алмайды.
Осы тармақтың бiрiншi бөлiгiнде белгiленген тыйым салу тәуекелмен инвестициялайтын акционерлік инвестициялық қордың акционерлерiне қолданылмайды.
9-бап. Акционерлік инвестициялық қорларға қойылатын
талаптар
2006.07.07. № 182-III ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Акционерлік инвестициялық қордың:
1) осы Заңда көрсетiлген қызметтен басқа қызметтiң өзге түрлерiн жүзеге асыруға;
2) "алтын акция" енгізуге;
3) еншiлес ұйымдар құруға;
4) жай акцияларды қоспағанда, өзге қаржы құралдарын шығаруға және орналастыруға құқығы жоқ.
Осы баптың 1-тармағының 3) тармақшасында белгіленген тыйым салу тәуекелмен инвестицияланатын акционерлік инвестициялық қорларға және жылжымайтын мүлік қорларына қолданылмайды.
Негізгі қызмет түрі жылжымайтын мүлік қорларының активтері есебінен сатып алынған жылжымайтын мүлікке қызмет көрсету болып табылатын жылжымайтын мүлік қорлары еншілес ұйымдар құруға құқылы.
Жылжымайтын мүлік қорлары қордың активтері есебінен сатып алынған жылжымайтын мүлікті жалға беруге құқылы.
2. Акционерлік инвестициялық қор активтерiн басқару инвестициялық портфельдi басқаруға лицензия болған кезде дербес не сенiмгерлiк басқару шартына және осы қордың инвестициялық декларациясына сәйкес басқарушы компания арқылы жүзеге асырылады.
Акционерлік инвестициялық қор активтерiн есепке алу мен сақтауды кастодиандық шартқа сәйкес кастодиан жүзеге асырады.
3. Акционерлік инвестициялық қормен тиiстi шарттар жасасқан басқарушы компания, кастодиан және тiркеушi, тәуекелмен инвестицияланатын акционерлік инвестициялық қорға қызмет көрсететiн аталған ұйымдарды қоспағанда, өзара аффилиирленбеуге тиiс.
4. Өз активтерiн дербес басқаруды жүзеге асыратын акционерлік инвестициялық қор Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген және инвестициялық қордың басқарушы компаниясына қойылған барлық талаптарды орындауға мiндеттi.
10-бап. Акционерлік инвестициялық қордың жарғысы
Акционерлік инвестициялық қордың жарғысында Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалған мәлiметтерден басқа:
1) қызметiнiң ерекше түрi оның инвестициялық декларациясының шарттарына және Қазақстан Республикасының инвестициялық қорлар туралы заңдарында белгiленген талаптарға сәйкес инвестициялау болып табылатыны туралы ереже;
2) акционерлік инвестициялық қордың органдарын ұстауға арналған шығыстардың түрлерi, оларды айқындау тәртібі мен ең жоғары мөлшерi болуға тиiс.
11-бап. Акционерлік инвестициялық қор акцияларының
шығарылымын мемлекеттік тiркеу
1. Акционерлік инвестициялық қор акцияларының шығарылымын мемлекеттік тiркеу Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар туралы заңдарында және осы Заңда белгiленген талаптарға сәйкес жүзеге асырылады.
2. Акционерлік инвестициялық қор акцияларының шығарылымын мемлекеттік тiркеу үшiн, Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалған құжаттардан басқа, акционерлік инвестициялық қордың басқарушы компаниямен (ол болған жағдайда), кастодианмен және тiркеушiмен жасасқан шарттарының жобалары табыс етiледi.
3. Басқарушы компаниямен сенiмгерлiк басқару шарты болмаған кезде акционерлік инвестициялық қор акциялар шығарылымын мемлекеттік тiркеу үшiн құжаттарды бере отырып бiр мезгiлде инвестициялық портфельдi басқаруға лицензия алуға құжаттар табыс етедi.
Уәкiлеттi орган акция шығарылымын мемлекеттік тiркеудi және өзiн өзi басқаратын инвестициялық қорға инвестициялық портфельдi басқаруға лицензия берудi бiр мезгiлде жүзеге асырады.
4. Акционерлік инвестициялық қор акциялары шығарылымының проспектiсiнде, Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалған мәлiметтерден басқа:
1) инвестициялық декларация;
2) акционерлік инвестициялық қордың акцияларын сатып алуға өтiнiмдер берудiң және оларды орындаудың шарттары мен тәртібі;
3) акционерлік инвестициялық қордың акцияларын орналастыру және (немесе) сатып алу жөніндегі делдалдардың (олар болған жағдайда) орналасқан жерi мен байланыс телефондарының нөмiрлерi көрсетiле отырып, олардың тiзбесi болуға тиiс.
5. Уәкiлеттi орган өзiне табыс етiлген құжаттар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген талаптарға сәйкес келмеген немесе берiлген құжаттарда қайшылықты, жаңылыстыруға әкеп соқтыратын мәлiметтер болған жағдайда, акционерлік инвестициялық қордың акцияларын мемлекеттік тiркеуден бас тартуға құқылы.
6. Уәкiлеттi орган өтiнiш берушiге бас тарту негiздемелерiн көрсете отырып акционерлік инвестициялық қордың акцияларын мемлекеттік тiркеуден бас тарту туралы жазбаша хабарлауға мiндеттi.
7. Уәкiлеттi орган осы Заңда белгiленген талаптарға сәйкес Қазақстан Республикасында құрылған акционерлік инвестициялық қорларды есепке алуды жүзеге асырады.
12-бап. Акционерлік инвестициялық қордың акциялары
1. Акционерлік инвестициялық қордың акцияларына ақша Қазақстан Республикасының ұлттық валютасымен ғана төленедi.
Акцияларды орналастыру кезiнде олардың ақысын толық төлемеуге жол берiлмейдi.
2. Акционерлік инвестициялық қордың акцияларын бастапқы орналастыру кезiнде оларға төленетiн ақшаны акцияларды сатып алушы акционерлік инвестициялық қордың осы қор кастодианындағы шотына аударады.
3. Тәуекелмен инвестициялайтын акционерлік инвестициялық қорлардың акцияларын сауда-саттық ұйымдастырушылардың сауда-саттық жүйесіне орналастыруға және айналысқа жiберуге жол берiлмейдi.
13-бап. Акционерлік инвестициялық қор органдарының
жұмыс iстеу ерекшелiктерi
1. Акционерлік инвестициялық қор акционерлерiнiң жалпы жиналысына оның басқарушы компаниясының, кастодианының, тiркеушiнiң және аудиторлық ұйымының, сондай-ақ уәкiлеттi органның өкiлдерi қатысуға құқылы.
Акционерлік инвестициялық қор акционерлерiнiң жалпы жиналысын өткізу туралы жазбаша хабарлама қордың басқарушы компаниясына, кастодианына, тiркеушiсiне, аудиторлық ұйымына және уәкiлеттi органға Қазақстан Республикасының акционерлік қоғамдар туралы заңдарында және акционерлік инвестициялық қордың жарғысында белгiленген тәртiппен жiберiледi.
2. Акционерлік инвестициялық қор акционерлерi жалпы жиналысының қор акцияларын сатып алуға оның акционерлерiнiң тапсырыс беру мүмкiндiгiне әкелiп соғатын шешiмi жалпы жиналыс өткiзiлген күннен бастап күнтiзбелiк отыз күн өткеннен кейiн күшiне енедi.
3. Акционерлік инвестициялық қордың жарғысымен оның жарияланған акцияларының жалпы санын, оларды шығару, орналастыру, айналысқа жiберу және сатып алу шарттары мен тәртібін айқындау бөлiгiнде акциялар шығару проспектiсiне өзгерістер мен толықтырулар, инвестициялық декларацияға өзгерiс пен толықтыру енгізу туралы мәселелердi шешу директорлар кеңесiнiң құзыретiне жатқызылуы мүмкiн.
Егер инвестициялық декларацияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы шешiмдi директорлар кеңесi қабылдаған болса, акционер өзiне тиесiлi акцияны сатып алуды талап етуге құқығы жоқ.
4. Егер осы инвестициялық қордың жарғысында өзгеше белгiленбесе, басқарушы компаниямен, кастодианмен, тiркеушiмен және аудиторлық ұйыммен шарттар жасасу туралы шешiмдер қабылдау акционерлік инвестициялық қордың директорлар кеңесiнiң құзыретiне жатады.
14-бап. Акционерлік инвестициялық қордың акцияларын
сатып алу
1. Акционерлердiң жалпы жиналысы қорды қайта ұйымдастыру немесе осы қордың жарғысына немесе акциялар шығару проспектiсiне акционердiң құқығына қысым жасайтын өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы шешім қабылдаған жағдайда ғана, акционерлік инвестициялық қордың акционерi егер ол осы жалпы жиналысқа қатысса және көрсетiлген шешiмге қарсы дауыс берсе, өзiне тиесiлi акцияларды сатып алуды талап етуге құқылы.
2. Акционерлік қоғам инвестициялық декларацияға өзгерістер мен толықтырулар күшiне енгенге дейiн осы қордың жарғысында немесе акциялар шығару проспектiсiнде белгiленген шарттар мен тәртiпте сатып алуға берiлген барлық акцияларды сатып алуға мiндеттi. Акционерлердiң акцияларды сатып алу туралы талаптар қою құқығы осы өзгерістер мен толықтырулар күшiне енгеннен кейiн тоқтатылады.
15-бап. Акционерлік инвестициялық қорды қайта
ұйымдастыру және тарату
1. Акционерлік инвестициялық қорды мәжбүрлеп қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртiппен соттың шешiмi бойынша жүзеге асырылады. Уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген негiздемелер бойынша инвестициялық қорды мәжбүрлеп тарату туралы сотқа талап-арызбен жүгiнуге құқылы.
2. Акционерлік инвестициялық қор соттың шешiмi бойынша мәжбүрлеп қайта ұйымдастырылған немесе таратылған жағдайда соттың шешiмi заңды күшiне енген кезден бастап күнтiзбелiк жетi күн iшiнде уәкiлеттi органға сот шешiмiнiң көшiрмесiн қоса тiркеп, бұл туралы хабарлама жiбередi.
3-тарау. Иивестициялық пай қоры
16-бап. Инвестициялық пай қорының құқықтық жағдайы
1. Инвестициялық пай қоры заңды тұлға болып табылмайды.
Егер инвестициялық пай қорының ережесінде өзгеше көзделмесе, қор шектелмеген мерзiмге құрылады.
2. Инвестициялық пай қоры активтерiне меншiк құқығындағы үлес басқарушы компания шығаратын паймен куәландырылады.
Инвестициялық пай қорының активтерiн оның пайларын ұстаушылар арасында бөлуге және олардан үлестi заттай бөлiп алуға жол берiлмейдi.
3. Инвестициялық пай қоры активтерiнiң ең төменгi мөлшерi пайлар шығарылымын тiркеу күнi, тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгiленген елу мың айлық есептiк көрсеткiштi құрайды.
17-бап. Инвестициялық пай қорын құру
1. Инвестициялық пай қорын құру туралы шешiмдi, егер осы мәселе қордың жарғысында басқарушы компания акционерлерiнiң жалпы жиналысының айрықша құзыретiне жатқызылмаса, осы қордың басқарушы компаниясының директорлар кеңесi қабылдайды.
Инвестициялық пай қоры басқарушы компаниясының директорлар кеңесi, егер оның жарғысында өзгеше белгiленбесе, инвестициялық пай қорының ережелерiн бекіту, оларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы шешiмдер де қабылдайды.
2. Басқарушы компания бiр-бiрiнен инвестициялық декларациялары бойынша айырмашылығы болатын бiрнеше ашық, аралық немесе жабық инвестициялық пай қорларын құруға құқылы.
3. Басқарушы компания, кастодиан және тiркеушi, тәуекелмен инвестициялайтын инвестициялық пай қорының жұмыс iстеуiн қамтамасыз ететiн, көрсетiлген ұйымдарды қоспағанда, жұмыс iстеуiн жасалған шарттарға сәйкес өздерi қамтамасыз ететiн инвестициялық пай қорларының пайларын ұстаушылар бола алмайды.
18-бап. Инвестициялық пай қорларын бiрiктiру немесе
олардың нысанын өзгерту
1. Қордың ережелерiнде белгiленген шарттармен және тәртiппен бiр нысандағы инвестициялық пай қорларын бiрiктiруге жол берiледi.
2. Жабық инвестициялық пай қорының пайларын ұстаушылардың жалпы жиналысы қордың нысанын ашық немесе аралық инвестициялық пай қорына өзгерту туралы шешiм қабылдауы мүмкiн.
3. Ашық немесе аралық инвестициялық пай қорының нысанын жабық инвестициялық пай қорына өзгертуге жол берiлмейдi.
19-бап. Инвестициялық пай қорының активтерiн
сенiмгерлiк басқару шарты
1. Инвестор инвестициялық пай қорының активтерiн сенiмгерлiк басқару шарты бойынша ақшаны басқа инвесторлардың ақшасымен инвестициялық пай қорына бiрiктiру және кейiннен оларды осы қордың ережесіне сәйкес инвестициялау мақсатында басқарушы компанияның сенiмгерлiк басқаруына бередi.
2. Инвестициялық пай қорын сенiмгерлiк басқару шарты қосылу шарты болып табылады, оның талаптарын басқарушы компания инвестициялық пай қорының ережелерiнде айқындайды. Қордың пай ұстаушысы инвестициялық пай қорының сенiмгерлiк басқару шартын көрсетiлген шартқа тұтастай қосылу арқылы ғана қабылдауы мүмкiн.