82. Алдағы жылға арналған Жоспардың жобасын Әділет министрлігі
мемлекеттік органдар мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия (бұдан әрі - Ведомствоаралық комиссия) ұсыныстарының негізінде жасайды және жыл сайын 1 қарашаға дейін Үкімет қаулыларының жобаларын енгізу үшін белгіленген тәртіппен Үкіметке ұсынады. Бұл ретте Әділет министрлігі Жоспардың жобасына енгізілген әрбір заң жобасын әзірлеу қажеттілігінің негіздемесін қамтитын анықтаманы қоса береді.
Ведомствоаралық комиссияның оң қорытындысы Жоспарға қандай да бір заң жобасын енгізу үшін міндетті шарт болып табылады.
83. Жоспарды Президентпен келісу «Қазақстан Республикасы Үкіметінің заң жобалары жұмыстарының жоспарларын Қазақстан Республикасының Президентімен және Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне Үкімет енгізетін заң жобаларын Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісу ережелерін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2002 жылғы 17 мамырдағы № 873 Жарлығына сәйкес жүзеге асырылады.
84. Жоспарда көзделген заң жобаларын ұсыну мерзімін ауыстыру туралы, сондай-ақ заң жобаларын ағымдағы жылдың Жоспарынан алып тастау немесе оған қосымша заң жобаларын енгізу туралы мәселелер Үкіметтің тиісті қаулыларын қабылдау жолымен шешіледі. Мұндай қаулылардың жобалары әзірлеуші мемлекеттік органның қолдаухаты бойынша Ведомствоаралық комиссияның отырысында алдын ала қаралады. Ведомствоаралық комиссияның оң қорытындысы болған кезде әзірлеуші тиісті жобаны осы Регламентте белгіленген тәртіппен Кеңсеге енгізеді, бұл ретте жобаға түсіндірме жазбада міндетті түрде осы мәселе бойынша Ведомствоаралық комиссияның негіздемесі мен шешімі көрсетіледі.
Мемлекеттік және өзге де бағдарламалар, тұжырымдамалар, Үкіметтің іс-шаралары жобаларының нормалары (ережелері) заң жобалауды қамтамасыз ету бөлігінде Ведомствоаралық комиссиямен келісіледі.
Мемлекеттік және өзге де бағдарламаларға қоғамдық қатынастарды заңнамалық реттеудің жаңа тетіктерін енгізу перспективалы Жоспарға өзгерістер және толықтырулар енгізумен бірге жүргізілуге тиіс.
Заң жобалау жұмыстарының қабылданған жоспарларына енгізілетін өзгерістер және (немесе) толықтырулар Мемлекет басшысымен не оның тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен міндетті түрде келісілуге жатады.
85. Перспективалы және ағымдағы жоспарлардың орындалуын жалпы
бақылауды Әділет министрлігі жүзеге асырады.
Әділет министрлігі ай сайын Үкіметтің заң жобалау қызметінің барысын қорытады және есептіден кейінгі айдың 1-күніне ағымдағы Жоспардың орындалу барысы туралы есепті, басым заң жобалары және Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленетін заң жобалары жөніндегі ақпаратты, сондай-ақ жоспарланған заң жобаларының мемлекеттік органдар мен Парламентте өтуі туралы мәліметті ұсынады.
Жоспарланған заң жобаларын әзірлеу мерзімі бұзылған кезде Кеңсе Әділет министрлігі ақпаратының негізінде Премьер-Министрге заң жобаларын әзірлеу мерзімінің бұзылуына кінәлі лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тарту туралы ұсыныстар енгізе алады.
86. Халықаралық шарттарды ратификациялау мен олардың күшін жою туралы және оларға қосылу туралы заң жобаларынан басқа, жоспардан тыс заң жобалары Ведомствоаралық комиссиямен алдын ала келісуге жатады, оның оң қорытындысы заң жобаларын белгіленген тәртіппен Үкіметке енгізу үшін негіз болады.
87. Заң жобаларын әзірлеудің және ұсынудың сапасы, уақтылығы үшін Жоспарда көрсетілген лауазымды тұлғалар дербес жауапкершілікте болады.
6.2. Заң жобаларын дайындау, ресімдеу, келісу, оларға дауыс беру тәртібі
88. Заң жобаларын дайындау, ресімдеу, келісу, оларға дауыс беру, сондай-ақ олар бойынша келіспеушіліктерді қарау тәртібі «Нормативтік құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасының Заңында, Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі мен Сенатының регламенттерінде және осы Регламентте көзделген ерекшеліктермен бірге Үкімет қаулыларының жобаларын енгізу үшін белгіленген тәртіпке ұқсас.
89. Халықаралық шарттарды ратификациялау мен олардың күшін жою туралы және оған қосылу туралы заң жобаларын әзірлеу және енгізу «Халықаралық шарттар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
Парламент қарауына Үкімет енгізетін заң жобалары бойынша (халықаралық шарттарды ратификациялау мен олардың күшін жою туралы және оларға қосылу туралы заң жобаларын қоспағанда) «Норма шығармашылығы қызметін жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 30 мамырдағы № 598 қаулысымен бекітілген ғылыми сараптама жүргізу ережесіне сәйкес заң жобасымен реттелетін құқықтық қатынастарға қарай тиісті ғылыми (құқықтық, экономикалық, экологиялық, қаржы және басқа да) сараптама жүргізу міндетті. Бұл ретте оларды қабылдау экологиялық, оның ішінде радиациялық қауіпсіздікке, қоршаған ортаны қорғауға қатер төндіруі мүмкін салдарларды болжайтын заңнамалық актілердің жобаларына міндетті экологиялық сараптама жүргізілуге тиіс.
90. Заң жобасын әзірлеуші жобаға тиісті ғылыми сараптама (оның ішінде, қажет болған жағдайда сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми және криминологиялық ғылыми сараптама) жүргізуді қамтамасыз етеді, оның нәтижелері бойынша қорытынды ұсынымдық сипатта болады (барлық заңды және жеке тұлғалардың орындауы үшін міндетті мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысын қоспағанда).
Әзірлеуші көрсетілген қорытындыларды заң жобасына басқа материалдармен бірге мемлекеттік және орыс тілдерінде Кеңсеге міндетті түрде енгізеді. Ғылыми сараптаманың теріс қорытындысы кезінде (мемлекеттік экологиялық сараптаманы, оның нәтижелері бойынша заң жобасында міндетті түрде жойылуға тиіс ескертулерді қоспағанда) заң жобасын әзірлеуші мемлекеттік орган сараптамалық қорытындының ұсыныстарына сәйкес заң жобасын пысықтау, сондай-ақ қайтадан немесе қосымша сараптама жүргізу туралы өз бетімен шешім қабылдайды.
Заң жобасы бойынша сараптамалық қорытындыдағы ұсынымдар қабылданбаған жағдайда, әзірлеуші заң жобасына ілеспе хатта қабылдамау себептерінің дәлелді негіздемесін келтіруге тиіс.
91. Дара кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын заңдардың жобалары ұсынымдық сипатта болатын сараптамалық қорытындылар алу үшін дара кәсіпкерлік субъектілерінің тіркелген бірлестіктеріне жіберіледі және заң жобалары қабылданғанға дейін оларға міндетті қосымшалар болып табылады.
Жобаны әзірлеуші сараптамалық қорытындымен келіспеген жағдайда заң жобасына түсіндірме жазбада сараптамалық қорытындымен келіспеу себептеріне дәлелді негіз келтіруге тиіс.
6.3. Заң жобаларын Премьер-Министрдің Кеңсесіне енгізу тәртібі
92. Жоспар негізінде заң жобаларын әзірлеуші мемлекеттік органдар Кеңсеге заң жобаларын Үкімет қаулыларының Парламент Мәжілісіне осы заң жобаларын енгізу туралы жобаларымен бірге белгіленген тәртіппен енгізеді.
93. Заң жобаларын Премьер-Министрдің Кеңсесіне енгізу тәртібі Үкімет қаулыларының жобаларын енгізу үшін белгіленген тәртіпке «Нормативтік құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасының Заңында, Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі мен Сенатының регламенттерінде және осы Регламентте көзделген ерекшеліктерге ұқсас.
94. Кеңсеге енгізілетін Қазақстан Республикасы заңдарының жобалары заңға бағынысты актілерді кейіннен қабылдауды көздейтін жіберілетін нормалардың ең аз санын қамтуы тиіс.
95. Кеңсеге заң жобасы бойынша енгізілетін материалдар мемлекеттік және орыс тілдерінде дайындалған:
1) заң жобасын, ал қажет болғанда қолданыстағы заңнамалық актілерге өзгерістер және толықтырулар енгізу туралы не негізгі жобаның қабылдануына байланысты заңнамалық актілердің күші жойылды деп тану туралы заң жобаларын да (оның ішінде магнитті жеткізгіштерде) және заң жобасын әзірлеуші мемлекеттік органның басшысы әр парағына алдын ала қол қойған, Үкімет қаулылары үшін осы Регламенттің 4.2-бөлімде белгіленген тәртіппен келісілген (бұрыштама соғылған) осы заң жобасын (заң жобаларын) Парламент Мәжілісіне енгізу туралы Үкімет қаулысының жобасын;
2) осы Регламенттің 4.5-бөлімінің талаптарына сәйкес дайындалған Үкімет қаулысының жобасына түсіндірме жазбаны;
3) заң жобасы мақсаттарының, міндеттері мен негізгі ережелерінің жан-жақты сипаттамасымен бірге жобаны қабылдау қажеттігінің негіздемесі, жобаны қабылдаудың ықтимал салдарының болжамы бар, қажет болған кезде заң жобасын әзірлеуші мемлекеттік органның басшысы әр парағына алдын ала қол қойған қаржы-экономикалық есептер мен статистикалық деректер қоса берілген заң жобасына (заң жобаларына) түсіндірме жазбаның (жазбалардың) жобасын, оның ішінде магниттік жеткізгіштегіні;
4) заң жобасын (заң жобаларын) мүдделі мемлекеттік органдармен келісу парағын (парақтарын);
5) заң жобасының (заң жобаларының) ғылыми сараптамасының
нәтижелері бойынша қорытындыны (қорытындыларды);
6) заң жобасын (заң жобаларын) әзірлеуші мемлекеттік органның
басшысы қол қойған ілеспе хатты, бұл ретте Үкіметтің тиісті заң жобасы туралы қаулысының әрбір жобасы жеке ілеспе хатпен енгізіледі;
7) қолданыстағы заңнамалық актілерге өзгерістер және/немесе толықтырулар енгізуді көздейтін заң жобасына заң жобасын әзірлеуші мемлекеттік органның басшысы әр парағына алдын ала қол қойған және қол қойған, енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың тиісті негіздемесі бар, бұрынғы және жаңа редакциядағы баптардың салыстырмалы кестесі қоса тіркеледі;
8) Қазақстан Республикасы жасасқан халықаралық шарттарды Парламентке енгізу туралы заң жобасына Сыртқы істер министрлігі куәландырған, мемлекеттік, орыс және әр түрлі оқылған кезде басымдығы бар оларға қол қойылған өзге тілдердегі ратификациялауға енгізілетін құжаттардың көшірмелері қоса тіркеледі;
9) жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын заң жобалары бойынша жеке кәсіпкерлік субъектілерінің тіркелген бірлестіктерінің сараптамалық қорытындыларын;
10) Әділет министрлігі мен Экономика және бюджеттік жоспарлау
министрлігінің қорытындыларын;
11) осы Регламенттің 4.2-бөліміне сәйкес өзге мемлекеттік органдардың қорытындыларын (келіспеушіліктер хаттамасын);
12) белгіленген нысандағы анықтамалық парақты қамтиды.
96. Қазақстан Республикасы Президентінің арнайы жолдауымен
белгіленген басымды деп айқындалған заң жобаларын (бұдан әрі - басымды заң жобалары) әзірлеуші мемлекеттік органдар осы Регламентке сәйкес келісілген заң жобаларын Кеңсеге заң жобасы басымды деп айқындалған күнінен бастап 20 күнтізбелік күннен кешіктірмей енгізуге тиіс. Бұл ретте басымды заң жобаларын мемлекеттік органдардың келісу мерзімі олар түскен күнінен бастап 5 күнтізбелік күннен аспауға тиіс.
97. Хабарлануы шұғыл деп жариялау жоспарланған заң жобаларын әзірлеуші мемлекеттік органдар осы Регламентке сәйкес келісілген заң жобаларын Кеңсеге Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 29 сәуірдегі № 1074 Жарлығымен бекітілген заң жобаларын қараудың басымдығын белгілеу, сондай-ақ заң жобасының қаралуын шұғыл деп жариялау ережесінің 1-тармағына сәйкес Үкіметке немесе тиісті мемлекеттік органға хабарлама келіп түскеннен кейін 10 күнтізбелік күннен кешіктірмей енгізуге тиіс. Бұл ретте шұғыл деп жариялау жоспарланған заң жобаларын мемлекеттік органдармен келісу мерзімі олар келіп түскен күнінен бастап 3 күнтізбелік күннен аспауға тиіс.
98. Осы Регламентте көзделген негіздемелер бойынша заң жобаларын Кеңсе әзірлеуші мемлекеттік органға заң жобасын пысықтауға, оның ішінде қажет болған кезде қосымша ғылыми сараптама жүргізу үшін қайтаруы мүмкін.
6.4. Заң жобаларын Президент Әкімшілігімен келісу,
сондай-ақ заң жобаларын қарау басымдығын айқындау және заң
жобасын шұғыл қарауды жариялау тәртібі
99. Парламент Мәжілісіне Үкімет енгізетін заңдардың жобаларын Президент Әкімшілігімен келісу»"Қазақстан Республикасы Үкіметінің заң жобалары жұмыстарының жоспарларын Қазақстан Республикасының Президентімен және Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне Үкімет енгізетін заң жобаларын Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісу ережелерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2002 жылғы 17 мамырдағы № 873 Жарлығына сәйкес жүзеге асырылады.
Мыналар Президент Әкімшілігімен міндетті түрде алдын ала келісілуге тиіс:
1) Парламентте қаралуы Президент атынан шұғыл немесе басымды деп жариялау жоспарланатын заң жобалары. Президенттің заң жобаларын шұғыл немесе басымды деп, оның ішінде Үкіметтің бастамасы бойынша жариялануы Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 29 сәуірдегі № 1074 Жарлығымен бекітілген заң жобаларын қараудың басымдығын белгілеу, сондай-ақ заң жобасының қаралуын шұғыл деп жариялау ережесіне сәйкес жүзеге асырылады;
2) Президенттің тапсырмасы бойынша Үкімет әзірлеген және Парламент Мәжілісіне енгізуге жататын заң жобалары;
3) конституциялық заңдардың, кодекстердің жобалары, сондай-ақ
қолданыстағы конституциялық заңдар мен кодекстерді өзгертуге және
толықтыруға бағытталған заң жобалары;
4) жергілікті мемлекеттік басқаруды және жергілікті өзін-өзі басқаруды, елдің саяси және сайлау жүйелерін жетілдіруге бағытталған заң жобалары;
5) қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік саласындағы құқықтық
қатынастарды регламенттейтін заңдардың жобалары.
Президент Әкімшілігінің онымен келісілетін заң жобалары бойынша ескертулері толық ескерілмейтін жағдайда, әзірлеуші мемлекеттік орган бұл туралы Президенттің Әкімшілігін хабардар етеді.
100. Заң жобаларын әзірлеуші мемлекеттік органдар оларды Үкіметке енгізу кезінде нақты заң жобасын басымды деп қарауды айқындау немесе оны қарауды шұғыл деп жариялау туралы бір уақытта ұсыныс енгізуге құқылы. Бұл ретте заң жобасына түсіндірме жазба, оның ішінде оны басымды деп айқындау немесе шұғыл деп жариялау қажеттілігінің негіздемесін қамтуға тиіс.
Үкімет өзі әзірлейтін заң жобаларына қатысты Президентке нақты заң жобасын басымды деп қарауды айқындау немесе оны шұғыл деп жариялау туралы ұсыныс енгізеді.
Бұл ретте Үкіметтің ұсынысына тиісті заң жобасы және заң жобасын Парламенттің басымды деп қарауды айқындауы немесе оны қарауды шұғыл деп жариялауы қажеттілігінің негіздемесін қамтитын және заң жобасының нақты мақсаттарын ашатын түсіндірме мен ол шешетін міндеттер қоса берілуге тиіс.
6.5. Парламент Мәжілісіне заң жобаларын енгізу тәртібі
101. Үкіметтің бастамасы бойынша Парламент Мәжілісінің қарауына енгізілетін заң жобаларының түпнұсқаларына міндетті түрде: заң жобасын әзірлеуші мемлекеттік органның және Әділет министрлігінің, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің басшылары, Кеңсе Басшысы және Премьер-Министр (оның міндетін атқарушы тұлға) бұрыштама соғуға тиіс. Үкімет бланкісіне шығарылған заң жобасына түсіндірме жазбаға Кеңсе Басшысы бұрыштама соғады және Премьер-Министр (не оның міндетін атқарушы тұлға) қол қояды. Заң жобаларының түпнұсқаларымен бірге Парламент Мәжілісіне олардың магнитті жеткізгіштердегі көшірмелері енгізіледі.
102. Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігімен келісілгеннен кейін Үкімет Парламент Мәжілісінің қарауына басымдығын айқындау жоспарланған заң жобаларын 10 күнтізбелік күннен кешіктірмейтін мерзімде енгізеді.
103. Президент Әкімшілігімен келісілгеннен кейін Үкімет жоспарлануы шұғыл деп жарияланған заң жобасын Парламент Мәжілісінің қарауына 7 күнтізбелік күннен кешіктірмейтін мерзімде енгізеді.
Президент шұғыл деп жариялаған заң жобасы Парламент Мәжілісінің қарауына Президенттің арнайы жолдауы Парламентте жария етілген күннен кейінгі күннен кешіктірмей немесе осы жолдауды Парламентке жолдағаннан кейін енгізеді.
104. Парламентке Үкіметтің бастамасы бойынша енгізілген заң жобалары Кеңсеге Парламент Мәжілісінің қаулысы бойынша ғана қайтарылуы мүмкін.
6.6. Парламент депутаттары бастамашылық жасаған
заң жобаларын қарау тәртібі
105. Парламент депутаттары бастамашылық жасаған, оның ішінде мемлекеттік кірістерді қысқартуды немесе мемлекеттік шығыстарды ұлғайтуды көздейтін заң жобалары бойынша Үкімет Парламентке мемлекеттік және орыс тілдерінде қорытынды ұсынады.
Парламент депутаттары бастамашылық жасаған, Үкіметке келіп түскен заңнамалық актілердің жобалары Ведомствоаралық комиссияның отырысында қаралуға тиіс.
Қорытынды дайындауға жауапты ретінде айқындалған мемлекеттік орган Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігімен бірлесіп, заң жобалау қызметінің мәселелері бойынша Ведомствоаралық комиссияның қарауына мемлекеттік кірістерді ықтимал қысқарту немесе мемлекеттік шығыстарды ықтимал ұлғайту бөлігінде алдын ала қаржы-экономикалық есептерді енгізеді.
Ведомствоаралық комиссия заң жобасы Кеңседе тіркелген күнінен бастап 15 күн мерзімде не Премьер-Министрдің немесе оның орынбасарының тапсырмасында белгіленген неғұрлым қысқа мерзімде депутаттар бастамашылық жасаған заң жобасын оң не өзгеше бағалау жөнінде ұсыныстар әзірлейді.
Үкімет қорытындысының жобасын Ведомствоаралық комиссияның ұсыныстарын ескере отырып, заң жобасында реттелетін қатынастар құзыретіне енетін мемлекеттік орган әзірлейді. Қорытындының жобасы мемлекеттік және орыс тілдерінде дайындалады және міндетті түрде Әділет, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрліктерімен келіп түскен күннен бастап 3 жұмыс күнінен аспайтын мерзімде келісіледі (олардың басшылары бұрыштама соғады). Қажет болған кезде қорытындының жобасына әзірлеуші мемлекеттік кірістерді қысқарту немесе мемлекеттік шығыстарды ұлғайту бөлігінде қаржы-экономикалық есептерді қоса тіркейді.
106. Үкімет қорытындысының жобасы, егер Премьер-Министрдің немесе оның орынбасарының тапсырмасында өзге неғұрлым қысқа мерзім белгіленбесе, Парламент депутаттары бастамашылық жасаған заң жобасы Кеңседе тіркелген күнінен бастап 20 күн мерзімнен кешіктірмей мемлекеттік және орыс тілдерінде (оның ішінде магнитті жеткізгіште) Премьер-Министрдің Кеңсесіне енгізіледі.
Егер Премьер-Министрдің немесе оның орынбасарының тапсырмасында бірлесіп орындаушы мемлекеттік органдар көрсетілген жағдайда, осы органдар Парламент депутаттары бастамашылық жасаған заң жобасы Кеңседе тіркелген күнінен бастап 10 күн мерзімнен кешіктірмей қорытындының дайындалуына жауапты мемлекеттік органға өздерінің ұсыныстарын беруге міндетті.
107. Мемлекеттік орган ұсынған Үкімет қорытындысының нұсқасы кейіннен дауыс беру үшін Үкіметтің мәжілісіне шығарылады. Үкімет қорытындысының жобасы қаралғаннан кейін оның түпкілікті нұсқасын Үкімет бланкісіне Премьер-Министрдің (оның міндетін атқарушы тұлғаның) қолымен шығарып ресімдейді.
Үкімет қорытындысының жобасы бойынша ерекше жағдайларда Үкімет мүшелерінің сырттай дауыс берулері жүргізілуі мүмкін.
6.7. Заң жобаларының Парламентте өту тәртібі
108. Үкімет енгізген заң жобаларын Парламентте ұсынушы өкілетті тұлғаларға оларды Парламент қараған кезде заңның тұжырымдамасына немесе оның құқықтық мазмұнын өзгертуге байланысты, сондай-ақ мемлекеттік кірістерді қысқартуды немесе мемлекеттік шығыстарды ұлғайтуды көздейтін өзгерістер мен толықтырулар енгізуге Үкімет басшылығының рұқсатынсыз келісім білдіруге тыйым салынады.
Бұл ретте Парламентте тиісті заң жобаларын ұсынушы мемлекеттік органдардың бірінші басшылары Кеңсеге көрсетілген өзгерістер мен толықтырулар туралы дереу жазбаша хабарлауға міндетті.
Парламентте тиісті заң жобаларын ұсынушы мемлекеттік органдардың бірінші басшылары Үкімет басшылығының келісуінсіз көрсетілген өзгерістер мен толықтырулар енгізуге келіскені үшін жауапты болады.
Көрсетілген тәртіптің бұзылуына білдірілген келісімнің заңдық күші жоқ және Үкіметтің ұстанымы болып табылмайды.
Парламент депутаттары Үкімет басшылығымен келісілмеген көрсетілген өзгерістер мен толықтыруларды дауысқа салуға шығарған жағдайда заң жобаларын ұсынатын тұлғалар мәжілістің стенограммасында өздерінің қарсылықтарын тіркеуді талап етуге және Кеңсеге осы өзгерістер немесе толықтырулар туралы дереу хабарлауға міндетті.
Үкіметтің Парламент Мәжілісі мен Сенатындағы өкілі Регламенттің осы тармағының талаптарын орындауға бақылауды жүзеге асырады.
109. Үкімет бастамашылық жасаған заң жобасына Парламент енгізген тұжырымдамалық өзгерістер мен толықтырулар, сондай-ақ мемлекеттік шығыстарды ұлғайтуды немесе мемлекеттік кірістерді болжайтын заң жобасын Парламент Мәжілісінің не Сенатының жалпы отырысында қарағанға дейін 20 күнтізбелік күннен кешіктірмей әзірлеуші салыстырма кесте түрінде әзірлеушінің алдын ала ұстанымын қамтитын қысқаша түйінмен Кеңсеге жібереді, оларды Кеңсе басшысы осы өзгерістер мен толықтырулар бойынша Үкіметтің бірыңғай ұстанымын анықтау үшін Әділет, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрліктеріне, сондай-ақ басқа да мүдделі мемлекеттік органдарға жібереді.
Заң жобасын әзірлеуші мемлекеттік орган Үкімет бастамашылық жасаған заң жобасына Парламент депутаттары енгізген барлық өзгерістер мен толықтырулар бойынша 10 күнтізбелік күн ішінде кейіннен Үкімет мәжілісінде қаралуға жататын тиісті қорытындыны дайындайды.
Бірлесіп атқарушы ретінде айқындалған мемлекеттік органдар өздерінің Парламент депутаттары енгізген түзетулерге ұсыныстарын немесе қарсылықтарын 7 күнтізбелік күн ішінде әзірлеуші мемлекеттік органға жібереді.
110. Үкімет енгізген заң жобаларын Парламентте ұсынушы өкілетті тұлғаны (заң жобасы бойынша баяндамашыны) ауыстыру қажет болған кезде Парламентке Премьер-Министрдің не оның орынбасарының қолымен тиісті хат жіберіледі. Бұл ретте осындай хаттардың жобаларын заң жобасын әзірлеуші мемлекеттік орган дайындайды және заң жобасы Парламенттің тиісті Палатасының жалпы отырысында қаралғанға дейін үш жұмыс күнінен кешіктірмей Кеңсеге енгізеді.
111. Үкіметтің шешімінің Парламентте өтуін бақылауды Үкіметтің Парламенттің тиісті палаталарындағы өкілдіктері (бұдан әрі - өкілдіктер) жүзеге асырады.
Өкілдіктер Премьер-Министрді, оның орынбасарын және Кеңсе Басшысын Парламент депутаттары бастамашылық жасаған заң жобаларының және Үкімет енгізген заң жобаларының өтуі туралы және Парламент қарайтын әрі Үкіметтің қызметіне қатысы бар басқа да мәселелер туралы үнемі хабардар етіп отырады.
112. Үкіметтің Парламенттен заң жобасын қайтарып алуы Үкіметтің қаулысымен жүзеге асырылады, оның жобасын осы Регламентте белгіленген тәртіппен заң жобасын әзірлеуші енгізеді.
113. Парламент қабылдаған және Премьер-Министрге қолын қойып бекітуге жіберілетін барлық заңдар бойынша заң жобасын әзірлеуші мемлекеттік орган (немесе оның құзыретіне орай) Әділет, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрліктерімен келісім бойынша заң қабылданған күнінен бастап бес күн мерзімде қорытынды дайындайды және Кеңсеге жібереді, онда міндетті түрде мыналар:
1) заң жобасының тұжырымдамасы;
2) Үкімет бастамашылық жасаған заң жобасын Парламентте қарау кезінде депутаттар енгізген өзгерістер мен толықтырулар туралы мәлімет;
3) қабылданған заңда Қазақстан Республикасының Конституциясына, қолданыстағы заңнамалық актілерге қарама-қайшылықтардың бар екендігі туралы және оған байланысты қосымша қаржы шығыстары, экономикалық және құқықтық салдарлар туралы ақпарат;
4) заңның Премьер-Министрдің қолы қойылып бекітілу мүмкіндігі
туралы қорытынды жазылады.
Қорытындыдан басқа Кеңсеге Әділет және Экономика және бюджеттік жоспарлау министрліктерінің, сондай-ақ мәселелері Парламент қабылдаған заң қозғайтын өзге де мемлекеттік органдардың хаттарының көшірмелері міндетті түрде енгізіледі.
Үкіметке енгізілген қорытындының мазмұны және оны енгізу мерзімі үшін мемлекеттік органдардың бірінші басшылары жауапты болады.
Осы тармақта көзделген рәсімдердің орындалуын бақылауды Кеңсе жүзеге асырады.
114. Жобаны әзірлеуші мемлекеттік орган (немесе оның құзыретіне орай) заңнамалық актіге қол қойылған күнінен бастап 10 жұмыс күнінен аспайтын мерзімде Кеңсеге белгіленген тәртіппен келісілген және мыналарды:
1) мемлекеттік органды (мемлекеттік органдарды) қабылдануы осы заңнамалық актіге негізделген нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу жөніндегі жауапты орындаушы (жауапты орындаушылар) етіп белгілеуді;
2) заңнамалық акті күшіне енген күнінен бастап бір айдан аспауы тиіс нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу мен енгізудің нақты мерзімін және өкімнің жобасында қамтылатын өзге де тапсырмалардың орындалуын;
3) заңға тәуелді актілерді қабылдау және/немесе қабылданған заңнамалық актіге сәйкес келтіру туралы тапсырманы көздейтін Премьер-Министр өкімінің жобасын енгізеді.
115. Заңнамалық актімен реттеліп қойылған қатынастар бойынша заң жобаларын әзірлеу туралы ұсыныстар кейіннен Үкіметтің мәжілісінде қаралатын болып Ведомствоаралық комиссияның отырысында алдын ала қаралады.
7. Прокурорлық қадағалау актілерін қарау кезінде орталық атқарушы органдардың өзара іс-қимыл жасау тәртібі
116. Премьер-Министрдің немесе оның орынбасарының тапсырмасы бойынша Үкімет басшылығының атына жіберілген прокурорлық қадағалау актілерін қарауды прокурорлық қадағалау актісінің мәні болған мәселелер құзыретіне енетін мемлекеттік орган жүзеге асырады. Әділет министрлігі тиісті мемлекеттік органға құқықтық және консультациялық көмек көрсетеді.