Концессиялық жобалар бойынша инвестициялық шығындар өтемақысын беру ережесін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 15 қазандағы № 944 Қаулысы
ҚР Үкіметінің 2009 жылғы 26 ақпандағы № 220 қаулысымен күші жойылды
Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 24 сәуірдегі Бюджет кодексінің 58-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Концессиялық жобалар бойынша инвестициялық шығындар өтемақысын беру ережесі бекітілсін.
2. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | К. Мәсімов |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің
2008 жылғы 15 қазандағы
№ 944 қаулысымен
бекітілген
Концессиялық жобалар бойынша инвестициялық шығындар өтемақысын беру
ережесі
1. Осы Концессиялық жобалар бойынша инвестициялық шығындар өтемақысын беру ережесі Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 58-бабының 15-3) тармақшасына сәйкес әзірленді және концессиялық жобалар бойынша инвестициялық шығындардың өтемақысын беру тәртібін айқындайды.
2. Концессиялық жоба бойынша инвестициялық шығындар өтемақысы (бұдан әрі - өтемақы) - бұл концессионердің инвестициялық шығындарының белгілі бір көлемін республикалық немесе жергілікті бюджеттен өтеу.
3. Өтемақы төлемі көзделген концессия шарттары бойынша өзінің қызметін жүзеге асыратын табиғи монополиялар субъектісінің реттеліп көрсетілетін қызметтеріне (тауарларына, жұмыстарына) арналған тарифтерді қалыптастыру табиғи монополиялар саласындағы заңнамада белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
4. Концессионердің инвестициялық шығындары - концессионердің концессия объектісін құруға (салуға) немесе қайта жаңартуға арналған шығыстары.
5. Өтемақы беру туралы шешім қабылдау орта мерзімді кезеңге концессияға беруге ұсынылатын объектілердің тізбесін қалыптастыру кезінде белгіленген қаржылық шекаралар мен басымдықтарды ескере отырып жүзеге асырылады.
6. Концессиялық міндеттемелер - концеденттің жасалған концессия шарттары бойынша инвестициялық шығындарды өтеу бойынша белгілі бір күнге қабылдаған және орындамаған міндеттемелерінің сомасы.
7. Қазақстан Республикасы Үкіметінің концессиялық міндеттемелерді қабылдауын бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган әрбір жекелеген концессиялық жоба бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі шешімінің негізінде жүзеге асырады.
8. Атқарушы органдардың концессиялық міндеттемелерді қабылдауын бюджетті атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті органдар әрбір жекелеген концессиялық жоба бойынша облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың мәслихаты шешімінің негізінде жүзеге асырады.
9. Экономикалық жоспарлау жөніндегі орталық немесе жергілікті уәкілетті орган өтемақысын беруді көздейтін концессиялық жобаларды тиісті бюджет комиссиясының отырысына енгізеді.
10. Өтемақысының және қаралатын концессиялық жобаны мемлекеттік қолдаудың басқа да қолданылатын түрлерінің жиынтық құны концессия шарты шеңберінде концессионердің қаражаты есебінен құрылған (салынған) объектінің құнынан аспауға тиіс.
11. Өтемақы берілген кезде концессионер сатуға ұсынылатын концессиялық жобаның құнына қатысты кемінде жиырма пайыз көлемінде инфрақұрылымдық облигациялар шығарады.
Инфрақұрылымдық облигацияларды шығару көлемі, орналастыру талаптары тараптардың келісімімен концессия шартында айқындалады.
12. Өтемақы төлеу концессия объектісі пайдалануға берілгеннен кейін жүзеге асырылады.
13. Өтемақы төлеуді Қазақстан Республикасының республикалық бюджет туралы заңдарында немесе мәслихаттардың тиісті қаржы жылдарына арналған жергілікті бюджеттерді бекіту туралы шешімдерінде белгіленген сомалар шегінде бюджетті атқару жөніндегі орталық немесе жергілікті уәкілетті орган жүргізеді.
14. Өтемақы төлеу концессия шартында белгіленген мерзімдерде және олар айқындаған көлемдерде жүргізіледі.
15. Өтемақы төлеуге республикалық және жергілікті бюджеттерден қаражат бөлу тиісті бюджеттік бағдарламалардың төлемдер бойынша қаржыландыру жоспарларына сәйкес жүзеге асырылады.
16. Төлемдер бойынша қаржыландыру жоспарларын бюджетті атқару жөніндегі орталық немесе жергілікті уәкілетті орган концессия шарттарының талаптарын ескере отырып, бюджет заңнамасында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде қалыптастырады.
17. Бюджеттен қаражатты төлемдер бойынша қаржыландыру жоспарларында белгіленген мерзімдерде алу үшін концессионерлер бюджет қаражатын бөлуге арналған өтінімдерді бюджетті атқару жөніндегі орталық немесе тиісті жергілікті уәкілетті органға ұсынады.
18. Өтінімдер бюджетті атқару жөніндегі орталық немесе тиісті жергілікті уәкілетті органның төлемдер бойынша қаржыландыру жоспарларына сәйкес бюджеттен қаражат бөлу болжанған ай басталғанға дейін 15 күннен кешіктірмейтін мерзімдерде беріледі.
19. Республикалық және жергілікті бюджеттердің қаражаты есебінен өтемақы төлеуге концессионердің өтінімдерін қанағаттандыру бюджетті атқару жөніндегі орталық немесе тиісті жергілікті уәкілетті органның төлемдер бойынша қаржыландырудың жылдық жоспарында көзделген сомалар шегінде жүзеге асырылады.