2. Апелляциялық сатыдағы сот осы баптың бiрiншi бөлiгiнiң 3)-9) тармақтарында көрсетiлген шешiмдi осы негiздер бойынша прокурор наразылық келтiрген немесе жеке айыптаушы, жәбiрленуші, олардың өкiлдерi шағым жасаған жағдайда ғана қабылдауға құқылы.
2005.30.12 № 111-III ҚР Заңымен 422-бап тоғызыншы бөлікпен толықтырылды
422-бап. Апелляциялық қаулының мазмұны
1. Апелляциялық қаулы кiрiспе, сипаттамалы-дәлелдi және қарар бөлiмдерiнен тұрады.
2. Қаулының кiрiспе бөлiмiнде:
1) қаулы шығарылған уақыт пен орын;
2) қаулыны шығарған соттың атауы және апелляциялық алқаның құрамы;
3) апелляциялық наразылық немесе апелляциялық шағым жасаған адамдар;
4) iстi апелляциялық сатыда қарауға қатысқан адамдар көрсетiлуге тиiс.
3. Қаулының сипаттамалы-дәлелдi бөлiгiнде берiлген апелляциялық шағымдардың, наразылықтың, оларға қарсылықтардың дәлелдерi, апелляциялық сатыдағы сотқа қатысқан адамдардың пiкiрлерi, сондай-ақ қабылданған шешiмнiң себептерi қысқаша баяндалуға тиiс.
4. Егер шағымдар, наразылық қанағаттандырылмай қалдырылса, қаулының сипаттамалы-дәлелдi бөлiгiнде шағымдардың, наразылықтың дәлелдерi негiзсiз немесе елеулi емес деп танылған негiздеме көрсетiлуге тиiс.
5. Yкiмнiң күшi жойылған немесе ол өзгертiлген жағдайда, қаулыда қылмыстық немесе қылмыстық iс жүргiзу заңының қандай баптарының талаптары бұзылғаны, бұл бұзушылық неден көрiнетiнi, бiрiншi сатыдағы соттың үкіміне өзгерістер енгiзгендегi негiздер көрсетiлуге тиiс.
6. Егер апелляциялық сатыдағы сот осы Кодекстiң 421-бабының бiрiншi бөлiгiнде көзделген шешiмдердi қабылдаса, қаулының сипаттамалы-дәлелдi бөлiгiнде бiрiншi сатыдағы соттың шешiмi дұрыс емес деп танылған себептер, сондай-ақ сотталған адам жағдайының нашарлауы негiздерi келтiрiлуге тиiс.
7. Іс соттың жаңадан талқылауына жiберiлген жағдайда қаулыда iс жаңадан қаралған кезде қандай заң бұзушылық жойылуы керек екенi көрсетiлуге тиiс. Бұл ретте апелляциялық сатының айыптаудың дәлелденгендiгi немесе дәлелденбегендiгi туралы, дәлелдемелердiң анықтығы туралы немесе бiр дәлелдемелердiң басқаларынан басымдығы туралы, бiрiншi сатыдағы соттың қылмыстық заңды қолдануы туралы және жазалау шарасы туралы мәселелердi алдын ала шешiп қоюға құқығы жоқ.
8. Қаулының қарар бөлiгiнде апелляциялық сатыдағы соттың шағым немесе наразылық бойынша шешiмi көрсетiледi.
9. Апелляциялық сатының соты айқын қате жазуларды түзету және түсініксіз жағдайларды түсіндіру туралы мәселелерді қарау қажетболған жағдайда, апелляциялық қаулының мәнін өзгертпей, қосымша қаулы шығаруға құқылы.
2005.30.12 № 111-III ҚР Заңымен 423-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
423-бап. Апелляциялық қаулы шығару
1. Апелляциялық қаулы кеңесу бөлмесiнде шығарылады, оған судьялардың бүкiл құрамы қол қояды және судьялар кеңесу бөлмесiнен қайтып келгеннен кейiн отырыс залында оқылады.
2. Сот осы баптың бiрiншi бөлiгiнiң талаптарын сақтай отырып, қаулының қарар бөлiмін шығара алады. Бұл жағдайда қаулының толық мәтiнi iс қаралған күннен бастап он күн мерзiмде жасалып, оған барлық судьялар қол қояды.
423-1-бап. Апелляциялық сатыдағы соттың қаулысын
орындауға кiрiсу
1. Апелляциялық сатының қаулысы ол шығарылған күннен бастап үш тәулiктен кешiктiрiлмей, ал осы Кодекстiң 423-бабының екiншi бөлiгiнде көзделген жағдайда, оның толық мәтiнi дайындалған күннен бастап iспен бiрге үкiм шығарған сотқа жiберiледi.
2. Осы Кодекстiң 303-бабына сәйкес iс қосымша тергеуге қайтарылған жағдайда апелляциялық сатының қаулысы iспен бiрге тиiстi прокурорға жiберiледi. Бұл жағдайда бiрiншi сатыдағы сотқа апелляциялық саты қаулысының көшiрмесi жiберiледi.
3. Сотталған адам соған сәйкес қамаудан босатылуға тиiс болатын қаулы, егер сотталған адам апелляциялық сатыдағы сот отырысына қатысып отырса, бұл бөлiгiнде дереу орындалады. Өзге жағдайларда апелляциялық қаулының көшiрмесi немесе оның қарар бөлiгiнен үзiндi сотталған адамды қамаудан босату туралы шешiмдi орындау үшiн қамау орнының әкiмшiлiгiне дереу жiберiледi.
423-2-бап. Iстi апелляциялық сатыда қайта қарау
1. Егер:
1) кейбір сотталғандарға қатысты белгiленген мерзiмде берiлген апелляциялық шағымдар, наразылық апелляциялық сатыдағы сотқа басқа сотталған адамдарға қатысты істер қаралғаннан кейiн келiп түссе;
2) шағымданудың, наразылық келтiрудiң өтiп кеткен мерзiмiн басқа сотталған адамдарға қатысты iс қаралғаннан кейiн осы Кодекспен көзделген тәртiппен сот қалпына келтiрсе, апелляциялық қаулының күшi жойылмай-ақ iстi апелляциялық сатыда қайта қарауға жол берiледi.
2. Апелляциялық сатыдағы сот сотталғанның, оның қорғаушысының немесе өкiлiнiң шағымдарын осы адамға қатысты iс процеске қатысушы басқа да адамдардың апелляциялық шағымдары, наразылығы бойынша қаралған жағдайда да қарауға мiндеттi.
3. Егер қайтадан шығарылған қаулы апелляциялық сатыда бұрын шығарылған қаулыға қайшы келген жағдайда, тиiсiнше Жоғарғы Соттың немесе облыстық сот пен соған теңестiрiлген соттың төрағасы қадағалау сатысына апелляциялық қаулылардың бiрiнiң күшiн жою туралы ұсыным жасайды.
423-3-бап. Бастапқы үкiмнiң күшi жойылғаннан кейiн iстi бiрiншi
саты бойынша қарау
1. Бастапқы үкiмнiң күшi жойылғаннан кейiн iс жалпы тәртiппен қаралуға тиiс.
2. Егер айыптаушы тараптың апелляциялық шағымында, наразылығында осындай өтiнiш жасалса және оны апелляциялық сатыдағы сот бастапқы үкiмнің күшiн жоюдың негiзi ретiнде көрсетсе, iстi жаңадан қараған кезде жазаны күшейтуге немесе неғұрлым ауыр қылмыс туралы заңды қолдануға жол берiледi.
3. Iстi жаңадан қараған кезде бiрiншi сатыдағы соттың:
1) егер айыптаушы тараптың шағымы, наразылығы бойынша үкiмнiң осы бөлiгiнiң күшi жойылмаған болса, сотталғанды айыптаудың бастапқы үкiмде алып тасталған бөлiгiнде кiнәлi деп тануға;
2) егер бастапқы үкiмнiң күшi осы негiздер бойынша емес, айыптаушы тараптың шағымы, наразылығы бойынша жойылған болса да, жазаны күшейтуге, бас бостандығынан айыру мерзiмiнiң бiр бөлiгiн түрмеде өткізудi немесе неғұрлым қатаң режимдегi колонияларда өткізудi тағайындауға, қосымша жаза тағайындауға немесе неғұрлым ауыр қылмыс туралы заңды қолдануға құқығы жоқ.
4. Iстi жаңадан қараған кезде бiрiншi сатыдағы сот шығарған үкiмге жалпы тәртiппен шағымдануға, наразылық бiлдiруге болады. Бұл ретте, егер бiрiншi үкiмнiң күшi сотталғанды қорғаған шағым, наразылық бойынша жойылса, ал екiншi үкiмнiң күшi жазаның жеңiлдiгiне немесе неғұрлым ауыр қылмыс туралы заңды қолдану қажеттiгiне орай жойылса, iстi үшiншi мәрте қарап жатқан сот екiншi үкімге қарағанда неғұрлым қатаң жаза тағайындауы немесе неғұрлым ауыр қылмыс туралы заңды қолдануы мүмкiн, бiрақ оның бiрiншi үкiммен салыстырғанда жазаны күшейтуге немесе неғұрлым ауыр қылмыс туралы заңды қолдануға құқығы жоқ.
ҚР 11.07.01 Ж. № 238-II Заңымен 48-тарау алып тасталды
9-бөлім. Сот шешімдерін орындау
49-тарау. Сот үкімдері мен қаулыларын орындау
11.07.01 ж. № 238-II ҚР Заңымен ; 2005.30.12 № 111-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңымен 447-бап өзгертілді
447-бап. Үкiмнiң заңды күшiне енуi және оны орындауға кiрiсу
1. Аудандық және оған теңестiрiлген сот, облыстық және соған теңестiрiлген сот шығарған бiрiншi сатыдағы сот үкiмдерi, егер оған шағымданбаса немесе наразылық келтiрiлмесе, апелляциялық шағымдану немесе наразылық келтіру мерзiмі өткен соң заңды күшіне енеді және орындалуға тиiс.
2. Апелляциялық шағым жасалған немесе наразылық келтiрiлген жағдайда, аудандық немесе облыстық сот үкімінiң күшi жойылмаса, апелляциялық қаулы шығарылған күнi күшiне енедi. Егер апелляциялық шағым, наразылық апелляциялық сатыдағы сот отырысы басталғанға дейiн қайтарып алынса, үкiм шағымды, наразылықты қайтарып алуға байланысты апелляциялық iс жүргiзудiң тоқтатылғаны туралы апелляциялық сатының қаулысы шығарылған күнi заңды күшiне енедi.
3. Үкiм заңды күшiне енген немесе iс кассациялық сатыдағы соттан қайтарылған күннен бастап үш тәулiктен кешiктiрмей бiрiншi сатыдағы сот үкiмдi орындауға кiрiседi.
4. Қылмыс жасағаны үшiн сотталған адам, егер айыптау үкімі Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 75-бабымен белгiленген мерзiмде орындалмаса, жазаны өтеуден босатылады.
5. Егер сот ақтау үкімін қабылдаса не сотталушы жаза тағайындалмай сотталса немесе жазадан босатылса не бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазаға кесiлсе, ал үкiм қабылданғанға дейiн ол қамауда ұсталса, мұндай шешiм шығарған сот оны дереу қамаудан босатады.
11.07.01 ж. № 238-II; 09.12.04 ж. № 10-III (бұр. ред. қара) ; 2005.30.12 № 111-III (бұр. ред. қара) Заңдарымен 448-бап өзгертілді
448-бап. Сот қаулысының заңды күшiне енуi және
оны орындауға кiрiсу
1. Бiрiншi сатыдағы соттың қаулысы шағымдану немесе наразылық бiлдiру мерзiмi өткен соң не жеке шағым жасалған немесе наразылық бiлдiрiлген жағдайда, iстi жоғары тұрған сот қарағаннан кейiн заңды күшiне енедi және орындалады.
2. Соттың шағымдануға немесе наразылық бiлдiруге жатпайтын қаулысы ол шыққаннан кейiн дереу күшiне енедi және орындалады.
3. Iстi қысқарту туралы сот қаулысы сот отырысын тағайындау туралы мәселенi шешу кезiнде немесе сот отырысында оның айыпталушыны немесе сотталушыны қамаудан босатуға қатысты бөлiгiнде дереу орындалуға жатады.
4. Апелляциялық сатының қаулысы ол жарияланған кезден бастап заңды күшіне енеді
5. Апелляциялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодекстiң 423-1-бабында көзделген тәртiпте орындалады.
6. Жеке қаулы бойынша бiр айлық мерзiмнен кешiктiрмей қажеттi шаралар қолданылуы және нәтижелерi туралы қаулы шығарған сотқа хабарлануы тиiс.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 449-бап өзгертілді
449-бап. Соттың үкімін, қаулысын орындауға
кiрiсу тәртібі
1. Заңды күшiне енген соттың үкімі мен қаулысы мемлекеттік органдардың, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының, заңды тұлғалардың, лауазымды адамдардың, азаматтардың бәрiне бiрдей мiндеттi және Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында сөзсiз орындалуға жатады. Соттың үкімін, қаулысын орындамау қылмыстық жауапкершiлiк жүктейдi.
2. Үкiм мен қаулыны орындауға кiрiсу бiрiншi саты бойынша iстi қараған сотқа жүктеледi. Үкiмдi орындау туралы өкiмдi судья үкiмнiң көшiрмесiмен бiрге қылмыстық-атқару заңдарына сәйкес үкiмдi орындау мiндетi жүктелген органға жiбередi. Апелляциялық сатыдағы сотқа қамауда ұсталған адамдарға қатысты iстi апелляциялық тұрғыда қараудың нәтижелерiн хабарлау мiндетi жүктеледi. Iстi апелляциялық тәртiппен қарау кезiнде үкiм өзгерген жағдайда үкiмнiң көшiрмесiне апелляциялық саты қаулысының көшiрмесi қоса тiркелуге тиiс.
3. Егер үкiмде сотталушыны Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградасынан, Қазақстан Республикасының Президентi берген құрметтi, әскери, арнаулы немесе өзге атағынан, сыныптық шенiнен, дипломатиялық дәрежесiнен немесе біліктілік сыныбынан айыру туралы мәселенi қою қажеттiгi көрсетiлсе, үкiмдi шығарған сот Қазақстан Республикасының Президентiне сотталушыны мемлекеттік наградасынан, көрсетiлген атағынан, сыныптық шенiнен, дипломатиялық дәрежесiнен немесе біліктілік сыныбынан айыру туралы ұсынысты, сондай-ақ үкiмнiң көшiрмесi мен оның заңды күшiне енуi туралы анықтаманы жолдайды.
4. Үкiмдi орындаушы органдар оның орындалғаны жайында үкiмдi шығарған сотқа дереу хабарлайды. Түзеу мекемесiнiң әкiмшiлiгi үкiм шығарған сотқа сотталушының жазасын өтеу орны туралы хабарлауы тиiс.
450-бап. Үкiмдi орындауға кiрiсу жайында сотталушының
туған-туысқандары мен азаматтық талапкерге хабарлау
1. Қамауда ұсталған сотталушы қамауға немесе бас бостандығынан айыруға кесiлген үкiм заңды күшiне енгеннен кейiн қамау орнының әкiмшiлiгi сотталушының отбасын жазаны өтеу үшiн оның қайда жiберiлетiнi туралы хабардар етуге мiндеттi.
2. Азаматтық талап қанағаттандырылған жағдайда сот атқарушысы азаматтық талапкердi үкiмнiң орындалғаны туралы хабардар етедi.
451-бап. Туыстарына сотталушымен жүздесуге рұқсат ету
Үкiм орындалғанға дейiн iс бойынша төрағалық етушi немесе сот төрағасы қамауда ұсталып отырған сотталушының ерiне /зайыбына/, жақын туыстарына олардың өтiнiшi бойынша сотталушымен жүздесу және телефон арқылы сөйлесу мүмкiндiгiн беруге мiндеттi.
452-бап. Үкiмнiң атқарылуын кейiнгi қалдыру
1. Адамды қоғамдық жұмыстарға, түзеу жұмыстарына тартуға, бас бостандығын шектеуге, қамауға немесе бас бостандығынан айыруға соттау туралы үкiмдi орындау мынадай негiздердiң бiрi болған кезде:
1) жазаны өтеуге кедергi келтiретiн сотталушының ауыр сырқаты болса, - ол сауығып кеткенге дейiн;
2) сотталған әйелдiң жүктi болуы немесе сотталған әйелдiң жас балалары болса - Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 72-бабында көзделген тәртiпте;
3) өрт немесе кездейсоқ апат, отбасының еңбекке жарамды жалғыз мүшесiнiң ауыр науқастануы немесе қайтыс болуы немесе басқа да төтенше жағдаяттардың салдарынан, сотталған адам немесе оның отбасы үшiн жазаны дереу өтеуi аса ауыр зардапқа әкелiп соқтыруы мүмкiн болса, сот белгiлеген алты айдан артық емес мерзiмге, ал Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 74-бабының екiншi бөлiгiнде көрсетiлген адамдарға қатысты - үш айдан артық емес мерзiмге кейiнге қалдырылуы мүмкiн.
2. Айыппұл төлеу, егер оны дереу төлеу сотталушы үшiн мүмкiн болмаса, алты айға дейiн мерзiмге кейiнге қалдырылуы немесе бөлiп өтелуi мүмкiн.
3. Үкiмдi орындауды кейiнге қалдыру туралы мәселенi сотталушының оның заңды өкiлiнiң, жақын туыстарының, қорғаушысының өтiнiшi бойынша не прокурордың ұсынуы бойынша немесе өз бастамашылығымен сот шешедi.
ҚР 05.05.00 ж. № 47-II; 21.12.02 ж. № 363-II (бұр. ред. қара); 09.12.04 ж. № 10-III (бұр. ред. қара) Заңдарымен 453-бап өзгертілді
453-бап. Үкiмдi орындау кезiнде сот қарауға
жататын мәселелер
Соттың жүргiзуiне үкiмдi орындауға байланысты мынадай мәселелердi қарау жатады:
1) жазаны өтеуден қасақана жалтарған жағдайда айыппұл төлеу түріндегі жазаны қоғамдық жұмысқа тартумен, түзеу жұмыстарына жiберумен немесе қамауға алумен /Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 40-бабы/, қоғамдық жұмыстарға тартуды бас бостандығын шектеумен немесе қамауға алумен, /Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 42-бабы/, түзеу жұмыстарын бас бостандығын шектеумен, қамауға алумен немесе бас бостандығынан айырумен, /Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 43-бабы/, бас бостандығын шектеудi бас бостандығынан айырумен, /Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 45-бабы/ ауыстыру туралы;
1-1) қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес жазаға сотталып, бақылаудан жасырынған және жазасын өтеуден жалтарған адамдарға қатысты iздестiру жариялау мен бұлтартпау шарасын таңдау туралы;
2) қылмыстық-атқару заңдарына сәйкес бас бостандығынан айыруға сотталған адамға шығарылған үкiм бойынша тағайындалған түзеу мекемесiнiң түрiн өзгерту туралы;
3) жазаны өтеуден мерзiмiнен бұрын шартты түрде босату (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 70-бабы), жазаның өтелмеген бөлiгiн неғұрлым жеңiл жаза түрiмен ауыстыру (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 71-бабы) туралы, сондай-ақ жазаны өтеуден мерзiмiнен бұрын шартты түрде босатуды жою (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 70-бабының жетiншi бөлiгi) туралы;
4) науқастануына байланысты медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолданып немесе қолданбай жазадан босату (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 73-бабы) туралы;
5) шартты түрде соттауды жою немесе сынақ мерзiмiн ұзарту (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 64-бабы) туралы;
5-1) бас бостандығын шектеуге сотталған адам үшін бұрын белгіленген міндеттердің толық немесе ішінара күшін жою туралы (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 45-бабы);
6) соттың айыптау үкімінiң ескіру мерзiмiнiң өтiп кетуiне байланысты жазаны өтеуден босату (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 75-бабы) туралы;
7) басқа да орындалмаған үкiмдер болған кезде, егер бұл уақыт бойынша соңғы үкiмде шешiлмесе, үкiмдi орындау (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 60-бабы) туралы;
8) қамауда ұсталған мерзiмiн, сондай-ақ емдеу мекемесiнде болған уақытын есепке алу (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 62, 94, 95-баптары) туралы;
9) медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдануды ұзарту, өзгерту немесе тоқтату (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 93, 95-баптары) туралы;
10) керi күшi бар қылмыстық заңның, сондай-ақ рақымшылық жасау актiсiнiң шығуы себептi жазадан босату немесе жазаны жеңiлдету (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 5-бабы) туралы;
11) қылмыстық-атқару заңдарына сәйкес түзеу жұмыстарына сотталушының жалақысынан ұстау мөлшерiн төмендету туралы;
12) үкiмдi орындау кезiнде туындаған қандай да болсын күмән мен түсiнiксiздiктi ұғындыру туралы;
13) сотталған адамның қайтыс болуына байланысты iс жүргiзудi қысқарту туралы.
09.12.04 ж. № 10-III ҚР Заңымен 454-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
454-бап. Үкiмдi орындаумен байланысты мәселелердi шешетiн соттар
1. Осы Кодекстiң 452-бабына сәйкес үкiмдi орындауды кейiнге қалдыру туралы, жазаның бiр түрiн екiншiсiне ауыстыру (осы Кодекстiң 453-бабының 1-тармағы) туралы, айыптау үкімінiң ескіру мерзiмiнiң өтiп кетуiне байланысты жазадан босату (осы Кодекстiң 453-бабының 6-тармағы) туралы, басқа да атқарылмаған үкiмдер болған кезде үкiмдi атқару (осы Кодекстiң 453-бабының 7-тармағы) туралы, оның материалдық жағдайы нашарлаған жағдайда түзеу жұмыстарына сотталушының жалақысынан ұстау мөлшерiн төмендету (осы Кодекстiң 453-бабының 11-тармағы) туралы мәселелердi, сондай-ақ үкiмнiң орындалу кезiнде туындаған күмән мен түсiнбеушiлiктi (осы Кодекстiң 453-бабының 12-тармағы) үкiмдi шығарған сот шешедi.
2. Егер үкiм үкiмдi шығарған соттың қызмет ету ауданынан тыс жерде орындалған болса, бұл мәселелердi атаулас сот, үкiмнiң орындалу ауданында атаулас сот болмаған жағдайда жоғары тұрған сот шешедi. Бұл жағдайда сот қаулысының көшiрмесi үкiм шығарған сотқа жiберiледi.
3. Бас бостандығынан айыруға сотталған адамға тағайындалған түзеу мекемесiнiң түрiн өзгерту (осы Кодекстiң 453-бабының 2-тармағы) туралы, жазадан мерзiмiнен бұрын шартты түрде босату немесе жазаның өтелмеген бөлiгiн неғұрлым жеңiл түрiмен ауыстыру (осы Кодекстiң 453-бабының 3-тармағы) туралы, науқасына байланысты жазадан босату туралы (осы Кодекстiң 453-бабының 4-тармағы), алдын ала қамауда немесе емдеу мекемесiнде болған уақытын есепке алу (осы Кодекстiң 453-бабының 8-тармағы) туралы, медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдануды ұзарту, өзгерту немесе қысқарту туралы (осы Кодекстiң 453-бабының 9-тармағы), сондай-ақ керi күшi бар заңның шығуы себептi жазадан босату немесе жазаны жеңiлдету (осы Кодекстiң 453-бабының 10-тармағы) туралы мәселелердi сотталушының жазаны өтеу орны бойынша сот шешедi.
4. Мерзiмiнен бұрын шартты түрде босату (осы Кодекстiң 453-бабының 3-тармағы) туралы, шартты түрде соттауды жою туралы және осы Кодекстiң 453-бабының 1-1 және 5-тармақтарында көзделген басқа да мәселелердi сотталушының тұрғылықты жерi бойынша сот шешедi.
2007.26.03. № 240-III ҚР Заңымен 455 -бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
455-бап. Үкiмдi орындаумен байланысты мәселелердi
шешудiң тәртібі
1. Осы Кодекстiң 453-бабының 4-тармағында көзделген жағдайларда жазаны өтеуден босату кезiнде медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдануды үш судья құрамындағы сот шешедi. Жазаны орындаумен байланысты барлық басқа мәселелердi сот отырысында судья жеке дара шешедi.
2. Үкiмдi орындаумен байланысты мәселелердi жазаны орындайтын органның ұсынуы бойынша бір айлық мерзімде сот қарайды, не кәмелетке толмаған адамның түзелуiн қамтамасыз етушi мамандандырылған мемлекеттік органның ұсынуы бойынша сот шешедi. Сот отырысына өздерiнiң ұсынуы бойынша iс қаралатын органдар мен ұйымдардың өкiлдерi шақырылады.
3. Осы Кодекстiң 452-бабында, 453-бабының 4, 6, 7, 10, 11 және 12-тармақтарында көрсетiлген жағдайларда, соттың мәселенi қарауына сотталушының өтiнiшi негiз болуы мүмкiн.
4. Осы Кодекстiң 453-бабының 1, 2, 3, 5, 6, 7, 10 және 11-тармақтарында көзделген жағдайларда сот отырысына өзiне қатысты iс қаралатын сотталушының қатысуы мiндеттi. Сотталушы сотқа ұсынылған материалдармен танысуға, оларды қарауға қатысуға, өтiнiшiн мәлiмдеуге немесе бас тартуға, түсiнiктер беруге, дәлелдемелер ұсынуға құқылы.
5. Сотталушы өзiнiң құқықтарын қорғаушының көмегiмен жүзеге асыра алады. Сот кәмелетке толмағандарға қатысты, сондай-ақ өздерiнiң құқығын қорғауды өз бетiнше жүзеге асыру мүмкiндiгiнен айыратын дене және психикалық кемiстiктерден зардап шегушiлерге, сонымен бiрге iс бойынша iс жүргiзiлетiн тiлдi бiлмейтiн адамдарға да үкiмдi орындауға байланысты мәселелердi сот қараған кезде қорғаушының қатысуы мiндеттi.
6. Науқастануына байланысты сотталушыны босату туралы не оны емдеу мекемесiне орналастыру туралы мәселенi қараған кезде қорытынды берген дәрiгерлер комиссиясы өкiлiнiң қатысуы мiндеттi.
6-1. Жазаны өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы мәселені қарау кезінде жәбірленушінің не оның өкілінің пікірі ескеріледі.
Сот алда тұрған сот отырысы туралы жәбірленушіні не оның өкілін почта арқылы тапсырыс хатпен хабардар етеді. Жәбірленушінің не оның өкілінің сотқа жеке өздерінің қатысуы мүмкін болмаған жағдайда сотта жазбаша арыздар мен өтінішхаттар қаралуы мүмкін. Жәбірленуші не оның өкілі тиісінше хабардар етілген және оның тарапынан қандай да бір жазбаша арыздар мен өтінішхаттар болмаған жағдайда, сондай-ақ мемлекет мүдделеріне залал келтірілген жағдайда жәбірленушінің немесе мемлекеттің құқықтарын сақтау туралы мәселе бойынша міндетті түрде прокурордың қорытындысы талап етіледі.
7. Егер мәселе үкiмдi орындаудың азаматтық талап бөлiгiне қатысты болса, сот отырысына сондай-ақ азаматтық талапкер немесе оның өкiлi шақырылады. Аталған адамдардың келмеуi iстi қарауға кедергi болмайды.
8. Сот мәжілісiне прокурор қатысып отырады.
9. Iстi қарау ұсынуы бойынша iс қаралып отырған органның өкiлiнiң баяндамасымен не өтiнiш иесiнiң түсiнiк беруiмен басталады. Бұдан соң ұсынылған материалдар зерттеледi, сот отырысына келген адамдардың түсiнiктерi, прокурордың пiкiрi тыңдалады, бұдан соң судья қаулы шығарады.
456-бап. Соттылықты алып тастау туралы өтiнiштi қарау
1. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 77-бабына сәйкес соттылығын алып тастау туралы мәселенi жазасын өтеген адамның өтiнiшi бойынша тұрғылықты жеріндегі сот шешедi.
2. Сот отырысына өзiне қатысты соттылықты алып тастау туралы өтiнiшi қаралатын адамның қатысуы мiндеттi.
3. Қарау өтiнiш бiлдiрген адамның түсiнiгiн тыңдаумен басталады, бұдан соң ұсынылған материалдар зерттеледi және шақырылған адамдардың сөзi тыңдалады.
4. Соттылықты алып тастаудан бас тартылған жағдайда бұл туралы сот алдында қайталап өтiнiш беру бас тарту туралы қаулы шығарылған күннен бастап бiр жылдан ерте қозғалмайды.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 457-бап өзгертілді
457-бап. Судьяның қаулысына шағым жасау және
наразылық бiлдiру
Үкiмдi орындауға байланысты мәселелердi шешу кезiнде шығарылған сот қаулыларына осы Кодекстiң 47-тарауында белгiленген ережелер бойынша апелляциялық тәртiпте шағым жасалуы және наразылық келтiрiлуi мүмкiн.
10-бөлім. Соттың заңды күшіне енген шешімдерін
қайта қарау жөнінде іс жүргізу
50-тарау. Қадағалау сатысындағы іс жүргізу
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II; 10.03.04 ж. № 529-II Заңдарымен 458-бап өзгертілді ; 2005.30.12 № 111-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңымен 458-бап жаңа редакцияда
458-бап. Сот қадағалауы тәртібімен қайта қаралуы мүмкін сот
актілерi
1. Заңды күшіне енгеннен кейін:
1) бірінші сатыдағы соттардың үкімдері мен қаулылары;
2) апелляциялық және қадағалау қаулылары сот қадағалауы тәртібімен қайта қаралуы мүмкін.
2. Мемлекеттік және жеке айыптаушының айыптаудан бас тартуына байланысты соттардың осы Кодекстің 109, 110, 111-баптарында көзделген мәселелер бойынша істерді қосымша тергеу немесе жаңа сот қарауына жіберу туралы шығарған, заңды күшіне енген қаулылары сот қадағалауы тәртібімен қайта қарауға жатпайды.