3. Iс жүргiзудi тоқтату туралы қаулы осы Кодекстiң 476-бабына сәйкес жаңадан ашылған мән-жайларға орай осы iс бойынша iс жүргiзудi жаңғырту туралы мәселенi шешуге құқылы сотқа шағымдану құқығын мүдделi адамдарға түсiндiре отырып, олардың назарына жеткiзiледi.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 476-бап өзгертілді
476-бап. Соттың iс бойынша iс жүргiзудi жаңарту
туралы мәселенi шешуi
1. Жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша сот шешiмдерiн қайта қарауды облыстық және соларға теңестiрiлген соттың қадағалау алқасы, ал егер тиiстi iс бойынша қадағалау тәртібімен Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қаулысы шығарылған жағдайда - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық iстер жөніндегі алқасы немесе қадағалау алқасы жүзеге асырады.
2. Iстiң апелляциялық немесе қадағалау тәртібімен алдыңғы қаралуы оны сол сот сатысында жаңадан ашылған мән-жайларға орай iс жүргiзудi жаңғырту тәртібімен қарауға кедергi келтiрмейдi.
3. Прокурордың жаңадан ашылған мән-жайларға орай iс бойынша iс жүргiзудi қайта бастау туралы қорытындысы осы Кодекстiң 467-бабында белгiленген ережелер бойынша соттың отырысында қаралады.
477-бап. Прокурордың қорытындысын қараушы соттың қаулысы
Жаңадан ашылған мән-жайларға орай iс бойынша iс жүргiзудi қайта бастау туралы прокурордың қорытындысын қарап, сот:
1) сот үкімінiң немесе қаулысының күшiн жою және iстi жаңадан тергеу немесе жаңадан сот талқылауын жүргiзуге беру туралы;
2) сот үкімінiң немесе қаулысының күшiн жою туралы және iс бойынша түпкiлiктi шешiм қабылдау үшiн жаңадан тергеу немесе соттың талқылауы қажет болмағанда, iстi тоқтату туралы;
3) прокурордың қорытындысын қабылдамай тастау туралы қаулылардың бiрiн шығарады.
478-бап. Сот шешiмдерiнiң күшi жойылғаннан кейiн iс жүргiзу
Жаңадан ашылған мән-жайларға орай iс бойынша ол жөніндегі сот шешiмдерiнiң күшi жойылғаннан кейiн тергеу және сот талқылауы, сондай-ақ шығарылған жаңа сот шешiмдерiне шағым жасау және наразылық бiлдiру осы Кодексте белгiленген жалпы тәртiппен жүргiзiледi.
479-бап. Жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша iстi
қайта қозғау кезіндегі азаматтық талап
Жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша үкiмнiң күшi жойылған жағдайда iстi бастапқы қараған кезде қозғалған азаматтық талап жалпы негiздерде қайтадан қаралады. Азаматтық талап бөлiгiнде ғана iстi қайта бастауға тек азаматтық сот iсiн жүргiзу тәртібімен жол берiледi.
11-бөлім. Қылмыстық істердің жекелеген
санаттары бойынша іс жүргізудің
ерекшеліктері
52-тарау. Кәмелетке толмағандардың қылмыстары
туралы істер бойынша іс жүргізу
480-бап. Кәмелетке толмағандардың қылмыстары туралы
iстер бойынша iс жүргiзудiң тәртібі
1. Осы тараудың ережелерi қылмыс жасалған сәтте кәмелеттiк жасқа, яғни он сегiз жасқа толмаған адамдардың iстерi бойынша қолданылады.
2. Кәмелетке толмағандардың қылмыстары туралы iстер бойынша iс жүргiзу тәртібі осы Кодексте белгiленген жалпы ережелермен, сондай-ақ осы тараудың баптарымен айқындалады.
3. Кәмелетке толмағандардың қылмыстары туралы iстер бойынша iс жүргiзу тәртібі:
1) аталған адам жасаған бiрнеше қылмыс, олардың бiр бөлiгiн ол он сегiз жасқа толғаннан кейiн жасаған қылмыстар туралы iстер бiр iс жүргiзуге бiрiктiрiлген;
2) айыпталушы сот iсiн жүргiзу сәтiнде кәмелетке толған жағдайларда қолданылмайды.
481-бап. Кәмелетке толмағандардың қылмыстары туралы iстер
бойынша анықтауға жататын мән-жайлар
Кәмелетке толмағандардың iстерi бойынша, осы Кодекстiң 117-бабында көзделгендерден басқа, дәлелдеуге жататын мән-жайларды алдын ала тергеу және сот талқылауын жүргiзу кезiнде:
1) кәмелетке толмағанның жасы (туған күнi, айы, жылы);
2) кәмелетке толмағанның тұрмысы мен тәрбие жағдайы;
3) интеллектуалдық, ерiк-жiгерiнiң және психикалық даму дәрежесi, мiнезi мен тегеурiндiлiк ерекшелiктерi, мұқтаждары мен мүдделерi;
4) кәмелетке толмағандарға ересек адамдар мен басқа да кәмелетке толмағандардың ықпалы анықталуға тиiс.
482-бап. Кәмелетке толмағандардың iстерi бойынша
жариялылықты шектеу
Сезiктi, айыпталушы кәмелетке толмағанның құпиялылыққа құқығы қылмыстық сот iсiн жүргiзудiң барлық кезеңдерiнде сақталуы тиiс.
483-бап. Кәмелетке толмаған туралы iстi жеке iс жүргiзуге бөлу
1. Ересектермен бiрге қылмыс жасауға қатысқан кәмелетке толмағанға қатысты iс осы Кодекстiң 49-бабының бiрiншi бөлiгiнiң 3-тармағына сәйкес алдын ала тергеу сатысында жеке iс жүргiзуде бөлiнедi.
2. Кәмелетке толмағанға қатысты жеке iс жүргiзуге бөлу iстiң жағдайын жан-жақты және объективтi зерттеу үшiн айтарлықтай кедергi жасауы мүмкiн болатын жағдайларда ересектермен қоса бiр iс бойынша жауапқа тартылған кәмелетке толмаған айыпталушыға осы тараудың ережелерi қолданылады.
484-бап. Кәмелетке толмаған сезiктiнi,
айыпталушыны шақырудың тәртібі
1. Кәмелетке толмаған сезiктi, айыпталушы тергеушiге немесе сотқа оның ата-аналары немесе басқа заңды өкiлдерi арқылы, олар болмаған жағдайда қорғаншы және қамқоршы органдар арқылы шақырылады.
2. Арнаулы балалар мекемесiнде немесе қамауда ұсталатын кәмелетке толмаған - ол ұсталатын орынның әкiмшiлiгi арқылы шақырылады.
485-бап. Кәмелетке толмаған сезiктiден,
айыпталушыдан жауап алу
1. Кәмелетке толмаған айыпталушыдан, сезiктiден жауап алу осы Кодекстiң 216, 217-баптарында көзделген тәртiппен қорғаушысының, заңды өкiлiнiң, ал қажет болған жағдайда психологтың, педагогтiң қатысуымен жүргiзiледi. Қорғаушы жауап алушыға сұрақтар қоюға, ал жауап алу аяқталғаннан кейiн - хаттамамен танысуға және айғақтар жазбасының дұрыстығы мен толықтығы туралы ескертулер жасауға құқылы.
2. Кәмелетке толмаған сезiктiден, айыпталушыдан жауап алу тәулiктiң күндiзгi уақытында жүргiзiледi және үзiлiссiз екi сағаттан артық, ал жалпы алғанда - күнiне төрт сағаттан артық жалғастырылуға тиiс емес. Кәмелетке толмаған анық шаршаған жағдайда жауап алу осы уақыт аяқталмай-ақ тоқтатылуы тиiс.
486-бап. Қорғаушының қатысуы
1. Кәмелетке толмағандардың қылмыстары туралы iстер бойынша қорғаушының қатысуы осы Кодекстiң 71-бабының бiрiншi бөлiгiнiң 2-тармағына сәйкес мiндеттi.
2. Кәмелетке толмағандардың қылмыстары туралы iстер бойынша қорғаушының қатысуына кәмелетке толмағаннан сезiктi немесе айыпталушы ретiнде алғашқы жауап алынған кезден бастап, ал айып тағылғанға дейiн ұсталған не қамауға алынған жағдайда - ұсталған не қамауға алынған кезден бастап рұқсат етiледi.
3. Егер кәмелетке толмаған сезiктi, айыпталушы не олардың заңды өкiлдерi адвокатпен келісім жасаспаса, тергеушi, прокурор, сот iс бойынша қорғаушының қатысуын қамтамасыз етуi тиiс.
487-бап. Кәмелетке толмаған сезiктiнiң, айыпталушының
заңды өкiлiнiң алдын ала тергеуге қатысуы
1. Кәмелетке толмаған сезiктiнiң, айыпталушының ата-анасы немесе басқа да заңды өкiлдерi болған кезде олардың iске қатысуы мiндеттi. Олар болмаған жағдайда қорғаншы және қамқоршы орган өкiлiнiң қатысуы мiндеттi.
2. Заңды өкiлге, ал ол болмаған жағдайда - қорғаншы және қамқоршы органның өкiлiне iске қатысуға тергеушiнiң қаулысымен кәмелетке толмағаннан сезiктi немесе айыпталушы ретiнде алғашқы жауап алынған кезден бастап рұқсат етiледi. Заңды өкiлге, ал ол болмаған жағдайда қорғаншы және қамқоршы органның өкiлiне iске қатысуға рұқсат етiлген ретте, осы баптың үшiншi бөлiгiнде көрсетiлген құқықтар түсiндiрiледi.
3. Заңды өкiлдiң: кәмелетке толмағанға не жөнiнде күдiк келтiрiлiп немесе айып тағылып отырғанын бiлуге, айып тағу кезiнде қатысуға, кәмелетке толмағаннан жауап алуға, сондай-ақ тергеушiнiң рұқсатымен, - кәмелетке толмаған айыпталушының, сезiктiнiң және оның қорғаушысының қатысуымен жүргiзiлетiн өзге де тергеу iс-әрекеттерiне қатысуға; өзi қатысқан тергеу iс-әрекеттерiнiң хаттамаларымен танысуға және ондағы жазбалардың дұрыстығы мен толықтығы туралы жазбаша ескерту жасауға; өтiнiмдер мен қарсылықтар мәлiмдеуге, тергеушi мен прокурордың iс-әрекеттерi мен шешiмдерiне шағым жасауға; дәлелдемелер ұсынуға; тергеу аяқталғаннан кейiн iстiң барлық материалдарымен танысуға, одан кез келген көлемде кез келген мәлiметтi көшiрiп алуға құқығы бар.
4. Тергеушi алдын ала тергеу аяқталғаннан кейiн кәмелетке толмағанға танысу үшiн оған керi әсер етуi мүмкiн материалдарды көрсетпеу, бұл материалдармен заңды өкiлдi таныстыру туралы қаулы шығаруға құқылы.
5. Егер оның iс-әрекетi кәмелетке толмағанның мүдделерiне залал келтiредi немесе iстi объективтi тергеуге кедергi келтiруге бағытталған деп сынауға негiз болса, заңды өкiл iске қатысудан шеттетiлуi мүмкiн. Ол туралы тергеушi дәлелдi қаулы шығарады. Iске қатысуға кәмелетке толмағанның басқа заңды өкiлi жiберiлуi мүмкiн.
488-бап. Педагог пен психологтың қатысуы
1. Он алты жасқа толмаған, сондай-ақ осы жасқа толған, бiрақ психикалық дамуында мешеулiк белгiлерi бар кәмелетке толмаған сезiктiнiң, айыпталушының қатысуымен iс жүргiзу әрекетiн жүргiзу кезiнде педагогтiң немесе психологтың қатысуы мiндеттi.
2. Он алты жасқа толған кәмелетке толмағандар туралы iс бойынша педагог немесе психолог iске қатысуға тергеушiнiң, соттың ұйғаруы бойынша не қорғаушының, заңды өкiлдiң өтiнiшi бойынша жiберiледi.
3. Педагог, психолог тергеушiнiң, соттың рұқсатымен кәмелетке толмаған сезiктiге, айыпталушыға сұрақтар қоюға, ал iс жүргiзу әрекетi аяқталғаннан кейiн - тергеу қимылының хаттамасымен (соттың талқылануына олардың қатысуын көрсететiн бөлiгiнде сот отырысының хаттамасымен) танысуға және ондағы жазбалардың дұрыстығы мен толықтығы туралы жазбаша ескерту жасауға құқықты, тергеушiнiң, соттың ұйғаруы бойынша кәмелетке толмағанның жеке басын сипаттайтын iс материалдарымен танысуға құқығы бар. Бұл құқықтарды тергеушi педагогқа, психологқа iс жүргiзу әрекетi басталар алдында түсiндiредi, ол туралы тергеу қимылының хаттамасында, сот отырысының хаттамасында белгi жасалады.
489-бап. Кәмелетке толмағанға кешендi психологиялық-
психиатриялық және психологиялық сараптама жасау
1. Кәмелетке толмаған сезiктiде, айыпталушыда жүйке ауруының немесе дамуында ауытқушылықтардың бар екендiгi және оның өз әрекеттерiне толық немесе iшiнара есеп беру және нақты жағдайда iс-әрекеттiң игеру қабiлетi туралы мәселенi шешу үшiн кешендi психологиялық-психиатриялық сараптама тағайындау мiндеттi.
2. Кәмелетке толмаған сезiктiнiң, айыпталушының интеллектуалдық, ерiк-жiгер, психикалық дамуының деңгейiн, жеке басының өзге де әлеуметтiк-психологиялық қырларын анықтау үшiн психологиялық сараптама тағайындалуы мүмкiн.
490-бап. Кәмелетке толмағанды арнаулы балалар
мекемесiне орналастыру
Кәмелетке толмаған айыпталушы өмiр сүру және тәрбие жағдайы бойынша бұрынғы тұратын жерiнде қалдырыла алмайтын жағдайларда ол прокурор санкция берген тергеушiнiң қаулысы бойынша немесе соттың қаулысы бойынша арнаулы балалар мекемесiне орналастырылуы мүмкiн. Бұл жағдайларда кәмелетке толмаған айыпталушылар аталған балалар мекемесiне басқа негiздер бойынша орналастырылған кәмелетке толмағандардан бөлек ұсталады.
491-бап. Кәмелетке толмағандарды ұстау және оларға
бұлтартпау шараларын қолдану
1. Сезiктi, айыпталушы кәмелетке толмағандарға осы Кодекстiң 140-бабында көзделген бұлтартпау шаралары қолданылуы мүмкiн.
2. Кәмелетке толған сезiктiге, айыпталушыға қатысты бұлтартпау шараларын қолдану туралы мәселенi шешу кезiнде әрбiр жағдайда кәмелетке толмаған сезiктiнi, айыпталушыны осы Кодекстiң 147-бабында көзделген тәртiппен кiсi қарауына беру тәрiздi таңдау мүмкiндiгi талқылануы тиiс.
3. Бұлтартпау шарасы ретiнде қамау, сондай-ақ ұстау кәмелетке толмағанға осы Кодекстiң 132, 150-баптарында көрсетiлген негiздер болса, ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасаған кезде ғана ерекше жағдайларда қолданылуы мүмкiн.
4. Кәмелетке толмағанды осы Кодекстiң 153-бабында белгiленген алдын ала тексеру сатысында қамауда ұстаудың мерзiмi алты айдан аспайтын мерзiмге ұзартылуы мүмкiн. Кәмелетке толмағандар бөлек ұсталады.
5. Тұтқындау, қамау немесе қамауда ұстау мерзiмiн ұзарту туралы кәмелетке толмағанның ата-аналары немесе оның басқа да заңды өкiлдерi, ал олар болмаған жағдайда - жақын туыстары дереу хабардар етiледi.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 492-бап өзгертілді
492-бап. Кәмелетке толмаған сотталушының заңды өкiлiнiң
сот талқылауына қатысуы
1. Сот отырысына кәмелетке толмаған сотталушылар ата-аналары немесе өзге де заңды өкiлдерi шақырылуы тиiс. Олардың сот тергеуiнде дәлелдердi зерттеуге қатысуға, айғақтар беруге, дәлелдер келтiруге, өтiнiмдер мен қарсылық бiлдiруге, соттың iс-әрекеттерi мен шешiмдерiне шағымдар жасауға, iстi апелляциялық тәртiппен қараушы соттың отырысына қатысуға және шағымдарға түсiндiрмелер беруге құқығы бар. Көрсетiлген құқықтар оларға сот талқылауының даярлық бөлiгiнде түсiндiрiлуi тиiс. Заңды өкiлдер сот отырысының залында бүкiл сот талқылауы бойында болады. Олардың келісімiмен олардан сот куәгерлер ретiнде жауап алынуы мүмкiн.
2. Заңды өкiл соттың дәлелдi қаулысымен, егер оның iс-әрекетi кәмелетке толмаған сотталушының мүдделерiне залал келтiредi немесе iстi объективтi қарауға кедергi келтiруге бағытталған деп санайтын негiздер болса, сот талқылауына қатысудан шеттетiлуi мүмкiн. Бұл жағдайда кәмелетке толмаған сотталушының басқа заңды өкiлi жiберiледi.
3. Кәмелетке толмаған сотталушының заңды өкiлiнiң келмеуi, егер сот оның қатысуы қажет деп таппаса, iстi қарауды тоқтатпайды.
4. Егер кәмелетке толмаған сотталушының заңды өкiлi қорғаушы немесе азаматтық жауапкер ретiнде iске қатысуға тартылған болса, ол процеске аталған қатысушылардың құқығына ие және мiндеттерiн орындайды.
493-бап. Кәмелетке толмаған сотталушыны сот отырысының
залынан шығару
1. Қорғаушының немесе заңды өкiлдiң өтiнiшi бойынша, сондай-ақ өзiнiң бастамашылығы бойынша сот тараптардың пiкiрiн ескере отырып өзiнiң қаулысымен кәмелетке толмаған сотталушыны оған терiс әсер етуi мүмкiн мән-жайларды зерттеу уақытында сот отырысының залынан шығаруға құқылы.
2. Кәмелетке толмаған сотталушы сот отырысының залына қайтып оралған соң төрағалық етушi оған оның болмаған кезiнде өткен талқылаудың мазмұнын қажеттi көлем мен нысанда хабарлайды және кәмелетке толмағанға өзiнiң жоқ кезiнде жауап алынған адамдарға сұрақ қою мүмкiндiгiн бередi.
494-бап. Кәмелетке толмағанның iсi бойынша үкiм шығару
кезiнде сот шешетiн мәселелер
1. Кәмелетке толмағанға үкiм шығару кезiнде сот осы Кодекстiң 371-бабында аталған мәселелермен бiрге бас бостандығынан айыруға байланысы жоқ шартты соттау, жаза тағайындау туралы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiнде көзделген жағдайларда жазадан босату туралы мәселенi талқылауға мiндеттi.
2. Бас бостандығынан айыруға байланысы жоқ шартты соттау, жаза шараларын қолдану, кәмелетке толмағандарға арналған арнаулы тәрбие беру немесе емдеу-тәрбие беру мекемесiне орналастыру не тәрбиелiк ықпал етудiң мәжбүрлеу шараларын қолдану жағдайларында сот бұл туралы мамандандырылған мемлекеттік органға хабарлайды және оған сотталушының мiнез-құлқына бақылау жасауды жүзеге асыруды жүктейдi.
495-бап. Кәмелетке толмағанды тәрбиелiк ықпал етудiң
мәжбүрлеу шараларын қолдана отырып жазадан босату
Егер кiшi-гiрiм немесе орташа ауырлықтағы қылмыс туралы iс бойынша осы қылмысты жасаған кәмелетке толмаған қылмыстық жаза шарасын қолданусыз түзелуi мүмкiн деп танылса, сот айыптау үкімін шығара отырып, кәмелетке толмаған сотталушыны жазадан босатуға және оған Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 82-бабында көзделген тәрбиелiк ықпал етудiң мәжбүрлеу шараларын қолдануға құқылы. Үкiмнiң көшiрмесi мамандандырылған мемлекеттік органға жiберiледi.
53-тарау. Артықшылықтары мен қылмыстық ізге түсуден
иммунитеттері бар адамдардың
істері бойынша іс жүргізудің ерекшеліктері
496-бап. Қазақстан Республикасы Парламентiнiң депутатына
қатысты алдын ала тергеу iсiн жүргiзу
1. Республика Парламентiнiң депутатына қатысты қылмыстық iстi Қазақстан Республикасының анықтау мен алдын ала тергеудi жүзеге асырушы мемлекеттік органының басшысы ғана қозғауы мүмкiн. Қылмыстық iстiң қозғалуы туралы дереу Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры хабардар етiледi. Шұғыл тергеу қимылдарын жүргiзген соң iс қырық сегiз сағаттан кешiктiрiлмей Қазақстан Республикасының Бас прокуроры арқылы тергеушiге берiледi. Қазақстан Республикасы Парламентiнiң депутаттарына қатысты iстер бойынша алдын ала тергеу iсiн жүргiзу мiндеттi.
2. Қазақстан Республикасы Парламентiнiң депутатын өз өкiлеттiк мерзiмi iшiнде, қылмыс жасаған орнында қолға түсу немесе ауыр не аса ауыр қылмыстар жасау жағдайларын қоспағанда, Парламенттiң тиiстi Палатасының келісімiнсiз қамауға алуға, мәжбүрлеп келтiруге, қылмыстық жауапқа тартуға болмайды.
3. Депутатты қылмыстық жауапқа тартуға, қамауға алуға, мәжбүрлеп келтiруге келісім алу үшiн Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Парламенттiң Сенатына немесе Мәжілісiне ұсыныс енгiзедi. Ұсыныс депутатқа айып тағу, қамауға алуға санкция беру, депутатты қылмыстық iзге түсу органына мәжбүрлеп жеткізу қажеттiгi туралы мәселенi шешу алдында енгiзiледi.
4. Егер Қазақстан Республикасы Парламентiнiң тиiстi Палатасы депутатты қылмыстық жауапқа тартуға келісім берсе, бұдан кейiнгi тергеу осы Кодексте белгiленген тәртiппен осы бапта көзделген ерекшелiктер ескерiле отырып жүргiзiледi.
5. Егер Қазақстан Республикасы Парламентiнiң тиiстi Палатасы қамауға алуға, мәжбүрлеп келтiруге келісім берсе, депутатқа осы бұлтартпау шараларын, iс жүргiзушiлiк мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы мәселе осы Кодексте белгiленген тәртiппен шешiледi.
6. Егер Қазақстан Республикасы Парламентiнiң тиiстi Палатасы депутатты қылмыстық жауапқа тартуға келісім бермеген жағдайда қылмыстық iс қысқартылуға жатады.
7. Егер Қазақстан Республикасы Парламентiнiң тиiстi Палатасы қамауға алуға, мәжбүрлеп келтiруге келісім бермеген жағдайда, депутатқа осы Кодексте белгiленген тәртiппен өзге бұлтартпау, iс жүргiзушiлiк мәжбүрлеу шаралары қолданылуы мүмкiн.
8. Қазақстан Республикасы Парламентi депутатына қатысты қылмыстық iстi тергеудiң заңдылығын қадағалауды Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры жүзеге асырады. Қазақстан Республикасы Парламентi депутатына қатысты тергеу iс-әрекеттерiн жүргiзуге осы Кодекске сәйкес прокурор рұқсат беруге тиiс санкцияны Қазақстан Республикасының бас Прокуроры бередi. Қазақстан Республикасы Парламентi депутатына қатысты қамау мерзiмiн ұзартуды осы Кодекстiң 153-бабында көзделген тәртiппен Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры жүргiзедi.
9. Iс жүргiзiлу аяқталған iстi айыптау қорытындысымен бiрге тергеушi осы Кодексте белгiленген тәртiппен сотқа жiберу үшiн Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына бередi.
497-бап. Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң
Төрағасына немесе мүшесiне қатысты алдын ала
тергеу iсiн жүргiзу
1. Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң Төрағасына немесе мүшесiне қатысты қылмыстық iстi Қазақстан Республикасының анықтау мен алдын ала тергеудi жүзеге асырушы мемлекеттік органының басшысы ғана қозғай алады. Қылмыстық iстiң қозғалуы туралы дереу Қазақстан Республикасының бас Прокуроры хабарландырылады. Шұғыл тергеу қимылдарын жүргiзген соң iс қырық сегiз сағаттан кешiктiрiлмей, Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры арқылы тергеушiге берiледi. Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң Төрағасына немесе мүшесiне қатысты iстер бойынша алдын ала тергеу iсiнiң жүргiзiлуi мiндеттi.
2. Қазақстан Республикасы Конституциялық кеңесiнiң Төрағасы мен мүшесi өз өкiлеттiктерiнiң мерзiмi iшiнде қылмыс үстiнде қолға түсу немесе ауыр не аса ауыр қылмыстар жасау жағдайларын қоспағанда, Қазақстан Республикасы Парламентiнiң келісімiнсiз қамауға алынбайды, мәжбүрлеп келтiрiлмейдi, қылмыстық жауапқа тартылмайды.
3. Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң Төрағасын немесе мүшесiн қылмыстық жауапқа тартуға, қамауға алуға, мәжбүрлеп келтiруге келісім алу үшiн Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Қазақстан Республикасының Парламентiне ұсыныс енгiзедi. Ұсыныс Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң Төрағасына немесе мүшесiне айып тағу, қамауға алуға санкция беру, оны қылмыстық iзге түсу органына мәжбүрлеп жеткізу қажеттiгi туралы мәселенi шешу алдында енгiзiледi.
4. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Қазақстан Республикасы Парламентiнiң шешiмiн алған соң iс бойынша әрi қарай iс жүргiзу осы Кодекстiң 496-бабының төртiншi, бесiншi, алтыншы, жетiншi, сегiзiншi, тоғызыншы бөлiктерiнде белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.
498-бап. Судьяға қатысты алдын ала тергеу iсiн жүргiзу
1. Судьяға қатысты тергеу iсiн Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры ғана қозғауы мүмкiн, ол анықтау мен алдын ала тергеудi жүзеге асырушы органға тергеу жүргiзудi тапсырады. Судьяға қатысты iстер бойынша алдын ала тергеу iсiн жүргiзу мiндеттi.
2. Судья Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сот Кеңесiнiң қорытындысына негiзделген келісімiнсiз не Конституцияның 55-бабының 3-тармақшасында көзделген жағдайда - қылмыс үстiнде қолға түсу немесе ауыр немесе аса ауыр қылмыстар жасау жағдайларын қоспағанда, Қазақстан Республикасы Парламентi Сенатының келісімiнсiз қамауға алынбайды, мәжбүрлеп келтiрiлмейдi, қылмыстық жауапқа тартылмайды.
3. Судьяны қылмыстық жауапқа тартуға, қамауға алуға, мәжбүрлеп келтiруге келісім алу үшiн Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Қазақстан Республикасының Президентiне, ал Конституцияның 55-бабының 3 тармақшасында көзделген жағдайда - Қазақстан Республикасы Парламентi Сенатына ұсыныс енгiзедi. Ұсыныс судьяға айып тағу, қамауға алуға санкция беру, судьяны қылмыстық iзге түсу органына мәжбүрлеп жеткізу қажеттiгi туралы мәселенi шешу алдында енгiзiледi.
4. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Парламентi Сенатының шешiмiн алған соң iс бойынша әрi қарай iс жүргiзу осы Кодекстiң 496-бабының төртiншi, бесiншi, алтыншы, жетiншi, сегiзiншi, тоғызыншы бөлiктерiнде белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.
499-бап. Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына
қатысты алдын ала тергеу iсiн жүргiзу
1. Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына қатысты қылмыстық iстi оның бiрiншi орынбасары ғана қозғауы мүмкiн. Қазақстан Республикасының бас Прокурорын өзiне қатысты қылмыстық iс қозғалған кезден бастап Бас Прокурордың бiрiншi орынбасарының ұсынуы бойынша тергеу аяқталғанға дейiн өзiнiң қызметтерiн атқарудан Қазақстан Республикасының Президентi шеттетедi. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры өзiнiң өкiлеттiктерiнiң мерзiмi iшiнде Қазақстан Республикасы Парламентi Сенатының келісімiнсiз, қылмыс үстiнде қолға түскен немесе ауыр немесе аса ауыр қылмыстар жасау жағдайларын қоспағанда, қамауға алынбайды, мәжбүрлеп келтiрiлмейдi, қылмыстық жауапқа тартылмайды.
2. Қазақстан Республикасы Бас Прокурорын қылмыстық жауапқа тартуға, қамауға алуға, мәжбүрлеп келтiруге келісім алу үшiн Бас Прокурордың бiрiншi орынбасары Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Сенатына ұсыныс енгiзедi. Ұсыныс Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына айып тағудың, қамауға алуға санкция берудiң, оны қылмыстық iзге түсу органына мәжбүрлеп жеткізудiң қажет екенi туралы мәселенi шешудiң алдында енгiзiледi.
3. Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бiрiншi орынбасары Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Сенатынан шешiм алған соң iс бойынша одан әрi iс жүргiзу осы Кодекстiң 496-бабының төртiншi, бесiншi, алтыншы, жетiншi бөлiктерiнде белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.
4. Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына қатысты қылмыстық iстi тексерудiң заңдылығын қадағалауды оның бiрiншi орынбасары жүзеге асырады. Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына қатысты тергеу қимылын жүргiзуге санкцияны оның бiрiншi орынбасары бередi. Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына қатысты тергеу мен қамауға алудың мерзiмiн ұзартуды осы Кодексте көзделген тәртiппен Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бiрiншi орынбасары жүргiзедi.
5. Айыптау қорытындысымен бiрге аяқталған iстi тергеушi осы Кодексте белгiленген тәртiппен сотқа жiберу үшiн Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бiрiншi орынбасарына тапсырады.
500-бап. Қазақстан Республикасы Парламентiнiң депутатына,
Конституциялық Кеңесiнiң Төрағасына немесе мүшесiне,