Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2008-2010 жылдарға арналған орта мерзімді жоспары туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 29 тамыздағы № 753 Қаулысы
(2008.12.06. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)
Осы редакция 2008 жылғы 20 маусымдағы енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының орта мерзімді жоспарларын әзірлеудің ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 14 маусымдағы № 647 қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2008 - 2010 жылдарға арналған орта мерзімді жоспары (бұдан әрі - Жоспар) мынадай құрамда бекітілсін:
1) Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2008 - 2010 жылдарға арналған негізгі бағыттары (1-бөлім);
2) Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2008 - 2010 жылдарға арналған мемлекеттік реттеуіштері (2-бөлім);
3) 2008-2010 жылдарға арналған қолданыстағы және әзірленетін мемлекеттік және салалық (секторалдық) бағдарламалардың тізбесі (4-бөлім);
4) қолданыстағы және әзірленетін мемлекеттік және салалық (секторалдық) бағдарламалар бөлінісіндегі 2008-2010 жылдарға арналған басымды бюджеттік инвестициялық жобалардың (бағдарламалардың) тізбесі (5-бөлім).
2. Құпия.
3. Құпия.
4. Жоспар құрамында Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2008-2010 жылдарға арналған маңызды көрсеткіштерінің болжамы (3-бөлім) мақұлдансын.
5. Ұлттық компанияларды дамытудың 2008-2010 жылдарға арналған негізгі бағыттары мен негізгі көрсеткіштерінің болжамы (6-бөлім) назарға алынсын.
6. Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері тиісті облыстар мен қалалардың әлеуметтік-экономикалық дамуының 2008-2010 жылдарға арналған орта мерзімді жоспарларын уақтылы әзірлеуді және заңнамада белгіленген тәртіппен бекітуді қамтамасыз етсін.
7. Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі орталық атқарушы және өзге де мемлекеттік органдармен бірлесіп, Қазақстан Республикасының Үкіметін елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының жай-күйі туралы тоқсан сайын хабардар етсін.
8. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | К. Мәсімов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2007 жылғы 29 тамыздағы
№ 753 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық
дамуының 2008-2010 жылдарға арналған орта мерзімді жоспары
1-бөлім. Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық
дамуының 2008-2010 жылдарға арналған негізгі бағыттары
Кіріспе
Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2008-2010 жылдарға арналған орта мерзімді жоспары (бұдан әрі - Жоспар) Қазақстан Республикасының Бюджет кодексі мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылы 14 маусымдағы № 647 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының орта мерзімді жоспарларын әзірлеу ережесіне сәйкес әзірленді.
Жоспар ішкі және сыртқы факторларға байланысты 2008-2010 жылдарға экономиканың даму қарқынын негіздейді және экономиканың мемлекеттік және жеке секторларының дамуы үшін қолайлы жағдай жасау саласында мемлекеттік басқарудың орталық және жергілікті органдарының және өзге де мемлекеттік органдардың іс-әрекетін айқындайды.
Жоспар экономиканың салаларын дамыту саласында 2008-2010 жылдардағы міндеттерді және стратегиялық жоспарларда, Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына жолдаулары мен Қазақстан Республикасының Президентінің 2007 жылғы 6 сәуірдегі № 310 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 - 2009 жылдарға арналған бағдарламасында (бұдан әрі - Үкімет Бағдарламасы) айқындалған мақсаттарға қол жеткізу мен басымдықтарды іске асыру үшін оларды шешу жолдарын айқындайды.
1. Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық
дамуының 2005-2006 жылдардағы жай-күйін және үрдістерін талдау
2005, 2006 жылдары экономиканың жедел осу қарқыны сақталды.
Қазақстан экономикасының жоғары өсу қарқыны әлемдік тауар нарықтарында Қазақстан экспортының негізгі құрамдауыштарына деген қолайлы баға конъюнктурасына, сондай-ақ ішкі жиынтық сұраныс пен ұсыныстың кеңеюінің жалғасуына негізделген.
2005, 2006 жылдары жалпы ішкі өнімнің (бұдан әрі - ЖІӨ) нақты өсуі тиісінше 9,7%-ды және 10,7%-ды құрады.
Экономиканың барлық секторларында нақты, қызметтер секторында, сондай-ақ қаржы секторында оң серпін байқалды.
2006 жылы өнеркәсіп өндірісі көлемі өсуінің қарқыны ұлғайды. Өнеркәсіп өнімі өндірісінің көлемі 2006 жылы өткен жылға қатысты 2005 жылғы 4,8 %-бен салыстырғанда 7,3%-ға өсті.
Өнеркәсіп салалары арасында шикізат емес сектор барынша жедел қарқынмен дамыды. 2005, 2006 жылдар бойы өнеркәсіп өндірісінің жыл сайынғы өсімі орташа 6%-ды құрады, оның ішінде тау-кен өндірісі өнеркәсібінде - 5%, өңдеу - 8%, электр энергиясын, газ бен суды өндіру және тарату - 4%.
Ауыл шаруашылығында өндіріс көлемі 2005, 2006 жылдары орташа 7%-ға ұлғайды, оның ішінде өсімдік шаруашылығында - 9,5 %-ға, мал шаруашылығында - 4,5%-ға.
Құрылыс саласының дамуы жоғары өсу қарқынымен сипатталды. 2005, 2006 жылдары құрылыстағы орташа жылдық өсім 33,8 %-ды құрады.
2005, 2006 жылдардағы экономикалық өсу факторларының бірі жылдық орташа өсімі 22,4% болатын негізгі капиталға инвестициялар көлемінің өсуі болды.
Қызметтер саласындағы өсу негізінен бөлшек сауда, байланыс қызметтері мен жүк көлігі қызметтері саласында көрсетілетін қызметтер көлемінің өсуімен қамтамасыз етілді, онда жылдық өсу қарқыны 2005, 2006 жылдары орташа 15 %-ды, 24 %-ды және 4,9 %-ды құрады.
Экономиканың өсу факторларының бірі ретінде ішкі жиынтық сұраныстың кеңеюіне 2005, 2006 жылдары үй шаруашылықтарын тұтыну мен жалпы жинақтар шығыстарының ұлғаюы ықпал етті. 2005, 2006 жылдар бойы жалпы тұтыну, оның ішінде үй шаруашылықтары шығыстары жылына орташа 11 %-дан жоғары өсті.
Тұрғындар тарапынан жиынтық сұраныстың өсуі негізінен халықтың нақты ақшалай табысының ұлғаюына негізделген, ол 2005, 2006 жылдары жыл сайын 11,4 %-ға өсті.
Жалпы жинақтың өсімі 2005 жылы 17,7 %-ды, 2006 жылы - 28,8 %-ды құрады.
Экономиканың өсуі сыртқы сауда көрсеткіштерінің өсуімен қатар жүрді. 2005, 2006 жылдары сыртқы сауда айналымының жыл сайынғы өсуі орташа 37,3 %-ды, оның ішінде экспорт - 38 %-ды, импорт - 36,1 %-ды құрады.
Экспорттың ұлғаюына басты жағдайда энергиялық ресурстар мен металдар нарығында сақталған қолайлы сыртқы конъюнктура, сондай-ақ бірге елдегі отын-энергетика ресурстарын өндірудің өсуі мен металлургия өнеркәсібі өнімдері өндірісінің өсуі ықпал жасады.
Экспорттың құрамында 2005, 2006 жылдары негізгі үлесті экспорттың жалпы көлемінің шамамен 90 %-ын минералдық өнімдер, қымбат емес металдар мен олардан жасалған бұйымдар иеленді.
Импортта негізгі үлес импорттың жалпы көлемінің шамамен 83-84 %-ын машиналар, жабдықтар мен көлік құралдары, қымбат емес металдар мен олардан жасалған бұйымдар, химия өнімі, минералды өнімдер иеленді.
Ішкі нарыққа шетел валютасының едәуір ағыны елдің халықаралық резервтері мен Қазақстан Республикасының Ұлттық қор (бұдан әрі - Ұлттық қор) активтерінің ұлғаюына ықпал жасады. Ұлттық қордың қаражатын қоса алғанда елдің халықаралық резервтері тұтастай, 2005 жылға 4,7 %-ға, ал 2006 жылға 2,2 есеге ұлғая отырып, 2006 жылдың соңына 33,2 млрд. АҚШ долларын құрады. Ұлттық қордың активтері 2005 жылмен салыстырғанда 71,6 % ұлғая отырып, 2006 жылдың соңына 1853,4 млрд. теңгені құрады.
Қаржы нарығы 2005, 2006 жылдары экономиканың ең серпінді дамып келе жатқан секторларының бірі болды. Екінші деңгейдегі банктер берген кредиттер көлемі 2005, 2006 жылдары 3,2 есеге ұлғая келе 2006 жылдың соңына 4691,0 млрд. теңгені құрады. Депозиттік ұйымдардағы резиденттер депозиттерінің жалпы көлемі 2005 жылдан бастап 2,4 есеге ұлғайып, 2006 жылдың соңына 3076,7 млрд. теңгені құрады.
Ішкі валюта нарығында 2005 жылы теңге АҚШ долларына қарағанда 2,9 %-ға құнсызданды, ал 2006 жылы ол 5,06 %-ға нығайды. Теңгенің АҚШ долларына қарағанда орташа өлшемді биржалық айырбас бағамы бір АҚШ доллары үшін 2005 жылы орташа 132,94 теңгені, 2006 жылы - 125,96 теңгені құрады.
2005, 2006 жылдары жұмыспен қамтылған халық санының одан әрі ұлғайғаны байқалды, бұл жұмыссыздар деңгейінің 2005 жылғы 8,1%-бен және салыстырғанда 2006 жылы 7,8%-ға дейін төмендеуіне алып келді.
Нақты жалақының жыл сайынғы өсуі 2005, 2006 жылдары шамамен орташа 11%-ды құрады.
Инфляция деңгейі 2005 жылы орташа 7,6%-ды, 2006 жылы - 8,6%-ды құрады.
Инфляциялық процестерді тежеу мақсатында Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі 2005 - 2006 жылдары»қатаң ақша-кредит саясатын» жүргізді, онда инфляциялық қысымды азайтуға, атап айтқанда қайта қаржыландырудың ресми ставканың реттейтін қасиеттерін күшейтуге, ақша-кредит саясатының жекелеген операцияларын мерзімдер мен ставкалар бойынша біріздендіруге бағытталған шаралар бар, сондай-ақ ең төменгі резервтік талаптардың сараландырылған нормативтері енгізілді.
2006 жылы құрылған Алматы қаласындағы өңірлік қаржы орталығы өтімді ішкі қаржы нарығын, халықаралық капитал нарығымен ықпалдасуды дамытуға, Қазақстан экономикасына инвестицияларды ұлғайтуға, үздік шетелдік технологияларды тартуға ықпал етеді және ең бастысы, экономиканың нақты секторының құрылымдық реформаларын іске асыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
2006 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 1 қыркүйектегі № 1641 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражатын қалыптастырудың және пайдаланудың орта мерзімді перспективаға арналған тұжырымдамасына сәйкес оның жұмыс істеуінің жаңа жүйесі енгізілді, оған сәйкес мұнай секторының кірістері толығымен Ұлттық қорға жіберіледі, ал республикалық бюджеттің кіріс бөлігі тек мұнай емес сектордың есебінен қалыптастырылады.
Қазақстанда қолданыстағы заңнамамен отандық инвесторларға да және шетел инвесторлары үшін де тең жағдайлар мен мүмкіндіктер жасалған. Елде жеткілікті түрде қолайлы салықтық инвестициялық режим қолданылуда, инвестицияларды қорғау және көтермелеу үшін қажетті институттар жасалған.
2005 - 2006 жылдары бюджеттік инвестициялар базалық инфрақұрылым мен әлеуметтік секторды дамытуға, аграрлық секторды дамытуға жәрдемдесуге, Астана қаласын дамытуға және мемлекеттік басқару функцияларын тиімді іске асыруды қамтамасыз етуге жұмсалды. Есепті кезеңде бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыруға 719,3 млрд. теңге жұмсалды. 2007 жылға арналған республикалық бюджетте көзделген бюджеттік инвестициялардың көлемі 878,8 млрд. теңгені құрады.
Үкіметтік борыштың мөлшерін дәйекті қысқартуды қамтамасыз ету, үкіметтік борыштың құрылымындағы сыртқы борыштың үлесін біртіндеп азайту, сондай-ақ мемлекеттік сектор мен жеке сектор ұйымдарының сыртқы борышының проблемалы мәселелерін шешу мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 29 желтоқсанда № 234 Жарлығымен Мемлекеттік және жалпы сыртқы борышты басқару жөніндегі тұжырымдама қабылданды.
2005-2006 жылдары салық заңнамасын жетілдіру экономикаға салықтық жүктемені азайтуға, кәсіпкерлердің инвестициялық белсенділігін арттыруға, бәсекеге қабілетті жоғары технологиялы өндірістерді дамытуды ынталандыруға бағытталды.
2005 және 2006 жылдары кешенді және осы заманғы нормативтік-әдістемелік реттеу базаларын құру, оның осы заманғы дамуы мен тәжірибеде қолданылуы табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін реттеу және бақылау жүйесін жетілдірудің, оның ішінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 13 мамырдағы № 455 қаулысымен мақұлданған Табиғи монополиялар салаларында тарифтік саясатты дамытудың 2005 - 2007 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асырудың нәтижесі болып табылады.
Шағын және орта бизнесті дамытудағы сапалы серпілісті қамтамасыз ету мақсатында «Жеке кәсіпкерлік туралы» 2006 жылғы 31 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды, онда бизнес пен мемлекет арасындағы өзара қатынастардың жаңа үлгісі ұсынылды, ол кәсіпкерлердің тәжірибесі мен білімін жұмылдыруға мүмкіндік береді.
2006 жылы Қазақстан Республикасында мемлекеттік-жекеменшік
серіктестігін енгізу мақсатында «Концессиялар туралы» 2006 жылғы 7 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды.
Отын-энергетикалық кешенде 2005-2006 жылдары тиімділікті және экономикалық қайтарымдылықты арттыруға, сондай-ақ осы салалардың жұмыс істеуінің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған шаралар жүргізілді.
Заңнамалық базаны жетілдіру мен әзірлеуде үлкен жұмыс жүргізілді, бұл жер қойнауын пайдаланушылардың қызметін ілеспе газды кәдеге жарату жағына бұруға мүмкіндік берді.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 17 мамырдағы № 1096 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Индустриялық-инновациялық дамуының 2003-2015 жылдарға арналған стратегиясын (бұдан әрі - Индустриялық-инновациялық даму стратегиясы) іске асырудың бірінші кезеңі шеңберінде 20-дан астам заң қабылданды, 9 салааралық, 16 салалық және ғылыми практикалық және 5 мемлекеттік бағдарлама әзірленді. Бірыңғай «Қазына» орнықты даму қоры» бірыңғай холдингіне біріккен мемлекеттік даму институттарының жүйесі жасалды.
Өткен кезеңде экономиканың шикізат емес секторларын кеңінен зерттеу жүргізілді, экономиканың шикізат емес секторларында жобаларды, өңірлердің бәсекеге қабілеттілігін арттырудың нақты шараларын іске асыру басталды.
«Қазына» АҚ-ның жиынтық жарғылық капиталы 2007 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 191 млрд. теңгені құрады.
2006 жылдан бастап Индустриялық-инновациялық даму стратегиясын іске асырудың екінші кезеңін іске асыру жүзеге асырылуда. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 30 маусымдағы № 609 қаулысымен Индустриялдық-инновациялық даму стратегиясын іске асырудың 2006 - 2008 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары бекітілді.
Индустриялық-инновациялық саясат шеңберінде өңірлік дамудың тиімділігін арттыру әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар - өңірлік даму институттарының (бұдан әрі - ӘКК) қызметімен қамтамасыз етілетін болады.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 14 желтоқсанда № 1305 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасында құрылыс материалдары, бұйымдары мен құрастырмалары өнеркәсібін дамытудың 2005-2014 жылдарға арналған бағдарламасының (бұдан әрі - Құрылыс материалдары өнеркәсібін дамыту бағдарламасы) қабылдануымен керамикалық кірпіш, газ бетон блоктар, гипс картонды беттер, темір бетон бұйымдарын, құрғақ құрылыс қоспаларын, шыны пластикалық құбырлар, кен емес материалдар шығару, терезелер мен есіктер, тауар бетонын өндіру жөніндегі өндірістік қуаттар іске қосылды. Құрылыс материалдары өнеркәсібін дамыту бағдарламасын одан әрі іске асыру құрылыс материалдарын шығару көлемін жыл сайын орташа 8-10%-ға өсіруге мүмкіндік береді.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 6 наурыздағы № 149 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін тұрақты дамытудың 2006-2010 жылдарға арналған тұжырымдамасын асыру жөніндегі 2006-2008 жылдарға арналған бірінші кезектегі шаралар бағдарламасын іске асыру шеңберінде, агроөнеркәсіп кешенін индустрияландыру, инфрақұрылымын және ұлттық бәсекеге қабілеттілік басымдықтарын дамыту жөніндегі міндеттерді шешу жүзеге асырылуда.
2005-2006 жылдары көлік саласында қолданыстағы көлік инфрақұрылымын жаңғырту, теміржол желілерін салу, автомобиль жолдарының жағдайын жақсарту жүзеге асырылды, жылжымалы құрам жаңартылды және теміржол станцияларының өткізу қабілеттері ұлғайтылды.
2006 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің 2004 жылғы 10 қарашадағы № 1471 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасында «электрондық үкімет» қалыптастырудың 2005 - 2007 жылдарға арналған бағдарламасын (бұдан әрі - «Электрондық үкіметті» қалыптастырудың мемлекеттік бағдарламасы) іске асырудың бірінші ақпараттық кезеңі аяқталды. «Ақпараттандыру туралы« және «Кейбір заңнамалық актілерге ақпараттандыру мәселелері бойынша толықтырулар енгізу туралы« 2007 жылғы 11 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңдары қабылданды, «электрондық үкімет» веб-порталы іске қосылды. 2006 жыл «электрондық үкіметті» дамытудағы интерактивтік кезеңінің басы болды, оның негізгі жайттары е-үкімет инфрақұрылымының өзегін пайдалануға енгізу, мемлекеттік органдардың интерактивті қызметтер ұсынуға өтуін нормативтік құқықтық қамтамасыз етуді жетілдіру болып табылады.
2005-2006 жылдар ішінде мемлекет, жұмыс берушілер мен қызметкер арасында әлеуметтік қамсыздандырудың жай-күйі мен тұрақтылығына жауапкершілікті бөле отырып, әлеуметтік қамсыздандырудың көп деңгейлі жүйесін қалыптастыру жөніндегі іс-шаралар жүзеге асырылды.
Мемлекеттік әлеуметтік стандарттар жүйесін жетілдіру жұмысы жүргізілуде.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2004 жылы 11 маусымда № 1388 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасында тұрғын үй құрылысын дамытудың 2005-2007 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде халықтың әлеуметтік қорғалатын топтары үшін коммуналдық тұрғын үй салу жүзеге асырылуда, 2005-2006 жылдары жалпы алаңы 394,4 мың шаршы метр (4752 пәтер) салынды.
2006 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі күн көріс көлемін есептеу әдісі өзгерді, соған сәйкес азық-түлік себетінің жиынтығы қайта қаралды, ең төменгі күн көріс құрылымы азық-түлік себетінің үлесін 70-тен 60 %-ға дейін қысқарту және азық-түлік емес тауарлар мен қызметтерді 30-дан 40 %-ға дейін ұлғайту жағына қарай өзгерді.
Мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері 2006 жылдан бастап тиісті жылға арналған республикалық бюджет туралы заңмен жыл сайын бекітілетін ең төменгі күн көріс көлеміне байланысты есептеледі.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 23 қаңтардағы № 93 қаулысымен бекітілген 2002-2010 жылдарға арналған «Ауыз су» салалық бағдарламасы (бұдан әрі - «Ауыз су» салалық бағдарламасы) шеңберінде сумен жабдықтау жүйелерін жаңадан салу және жұмыс істеп тұрған 4210 жүйені қайта жаңарту, 4,5 млн. адам саны бар 1511 елді мекенді сумен жабдықтауды жақсарту жөнінде жұмыстар жүргізілді.
Республикада демографиялық ахуалды жақсарту мақсатында 2006 жылғы 1 қаңтардан бастап азық-түлік себетінің құнынан төмен жан басына шаққанда орташа табысы бар аз қамтамасыз етілген отбасының 18 жасқа дейінгі балаларға жәрдемақылар төленуде, ал 2006 жылғы 1 шілдеден бастап отбасының табысына қарамастан бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жәрдемақы енгізілді, оның мөлшері бала санына қарай сараланып белгіленеді.
2005-2006 жылдары денсаулық сақтау ұйымдары желісін типтендіру, мамандарды жалпы дәрігерлік практика бойынша қайта даярлау, ұйымдарды медициналық жабдықтармен, бастапқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарын санитарлық көлікпен жарақтандыру, денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыру үлгісін әзірлеу жүзеге асырылды.
Тұтастай алғанда республикада экономика салалары мен секторларын дамыту, экспорттық мүмкіндіктерді кеңейту, экономикалық қызмет субъектілерінің табыстылығы мен халықтың әл-ауқатының деңгейін арттыру, ішкі нарықта да сыртқы нарықта да отандық тауар өндірушілердің ұстанымын нығайту үшін қажетті жағдай жасалды.
2007 жылғы қаңтар-маусымда ЖІӨ-нің нақты өсуі 2006 жылғы қаңтар-маусымға қарағанда 10,2%-ды құрады.
2007 жылғы бірінші жарты жылдықта өнеркәсіп өндірісінің көлемі 3367,3 млрд. теңгені құрады, ол 2006 жылғы осындай кезеңмен салыстырғанда 6,8%-ға артық. 2007 жылғы қаңтар-маусымда ауыл шаруашылық жалпы өнімі көлемінің 216,9 млрд. теңгені құрады және 2006 жылғы қаңтар-маусыммен салыстырғанда 3,8 %-ға ұлғайды.
2007 жылғы қаңтар-маусымда жалпы жүк тасымалдау көлемі 2006 жылғы қаңтар-маусыммен салыстырғанда 4,9 %-ға өсті және 921,6 млн. тоннаны құрады. 2007 жылғы қаңтар-маусымда байланыс қызметтері 158,8 млрд. теңгені құрады және 31,5 %-ға өсті.
2007 жылғы бірінші жартыжылдықта бөлшек тауар айналымы 832,2 млрд. теңгені құрады және 11,1 %-ға ұлғайды.
2007 жылғы қаңтар-маусымда негізгі капиталға инвестициялардың көлемі 1230,2 млрд. теңгені құрады, ол 2006 жылғы қаңтар-маусымға қарағанда 11,2%-ға жоғары.
Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 2007 жылғы қаңтар-маусымда, кеден статистикасының деректері бойынша 36,6 млрд. АҚШ долларын құрады және 2006 жылғы қаңтар-маусыммен салыстырғанда 34,2 %-ға көбейді, оның ішінде экспорт - 21,8 млрд. АҚШ доллар (25,8 %-ға ұлғайды), импорт - 14,8 млрд. АҚШ доллар (48,8 %-ға ұлғайды).
Үстіміздегі жылғы маусымның соңындағы жағдай бойынша Ұлттық қордың қаражатын қосқанда, елдің халықаралық жалпы резерві 40 млрд. АҚШ долларын құрады, ол жылдың басына қарағанда 20,5 %-ға өсті. Ұлттық қордың активтері үстіміздегі жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша 17,6 млрд. АҚШ долларын құрады.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің деректері бойынша екінші деңгейдегі банктердің экономика салаларына кредиттік салымдары 2007 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша 6568,6 млрд. теңгені құрады, 2006 жылғы маусымның соңына қарағанда 2,1 есе көп. 2007 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша банк жүйесіндегі депозиттердің көлемі 3696,1 млрд. теңгені құрады, ол 2006 жылғы маусымның соңына қарағанда 71, 6%-ға көп.
Теңгенің АҚШ долларына қарағанда ресми айырбас бағамы 2007 жылғы қаңтар-маусымда орташа 123,16 теңгені құрады (2006 жылғы қаңтар-маусымда - 127,1).
2007 жылғы екінші тоқсанда республика экономикасында 7,6 млн. адам жұмыспен қамтылды, ол 2006 жылғы екінші тоқсанға қарағанда 215,1 мың адамға көп. Жұмыссыздық деңгейі халықтың экономикалық белсенді санына қарағанда 7,3 % деңгейінде қалыптасты (2006 жылғы екінші тоқсанда - 7,7 %).
2007 жылғы қаңтар-маусымда халықтың жан басына шаққанда орташа номиналды ақшалай табысы 140401 теңгені құрады және 2006 жылғы қаңтар-маусыммен салыстырғанда 27,9 %-ға, нақты ақшалай табысы - 18,5 %-ға ұлғайды. Нақты жалақы кезең ішінде 19,9 %-ға ұлғайды.
2007 жылғы маусымда 2006 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда тұтыну бағалар индексі 104,6 %-ды, 2007 жылғы қаңтар-маусымда 2006 жылғы қаңтар-маусыммен салыстырғанда - 107,9%-ды құрады.
2007 жыл бойынша макроэкономикалық бағалау
Соңғы жылдары Қазақстан экономикасының қарқынды дамуы байқалуда. 2007 жылы болжам бойынша тұрақты экономикалық өсу үрдісі сақталды.
Жалпы ішкі өнімнің өсімі 2007 жылы 9,9 % деңгейінде көзделіп отыр.
Халықтың жан басына ЖІӨ бағалау бойынша, 6705 АҚШ доллары мөлшерінде қалыптасады, ол өткен жылғы деңгейден 27,6 %-ға есе жоғары.
Инфляцияның орташа жылдық деңгейі 2007 жылы 5-7 % шегінде болады.
Жоспарланған кезеңде өнеркәсіп өнімнің көлемі 6,8 %-ға, ауылшаруашылық өнімі - 3,5%-ға ұлғаюы күтіліп отыр.
2007 жылы негізгі капиталға инвестицияның өсу қарқыны 112 %-ды құрайды.
2005 жылдан бастап экономика өсуінің жоғары қарқынына шикізат салаларының дамуы есебінен ғана емес, ең алдымен құрылыстағы өсудің жоғары қарқыны мен қызметтер саласының қарқынды дамуы есебінен қол жеткізілді. 2007 жылы осы үрдістің сақталуы күтіліп отыр, атап айтқанда, бағалау бойынша құрылыс жұмыстарының көлемі 29,5 %-ға, көлік қызметтері - 5,8%-ға, байланыс қызметтері - 27,5%-ға өседі.
Тауарлар экспорты (ФОБ) бағалау бойынша 44,7 млрд. АҚШ доллары мөлшерінде жоспарланады. Тауарлар импорты (ФОБ) өсуінің жоғары жеткілікті қарқын сақталады, импортталатын өнімнің көлемі 33,2 млрд. АҚШ долларын құрайды.
Әлеуметтік саясат саласында болашақта тұрғындардың тұрмыс сапасын одан әрі жақсарту мен кедейшілікті төмендету шаралары қабылданады. 2007 жылы ең төменгі жалақының мөлшері 9752 теңгеге дейін артты. 2006 жылмен салыстырғанда нақты жалақы мөлшері 14,5%-ға өседі.
2007 жылы жұмыссыздар деңгейінің 7,5 %-ға дейін төмендеуі күтіліп отыр.
2. Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2008-2010 жылдарға арналған негізгі бағыттары
2.1. Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық даму проблемалары