Адвокаттық және нотариаттық қызмет түрлерін лицензиялау ережесін және оларға
қойылатын біліктілік талаптарын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 2 маусымдағы № 454 Қаулысы
Осы редакция 2008 жылғы 28 наурыздағы енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Қазақстан Республикасының «Нотариат туралы» 1997 жылғы 14 шілдедегі, «Адвокаттық қызмет туралы» 1997 жылғы 5 желтоқсандағы және «Лицензиялау туралы» 2007 жылғы 11 қаңтардағы заңдарын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған:
1) Адвокаттық қызметті лицензиялау ережесі;
2) адвокаттық қызметті лицензиялау кезінде қойылатын біліктілік талаптары;
3) Нотариаттық қызметті лицензиялау ережесі;
4) нотариаттық қызметті лицензиялау кезінде қойылатын біліктілік талаптары бекітілсін.
2. Мыналардың:
1) «Адвокаттық қызмет пен нотариустардың қызметін лицензиялау ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 27 ақпандағы № 254 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2002 ж., № 6, 60-құжат);
2) «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің мәселелері» туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 28 қазандағы № 1120 қаулысымен (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2004 ж., № 41, 532-құжат) бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың 4-тармағының;
3) «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 25 қыркүйектегі № 1235 және 2002 жылғы 27 ақпандағы № 254 қаулыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 7 мамырдағы № 518 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2004 ж., № 21, 269-құжат) 1-тармағының 2) тармақшасының күші жойылды деп танылсын.
3. Осы қаулы ресми жариялануға тиіс және 2007 жылғы 9 тамыздан бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | К. Мәсімов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2007 жылғы 2 маусымдағы
№ 454 қаулысымен
Бекітілген
Адвокаттық қызметті лицензиялау ережесі
1. Жалпы ережелер
1. Осы Адвокаттық қызметті лицензиялау ережесі (бұдан әрі - Ереже) Қазақстан Республикасының «Адвокаттық қызмет туралы» 1997 жылғы 5 желтоқсандағы, «Лицензиялау туралы» 2007 жылғы 11 қаңтардағы заңдарына (бұдан әрі - Заң) сәйкес әзірленді және адвокаттық қызметті лицензиялау тәртібін белгілейді.
2. Адвокаттық қызметті лицензиялауды Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Халыққа құқықтық көмек және заңгерлік қызмет көрсетуді ұйымдастыру комитеті (бұдан әрі - лицензиар) жүзеге асырады.
3. Тиісті лицензиясыз адвокаттық қызметпен айналысу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
2. Лицензияны беру, қайта ресімдеу және оны беруден бас тарту тәртібі
4. Адвокаттық қызметпен айналысу құқығына лицензия (бұдан әрі - лицензия) адвокаттық қызметпен айналысуға ниет білдірген (бұдан әрі - өтініш беруші), белгіленген біліктілік талаптарына жауап беретін адамға беріледі.
5. Лицензия алу үшін мынадай құжаттар қажет:
1) белгіленген нысандағы өтініш;
2) жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
3) жекелеген қызмет түрлерімен айналысу құқығы үшін бюджетке лицензиялық алымның төленгенін растайтын құжат;
4) өтініш берушінің салық органында есепке тұрғаны туралы куәліктің нотариалды куәландырылған көшірмесі;
5) адвокатта тағылымдамадан өткендігі туралы шарттың көшірмесі;
6) адвокат тағылымдамашысының жетекшісін тағайындау туралы адвокаттар алқасы төралқасының қаулысынан көшірме немесе үзінді көшірме;
7) тағылымдамадан ойдағыдай өткені туралы тағылымдама жетекшісі қол қойған және адвокаттар алқасының төралқасы бекіткен қорытынды;
8) адвокаттық қызметпен айналысу құқығына лицензия алу үшін аттестаттаудан өткені туралы әділет аттестаттау комиссиясының (бұдан әрі - ӘАК) шешімі не өтініш берушінің ӘАК-да аттестаттаудан өтуден босатылғанын растайтын құжат;
9) наркологиялық және психиатриялық диспансерлер лицензиарға тапсырғанға дейін кемінде бір ай бұрын өтініш берушінің тұрғылықты жері бойынша берген медициналық анықтамалар;
10) бүкіл республика бойынша мәліметтерді көрсете отырып лицензиарға тапсырғанға дейін кемінде бір ай бұрын, өтініш берушінің тұрғылықты жері бойынша берілген соттылығының жоқтығы туралы анықтама;
11) прокуратура, тергеу немесе анықтау органдарында жұмыс істеген прокурордың, тергеушінің не анықтаушының жұмыс стажын растайтын және атқарған қызметінен босатылу себебін қамтитын еңбек кітапшасының немесе өзге де құжаттың нотариалды куәландырылған көшірмесі.
6. Осы Ереженің 5-тармағының 5), 6), 7), 8), 9) және 10) тармақшаларында көрсетілген құжаттарды беруден тұрақты жұмыс істейтін судьялар босатылады.
7. Осы Ереженің 5-тармағының 5), 6), 7) және 8) тармақшаларында көрсетілген құжаттарды беруден:
1) Қазақстан Республикасы Әділет біліктілік алқасына біліктілік емтихандарын тапсырған;
2) өз міндеттерін орындау кезінде атына кір келтіретін теріс қылықтары және заңдылықты бұзғаны үшін сот лауазымынан босатылған судьяларды қоспағанда, тұрақты судья болып жұмыс істеген адамдар босатылады.
8. Өтініш берушіні ӘАК-да аттестаттаудан өтуден босатуды растайтын құжаттар мыналар болып табылады:
1) Қазақстан Республикасының Әділет біліктілік алқасы берген өтініш берушінің Әділет біліктілік алқасына судья лауазымына біліктілік емтиханын тапсырғанын растайтын анықтама;
2) құзыретті лауазымды адам оны лицензиарға тапсыруға дейін кемінде бір ай бұрын берген өтініш берушінің сот лауазымындағы жұмысын растайтын анықтама;
3) Қазақстан Республикасы Президентінің тұрақты судья лауазымынан босату туралы Жарлығының немесе Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты қаулысының көшірмесі;
4) прокуратура, тергеу немесе анықтау органдарында жұмыс істеген прокурордың, тергеушінің не анықтаушының жұмыс стажын растайтын және атқарған қызметінен босатылу себебін қамтитын еңбек кітапшасының немесе өзге де құжаттың нотариалды қуәландырылған көшірмесі.
9. Лицензиялар алу үшін қажетті құжаттарды өтініш беруші жеке өзі немесе оның уәкілетті өкілі сенімхат бойынша не тапсырыс хатпен береді.
Лицензиарға лицензия беру үшін ұсынылған құжаттар тізімдеме бойынша қабылданады, оның көшірмесі құжаттардың қабылданған күні туралы белгі қойылып өтініш берушіге жіберіледі (тапсырылады).
10. Лицензиар лицензия берген кезде өтініш берушінің біліктілік талаптарға сәйкестігін тексереді.
Ұсынылған құжаттарда қамтылған мәліметтердің толықтығына және анықтығына өтініш иесі Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен жауапты болады.
11. Лицензияны лицензиар осы Ережеде белгіленген тиісті құжаттармен қоса лицензия беру туралы өтініш берілген күннен бастап отыз жұмыс күнінен кешіктірмей береді.
Лицензиар осы тармақта белгіленген мерзім ішінде лицензия беруге не лицензия беруден бас тарту себептері туралы жазбаша түрде дәлелді жауап беруге міндетті.
12. Лицензиардың лицензиялар беру туралы шешімі Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Халыққа құқықтық көмек және заңгерлік қызмет көрсетуді ұйымдастыру комитеті төрағасының бұйрығымен ресімделеді.
13. Лицензия қолданыстағы заңнамаға сәйкес лицензиаттың лицензия алуға уәкілетті өкіліне берілуі мүмкін.
14. Лицензия жоғалған, бүлінген кезде лицензиаттың оның телнұсқасын алуға құқығы бар.
Лицензиар бұрын алған лицензия жоғалған не бүлінген жағдайда телнұсқа беру туралы өтініш берілген күннен бастап он жұмыс күні ішінде жаңа нөмір бере отырып және жоғарғы оң жақ бұрышында»"Телнұсқа" деген жазуы бар лицензияның телнұсқасын береді.
Бұл ретте лицензиат лицензияның телнұсқасын берген кезде Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген тәртіппен және мөлшерде жекелеген қызмет түрлерімен айналысу құқығы үшін бюджетке лицензиялық алым төлейді.
Лицензиат лицензиарға жазбаша өтініш (лицензияның жоғалған, бүлінген фактісін растайтын құжаттармен қоса) берген күнінен бастап лицензияның жоғалған, бүлінген бланкілері жарамсыз деп саналады.
Лицензиялардың телнұсқаларын беру және лицензиат жоғалтқан, бүлдірген лицензиялардың бланкілерін жарамсыз деп тану туралы шешім лицензиардың бұйрығымен ресімделеді.
15. Лицензиаттың тегі, аты, әкесінің аты ауыстырылған жағдайда ол отыз күнтізбелік күн ішінде көрсетілген мәліметтерді растайтын тиісті құжаттарды қоса, лицензияны қайта ресімдеу туралы өтініш беруге міндетті.
Лицензиар лицензиат тиісті жазбаша өтініш берген күннен бастап он жұмыс күні ішінде тиісті бұйрықтың негізінде лицензияны қайта ресімдейді.
16. Өтініш берушіге, егер:
1) Қазақстан Республикасының заңдарында субъектілердің осы санаты үшін қызмет түрімен айналысуға тыйым салынса;
2) осы Ережеге сәйкес талап етілетін барлық құжаттар табыс етілмесе лицензия беруден бас тартылуы мүмкін. Өтініш беруші көрсетілген кедергілерді жойған кезде өтініш жалпы негіздерде қаралады;
3) жекелеген қызмет түрлерімен айналысу құқығы үшін лицензиялық алым енгізілмесе;
4) өтініш беруші біліктілік талаптарына сәйкес келмесе;
5) өтініш берушіге қатысты оған жекелеген қызмет түрімен айналысуға тыйым салатын заңды күшіне енген сот үкімі болғанда лицензия беруден бас тартылуы мүмкін.
17. Лицензияны Заңда белгіленген мерзімде беруден бас тартқан немесе, егер лицензия беруден бас тарту өтініш берушіге негізсіз берілген жағдайларда ол бұл әрекеттерге Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағымдануға құқылы.
3. Лицензияның қолданылуын тоқтата тұру, тоқтату, одан айыру
18. Лицензияның қолданылуын тоқтата тұру, одан айыру Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
19. Лицензияның қолданылуы мынадай жағдайларда:
1) лицензия алып қойылғанда;
2) жеке тұлғаның қызметі тоқтатылғанда;
3) лицензия ерікті түрде қайтарылғанда;
4) лицензияланатындардың тізбесінен адвокаттық қызмет алып тасталса тоқтатылады.
Лицензияның қолданылуы тоқтатылған кезде лицензиат он жұмыс күні ішінде лицензияны лицензиарға қайтаруға міндетті.
4. Есепке алу және бақылау
20. Лицензиар лицензиаттың Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңнамасын сақтауын қамтамасыз етуге бағытталған лицензиялық бақылауды жүзеге асырады.
Лицензиар өз құзыреті шеңберінде лицензиаттан тиісті құжаттарды ұсынуын талап етуге және бақылау функцияларын орындау үшін қажетті жазбаша немесе ауызша ақпарат алуға құқылы.
21. Лицензиар берілген, қайта ресімделген, тоқтатыла тұрған, қалпына келтірілген және қолданылуын тоқтатқан лицензиялар туралы мәліметтерді қамтитын Адвокаттық қызметпен айналысу құқығына лицензиялардың мемлекеттік тізілімін жүргізеді.
Адвокаттық қызметпен айналысу құқығына лицензиялардың мемлекеттік тізілімінде Заңның 8-бабының 5) тармақшасында көзделген мәліметтер көрсетілуге тиіс.
22. Осы Ереженің негізінде берілген лицензиялардың бірыңғай есебін жүргізу үшін лицензиар заңнамада белгіленген тәртіппен лицензиялар бланкілеріне тапсырыс жасайды.
Лицензия бланкілері қатаң есептегі құжаттар болып табылады.
Лицензиялардың бүлінген бланкілерін, сондай-ақ қолданылуы тоқтатылған лицензияларды лицензиар комиссиямен жоюы тиіс.
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2007 жылғы 2 маусымдағы
№ 454 қаулысымен
Бекітілген
Адвокаттық қызметті лицензиялау кезінде қойылатын біліктілік талаптары
1. Адвокаттық қызметпен айналысу құқығына лицензия алу үшін жеке тұлға мынадай біліктілік талаптарына сәйкес болуы тиіс:
1) Қазақстан Республикасының азаматтығы;
2) жоғары заң білімінің болуы;
3) кемінде бес жыл адвокаттық қызмет стажы бар адвокатта үш айдан бір жылға дейінгі мерзімде адвокаттар алқасы анықтаған тәртіппен және шарттарда тағылымдамадан өтуі;
4) әділет аттестаттау комиссиясында аттестаттаудан өтуі.
2. Адвокаттық қызметті лицензиялау кезінде қойылатын осы біліктілік талаптарының 1-тармағының 3) және 4) тармақшаларында көзделген біліктілік талаптары:
1) Қазақстан Республикасы Әділет біліктілік алқасында біліктілік емтиханын тапсырған адамдарға;
2) тұрақты судьяларға;
3) өз міндеттерін орындау кезінде атына кір келтіретін теріс қылықтары және заңдылықты бұзғаны үшін сот лауазымынан босатылған судьяларды қоспағанда, тұрақты судья болып жұмыс істейтін адамдарға қолданылмайды.
3. Келеңсіз себептер бойынша босатылғандарды қоспағанда, адвокаттық қызметті лицензиялау кезінде қойылатын осы біліктілік талаптарының 1-тармағының 4) тармақшасында көзделген біліктілік талабы прокуратура, тергеу және анықтау органдарында кемінде он жыл жұмыс істеген прокурорларға, тергеушілер мен анықтаушыларға қолданылмайды.
4. Адвокаттық қызметпен айналысу құқығына лицензия:
1) қасақана қылмыс жасағаны үшін соттылығы бар;
2) белгіленген тәртіппен әрекетке қабілетсіз немесе әрекетке қабілеттілігі шектеулі деп танылған;
3) тәртіпсіз қылық жасағаны үшін адвокаттар алқасынан шығарылған, құқық қорғау органдарынан босатылған, шығарылған немесе босатылған күнінен бастап бір жыл бойы;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен лицензиясының қолданылуы тоқтатылған адамдарға берілмейді.