Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлардың кедендік құнын айқындау туралы
келісім
(Мәскеу қ., 2008 жылғы 25 қаңтарда)
(2012.23.04. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
2018 ж. 1 қаңтардан бастап күші жойылды
2009.23.02 № 139-IV ҚР Заңымен ратификацияланды
2012 ж. 23 сәуірдегі Хаттамамен Келісімнің бүкіл мәтіні бойынша: «тауарларды декларациялаушы тұлға» деген сөздер «декларант (кеден өкілі)» деген сөздермен ауыстырылды, «Тарап мемлекеті» және «тиісті Тарап мемлекеті» деген сөздер «Кеден одағына мүше мемлекет» деген сөздермен ауыстырылды, «коммерциялық және басқарушылық шығыстар» және «жалпы шығыстар» деген сөздер «жалпы шығыстар (коммерциялық және басқарушылық шығыстар)» деген сөздермен ауыстырылды (бұр.ред.қара)
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Беларусь Республикасының, Қазақстан Республикасының және Ресей Федерациясының үкіметтері,
1995 жылғы 6 қаңтардағы Ресей Федерациясы мен Беларусь Республикасының арасындағы Кеден одағы туралы келісімді, 1995 жылғы 20 қаңтардағы Кеден одағы туралы келісімді, 1999 жылғы 26 ақпандағы Кеден одағы және Бірыңғай экономикалық кеңістік туралы шартты, 2000 жылғы 10 қазандағы Еуразиялық экономикалық қоғамдастық құру туралы шартты, 2007 жылғы 6 қазандағы Бірыңғай кеден аумағын құру және кеден одағын қалыптастыру туралы шартты негізге ала отырып,
халықаралық саудадағы жалпы қабылданған нормалар мен ережелерді басшылыққа ала отырып,
төмендегілер туралы келісті:
2012 ж. 23 сәуірдегі Хаттамамен 1-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
1-бап. Жалпы ережелер
1. Кеден одағына мүше мемлекетінің кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлардың кедендік құны осы мемлекеттің аумағынан әкету кезінде Кеден одағына мүше мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес айқындалады.
2. Осы Келісімнің ережелері кеден одағының бірыңғай кедендік тарифін қолдану, сондай-ақ кеден одағының тауар айналымын реттеу үшін енгізілетін (енгізілуі мүмкін) кедендік-тарифтік реттеуден бөлек өзге де шараларды қолдану мақсатында тауарлардың кедендік құнын айқындаудың бірыңғай ережелерін реттейді. Егер тауарлар Кеден одағының кедендік аумағына (бұдан әрі - Кеден одағының кедендік аумағы) әкелу кезінде іс жүзінде Кеден одағының кедендік шекарасынан өткен немесе егер тауарлар алдын ала декларациялауды қолданып әкелуге мәлімделген және осындай тауарларға қатысты кедендік шекарадан өткеннен кейін немесе алдын ала декларациялауды қолдану кезінде бірінші рет кедендік рәсім мәлімделген жағдайда осы Келісімнің ережелері қолданылады. Өзге жағдайларда осы Келісімнің ережелері, егер бұл Кеден одағына мүше мемлекетінің ұлттық заңнамасымен тікелей белгіленсе, қолданылуы мүмкін.
3. Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлардың кедендік құны 1994 жылғы Тарифтер және сауда жөніндегі бас келісімнің (ТСБК 1994) VII бабында және Тарифтер және сауда жөніндегі бас келісімнің VII бабын қолдану жөніндегі келісімде белгіленген принциптер мен жалпы ережелерге негізделген осы Келісімге сәйкес айқындалады.
Кеден одағының комиссиясы 1994 жылғы Тарифтер және сауда жөніндегі бас келісімнің VII бабын қолдану жөніндегі келісімнің тиісті ережелерін, оған түсініктеме ескертпелерді қоса алғанда, сондай-ақ Дүниежүзілік кеден ұйымының Кедендік бағалау жөніндегі техникалық комитеті әзірлеген тауарлардың кедендік құны жөніндегі құжаттарды негізге ала отырып, осы Келісімде белгіленген әкелінетін тауарлардың кедендік құнын айқындау әдістерін қолдану мәселелері бойынша шешімдер қабылдайды.
2012 ж. 23 сәуірдегі Хаттамамен 2-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
2-бап. Тауарлардың кедендік құнын айқындау жүйесі
1. Әкелінетін тауарлармен осы Келісімнің 4-бабында белгіленген мәндегі мәміленің барынша мүмкін болатын дәрежедегі құны осы тауарлардың кедендік құнын айқындаудың негізі болуы қажет.
Әкелінетін тауарлармен жасалатын мәміленің құны бойынша осы тауарлардың кедендік құнын айқындау мүмкін болмайтын жағдайда, тауарлардың кедендік құны осы Келісімнің 6 және 7-баптарында белгіленген, жүйелі түрде қолданылатын ережелерге сәйкес айқындалады. Бұл ретте осы Келісімнің 6-бабының немесе 7-бабының талаптарына жауап беретін кедендік құнды айқындау үшін құндық негізді негізделген түрде таңдау мақсатында кеден органы мен декларант (кеден өкілі) арасында консультациялар жүргізілуі мүмкін. Консультациялар процесінде кеден органы мен декларант (кеден өкілі) коммерциялық құпия туралы Тарап мемлекеттерінің тиісті заңнамасының сақталуы шартымен олардың әрқайсысында бар ақпаратпен алмаса алады.
Консультациялар Кеден одағына мүше мемлекетінің ұлттық заңнамасында белгіленетін тәртіппен жүргізіледі.
Осы Келісімнің 6 және 7-баптарының талаптарына сәйкес әкелінетін тауарлардың кедендік құнын айқындау мүмкін болмайтын кезде мұндай құнды айқындау үшін негіз ретінде не ол бойынша әкелінетін, бірдей немесе біртектес тауарлық кеден одағының бірыңғай кеден аумағында (осы Келісімнің 8-бабы) сатылған баға, не тауарлардың есептік құны (осы Келісімнің 9-бабы) пайдаланылуы мүмкін. Тауарларды декларациялаушы тұлға әкелінетін тауарлардың кедендік құнын айқындау кезінде көрсетілген баптарды қолдану кезектілігін таңдауға құқығы бар.
Егер әкелінетін тауарлардың кедендік құнын айқындау үшін жоғарыда көрсетілген баптардың біреуінің де ережелерін пайдалануға мүмкіндік болмаған жағдайда, тауарлардың кедендік құнын айқындау бұл жағдайларда осы Келісімнің 10-бабына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Заңдылықты, бірыңғайлылықты және риясыздықты қамтамасыз ету мақсатында кедендік мақсаттар үшін тауарларды бағалау жүйесі еркін немесе жасанды тауарлардың кедендік құнын пайдалануға негізделмеуге тиіс.
3. Тауарлардың кедендік құны және оны айқындауға жататын мәліметтер дұрыс, сан жағынан айқындалатын және құжатпен расталған ақпаратқа негізделуге тиіс. Тауарлардың кедендік құнын айқындау рәсімі жалпыға бірдей қолданатын болуы, яғни тауарларды жеткізудің көздеріне (шығарылған елі, тауарлардың түрі, мәмілеге қатысушылар және басқалар) қарай ажыратылмауы тиіс.
4. Әкелінетін тауарлардың кедендік құнын айқындау рәсімі демпингке қарсы шаралар ретінде пайдаланылмауға тиіс.
5. Осы Келісімнің ережелері Кеден одағына мүше мемлекеті кеден органдарының тауарлардың кедендік құнын айқындау мақсатында осы мемлекеттің кедендік заңнамасында көзделген тәртіппен тауарларды декларациялаушы адам ұсынған құжаттардың түпнұсқалылығын және ондағы мәліметтердің дұрыстығын тексеруге өкілеттіктерін шектейтін ретінде қарастырылмайды.
2012 ж. 23 сәуірдегі Хаттамамен 3-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
3-бап. Келісімде пайдаланылатын ұғымдар
1. Осы Келісімнің мақсаттары үшін онда пайдаланылатын терминдер мынадай мәнге ие:
әкелінетін тауарлар - кеден одағының бірыңғай кеден аумағына әкелу мақсатында кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлар;
өзара байланысты адамдар - мынадай шарттардың ең болмағанда біріне сай келетін:
а) бір-бірінің кәсіпорындарының қызметкерлері немесе директорлары (басшылары) болып табылатын;
б) заңды түрде танылған әріптестер болып табылатын, яғни шарттық қатынастармен байланысты, пайда табу мақсатында әрекет ететін және бірлескен қызметті жүзеге асыруға байланысты шығыстар мен залалдарды бірлесіп көтеретін;
в) олар жұмыс беруші және қызметкер, қызметші болып табылатын;
г) қандай да бір тұлға екеуінің де айналымға шығарылған дауыс беруші акцияларының бес немесе одан да көп пайызын тікелей немесе жанама иеленетін, бақылайтын немесе ұстаушысы болып табылатын;
д) екеуінің біреуі екіншісін тікелей немесе жанама түрде бақылайтын;
е) олардың екеуі де үшінші тұлғаның тікелей немесе жанама бақылауында болатын;
ж) олар бірлесіп үшінші тұлғаны тікелей немесе жанама түрде бақылайтын;
з) туыстар немесе бір отбасының мүшелері болып табылатын тұлғалар.
Бірлескен кәсіпкерлік немесе өзге де қызметте әріптес болып табылатын тұлғалар, олардың бірі басқасының айрықша (жалғыз) агенті, айрықша дистрибьютері немесе айрықша концессионері болып табылған жағдайда, қалай болғанда да, егер осы тұлғалар осы тармақта көрсетілген шарттардың ең болмағанда біреуіне жауап берсе, осы Келісімнің мақсаттары үшін өзара байланысты болып саналуға тиіс;
бірдей тауарлар - барлық қатынастарда да, оның ішінде физикалық сипаттамалары, сапасы және беделі бойынша бірдей тауарлар. Егер тауарлар осы тармақтың талаптарына сәйкес болса, сыртқы түріндегі елеусіз айырмашылықтар тауарларды бірдей деп танымау үшін негіз болып табылмайды. Тауарлар, егер олар бағаланатын (әкелінетін) тауарлар шығарылған елде шығарылмаса немесе егер, осы тауарларға қатысты жобалау, әзірлеу, инженерлік, конструкторлық жұмыс, көркемдік безендіру, дизайн, нобайлар мен сызбалар және өзге де ұқсас жұмыстар кеден одағының бірыңғай кеден аумағында орындалған болса, бірдей деп саналмайды.»«Шығарылған» ұғымы алынған, өсірілген, дайындалған (оның ішінде тауарларды монтаждау, жинау немесе бөлшектеу жолымен) дегенді де қамтиды. Бағаланатын тауарларды шығарушыдан өзге тұлға шығарған бірдей тауарлар сол шығарушының бірдей тауарлары анықталмаған, не қолда бар ақпарат пайдалану үшін қолайлы деп саналмаған жағдайда ғана назарға алынады;
біртектес тауарлар - барлық қатынастарда бірдей болып табылмайтын, бірақ ұқсас сипаттамалары бар және әкелінетін тауарлар атқаратын функцияларды орындауға және олармен коммерциялық өзара алмасушылықта болуға мүмкіндік беретін сондай материалдардан шығарылған ұқсас құрамдас бөліктерден тұратын тауарлар. Тауарлардың біртектес болып табылатындығын айқындау кезінде сапасы, беделі және тауарлық белгісінің болуы сияқты сипаттамалар ескеріледі. Тауарлар, егер олар бағаланатын (әкелінетін) тауарлар шығарылған елде шығарылмаса немесе егер, осы тауарларға қатысты жобалау, әзірлеу, инженерлік конструкторлық жұмыс, көркемдік безендіру, дизайн, нобайлар мен сызбалар және өзге де ұқсас жұмыстар кеден одағының бірыңғай кеден аумағында орындалған болса, біртектес болып саналмайды. «Шығарылған» ұғымы алынған, өсірілген, дайындалған (оның ішінде тауарларды монтаждау, жинау немесе бөлшектеу жолымен) дегенді де қамтиды. Бағаланатын тауарларды шығарушыдан өзге тұлға шығарған біртектес тауарлар сол шығарушының біртектес тауарлары анықталмаған, не қолда бар ақпарат пайдалану үшін қолайлы деп саналмаған жағдайда ғана қарастырылады;
нақ сол санаттағы немесе түрдегі тауарлар - бірдей және біртектес тауарларды қоса алғанда, оларды дайындау экономикалық қызметтің тиісті түріне жататын тауарлардың бір тобына немесе қатарына жататын тауарлар;
«тауарлардың Кеден одағының кедендік аумағына келетін орны» — Кеден одағына мүше мемлекеттердің мемлекеттік (кедендік) шекарасы арқылы өткізу пункті не тауарлар Кеден одағына мүше мемлекеттің мемлекеттік шекарасын іс жүзінде өткеннен кейін тауарлар жеткізілуге тиіс Кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасында айқындалған өзге де орындар. Тауарлардың кедендік құнын айқындау мақсатында көліктің әрқилы түрлері үшін «тауарлардың Кеден одағының кедендік аумағына келетін орны» ұғымының нақтылануын ескере отырып, тауарлардың кедендік құнына тауарларды өткізу (тасымалдау) бойынша шығыстарды қосу тәртібі Кеден одағы комиссиясының шешімімен белгіленеді;
Кедендік құнды айқындау мақсаттары үшін «келетін жері» ұғымын нақтылау кеден одағы органдарының бірлескен шешіміне сәйкес жүзеге асырылуы мүмкін;
бухгалтерлік есептің жалпыға бірдей қағидаттары - тиісті уақыт кезеңінде тиісті мемлекетте белгіленген тәртіппен қолданылатын бухгалтерлік ережелерінің жүйесі;
үшінші елдер - Бірыңғай кеден аумағын құру және кеден одағын қалыптастыру туралы шарттың қатысушылары болып табылмайтын мемлекеттер.
2. Егер тұлға осы тұлғаға қатысты шектеулерді немесе ұйғарымдарды заңдық немесе практикалық тұрғыдан қолданса, ол басқа тұлғаны бақылайтын болып саналады.
2012 ж. 23 сәуірдегі Хаттамамен 4-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
4-бап. Әкелінетін тауарлармен жасалатын мәміле құны бойынша әдіс (1-әдіс)
1. Олармен жасалған мәміленің құны, яғни кеден одағының бірыңғай кеден аумағына әкету үшін оларды тиісті осы Келісімнің 5-бабының ережелеріне сәйкес толықтырылған және сату кезінде осы тауарлар үшін іс жүзінде төленген немесе төленуге баға:
1) мынадай:
кеден одағы органдарының бірлескен шешімімен белгіленген;
тауарлар қайта сатылуы мүмкін географиялық өңірді шектейтін;
тауарлардың құнына елеулі әсер етпейтін шектеулерді қоспағанда, сатып алушының тауарларды пайдалану немесе иелік ету құқығына қатысты шектеулердің болмауы;
2) тауарларды сату немесе олардың бағасы тауарлардың бағасына әсер етпейтін сан жағынан айқындалмайтын қандай да бір шарттарға немесе міндеттемелерге тәуелді болмауы;
3) тауарларды кейіннен сатудан, сатып алушының өзге де тәсілмен иелік етуінен немесе пайдалануынан кірген кірістің немесе түсімнің ешқандай да бөлігі осы Келісімнің 5-бабының ережелеріне сәйкес қосымша есептеулер жүргізілуі мүмкін жағдайларды қоспағанда, сатушыға тікелей немесе жанама тиесілі болмауы;
4) сатушы мен сатып алушының өзара байланысты адамдар болып табылмауы немесе сатушы мен сатып алушының әкелінетін тауарлармен жасалатын мәміле құны осы баптың 4-тармағына сәйкес кедендік мақсаттар үшін қолайлы болатын түрде өзара байланысты адамдар болып табылуы шартымен кеден одағының бірыңғай кеден аумағына әкелінетін тауарлардың кедендік құны болып табылады.
2. Әкелінетін тауарлар үшін сатып алушы тікелей сатушыға немесе өзге тұлғаға сатушының пайдасына жүзеге асырған немесе жүзеге асыруға жататын барлық төлемдердің жалпы сомасы осы тауарлар үшін іс жүзінде төленген немесе төлеуге жататын баға болып табылады. Бұл ретте төлемдер Кеден одағына мүше мемлекетінің ұлттық заңнамасымен тыйым салынбаған кез келген нысанда тікелей немесе жанама жүзеге асырылуы мүмкін.
Декларацияланатын тауарлар бір мәміленің шеңберінде сатып алынған дәл осындай тауарлардың Кеден одағының кедендік аумағына әкелінетін көп мөлшерінің бір бөлігі болып табылатын жағдайда, декларацияланатын тауарлар үшін іс жүзінде төленген немесе төлеуге жататын баға декларацияланатын тауарлардың саны мен сатып алынған тауарлардың жалпы санының арақатынасындай арақатынаста (сәйкестікте) айқындалады.
3. Сатушы мен сатып алушының арасындағы өзара байланыс фактісі жеке түрде тауарлардың кедендік құнын айқындау мақсаттары үшін қолайсыз мәміленің құнын тану үшін негіз болмауға тиіс. Бұл жағдайда сатуға ілеспе жағдайлар талдануға тиіс. Егер көрсетілген өзара байланыс іс жүзінде төленген немесе төлеуге жататын бағаға ықпал етпесе, мәміленің құны тауарлардың кедендік құнын айқындау мақсаттары үшін қолайлы деп танылуға тиіс.
4. Егер сатушы мен сатып алушы өзара байланысты тұлғалар болған жағдайда және бұл ретте декларант (кеден өкілі) ұсынған немесе кеден органы өзге тәсілмен алған ақпарат негізінде кеден органы сатушы мен сатып алушының өзара байланысының іс жүзінде төленген немесе төлеуге жататын бағаға ықпал ету белгілерін анықтаса, онда кеден органы осы белгілер туралы декларантқа (кеден өкілін) жазбаша нысанда хабарлайды. Бұл жағдайда, оның ішінде сатуға ілеспе жағдайларды талдау мақсатында кеден органы қосымша тексеру жүргізу туралы шешім қабылдайды. Декларанттың (кеден өкілінің) сатушы мен сатып алушының өзара байланысының іс жүзінде төленген немесе төлеуге жататын бағаға ықпалының жоқ екенін дәлелдеуге құқығы бар.
Әкелінетін тауарлармен жасалатын мәміле құны бойынша әдіс (осы баптың 1-тармағы) бойынша тауарлардың кедендік құнын айқындау мақсатында сатушы мен сатып алушының өзара байланысының іс жүзінде төленген немесе төлеуге жататын бағаға ықпалының жоқ екенін дәлелдеу не осы баптың 4.1-тармағында көрсетілген тәсілмен, не осы баптың 4.2-тармағында көрсетілген тәсілмен жүзеге асырылады.
4.1. Сатушы мен сатып алушының арасындағы өзара байланыстың іс жүзінде төленген немесе төлеуге жататын бағаға ықпалының жоқ екенін дәлелдеу үшін декларант (кеден өкілі) қосымша құжаттарды және мәліметтерді, оның ішінде кеден органы қосымша сұратқан сатуға ілеспе жағдайларда сипаттайтын (көрсететін) құжаттар мен мәліметтерді ұсынуға тиіс. Сатушы мен сатып алушының арасындағы өзара байланыстың іс жүзінде төленген немесе төлеуге жататын бағаға ықпалын айқындау мақсатында кеден органы сатуға ілеспе жағдайларға талдау жүргізу кезде сатып алушы мен сатушы өздерінің коммерциялық қатынастарын ұйымдастыратын тәсілді қоса алғанда, мәміленің барлық шарттарын және қарастырылып отырған баға қалай белгіленгенін қарауға тиіс. Егер жүргізілген талдау нәтижесінде кеден органы сатып алушы мен сатушы өзара байланысты тұлғалар бола тұра, тауарларды өзара байланысты тұлғалар болмағандай шарттарда, оның ішінде салыстырмалы баға бойынша (яғни сол деңгейдегі баға бойынша) өзара сататынын және сатып алатынын белгіленген жағдайда, онда бұл факт сатушы мен сатып алушының арасындағы өзара байланыс іс жүзінде төленген немесе төлеуге жататын бағаға ықпал етпегенінің дәлелі болып табылады.
4.2. Сатушы мен сатып алушының арасындағы өзара байланыстың іс жүзінде төленген немесе төлеуге жататын бағаға ықпалының жоқ екенін дәлелдеу үшін декларант (кеден өкілі) әкелінетін тауарлармен жасалатын мәміле құны әкелінетін тауарлар Кеден одағының кедендік шекарасын кесіп өткен немесе оған сәйкес келетін уақыт кезеңінде мынадай тексеру шамаларының біріне:
1) Кеден одағының кедендік аумағына әкету үшін тұлғалар мұндай тауарларды сатушымен өзара байланысты емес сатып алушыларға сатқан кезде ұқсас немесе біртектес тауарлар мен жасалған мәміле құнына;
2) осы Келісімнің 8-бабына сәйкес айқындалған ұқсас немесе біртектес тауарлардың кедендік құнына;
3) осы Келісімнің 9-бабына сәйкес айқындалған ұқсас немесе біртектес тауарлардың кедендік құнына жақын екенін дәлелдейтін құжаттарды және мәліметтерді ұсынуға тиіс.
Егер кеден органында осы тармақта белгіленген тексеру шамаларының бірі мәміле құнына жақын екені туралы жеткілікті ақпарат болса, онда ол декларанттан (кеден өкілінен) осы шарттардың сақталуын (яғни, мәміле құны осы тексеру шамасына жақын екенін) дәлелдейтін қосымша ақпаратты сұратпауға тиіс.
5. Осы баптың 4, 4.1 және 4.2-тармақтарына сәйкес салыстыру жүргізу кезінде декларант (кеден өкілі) ұсынған сатудың коммерциялық деңгейлеріндегі, тауарлардың санындағы, осы Келісімнің 5-бабында көрсетілген қосымша есептеулердегі алшақтықтар туралы, сондай-ақ егер, сатушы мен сатып алушы өзара байланысты адамдар болып табылғанда сатушы сату кезінде көтермейтін шығыстармен салыстырғанда сатушы мен сатып алушы өзара байланысты адамдар емес болып табылғанда сатушы әдетте сату кезінде көтеретін шығыстардың алшақтықтары туралы мәліметтер ескеріледі.
6. Осы баптың 4.2-тармағында көрсетілген тексеру шамалары декларант (кеден өкілі) бастамасы бойынша тек салыстыру мақсатында пайдаланылады және тауарлардың кедендік құнын айқындау үшін негіз ретінде пайдаланыла алмайды.
7. Әкелінген тауарлар үшін іс жүзінде төленген немесе төлеуге жататын баға, кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарларға қатысты болады, осыған байланысты егер, олар әкелінетін тауарлармен байланысты болмаған жағдайда, сатып алушының сатушыға дивидендтерді немесе өзге де осындай төлемдерді аударуы кедендік құнының бөлігі болып табылмайды.
2012 ж. 23 сәуірдегі Хаттамамен 5-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
5-бап. Іс жүзінде төленген немесе төлеуге жататын бағаға қосымша есептеу
1. Әкелінетін тауарлардың кедендік құнын олармен жасалатын мәміленің құны бойынша айқындау кезінде осы тауарлар үшін іс жүзінде төленген немесе төлеуге жататын бағаға:
1) сатып алушы жүзеге асырған немесе жүзеге асыруға жататын, бірақ әкелінетін тауарлар үшін іс жүзінде төленген немесе төлеуге жататын бағаға қосылмаған мөлшердегі мынадай шығыстар:
а) бағаланатын (әкелінетін) тауарларды сатып алуға байланысты, оны шет елде ұсыну жөніндегі қызметтерді көрсеткені үшін сатып алушы өз агентіне (делдалға) төлеген сатып алу үшін сыйақыларды қоспағанда, делдалдарға (агенттерге) сыйақылар және брокерлерге сыйақылар;
б) егер ол кеден мақсаттары үшін әкелінетін тауарлармен біртұтас ретінде қаралатын болса, ыдысқа;
в) буып-түю материалдарының және буып-түю жөніндегі жұмыстардың құнын қоса алғанда, буып-түюге;
2) әкелінетін тауарлар үшін іс жүзінде төленген немесе төлеуге жататын бағаға қосылмаған мөлшерде, сатып алушы сатушыға бағаланатын (әкелінетін) тауарларды кеден одағының бірыңғай кедендік аумағына әкету үшін өндіруге және сатуға байланысты пайдалану үшін тегін немесе төмендетілген баға бойынша тікелей немесе жанама ұсынған мынадай тауарлар мен қызметтердің тиісті түрде бөлінген құны:
а) әкелінетін тауарлар тұратын шикізаттың, материалдардың, бөлшектердің, жартылай фабрикаттардың және ұқсас заттардың;
б) әкелінетін тауарларды өндіру кезінде пайдаланылған аспаптардың, мөртаңбалардың, нысандардың және басқа да ұқсас заттардың;
в) әкелінетін тауарларды өндіру кезінде жұмсалған материалдардың;
г) кеден одағының бірыңғай кедендік аумағынан тысқары жерлерде орындалған және әкелінетін тауарларды шығару үшін қажетті жобалаудың, әзірлеудің, инженерлік, конструкторлық жұмыстың, көркемдік безендірудің, дизайнның, нобайлар мен сызбалардың;
3) әкелінетін тауарларды кейіннен сатудың, өзге де тәсілмен иелік етудің немесе пайдаланудың нәтижесінде алынған, сатушыға тікелей немесе жанама тиесілі кірістің немесе түсімнің бөлігі;
4) тауарларды әуежайға, теңіз портына немесе тауарлардың кеден одағының бірыңғай кедендік аумағына баратын өзге де орынға дейін өткізу (тасымалдау) жөніндегі шығыстар;
5) тауарларды тиеу, түсіру немесе қайта тиеу және оларды әуежайға, теңіз портына немесе тауарларды кеден одағының бірыңғай кедендік аумағына баратын өзге де орынға дейін тасуға (тасымалдауға) байланысты өзге де операцияларды жүргізу жөніндегі шығыстар;
6) осы тармақтың 4 және 5-тармақшаларында көрсетілген операцияларға байланысты сақтандыруға арналған шығыстар;
7) осы тауарлар үшін іс жүзінде төленген немесе төлеуге жататын бағаға қосылмаған мөлшерде, бағаланатын (әкелінетін) тауарларға жататын және бағаланатын тауарларды сату шарты ретінде сатып алушы тікелей немесе жанама жүргізген немесе жүргізуі тиіс зияткерлік меншік объектілерін пайдаланғаны үшін лицензиялық және өзге де ұқсас төлемдер (патенттер, тауарлық белгілер, авторлық құқық үшін төлемдерді қоса) қосылады.
Әкелінетін тауарлардың кедендік құнын айқындау кезінде іс жүзінде төленген немесе төлеуге жататын бағаға:
а) әкелінетін тауарларды кеден одағының бірыңғай кедендік аумағында қайта өндіру (көбейту) құқығы үшін төлемдер;
б) егер мұндай төлемдер әкелінетін тауарларды кеден одағының бірыңғай кедендік аумағына әкету үшін сату шарты болып табылмаса, әкелінетін тауарларды бөлу немесе қайта сату құқығы үшін төлемдер.
2. Бағаланатын (әкелінетін) тауарлардың кедендік құнына олар іс жүзінде төленген немесе төлеуге жататын бағалардан бөлінген, декларант (кеден өкілі) мәлімдеген және ол құжатпен растаған болуы шартымен, төменде санамаланған шығыстар қосылмауға тиіс:
кеден одағының бірыңғай кедендік аумағына тауарлар келгеннен кейін жүргізілген құрылысқа, салуға, жинақтауға, монтаждауға, өндірістік қондырғылар, машиналар немесе жабдықтар сияқты бағаланатын (әкелінетін) тауарларға қатысты қызмет көрсетуге немесе техникалық жәрдемдесуге;
олар кеден одағының бірыңғай кедендік аумағына келгеннен кейін жүзеге асырылатын тауарларды тасу (тасымалдау) жөніндегі;
бағаланатын (әкелінетін) тауарларды әкелуге немесе сатуға байланысты кеден одағының бірыңғай кедендік аумағында төленген баждар, салықтар мен алымдар.
3. Осы баптың 1-тармағында көзделген әкелінетін тауарлар үшін іс жүзінде төленген немесе төлеуге жататын бағаға қосу дұрыс, сан жағынан айқындалған және құжатпен расталған ақпараттың негізінде жүргізіледі. Қосымша есептеу үшін қажетті мұндай ақпарат болмаған кезде әкелінетін тауарлармен жасалатын мәміленің құны бойынша әдіс қолданылмайды.
4. Осы баптың 1-тармағында көрсетілгендерден басқа, әкелінетін тауарлардың кедендік құнын айқындау кезінде іс жүзінде төленген немесе төлеуге жататын бағаға қосу жүргізілмейді.
5. Іс жүзінде төленген немесе төлеуге жататын бағаға қосуды жүзеге асыру кезінде:
а) осы баптың 1-тармағының 2 «б» тармақшасында көрсетілген, бағаланатын тауарларды өндіру кезінде пайдаланылған заттардың құнын бөлу барлық осы құнды тауарлардың бірінші легінің кедендік құнына немесе декларацияланатын тауарлардың мөлшерінен кем болмайтын декларант (кеден өкілі) айқындаған өзге де тауарлар мөлшерінің кедендік құнына жатқызу жолымен жүзеге асырылуы мүмкін. Мұндай бөлу декларант (кеден өкілі) құжаттарға және бухгалтерлік есептің жалпыға бірдей қағидаттарына қарай нақты жағдайларға қолданылатын ақылға қонымды тәсілмен жүргізілуге тиіс.