Бірыңғай кеден аумағын құру және кедендік одақты қалыптастыру туралы
шарт
(Душанбе қ., 2007 жылғы 6 қазан)
Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың күшіне енуіне байланысты қолданылуы тоқтатылды
2008.24.06. № 44-IV ҚР Заңымен ратификацияланды
2008 жылғы 10 қазанда күшіне енді
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясы,
2000 жылғы 10 қазандағы Еуразия экономикалық қоғамдастықты құру туралы шартты негізге ала отырып,
өзара саудада тауарлардың еркін қозғалысын және кеден одағының үшінші елдермен саудасын қолайлы жағдайлармен қамтамасыз ету, сондай-ақ Тараптардың экономикалық интеграциясын дамыту мақсатында,
мына төмендегілер туралы уағдаласты:
1-бап
Осы Шартта пайдаланылатын ұғымдар, мыналарды білдіреді:
«бірыңғай кедендік аумақ» - Тараптардың кедендік аумақтарынан тұратын аумақ;
«бірыңғай кедендік тариф» - Сыртқы экономикалық қызметтің бірыңғай тауар номенклатурасына сәйкес жүйеленген үшінші елдерден бірыңғай кедендік аумаққа әкелінетін тауарларға қолданылатын кедендік баж ставкаларының жиынтығы;
«кеден одағы» - бірыңғай кедендік аумақта болатын, сондай-ақ үшінші елдерден шыққан және бұл кедендік аумаққа еркін айналымға шығарылған тауарлармен өзара сауда шегінде бірыңғай кедендік аумақты көздейтін, арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемдік шараларды қоспағанда, кедендік баждар мен экономикалық сипаттағы шектеулер қолданбайтын Тараптардың сауда-экономикалық интеграциясының нысаны. Бұл ретте Тараптар үшінші елдермен тауарлар саудасында бірыңғай кедендік тарифті және басқа да бірыңғай реттеу шараларын қолданады;
«үшінші елдер» - осы Шарттың қатысушысы болып табылмайтын мемлекет.
2-бап
Тараптардың кедендік аумақтарын бірыңғай кедендік аумаққа біріктіру және кеден одағын қалыптастыруды аяқтау туралы шешімді мынадай:
а) бірыңғай кедендік тарифті және ушінші елдермен сыртқы сауданы реттеудің өзге де бірыңғай шараларын белгілеу және қолдану;
б) ушінші елдермен қатынастарда бірыңғай сауда режимін орнату және қолдану;
в) кедендік баждарды, баламалы күші бар өзге де баждарды, салықтарды және алымдарды есептеу және бөлу тәртібін белгілеу және қолдану;
г) тауарлар шыққан елді айқындаудың бірыңғай ережесін белгілеу және қолдану;
д) тауарлардың кедендік құнын айқындаудың бірыңғай ережесін белгілеу және қолдану;
е) сыртқы және өзара сауда статистикасының бірыңғай әдіснамасын белгілеу және қолдану;
ж) тауарларды декларациялаудың және кедендік төлемді төлеудің бірыңғай ережелерін және бірыңғай кедендік режимдерді қоса алғанда, кедендік реттеудің біріздендірген тәртібін белгілеу және қолдану;
з) Тараптар берген өкілеттіктер шегінде өз қызметін жүзеге асыратын кеден одағы органдарын құру және олардың жұмыс істеу іс-шаралары аяқталғаннан кейін кеден одағының жоғары органы қабылдайды
3-бап
Тараптар Бірыңғай кедендік аумақты құру сәтінен бастап өзара саудада кеден баждарын, сандық шектеулерді және оларға баламалы шараларды қолданбайды.
Осы бапта ештеңе де Тараптарға өзара саудада арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемдік шараларды, сондай-ақ, мұндай тыйымдар мен шектеулер ақталмаған кемсітушілік құралы немесе сауданы жасырын шектеу болып табылмайтын шартымен қоғамдық моральді, адамның өмірін немесе денсаулығын, жануарлар мен өсімдіктерді, қоршаған табиғи ортаны қорғау және мәдени құндылықтарды қорғау үшін қажетті импорттың немесе экспорттың тыйымдары мен шектеулерін қолдануға кедергі келтірмейді.
4-бап
Егер, бірыңғай кеден аумағын құру сәтіне дейін Тараптар арасындағы қолданыстағы екіжақты халықаралық шарттармен осы Шартпен белгіленетін режиммен салыстырғанда Тараптар арасындағы тауарлармен өзара саудада қолданылатын тауарлардың импортына немесе экспортына байланысты өндіріп алынатын кедендік баждар мен алымдарға, осындай баждар мен алымдарды өндіріп алу әдістеріне, ережелер мен әкімшілік рәсімдеріне қатысты неғұрлым қолайлы режим көзделген жағдайда, осындай халықаралық шарттардың ережелері қолданылады.
5-бап
Бірыңғай кедендік аумағын құру сәтінен бастап тауарлардың импортына немесе экспортына байланысты өндіріп алынатын кедендік баждар мен алымдарға қатысты режим, халықаралық шарт негізінде кез келген үшінші елге немесе іс жүзінде Тараптардың әрбірі беретін тауарлардың импортына немесе экспортына байланысты қолданылатын осындай баждар мен алымдарды өндіріп алу әдістері, ережелер мен әкімшілік рәсімдері осы Тарап басқа Тарапқа ұсынатын режимге қарағанда неғұрлым қолайлы болуы мүмкін емес.
6-бап
Осы Шартты түсіндіруге және (немесе) қолдануға байланысты Тараптар арасындағы даулар мүдделі Тұлғалардың консультациялары мен келіссөздері арқылы шешіледі, ал келісімге қол жеткізілмеген жағдайда дау Еуразиялық экономикалық қоғамдастығы сотының қарауына беріледі.
7-бап
Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Шартқа хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
8-бап
Осы Шарт ратификациялауға жатады.
Осы Шарттың күшіне ену, одан шығу және оған қосылу тәртібі 2007 жылғы 6 қараша Душанбе қаласында Кедендік одағының шарттық-құқықтық базасын қалыптастыратын халықаралық шарттардың күшіне ену, одан шығу және оған қосылу тәртібі туралы хаттамамен айқындалады.
2007 жылғы 6 қазанда Душанбе қаласында орыс тіліндегі бір түпнұсқа данада жасалды.
Осы Шарттың түпнұсқа данасы осы Шарттың депозитарийі болып табылатын ЕурАЗЭҚ-тың Интеграциялық комитетінде сақталады және әрбір Тарапқа оның куәландырылған көшірмесін жібереді.
Беларусь Республикасы үшін | Қазақстан Республикасы үшін |