Жоғарыда аталған объективтік себептер жер ресурстары әлеуетін ұтымды және тиімді пайдалану мен жерді қорғау проблемаларын неғұрлым белсенді шешу қажеттігін алға тартады.
Осының куәсі барлық дамыған шет елдерде (АҚШ пен Канада, EO мемлекеттерінде) жер ресурстарын басқару XX ғасырдың соңғы жиырма бес жылы ішінде жер ресурстары әлеуетін ұтымды пайдалану мен қорғауға бағытталған мемлекеттік жер саясатының, жер қатынастарын реттеудің негізгі құралы болды. Оның басты элементтері ретінде автоматтандырылған жер кадастры, жер мониторингі, жер пайдалану ақылылығы мен жерді ұтымды пайдалану мен қорғауды жоспарлау қарастырылды.
Жер кадастры. Шығыс және Батыс Еуропа елдерінің, басқа да дамыған елдердің тәжірибесі көрсетіп отырғанындай, олардың жер кадастрлары мен оларды тіркеу жүйелері ұзақ уақыт ішінде дәстүрлі әдістерді қолдана отырып, қағаз жеткізгіштерде және деректерді кейіннен автоматты түрде өңдеу арқылы құрылды.
Компьютерленген көп мақсатты кадастр - ол салыстырмалы жаңа технология, жер ресурстары мен жерге құқық туралы мәліметтерді тиімді өңдеуді қамтамасыз етуге арналған маңызды құралдардың бірі. Әлемде осындай модель жасаудың екі көзқарасы бар: интеграцияланған кадастрлық жүйелер (кешенді жүйелер) және ведомстволық жүйелер (қос жүйе). Бірінші нұсқада бір базалық кадастрлық жүйе шеңберінде құқықтық, фискалдық және көп мақсатты блоктар - оның құрамдас бөліктері ретінде біріктірілген. Қос жүйелерде жерді пайдалану құқығын және жерге деген құқықты тіркеуді заңгерлер жеке шешеді. Кадастрлық істер жеке жер-кадастрлық жүйеде қалыптастырылады. Бұл артық қаржы шығындарының және жер ресурстарын басқарудың анағұрлым күрделі тетіктерінің пайда болуына алып келеді.
Бірінші көзқарас анағұрлым перспективалы. Оның оң жақтары: жерді және жылжымайтын мүлікті басқару мәселелерін кешенді шешу мүмкіндігі; интеграцияланған кадастрлық жүйенің таралуына шығатын жиынтық шығындарды неғұрлым азайту; бірыңғай база жасаудың ұтымды жағын қарастыру және т.б. Мұндай көзқарасқа Батыс Еуропаның неғұрлым дамыған елдері талпынуда, Ресей Федерациясы да осы жүйеге көшуде.
Реформа жылдарында Республиканың МЖК жүйесінде шетелдік тәжірибені енгізу бойынша жұмыстар жүргізілді. Бірақ ол, ең бастысы жерге құқықты мемлекеттік тіркеуді МЖК-ның бірыңғай көп мақсатты жүйесінен алшақтатуға бағытталған. Шетел тәжірибесі көрсеткеніндей, батыс елдерінде көп мақсатты кадастрлық жүйелер қызмет етуде, ал олар жоқ елдерде, оларды құруға талпыныс байқалады.
Қазіргі уақытта нарықтық экономикалы елдер мемлекеттің бірыңғай ақпараттық кеңістігін қалыптастыру үшін ақпараттық жер жүйелерін (АЖЖ) әзірлеуде. Осындай жүйелерді құрудың артықшылықтары бұрыннан белгілі, бірақ соңғы кездері мәліметтерді жинау мен сақтау мүмкіндіктерін айтарлықтай кеңейткен компьютерлік және спутниктік технологиялардың қарқынды дамуына байланысты айқындала түсті.
Ақпараттық жер технологиялары саласында интеграциялау процестері жалғасуда. Осылайша, Еуропалық Одақ елдерінде осы қоғамдастықтың бірыңғай АЖЖ-ны құру бойынша жұмыстар басталды. Еуропалық Одаққа қатысушы елдердің өкілдері жер туралы ақпарат олардың қызметі мемлекет шекараларына тәуелсіз жүзеге асырылатын жалпы жер нарығының жұмыс істеуі үшін қажет. Ол, сонымен қатар қоршаған ортаның жай-күйін бақылауды жүргізу үшін, статистикалық қажеттіліктер үшін, бірыңғай ауыл шаруашылығы саясатының шеңберінде субсидиялар беру жүйесін басқару мақсаттары үшін қажет.
Бұл үрдістер Мемлекеттік жер кадастры моделін ғылыми-әдістемелік негіздеу тұжырымдамасын әзірлегенде де ескерілмеуі мүмкін емес.
Жер мониторингі. Әлемдік тәжірибеде жер мониторингі жоғары шешуші мүмкіндікпен қашықтықтан бағдарлау деректерінің негізінде іздестірудің, ГАЖ-жүйелерін қолданудың осы заманғы әдістерін, қоршаған орта компоненттерінің ластануының барлық түрлерін талдауға мүмкіндік беретін осы заманғы химиялық-талдау құрылғыларын пайдалануға деген үрдіс бар. Жер мониторингін басқару тәжірибесі әрқилы және елдің ерекшеліктерімен белгіленеді.
Жер пайдалану ақылылығы. Нарықтық экономикалы елдерде ақылы жер пайдаланудың негізгі тетіктеріне мыналар жатады: жердің нормативтік бағасы, жер учаскесінің (жер пайдаланудың) кадастрлық немесе нарықтық құны, жер салығы, жал ақысы, кепіл және де жердің нарықтық айналымының басқа да тетіктері.
Ауыл шаруашылық өндірісінде жерге ақы төлеу мынадай қағидаттарда құрылған:
- топырақ құнарлығының кеңінен орнын толтыруды қалпына келтіру мен жүзеге асырудың экономикалық жағдайларын қамтамасыз ететін;
- жер ресурстарын ұтымды пайдалануды ынталандыратын;
- нарықтық типтегі ауыл шаруашылығы шаруашылық жүргізуші субъектілердің әр түрлі нысандарының дамуы үшін тең экономикалық жағдай жасайтын.
Толыққанды жер нарығы жұмыс істейтін елдерде жер үшін бағаның екі нысаны бар: нормативтік және нарықтық. Жердің нормативтік бағасы тұрақты ақпараттық база негізінде есептеліп, ауыл шаруашылық алқаптарының құнын есепке алуға байланысты және басқа да мақсаттар үшін жер айналымы нарығында жер құнының алғы деңгейі ретінде қолданылуы мүмкін. Нарықтық баға ауыл шаруашылық өндірісі экономикасында теңдікке жету деңгейінің, сұраныс пен ұсыныстың арақатынасының әсер етуінен құралады. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғанындай, жердің нормативтік бағасының шамасы, әдетте, жер учаскесінің нарықтық бағасының 70 пайызынан кем болмайды.
Әлемдік тәжірибеде жер жылжымайтын мүлігін бағалау үшін үш әдістемелік көзқарас қолданылады: шығынды; жер учаскелерін сатуды тікелей талдау; табысты (табысты капиталдандыру).
Халықаралық тәжірибеде ауыл шаруашылық өнімдерін сатудан түсетін кіріс бойынша жерді бағалау әдісі неғұрлым кең тараған.
Осы заманғы жер қатынастарын талдау инвестициялық жобалар негізінде жүргізілетін девелопмент (жақсарту) арқылы жердің құндылығын тұрақты көтеру әлемдік алдыңғы қатарлы үрдіс болып табылатындығын көрсетті. Осылайша, жер ипотекадан шығатын кепілге берілетін құнды қағаздар арқылы өзінің қаржылық мәнін іске асыратын инвестициялық ресурс болып келеді.
Аумақты ұйымдастыру. Нарықтық экономикалы елдерде аумақтық жоспарлау осы заманғы технологияларды - географиялық ақпараттық жүйелерді қолдана отырып, ландшафтық жоспарлау әдістемесіне бағытталған. Ландшафтық жоспарлау тұрақты даму тұжырымдамасын іске асыруда экологиялық бағытталған жер пайдалану үшін тиімді құрал ретінде қарастырылады.
Әлемдік тәжірибеде осы күні бар аумақтық жоспарлау жүйелерінің барлық түрлерінің ішінде модель ретінде Германияда іске асырылып келе жатқан ландшафтық жоспарлау қарастырылады. Осы күні Қазақстанда да және ТМД елдерінде де не мазмұнды, не әдістемелік, не рәсімдік аналогтар жоқ екендігін айта кету керек.
3.2.2 Проблеманы шешу жолдары
Сарапшылардың түсінігінше Қазақстан ұланғайыр жер ресурстарына ие бола отырып, жер-ресурстық әлеуетін пайдалануға түсіністікпен қарауға, еліміздің нарықтық экономика жағдайына көшуіне байланысты жер қатынастары мен жер реформасындағы түбегейлі өзгерістер мен әлемдік тұжырымдамалық ережелерді ескере отырып, жер ресурстарын ұтымды пайдалану мен қорғау стратегиясын әзірлеуі қажет.
Нарықтық экономика жағдайында жер ресурстарын басқару жер қатынастары жүйесінің социалистік моделіне қарағанда қағидаттық ерекшеліктері мен жолдары бар. Кеңес өкіметі кезінде жер мемлекеттік меншікте болды. Жер қатынастарының тек бір ғана нысаны танылды - жерді пайдалану. Жер пайдаланушыларға тегін берілді, салық салынбады, жер учаскесі жылжымайтын мүлік мәртебесіне ие болмады, жерді жалға беруге тиым салынды. Осылайша, жерге меншіктің, жер пайдалану ақылылығының құқықтық мәселелері, жердің азаматтық және нарықтық айналымы социалистік жер заңнамасында дамуын таппады.
Жоғарыда аталған объективтік факторлар өзге де әдістемелік негізде іздестірулер жүргізу жолымен жер ресурстарын басқару қағидаттары мен әдістерін, олардың ғылыми-әдістемелік негіздемесін түбегейлі өзгерту және оларды ғылыми-әдістемелік негіздеу қажеттігін алға тартады. Ғылыми-әдістемелік және технологиялық жағынан жетілдіріліп және жер реформасын жүргізу жылдарында өндіріске енгізіліп жатқан жер ресурстарын басқарудың негізгі элементтеріне мыналар жатады: ГАЖ-технологиялардың негізінде жаңа жер кадастрын құру мен жүргізу; ақылы жер пайдалануға көшу, нарықтық жер айналымы мен жерге төлемдерді қалыптастыру, жер мониторингі мен жерге орналастыру. Жаңа жағдайда республикада жер ресурстарын басқаруды әрі қарай жетілдіру аумақты ұйымдастыруға ландшафтық-экологиялық көзқарасты іске асыру, компьютерлік картографияны, өңірлік-талдау тәсілдерін және мәліметтерді алу әдістерін, қашықтықтан бағдарлауға негізделген географиялық ақпараттық жүйелерді (ГАЖ) пайдалану негізінде картографиялық ақпаратты сандық өңдеу әдістерін қолдану негізінде мүмкін.
Ғылыми бағдарламаның жоғарыда аталған блоктарының әрқайсысы кез келген мемлекетте жетілдіруді, іздестірулер мен олардың нәтижелерін жерді пайдалану кезінде қолдануды талап ететін жеке тақырып болып табылады.
Республиканың жер ресурстары әлеуетін ұтымды пайдалану мен қорғау мынадай объективтік қажеттіліктерді тудырады:
көп мақсатты жер кадастры тұжырымдамасын, қағидаттарын, міндеттері мен мазмұнын, жер туралы мемлекеттік ақпараттық жүйе негізі ретінде, оның құрылуы мен қызмет етуінің әдістемесін ғылыми негіздеу;
атрибутивтік және графикалық жер-кадастрлық құжаттамаларының мазмұны мен олардың нысандарын жүргізу тәртібін жетілдіру;
топырақ, топырақ-мелиоративтік және геоботаникалық зерттеулер материалдарының жаңартылуы;
мониторинг, қашықтықтан бағдарлау негізінде жерлерді зерттеу мен картографиялау әдістерін жетілдіру; топырақты бонитировкалау; жердің барлық санаттары, сондай-ақ жерлерді мемлекеттік сандық және сапалық есепке алу үшін рентоқұраушы факторларды пайдалана отырып, жерлерді мемлекеттік кадастрлық бағалау;
ландшафтық көзқарас негізінде алдыңғы қатарлы технологияларды алдын-ала қолдану, ғылыми, әдістемелік, ақпараттық және ұйымдастырушылық қамтамасыз ету тұжырымдамасын әзірлеу.
Іздестірулер, әзірленген технологиялар мен олардың әдістері, басым блоктардың әрқайсысының, атап айтқанда мемлекеттік жер кадастрының, мониторингтің, жерге орналастыру мен жер пайдалану ақылылығының әдістері мен нормативтері инновациялық көзқарасқа негізделген, нәтижелері мемлекеттің экономикалық көрсеткіштерін жақсарту бойынша нақты тетік болып табылады және «Еліміздің индустриялық-инновациялық дамуының 2003-2015 жылдарға арналған стратегиясына», Мемлекеттік агроөнеркәсіптік бағдарламаны және ауылдық аумақтарды дамытудың 2004-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына тікелей қатысты. Сонымен қатар, олар республиканың жер ресурстарын басқаруды жетілдіру үшін негіз болып табылады, сондай-ақ жер реформасын тереңдетуге, жерге орналастырушы кадрларды, соның ішінде ғылыми-педагогикалық кадрларды даярлауға оң әсер етеді.
4. Бағдарламаның мақсаты мен міндеттерi
Бағдарламаның мақсаты:
мемлекеттік жер кадастрын жүргізуді ұйымдастыру, жерге орналастыру жұмыстарын орындау тәртібі мен технологиясы, құрылымы бөлігінде Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 23 маусымдағы № 442-II ЗРК Жер кодексінің 14-бабы 3) тармақшасының, 150-бабы 4-тармағының, 152 және 156-баптарының нормаларын;
Қазақстан Республикасы Үкіметінің:
жep реформасын жүргізу, оның ғылыми, кадрлық және әдістемелік қамтамасыз етілуі жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру мен жүзеге асыру, жерге орналастыру, геодезия мен картография жөніндегі шараларды әзірлеу мен іске асыру бөлігінде «Қазақстан Республикасының Жер ресурстарын басқару жөніндегі агенттігінің мәселелері» туралы 1999 жылғы 23 қарашадағы № 1776 қаулысын;
жер-кадастрлық құжаттамалардың құрамы, мазмұны мен нұсқалары, бірыңғай мемлекеттік жер реестрін қоса алғанда, оларды жүргізу бөлігінде «Қазақстан Республикасында мемлекеттік жер кадастрын жүргізу ережесін бекіту туралы» 2003 жылғы 20 қыркүйектегі № 958 қаулысын;
«Жерді пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру ережесін бекіту туралы» 2003 жылғы 29 қыркүйектегі № 990 қаулыларын және нарықтық экономика жағдайында қоршаған ортаны қорғау жөніндегі басқа да іс-шаралармен кешенді жерді ұтымды пайдалану, топырақ құнарлылығын сақтау және арттыру, жер ресурстарын қорғау бөлігінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің өзге де нормативтік құқықтық кесімдерінің іске асырылуын қамтамасыз ету болып табылады.
Алға қойылған мақсаттарға жету үшін Бағдарламада мынадай міндеттерді шешу көзделген:
топырақ құнарлылығын сақтауға және арттыруға, жердің жай-күйіне теріс антропогендік әсерді жоюға бағытталған жер ресурстарын ұтымды пайдалану мен қорғау жөніндегі іс-шараларды әзірлеу;
ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлерді ұтымды пайдаланудың экономикалық тетіктерін жетілдіру;
мемлекеттік жер кадастры мен оның автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің инфрақұрылымын жасау;
жерді пайдалану мен қорғауды және жер заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылауды тиімді жүзеге асыруды қамтамасыз ету;
жер мониторингі торабын дамыту және оның деректерінің негізінде теріс процестерді жою бойынша ұсынымдар әзірлеу;
ақпараттарды алудың, жерді зерттеу мен картографиялаудың жаңа технологиялары мен әдістеріне көшу;
жерді ұтымды пайдалану және қорғау жөніндегі іс-шараларды әзірлеу мен жүзеге асыру кезінде ландшафтық-экологиялық бетбұрысты іске асыру;
жер ресурстарын басқару мен жер қатынастарын реттеу саласындағы ғылыми-әдістемелік, нормативтік қамтамасыз ету.
5. Бағдарламаны іске асырудың негізгі бағыттары мен тетіктерi
Жер қатынастарын реттеу жөніндегі нормативтік құқықтық кесімдер тұтастай қалыптастырылды.
Бағдарлама өзара тығыз байланысты экономикалық, техникалық, ұйымдастыру-шаруашылық және құқықтық іс-шараларды жетілдіру негізінде жерлерді бүкіл қоғам мен жекелеген жер пайдаланушылардың мүддесі үшін оларды тиімді пайдалану мен қорғауды ұйымдастыру мен қамтамасыз етудің жаңа сапасына көшуге бағытталған.
5.1 Жер ресурстарын басқаруды жетілдіру
Бағдарламада мемлекеттік жер кадастрын жүргізуді жетілдіру үшін мыналар көзделген:
Қазақстан Республикасының 272,5 млн. га жерді, соның ішінде оларды пайдалану санаттары бойынша мемлекеттік есепке алуды қамту;
жыл сайын жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылар жөніндегі жер кадастрының мәліметтерін қағаз және электронды жеткізгіштерде жинақтау;
2005 жылы - 59356 мың га алаңда; 2006 жылы - 62330 мың га және 2007 жылы - 65446 мың га алаңда әкімшілік аудандар мен есептегі кварталдардың электрондық жер-кадастрлық карталарын жасау;
Жер кодексі мен статистикалық есеп беру талаптарына сәйкес жер-кадастрлық құжаттамасының нысандарын және олардың мазмұндарын жетілдіру;
СТжССОТ сәйкестендірілген БМЖТ жүргізудің құжаттамасы мен әдістемесін әзірлеу;
жерлерді мемлекеттік кадастрлық бағалауды жүргізу әдістемесін жетілдіру;
паспорт беру мақсатында 3,2 млн. га алаңда, соның ішінде 2005 жылы - 1023,6; 2006 - 1074,8 және 2007 - 1128,5 мың га алаңда егістік топырағының бонитетін анықтау, ол аграрлық секторда шаруашылық жүргізуші субъектілердің егістігі алаңының 15,2% құрайды.
Жер мониторингі бойынша іс-шараларды іске асыру шеңберінде:
қажетті ақпаратты бірыңғай мемлекеттік мониторинг және табиғи ресурстар жүйесіне (БММжТРЖ) бере отырып, 31,4 млн. га жер үшін мониторингпен қамтылады;
ведомстволық жер мониторингінің, сондай-ақ өндірістік мониторинг жүйесінің барлық кәсіпорындары мен мекемелерін енгізе отырып, геоақпараттық жүйе негізінде жер мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесі құрылады;
аэроғарыштық ақпараттарды пайдаланып, жоспарлы-картографиялық негізді, базалық, картографиялық және басқа да құжаттарды жасаумен, еліміздің барлық аумағында қадағалау, зерттеу және түсіру әдістері жетілдіріледі;
техникалық құралдармен, жылжымалы экспресс-зертханалармен жабдықтау, сондай-ақ жер мониторингінің зертханалық базасын кеңейту жөнінде ұсыныс дайындалды.
Жер ресурстарын зерттеу мен картографиялау үшін мыналар көзделген:
сандық және электрондық тақырыптық карталарды әзірлеудің жаңа технологияларын енгізу;
барлық жер санаттарында ауыл шаруашылығы алқаптарын түгендеуді (ауылды елді мекендер аумақтарын дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде көзделген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді түгендеуден басқа) жүргізу жөніндегі ұсынысты дайындау. Осы ауыл шаруашылығы алқаптарының жалпы алаңының 10%-ы, атап айтқанда 14,4 млн. га бағдарламамен қамтылады;
ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлерде ірі масштабты: 955,9 мың га алаңда топырақ және 2326,5 мың га алаңда геоботаникалық зерттеулерді жүргізу;
2124,2 мың га алаңда жерлерге паспорт беру мақсаты үшін топырақ материалдарын жаңарту, ол шаруашылық жүргізуші субъектілердің ауыл шаруашылық алқаптарының 2,7% құрайды;
6305 мың га алаңдағы ауыл шаруашылық алқаптарын, топырақ және геоботаникалық контурларды, яғни зерттеу көзделгендердің 73,2 %-ы;
аэрофотогеодезиялық, дешифрлеу жұмыстарды жүргізу, топографиялық және сандық карталар жасау. Осы жұмыс түрлерімен сәйкесінше: 2005 жылы - 8,6%; 2006 жылы - 8,5% және 2007 жылы - 7,2% ауыл шаруашылығы пайдалануындағы жер алаңдары қамтылған.
Жерге орналастыруды жетілдіру мақсатында:
жерге орналастырудың, жерді аймақтарға бөлудің, облыстық және өңірлік схемалары (жобалары) және ландшафтық-экологиялық көзқарас негізінде жер ресурстарын пайдалану, жақсарту және қорғау бағдарламалары әзірленеді;
қазіргі бар жер пайдаланушылықтарды құру және ретке келтіру бойынша шаруашылықаралық жерге орналастыру жобалары жасалады;
елді мекендердің жер-шаруашылық орналастыру жобалары жасалған;
жерге орналастыру, бүлінген жерлерді қалпына келтіру және жаңа жерлерді игеру жобаларын, сондай-ақ жерлерді пайдаланумен және қорғаумен байланысты басқа да жобалар әзірленеді.
Жерлердің мақсатты орындылығы және пайдалану режимі нақты өңірдегі ауыл шаруашылығы өндірісінің мамандандырылуын, сәулет-жоспарлау, экологиялық, санитарлық және өзге де арнайы талаптарды ескере отырып, экономикалық, табиғи және басқа да жағдайларын негізге ала отырып белгіленеді.
Негізгі назар ауыл шаруашылығына пайдалану үшін босалқы жерлерді игеруге, айрықша қорғалатын табиғи аумақтар үшін резервтік алаңдарды бөлуге аударылады. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді оңтайландыру осы санат жерлерінің басымдығын, ауыл шаруашылығы алқаптары мен олардың мақсатты пайдаланылуын айрықша қорғауды сақтай отырып жүзеге асырылады.
Босалқы жерлерді, орман мен су қорының, өнеркәсіп, көлік және өзге де ауыл шаруашылығына арналмаған жерлерді аймақтарға бөлу негізінде ауыл шаруашылығы мұқтаждықтары үшін беруге, елді мекендердің, табиғи-қорықтық қорлардың дамуы үшін аумақты қорландыруға және өзге де ауыл шаруашылығы өндірісімен байланысты емес мақсаттарға ұсынылатын жер аудандары бөлінеді.
Ерекше жер пайдалану жағдайы бар аймақтарда өнеркәсіптік кәсіпорындардың ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды қорғау аймағы, санитарлық-қорғау аймақтары, сел қауіптілігі, көшкін қауіптілігі бар аймақтары, суайдау құрылғыларын қорғау аймақтары, аэродром маңындағы алаңдар, магистральдық құбырлардың қорғау аймақтары, электр беру, байланыс желісі және су қорғау аймақтары және су объектілерінің жолақтары орнатылады.
Ауыл шаруашылығы алқаптарының құрылымының оңтайлылығы ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақты дамуын және қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз ететін ауыл шаруашылығы алқаптарының неғұрлым тұрақты құрамын жасауға бағытталған.
Оны іске асыру тетіктері:
олардың табиғи қасиеттеріне сәйкес ауыл шаруашылығы алқаптарын трансформациялау, бір түрден басқасына ауыстыру;
босалқы жерлерден және басқа да санат жерлерінен ауыл шаруашылығына пайдалану үшін жарамды жерлерді анықтау және игеру;
егістік ауданын тыңайған жерлердің айналымына енгізу, босалқы жер мен орман қоры жерлерінен ауыл шаруашылығында пайдалану үшін жыртылған жерлердің игеру және егістіктен түсімділігі төмен жерлерді шығару есебінен тұрақтандыру.
Жерді ұтымды пайдаланудың экономикалық тетігі бойынша мынадай іс-шараларды жүзеге асыру көзделеді:
жерді мемлекеттік кадастрлық бағалауды жүргізу жөнінде ұсыныстар дайындау;
салық салу мақсаты үшін аймаққа бөлу;
жер учаскелеріне төлемнің қазіргі базалық ставкаларын және оларға түзету коэффициенттерін нақтылау бойынша;
Сонымен қатар мынадай тетіктер әзірленеді:
жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушыларға, жерді ластандырғанынан, оның құнарлылық және басқа да қасиеттерін жоғалтуынан, ауыл шаруашылығы жерлерін айналымнан шығару немесе құндылығы төмен жер санатының құрамына ауыстырудан болған залалдың орнын толтыру;
жердің экологиялық жай-күйін жақсартқаны, оның құнарлылығын арттырғаны және экологиялық таза өнім өндіргені үшін көтермелеу.
Жерлерді пайдалану мен қорғауды және жер учаскесінің меншік иелері мен жер пайдаланушылардың топырақтың құнарлылығын сақтау жөніндегі міндеттемелерін сақтауын мемлекеттік бақылауды қамтамасыз ету мақсатында:
жерді қорғау жөніндегі шараларды жүзеге асыру;
ауыл шаруашылық мақсатындағы жер учаскелерінің паспорттарын жасау:
шаруа қожалықтарына - 55213 жер учаскелеріне, соның ішінде 2005 жылы - 17514; 2006 жылы - 18390 және 2007 жылы - 19309 жер учаскелеріне;
ауыл шаруашылығы кәсіпорындарына - 9487 жер учаскелері, соның ішінде 2005 жылы - 3009; 2006 жылы - 3160 және 2007 жылы - 3318 жер учаскелеріне паспорттар жасау;
ауыл шаруашылық мақсатындағы жер учаскелерін 36%-ы паспорттармен қамтамасыз ету (2004 жылы орындалған жұмыстарды ескере отырып).
Жобаларды, схемаларды, жерлерді ұтымды пайдалану мен қорғау бағдарламаларын мемлекеттік сараптауға, олардың жүзеге асырылуын бақылауға, сондай-ақ мемлекеттік жер кадастрын, жер мониторингі мен басқа да жерге орналастыру жұмыстарын жүргізу тәртібін сақтауға баса назар аударылады.
5.2 Топырақтың құнарлылығын қалпына келтіру мен сақтау және жердің жағдайына
теріс антропогендік әсерді жою жөніндегі іс-шаралар
Суармалы жерлердің алаңдарын ұлғайту. Суармалы жерлерді, су объектілерін және су шаруашылығы құрылғыларын тиімді пайдалану мәселелері, суды пайдалануды экономикалық реттеу әдістері Қазақстан Республикасы Президентінің 2002 жылғы 5 тамыздағы № 889 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2003-2005 жылдарға арналған Мемлекеттік аграрлық азық-түлік бағдарламасында және Қазақстан Республикасының Су кодексінде көрініс тапқан.
Тыңайған және бос жатқан жерлерді пайдалану. Бұл бағыт түгендеу, топырақты зерттеу деректерінің негізінде сапасы жақсы тыңайған және бос жатқан жерлерді ауыл шаруашылық айналымына тарту, сондай-ақ жалпы алаңы 5686,7 мың га оларды ұтымды пайдалану жөніндегі іс-шараларды әзірлеу жөніндегі жұмыстарды қамтиды.
Мал азықтық алқаптарды жақсарту. Қазақстан бойынша мал азықтық алқаптарды жақсарту жөніндегі жұмыстар мыналарды қамтиды:
аумақтарды ұйымдастыру және шабындық пен жайылым айналымын енгізу, түсімділігі төмен шабындықтарды және жайылымдарды түбегейлі жақсарту, сонымен қатар, суландыру құрылыстарын қайта жаңарту, шаруашылық субъектілерінің жайылымдық жерлерін, әрі қарай пайдалануға арналған резервтік жерлерді суландыру жөніндегі іс-шараларды әзірлеу.
Жерлердің шөлейттенуі мен деградацияға ұшырау процестерін болдырмау үшін мыналар бойынша ұсыныстар дайындау болжанады:
ландшафттық көзқарас негізінде табиғи және экологиялық аудандастыру;
шөлейттену мен деградация процестеріне ұшыраған жерлерді анықтау және оларды сапасы жағынан бағалау;
жердің шөлейттенуіне, жел және су эрозиясына қарсы күрес жөніндегі іс-шараларды әзірлеу, тұзданған және сортаңданған жерлерді мелиорациялау, аумақтарды ұйымдастыру жобаларының негізінде мал азықтық алқаптарды жақсарту;
химиялық және биологиялық әдістерді оңтайлы қолдану кезінде топырақ құнарлылығының қалпына келуін қамтамасыз ететін топырақты қорғайтын ауыспалы егіс пен жайылым айналымын игеру;
егістік жерлердегі сортаңдаған дақтарды кетіру бойынша мелиоративтік жұмыстарды жүргізу, дефляциялық қауіпті және эрозиялық қауіпті жерлерде эрозияға қарсы іс-шараларды жүргізу.
Бүлінген жерлерді консервациялау мен рекультивациялау жобаларын орындау бойынша бақылау күшейтіледі.
Бұрынғы Семей ядролық сынақ полигоны мен Арал өңірі бойынша проблемаларды кешенді шешу Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2003 жылғы 22 тамыздағы № 182-ө өкіміне сәйкес жүзеге асырылатын болады1.*
-------------------------------------------
1*«Бұрынғы Семей ядролық сынақ полигоны мен Арал өңірінің проблемаларын кешенді шешу бойынша ұсыныстарды әзірлеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобын құру туралы»