Табиғи газды жеткізу, тасымалдау және сату ережесін, Сұйытылған
көмiрсутектi газдарды жеткізу, тасымалдау және пайдалану ережесін
бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің
2003 ж. 11 маусымдағы № 568 қаулысы
(2005.24.08. берілген өзгерістермен)
Осы редакция 2008 жылғы 16 қаңтарда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Қоса берiліп отырған Табиғи газды жеткізу, тасымалдау және сату ережесін, Сұйытылған көмiрсутектi газдарды жеткізу, тасымалдау және пайдалану ережесi бекітілсiн.
2. "Электр энергетикасы саласындағы нормативтiк құқықтық кесiмдердi бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 7 желтоқсандағы № 1822 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2000 ж., № 54, 598-құжат) мынадай өзгерістер енгiзiлсiн:
көрсетiлген қаулымен бекітілген Коммуналдық қызмет көрсету ережелерінде:
1) "газбен жабдықтау", "газбен жабдықтаумен", "газ", "газды", "газдың" деген сөздер алынып тасталсын;
2) мынадай мазмұндағы 3-1-тармақпен толықтырылсын:
"3-1. Газбен жабдықтау жөніндегі коммуналдық қызметтердің көрсетiлуімен байланысты мәселелер жекелеген нормативтiк құқықтық кесімдермен реттеледi.";
3) 5-тармақтағы 5) тармақша алынып тасталсын.
3. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі | И. Тасмағамбетов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінiң
2003 жылғы 11 маусымдағы
№ 568 қаулысымен
бекітілген
Табиғи газды жеткізу, тасымалдау және сату ережесi
1-бөлім. Жалпы ережелер
1-тарау. Осы Ереженiң қолданылу аясы
1. Табиғи газды жеткізу, тасымалдау және сатудың Ережесi (бұдан әрi - Ереже) Қазақстан Республикасында табиғи газды жеткізудiң, тасымалдау мен сатудың өнеркәсiптiк, коммуналдық-тұрмыстық және тағы басқа мақсаттарға арналған тәртібін белгiлейдi, сондай-ақ табиғи газды жеткізушiлер, тасымалдаушылар мен тұтынушылар арасындағы өзара қарым-қатынасты реттейдi.
2. Газбен жабдықтау жөніндегі коммуналдық қызмет көрсетумен байланысты туындаған мәселелер осы Ережемен реттеледi.
3. Осы Ережемен белгiленген табиғи газды жеткізу, тасымалдау және сату тәртібі меншiк түрi мен ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, қатынастарды барлық қатысушылардың орындауы үшiн мiндеттi болып табылады.
2-тарау. Терминдер мен анықтамалар
ҚР Үкіметінің 2005.24.08. № 870 қаулысымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Ережеде мынадай терминдер мен анықтамалар қолданылады:
абонент - өзiнiң тұрмыстық тұтынуы үшiн газ сатып алатын жеке немесе заңды тұлға;
газ тұтыну броны - отынның резервтiк түрлерiн барынша пайдаланған жағдайда тұтынушыларға газ жеткізу Қазақстан Республикасының заңдары мен өзге де нормативтiк құқықтық кесiмдерiне сәйкес тоқтатылуы немесе осы шектен азайтылуы мүмкін емес тұтынушыларды үздiксiз және апатсыз технологиялық жабдықтау жұмысы үшiн қажеттi ең аз газ тұтыну көлемi;
табиғи газ немесе газ - Қазақстан Республикасы аумағында өндiрiлетiн және алынатын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағынан тыс сатып алынатын табиғи, мұнайлы (iлеспе) және құрғақ газдар;
газ құбырлары-тарамдары - магистральдық газ құбырының газ тарату станциясына дейiнгi газ тасымалын қамтамасыз ететiн газ құбыры;
газ тарату станциясы - магистральдық газ құбырының газ құбыры-тарамы қоса салынатын қысымды төмендетудi қамтамасыз етуші үймерет;
газ тарату ұйымы - меншiгіндегі газ тарату тораптарын, олардағы үймереттердi дамытумен және пайдаланумен шұғылданатын немесе өзге де заңды негiзде қызметтiң осы түрiне арналған лицензияның негізiнде осы тораптар бойынша газ тасымалдау жөнiнде қызмет көрсететiн ұйым;
газ тарату тораптары - газ қабылдау (беру) пунктiнен тұтынушыларға дейiн газ берудi қамтамасыз ететiн қалалық, поселке аралық, поселкелiк, ауылдық, көшелiк, аулалық газ құбырлары;
газ тасымалдау ұйымы - өз меншiгiнде магистральды газ құбырлары-тарамдары, олардағы үймереттерi бар немесе өзге де заңды негiзде қолда бар лицензия негiзiнде қызметтiң осы түрiн жүзеге асыруға осы газ құбырлары бойынша газды тасымалдау жөнiнде қызмет көрсететiн ұйым;
газ тасымалдау жүйесi - газ тасымалдау, газ тарату ұйымының меншiгiне немесе өзгедей заңды негiзде қарайтын магистральдық газ құбырларын, газ құбырлары-тарамдарын, газ тарату тораптарын, олардағы үймереттердi қамтитын газ құбырларының жүйесi;
газ қоймасы - маусымдық бiрқалыпты емес газ тұтыну кезеңiнде газдың жеткiзілуiн қамтамасыз етуге арналған газдың технологиялық қоры ұсталатын магистральдық газ құбырының құрамдас бөлiгi болып табылатын жерүстi жабдықтарымен кешендес жерасты үймереттерi;
бiрыңғай газ торабы - магистральдық газ құбырларын, газ құбырлары-тарамдарын, газ тарату тораптары мен тұтынушының кiрiсіндегі крандардан жабдыққа дейiнгi газ құбырларын қоса алғанда, газды жеткізушiлер мен тұтынушыларды байланыстыратын газ құбырлары;
диспетчерлiк кесте - газды жеткізушiнiң тасымалдаушыға берген өтінiмiне сәйкес газ жеткізудiң сағаттық кестесi;
магистральдық газ құбыры - газ кен орнынан, газ қоймасынан, мұнайгаз өңдеу ұйымынан газ қабылдау (беру) пунктiне дейiнгi газ тасымалын қамтамасыз ететiн газ құбыры;
газдың артық шығыны - тұтынушының газ жеткізудiң (тұтынудың) тәулiктiк нормасынан артық көлемде газ алуы;
жеткізуші - газ қорына иелiк ететiн және тұтынушыларға газ жеткізудi қамтамасыз ететiн заңды немесе жеке тұлға;
тұтынушы - өзi тұтынуы үшiн газ алуға шарт жасасқан заңды немесе жеке тұлға;
газдың есебiн алу аспаптары - нормаланған техникалық сипаттамасы бар және көлемнiң және/немесе энергия құрамы бiрлiгiнде газ санын өлшеуге арналған өлшеулер аспабы;
газ қабылдау (беру) пунктi - жеткізушi, газ тасымалдаушы, газ таратушы ұйымдар мен тұтынушы арасындағы шартпен белгiленетiн әдетте газ өлшеу құралдарымен жабдықталған газ жеткізу пункті;
есептесу кезеңi - жеткiзiлген газ көлемi анықталатын, жеткізушi, газ тасымалдау, газ тарату ұйымдары мен тұтынушы арасындағы жеткiзiлген газ үшiн өзара есеп айырысу жүргiзiлетiн кезең. Тараптар келісілген есеп айырысу кезеңi шартта көрсетіледi;
газды жеткізудiң (тұтынудың) орташа тәулiктiк нормасы - шартпен белгіленген, бiр айда жеткізілетiн газ мөлшерiн сәйкес айдың күнтiзбелiк күндер санына бөлу жолымен анықталатын газ мөлшерi;
газды жеткізудiң (тұтынудың) тәулiктiк нормасы - тараптардың келісімi бойынша диспетчерлiк кестемен белгіленген тәулiктiк газ мөлшерi;
тасымалдаушы - магистральдық газ құбырларын, газқұбырлары-тарамдарын, газ қоймаларын, газ тарату тораптары және олардағы үймереттердi пайдалануды, газ тасымалдауды жүзеге асыратын тиiстi лицензиясы бар қамтамасыз ететiн ұйым (газ тасымалдау, газ тарату ұйымдары);
газ тасымалы - газ тасымалы жүйесi бойынша газ қабылдап алу, ауыстыру және беру;
газ құбырындағы газдың технологиялық қоры - магистральдық газ құбырларында, газқұбыры-тарамында, газ тарату тораптарында газ тасымалдаудың жұмыс режимiн қамтамасыз ету үшiн қажеттi газдың ең аз мөлшерi;
газ қоймаларындағы газдың технологиялық қоры - жылу беру уақытында газды мейлiнше көп тұтыну кезiнде газды жеткізу үшiн, сондай-ақ газ құбырларында апаттық жағдайлар туындаған кезде қажеттi газ қоймасындағы газдың ең аз қоры;
уәкiлеттi орган - құзыретiне мұнай-газ өнеркәсiбiн қоса алғанда, энергетика саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру кiретiн мемлекеттік орган;
монополияға қарсы орган - табиғи монополия субъектілерiнiң қызметiн бақылау мен реттеудi жүзеге асыратын мемлекеттік орган.
2-бөлім. Газды жеткізу мен тасымалдаудың тәртібі
3-тарау. Газды жеткізу тәртібі
5. Газды жеткізу осы Ереженiң және басқа да құқықтық нормативтік актiлердiң талаптарына сәйкес жеткізуші мен тұтынушы арасындағы газ жеткізуге байланысты жасалған шарт негiзiнде жүзеге асырылады. Газды жеткізу жөнiнде шарт жасасуға ұсынысты жеткізушi, әдетте, газ алуға байланысты алдын-ала өтiнiм бiлдiрген тұтынушыға жiбередi.
6. Абоненттер заңмен белгiленген тәртiпте пәтер иелерi кооперативтерiне немесе кондоминиум объектiсiн басқаруды жүзеге асырушы өзге де жеке немесе заңды тұлғаға шарт жасасу жөніндегі өз өкiлеттiктерiн табыстауға құқылы. Бұл ретте шарт жасасу жөнiнде өкілеттіктердi табыстау, әдетте, жеткізушiнiң атына жiберiлетiн абоненттің (абоненттердiң) өтiнiмiмен немесе кондоминиум қатысушыларының жалпы жиналысының хаттамасымен ресiмделедi.
7. Тұтынушыларды газдандыру мүмкiндiгiн газ тарату тораптары магистральдық газ құбырлары мен елдi мекендегi газ тарату тораптарының өткізу қабiлетiн есепке ала отырып анықтайды.
8. Газды жеткізуге шарт жасасудың шарттары газды тиiсiнше жеткізу үшiн құқықтық, техникалық (технологиялық) және ұйымдастырушылық шарттардың бар-жоқтығы болып табылады, оның iшiнде:
тұтынушы тарапынан - газ тұтыну қондырғылары, жабдықтарының ақауы жоқтығын растайтын газ жабдықтарын пайдалану жөніндегі рұқсат құжаттарының бар-жоғы;
жеткізушi тарапынан - газ көлемiнiң сәйкестiгiн растайтын құжаттарының (ресурстық анықтама, газды сатып алу жөніндегі келісім-шарттың нотариус растаған көшiрмесi) бар-жоқтығы.
9. Ереженiң 7-тармағында белгiленген жағдайлар болмаған кезде, тараптар шарт жасаспауға немесе сондай жағдайлар туындағанға дейiн оның қызметін тоқтата тұруға құқылы.
10. Резервтiк ретiнде отынның басқа түрi белгiленген тұтынушылармен жасалған шарттарда мiндеттi түрде тұтынушының күз-қыс кезеңiнде газ шығынын газ тұтыну броны деңгейiне дейiн қысқарту жөнiндегі мiндеттемесi көзделедi.
11. Тұтынушыларды газбен қамтамасыз ету газ тарату тораптарының тиiстi техникалық жай-күйi, тұтынушылар бiрыңғай газ торабын, құралдар мен жабдықтарды пайдалану кезiнде қауiпсiздiк шараларын сақтаған кезде жүргiзiледi.
Тұтынушы қауiпсiз пайдалану шарттарын бұзған кезде жеткізушi, тасымалдаушы бiржақты тәртiппен тұтынушы ереже бұзушылықты жойғанға дейiн газ берудi тоқтата тұруға құқылы.
12. Жеткізушi газ жеткізудiң белгiленген орташа тәулiктiк нормасы шегiнде ай бойы тең мөлшерде, ал қажет кезiнде, тараптардың және тасымалдаушының келiсуi бойынша - диспетчерлiк кесте бойынша газды жеткізуге, ал тұтынушы (абоненттердi қоспағанда) алуға (iрiктеп алуға) мiндеттi.
13. Күз-қыс кезеңдеріндегі ауа-райының құбылуымен туындаған газ жеткізудiң (тұтынудың) орташа тәулiктiк нормасының асып кетуi жеткізушiлер газ иесiмен (егер жеткізушi газ иесi болмаса) және тасымалдаушымен келiсе отырып, газ қоймасындағы газдың технологиялық қоры есебiнен, сондай-ақ жеткізушiнiң басқа да көздерi есебiнен жабылуы мүмкiн. Мұндай жағдайда мөлшерден тыс газ алу газ жеткізудiң (тұтынудың) орташа тәулiктiк нормасының 5%-нан асып кетуi мүмкiн емес.
14. Газ жеткізу (тұтыну) орташа тәулiктiк нормадан 5 % асқан кезде ол туралы тұтынушыға ескерткен сәттен бастап үш сағат өтiсiмен, жеткізушiнiң келісімi бойынша тасымалдаушыға газ жеткізудiң (тұтынудың) орташа тәулiктiк нормасына дейiн газ берудi мәжбүрлi түрде шектеу жүргiзуге құқық берiледi.
15. Ай сайын газ жеткізудiң (тұтынудың) әркелкiлiгiне тек тұрғындардың коммуналдық-тұрмыстық қажеттерiне жеткізу кезiнде жол берiледi.
Коммуналдық-тұрмыстық ұйымдарды жылу энергиясымен қамтамасыз ететiн қазандықтар мен жылу электр станцияларына газ берудiң әркелкiлiгiне жеткізушi мен тұтынушы арасында жасалған шарт пен осы Ереженiң талаптарында айтылған нормалар шегiнде жол беріледi.
16. Жеткізушiнiң келісімiнсiз газды артық жұмсаған кезде, тұтынушы қосымша шартта белгіленген көлемнен тыс алынған (алынып қойылған) газ көлемiнiң құнын және әрбiр тәулiктер үшiн газ тасымалының құнын мынадай коэффициент қолданғанымен төлейдi:
15 сәуiрден бастап 15 қазанға дейiн - 1,2;
15 қазаннан бастап 15 сәуiрге дейiн - 1,5.
Осы ереже абоненттердiң жұмсаған газ көлемi үшiн қолданылмайды.
17. Жеткізу және тасымалдау шартында көзделген газ қысымы оны тұтынушылар газ жеткізудiң тәулiктік нормасы шегiнде алған жағдайда сақталады.
18. Апат жағдайлары және басқа да тежеусiз күштердiң басқа да жағдаяттарымен туындаған газ жеткізулердiң шектеулерi жағдайда жеткізушiнiң ұсынысы бойынша және жергiлiктi атқару органдары төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі мемлекеттік органның келісімi бойынша тұтынушыларды газ тарату желiлерiнен ажырату кезегiне қоюға дейiн бара отырып, тұтынушыларға газ жеткізудi шектеу кестесiн бекiтедi. Бекiтiлген кестелердi газ таратушы мекемелер диспетчерлiк қызмет арқылы тұтынушыларға жеткізеді.
19. Газ толық алынбаған кезде тұтынушы кейiн тәулiктiк норма шегінде газ жеткiзiлiмдерiн талап етуге құқылы.
20. Қазақстанға газ импорт арқылы келген жағдайда жеткізушi тасымалдауға шарт жасасқан соң, импортталатын газдың уақытында және тиiсті кедендiк ресiмдеуiн жасайды.
4-тарау. Газды тасымалдау тәртібі
21. Газ тасымалдау газ тасымалдау шарты негiзiнде жүзеге асырылады. Газ тасымалдау туралы шарт жасасуға ұсынысты тасымалдаушы, әдетте, газ тасымалдауға алдын-ала өтiнiм білдiрген жеткізушіге жолдайды.
22. Газ тасымалдау шартының жағдайлары Қазақстан Республикасының Үкіметі бекiткен тұрпаттық шартқа сәйкес келуi тиiс.
Тұрпаттық шарттың жағдайлары тараптардың келісімiмен толықтырылуы мүмкін.
23. Газ тасымалдауға шарт жасасудың негiзi жеткізушiнiң тиiстi көлемдегi газдың (ресурстық анықтама, газды сатып алу шарттың нотариалды расталған көшiрмесi және басқа да құжаттар), газ жеткізу шартының бар-жоқтығын құжаттық растауы болып табылады.
24. Газ тасымалдау шарттары Ережемен, басқа да нормативтiк құқықтық актiлермен, сондай-ақ газ тасымалдау шартының жағдайларымен реттеледi.
5-тарау. Қазақстан Республикасының аумағы арқылы
өтетiн газ транзитінің тәртібі
25. Үшiншi елдерге газ экспорттайтын жеткізушiлер мен Қазақстан Республикасының аумағы арқылы газ транзитiн жүзеге асыратын жеткізушiлердiң (тұтынушылардың) газ тасымалдау жүйесiн, оның iшiнде газ қоймаларын пайдалану, сондай-ақ газ транзитіне байланысты өтiнiмдердi қарау Ережеге, Қазақстан Республикасының басқа да нормативтiк құқықтық актілеріне, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына, сондай-ақ газ тасымалдаушы ұйым мен жеткізушiлер (тұтынушылар) арасындағы газ транзиті шарттарына сәйкес жүзеге асырылады.
26. Үшiншi елдерге газ транзитіне өтiнiмдi қарау үшiн жеткізуші Ереженiң 19-тармағына сәйкес құжаттарға қосымша аумағы арқылы газ тасымалы жүзеге асырылатын елдердегi газ құбырлары иелерiнiң мәлiм еткен көлемдегi газды тасымалдауға жазбаша рұқсатын қоса ұсынады.
6-тарау. Газ тасымалдау жүйесiне қол жеткізудiң
шарттары мен тәртібі
27. Тасымалдаушы мынадай жағдайларда жеткізушінің газ тасымалдау жүйесіне кез-келген уақытта еркiн қол жеткізуiн қамтамасыз етуге және газ тасымалдау шартына қол қоюға мiндеттi:
1) газ тасымалдау жүйесіндегі мәлімделген газ көлемiн оны жеткізудiң барлық кезеңiнде қосылған жерден бастап газды алу орнына дейiн тасымалдауға бос қуаттар болғанда;
2) жеткiзілетiн газдың сапасы, егер Қазақстан Республикасының халықаралық келісімдерiмен өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасында қабылданған стандарттар мен нормаларға сәйкес болғанда.
28. Жеткізушi газ тарату жүйесiне қол жеткізудi алу үшiн мынадай негiзгi мәлiметтерi бар өтінімді ұсынады: жеткізушінің реквизиттерi, жеткізушiнiң деректемелерi, газ жеткізудiң көзi, көлемдерi мен мерзiмдерi, сондай-ақ Ереженiң 7-тармағында көрсетілген құжаттар.
29. Тасымалдаушы газ тасымалдаудың шектеулі көлемiнде газ тасымалдауға өтінімдер бойынша шешiмдi тұтынушылардың басымдылығы мен төлем шарттарына қарай қабылдайды.
30. Жеткізушi тасымалдаушының сұранымды жартылай қанағаттандыру туралы қабылдаған шешiмiмен келiспеген немесе шарт жасасудан бас тартуы кезiнде жеткізуші уәкiлеттi органға арыздануға құқылы. Уәкiлеттi орган он күн мерзiм iшiнде, қажет кезде, тәуелсіз сарапшы ұйымдар мен тасымалдаушыны тартумен ұсынылған материалдарды қарап, жеткізушi мен тасымалдаушы орындауға мiндеттi шешiм қабылдайды. Уәкiлеттi органның шешiмiне сот тәртібімен шағымдануға болады.
31. Тасымалдаушы:
1) уәкілетті органның сұрауы бойынша газ тасымалдау жүйесiнде бос қуаттардың бар-жоқтығы туралы ақпарат пен белгiлi бір кезеңде белгілi бір учаскелерде газ тасымалдау жүйелерiнiң қуатын пайдалану бағдарламасын ұсынуға;
2) тасымалдаушының мiндеттемелерiн орындауға ықпал ететiн жоспарланып отырған жөндеу және профилактикалық жұмыстар туралы тұтынушыларды хабардар етуге мiндеттi.
32. Газ тасымалдау жүйесiне жаңадан жабдықталған газ құбырын қосу үшiн жұмсалатын барлық шығындарды, егер тасымалдаушымен жасалған келісімде басқаша белгiленбесе, құбырды осындай қосуға ынтагер төлейтiн болады.
7-тарау. Газдың есебiн алу тәртібі
33. Газды жеткізуге, тасымалдауға және алуға оның көлемiн есептемейiнше жол берiлмейдi.
34. Қолданыстағы стандартқа сәйкес газ көлемiнiң өлшем бiрлiгiне Цельсий бойынша 20 градус температурасы және сынап бағанасының 760 мм қысымы кезіндегі бiр текше метр газ қабылданады.
35. Магистралдық газ құбырларындағы тасымалданған газ көлемiнiң есебi, әдетте, газ тарату станцияларында орнатылған газ тасымалдау ұйымдарының газ есептеу құралдары бойынша, олар болмаса немесе бұзылған жағдайда - әдетте, газды қабылдау (беру) пункттерiнде орнатылған газ тасымалдау ұйымдарының газ есептеу құралдары бойынша немесе есептеу жолымен жүргiзiледi.
Газ тарату ұйымының газ тарату құбырлары арқылы тасымалданған газ көлемiнiң есебi, әдетте, газды қабылдау (беру) пункттерiнде орнатылған газ есептеу құралдары бойынша немесе есептесу жолымен жүргiзіледi.
Тасымалданған газ көлемiнiң есебi тараптардың өкiлдерi қол қойған актiмен ресiмделедi. Акт нысаны мен оның жасалу мерзiмi газ тасымалы шартында айтылады.
36. Абоненттер пайдаланатын газ көлемiнiң есебi:
жеке есептеу құралдары бойынша;
ұжымдық:
көп қабатты үйлердiң кіреберiстерiнде орнатылған не жалпы үй iшілiк; жеке үйлер үшiн реттегiш шкафтарда немесе газ реттейтiн пункттерде орнатылған ұжымдық есептеу құралдары бойынша;
жеке немесе ұжымдық есептеу құралдары болмаған жағдайда, тиiсті мемлекеттік орган бекiткен тұтыну нормалары бойынша жүргiзiледi.
37. Тұтынушылардың өндiрiстiк-шаруашылық қажеттерiне пайдаланған газ көлемiнiң есебi:
газ қабылдау (беру) пункттерiнде орнатылған есептеу құралдары бойынша;
есептеу құралдары болмаған жағдайда, газ тұтынушы қондырғының қуаттылығы бойынша жүргiзiледi.
38. Тасымалдаушы ай сайын есептi айдан кейiн келетiн айдың 5-не дейiн тасымалданған газдың тәулiктiк көлемiн көрсетумен берiлген (қабылданған) газ көлемiне акт жасап, оны газ тасымалдау шартының екiншi тарабына жолдайды. Екiншi тарап үш күн iшiнде актіге қол қояды не, берілген газдың көрсетілген көлемiмен келiспеген жағдайда, тасымалдаушыға өзінің келiспеушiлiк хаттамасын жiбередi, ол алған сәттен бастап бес күн iшiнде қаралады.
39. Берiлген (қабылданған) газ көлемiне байланысты дау болған жағдайда олар шарттың ережелерiне сәйкес немесе сотта шешілуге жатады.
40. Сот шешiм қабылдағанға дейiн берiлген (қабылданған) газдың көлемi газ тасымалдау ұйымдарының газ есептеу құралдарының көрсеткiштерiне сәйкес белгiленедi.
41. Берiлген (қабылданған) газ көлемiнiң есебi газ есептеу аспаптарын пайдалану нұсқаулықтарына сәйкес жүргiзiледi.
42. Газ есептеу аспаптарын қолдану мен тексеру Қазақстан Республикасының "Өлшеу бiрлiгiн қамтамасыз ету туралы" Заңына және Қазақстан Республикасының басқа да құқықтық нормативтiк актілеріне сәйкес жүргiзiледi.
43. Газ есептеу аспаптарын орнатуды тиiстi лицензиясы бар мамандандырылған ұйымдар жүзеге асырады.
44. Газ есептеу аспаптарын сатып алу мен орнатуды қаржыландыру тасымалдаушының жеке немесе қарыздық қаражаты есебiнен жүргiзiледi. Тұтынушы алынған немесе орнатылған есептеу аспаптары үшiн тасымалдаушының шығындарын газ тасымалдаудың тарифi арқылы өтейдi.
45. Тұтынушының есептеу аспабын өзi сатып алуға құқылы, бұл ретте оны орнату жөніндегі шығынды есептеу аспабын орнатқан ұйым мен тұтынушы арасындағы шарт бойынша немесе газ тасымалдау тарифi арқылы өтейдi.
46. Газ құбырларындағы газ есептеу аспаптарының техникалық жай-күйi мен тексеру үшiн жауапкершiлiк газ құбырларының иелерiне (жалға алушыларға), ал өзге жағдайларда - газ есептеу аспаптары орнатылған тұтынушыларға жүктеледi.
Шарттың әрбiр тарабы келесi тараптың уәкiлеттi өкiлiне газ есептеу аспаптарын, оның мемлекеттік тексеруден өткендігі туралы қолданыстағы куәлігінiң бар-жоғын тексеру мүмкiндiгiн қамтамасыз етуге мiндетті.
47. Абоненттiң газ есептеу құралдары кiреберiстерде, баспалдақ торларында, дәлiздер мен жекелеген пәтерлерде, жеке үйлерде орнатылуы мүмкін.
Абонент газ есептеу құралдарына еркiн қол жеткізудi қамтамасыз етуге мiндеттi.
48. Абонент оның пәтерiнде немесе жеке үйiнде орнатылған газ есептеу аспабының сақталуы мен бүтiндiгi үшiн жауапкершілікте болады.
Газды есептеу аспаптары көп қабатты үйлердiң кiреберiстерiнде, баспалдақ торларында, дәлiздерiнде орнатылған кезде, олардың сақталуы мен бүтiндiгi үшiн жауапкершілік тұрғын пәтерлер мен үйлердiң иелерiне (жалға алушыларға) немесе пәтерлердiң меншiк иелерiнiң кооператорларына жүктеледi.
49. Абоненттiң (пәтерлердiң меншiк иелерi немесе иегерлерi) кiреберiстерде, баспалдақ торларында, дәлiздерде орнатылған газ есептеу аспаптарын белгiсiз бiреулер сындырған немесе ұрлаған жағдайда, пәтерлердiң меншiк иелерi (иегерлерi), егер тараптардың келісімдерiнде басқаша көзделмеген болса, бiр ай iшiнде қалпына келтiруге мiндеттi. Есептеу аспабын қалпына келтiрген сәтке дейiн абонент өзiн газ желісіне қосуды талап етуге құқылы.
50. Газ есептеудi ұйымдастырумен байланысты және Ережемен реттелмеген мәселелер уәкiлеттi орган монополияға қарсы органмен келісіп анықтаған тәртіпте реттеледi.
8-тарау. Газдың жеткiзiлуi мен оны тасымалдау
үшiн есеп айырысу
51. Газды жеткізу, алу және тасымалдау жасалған шартқа сәйкес өтемдi негiзде жүзеге асырылады.
52. Газ бағасы мен оны тасымалдау тарифi Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиiстi шарттарда көрсетiледi.
53. Жеткiзiлген газ үшiн есеп айырысу мен төлем мерзiмi аванстық төлемдер қолданыла отырып, тиiстi шарттармен белгiленедi.
54. Қазақстан Республикасының аумағында тұтыну үшiн арналған газды газ құбырларымен тасымалдауға және газ қоймаларында сақтауға тарифтер белгiлеу, сондай-ақ оларды пайдалану тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
55. Қазақстан Республикасының аумағы арқылы газдың транзитi, қазақстандық газдың экспорты мен Қазақстан Республикасының аумағынан тыс газды сақтау жөніндегі қызмет көрсету тарифтердi транзит, экспорт немесе сақтау тараптар шарттарымен шарттық негiзде белгiленедi.
3-бөлім. Газ сатудың тәртібі
9-тарау. Газ тұтынушыларды жiктеу
56. Тұтынушылар газбен қамтамасыз етiлу басымдығына қарай мынадай санаттарға бөлiнедi:
1) газды тұрмыстық мақсатқа пайдаланатын тұрғындар;
2) коммуналдық-тұрмыстық мақсаттағы объектiлер;
3) үздiксiз технология процесiнде өнiм шығару үшiн газды шикiзат немесе отын ретiнде қолданатын тұтынушылар;
4) газбен жабдықталуы заңнамамен белгiленген тәртiппен көктем-қыс кезеңдерiнде отынның резервтiк түрiне жартылай немесе тұтастай ауыстырылу жолымен реттелетiн электр станциялары мен өнеркәсiптік кәсiпорындар;
5) қалған тұтынушылар.
4-бөлім. Тараптардың газды жеткізу, тасымалдау және
сату жөніндегі құқықтары мен міндеттері
10-тарау. Тараптардың шарт жөніндегi құқықтары мен мiндеттерi
57. Тараптар Ережеге және Қазақстан Республикасының басқа да құқықтық нормативтiк актілерiне сәйкес шарттың мiндеттемелерiн орындауға жауапкершілікте болады.
58. Тасымалдаушы:
1) жеткізушi газ сапасы жөніндегі талаптарды бұзған;
2) газды қабылдау (беру) пунктiне дейiн жете жеткiзбеген;
3) жеткізушi газды қабылдау (беру) пунктiне дейiн жеткізу көлемiн төмендеткен;
4) газды қабылдау (беру) пунктiнде газдың қысымы төмендеткен;
5) Ереженiң 3-тарауына сәйкес тұтынушылар газды орташа тәулiктiк тұтыну нормасынан 5 %-ке қарағанда артық тұтынған;
6) жеткізушi және/немесе тұтынушы тасымалдау шартында көзделген тасымалдаушының қызметi мен айыптау санкцияларын төлеу туралы шарт жағдайын орындамаған жағдайда;
7) тежеусiз күштер жағдаяттарының болуы, соның iшiнде қондырғылар мен газ тасымалдау жүйесiнiң немесе жабдықтың механикалық зақымдануы сияқты, газ тасымалдау жүйесiнде апаттар немесе апаттық жағдайлар туындағанда газ тасымалдауды шектеуге немесе тоқтатуға құқығы бap.
59. Тасымалдаушы:
1) газ тасымалдау шартының ережелерiне сәйкес бiрқалыпты және үздiксiз газ тасымалын қамтамасыз етуге;
2) газ есебiнiң дұрыс жүргiзiлуiн тексеру мақсатында техникалық қауiпсiздiк нормалары талаптарына қатаң сәйкестiкте газ есептеу құралдарына қол жеткізудi қамтамасыз етуге;
3) газ тасымалдау шартының ережелерiне сәйкес газбен жабдықтау режимiнiң болуы мүмкiн өзгерістерi туралы жеткізушiге, тұтынушыға хабарлауға мiндеттi.
60. Жеткізушi:
1) газ үшін дер кезiнде және толық көлемде төлем алуға;
2) газды тұтыну мен дер кезiнде төлем жасау үшiн бақылауды жүзеге асыруға;
3) тұтынушылар:
газға төлем төлеу тәртібін;
газ жабдықтарын қауiпсiз пайдалану және есебiн алу аспаптарын пайдалану талаптарын бұзған жағдайда бiржақты тәртіппен газ берудi тоқтатуға құқылы.
61. Жеткізушi:
1) нормативтiк талаптарға сай газ сапасын қамтамасыз етуге мiндеттi; жеткізілген газдың сапасына байланысты келiспеушiлiктер болған кезде жеткізуші, тасымалдаушы және тұтынушы мұндай келіспеушіліктерді шарт жағдайларына сәйкес шешедi.