Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі туралы ереженi бекіту
туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің
2001 жылғы 16 тамыздағы № 1074 қаулысы
(ҚР Үкіметінiң 06.08.03 ж. № 785;22.09.03 ж. № 962
қаулыларымен енгізілген өзгерістерімен)
Осы редакция 2007 жылғы 19 желтоқсандағы енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Бұрынғы ред. қара
Қазақстан Республикасы Президентінің "Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң құрылымы туралы" 2000 жылғы 6 шiлдедегi № 417 Жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі туралы ереже бекітілсiн.
2. "Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлiгінiң мәселелерi" Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 2000 жылғы 9 наурыздағы № 368 қаулысының 1-тармағы 1-тармақшасының (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2000 жыл, № 15, 142-бап) күшi жойылды деп танылсын.
3. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі | Д.К. Ахметов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2001 жылғы 16 тамыздағы
№ 1074 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі туралы
Ереже
1. Жалпы ережелер
ҚР Үкіметінiң 06.08.03 ж. № 785 қаулысымен 1-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
1. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі (бұдан әрi Министрлiк) қорғаныс саласындағы мемлекеттік саясатты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiне басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы орган болып табылады.
2. Министрлiк өз қызметiн Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына, Қазақстан Республикасының Президентi мен Yкіметінiң кесiмдерiне, өзге де нормативтiк-құқықтық кесiмдерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
3. Министрлiк мемлекеттік мекеменiң ұйымдастырушылық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы бейнеленген мөрi мен өз атауы мемлекеттік тiлде жазылған мөртаңбасы, белгiленген үлгідегi бланкiлерi, сондай-ақ заңдарға сәйкес банктерде шоттары болады.
Министрлiк азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседi.
Министрлiктiң, егер оған заңдарға сәйкес уәкiлеттiк берiлген болса, мемлекеттiң атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарабы болуға құқығы бар.
4. Министрлiк өз құзыретіндегі мәселелер бойынша заңдарда белгiленген тәртiппен Қарулы Күштердiң барлық жеке құрамы үшiн мiндеттi күшi бар бұйрықтар мен директивалар түрiнде актiлер шығарады.
5. Министрлiктiң Ережесi мен штат санының лимитiн Қазақстан Республикасының Үкіметі бекiтедi.
ҚР Үкіметінiң 06.08.03 ж. № 785 қаулысымен 6-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
6. Министрлiктiң заңды мекен-жайы: Астана қаласы, Есіл өзенiнiң сол жақ жағалауы. Арнайы экономикалық аймақ, 2 үй.
7. Министрліктің толық атауы - "Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі" мемлекеттік мекемесі.
8. Осы Ереже Министрліктің құрылтай құжаты болып табылады.
9. Министрлiктiң қызметiн қаржыландыру республикалық бюджеттен жүзеге асырылады.
2. Министрлiктiң негiзгi мiндеттерi, функциялары және құқықтары
10. Министрлiктiң негiзгi мiндеттерi мыналар болып табылады:
1) мемлекеттiң әскери саясаты мен Қазақстан Республикасы Әскери доктринасының мәселелерi бойынша ұсыныстар әзiрлеуге қатысу;
2) Қазақстан Республикасы әскери бюджетiнiң жобасы жөнiнде ұсыныстар әзiрлеу;
3) Қазақстан Республикасының әскери-техникалық және әскери-экономикалық саясатын жүргiзуде Ұлттық қауiпсiздiк тұжырымдамасын, Әскери доктринасын әзiрлеуге және iске асыруға қатысу;
4) әскери-саяси жағдайға баға беруге, Қазақстан Республикасының қауiпсiздiгiне төнетiн ықтимал қатердiң сипаты мен дәрежесiн айқындауға қатысу;
5) Қарулы Күштерде мемлекеттік құпияларды қорғауды ұйымдастыру және қамтамасыз ету;
6) мемлекеттiң егемендiгiн және аумақтық тұтастығын қорғауға Қарулы Күштердiң жауынгерлiк және жұмылдыру даярлығын үнемi қолдау мен қамтамасыз ету, қарулы шабуылды болдырмау және Қазақстан Республикасына қарсы агрессияға қарулы тойтарыс беру үшiн қажеттi жағдайлар жасау;
7) Қарулы Күштер туралы Қазақстан Республикасы Конституциясының нормалары мен Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық кесiмдерiн iске асыруды қамтамасыз ету;
8) Қарулы Күштер түрлерiнiң, әскер тектерiнiң және арнайы әскерлердiң жедел мақсаты мен мiндеттерiн айқындау, оларды Қазақстан Республикасының басқа әскерлерiмен және әскери құрылымдарымен, сондай-ақ халықаралық шарттар негiзiнде басқа мемлекеттердiң қарулы күштерiмен өзара iс-қимылда қолдану;
9) Қазақстан Республикасы Президентінің шешiмiмен Қарулы Күштерге адам, көлiк және материалдық-техникалық ресурстарды жұмылдыруды жүргiзу;
10) Қарулы Күштерде идеологиялық және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыруды қамтамасыз ету;
11) экономиканы жұмылдыру даярлығын ұйымдастыру және ұйымдардың белгіленген жұмылдыру тапсырмасын орындау даярлығын бақылауға қатысу;
12) ғылыми-техникалық және арнаулы зерттеулер мен Қарулы Күштердің мұқтажы үшін әскери кадрларды даярлауды дамыту бағыттарын айқындау;
13) әскери іс-әрекеттi жүргiзуге байланысты қоршаған ортаны қорғау жөніндегі шаралардың жүзеге асырылуын қамтамасыз ету;
14) Қарулы Күштердiң қару-жараққа, әскери техника мен басқа да материалдық жабдықтарға сұранымын, олармен Қарулы Күштердi жұмылдыра өрiстетудiң жоспарын қамтамасыз ету, қару-жарақтың, әскери техника мен басқа да материалдық жабдықтардың жедел және стратегиялық қорларын жинақтау мен орналастыруды айқындау;
15) әскери қызметшiлердiң, азаматтық қызметкерлердiң қауiпсiздiгi мен өмiрiн және денсаулығын сақтауды қамтамасыз ету.
ҚР Үкіметінiң 06.08.03 ж. № 785 қаулысымен 11-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
11. Министрлiк өз құзыретi шегiнде Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) мемлекеттiң әскери саясаты мәселелерi жөнiнде ұсыныстар әзiрлейдi және Қарулы Күштердiң құрылысы мен даму бағдарламаларын iске асырады;
2) Әскери доктринаны, Қарулы Күштердi дамыту мен реформалау тұжырымдамасын әзiрлеу жөніндегі жұмыстарды жүргiзедi;
3) Қазақстан Республикасы Президентінің бекітуiне әскерлердiң орнын ауыстыру мен орналастыру жоспарларын ұсынады;
4) (алып тасталды)
5) қару-жарақты, әскери техника мен басқа да әскери мүлiкті жасау, өндiру және жөндеу жөніндегі мемлекеттік тапсырысты орналастырады, олардың жасалуын, сыналуын, өндiрiлуi мен сапасын бақылауды жүзеге асырады;
6) нормативтік құқықтық кесiмдердiң жобаларын әзiрлеуге қатысады және әзiрлейдi;
7) қорғанысқа арналған шығыстарға республикалық бюджеттен бөлінген қаржының жобасы жөнінде ұсыныстар әзірлейді;
8) әскери ғылымды дамытуға басшылық жасайды, әскери-ғылыми зерттеулердi ұйымдастырады және өткiзедi;
9) (алып тасталды)
10) (алып тасталды)
11) қару-жарақты қабылдау (жабдықтау мен пайдалану), қару-жарақтың, оқ-дәрi мен әскери техниканың жаңа және жетiлдiрiлген түрлерiн, сондай-ақ қару-жарақтың (жабдықтаудан пайдаланудан) ескiрген түрлерiн шығару тәртібін ұйымдастырады;
12) Қазақстан Республикасының қорғаныс өнеркәсiбiн дамытудың бағыттарын айқындауға атсалысады;
13) әскери кадрлардан даярлаудың бiртұтас, көп салалы ұлттық жүйесiн құру жөніндегі жұмысты ұйымдастырады және әскери кадрларды, соның iшiнде басқа мемлекеттердiң әскери оқу орындарында даярлауды қамтамасыз етедi.
14) (алып тасталды)
15) сыртқы байланыс мәселелерi жөнiндегі жұмыстарға басшылық жасайды;
16) әскери саясат, әскери және әскери-техникалық ынтымақтастық мәселелерi жөнiнде халықаралық шарттар жасасады және келiссөздер жүргiзедi, олардың орындалу барысына бақылау жасауды қамтамасыз етедi;
17) әскери-саяси жағдай туралы ақпараттарды жинау, талдау мен жинақтауды ұйымдастырады, Қазақстан Республикасының қауiпсiздiгiне қазiргi және болжамдалған соғыс қаупiнiң түрi мен дәрежесiн анықтайды;
18) Қарулы Күштердiң жауынгерлiк және жұмылдыру даярлығының, заңдылық пен құқық тәртібінiң жағдайын бақылайды;
19) Қарулы Күштердi ұстауға республикалық бюджеттен бөлiнген қаражаттың жұмсалуы мен материалдық-техникалық жабдықтарды тиiмдi пайдалануды ұйымдастырады және қамтамасыз етедi;
20) республиканың қорғаныс мүддесi үшiн күрделi құрылысты ұйымдастырады және бақылайды;
21) (алып тасталды)
22) Қарулы Күштерді әлеуметтік жағынан дамыту, әскери қызметшілерді, олардың отбасы мүшелерін, сондай-ақ зейнеткерлерді медициналық, санаториялық-курорттық, сауықтыруды қамсыздандыру, тұрғын үй, өндірістік-шаруашылық, материалдық-тұрмыстық жағдайларын жақсарту жөніндегі шараларды жүзеге асырады;
23) Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына қатысушы және бiтiмгершілiк қызметтегі мемлекеттердiң ұжымдық қауiпсiздiгiнiң жүйесi шеңберiнде қорғанысты жоспарлауға қатысады;
24) (алып тасталды)
25) (алып тасталды)
26) Қарулы Күштердiң жауынгерлiк және жұмылдыру әзiрлігін, жедел, жауынгерлiк және жұмылдыру даярлығын қолдау жөнiндегі шараларды ұйымдастырады және өткiзедi;
27) (алып тасталды)
28) әскери есепке алу, азаматтарды әскери қызметке даярлау және оларды әскери қызмет пен жиындарға шақыру жөніндегі жұмыстарды, сондай-ақ шақыруға дейiнгi және шақыру жасындағы жастар денсаулығының жай-күйiн бақылауды жүзеге асырады.
29) (алып тасталды)
30) әскери қылмыстар бойынша анықтауды, iздестiрудi және құқық бұзушыларды ұстауды жүзеге асыру жөніндегі әскери полиция органдарының қызметiн ұйымдастырады.
31) Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын әуеде күзетудi жүзеге асырады;
32) Министрлiктiң арнаулы мемлекеттік мұрағатынан шығатын мұрағат анықтамалары мен мұрағат құжаттарының көшiрмесiне растама қояды;
33) мемлекеттік сатып алулар процесiн ұйымдастырады;
34) Қазақстан Республикасының бейрезиденттерiмен қару-жарақ пен әскери техниканы жөндеуге және жеткiзуге, сондай-ақ Қарулы Күштер үшiн халықаралық келісімдерге сәйкес басқа да материалдық құралдарға шарттар жасасады;
35) өзге де функцияларды жүзеге асырады.
12. Министрлiк заңдарда белгiленген тәртiппен негізгi міндеттерді орындау және өзiнiң функцияларын жүзеге асыру үшiн:
1) өз құзыретi шегiнде орындалуға мiндеттi нормативтiк құқықтық кесімдер қабылдауға;
2) меншiктiң барлық нысандарындағы заңды тұлғалардан, лауазымды тұлғалар мен азаматтардан қажеттi ақпараттар мен материалдарды сұрауға және алуға;
3) ведомстволық бағыныстағы ұйымдар құру, қайта ұйымдастыру және тарату туралы ұсыныстар енгiзуге;
4) ведомстволық бағыныстағы мемлекеттік кәсiпорындар мен мекемелердiң жарғыларын бекітуге, оларға қатысты мемлекеттік меншiк құқығы субъектiсiнiң функциясын жүзеге асыруға;
5) заңдарға сәйкес өзiне берiлген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқылы.
3. Министрлiктiң мүлкі
13. Министрлiктiң жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкi болады.
Министрлiктiң мүлкi оған мемлекеттен берiлген мүлiк есебiнен қалыптасады.
14. Министрлiкке бекітілiп берiлген мүлiк республикалық меншiкке жатады.
15. Министрлiк өзiне бекітілiп берiлген әскери мақсаттағы мүлiкке қатысты иелiк ету және пайдалану құқықтарын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Yкіметі шешiмiнiң негізiнде билiк ету құқықтарын жүзеге асырады.
Министрлiк заңдарда белгiленген тәртiппен мүлiктi есептен шығаруды жүзеге асырады.
4. Қызметi мен жауапкершiлiгін ұйымдастыру
16. Министрлiк Қарулы Күштердi дамыту және мемлекеттiң қорғаныс жөнiндегі мiндеттерiн орындауға даярлық үшiн толық жауапты болады.
ҚP ?кіметінің 22.09.03 ж. № 962 қаулысымен 17 тармақ өзгертілді
17. Министрлiктi Қазақстан Республикасының Президентi қызметке тағайындайтын және қызметiнен босататын Министр басқарады.
Министрдің заңдарда белгіленген тәртіппен қызметке тағайындалатын және қызметінен босатылатын бес, соның ішінде бір бірінші орынбасары болады.
18. Министр Министрліктің жұмысын ұйымдастырады және басшылық жасайды және Министрлікке жүктелген міндеттерді орындауға және оның өз функциясын жүзеге асыруына дербес жауапты болады.
ҚР Үкіметінiң 06.08.03 ж. № 785 қаулысымен 19-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
19. Осы мақсатта Министр заңдарда белгiленген тәртiппен және өз құзыретi шегiнде:
1) өз орынбасарларының, Министрлiктiң және оның құрылымдық бөлiмшелерi лауазымды тұлғаларының, Қарулы Күштер түрлерi, әскер тектерi және әскери округтер әскерлерi қолбасшыларының мiндеттерi мен өкiлеттiктерiн айқындайды;
2) Қарулы Күштер түрлерiнiң, әскер тектерiнiң құрылымын, штат санын, сондай-ақ Министрлiкке ведомстволық бағыныстағы мемлекеттік мекемелердiң штат санын Қазақстан Республикасының Президентi мен Yкіметі бекiткен Қарулы Күштердiң, Министрлiктiң және оған қарасты мемлекеттік мекемелердiң штат санының лимитi шегінде айқындайды;
3) бекітілген штат санының лимитi шегiнде Министрлiктiң және оның бөлiмшелерiнiң құрылымы мен штат санын айқындайды;
4) Министрлiктiң қызметкерлерiн қызметке тағайындайды және қызметiнен босатады;
5) барлық мемлекеттік және өзге де ұйымдарда Министрлiктiң атынан өкiлдiк етедi;
6) Қарулы Күштердiң жауынгерлiк әзiрлiгiнiң жағдайына бақылау жасауды жүзеге асырады;
7) Қазақстан Республикасының Президентiне Қарулы Күштердегi лауазымдарды атқару үшiн белгiленген номенклатураға сәйкес және жоғары әскери атақтар берiлетiн генералдар мен офицерлердiң кандидатурасын ұсынады;
8) бұйрықтар мен нұсқаулар шығарады;
9) (алып тасталды)
10) Қазақстан Республикасы Президентінің бекітуiне Қарулы Күштердiң құрылысы, оларды қолдану жоспарлары, жұмылдыра өрiстету мен қаржылай қамтамасыз етiлуi жөнiнде ұсыныстар табыс етедi;
11) өз өкiлеттiгi шегiнде лауазымдарға тағайындайды, қызмет бойынша орын ауыстыру, Қарулы Күштер қатарынан әскери қызметшiлердi босату мен әскери атақтар беру және әскери атақтарынан айыру жөніндегі мәселелерді шешедi;
12) Министрлiктiң құрылымдық бөлiмшелерi туралы және Қарулы Күштер түрлерінiң, тектерi мен әскери округ әскерлерінің басқару органдары туралы ережелердi бекiтедi;
13) тапсырыстар көлемін бөлу, қару-жарақтың, әскери техниканың, күрделi салымдар мен басқа да материалдық-техникалық жабдықтардың негiзгi түрлерiн сатып алу, сондай-ақ Қарулы Күштердiң түрлерi, әскер тектерi, әскери округтерi мен Министрлiктiң құрылымдық үлес бөлiмшелерi бойынша бюджеттік қаржы бөлудi бекiтедi;
14) Қарулы Күштерде, басқа әскерлер мен әскери құралымдарда әскери киім нысандарын киюдiң тәртібін бекiтедi;
15) Қарулы Күштердiң әскери қызметшiлерi мен азаматтық қызметкерлерiн мемлекеттік наградалармен марапаттауға және Қазақстан Республикасының құрметті атақтарын беруге ұсынады, әскери қызметшiлер мен азаматтық қызметкерлердi көтермелейдi, сондай-ақ жаза қолданады;
16) шағымдарды, азаматтардың өтiнiштерiн қарауды және Қарулы Күштердiң әскери қызметшiлерi мен олардың отбасы мүшелерiнiң, зейнеткерлердiң, қызметкерлерi мен жұмыскерлерiнiң құқығын, бостандығы мен заңды мүдделерiн қорғауды ұйымдастырады;
17) қолданылып жүрген заңдарға сәйкес өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
20. Министрлiктiң алқасы болады. Алқаның санын және дербес құрамын, сондай-ақ оның ережесін Министр бекiтедi.
5. Министрлiктi қайта ұйымдастыру және тарату
21. Министрлiктi қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.