ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ
ЗАҢЫ
Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы
Осы Заңды іске асыру мақсатында қабылдануы қажет нормативтік құқықтық актілердің тізбесін қара
1-бап. 2004 жылғы 24 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2004 ж., № 8-9, 53-құжат; № 20, 116-құжат; № 23, 140, 142-құжаттар; 2005 ж., № 14, 55-құжат; № 21-22, 87-құжат; 2006 ж., № 1, 5-құжат; № 3, 22-құжат; № 8, 45-құжат; № 12, 77, 79-құжаттар; № 13, 86-құжат; № 16, 97-құжат; № 23, 141-құжат; 2007 ж., № 1, 4-құжат; № 2, 16-құжат; № 4, 28-құжат; № 13, 98-құжат; № 16, 129-құжат; № 20, 152-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
1) тармақша 2008 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
1) 2-бап мынадай мазмұндағы 1-2-тармақпен толықтырылсын:
«1-2. Нәтижеге бағытталған мемлекеттік жоспарлаудың жаңа ұстанымдарын (бұдан әрі - пилоттық жобалар) енгізу үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған мемлекеттік органдар мен өңірлер үшін осы Кодекстің ережелері осы Кодекстің 223-1-бабында көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып қолданылады.»;
2) 5-баптың 1-тармағының бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Мемлекеттік кірістерді қысқартуды немесе мемлекеттік шығыстарды ұлғайтуды көздейтін заң жобалары Қазақстан Республикасы Үкіметінің оң қорытындысы болған кезде ғана енгізілуі мүмкін. Парламент Мәжілісіне Республика Президентінің заңнамалық бастамасы тәртібімен енгізілетін заңнамалық актілердің жобалары үшін мұндай қорытындының болуы талап етілмейді.»;
3) 17-баптың 8-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«8. Жергілікті атқарушы орган резервінің жалпы көлемі тиісті жергілікті бюджет түсімдері көлемінің екі процентінен аспауға тиіс.»;
4) тармақша 2008 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
4) 23-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Мұнай секторы кәсіпорындарына шикі мұнайды және газ конденсатын өндірумен және (немесе) өткізумен айналысатын, сондай-ақ шикі мұнай мен газ конденсатын барлауға келісім-шарттар жасасқан заңды тұлғалар жатады.»;
5) 56-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«56-бап. Қазақстан Республикасы Парламентінің бюджеттік қатынастарды реттеу саласындағы құзыреті
1. Қазақстан Республикасының Парламенті палаталардың бірлескен отырысында Үкімет пен Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін бекітеді.
2. Қазақстан Республикасының Парламенті палаталардың бөлек отырысында әуелі — Мәжілісте, ал содан кейін Сенатта өз кезегімен қарау арқылы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерді талқылайды.
3. Қазақстан Республикасының Парламенті палаталардың бөлек отырысында әуелі — Мәжілісте, ал содан кейін Сенатта өз кезегімен қарау арқылы республикалық бюджетті бекітеді, оған өзгерістер мен толықтырулар енгізеді.
4. Қазақстан Республикасының Парламенті өзіне Қазақстан Республикасының Конституциясы жүктеген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.»;
6) 79-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Алдағы қаржы жылына арналған республикалық бюджетті бекіту палаталардың бөлек отырысында әуелі — Мәжілісте, ал содан кейін Сенатта өз кезегімен қарау арқылы ағымдағы жылдың 1 желтоқсанынан кешіктірмей жүргізіледі.»;
7) 14-тараудың тақырыбы алып тасталсын;
8) 82-бапта:
1-тармақтағы «талқылау» деген сөз «қарау» деген сөзбен ауыстырылсын;
3-тармақ алып тасталсын;
9) 83-бап алып тасталсын;
10) 101-баптың 7-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«7. Бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері жеке қаржыландыру жоспарларын бекітуді қамтамасыз етеді.
Бюджеттік бағдарламаларды (ішкі бағдарламаларды) қаржыландыру жоспарлары мен міндеттемелер бойынша және төлемдер бойынша жеке қаржыландыру жоспарлары бюджет шығыстарының айларға бөлінген экономикалық сыныптамасына сәйкес жасалады.
Бюджеттік бағдарламаларды (ішкі бағдарламаларды) қаржыландыру жоспарларын және бюджет шығыстарының экономикалық сыныптамасына сәйкес міндеттемелер бойынша жеке қаржыландыру жоспарларын республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері — бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органға, жергілікті бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері бюджетті атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті органдарға табыс етеді.
Бюджеттік бағдарламаларды (ішкі бағдарламаларды) қаржыландыру жоспарларын және бюджеттік бағдарламалар (ішкі бағдарламалар) бөлігінде төлемдер бойынша жеке қаржыландыру жоспарларын республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері — бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органға, жергілікті бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері бюджетті атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті органдарға табыс етеді.
Мемлекеттік мекемелер бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органның тиісті аумақтық бөлімшелеріне бюджет шығыстарының экономикалық сыныптамасына сәйкес міндеттемелер мен төлемдер бойынша жеке қаржыландыру жоспарларын міндетті түрде табыс етеді.»;
11) 124-баптың тақырыбы мен мәтініндегі «қарау», «қарайды», «қараған», «қаралғаннан» деген сөздер тиісінше «талқылау», «талқылайды», «талқылаған», «талқылағаннан» деген сөздермен ауыстырылсын;
12) тармақша 2008 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
12) мынадай мазмұндағы 223-1-баппен толықтырылсын:
«223-1-бап. Пилоттық жобалар үшін бюджеттік процестің ерекше тәртібі
1. Республикалық және жергілікті бюджеттік бағдарламалардың паспорттары осы Кодекстің 94-бабының 2-тармағына сәйкес, бюджет комиссиясында қаралмай, бюджетті нақтылау (түзету) кезінде қабылданған шешімдер ескеріле отырып жасалады.
Пилоттық жобалар бойынша тиісті қаржы жылына арналған республикалық және жергілікті бюджеттік бағдарламалардың паспорттарын бюджеттік жоспарлау жөніндегі тиісінше орталық және жергілікті уәкілетті органдар осы Кодекстің 94-бабының 1-тармағында белгіленген мерзімде бекітеді.
Бюджеттік бағдарламалардың паспорттарына осы Кодекстің 108-бабының 5-тармағында көзделген негіздер бойынша өзгерістер енгізу бюджет комиссиясында қаралмай, бюджеттік жоспарлау жөніндегі тиісінше орталық және жергілікті уәкілетті органдарда қаралады.
2. Мемлекеттік мекемелер бюджет шығыстарының экономикалық сыныптамасына сәйкес міндеттемелер мен төлемдер бойынша жеке қаржыландыру жоспарларына Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен тиісті бюджеттік бағдарлама (ішкі бағдарлама) бойынша жеке қаржыландыру жоспарларының бекітілген жылдық сомалары шегінде өзгерістер енгізуге құқылы.
Бұл ретте, бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган енгізілген өзгерістер туралы бюджеттік бағдарламалардың әкімшілеріне және бюджетті атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті органдарға хабарлайды.
3. Қазақстан Республикасының Үкіметі, егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе, бекітілген республикалық бюджетте сомалары көзделген бюджеттік бағдарламалар паспортында бекітілген индикаторларға бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері қол жеткізген жағдайда, қаражатты Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен бюджет шығыстарының функционалдық сыныптамасының бір функционалдық тобы және бір әкімшісі шегінде республикалық бюджеттік бағдарламалардың жекелеген әкімшілерінің республикалық бюджеттік бағдарламалары арасында қайта бөлуге құқылы.
4. Бекітілген бюджетте сомалары көзделген бюджеттік бағдарламалар паспортында бекітілген индикаторларға қол жеткізілген жағдайда, республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның келісімімен қаражатты Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен бюджет комиссиясында қарамай, бір бюджеттік бағдарлама шегінде бюджеттік ішкі бағдарламалар арасында қайта бөлуге құқылы.
5. Облыс әкімдігі пилоттық жоба бойынша, егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе, бекітілген бюджетте сомалары көзделген бюджеттік бағдарламалар паспортында бекітілген индикаторларға бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері қол жеткізген жағдайда, қаражатты Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен бюджет шығыстарының функционалдық сыныптамасының бір функционалдық тобы және бір әкімшісі шегінде жергілікті бюджеттік бағдарламалардың жекелеген әкімшілерінің бюджеттік бағдарламалары арасында қайта бөлуге құқылы.
6. Бекітілген бюджетте сомалары көзделген бюджеттік бағдарламалар паспортында бекітілген индикаторларға қол жеткізілген жағдайда, жергілікті бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері экономикалық және бюджеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органдардың келісімімен қаражатты Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен бюджет комиссиясында қарамай, бір бюджеттік бағдарлама шегінде бюджеттік ішкі бағдарламалар арасында қайта бөлуге құқылы.
7. Пилоттық жобалар бойынша жергілікті бюджеттік бағдарламаларды іске асыруға бағытталған нысаналы трансферттердің қаржы жылы бойында толық пайдаланылмаған сомалары ағымдағы қаржы жылында аяқталған жергілікті бюджеттік бағдарламалар бойынша түпкі нәтижелерге жоғары тұрған бюджеттен берілетін нысаналы трансферттерді аз көлемде пайдалана отырып қол жеткізілген жағдайда, жоғары тұрған бюджетке қайтарып беруге жатпайды. Бұл ретте, тиісті жергілікті атқарушы орган нысаналы трансферттердің қалған сомасын тиісті жергілікті бюджеттік бағдарламалардың атқарылу тиімділігін бағалаудың оң нәтижелері негізінде тиісті бюджет комиссиясының шешімі бойынша басқа жергілікті бюджеттік бағдарламаларға пайдалануға құқылы.».
2-бап. Осы Заң, 2008 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 1-бабының 1), 4), 12) тармақшаларын қоспағанда, ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі. Осы Заңның 1-бабының 1) және 12) тармақшалары 2008 жылғы 31 желтоқсанда өз қолданысын тоқтатады.
Қазақстан Республикасының Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2007 жылғы желтоқсанның 6-сы.
№ 7-ІV ҚРЗ