Ұйымдастырылған электрондық сауда-саттықта сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің тізбесін, сондай-ақ олардың сатып алу ережесін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 15 қарашадағы № 1084 Қаулысы
(2009.30.12. берілген өзгерістермен)
ҚР Үкіметінің 2012 жылғы 19 наурыздағы № 340 Қаулысымен күші жойылды
«Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 21 шілдедегі Заңының 13-бабының 8) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған:
1) ұйымдастырылған электрондық сауда-саттықта сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің тізбесі;
2) Ұйымдастырылған электрондық сауда-саттықта тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу ережесі бекітілсін.
2. Осы қаулы 2008 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | К. Мәсімов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің2007 жылғы
15 қарашадағы
№ 1084 қаулысымен
бекітілген
Ұйымдастырылған электрондық сауда-саттықта тауарларды,
жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу ережесі
1. Жалпы ережелер
1. Осы Ұйымдастырылған электрондық сауда-саттықта тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу ережесі (бұдан әрі - Ереже) Қазақстан Республикасының»«Мемлекеттік сатып алу туралы» 2007 жылғы 21 шілдедегі (бұдан әрі - Заң), «Ақпараттандыру туралы» 2007 жылғы 11 қаңтардағы, «Электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы» 2003 жылғы 7 қаңтардағы заңдарына сәйкес әзірленді және ұйымдастырылған электрондық сауда-саттықта тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу тәртібін анықтайды.
2. Осы Ереженің әрекеті «Бағалы қағаздар рыногы туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен реттелетін сауда-саттықты ұйымдастырушының (қор биржасы және биржадан тыс бағалы қағаздар нарығының баға белгілеу ұйымы) алаңдарында жасалатын мәмілелерге қолданылмайды.
3. Осы Ережеде мынадай негізгі ұғымдар қолданылады:
1) ұйымдастырылған электрондық сауда-саттық - (бұдан әрі - сауда-саттық) электрондық сауда-саттық жүйелерін пайдалана отырып нақты уақыт режимінде мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру тәсілі;
2) мемлекеттік ақпараттық жүйе - Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы заңнамасына сәйкес құрылған және пайдаланылатын ақпараттық жүйе, ол арқылы әлеуетті өнім берушілерді сауда-саттыққа жіберу, сауда-саттықта жасалған мемлекеттік сатып алу туралы шарттарды тіркеу, сондай-ақ сауда-саттықта мемлекеттік сатып алу туралы ақпаратты жинау, қорыту және талдау жүзеге асырылады;
3) мемлекеттік сатып алу жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) - мемлекеттік сатып алу жүйесін реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
4) делдал - тиісті ақпараттық жүйелерді және желілерді (тауарларды сатып алуға арналған ұсыныстар бар электрондық құжаттарды алу, орналастыру, сақтау, жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету және сауда-саттықта тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу) ұйымдастыруға және басқаруға байланысты қызметтер көрсететін және уәкілетті органмен мемлекеттік ақпараттық жүйені пайдалануға және мемлекеттік сатып алуды жүргізуге шарт жасасқан жеке және (немесе) заңды тұлға;
5) әлеуетті өнім беруші - кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлға, мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасуға үміткер заңды тұлға (егер Қазақстан Республикасының заңдарында олар үшін өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік мекемелерді қоспағанда), заңды тұлғалардың уақытша бірлестігі (консорциум). Кәсіпкерлік қызмет субъектісі болып табылмайтын жеке тұлға Заңның 41-бабы 3-тармағының 5) тармақшасында көзделген жағдайда әлеуетті өнім беруші болуы мүмкін;
6) тапсырыс берушілер - Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен тізбе бойынша ауылдық елді мекендерде орналасқан әлеуметтік саланың мемлекеттік мекемелері мен мемлекеттік кәсіпорындарын қоспағанда, осы Заңға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуды жүзеге асыратын мемлекеттік органдар, мемлекеттік мекемелер, сондай-ақ мемлекеттік кәсіпорындар, акцияларының (үлестерінің) елу пайыздан астамы мемлекетке тиесілі заңды тұлғалар және олармен аффилиирленген заңды тұлғалар;
7) сауда-саттық объектілері - осы қаулымен бекітілген ұйымдастырылған электрондық сауда-саттықта сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің тізбесіне сәйкес тапсырыс берушілер сауда-саттықта сатып алатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің тізбесі (бұдан әрі - тізбе).
Осы тармақта көрсетілмеген басқа ұғымдар мен терминдер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес анықталатын мағыналарда пайдаланылады.
2. Ұйымдастырылған электрондық сауда-саттыққа қатысушылар
4. Делдал уәкілетті органға тиісті электрондық сауда-саттықтың ақпараттық жүйесі және мемлекеттік ақпараттық жүйені пайдалану арқылы мемлекеттік сатып алуды жүргізу туралы өтініш береді.
5. Уәкілетті орган делдалдың өтініші бойынша он күнтізбелік күн ішінде делдалдың тиісті ақпараттық жүйесінің мемлекеттік ақпараттық жүйемен психологиялық үйлесімділігін зерттеуді жүргізеді және делдалдың электрондық сауда-саттық жүйесі арқылы делдалмен мемлекеттік сатып алуды жүргізу туралы шарт (бұдан әрі - сауда-саттыққа шарт) жасасу не жасасудан бас тарту туралы шешім қабылдайды.
Жүргізілетін сауда-саттық шеңберінде бір уақытта бірнеше делдал қатыса алады.
6. Делдалдың тиісті ақпараттық жүйесінің мемлекеттік ақпараттық жүйемен технологиялық үйлеспеуі ғана уәкілетті органның делдалмен сауда-саттыққа шарт жасасуынан бас тарту үшін негіз болады.
Уәкілетті органның бас тартуы делдалға бас тарту себебін көрсете отырып жазбаша түрде беріледі.
Делдал уәкілетті органның сауда-саттық туралы шарт жасасудан бас тарту туралы шешімін сот тәртібімен шағымдануға құқылы.
7. Делдал оларды жою, өзгерту, бұрмалау, көшіру және жабу мақсатында осы ақпараттық ресурстарға рұқсат берілмеген әрекет етудің, жария етудің және қол жеткізудің алдын алуды кепілдендіруге мүмкіндік беретін электрондық ақпараттық ресурстарды қорғаудың қажетті деңгейін қамтамасыз етеді.
8. Әлеуетті өнім берушілерді сауда-саттыққа жіберу мемлекеттік ақпараттық жүйені пайдалану арқылы жүзеге асырылады.
9. Әлеуетті өнім берушілерге Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасында белгіленген жалпы және арнайы біліктілік талаптары қойылады.
10. Әлеуетті өнім беруші сауда-саттықта қатысуға бастапқы рұқсат алу үшін уәкілетті органға әлеуетті өнім берушінің Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес жалпы біліктілік талаптарына сәйкес келетіндігін растайтын құжаттардың көшірмелерін мемлекеттік және (немесе) орыс тілдерінде электрондық түрде және (немесе) қағаз тасығышта береді.
11. Осы Ереженің 10-тармағына сәйкес уәкілетті органға мәліметтер ұсынған және сауда-саттыққа жіберілген әлеуетті өнім берушіні мемлекеттік ақпараттық жүйеде уәкілетті орган тіркейді.
12. Жалпы біліктілік талаптарға сәйкес келмеуі Заңның 8-бабының 2-тармағына сәйкес әлеуетті өнім берушінің сауда-саттыққа қатысуына уәкілетті органның рұқсат беруден бас тартуына негіз болып табылады.
Бас тарту негіздерін көрсете отырып әлеуетті өнім берушінің сауда-саттыққа қатысуына рұқсат беруден бас тарту жазбаша түрде (қағаз тасығышта немесе электрондық түрде) ресімделеді.
13. Әлеуетті өнім берушінің мемлекеттік ақпараттық жүйедегі деректерін одан әрі өзекті етуді Қазақстан Республикасы салық органдарының және әділет органдарының мемлекеттік ақпараттық жүйелерін пайдалана отырып ақпаратты жаңарту жолымен уәкілетті орган дербес жүзеге асырады.
ҚР Үкіметінің 2009.30.12. № 2305 Қаулысымен 14-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
14. Барлық делдалдар мен әлеуетті өнім берушілер туралы, сондай-ақ сауда-саттықта жасалған мемлекеттік сатып алу туралы шарттар туралы ақпарат уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылады.
15. Тапсырыс беруші тізбеге енгізілген тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу қажет болған жағдайда Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес хабарландыруда ақпаратты орналастыруды қоса алғанда, ұйымдастырылған электрондық сауда-саттықта тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу жөнінде шаралар қабылдауға міндетті.
3. Сауда-саттықта мемлекеттік сатып алуды жүргізу тәртібі
16. Электрондық ұйымдастырылған сауда-саттықта сауда-саттық басталғанға дейін кемінде отыз күнтізбелік күнде жоспарланған мемлекеттік сатып алу туралы хабарландыру сауда-саттық туралы шарт жасасқан делдалдардың электрондық сауда-саттық жүйелерінде орналастырылады, сондай-ақ қайталанады және мемлекеттік сатып алу туралы бюллетенде орналастырылады.
17. Жоспарланған мемлекеттік сатып алу туралы хабарландыруда тапсырыс беруші сатып алатын тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер туралы мынадай мәліметтер қамтылады:
1) сауда-саттықты жүргізу күні, уақыты;
2) тапсырыс берушінің атауы мен орналасқан жері;
3) өлшем бірлігін, санын, жеткізу шарттарын, жеткізу мерзімі мен орнын, төлем шартын және сатып алуға бөлінген соманы көрсете отырып, сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің тізбесі (тізбеге енгізілген);
4) сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың көрсетілетін қызметтердің сипаттамасы және талап етілетін техникалық, сапалық және пайдалану сипаттамалары; жобалау-сметалық құжаттама; мемлекеттік сатып алу туралы заңнамаға сәйкес техникалық ерекшеліктер (қажет болған кезде нормативтік-техникалық құжаттаманы көрсете отырып);
5) жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бойынша - Заңның 8-бабының 3-тармағына сәйкес әлеуетті өнім берушіге қойылатын арнайы біліктілік талаптары, оның ішінде әлеуетті өнім берушінің және (немесе) оның қосалқы мердігерлерінің (бірлесіп орындаушыларының) арнайы біліктілік талаптарына сәйкестігін растайтын құжаттар;
біліктілігі және әлеуетті өнім берушінің және оның қосалқы мердігерлерінің (бірлесіп орындаушыларының) осы талаптарға сәйкестігін растайтын құжаттарды көрсете отырып, арнайы біліктілік және өзге талаптардың толық тізбесін қамтитын уәкілетті орган белгілеген нысандар бойынша мемлекеттік сатып алу процесіне қатысу үшін материалдық, қаржы және еңбек ресурстарының бар болуы туралы мәліметтер;
уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша қызметкерлердің біліктілігін, тауарларды өндіру және/немесе жеткізу, қызметтер көрсету, жұмыстарды орындау үшін мамандығы бойынша жұмыс өтілін көрсете отырып олардың болуы мен саны туралы құжат;
әлеуетті өнім берушінің сатып алынатын тауарларды өндіруге, қайта өңдеуге, беруге және өткізуге, жұмыстарды орындауға және қызметтерді көрсетуге құқығын растайтын лицензиялардың және/немесе патенттердің, куәліктердің, сертификаттардың, дипломдардың, басқа құжаттардың нотариалды куәландырылған көшірмелері;
6) елеулі талаптарды көрсете отырып мемлекеттік сатып алу туралы шарттың жобасы (Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес үлгі шарттың нысаны бойынша), ал электрондық құжат пен электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалана отырып мемлекеттік сатып алу туралы шартты жасасқан кезде осы Ереженің 43-тармағына сәйкес жасалады;
7) негізінде жеңімпаз ұсыныс анықталатын бағадан басқа барлық өлшемдерді, оның ішінде осындай өлшемдердің әрқайсысының шамалас мәнін және шартты бағаны есептеу әдісін сипаттау;
8) баға ұсынысының мазмұнына қойылатын талаптар, оның ішінде сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің бағасынан басқа, оларды тасымалдауға және сақтандыруға, кеден баждарын, салықтарды және алымдарды төлеуге арналған шығыстарды, сондай-ақ тауарларды жеткізу, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету шарттарында көзделген өзге шығыстарды көрсету, сондай-ақ тапсырыс берушілер үшін уәкілетті орган белгілеген баға ұсынысын беру нысаны;
9) сауда-саттыққа қатысушының баға ұсынысы көрсетілуге тиіс валюта немесе валюталар және оларды салыстыру мен бағалау мақсатында шартты бағаны бірыңғай валютаға келтіру үшін қолданылатын бағам;
10) Қазақстан Республикасының тіл туралы заңнамасына сәйкес сауда-саттыққа қатысуға әлеуетті өнім берушілерден ұсыныстарды жасау және ұсыну тіліне қойылатын талаптар, мемлекеттік сатып алу туралы шарттар;
11) әлеуетті өнім берушінің сауда-саттыққа қатысуға ұсыныстар енгізу шарттары, мазмұны және қамтамасыз ету түрлері;
12) әлеуетті өнім берушінің сауда-саттыққа қатысуға өзінің ұсынысын оларды берудің соңғы мерзімі біткенге дейін өзгерту немесе қайтарып алу құқығына нұсқама;
13) тапсырыс беруші анықтаған жағдайларда мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз ету шарттары, түрлері, көлемі мен тәсілі;
14) жұмыстардың не көрсетілетін қызметтердің қосалқы мердігерлеріне (бірлескен орындаушыларына) орындауға берілуі мүмкін жұмыстардың және көрсетілетін қызметтердің түрлері, сондай-ақ олардың шекті көлемі.
18. Сауда-саттықты өткізу ұзақтығы үш сағаттан аспауға тиіс.
19. Тапсырыс беруші сауда-саттық қорытындыларын сауда-саттық аяқталғаннан соң бір сағат ішінде орналастырады.
20. Сауда-саттыққа осы Ереженің 10-тармағының талаптарына сәйкес келетін және түпнұсқалығы Қазақстан Республикасының электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы заңнамасына сәйкес куәландырылатын электрондық цифрлық қолтаңбаға ие әлеуетті өнім берушілер жіберіледі.
21. Тапсырыс беруші барлық делдалдардан немесе уәкілетті органнан ұйымдастырылған электрондық сауда-саттықта әлеуетті өнім берушілерде тізбеге енгізілген тауарларды сатуға, жұмыстарды орындауға, қызметтер көрсетуге ұсыныстардың жоқтығын растауды алған жағдайда хабарландыру шыққаннан кейін отыз күнтізбелік күн ішінде тапсырыс берушінің Заңға сәйкес басқа тәсілдермен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыруға құқығы бар.
22. Тапсырыс беруші тауарларды сатуға, жұмыстарды орындауға, қызметтер көрсетуге әлеуетті өнім берушілер ұсынған, осы Ереженің 17-тармағына сәйкес жарияланған ұсыныстардың осы Ереженің 17-тармағына сәйкес арнайы біліктілік талаптарына сай келуін қарауға міндетті.
23. Тапсырыс беруші әлеуетті өнім берушілерден түсетін ұсыныстарды хабарландыру шыққан сәттен бастап қабылдайды және қарайды әрі сауда-саттықты еткізу басталғанға дейін бір күнтізбелік күн бұрын қабылдауды, қарауды тоқтатады.
24. Әлеуетті өнім берушілердің ұсыныстарын қарау қорытындыларына тапсырыс беруші әлеуетті өнім берушілерден ұсыныстар келіп түскен күні электрондық сауда-саттық жүйелеріне орналастырады.
25. Осы Ереженің 17-тармағына сәйкес келмейтін ретінде ұсыныстарынан тапсырыс беруші бас тартқан әлеуетті өнім берушілер кейіннен осы сауда-саттыққа жіберілмейді.
26. Сауда-саттықта әлеуетті өнім берушілер тауарларды сату, жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету туралы ұсынған ұсыныстар сауда-саттыққа қатысушылардың барлығы делдалдың тиісті ақпараттық жүйесінде көзбен шолып зерделеуге арналған ашық және қол жетімді ақпарат болып табылады.
27. Сауда-саттықтың басталуы осы Ереженің 17-тармағының 1) тармақшасына сәйкес хабарландыруда»«Сауда-саттықты жүргізу күні мен уақыты» болып табылады, ол келгенде тапсырыс беруші әлеуетті өнім берушілердің ұсынған сауда-саттыққа осы Ереженің 17-тармағының талаптарына сәйкес келетін ретінде өткен ұсыныстарын қарау процесін бастайды.
Әлеуетті өнім берушілердің барлық ұсыныстарын қарауға арналған уақыт осы Ереженің 18-тармағына сәйкес сауда-саттықтың басынан бастап үш сағаттан аспауға тиіс.
28. Жеңіп шыққан ұсыныс ең төменгі бағаны көрсеткен әлеуетті өнім берушінің ұсынысы болып табылады.
29. Егер әлеуетті өнім берушілер тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер үшін бірдей баға ұсынған жағдайда, тапсырыс беруші тауар жеткізудің, жұмысты орындаудың, қызметті көрсетудің неғұрлым қолайлы шарттары бар әлеуетті өнім берушіні таңдайды.
30. Егер әлеуетті өнім берушілер бірдей баға, тауар жеткізудің, жұмысты орындаудың, қызметті көрсетудің бірдей шарттарын ұсынған жағдайда, тапсырыс беруші сауда-саттықта әлеуетті өнім берушілерге тауарларға жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге бағаларды осы Ереженің 28-тармағына сәйкес кейіннен іс-әрекеттерді жасай отырып төмендетуге қарай түзету туралы ұсынысқа бастама жасайды.
31. Әлеуетті өнім берушілер сауда-саттықты өткізген кезде ұсыныстардың бағасын төмендетуге қарай, бірақ сауда-саттық кезінде кемінде екі рет түзете алады.
32. Сауда-саттық қорытындылары бойынша тапсырыс беруші ұсынысы жеңіп шықты деп саналатын әлеуетті өнім берушімен мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасу туралы шешім қабылдайды.
33. Бірде-бір әлеуетті өнім беруші осы Ереженің 17-тармағының талаптарына сәйкес келмеген, сондай-ақ әлеуетті өнім беруші тапсырыс берушімен мемлекеттік сатып алу туралы шартты жасасудан бас тартқан жағдайда тапсырыс берушінің мемлекеттік сатып алуды Заңға сәйкес басқа да тәсілдермен жүзеге асыруға құқығы бар.
34. Әлеуетті өнім беруші уәкілетті органның сауда-саттыққа жіберу жөніндегі шешімдерімен және (немесе) тапсырыс берушінің әлеуетті өнім берушінің ұсынысын қайтару жөніндегі шешімімен келіспеген, сауда-саттықтың қорытындыларымен келіспеген жағдайда әлеуетті өнім беруші уәкілетті органның және (немесе) тапсырыс берушінің іс-әрекеттеріне Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сот тәртібімен шағым жасауға құқылы.
4. Сауда-саттықта мемлекеттік сатып алу туралы
шарт жасасу тәртібі
35. Сауда-саттықта мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасу қағаз тасығышта немесе электрондық құжаттармен алмасу жолымен жүргізіле алады.
36. Мемлекеттік сатып алу туралы шарт қағаз тасығышта жасасу Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
37. Мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасу құжаттың тараптан шарт бойынша және электрондық цифрлық қолтаңбаны қолдана отырып шығатынын дұрыс анықтауға мүмкіндік беретін электрондық құжаттармен (тапсырыс берушінің офертасы (бұдан әрі - оферта) және әлеуетті өнім берушінің акцептімен (бұдан әрі - акцепт) алмасу жолымен жүзеге асырылады.
38. Сауда-саттықта жасасқан мемлекеттік сатып алу туралы шарттарды тіркеу, сондай-ақ сауда-саттықтағы мемлекеттік сатып алу туралы ақпаратты жинақтау, қорыту және талдау мемлекеттік ақпараттық жүйені пайдалану арқылы жүзеге асырылады.
39. Сауда-саттықта мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезіндегі оферта электрондық құжат түріндегі ұсынысты білдіреді, ол арқылы тапсырыс беруші әлеуетті өнім берушіге мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасуды ұсынады.
Оферта онда көрсетілген мерзім ішінде қолданылады.
Оферта акцепті алу сәтіне дейін кері қайтарылып алынуы мүмкін. Офертаны қайтарып алу себептері көрсетілуге тиіс электрондық құжат нысанындағы кері қайтару туралы хабарламаны жіберу арқылы жүргізіледі.
40. Сауда-саттықта мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезіндегі акцепт электрондық құжат түрінде ресімделген офертада ұсынылған шарттарда мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасуға берілетін келісімді білдіреді.
Акцепт оферент ұсынған шарттың қандай болмасын талаптарын өзгертпей оның мәтінін қамтуға тиіс.
41. Мемлекеттік сатып алу туралы шарттың талаптары өзгертілген акцепті жіберген жағдайда мұндай акцепт жаңа оферта болып саналады.
42. Тапсырыс беруші офертасының электрондық түрдегі акцептің жасасқан мемлекеттік сатып алу туралы шарт ретінде мемлекеттік ақпараттық жүйе мынадай талаптар орындалған кезде тіркейді:
1) мемлекеттік кәсіпорын, акцияларының елу пайыздан астамы мемлекетке тиесілі заңды тұлға және онымен аффилиирленген заңды тұлғалар болып табылатын тапсырыс беруші үшін шарт тараптарының электрондық цифрлық қолтаңбалары болғанда;
2) егер тапсырыс беруші мемлекеттік мекеме болып табылса, онда шарт тараптарының электрондық цифрлық қолтаңбалары болғанда және Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес шартты қазынашылықтың органдарында тіркегеннен кейін шарт жасасқан болып саналады.
43. Электрондық цифрлық қолтаңбаны қолдана отырып электрондық құжаттар алмасу жолымен сауда-саттықта тіркелген мемлекеттік сатып алу туралы шарт маңызды талаптардан басқа (шарттың мәні, бағасы, тараптардың міндеттемелері және т.б.) заңнамаға сәйкес мынадай талаптардан тұруға тиіс:
1) шартты жасасу және орындау тәртібі, кезеңдері;
2) электрондық цифрлық қолтаңбаны қолдану тәртібі;
3) оферта мен акцептті ұсыну және кері қайтарып алу тәртібі;
4) шартқа өзгерістер енгізу тәртібі;
5) осы құжаттамаға электрондық қатынау шарттарында электрондық құжаттарды сақтау және ұсыну тәсілі, сондай-ақ электрондық құжаттардың қағаз көшірмелерін табыс ету шарттары.
44. Осы Ереженің 42-тармағының 1) тармақшасына сәйкес сауда-саттықта жасалған шарттар бойынша ақы төлеу Қазақстан Республикасының төлемдер мен ақша аударымдары туралы заңнамасына сәйкес жүргізіледі.
45. Осы Ереженің 42-тармағының 2) тармақшасына сәйкес сауда-саттықта жасалған шарттар бойынша ақы төлеу Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес жүргізіледі.
46. Тараптардың сауда-саттықта жасасқан шарттарды орындауы Қазақстан Республикасының заңнамасымен реттеледі.
5. Делдалдың қызметтеріне ақы төлеу
47. Әлеуетті өнім беруші делдалмен сатуға арналған ұсыныстары бар электрондық құжаттарды орналастыру құқығына, сондай-ақ әлеуетті өнім берушінің мамандығы бойынша тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуға түскен сұрау салулардан іздестіру қызметтеріне шарт жасасады. Делдалдың қызметтеріне ақы төлеуді әлеуетті өнім беруші Қазақстан Республикасының сауда қызметі туралы заңнамасына сәйкес тараптар арасында келісім бойынша шартта белгіленген мөлшерде және мерзімде жүргізеді.
48. Тапсырыс берушілер делдалдың тиісті ақпараттық жүйесіне шыққаны үшін ақы төлеуді жүргізбейді.
49. Әлеуетті өнім берушілер делдалдың қызметтеріне ақы төлеуді Қазақстан Республикасының төлемдер мен ақша аударымдары туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.
6. Қорытынды ережелер
50. Делдал тапсырыс берушілер мен әлеуетті өнім берушілер сауда-саттықта ұсынған ақпараттың, оның ішінде сауда-саттық объектілері туралы ұсынылған ақпараттың толықтығы мен дұрыстығына жауап бермейді.
51. Әлеуетті өнім берушілер Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес сауда-саттықта ұсынылған ақпараттың толықтығына және дұрыстығына жауап береді.
52. Қандай да бір құжаттарға қол қою және (немесе) қандай да бір құжаттың заңды күшін растау қажет болған кезде сауда-саттыққа қатысушылар электрондық цифрлық қолтаңбаны қолданады.
53. Сауда-саттыққа қатысушылардың құжаттарды, жазбаларды немесе өзге ақпаратты сақтауы қажет болған кезде мынадай талаптар сақталады:
1) онда қамтылған ақпарат кейіннен сілтеме жасау үшін пайдаланылуы мүмкін;
2) электрондық құжаттар қалыптастырылған, берілген немесе алынған форматты сақтайды;
3) электрондық құжаттар электрондық құжаттарды жіберуші мен алушыны, сондай-ақ оларды қалыптастыру немесе алу күні мен уақытын анықтауға мүмкіндік беретін шамада сақталады.
54. Делдалдың тиісті ақпараттық жүйедегі жұмыс тәртібін, сауда-саттықтың жұмыс режимін, ақпарат ұсыну, оның ішінде сауда-саттық объектілері туралы ақпарат форматын, сауда-саттықта қатысу үшін құжаттардың электрондық нысандарын және делдалдың тиісті ақпараттық жүйесі жұмыстарының басқа да қажетті регламенттерін анықтайтын нұсқамалық және басқа да құжаттарды делдал анықтайды.
55. Жұмыстардың регламенттерін, делдалдың тиісті ақпараттық жүйесінің мемлекеттік ақпараттық жүйемен өзара іс-әрекет ету және оларды үндестіру рәсімдерін уәкілетті орган анықтайды.
56. Осы Ережеде және мемлекеттік сатып алу туралы заңнамада айтылмаған сауда-саттық тараптары арасында туындайтын барлық өзге қарым-қатынастар Қазақстан Республикасының сауда-саттық қызметін реттеу туралы заңнамасымен және азаматтық заңнамасымен реттеледі.
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің 2007 жылғы
15 қарашадағы
№ 1084 қаулысымен
бекітілген
Ұйымдастырылған электрондық сауда-саттықта сатып алынатын
тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің тізбесі
Тауарлар:
1. Компьютерге арналған қатқыл диск.
2. Компьютерге арналған жедел жады.
3. Компьютерге арналған бейнекарта.
4. Компьютерге арналған желілік карта.
5. Компьютерге арналған қоректену блогы.
6. Компьютерге арналған жүйелік тақша.
7. DVD/CD-RW жетек.
8. DVD-RWӨжетек.
9. 3,5(А) дискжетегі.
10. Процессор.
11. Кулер.
12. Принтерлерге арналған қатқыл диск.
13. Принтерлерге арналған жедел жады.
14. Принтерге арналған термоблок.
15. Принтерге арналған термотаспа.
16. Серверге арналған қатқыл диск.
17. Серверге арналған жедел жады.