Пестицидтердi (улы химикаттарды) өндіру (формуляциялау), сату және қолдану жөніндегі қызметті
жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғаларға қойылатын біліктiлiк талаптарын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 22 маусымдағы № 613 Қаулысы
(2007.19.07. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)
Осы редакция 2007 жылғы 29 тамыздағы енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Қазақстан Республикасының «Лицензиялау туралы» 1995 жылғы 17 cәуipдегі және «Өсiмдiктердi қорғау туралы» 2002 жылғы 3 шiлдедегі Заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
1. Қоса берiлiп отырған:
1) пестицидтердi (улы химикаттарды) өндіру (формуляциялау) жөніндегі қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғаларға қойылатын біліктiлiк талаптары;
2) пестицидтердi (улы химикаттарды) сату жөніндегі қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғаларға қойылатын біліктiлiк талаптары;
3) пестицидтерді (улы химикаттарды) қолдану жөніндегі қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғаларға қойылатын біліктiлiк талаптары бекітiлсiн.
2. Қазақстан Республикасы Үкіметінiң кейбір шешiмдерiне мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгiзiлсiн:
1) "Лицензиялау туралы" Қазақстан Республикасының Заңын iске асыру туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 1995 жылғы 29 желтоқсандағы № 1894 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1995 ж., № 41, 515-құжат):
көрсетілген қаулымен бекітілген лицензиялауға жататын қызметтiң түрлерiне лицензиялар беруге өкiлеттік берiлген мемлекеттік органдардың (лицензиарлардың) тiзбесiнде:
реттiк нөмiрi 26-жолда 3-бағанда "пестицидтердi (улы химикаттарды) аэрозольдiк және фумигациялық әдiстермен қолдану жөніндегі қызмет" деген сөздер "пестицидтерді (улы химикаттарды) өндiру (формуляциялау), сату және қолдану жөніндегі қызмет" деген сөздермен ауыстырылсын;
көрсетiлген қаулымен бекітілген санитарлық, экологиялық және тау-техникалық қадағалау органдарының, сондай-ақ мемэнергияқадағалау органының қорытындысы қажет лицензияланатын жұмыстар мен қызметтер түрлерінің тiзбесiнде:
"Санитарлық қадағалау органдарының қорытындысы қажет лицензияланатын жұмыстар мен қызметтер тiзбесi" деген I бөлiмде 25-2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"25-2. Пестицидтердi (улы химикаттарды) өндiру (формуляциялау), сату және қолдану жөніндегі қызмет";
"Экологиялық қадағалау органдарының қорытындысы қажет лицензиялайтын жұмыстар мен қызмет түрлерiнiң тiзбесi" деген II бөлiмде 21-2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"21-2. Пестицидтердi (улы химикаттарды) өндiру (формуляциялау), сату және қолдану жөніндегі қызмет";
2) ҚР Үкіметінің 2007.19.07. № 610 Қаулысымен күші жойылды (2007 жылғы 9 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3) "Пестицидтердi (улы химикаттарды) аэрозольдiк және фумигациялық әдiстермен қолдану жөніндегі қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғаларға қойылатын біліктiлiк талаптарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 2003 жылғы 20 тамыздағы № 833 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2003 ж., № 34, 340-құжат):
1-тармақ алынып тасталсын.
3. Осы қаулы алғаш ресми жарияланғаннан кейiн он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізiледi.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | Д: Ахметов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінiң
2005 жылғы 22 маусымдағы
№ 613 қаулысымен
Бекiтiлген
Пестицидтердi (улы химикаттарды) өндiру
(формуляциялау) жөніндегі қызметті жүзеге асыратын жеке
және заңды тұлғаларға қойылатын біліктiлiк талаптары
Пестицидтердi (улы химикаттарды) өндiру (формуляциялау) жөніндегі қызметті жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғаларына қойылатын біліктiлiк талаптар мыналар болып табылады:
1) белгiленген тәртiппен бекітілген экологиялық нормаларға, еңбек қауiпсiздiгі және еңбектi қорғау нормаларына сәйкес келетiн пестицидтердi (улы химикаттарды) өндiрудiң (формуляциялаудың) техникалық жобасының және технологиялық регламентiнiң;
2) өндiрiстік-техникалық базаның - санитарлық ережелер мен нормаларға, құрылыс нормалары мен ережелерiне сәйкес келетiн, өрт қауiпсiздігінiң және техникалық жобаның талаптарына жауап беретiн арнайы өндiрiстiк үй-жайлардың, технологиялық желiлердiң, дайын өнiмдi сақтау үшiн жабдықталған қоймалардың;
3) өндiрiстiк-техникалық базаның күзет және өрт дабылы құралдарымен жарақтандырылуы;
4) өндiрiлетiн (формуляцияланатын) пестицидтер (улы химикаттар) сапасының техникалық регламенттерге, стандарттар мен нормаларға сәйкестігін бақылауды жүргiзу үшiн аккредиттелген зертхананың (аккредиттелген зертханамен жасалған шарттың);
5) тиiстi арнаулы (химик-технолог) білімi бар, пестицидтердi (улы химикаттарды) өндiруде (формуляциялауда) практикалық жұмыс тәжiрибесi бар, мiндеттi медициналық тексеруден өткен техникалық басшылардың, мамандардың біліктi құрамының;
6) белгiленген тәртiппен бекітілген қауiпсiздiк техникасы жөніндегі нұсқаулықтардың;
7) санитарлық қадағалау, экологиялық қадағалау органдарының және өртке қарсы қызметтің оң қорытындыларының болуы.
Қазақстан Республикасы
Үкіметінiң
2005 жылғы 22 маусымдағы
№ 613 қаулысымен
бекітілген
Пестицидтердi (улы химикаттарды) сату жөніндегі
қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғаларға
қойылатын біліктiлiк талаптары
Пестицидтердi (улы химикаттарды) сату жөніндегі қызметті жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғаларына қойылатын біліктiлiк талаптары мыналар болып табылады:
1) санитарлық ережелер мен нормаларға, құрылыс нормалары мен ережелерiне сәйкес келетiн, өрт қауiпсiздігіне және санитарлық паспортқа жауап беретiн арнайы үй-жайлардың, сататын өнiмдi сақтау үшiн жабдықталған қоймалардың;
2) арнайы үй-жайлардың, сатылатын өнiмдi сақтау үшiн жабдықталған қоймалардың күзет және өрт дабылы құралдарымен жарақтандырылуы;
3) тиiстi арнаулы (агрономиялық) білімi бар, мiндеттi медициналық тексеруден өткен мамандардың біліктi құрамының;
4) санитарлық қадағалау, экологиялық қадағалау органдарының және өртке қарсы қызметтiң берген оң қорытындыларының болуы.
Қазақстан Республикасы
Үкіметінiң
2005 жылғы 22 маусымдағы
№ 613 қаулысымен
Бекiтiлген
Пестицидтердi (улы химикаттарды) қолдану жөніндегі
қызметтi жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғаларға
қойылатын біліктiлiк талаптары
Пестицидтердi (улы химикаттарды) аэрозольдiк және фумигациялық тәсiлдермен қолдану жөніндегі қызметті жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғаларына қойылатын біліктiлiк талаптары мыналар болып табылады:
1) химиялық өңдеудiң қауiпсiздігін және сапасын қамтамасыз ететiн пестицидтердi (улы химикаттарды) аэрозольдiк және фумигациялық тәсiлдермен қолдану үшін арнайы техника мен жабдықтардың;
2) санитарлық-эпидемиологиялық ережелер мен нормаларға және құрылыс нормалары мен ережелерiне сәйкес келетiн, өрт қауiпсiздiгі талаптарына жауап беретiн пестицидтердi (улы химикаттарды) сақтауға арналған арнайы үй-жайлардың;
3) өтiнiм берушінiң санитарлық-эпидемиологиялық ережелер мен нормалардың, еңбек қауiпсiздiгi және еңбекті қорғау ережелерiнiң талаптарына, экологиялық талаптарға сәйкестігі туралы санитарлық және экологиялық қадағалау органдарының оң қорытындыларының;
4) жеке қорғау құралдарының, өртке қарсы мүкәммалдың;
5) тиiстi (агрономиялық) білімi, пестицидтердi (улы химикаттарды) аэрозольдiк және фумигациялық тәсiлдермен қолдану жөніндегі практикалық жұмыс тәжiрибесi бар мамандардың біліктi құрамының болуы.