Бюджеттік бағдарламалардың іске асырылуын ішкі бақылау кезінде бюджеттік бағдарламалардың тиімділігін бағалауды жүргізу ережесін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 20 тамыздағы № 716 Қаулысы
ҚР Үкіметінің 2009.02.03 № 235 Қаулысымен күші жойылды
Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 24 сәуірдегі Бюджет кодексінің 35-бабының 6-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Бюджеттік бағдарламалардың іске асырылуын ішкі бақылау кезінде бюджеттік бағдарламалардың тиімділігін бағалауды жүргізу ережесі бекітілсін.
2. «Бюджеттік бағдарламалардың тиімділігін бағалауды жүргізу ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 21 шілдедегі 779 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2004 ж., № 28, 363-құжат) мынадай өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Бюджеттік бағдарламалардың тиімділігін бағалауды жүргізу ережесінде:
1 және 2-тармақтарда «және олардың атқарылуын ішкі бақылау», «және бюджеттің атқарылуын ішкі бақылау» деген сөздер алынып тасталсын;
6-бөлім алынып тасталсын.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | К. Мәсімов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2007 жылғы 20 тамыздағы
№ 716 қаулысымен
Бекітілген
Бюджеттік бағдарламалардың іске асырылуын ішкі бақылау кезінде бюджеттік бағдарламалардың тиімділігін бағалауды жүргізу ережесі
1. Жалпы ережелер
1. Бюджеттік бағдарламалардың іске асырылуын ішкі бақылау кезінде бюджеттік бағдарламалардың тиімділігін бағалауды жүргізу ережесі (бұдан әрі - Ереже) Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 35-бабының 6-тармағына, мемлекеттік қаржылық бақылау стандарттарына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 30 қарашадағы № 1246 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасында ішкі бақылау жүргізу ережесіне сәйкес әзірленді және бюджеттік бағдарламалардың іске асырылуын ішкі бақылау кезінде бюджеттік бағдарламалардың тиімділігін бағалауды жүргізу тәртібін анықтайды.
2. Бюджеттік бағдарламалардың тиімділігін бағалау түпкі мақсаттарға, күтілетін нәтижелерге және іске асыру, республикалық және жергілікті бюджеттерді атқару кезінде тиімділік және нәтижелілік қағидаттарын сақтау бөлігінде бюджеттік бағдарламалардың, мемлекет кепілдік берген қарыздардың, мемлекет активтерінің индикаторларына қол жеткізудің дәрежесін анықтау үшін жүргізіледі.
Тиімділік және нәтижелілік қағидаты деп осы нәтижелерге қол жеткізу үшін қажетті бюджет қаражатының ұтымды көлемін пайдалана отырып, бюджеттік бағдарламалардың паспорттарында көзделген белгілі бір нәтижелерге қол жеткізу қажеттілігіне сүйене отырып, бюджеттерді әзірлеу және атқару немесе бюджет қаражатының бекітілген көлемін пайдалана отырып үздік нәтижені қамтамасыз ету түсініледі.
3. Бюджеттік бағдарламалардың іске асырылуын ішкі бақылау кезінде бюджеттік бағдарламалардың тиімділігін бағалауды (бұдан әрі - бюджеттік бағдарламалардың тиімділігін бағалау) бюджеттік бағдарламаны іске асыру аяқталғаннан кейін ішкі бақылау жөніндегі орталық уәкілетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) жүзеге асырады.
2. Бюджеттік бағдарламалардың тиімділігін бағалауды жүргізу мақсаттары мен міндеттері
4. Бюджеттік бағдарламалардың тиімділігін бағалауды жүргізудің мақсаты тиісті өлшемдер мен көрсеткіштерді қолдануды ескере отырып, түпкі нәтижелерге, индикаторларға қол жеткізу дәрежесін анықтау болып табылады.
5. Мақсатқа қол жеткізу үшін бюджеттік бағдарламалардың тиімділігін бағалауды жүргізуге мынадай міндеттер қойылады:
1) Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 35-бабының 2-тармағында көрсетілген көрсеткіштерге сәйкес бюджеттік бағдарламаны тұжырымдау және жоспарлау сапасын зерделеу;
2) Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 35-бабының 3-тармағына сәйкес жүргізілген бюджеттік бағдарламаны жоспарлау деңгейінде бюджеттік бағдарламалардың тиімділігін бағалауды зерделеу;
3) Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 35-бабының 4-тармағына сәйкес жүргізілген бюджеттік бағдарламаны іске асыруды басқару сапасын және оның нәтижелілігін бағалауға талдау жүргізу;
4) алынған нәтижелердің мемлекеттік қызметтерді алушылардың мүдделері мен қажеттілігіне сәйкестігін ескере отырып, бюджеттік бағдарламалардың тиімділігі мен нәтижелілігін жалпы бағалау, Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 30-бабына сәйкес мемлекеттік басқару функциялары мен мемлекеттің міндеттемелерін орындау жөніндегі бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің рөлі.
3. Бюджеттік бағдарламалардың тиімділігін бағалаудың негізгі бағыттары
6. Бюджеттік бағдарламалардың тиімділігін бағалау бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің тиімділігін бақылауды және оларды кешенді бақылауды жүргізу үдерісінде жүзеге асырылады.
7. Тиімділікті бақылау барысында іс-шараларды орындау мерзімі және бюджеттік бағдарламаларды аяқтағаннан кейін күтілетін нәтижелерге, индикаторларға қол жеткізу, үнемділік пен өнімділікті бағалауды ескере отырып, байланысты гранттарды, мемлекет кепілдік берген қарыздарды, мемлекет активтерін пайдалану дәрежесі тексеріледі.
8. Үнемділігін бағалау деп тексерілетін бақылау объектісінің мемлекет қаражатының барынша аз көлемін пайдалана отырып, берілген нәтижелерге немесе бюджеттік бағдарлама паспортында көзделген іс-шараларды толық орындаған кезде мемлекет қаражатының берілген көлемін пайдалана отырып, ең үздік нәтижеге қол жеткізуі түсіндіріледі.
Үнемділік ресурстарды сатып алуға жұмсалған қаражатты алдыңғы кезеңнің осыған ұқсас көрсеткішімен немесе басқа бақылау объектілерінің осыған ұқсас көрсеткіштерімен салыстыра отырып анықталады.
9. Өнімділікті бағалау өнімді шығару, көрсетілген қызметтердің көлемі және бақылау объектілері қызметінің басқа нәтижелері және осы нәтижелерді алуға жұмсалған материалдық, қаржы, еңбек және басқа ресурстар арасындағы ара қатынаспен анықталады.
Мемлекет қаражатын пайдалану өндірілген өнімнің және көрсетілген қызметтің бір бірлігі үшін шығындар немесе шығындардың бір бірлігі үшін өнімнің және қызметтердің көлемі жоспарланғанға тең немесе одан аз болса (тиісті нормативтер болған кезде) өнімді болады.
Егер мұндай нормативтер болмаса, шығындар мен нәтижелер арасында іс жүзінде алынған ара қатынастар тексерілетін объект алдыңғы кезеңде қол жеткізген осыған ұқсас ара қатынастармен немесе осыған ұқсас қызметті жүзеге асыратын басқа мемлекеттік немесе жеке меншік сектор объектілеріндегі шығындар мен нәтижелер арасындағы ара қатынастармен салыстырылады.
10. Тиімділікті бағалау тиісті іс-шараларды іске асыруды аяқтағаннан кейін жүргізіледі, одан кейін салынған қаражаттан нәтижелер алу мерзімі басталады.
4. Бюджеттік бағдарламалардың тиімділігін бағалау өлшемдері
11. Осы Ереженің негізінде өткізілетін бюджеттік бағдарламалардың тиімділігін бағалау бағдарламаларды іске асырудың тиімділігі мен нәтижелігін анықтаудың аяқтаушы сатысы болып табылады, оны жүргізу үдерісінде тиісті уәкілетті органдар әзірлеген бюджеттік бағдарламаларды қалыптастырудың, жоспарлаудың және іске асырудың барлық индикаторлары мен көрсеткіштерін талдау қажет, оның құзыретіне бюджеттерді әзірлеу және жоспарлау үдерісінде бюджеттік бағдарламалардың тиімділігін бағалауды жүргізу енеді. Осының негізінде бюджеттік бағдарламаларды іске асырудың тиімділігін, нәтижелілігін көрсететін өлшемдер әзірленеді.
12. Тиімділікті бағалау өлшемдерін әзірлеу кезең-кезеңімен және бір уақытта бақылау мақсаттарын іріктей отырып, тексерілетін бақылау объектілерін алдын ала зерделеу үдерісінде жүзеге асырылады.
13. Тиімділікті бағалаудың әзірленген өлшемдері объективтілік, анықтылық, салыстырмалық және жеткіліктілік сияқты талаптарға жауап беруі тиіс.
14. Тексерілетін қызмет саласын жан-жақты талдау және бақылау объектілерінің жұмысы нәтижесінде іріктелген өлшемдер объективті болып табылады, олардың ерекшеліктерін көрсетеді және бақылау мақсаттарына сәйкес келеді.
15. Өлшемдердің анықтылығы тексерушілер немесе тексерілетіндер тарапынан да, осы бағалаудың нәтижелері туралы есепті пайдаланушылар тарапынан да түрлі талқылауларға ұшырамауы тиіс деген нақты және бір жақты тұжырымдаманы қамтуы тиістігіне негізделген.
16. Өлшемдердің салыстырмалығы мемлекет қаражатын пайдаланудың осы саласында басқа объектілерде, осыған ұқсас объектілер мен бақылау салаларында тиімділікті бақылауда пайдаланылатын өлшемдермен қатынасты немесе өздері басқа бақылау іс-шараларын жүргізу кезінде қолданылуы мүмкіндігіне негізделген. Салыстырмалы өлшемдер тиімділікті түрлі тексерудің нәтижелері бойынша осыған ұқсас қорытындылар алуға мүмкіндік береді.
17. Жиынтығының негізінде бағалаудың қойылған мақсаттарына сәйкес мемлекет қаражатын пайдаланудың тиімділігі туралы негізді қорытындылар мен ұйғарымдар жасауға болатын жағдайда өлшемдер жеткілікті болып табылады.
18. Тексерілетін объектілерді зерделеуді аяқтағаннан кейін тиімділікті бағалау өлшемдері бақылау жүргізу кезінде негіз болу үшін талдап тексерілуі тиіс.
5. Бюджеттік бағдарламалардың тиімділігін бағалауды жүргізу
19. Бюджеттік бағдарламалардың тиімділігін бағалау дайындық сатысын, тиімділікті тікелей бағалау сатысын және бюджеттік бағдарламалардың атқарылу тиімділігі мен нәтижелілігін арттыру жөніндегі ұсынымдар мен ұсыныстарды дайындау сатысын қамтиды.
20. Дайындық сатысының мақсаты объектілерді жоспарлау сатысы және тиімділікті бағалау ауқымы болып табылады, ол бағалау өлшемдерінің анықтауды және әзірлеуді, тексерудің жалпы жоспары мен бағдарламасын әзірлеуді қамтиды.
21. Дайындық сатысында:
1) оларды әзірлеу, жоспарлау және іске асыру сатысында тиісті органдар жүргізген бюджеттік бағдарламалардың тиімділігін бағалауды зерделеу;
2) зерттелетін бағыт бойынша заңнаманы және нормативтік құжаттарды зерделеу;
3) алдыңғы тексерулердің материалдарын талдау (мұндайлар болған кезде);
4) тексерілетін объект қызметінің тиімділігін көрсететін бар өлшемдерді зерделеу және қосымша өлшемдер әзірлеу қажет.
22. Дайындық сатысының соңғы рәсімі бағалау өлшемдерін қамтитын жоспар мен бағдарлама болып табылады, оларды уәкілетті органның басшысы немесе оның орынбасары бекітеді.
23. Тиімділікті бағалауды тікелей жүргізу сатысы бекітілген бағалау өлшемдеріне, бағалау жоспарына және бағдарламасына сәйкес жүзеге асырылады.
24. Бюджеттік бағдарламалардың тиімділігін бағалау қабылданған стратегиялық, орта мерзімді бағдарламаларға және республиканың немесе өңірдің тиісті болжамды жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму жоспарларына сәйкестігіне жүргізіледі.
25. Бюджеттік бағдарламалардың тиімділігін бағалауды жүргізу кезінде мыналарды: сандық анықтауға және сандық пен сапалық нәтижелерді бағалауға ұшырауы тиіс бағдарламаны іске асыруды сапалық және сандық бағалауды қамтамасыз ету үшін бағдарламаларды орындаудың индикаторлары анықталған ба, белгілеу қажет.
26. Тиімділікті бағалауды жүргізу кезінде белгілі уақыт диапазонына бағалау объектісінің қандай да бір салаларының қызметін сапалық және сандық бақылау жүзеге асырылады. Бұл:
1) қандай да бір әлеуметтік-экономикалық мақсаттарға қол жеткізу үшін бюджет қаражаты қаншалықты тиімді, нәтижелі және толық пайдаланылған;
2) мемлекеттік қаржы және материалдық ресурстарды пайдалану айқындылығын;
3) атқарушы билік органдары қойылған әлеуметтік-экономикалық мақсаттарға қол жеткізу үшін мемлекет ресурстарын қаншалықты тиімді пайдалануға қабілетті екендігін бағалауға мүмкіндік береді.
27. Тиімділікті бақылауды тікелей жүргізу сатысының мақсаты бағдарламамен белгіленген өлшемдер мен көрсеткіштер бойынша бағалау объектісі қызметінің тиімділігін анықтауға мүмкіндік беретін дәлелдердің жеткілікті санын жинау, сондай-ақ Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнаманың бұзушылықтарын анықтау болып табылады.
28. Осы сатыда бағалау объектісін іс жүзінде тексеру жүргізіледі, ол мыналарды қамтиды:
1) объектімен көзбен шолып танысу;
2) объект жұмысының әдістерін талдау;
3) объектіні басқару жүйесін талдау;
4) ішкі бақылау қызметтерінің жұмысын тексеру;
5) нормативтік, бөлу және қаржы құжаттамасын зерделеу;
6) бағалау объектісінің қызметіне әсер ететін тәуекелдерді (әсер ету факторларын) бағалау және олардың мәнін анықтау;
7) қаржылық бақылау жүргізу;
8) объект жұмысының нәтижелерін талдау.
29. Тексерілетін кезеңде республикалық немесе жергілікті бюджеттердің есебінен қаржыландырылған бюджеттік бағдарламалардың тиімділігін бағалау мыналар:
1) бюджеттік бағдарламалардың паспорттары;
2) бюджеттік бағдарламаларды іске асыру туралы есептер;
3) республикалық немесе тиісті жергілікті бюджеттің атқарылуы туралы есептер;
4) бюджеттік бағдарламаларды (кіші бағдарламаларды) қаржыландыру жоспарларының атқарылуы туралы есептер;
5) конкурстық құжаттаманың, конкурстық өтінімдерді ашу және тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді мемлекеттік сатып алу жөнінде өткізілген конкурс қорытындылары туралы хаттамалар;
6) бюджеттік бағдарламаларды орындау шеңберінде мемлекеттік мекемелер тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) берушілермен жасасқан шарттар;
7) бюджеттік бағдарламаларды атқару шеңберінде жұмыстарды орындауды, қызметтер көрсетуді растайтын құжаттар;
8) республикалық және жергілікті бюджеттердің есебінен ұсталатын мемлекеттік мекемелердің кредиторлық және дебиторлық берешегі туралы есептер;
9) бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері және бюджетті жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган жүргізген бюджеттік бағдарламалардың тиімділігін бағалау нәтижелері;
10) басқа да ақпарат негізінде жүргізіледі.
30. Тиімділікті бағалауды тікелей жүргізу сатысының аяқтаушы құжаты белгіленген тәртіппен жасалған, объектінің жұмысындағы кемшіліктер және оның қызметінің тиімділігі көрсетілген бақылау актісі (бұдан әрі - акт) болып табылады.
31. Актіде көрсетілген ұйғарымдар, егер тиімділікті бағалауды жүргізу барысында бақылау объектісінің тиімсіз қызметі анықталған болса, бағалау объектілері қызметінің тиімсіз нәтижелеріне әкеп соқтырған себептерді көрсете отырып, мемлекет қаражатын пайдаланудың тиімділігін бағалау өлшемдері мен көрсеткіштерін пайдалана отырып жасалады.
Бұл ретте бағалау объектілері қызметінің іс жүзіндегі нәтижелерінің нашарлауы, олардың бекітілген өлшемдер мен көрсеткіштерге сәйкес келмеуінің оларды жою бағалау объектісінің құзыретіне енбейтін қандай да бір маңызды объективті себептері болуы мүмкін.
32. Актіге енгізілген бағалау қорытындылары бойынша ұйғарымдар:
1) нақты, объективті болуы және істердің іс жүзіндегі ахуалын көрсетуі;
2) белгілі бір оқиғалардың салдарынан анықталған кемшіліктер туындады ма немесе жүйелі сипатта ма, олардың пайда болу себептері қандай екенін көрсетуі;
3) бақылау объектісі қызметінің оң аспектілерін де тіркеуі;
4) сандық және жиынтық мәнде берілуі тиіс.
33. Республикалық және жергілікті бюджеттердің атқарылуы кезінде мемлекет қаражатының тиімсіз пайдаланылуына кінәлі тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауап береді.
34. Бюджеттік бағдарламалардың атқарылу тиімділігі мен нәтижелілігін арттыру жөніндегі ұсынымдар мен ұсыныстарды даярлау сатысы актінің негізінде жүзеге асырылады.
35. Тексерілетін объект қызметінің тиімділігін арттыру жөніндегі нақты негізді ұсынымдар мен ұсыныстарды әзірлеу бюджеттік бағдарламаларды атқару тиімділігі мен нәтижелілігін арттыру жөніндегі ұсынымдар мен ұсыныстар дайындау сатысының мақсаты болып табылады.
36. Ұсынымдар мен ұсыныстар:
1) негізді және орындалатын болуы;
2) тиімділік пен нәтижелілікті арттыруға ықпал етуі;
3) бағалау мақсаттарына ғана жауап беруі;
4) оларды іске асырудың нақты мерзімін қамтуы тиіс.
37. Атқарушы билік органдарының және бюджет қаражатын алушылардың өздерінің алдына қойған міндеттерін орындау кезінде мемлекеттік ресурстар мен мемлекеттік меншікті пайдаланудың үнемділігін, өнімділігін бағалау, мемлекеттік және коммуналдық меншікті басқару тиімділігі тиімділікті бағалау нәтижесі болып табылады.
6. Бюджеттік бағдарламалардың тиімділігін бағалауды жүргізу материалдарын іске асыру
38. Жүргізілген бюджеттік бағдарламалардың тиімділігін бағалау нәтижелері бойынша есеп пен есептілік Қазақстан Республикасында ішкі бақылау жүргізу ережесіне сәйкес жүргізіледі.
39. Бюджеттік бағдарламалардың (кіші бағдарламалардың) тиімділігін жүргізілген бағалау туралы ақпарат Қазақстан Республикасының Үкіметіне, тиісті әкімдіктерге беріледі және мынадай мәліметтерді қамтуы тиіс:
1) жүргізілген іс-шараларға ара қатынаста бюджеттік бағдарламалардың мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізу деңгейін;
2) іс жүзіндегі нәтижелерді және олардың бюджеттік бағдарламалардың мақсаттары мен міндеттеріне сәйкестігін бағалауды;
3) бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері және бюджетті жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган жүргізген бюджеттік бағдарламалардың тиімділігін бағалау нәтижелерінің дұрыстығын;
4) бюджеттік бағдарламаны іске асырудағы кемшіліктер мен бұзушылықтарды;
5) осы бағдарламаны іске асыру кезінде әкімшілер жол берген заңсыз іс-әрекеттер үшін қабылданған шараларды;
6) бюджеттік бағдарламалардың тиімсіз орындалуының кемшіліктері мен себептерін жою жөнінде ұсынылатын шараларды, бюджеттік бағдарламалардың орындалу тиімділігі мен нәтижелілігін арттыру жөніндегі ұсынымдар мен ұсыныстарды және бағдарламаларды одан әрі қаржыландыру жөніндегі ұсыныстарды;
7) басқа да мәліметтерді.