14-тарау. Қорғаншылықты және қамқоршылықты
белгілеу тәртібі
103-бап. Қорғаншылық және қамқоршылық белгіленетін адамдар
1. Қорғаншылық және қамқоршылық ата-анасының қамқорлығынсыз қалған (осы Заңның 101-бабының 1-тармағы) балаларға, оларды асырау, тәрбиелеу және білім беру мақсатында, сондай-ақ олардың мүліктік және мүліктік емес құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін белгіленеді.
2. Қорғаншылық және қамқоршылық әрекетке қабілетсіз немесе әрекетке қабілеті шектеулі кәмелетке толған адамдардың мүліктік және жеке мүліктік емес құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін де белгіленеді.
104-бап. Қорғаншылық
1. Қорғаншылық он төрт жасқа толмаған балаларға, сондай-ақ психикалық аурудың салдарынан немесе ақыл-есінің кемдігінен сот әрекетке қабілетсіз деп таныған адамдарға белгіленеді.
2. Қорғаншылық қайтыс болған немесе соттың шешімімен өлді немесе хабарошарсыз кеткен деп танылған кәмелетке толмаған адамның, әрекетке қабілетсіз немесе әрекетке қабілеті шектеулі кәмелетке толған адамның мүлкіне тағайындалады.
Егер қорғаншылық және қамқоршылық белгіленген адамның басқа жерде мүлкі болса, онда осы мүлікті басқару үшін қорғаншы және қамқоршы органдар мүліктің тұрған жерінде қорғаншы тағайындай алады.
105-бап. Қамқоршылық
1. Қамқоршылық он төрттен он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмағандарға, сондай-ақ спиртті ішімдіктерге немесе есірткі заттарға салынуы салдарынан сот әрекет қабілеттілігі шектеулі деп таныған адамдарға белгіленеді.
2. Денсаулығының жай-күйіне байланысты өзінің құқықтарын өз бетінше жүзеге асыра алмайтын және міндеттерді орындай алмайтын кәмелетке толған әрекет қабілеттілігі адамдардың арызы бойынша оларға қамқоршылық белгіленуі мүмкін.
2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен 106-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
106-бап. Қорғаншы және қамқоршы органдар
1. 2006.10.01. № 116-III ҚР Заңымен алып тасталды (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
2006.10.01. № 116-III ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
2. Республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органдары қорғаншылық және қамқоршылық жөніндегі өз функцияларын:
- кәмелетке толмағандарға қатысты білім беру мен денсаулық сақтаудың жергілікті уәкілетті органдары арқылы;
- кәмелетке толғандарға қатысты халықты әлеуметтік қорғаудың жергілікті уәкілетті органдары арқылы жүзеге асырады.
3. Қорғаншы және қамқоршы органдар баланың және оны тәрбиелеуге үміткер адамның (адамдардың) тұрмыс жағдайларына зерттеу жүргізуге және зерттеу актісін сотқа табыс етуге міндетті.
4. Қорғаншы және қамқоршы органдар өздерінің міндеттерін осы органдар туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін ереже негізінде жүзеге асырады.
107-бап. Қорғаншылықты және қамқоршылықты белгілеу
1. Қорғаншы және қамқоршы органдар қорғаншылық пен қамқоршылықты қажет ететін адамның тұрғылықты жері бойынша қорғаншылық пен қамқоршылық белгілейді. Жекелеген жағдайларда қорғаншылық пен қамқоршылық қорғаншының (қамқоршының) тұрғылықты жері бойынша белгіленуі мүмкін.
2. Адамды әрекетке қабілетсіз немесе оның әрекет қабілеттілігі шектеулі деп тану туралы шешім заңды күшіне енген кезден бастап үш күн ішінде сот бұл туралы оған қорғаншылық және қамқоршылық белгілеу үшін сол адамның тұрғылықты жері бойынша қорғаншы және қамқоршы органға хабарлауға міндетті.
3. Адамға қорғаншылықты және қамқоршылықты белгілеу қажеттігі туралы тиісті органдарға белгілі болған кезден бастап бір ай ішінде қорғаншылық және қамқоршылық белгіленеді.
4. Қорғаншы немесе қамқоршы тағайындауға мүдделі адамдар сот тәртібімен шағымдануы мүмкін.
108-бап. Қорғаншылар мен қамқоршылар
1. Мыналарды:
1) сот әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеттілігі шектеулі деп таныған адамдарды;
2) сот бойынша ата-ана құқықтарынан айырылған немесе ата-ана құқықтарын сот шектеген адамдарды;
3) өзіне заңмен жүктелген міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін қорғаншылық (қамқоршылық) міндеттерден шеттетілген адамдарды;
4) егер сот олардың кінәсінен бала асырап алудың күшін жойған болса, бұрын бала асырап алушыларды;
5) денсаулығының жай-күйіне байланысты (осы Заңның 80-бабы 2-тармағының 6) тармақшасы) баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін жүзеге асыра алмайтын адамдарды қоспағанда, екі жыныстың да кәмелетке толған адамдары қорғаншылар (қамқоршылар) бола алады.
2. Қорғаншы немесе қамқоршы тек оның келісімімен ғана тағайындалуы мүмкін.
Егер бұл қорғаншылыққа алынушының мүдделеріне қайшы келмесе, қорғаншыны немесе қамқоршыны тағайындауда жұбайының, ата-анасының, туыстарының немесе қорғаншылыққа алынушыға жақын басқа да адамдардың басым құқығы болады.
Егер қамқорлыққа алынушылардың мүдделерінің арасында қайшылық болмаса, бір қорғаншыны немесе қамқоршыны бірнеше адамға тағайындауға жол беріледі.
3. Әрекетке қабілетті және ата-ана құқықтарынан айырылмаған, бірақ балаларының тәрбиесін жүзеге асыра алмайтын ата-аналардың кәмелетке толмаған балаларына қорғаншы және қамқоршы тағайындалатын кезде, қорғаншылар және қамқоршылар ата-аналардың тілегі ескеріле отырып тағайындалады.
Балаға қорғаншы (қамқоршы) тағайындау кезінде қорғаншының (қамқоршының) адамгершілік және өзге де жеке қасиеттері, оның қорғаншылық (қамқоршылық) міндеттерді орындау қабілеті, қорғаншы (қамқоршы) мен баланың арасындағы қатынастар, қорғаншы (қамқоршы) отбасы мүшелерінің балаға деген көзқарасы, сондай-ақ, егер бұл мүмкін болса, баланың өз тілегі ескеріледі. Егер кәмелетке толмаған балаға қорғаншы немесе қамқоршы етіп тағайындалатын адам некеде тұрса, оның жұбайының келісімі талап етіледі.
4. Қорғаншылықты немесе қамқоршылықты қажет ететін және тиісті тәрбие, емдеу мекемелерінде, халықты әлеуметтік қорғау мекемелерінде тұрып жатқан адамдардың қорғаншылары мен қамқоршылары осы мекемелердің әкімшілігі болып табылады.
Қорғаншының (қамқоршының) осындай мекемелерге баланы уақытша орналастыруы қорғаншының (қамқоршының) осы балаға қатысты қорғаншылық (қамқоршылық) құқықтары мен міндеттерін тоқтатпайды.
5. Қорғаншылар мен қамқоршылар өз қамқорындағылардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды кез келген адамдарға қатысты, соның ішінде сотта арнайы өкілеттіксіз қорғай алады.
15-тарау. Қорғаншылардың (қамқоршылардың) және қамқорлыққа
алынғандардың құқықтық жағдайы
109-бап. Қорғаншылыққа (қамқоршылыққа) алынған адамдардың құқықтары
1. Қорғаншылыққа (қамқоршылыққа) алынған адамдардың:
1) өздерінің адамдық қадір-қасиеттерінің құрметтелуіне;
2) қорғаншы (қамқоршы) тарапынан қамқорлық көруге;
3) осы Заңның 112-бабының 4-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, онымен бірге тұруға;
4) өздеріне тиесілі алименттерін, зейнетақыларын, жәрдемақыларын және басқа да әлеуметтік төлемдерді алуға;
5) тұрғын үйге меншік құқығын немесе тұрғын үйді пайдалану құқығын сақтауға;
6) қорғаншы (қамқоршы) тарапынан қиянат етушіліктен қорғануға құқығы бар.
2. Қорғаншылыққа (қамқоршылыққа) алынған балалар осы баптың 1-тармағында келтірілген құқықтардан басқа:
1) қорғаншының (қамқоршының) отбасында тәрбиелену;
2) оларды асырап-бағу, тәрбиелеу, білім беру және жан-жақты дамытуы үшін жағдайлардың қамтамасыз етілу;
3) тұрғын үй-жайы болмаған жағдайда тұрғын үй заңдарына сәйкес оны алу құқықтарына да;
4) осы заңның 52-54, 59-баптарында көзделген құқықтарға ие болады.
110-бап. Ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған, тәрбие және емдеу мекемелеріндегі балалардың құқықтары
2007.15.05. № 253-III ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған, тәрбие, емдеу және басқа да мекемелеріндегі балалардың:
1) асырап-бағылуға, тәрбиеленуге, білім алуға, жан-жақты дамуға, өздерінің адамгершілік қадір-қасиеттерінің құрметтелуіне, өз мүдделерінің қамтамасыз етілуіне;
2) өздеріне тиесілі алименттерді, зейнетақыларды, жәрдемақыларды және басқа да әлеуметтік төлемдерді алуға;
3) тұрғын үй-жайға меншік құқығын немесе тұрғын үй-жайды пайдалану құқығын сақтауға, ал тұрғын үй-жайы болмаған жағдайда тұрғын үй-заңдарына сәйкес тұрғын үй-жай алу құқығына ие болуға;
4) аталған мекемелерде тұруы аяқталған соң Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында көзделген жұмысқа орналасу кезіндегі жеңілдіктерге ие болуға құқығы бар.
2. Қорғаншы және қамқоршы органдар осы баптың 1-тармағында аталған мекемелерде тұрып жатқан балаларды асырау, тәрбиелеу, оларға білім беру жағдайларын бақылауды жүзеге асырады.
3. Осы мекемелер түлектерінің құқықтарын қорғау қорғаншы және қамқоршы органдарға жүктеледі.
4. Ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған және осы баптың 1-тармағында аталған мекемелерде тұратын балалар осы Заңның 52-54, 59-баптарында көзделген құқықтарға да ие болады.
111-бап. Қорғаншылардың (қамқоршылардың) өз міндеттерін атқаруы
1. Қорғаншылар заң жүзінде қамқоршылыққа алынғандардың өкілдері болып табылады және барлық қажетті мәмілелерді олардың атынан және олардың мүдделерін көздеп жасайды.
2. Қамқоршылар өздерінің қамқоршылығындағы адамдардың өз бетінше жасауға құқығы жоқ мәмілелерді жасауға келісім береді, қамқоршылығындағылардың өз құқықтарын жүзеге асыруына және міндеттерін атқаруына жәрдем көрсетеді, сондай-ақ оларды үшінші бір тұлғалардың тарапынан ықтимал қиянаттардан қорғайды.
3. Заңда белгіленген жағдайларды қоспағанда, қорғаншылық және қамқоршылық жөніндегі міндеттер тегін атқарылады.
Қорғаншы (қамқоршы) қамқоршылығына алынғандарды өз есебінен асырап бағуға міндетті емес. Қамқоршылыққа алынушыны асырап-бағу қамқоршылыққа алынушының алатын жалақысы, алименті, зейнетақысы және басқа да әлеуметтік төлемдері есебінен, сондай-ақ оған тиесілі мүліктер есебінен жүзеге асырылады.
Қамқоршылыққа алынушыны асырап-бағуға жеткілікті қаражат болмаған кезде, қорғаншы және қамқоршы органдар оны асырап-бағуға жәрдемақы тағайындайды.
4. Қорғаншылар мен қамқоршылар өздерінің қамқорлығына алынғандарды асырап-бағуға, оларды бағып-күту мен емдеуді қамтамасыз етуге, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға қамқорлық жасауға міндетті. Аталған міндеттер сот әрекет қабілеттілігі шектеулі деп таныған кәмелетке толған адамдардың қамқоршылығына жүктелмейді.
5. Спиртті ішімдіктерге немесе есірткі заттарға салынуы салдарынан әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп танылған адам жөніндегі негіздер жойылса, қорғаншы немесе қамқоршы қамқорлыққа алынушыны әрекетке қабілетті деп тану туралы және одан қорғаншылық пен қамқоршылықты алып тастау туралы сотқа өтініш беруге міндетті.
112-бап. Баланың қорғаншысының (қамқоршысының) құқықтары мен міндеттері
1. Баланың қорғаншысы (қамқоршысы) қорғаншылығындағы (қамқоршылығындағы) баланы тәрбиелеуге, оның денсаулығына, дене, психикалық, адамгершілік және рухани дамуына қамқорлық жасауға құқылы және міндетті.
Қорғаншы (қамқоршы) баланың пікірі мен қорғаншы және қамқоршы органның ұсыныстарын ескере отырып, сондай-ақ осы Заңның 64-бабында көзделген талаптар сақталған жағдайда қорғаншылығындағы (қамқоршылығындағы) баланы тәрбиелеудің әдістерін дербес белгілеуге құқылы.
Қорғаншы (қамқоршы) баланың пікірін ескере отырып, ол орта білім алғанға дейін балаға білім беру мекемесі мен оқытудың нысанын таңдауға құқылы және баланың орта білім алуын қамтамасыз етуге міндетті.
2. Қорғаншы (қамқоршы) қамқоршылығындағы (қорғаншылығындағы) баланы өздерінде заңды негіздерсіз ұстап отырған кез келген адамнан, соның ішінде баланың жақын туыстарынан қайтарып беруді сот арқылы талап етуге құқылы.
3. Баланың өз ата-аналарымен және басқа жақын туыстарымен қарымқатынас жасауына, мұндай қарым-қатынас баланың мүдделеріне сай келмеген жағдайларды қоспағанда, бөгет болуға қорғаншының (қамқоршының) құқығы жоқ.
4. Қамқорлыққа алынушылар, балалар немесе емдеу мекемелерінде тәрбиеленуде немесе емделуде болған жағдайларды қоспағанда, кәмелетке толмағандардың қорғаншылары мен қамқоршылары өздері қамқорлыққа алғандармен бірге тұруға міндетті. Қамқоршының он алты жасқа толған қамқоршылыққа алынушыдан бөлек тұруына, бұл қамқоршылыққа алынушының тәрбиесіне және оның құқықтары мен мүдделерін қорғауға қолайсыздық туғызбайтын жағдайда, қорғаншы және қамқоршы органның рұқсатымен жол беріледі.
Қорғаншылар мен қамқоршылар тұрғылықты жерінің өзгеруі туралы қорғаншы және қамқоршы органдарға хабарлап отыруға міндетті.
5. Қорғаншы кемінде жылына бір рет қорғаншы және қамқоршы органға қамқоршылыққа алынушының денсаулық жағдайы туралы және оны тәрбиелеу жөніндегі, сондай-ақ оның мүлкін басқару жөніндегі жұмыс туралы есеп беріп отыруға міндетті.
113-бап. Әрекетке қабілетті азаматтарды қамқоршылыққа алу
1. Денсаулық жағдайы бойынша өз құқығын жүзеге асырып, қорғай алмайтын және міндеттерін орындай алмайтын кәмелетке толған әрекетке қабілетті адамның өтініші бойынша оған қамқоршылық белгіленуі мүмкін.
2. Кәмелетке толған әрекетке қабілетті адамның қамқоршысын қорғаншы және қамқоршы орган сол адамның келісімі бойынша ғана тағайындауы мүмкін. 3. Кәмелетке толған әрекетке қабілетті қамқоршылыққа алынушыға тиесілі мүлікке билік етуді қамқоршылыққа алынушымен жасалған тапсыру шарты немесе мүлікті сенімді басқару негізінде қамқоршы жүзеге асырады.
Қамқоршылыққа алынушыны асырап-бағуға және оның тұрмыстық қажеттерін қанағаттандыруға бағытталған тұрмыстық және өзге де мәмілелерді жасауды қамқорлыққа алынушының келісімімен қамқоршы жүзеге асырады.
4. Кәмелетке толған әрекетке қабілетті адамды қамқорлыққа алу осы адамның талабы бойынша тоқтатылуы мүмкін.
Қамқоршылыққа алынған адамның қамқоршысы осы Заңның 115-бабында көзделген жағдайларда өзіне жүктелген міндеттерді орындаудан босатылады.
114-бап. Қамқоршылыққа алынушының мүлкіне билік ету
1. Қамқоршылыққа алынушы адамның кірістерін, соның ішінде оның мүлкін басқарудан түсетін кірістерін, қамқоршылыққа алынушының өзі дербес билік етуге құқығы бар кірістерін қоспағанда, тек қана қамқоршылыққа алынушының мүдделеріне сай және қорғаншы мен қамқоршы органның алдын ала рұқсатымен қорғаншы немесе қамқоршы жұмсайды.
Қорғаншы және қамқоршы органның алдын ала берген рұқсатынсыз, қамқоршылыққа алынушының оның кірісі ретіндегі тиесілі сомасы есебінен қорғаншы мен қамқоршы қамқоршылыққа алынушыны асырау үшін қажетті азын-аулақ шығыстар жасауға құқылы.
2. Қорғаншы және қамқоршы органның алдын ала берген рұқсатынсыз қорғаншының иеліктен алу жөніндегі мәмілелер жасауға, ал қамқоршының мәміле жасауға келісім беруге, соның ішінде қамқоршылыққа алынушының мүлкін айырбастауға немесе сыйға тартуға немесе оның атынан кепіл болу шартын жасасуға, оны жалға (жалдауға), тегін пайдалануға немесе кепілге беруге, қамқорлыққа алынушының заң бойынша және өсиет бойынша мұрагерлікпен тиесілі құқықтарынан бас тартқызуға әкеп соғатын мәмілелер жасауға, оның мүлкін бөлуге немесе одан үлес бөлуге, сондай-ақ қамқоршылыққа алынушының мүлкін азайтуға әкеп соғатын басқа да кез келген мәмілелер жасауға құқығы жоқ. Аталған мәмілелер нәтижесінде қорғаншы алған қаражаттың қалай жұмсалуға тиіс екенін қорғаншы және қамқоршы орган белгілейді.
Қамқоршылыққа алынушының мүлкін басқару тәртібі Қазақстан Республикасының заңдарымен белгіленеді.
3. Мүлікті қамқоршылығына алушыға сый ретінде немесе тегін түрде пайдалануға беруді қоспағанда, қорғаншының (қамқоршының), олардың жұбайлары мен жақын туыстарының қамқоршылыққа алынушымен мәмілелер жасауға, сондай-ақ мәмілелер жасау кезінде немесе қамқоршылыққа алынушы мен қорғаншы немесе қамқоршының жұбайы және олардың жақын туыстары арасында жүргізілген сот ісінде қамқоршылыққа алынушының атынан өкілдік білдіруге құқығы жоқ.
Қорғаншы (қамқоршы) болып тағайындалмастан бұрын туындаған қамқоршылыққа алынушының қорғаншысына (қамқоршысына), оның жұбайына немесе туыстарына қарыздары қорғаншы және қамқоршы органның рұқсатымен төленеді.
115-бап. Қорғаншылар мен қамқоршыларды олардың өз міндеттерін атқарудан босату және шеттету
1. Қорғаншы және қамқоршы орган кәмелетке толмаған қамқоршылыққа алынушы өз ата-анасына қайтып оралған немесе ол асырап алушыға қайтарылған жағдайларда, қорғаншыны немесе қамқоршыны өз міндеттерін атқарудан босатады.
Қамқоршылыққа алынушыны тәрбие, емдеу мекемесіне, халықты әлеуметтік қорғау мекемесіне немесе басқа да мекемеге орналастыру кезінде, егер бұл қамқоршылыққа алынушының мүдделеріне қайшы келмесе, қорғаншы және қамқоршы орган бұрын тағайындалған қорғаншыны немесе қамқоршыны олардың өз міндеттерін атқарудан босатады.
2. Дәлелді себептер болған кезде (сырқаттану, мүліктік жағдайдың өзгеруі, қамқорлыққа алынушымен өзара түсініспеушілік және т.с.с) қорғаншы немесе қамқоршы оның өтініші бойынша өз міндеттерін атқарудан босатылуы мүмкін.
3. Қорғаншы немесе қамқоршы өзінің тиісті міндеттерін тиісінше атқармаған жағдайда, соның ішінде өзінің қорғаншылығын немесе қамқоршылығын жеке басының пайдасы мақсатында пайдаланған кезде немесе қамқоршылыққа алынушыны қадағалаусыз және қажетті көмексіз қалдырған жағдайда, қорғаншы және қамқоршы орган қорғаншыны немесе қамқоршыны осы міндеттерді атқарудан шеттеуі және кінәлі адамды заңмен белгіленген жауапқа тарту үшін қажетті шаралар қолдануы мүмкін.
116-бап. Қорғаншылықты және қамқоршылықты тоқтату
1. Қамқоршылыққа алынушыны әрекетке қабілетті деп тану немесе қорғаншының, қамқоршының немесе қорғаншы және қамқоршы органның арызы бойынша оның әрекет қабілеттілігі шектеулілігінің күшін жою туралы сот шешім шығарған жағдайларда кәмелетке толған адамдарға қорғаншылық және қамқоршылық тоқтатылады.
2. Жасөспірім қамқоршылыққа алынушы он төрт жасқа жеткен соң оған қорғаншылық тоқтатылады, ал қорғаншылық міндетін жүзеге асыратын адам бұл туралы қосымша шешімсіз кәмелетке толмаған баланың қамқоршысы болады.
3. Кәмелетке толмаған балаға қамқоршылық он сегіз жасқа жеткен кезде арнайы рұқсатсыз, сондай-ақ ол некеге отырған кезде және кәмелетке толғанға дейін ол әрекетке толық қабілетті болған басқа да жағдайларда қамқоршылық тоқтатылады.
117-бап. Қорғаншылардың және қамқоршылардың әрекеттеріне шағым жасау
Қорғаншылардың және қамқоршылардың әрекетіне кез келген адам қамқоршылыққа алынушының мүдделеріне сай қорғаншы және қамқоршы органға не оның тұрғылықты жері бойынша сотқа шағым жасай алады.
118-бап. Қорғаншы және қамқоршы органдардың шешімдеріне шағым жасау
Қорғаншы және қамқоршы органдардың барлық мәселелер жөніндегі шешімдеріне мүдделі адамдар сот тәртібімен шағым жасай алады.
16-тарау. Патронат
119-бап. Патронат
1. Қорғаншылық және қамқоршылық нысанындағы патронат ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, соның ішінде тәрбиелеу, емдеу немесе осы тәрізді басқа да мекемелердегі кәмелетке толмаған балаларға белгіленеді.
2. Баланы тәрбиелеуге алуға тілек білдіруші адам (патронат тәрбиеші) мен қорғаншы және қамқоршы орган арасында жасалған баланы (балаларды) тәрбиелеуге беру туралы шарт патронаттың туындау негізі болып табылады.
3. Патронат туралы Ережені Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
120-бап. Баланы тәрбиелеуге беру туралы шарт
1. Баланы тәрбиелеуге беру туралы шарт баланы асырап-бағу, тәрбиелеу және білім беру жағдайларын, патронат тәрбиешінің құқықтары мен міндеттерін, патронат тәрбиешіге қатысты қорғаншы және қамқоршы органдардың міндеттерін, сондай-ақ мұндай шарттың тоқтатылу негіздері мен салдарларын көздеуі тиіс.
Бала патронат тәрбиешіге аталған шартпен белгіленген мерзімге тәрбиелеуге беріледі.
2. Патронат тәрбиешілердің еңбегіне ақы төлеу және тәрбиелеуге алынған балалар санына қарай берілетін жеңілдіктер Қазақстан Республикасының заңдарымен белгіленеді.
3. Баланы тәрбиелеуге беру туралы шарт:
1) дәлелді себептері (сырқаттану, отбасылық немесе материалдық жағдайдың өзгеруі, баламен өзара түсіністіктің болмауы, балалар арасындағы жанжалдар және басқалар) болған кезде патронат тәрбиешілердің бастамасы бойынша;
2) баланы асырап-бағу, тәрбиелеу және білім беруде қолайсыз жағдайлар туған кезде қорғаншы және қамқоршы органның бастамасы бойынша;
3) бала ата-анасына қайтарып берілген немесе бала асырап алынған жағдайларда мерзімінен бұрын бұзылуы мүмкін.
121-бап. Патронат тәрбиешілер
1. Патронат тәрбиешілер тәрбиеге алынған балаға (балаларға) қатысты қорғаншылар мен қамқоршылар сияқты құқықтар мен міндеттерге ие болады. Оларға осы заңның 108-бабында көзделген талаптар қойылады.
2. Патронат тәрбиешілерді іріктеп алуды қорғаншы және қамқоршы органдар жүзеге асырады.
122-бап. Патронат белгіленетін бала (балалар)
1. Шарт бойынша оны патронат тәрбиешілерге беру үшін баланы (балаларды) алдын ала таңдауды қорғаншы және қамқоршы органмен келісім бойынша баланы (балаларды) отбасына қабылдауға тілек білдірген адамдар жүзеге асырады.
Ағалы-інілерді, апалы-сіңлілерді (қарындастарын) ажыратуға жол берілмейді, бұған олардың мүдделеріне сай келетін жағдайлар қосылмайды.
2. Баланы (балаларды) патронат тәрбиешілерге беру оның пікірі ескеріле отырып жүзеге асырылады. Он жасқа толған бала (балалар) оның келісімімен ғана берілуі мүмкін.
3. Патронат тәрбиешілерге берілген бала (балалар) өзіне тиесілі алименттерге, зейнетақыға, жәрдемақыға және басқа да әлеуметтік төлемдерге құқығын, сондай-ақ тұрғын үй-жайға меншік құқығын немесе тұрғын үй-жайды пайдалану құқығын сақтайды. Тұрғын үй-жайы болмаған кезде, тұрғын үй заңдарына сәйкес оған тұрғын үй-жай берілуіне құқығы бар.
Патронат тәрбиешілерге берілген бала (балалар) осы Заңның 52-54, 59 баптарында көзделген құқықтарға да ие болады.
123-бап. Патронат тәрбиешілерге берілген баланы (балаларды) асырап-бағу
1. Әрбір баланы асырап-бағуға Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен және мөлшерде ай сайын ақшалай қаражат төленеді.
2. Қорғаншы және қамқоршы орган патронат тәрбиешілерге қажетті көмек көрсетуге, баланың (балалардың) өмірі мен тәрбиесіне қалыпты жағдай туғызуға жәрдемдесуге міндетті, сондай-ақ патронат тәрбиешілерге жүктелген баланы (балаларды) асырап-бағу, тәрбиелеу және оған білім беру міндеттерін орындауға бақылауды жүзеге асыруға құқылы.