11-Бөлім. Кедендік статистика.
Ақпараттық жүйелер мен ақпараттық технологиялар
54-тарау. Кедендік статистиканы жүргізу
421-бап. Сыртқы сауданың кедендік статистикасы
2005.20.06 № 62-III ҚР Заңымен 1- тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
1. Кеден органдары Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарын Қазақстан Республикасы сыртқы саудасының жай-күйі туралы ақпаратпен қамтамсыз ету, бюджетке кедендік төлемдердің және салықтардың түсуін бақылау, валюталық бақылау, Қазақстан Республикасы сыртқы саудасының жай-күйін, өсу қозғалысын және үрдістерін талдау, оның сауда және төлем баланстары мен тұтастай экономикасын талдау мақсатында тауарлардың кедендік шекара арқылы өткізілуі туралы мәліметтерді жинап, өңдейді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес кедендік статистиканың деректерін береді және жариялайды.
Кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті орган Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес кедендік статистиканың деректерін халықаралық ұйымдарға береді.
2. Қазақстан Республикасы сыртқы саудасының кедендік статистикасы Қазақстан Республикасының мемлекеттік статистика саласындағы заңдарына сәйкес жүргізіледі.
3. Сыртқы сауданың кедендік статистикасы Қазақстан Республикасының және оның сыртқы сауда әріптестерінің өзара сауда-саттық деректерін салыстыруды қамтамасыз ететін әдістемеге сәйкес жүргізіледі.
422-бап. Арнаулы кедендік статистика
Кеден органдары осы Кодекстің 19-бабында белгіленетін міндеттердің шешілуін қамтамасыз ету мақсатында арнайы кедендік статистика жүргізеді.
423-бап. Статистикалық мақсаттар үшін пайдаланылатын құжаттар мен мәліметтер
Статистикалық мақсаттарға арналған құжаттар мен мәліметтер осы Кодекстің кедендік ресімдеу мен кедендік бақылау жүргізу тәртібі туралы ережелеріне сәйкес беріледі.
55-тарау. Ақпараттық жүйелер мен ақпараттық технологиялар
424-бап. Ақпараттық жүйелерді, ақпараттық технологияларды және оларды қамтамасыз ету құралдарын қолдану
1. Осы Кодексте көзделген кедендік операциялар ақпараттық жүйелер мен ақпараттық технологияларды, оның ішінде бұлардың ақпаратты берудің электрондық тәсілдеріне негізделгендерін, сондай-ақ осы тарауға сәйкес оларды қамтамасыз ету құралдарын пайдалана отырып жүзеге асырылады.
2. Ақпараттық жүйелер мен ақпараттық технологияларды енгізу тиісті халықаралық стандарттарды және Қазақстан Республикасы ақпараттық қауіпсіздігінің талаптарын қамтамасыз етуді ескере отырып жүзеге асырылады.
3. Кеден ісінде:
1) кеден органдары әзірлейтін, шығаратын және сатып алатын;
2) кеден ісі саласындағы міндеттерді шешуге қатысатын тұлғалардың меншігіндегі ақпараттық жүйе, ақпараттық технологиялар және оларды қамтамасыз ету құралдары қолданылуы мүмкін.
Бұл орайда кеден органдарына бағдарламалық құралдар беретін тұлғалардың өздерінің бағдарламалық құралдарының көмегімен жасалатын ақпараттық ресурстарды пайдалануға құқығы жоқ.
4. Кеден органдары әзірлейтін, шығаратын немесе сатып алатын ақпараттық жүйелер, ақпараттық технологиялар, сондай-ақ оларды қамтамасыз ету құралдары республикалық меншікте болады және тиісті кеден органдарына бекітіледі.
5. Кеден ісі саласындағы міндеттерді шешуге қатысатын тұлғалардың меншігіндегі ақпараттық жүйелерді, ақпараттық технологияларды және оларды қамтамасыз ету құралдарын кеден органдарының пайдалануына байланысты қатынастар Қазақстан Республикасы ақпараттық қауіпсіздігінің талаптары қамтамасыз етілген жағдайда ғана туындауы мүмкін және шарттық негізде құрылады.
6. Кеден ісі саласындағы міндеттерді шешуге қатысатын тұлғалардың меншігіндегі кеден ісінде қолданылатын ақпараттық жүйелер, ақпараттық технологиялар және оларды қамтамасыз ету құралдары кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті орган белгілейтін талаптарға сәйкес келуге және кеден органдары кедендік операциялар жасау кезінде пайдаланатын осыған ұқсас өніммен үйлесімді болуға тиіс. Ақпараттық жүйелердің, ақпараттық технологиялардың және оларды қамтамасыз ету құралдарының белгіленген талаптарға сәйкестігін тексеруді кеден органдары жүзеге асырады. Бұл орайда аталған тексерулерді жүргізуге байланысты шығыстарды төлеу оны жүргізу туралы өтініш білдірген тұлғаға жүктеледі.
7. Ақпараттық жүйелерді, ақпараттық технологияларды, сондай-ақ оларды қамтамасыз ету құралдарын кедендік мақсаттар үшін пайдалану мүмкіндігін, бұл өнімді қолдану тәртібі мен талаптарын кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті орган белгілейді.
425-бап. Ақпараттық жүйелерді, ақпараттық технологияларды және оларды қамтамасыз ету құралдарын сертификаттау
Ақпараттық жүйелер, ақпараттық технологиялар, сондай-ақ оларды қамтамасыз ету құралдары Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайлар мен тәртіпте сертификаттауға жатады.
426-бап. Кеден органдарының ақпараттық ресурстары
1. Кеден органдарының ақпараттық ресурстары кедендік операцияларды жасау кезінде берілетін құжаттар мен мәліметтер, сондай-ақ оларды жасау үшін қажетті құжаттар негізінде түзіледі.
Құрамында кеден органдарының ақпараттық жүйелерінде жасалатын, өңделетін және жинақталатын деректер базасы бар құжатталған ақпараттың ұйымдастырылған жиынтығы кеден органдарының ақпараттық ресурстары деп түсініледі.
2. Кеден органдарының ақпараттық ресурстары мемлекеттік меншік болып табылады, кеден органдарының мүлік құрамына енгізіледі және құзыретіне сәйкес солардың иелігінде болады.
3. Кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген жағдайларда берілуі осы Кодексте немесе өздері белгілеген тәртіпте көзделген құжаттар, оның ішінде кедендік декларация оларды құжаттау туралы талаптар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген өзге де талаптар сақталған кезде ақпарат алмасудың электрондық тәсілдері арқылы берілуі мүмкін.
4. Осы баптың ережелері ақпарат, ақпараттандыру және ақпаратты қорғау туралы Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда Қазақстан Республикасы Үкіметінің бастамасы бойынша құжатталған ақпаратты міндетті беру негізінде мемлекеттік ақпараттық ресурстарды қалыптастыру жағдайларына қолданылмайды.
427-бап. Ақпараттық ресурстарды пайдалану
1. Кеден органдарының қарауындағы ақпараттық ресурстар, Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес ақпаратты пайдалану шектелген жағдайларды қоспағанда, ашық және жалпыға қолжетімді болып табылады.
2. Кеден органдары пайдалану үшін ашық ақпараттық ресурстардың тізбесін, сондай-ақ оған қолжетімділік дәрежесін жариялауды жүзеге асырады.
2007.11.01. № 218-III ҚР Заңымен 2-1-тармақпен толықтырылды
2-1. Кеден органдары өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы заңнамасына сәйкес ақпараттық жүйелерді пайдалана отырып, электрондық қызметтер көрсетеді.
3. Осы баптың 1-тармағына сәйкес ақпаратқа қолжетімділікті шектеу болмаған жағдайда оны алуға сұрау салу негіздемені қажет етпейді.
4. Кеден органдарының қарауындағы ақпараттық ресурстарды пайдалану тәртібі осы Кодекстің нормаларына және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес белгіленеді.
428-бап. Ақпаратты, ақпараттық процестер мен ақпараттандыруға қатысатын субъектілердің құқықтарын қорғау
1. Ақпаратты, ақпараттық процестер мен ақпараттандыруға қатысатын субъектілердің құқықтарын қорғау Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
2. Қорғау Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен міндетті сертификаттауға жататын ақпараттық жүйелер мен ақпараттық технологияларды қамтамасыз ету құралдарымен үйлесетін ақпаратты қорғаудың арнаулы бағдарламалық-техникалық құралдарын енгізу және пайдалану арқылы қамтамасыз етіледі.
3. Ақпаратты қорғау құралымен қамтамасыз етілетін ақпаратты қорғау деңгейі ақпараттың санатына сәйкес келуге тиіс. Ақпаратты қорғау деңгейінің белгілі бір санатқа сәйкестігін қарауында ақпараттық ресурстар бар кеден органдары қамтамасыз етеді.
4. Ақпаратты қорғау және ақпаратты қорғау құралдарын пайдалану жөніндегі талаптардың сақталуын бақылауды Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті орган және тиісті уәкілетті мемлекеттік органдар жүзеге асырады.
429-бап. Кеден органдарының халықаралық ақпарат алмасуға қатысуы
Кеден органдары Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында айқындалған тәртіп пен жағдайда шет мемлекеттердің кеден органдарымен, сондай-ақ халықаралық және өзге де ұйымдармен халықаралық ақпарат алмасуға қатысады.
3. Арнайы бөлім
12-Бөлім. Кедендік әкімшілік жүргізу
56-тарау. Кедендік бақылау
430-бап. Кедендік бақылау жүргізу
Кеден органдарының лауазымды адамдары:
1) Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлар мен көлік құралдарына;
2) оларды тапсыру осы Кодексте көзделген тауарлар мен көлік құралдары туралы кедендік декларацияға, құжаттар мен мәліметтерге;
3) кеден брокері, кедендік тасымалдаушылар ретіндегі тұлғалардың қызметіне, сондай-ақ жекелеген кедендік режимдердің шеңберінде және уақытша сақтау бойынша кеден қызметтерін көрсету жөніндегі қызметті жүзеге асыратын тұлғалардың қызметіне қатысты;
4) тауарларды пайдалануға және оларға билік етуге белгіленген шектеулердің сақталуына;
5) кедендік төлемдерді және салықтарды есептеуге және төлеуге қатысты кедендік бақылау жүргізеді.
431-бап. Кедендік бақылаудағы тауарлар мен көлік құралдары
1. Қазақстан Республикасының кедендік аумағына әкелінген тауарлар мен көлік құралдары Қазақстан Республикасының кедендік шекарасынан өткен кезден бастап және:
1) осы Кодекстің 14-бабына сәйкес шартты шығаруды қоспағанда, еркін айналыс үшін шығарылғанға;
2) жойылғанға;
3) мемлекеттің пайдасы үшін тауардан бас тартқанға не оларды мемлекеттік меншікке айналдырғанға;
4) тауарларды, көлік құралдарын Қазақстан Республикасының кедендік шекарасынан тысқары жерлерге нақты шығарғанға дейін кедендік бақылауда болады.
2. Қазақстандық тауарлар мен көлік құралдары оларды Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан тысқары жерлерге әкету кезінде кедендік декларацияны берген немесе тауарларды Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан тысқары жерлерге әкетуді жүзеге асыруға тікелей бағытталған өзге де әрекеттер жасаған кезден бастап Қазақстан Республикасының кедендік шекарасынан өткенге дейін кедендік бақылауда болады.
3. Кеден органдары тұлғалардың қазақстандық тауарлар мен көлік құралдарын не оларды қайта өңдеу өнімдерін осы Кодексте айқындалған тәртіппен кедендік режимдердің талаптарына сәйкес қайта әкелу туралы міндеттемелерін орындауына кедендік бақылауды жүзеге асырады.
2006.31.01. № 125-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңымен 432-бап өзгертілді
432-бап. Тауарлар мен көлік құралдарын шығарғаннан кейінгі кедендік бақылау
Кеден органдары тауарлар мен көлік құралдарын шығарғаннан кейін кедендік бақылауды жүзеге асыруға құқылы.
433-бап. Кедендік бақылауды жүргізу принципі
1. Кедендік бақылауды жүргізу кезінде кеден органдары іріктеу принципін негізге алады және Қазақстан Республикасының кеден заңдарының сақталуын қамтамасыз ету үшін жеткілікті нысандармен шектеледі.
2. Мемлекеттік шекарада радиациялық бақылау жүргізу тәртібін тиісті уәкілетті мемлекеттік органмен келісім бойынша кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті орган белгілейді.
434-бап. Кедендік бақылау аймақтары
1. Тауарлар мен көлік құралдарын тексеру, және (немесе) кедендік тексеріп қарау арқылы кедендік бақылауды жүзеге асыру, оларды сақтау және кедендік қадағалаумен өткізу мақсаттары үшін Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы бойында, кедендік ресімдеу, алдын ала операцияларды жүргізу орындарында, тауарларды қайта тиеу, оларды тексеру және кедендік тексеріп қарау орындарында, кедендік бақылаудағы тауарларды тасымалдайтын көлік құралдарын уақытша сақтау, тұрақ орындарында, кеден қоймаларында, арнайы экономикалық аймақ аумағында, еркін қоймаларда, бажсыз сауда дүкендерінде, кеден органдары орналасқан орындарда кедендік бақылау аймақтары құрылады.
2. Кедендік бақылау аймақтары оларда кедендік бақылауға жататын тауарлар ұдайы болған жағдайларда - тұрақты, немесе тауарларды тексеру немесе кедендік тексеріп қарау қажет болған жағдайда уақытша және осындай операцияларды жүргізу кезіне құрылатын болуы мүмкін.
3. Кедендік бақылау аймақтарын құру мен белгілеудің тәртібін, сондай-ақ кедендік бақылау аймағына жіберу тәртібін кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.
4. Адамдарды кедендік бақылау аймағына жіберу - тек кеден органының рұқсатымен жүзеге асырылады, ал құқық қорғау органдары мен арнаулы қызметтер үшін осы органдардың қаулысын немесе ұйғарымын көрсету бойынша рұқсат етіледі.
Өндірістік және өзге кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға, тауарлар мен көлік құралдарын осындай аймақтардың шекарасы арқылы және солардың шегінде өткізуге кеден органының рұқсатымен және соның бақылауымен ғана жол беріледі.
435-бап. Кедендік бақылау үшін қажетті құжаттар мен мәліметтер берудің міндеттілігі
1. Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы тауарлар мен көлік құралдарын өткізуші не бақылауы кеден органдарына жүктелетін қызметті жүзеге асырушы тұлғалар кедендік бақылау үшін қажетті құжаттар мен мәліметтерді ауызша және (немесе) жазбаша, және (немесе) электронды нысанда кеден органдарына беруге міндетті.
2. Кеден органы кедендік бақылау үшін қажетті құжаттар мен мәліметтерді жазбаша және (немесе) электронды нысанда сұратып алуға құқылы.
3. Кедендік бақылауды жүргізу үшін кеден органдары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес банктер мен банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардан жүзеге асырылатын экспорттық және (немесе) импорттық мәмілелер бойынша ақша операциялары туралы мәліметтер мен анықтамалар алуға құқылы.
2007.28.02. № 235-III ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
4. Тауарлар мен көлік құралдары шығарылғаннан кейін кедендік бақылауды жүзеге асыру мақсатында кеден органдары осы тауарлармен және көлік құралдарымен жасалатын сыртқы экономикалық операцияларға қатысты, ал Қазақстан Республикасының кедендік аумағына әкелінетін тауарлар мен көлік құралдарына, сондай-ақ осы тауарлармен және көлік құралдарымен жасалатын кейінгі операцияларға қатысты коммерциялық құжаттарды, бухгалтерлік құжаттаманы және басқа да ақпаратты, оның ішінде электронды нысандағы ақпаратты декларанттан немесе тауарлармен және көлік құралдарымен жасалатын операцияларға қатысы бар немесе көрсетілген құжаттар мен мәліметтерге иелік етуші кез келген тұлғадан сұратуға және алуға құқылы.
5. Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары, салық қызметі органдары және өзге де бақылаушы органдары, банктер мен банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар, ұйымдарды тіркеуді жүзеге асыратын органдар, нотариустар кеден органдарының сұрау салуы бойынша оларға Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген жағдайларда және тәртіппен кедендік бақылау үшін қажетті қолда бар мәліметтер туралы хабарлауға міндетті.
6. Тұлғалар және кеден органдары кедендік бақылау үшін қажетті құжаттарды осы Кодекстің 431-бабына сәйкес тауарлар мен көлік құралдарының кедендік бақылауда болуы аяқталған кезден бастап кемінде бес жыл сақтауға тиіс. Кеден брокерлері мен кедендік бақылаудағы тауарларға қатысты кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын өзге де тұлғалар құжаттарды осындай тауарлармен кедендік операциялар жүргізілген жылдан кейін бес жыл бойы сақтауға тиіс.
436-бап. Кедендік бақылау жүргізуге жәрдемдесу үшін мамандар мен сарапшылар тарту
1. Кеден органдары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес кедендік бақылау жүргізуге жәрдемдесу үшін мемлекеттік органдардың мамандарын, сондай-ақ шарттық негізде өзге де ұйымдардың мамандары мен сарапшыларын тартуға құқылы.
2. Мемлекеттік органдар мен өзге ұйымдардан тартылған мамандар мен сарапшылар мемлекеттік құпия, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпия болып табылатын мәліметтерді, сондай-ақ кеден ісі саласындағы сыртқы экономикалық және өзге де қызметке қатысушыларға қатысты құпия ақпаратты жария етпеуге міндетті.
437-бап. Кедендік бақылауға жататын тауарлар мен көлік құралдары
1. Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін барлық тауарлар мен көлік құралдары кедендік бақылауға жатады.
2. Кеден органдары Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан кеден органының рұқсатынсыз шығып кеткен көлік құралдарын тоқтатуға, сондай-ақ теңіз, ішкі су және әуе кемелерін мәжбүрлеп қайтаруға құқылы. Бұл орайда шетелдік кемелер мен басқа мемлекеттердің аумағындағы кемелерді ұстау (қайтару) жөніндегі әрекеттер Қазақстан Республикасының заңдарына және Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шарттарға сәйкес жүргізіледі.
438-бап. Кедендік бақылауды іріктеп жүргізу
1. Кедендік бақылау жүргізу кезінде кеден органдары Қазақстан Республикасы заңдарының және Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының сақталуын қамтамасыз ету үшін жеткілікті болып табылатын осы Кодекстің 441-бабында белгіленген кедендік бақылау нысандарын пайдаланады.
2. Кедендік бақылау нысандарын таңдау кезінде осы Кодекстің 60-тарауында көзделген тәуекелдікті бағалау мен басқару пайдаланылады. Кедендік бақылаудың басқа нысандарын қолданбау не олардан босату тұлғалар осы Кодекстің ережелерін сақтау міндеттілігінен босатылады дегенді білдірмеуге тиіс.
3. Қажет болған жағдайда кеден органдары осы Кодекстің 471-бабында көрсетілген жағдайларды қоспағанда, кедендік бақылаудың барлық нысандарын пайдалана алады.
439-бап. Кедендік бақылау жүргізу орны
Кедендік бақылау кедендік бақылау аймағында, сондай-ақ тауарлар, көлік құралдары және олар туралы мәліметтер, оның ішінде электронды нысандағы мәліметтер бар құжаттар орналасқан, кеден органдары айқындайтын басқа да орындарда жүзеге асырылады.
440-бап. Кедендік ресімдеу кезінде кедендік декларация мен өзге де құжаттарды тексеру және тауарларды кедендік қарау мерзімдері
1. Кедендік ресімдеу, алдын ала операциялар және өзге де кедендік рәсімдер кезінде кеден органдары кедендік декларацияның ресімделуінің дұрыстығына және ұсынылған құжаттардың Қазақстан Республикасының кеден заңдарында белгіленген талаптарға сәйкестігін тексеру үшін қажетті іс-әрекеттер жасайды.
2005.20.06 № 62-III ҚР Заңымен 2- тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
2. Кедендік декларацияны, құжаттарды тексеруді және тауарлар мен көлік құралдарын кедендік тексеріп қарауды, ал тауарларды алдын ала, уақытша , толық емес декларациялау кезінде жүктің кедендік декларациясы мен құжаттарды тексеруді кеден органдары тауарларды шығару үшін қажетті барлық құжаттар табыс етілген жағдайда, кеден органы кедендік декларацияны тіркеген күннен бастап екі жұмыс күнінен кешіктірмей жүзеге асырады.
3. Аталған мерзімді - жүктің кедендік декларациясын қабылдаған кезден бастап он жұмыс күніне дейін, ал тауарларды теңіз, ішкі су көлігімен тасымалдау кезінде жиырма жұмыс күніне дейін ұзартуға декларантқа тапсырылатын кеден органы басшысының ұзарту себептері көрсетілген жазбаша рұқсатымен жол беріледі.
4. Тауарлар шығарылғанға дейін кеден органдары тауарлардың атауының, шыққан жерінің, саны мен құнының жүктің кедендік декларациясында және кедендік мақсаттар үшін пайдаланылатын құжаттарда көрсетілген мәліметтерге сәйкестігін анықтау үшін қажетті операциялар жүргізеді. Егер кеден органдарына тауарлардың олар туралы мәліметтерге сәйкестігін анықтау үшін қажетті операцияларды жүргізуге мүмкіндік бермейтін бір тауар легінде түрі мен атауы әртүрлі тауарлар ұсынылса және мұндай тауарларға қатысты оларды жеке орап-түю орындарына бөлу жүргізілмесе, тауарлардың орамаларына таңбалау жасалмаса және тауарлардың ілеспе құжаттарында орап-түю және таңбалау туралы мәліметтер жазылмаса, мұндай тауарларды кедендік тексеріп қарау мерзімі қажет болған жағдайда, осы Кодекстің 478-бабының талаптарын ескере отырып, кеден органы басшысының жазбаша рұқсатымен тауарлар легін жекелеген тауарларға бөлу үшін қажетті уақытқа ұзартылады.
5. Басқа мемлекеттік органдардың бақылауына жататын тауарларға кедендік бақылау жүргізген кезде кеден органдары мұндай іс-әрекеттерді үйлестіруді және бір мезгілде жүргізуді қамтамасыз етеді.
57-тарау. Кедендік бақылау жүргізудің нысандары
мен тәртібі
441-бап. Кедендік бақылау нысандары
Кедендік бақылау нысандары:
1) кедендік декларацияны, құжаттар мен мәліметтерді тексеру;
2) ауызша пікір сұрау;
3) түсіндірмелер алу;
4) кедендік қадағалау;
5) тауарлар мен көлік құралдарын тексеру;
6) тауарлар мен көлік құралдарын кедендік тексеріп қарау;
7) жеке тексеру;
8) тауарларды арнаулы таңбалармен таңбалау не осы Кодексте және Қазақстан Республикасының салық заңдарында көзделген жағдайларда оларға бірдейлендіру белгілерін соғу;
9) тауарлар мен көлік құралдарының есебі мен олар бойынша есептілік жүйесін тексеру;
10) тауарлар мен көлік құралдарын есепке алу;
11) үй-жайлар мен аумақтарды тексеру болып табылады.
442-бап. Кедендік декларацияны, құжаттар мен мәліметтерді тексеру
1. Кеден органдары, құжаттардың түпнұсқалылығын және мәліметтердің дұрыстығын анықтау мақсатында, тауарлар мен көлік құралдарын кедендік ресімдеу кезінде берілген кедендік декларацияны, құжаттарды және мәліметтерді тексереді.
2. Кеден органдарына кедендік ресімдеу кезінде берілген мәліметтердің дұрыстығын тексеру оларды басқа дерек-көздерден алынған ақпаратпен салыстыру, арнаулы кедендік статистиканың мәліметтерін талдау, ақпараттық технологияларды пайдалана отырып мәліметтерді өңдеу арқылы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған басқа да тәсілдермен жүзеге асырылады.
3. Кедендік бақылауды жүзеге асыру кезінде кеден органы кедендік декларациядағы ақпараттарды тексеру мақсатында тұлғалардан жазбаша түрде барлық құжаттар мен мәліметтерді сұратып алуға құқылы.
4. Іріктеп тексеру негізінде кеден органдарының құжаттар мен мәліметтерді тексеруіне жол беріледі.
443-бап. Ауызша пікір сұрау
Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлар мен көлік құралдарына кедендік ресімдеуді жүргізу, алдын ала операциялар мен өзге де кедендік рәсімдер кезінде кеден органдарының лауазымды адамдары тұлғалардан ауызша пікір сұрауға құқылы, аталған тұлғалардан мұндай пікір сұрау нәтижелері жазбаша нысанда ресімделмейді.
444-бап. Түсіндірмелер алу
Түсіндірмелер алу - кеден органдары лауазымды адамдарының декларанттардан және кедендік бақылауды жүзеге асыру үшін маңызы бар мән-жайлар туралы мәліметтерді білетін өзге де адамдардан кеден ісі саласындағы қажетті ақпаратты алуы.
Түсіндірме жазбаша нысанда ресімделеді. Адамды түсіндірме алу үшін шақыру туралы хабарламаға тиісті кеден органының басшысы қол қояды және шақырылған адамға қол қойғызып алу арқылы тапсырылады.
445-бап. Кедендік қадағалау
Кедендік қадағалау - кеден органдары лауазымды адамдарының кедендік бақылаудағы тауарлар мен көлік құралдарының тасымалдануын, олармен жүк және өзге де операциялардың жасалуын көзбен шолып, оның ішінде техникалық құралдарды қолдана отырып бақылауы.
446-бап. Тауарлар мен көлік құралдарын тексеру
1. Кеден органы лауазымды адамдарының тауарлар мен көлік құралдарын, оның ішінде халықаралық почта жөнелтімдерін, жеке тұлғалардың багажын қарауы кедендік бақылаудағы тауарлардың сипаты, шығарылған жері, жай-күйі, мөлшері туралы, тауарларда, көлік құралдарында және олардың жүк тиелетін бөліктерінде кедендік пломбалардың, мөрлердің және басқа да қондырылған бірдейлендіру құралдарының бар екендігі туралы мәліметтерді растау үшін жүзеге асырылады.
2. Тауарлар мен көлік құралдарын тексеру - егер мұндай тексеру көлік құралы мен оның жүк тиелетін бөліктерін ашумен және тауарлардың орамаларын бұзумен байланысты болмаса, кедендік бақылау мақсаттары үшін тауарларды, жеке тұлғалардың багажын, көлік құралдарын, жүкке арналған ыдыстарды, кедендік пломбалардың, мөрлердің және өзге де тауарларды бірдейлендіру құралдарының бар-жоқтығын сырттай көзбен тексеру.
3. Кедендік бақылау аймағында тауарлар мен көлік құралдарын тексеру декларант, тауарлар мен көлік құралдарына қатысты өкілеттіктері бар өзге де адамдар және олардың өкілдері тексеру кезінде қатысуға тілек білдіретін жағдайларды қоспағанда, аталған адамдардың қатысуынсыз жүргізілуі мүмкін.
4. Тауарлар мен көлік құралдарын тексеру нәтижелері бойынша кеден органдарының лауазымды адамдары, егер мұндай тексерудің нәтижелері кедендік мақсаттарда пайдаланылатын болса, белгіленген нысан бойынша акт жасайды. Кеден органының лауазымды адамдары тауарлар мен көлік құралдарына қатысты өкілеттіктері бар адамның талабы бойынша акт жасауға міндетті. Кедендік қарау жүргізілгендігі туралы актінің екінші данасы тауарлар мен көлік құралдарына қатысты өкілеттіктері бар адамға тапсырылады.