3. Егер өтініште өзге мерзім көзделмесе, дара кәсіпкерді мемлекеттік тіркеу туралы куәлік мерзімсіз беріледі.
Дара кәсіпкерді мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің нысанын Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
4. Дара кәсіпкер мемлекеттік тіркеу үшін:
1) тіркеу органы белгілеген нысан бойынша өтінішін;
2) дара кәсіпкерлерді мемлекеттік тіркегені үшін алым сомасын бюджетке төлегенін растайтын құжатын тіркеу органына ұсынады.
Өзге құжаттарды талап етуге тыйым салынады.
Осы баптың 4-тармағында аталған құжаттар болған кезде тіркеу органы құжаттарды ұсынған күннен кейінгі келесі жұмыс күнінен кешіктірмей дара кәсіпкерді мемлекеттік тіркеуден өткізеді.
5. Жеке кәсіпкерлік субъектілерін мемлекеттік тіркегені (қайта тіркегені) үшін алым төлеу тәртібі Қазақстан Республикасының салық заңнамасында айқындалады.
6. Мемлекеттік тіркеу туралы куәлік беруге өтініште көрсетілген деректер өзгерген кезде дара кәсіпкер өзгерістер туралы осы орган белгілеген нысан бойынша тіркеу органына хабарлауға міндетті. Мемлекеттік тіркеу туралы куәлікте көрсетілген деректер өзгерген кезде дара кәсіпкер қайта тіркеуді жүзеге асыруға және жаңа куәлік алуға міндетті.
7. Дара кәсіпкер мемлекеттік тіркеу туралы куәлікті жоғалтқан жағдайда, оның өтініші бойынша оған мемлекеттік тіркеуді куәландыратын құжаттың телнұсқасы беріледі.
Мемлекеттік тіркеуді куәландыратын құжаттың телнұсқасын беру үшін дара кәсіпкерден Қазақстан Республикасының салық заңнамасында айқындалған тәртіппен алым алынады.
8. Бірлескен дара кәсіпкерлікті тіркеу кезінде өтінішті үшінші тұлғалармен және мемлекеттік органдармен қатынастарда мүдделерін білдіретін уәкілетті тұлға береді.
Мемлекеттік тіркеу туралы куәлік уәкілетті тұлғаға жазылады. Куәлікке тіркеу органының басшысы куәландырған бірлескен дара кәсіпкер мүшелерінің тізімі қоса беріледі.
9. Тіркеуші орган статистика бойынша уәкілетті органға дара кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеу туралы хабарламаны тіркеу күнінен бастап он күн мерзімде жібереді.
28-бап. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің банкроттығы,
оларды қайта ұйымдастыру және тарату
1. Жеке кәсіпкерлік субъектісі борышқордың сотқа өтініші немесе кредитордың, ал Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда өзге адамдардың сотқа өтініші негізінде сот шешімімен банкрот деп жарияланады.
Дара кәсіпкердің банкроттық рәсімі Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында көзделген кредиторлардың талаптарын қанағаттандырудың кезектілігі бөлігіндегі ерекшеліктермен заңды тұлғалар үшін белгіленген ережелер бойынша жүзеге асырылады.
2. Заңды тұлға болып табылатын жеке кәсіпкерлік субъектісін қайта ұйымдастыру немесе тарату жеке кәсіпкерліктің нақты ұйымдық-құқықтық нысаны үшін белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
3. Дара кәсіпкердің қызметі ерікті немесе мәжбүрлеу тәртібімен, сондай-ақ осы Заңда көзделген мән-жайлар туындаған жағдайда тоқтатылуы мүмкін.
Дара кәсіпкердің қызметі өзіндік кәсіпкерлік кезінде - дара кәсіпкер өз бетімен, бірлескен кәсіпкерлік кезінде - барлық қатысушылар бірлесіп қабылдаған шешім негізінде кез келген уақытта ерікті түрде тоқтатылады.
Бірлескен кәсіпкерлікті тоқтату туралы шешім, егер ол үшін оған қатысушылардың жартысы дауыс берсе, егер олардың арасындағы келісімде өзгеше көзделмесе, қабылданды деп саналады.
4. Жеке кәсіпкердің қызметі мынадай жағдайларда:
1) ол банкрот деп танылған;
2) тіркеу кезінде жіберілген жойылмайтын сипаттағы Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтарға байланысты дара кәсіпкерді тіркеу жарамсыз деп танылған;
3) қызметін күнтізбелік жыл ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасын бірнеше рет немесе өрескел бұза отырып жүзеге асырған жағдайларда соттың шешімі бойынша мәжбүрлеу тәртібімен тоқтатылады.
5. Осы бапта көзделген негіздемелерден басқа, дара кәсіпкердің қызметі мынадай жағдайларда:
1) өзіндік кәсіпкерлік - дара кәсіпкер әрекетке қабілетсіз деп танылған, қайтыс болды деп жарияланған немесе ол қайтыс болған жағдайда;
2) отбасылық кәсіпкерлік және жай серіктестік - егер осы тармақтың 1-тармақшасында аталған мән-жайлар болуы салдарынан бірлескен кәсіпкерлік қатысушысының біреуі қалған немесе бір де бірі қалмаған жағдайда, сондай-ақ некені бұзуға байланысты мүлікті бөлу кезінде тоқтатылады.
6. Дара кәсіпкердің қызметі оның (олардың) өтініші немесе соттың заңды күшіне енген шешімі негізінде Мемлекеттік тіркелімнен осындай кәсіпкерді (кәсіпкерлерді) алып тастаған кезден бастап тоқтатылды деп есептеледі.
Мемлекеттік тіркелімнен алып тастау дара кәсіпкерді мемлекеттік тіркеу туралы куәлікті тіркеу органына бергеннен кейін жүргізіледі.
7. Белгіленген жағдайларда тіркеусіз дара кәсіпкерлікті жүзеге асыру кезінде оны тоқтату ерікті сипатта болса - нақты тоқтатылған кезден бастап, мәжбүрлеп тоқтату кезінде тиісінше соттың шешімі заңды күшіне енген кезден бастап ол тоқтатылды деп есептеледі.
8. Орындалмаған міндеттемелері жоқ шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін Қазақстан Республикасының заңдарымен ерікті таратудың оңайлатылған тәртібі белгіленуі мүмкін.
7-тарау.
МЕМЛЕКЕТТІК ӘКІМШІЛІК ЕТУ
29-бап. Мемлекеттік әкімшілік етудің мақсаттары мен
түрлерi
1. Жеке кәсіпкерлікке мемлекеттік әкімшілік етудің мақсаттары жеке кәсіпкерлік субъектісі өндіретін және сататын өнімнің адамдар өмірі мен денсаулығына қауіпсіздігін, олардың мүлкін қорғауды, қоршаған ортаға қауіпсіздігін, Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, алдау практикасының алдын алу, табиғи және энергетикалық ресурстарды үнемдеу, ұлттық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру болып табылады.
2. Мемлекеттік әкімшілік етудің түрлері:
1) Қазақстан Республикасының заңдарымен жеке кәсіпкерлік өнімдеріне, процестеріне талаптар белгілеу;
2) сәйкестікті, тексеру, калибрлеу және сынақ зертханаларын (орталықтарын) растау жөніндегі органдарды аккредиттеу;
3) өнімнің жекелеген түрлерінің Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкестігін міндетті растау;
4) жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік бақылау;
5) жеке кәсіпкерліктің жекелеген түрлерін лицензиялау;
6) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жеке кәсіпкерлік субъектілерінің азаматтық-құқықтық жауаптылығын міндетті сақтандыру;
7) Қазақстан Республикасының заңдарымен жеке кәсіпкерлік субъектілерінің, мемлекеттік органдардың және олардың лауазымды адамдарының жауаптылығын белгілеу.
30-бап. Қазақстан Республикасының заңдарымен жеке
кәсіпкерлік өнімдеріне, процестеріне талаптар
белгілеу
Мемлекет Қазақстан Республикасының заңдарымен өнімдерге, процестерге жеке кәсіпкерліктің барлық субъектілері үшін орындауға міндетті талаптар белгілейді.
31-бап. Сәйкестікті, тексеру, калибрлеу және сынақ
зертханаларын (орталықтарын) растау жөніндегi
органдарды аккредиттеу
Сәйкестікті, тексеру, калибрлеу және сынақ зертханаларын (орталықтарын) растау жөніндегі органдарды аккредиттеу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүргізіледі.
32-бап. Өнімдердің жекелеген түрлерінің, процестердің
сәйкестігін міндетті растау
Өнімдердің жекелеген түрлерінің, процестердің сәйкестігін міндетті растау, егер бұл Қазақстан Республикасының техникалық реттеу туралы заңнамасында белгіленген мақсаттарға қол жеткізу үшін қажетті болса, белгіленеді.
33-бап. Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік бақылау
Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік бақылау, өнімдерге, процестерге Қазақстан Республикасының заңдарымен белгіленген талаптардың және өнімдердің жекелеген түрлерінің, процестердің сәйкестігін растау жөніндегі талаптардың орындалуы мемлекеттік әкімшілік ету мақсаттарына қол жеткізу үшін жеткіліксіз болған жағдайларда белгіленеді.
Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік бақылау осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында айқындалған тәртіппен жүзеге асырылады.
34-бап. Жеке кәсіпкерліктің жекелеген түрлерін
лицензиялау
1. Жеке кәсіпкерліктің жекелеген түрлерін лицензиялау Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Жеке кәсіпкерліктің жекелеген түрлерін лицензиялауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдар, егер жеке кәсіпкерлік субъектісі уәкілетті мемлекеттік органға оны алу үшін қажетті құжаттарды берген болса, жеке кәсіпкерлік субъектісіне мәлімделген қызмет түрін жүзеге асыруға лицензия беруге не Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңнамасында белгіленген мерзімдерде лицензия беруден негізді бас тартуға міндетті.
Егер мемлекеттік орган Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзімде жеке кәсіпкерлік субъектісіне лицензияны бермесе не жеке кәсіпкерлік субъектісіне лицензия беруден бас тартудың себебі туралы жазбаша хабарламаса, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзім өткен соң лицензия алынды деп есептеледі. Жеке кәсіпкерлік субъектісі мемлекеттік органға жазбаша хабарлай отырып, лицензия беру мерзімінің өтуіне байланысты өзі мәлімдеген кәсіпкерлік қызмет түрін жүзеге асыруға құқылы. Бұл жағдайда лицензиялау мақсатына қол жеткізу үшін жауаптылық толығымен мемлекеттік органға жүктеледі.
35-бап. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің
азаматтық-құқықтық жауаптылығын міндеттi
сақтандыру
Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің азаматтық-құқықтық жауаптылығын міндетті сақтандыру, егер осы Заңның 29-бабының 2-тармағында көрсетілген мемлекеттік әкімшілік ету түрлерін қолдану мемлекеттік әкімшілік ету мақсаттарына қол жеткізуді қамтамасыз етпейтін жағдайларда Қазақстан Республикасының заңдарымен белгіленеді.
36-бап. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің, мемлекеттік
органдар мен олардың лауазымды адамдарының
жауаптылығын белгілеу
Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің, мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды адамдарының жауаптылығы Қазақстан Республикасының заңдарымен белгіленеді.
8-тарау.
ЖЕКЕ КӘСІПКЕРЛІКТІ МЕМЛЕКЕТТІК БАҚЫЛАУ
37-бап. Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік бақылаудың
негізгі принциптері мен міндеттерi
1. Қазақстан Республикасындағы жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік бақылау:
1) заңдылық;
2) жеке кәсіпкерлік субъектілерінің адалдық презумпциясы;
3) жариялылық;
4) бәрінің заң мен сот алдындағы теңдігі;
5) тексеру жүргізу кезеңінде жеке кәсіпкерлік субъектісі жұмыс режимінің бұзылуына жол бермеу;
6) мемлекеттік органдар лауазымды адамдарының кәсіби біліктілігі мен құзыреттілігі;
7) лауазымды міндеттерін орындамағаны не тиісінше орындамағаны және олардың өз өкілеттіктерін асыра пайдаланғаны үшін мемлекеттік органдар лауазымды адамдарының жауаптылығы принциптеріне негізделеді.
2. Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік бақылаудың негізгі міндеті экономикалық қауіпсіздікті, алдау практикасының алдын алуды, табиғи және энергетика ресурстарын үнемдеуді, ұлттық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруды қоса алғанда, жеке кәсіпкерлік субъектісі өндіретін және сататын өнімдердің адамдар өмірі мен денсаулығына қауіпсіздігін, олардың мүлкін қорғауды, қоршаған ортаға қауіпсіздігін, Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады.
3. Мемлекеттік органдар осы Заңның қосымшасына сәйкес өздеріне жүктелген бақылау және қадағалау функцияларына сәйкес жеке кәсіпкерлікті бақылауды жүзеге асырады.
4. Мемлекеттік органдарға жеке кәсіпкерлік субъектілеріне тексеру жүргізу тәртібі мәселелері бойынша заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілер қабылдауға тыйым салынады.
38-бап. Жеке кәсіпкерлік субъектілерін тексерудi
ұйымдастыру мен жүргізудің жалпы тәртібi
1. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің қызметін тексеру осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Тексеру мемлекеттік органның тексеруді тағайындау туралы актісі негізінде жүргізіледі.
Тексеруді тағайындау туралы актіде:
1) актінің нөмірі мен күні;
2) мемлекеттік органның атауы;
3) тексеру жүргізуге уәкілетті адамның (адамдардың) тегі, аты, әкесінің аты және лауазымы;
4) тексерілетін жеке кәсіпкерлік субъектісінің атауы немесе тексеру жүргізу тағайындалған дара кәсіпкердің тегі, аты, әкесінің аты, оның орналасқан жері, салық төлеушінің тіркеу нөмірі;
5) тағайындалған тексерудің мәні;
6) тексерудің басталған және аяқталған күні;
7) тексеру жүргізудің құқықтық негіздері, оның ішінде міндетті талаптары тексеруге жататын нормативтік құқықтық актілер;
8) тексерілетін кезең;
9) актіге қол қоюға уәкілетті адамның қолы және мемлекеттік органның мөрі көрсетіледі.
3. Тексеруді тағайындау туралы акті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өз құзыреті шегінде құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы статистикалық қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік органда (бұдан әрі - құқықтық статистика жөніндегі орган) міндетті түрде тіркеледі.
4. Объектіге тексеру үшін келген мемлекеттік органдардың лауазымды адамдары:
1) құқықтық статистика жөніндегі органда тіркеу туралы белгі қойылған тексеруді тағайындау туралы актіні;
2) қызметтік куәлігін;
3) қажет болғанда режимді объектілерге баруға құзыретті органның рұқсатын;
4) мемлекеттің органның басшысы бекіткен тексеру жоспарын;
5) объектілерге бару үшін болуы қажет медициналық рұқсаттаманы көрсетуге міндетті.
5. Тексеруді тағайындау туралы актіні тексерілетін жеке кәсіпкерлік субъектісіне берген сәттен бастап тексеру жүргізу басталды деп есептеледі.
6. Тексеруді тағайындау туралы актіні қабылдаудан бас тартқан немесе тексеруді жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарының тексеру жүргізуге қажетті материалдарға қол жеткізуіне кедергі келтірілген жағдайда хаттама жасалады. Хаттамаға тексеруді жүзеге асыратын мемлекеттік органның лауазымды адамы және тексерілетін жеке кәсіпкерлік субъектісінің уәкілетті адамы қол қояды.
Тексерілетін жеке кәсіпкерлік субъектісінің уәкілетті адамы бас тарту себебі туралы жазбаша түсініктеме беріп, хаттамаға қол қоюдан бас тартуға құқылы. Тексеруді тағайындау туралы актіні алудан бас тарту тексеру жүргізбеуге негіз болып табылмайды.
7. Тексеруді тағайындау туралы актіде көрсетілген лауазымды адам (адамдар) ғана тексеру жүргізе алады.
8. Аумақтық мемлекеттік органдар тексеру жүргізген жеке кәсіпкерлік субъектілері көрсетілген органдардың қызметін тексеру шеңберінде қайта тексерілуі мүмкін.
9. Тексерулерді ұйымдастыру мен жүргізу тәртібінің ерекшеліктері, тексеру түрлері, олардың мерзімділігі мен ұзақтығы жеке кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың қызметін реттейтін Қазақстан Республикасының заңдарымен айқындалады.
10. Тексеру жүргізу мерзімі отыз күнтізбелік күннен аспауға тиіс, ерекше жағдайларда арнайы зерттеулер, сынақтар, сараптамалар жүргізу қажет болғанда, сондай-ақ тексеру көлемінің ауқымды болуына байланысты мемлекеттік бақылау органының басшысы (не оны ауыстыратын адам) тексеру жүргізудің мерзімін ұзартуы мүмкін, бірақ ол отыз күнтізбелік күннен аспауға тиіс.
Тексеру мерзімі ұзартылған жағдайда мемлекеттік орган міндетті түрде құқықтық статистика органында тіркеу арқылы тексеруді ұзарту туралы қосымша актіні ресімдейді, онда тексеруді тағайындау туралы алдыңғы актінің нөмірі мен тіркелген күні және ұзартудың себебі көрсетіледі.
Тексеруді тағайындау туралы бір актінің негізінде бір ғана тексеру жүргізіледі.
11. Тексеруді тағайындау туралы акті тек бір ғана жеке кәсіпкерлік субъектісіне рәсімделеді.
12. Зерттеулер (сынақтар), сараптамалар жүргізу үшін өнімнің (сынамалардың) үлгілерін іріктеу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүргізіледі.
13. Тексерудің нәтижелері бойынша тексеруді жүзеге асыратын мемлекеттік органның лауазымды адамы екі данада тексеру нәтижелері туралы акті жасайды.
Тексеру нәтижелері туралы актіде:
1) актінің жасалған күні, уақыты және орны;
2) тексеруді жүргізген мемлекеттік органның атауы;
3) соның негізінде тексеру жүргізілген тексеруді тағайындау туралы актінің күні мен нөмірі;
4) тексеру жүргізген адамның (адамдардың) тегі, аты, әкесінің аты және лауазымы;
5) тексерілетін жеке кәсіпкерлік субъектісінің атауы немесе дара кәсіпкердің тегі, аты, әкесінің аты, тексеруді жүргізу кезінде қатысқан заңды тұлға өкілінің немесе дара кәсіпкер өкілінің тегі, аты, әкесінің аты, лауазымы;
6) тексерудің жүргізілген күні, орны және кезеңі;
7) тексерудің нәтижелері туралы, оның ішінде анықталған бұзушылықтар туралы, олардың сипаты туралы мәліметтер;
8) заңды тұлға немесе дара кәсіпкер өкілінің, сондай-ақ тексеруді жүргізу кезінде қатысқан адамның актімен танысуы туралы немесе танысудан бас тартуы туралы мәліметтер, олардың қолы немесе қол қоюдан бас тартуы туралы;
9) тексеруді жүргізген лауазымды адамның (адамдардың) қолы көрсетіледі.
Тексерудің нәтижелері туралы актіге олар болған жағдайда өнімнің үлгілерін (сынамаларын) іріктеу, қоршаған орта объектілерін зерттеу туралы актілер, жүргізілген зерттеулердің (сынақтардың) және сараптамалардың хаттамалары (қорытындылары) және тексеру нәтижелерімен байланысты басқа да құжаттар немесе олардың көшірмелері қоса беріледі.
14. Тексерудің нәтижелері бойынша ескертулер және (немесе) қарсылықтар болған жағдайда, жеке кәсіпкерлік субъектісінің басшысы немесе дара кәсіпкер немесе олардың өкілдері оларды жазбаша түрде белгілейді.
Ескертулер және (немесе) қарсылықтар тексеру жүргізудің нәтижелері туралы актіге қоса беріледі, ол туралы тиісті белгі жасалады.
15. Жеке кәсіпкерлік субъектісінде түпнұсқа ретінде болатын құжаттардың көшірмелерін қоспағанда, қосымшаларының көшірмелері бар тексерудің нәтижелері туралы актінің бір данасы танысу және анықталған бұзушылықтарды жою жөніндегі шараларды және басқа да іс-қимылдарды қабылдау үшін жеке кәсіпкерлік субъектісінің басшысына немесе дара кәсіпкерге немесе олардың өкілдеріне тапсырылады.
16. Тексеру нәтижесінде анықталған бұзушылықтар бойынша жеке кәсіпкерлік субъектісі үш күндік мерзімде қарсылықтар болмағанда тексеруді жүргізген мемлекеттік органның басшысымен келісілген мерзімдерді көрсете отырып, анықталған бұзушылықтарды жою жөнінде қабылданатын шаралар туралы ақпарат беруге міндетті.
17. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің келушілер мен тексерулерді есепке алу кітабын жүргізуге құқығы бар. Мемлекеттік органдардың лауазымды адамдары жеке кәсіпкерлік субъектілерінің келушілер мен тексерулерді есепке алу кітабында тегін, лауазымдарын және актіде баяндалған деректерді көрсете отырып, жүргізілген іс-қимылдар туралы жазба жасауға міндетті.
18. Осы баптың қолданысы тексерулер жүргізуге байланысты мынадай:
1) азаматтық-құқықтық қатынастардан туындайтын міндеттемелерді орындау жөніндегі;
2) жедел-іздестіру іс-шаралары, анықтау, алдын ала тергеу, прокурорлық қадағалау және атқарушылық іс жүргізу шеңберінде;
3) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өту кезіндегі;
4) жеке кәсіпкерлік субъектісінің бастамасы бойынша;
5) Қазақстан Республикасының салық, кеден және қаржы заңнамасын сақтау жөніндегі;
6) білім беру саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтау жөніндегі қатынастарға қолданылмайды.
19. Өнімнің адамдар өмірі мен денсаулығына қауіпсіздігі және мүлікті сақтау саласындағы бақылау Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тексеруді тағайындау туралы актісіз жүзеге асырылады.
Жеке кәсіпкерлік субъектісіне бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік органның қызметкерлерін бекіту жеке кәсіпкерлік субъектісіне бірінші барған кезде табыс етілетін жазбаша хабарламаның негізінде жүргізіледі.
20. Түпнұсқалық бухгалтерлік және өзге де құжаттарды алып қоюға және алуға Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларда жол беріледі.
21. Тексеру жүргізілген кезде Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылық болмаған жағдайда актіге тексеру нәтижелері жөнінде тиісті жазба жасалады.
22. Тексерілетін жеке кәсіпкерлік субъектісіне тексеруді тағайындау туралы актіде көрсетілген тексеруді аяқтау мерзімінен кешіктірілмей тексеру нәтижелері туралы актінің тапсырылған күні тексеру мерзімінің аяқталуы деп есептеледі.
23. Иесі бүркемеленген өтініштер жоспардан тыс тексеру жүргізуге негіз бола алмайды.
Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленбеген өзге тексеру түрлерін жүргізуге тыйым салынады.
39-бап. Жеке кәсіпкерлікті бақылауды жүзеге асыру
кезіндегі мемлекеттік органдардың лауазымды
адамдарының құқықтары мен міндеттерi
1. Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік бақылауды жүргізу кезінде мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарының:
1) осы Заңның 38-бабының 4-тармағында көрсетілген құжаттарды көрсеткен кезде тексерілетін объектінің аумағына және үй-жайларына кедергісіз кіруге;
2) қағаз және электронды жеткізгіштердегі құжаттарды (мәліметтерді) не олардың көшірмелерін тексеру нәтижелері туралы актіге қосу үшін алуға, сондай-ақ тексерудің міндеттері мен мәніне сәйкес автоматтандырылған деректер қорына (ақпараттық жүйелерге) қол жеткізуге құқығы бар.
2. Тексеруді жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарына тексеру мәніне жатпайтын талаптар қоюға және өтініш жасауға тыйым салынады.
3. Мемлекеттік бақылауды жүргізу кезінде мемлекеттік органдардың лауазымды адамдары:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасын, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделерін сақтауға;
2) тексеруді осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген негізде және тәртіппен қатаң сәйкестікте жүргізуге;
3) тексеру жүргізу кезеңінде жеке кәсіпкерлік субъектісінің белгіленген жұмыс режиміне кедергі келтірмеуге;
4) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген талаптарды бұзушылықтың алдын алу, анықтау және жолын кесу бойынша Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес берілген өкілеттіктерді уақтылы және толық көлемде орындауға;
5) тексеру жүргізу кезінде жеке кәсіпкерлік субъектісінің қатысуына кедергі келтірмеуге, тексеру мәніне жатқызылған мәселелер бойынша түсініктер беруге;
6) тексеру жүргізу кезінде жеке кәсіпкерлік субъектісіне тексерудің мәніне қатысты қажетті ақпарат беруге;
7) тексеру аяқталған күні жеке кәсіпкерлік субъектісіне жүргізілген тексерудің нәтижелері туралы актіні беруге;
8) алынған құжаттардың және тексеру жүргізудің нәтижесінде алынған мәліметтердің сақталуын қамтамасыз етуге міндетті.
40-бап. Мемлекеттік бақылауды жүргізу кезіндегі жеке
кәсіпкерлік субъектісінің құқықтары мен
міндеттерi
1. Жеке кәсіпкерлік субъектілері жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік бақылауды жүргізу кезінде:
1) егер:
осы Заңның 38-бабының 4-тармағында көрсетілген құжаттар табыс етілмеген;
лауазымды адамдар тексеруді тағайындау туралы актіде көрсетілмеген;
тексеруді бастау күні басталмаған немесе өтіп кеткен;
тексеруді тағайындау туралы акті осы Заңның 38-бабының 2-тармағына сәйкес ресімделмеген жағдайда объектіге тексеру жүргізу үшін келген мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарын тексеруге жібермеуге;
2) егер жүргізілетін тексерудің мәніне жатқызылмаған немесе актіде көрсетілген кезеңге жатқызылмаған болса, мәліметтер бермеуге;
3) тексеруді тағайындау туралы актіге және тексерудің нәтижелері туралы актіге және мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарының іс-әрекетіне (әрекетсіздігіне) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағым жасауға;
4) мемлекеттік органдардың немесе лауазымды адамдардың жеке кәсіпкерлікті шектейтін заңға негізделмеген тыйым салуларын орындамауға құқылы.
2. Мемлекеттік органдар мемлекеттік бақылауды жүргізген кезде жеке кәсіпкерлік субъектілері:
1) осы Заңның 38-бабы 4-тармағының талаптары сақталған кезде тексерілетін объектінің аумағына және үй-жайларына мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарының кедергісіз өтуін қамтамасыз етуге;
2) осы Заңның 11-бабының талаптарын сақтай отырып, тексеруді жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарына қағаз және электронды жеткізгіштердегі құжаттарды (мәліметтерді) не олардың көшірмелерін тексерудің нәтижелері туралы актіге қосу үшін табыс етуге, сондай-ақ тексерудің міндеттері мен мәніне сәйкес автоматтандырылған деректер қорына (ақпараттық жүйелерге) қол жеткізуіне мүмкіндік беруге;
3) тексеруді тағайындау туралы актінің екінші данасында алғаны жөнінде туралы белгі жасауға міндетті.
41-бап. Мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын
мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды
адамдарының шешімдеріне, іс-әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағымдану тәртібi
1. Мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру кезінде жеке кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған жағдайда жеке кәсіпкерлік субъектісі тиісті органның және (немесе) лауазымды адамның іс-әрекетіне (әрекетсіздігіне) жоғары тұрған мемлекеттік органға не Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сотқа шағымдануға құқылы.
2. Жеке кәсіпкерлік субъектісінің қылмыстық істі қозғаумен және тексеру жүргізумен байланысты мемлекеттік органдардың іс-әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағымдануы Қазақстан Республикасының қылмыстық іс жүргізу заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
9-тарау.
МЕМЛЕКЕТТІК БАҚЫЛАУДЫ, ЛИЦЕНЗИЯЛАУДЫ ЖӘНЕ
АККРЕДИТТЕУДІ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ КЕЗІНДЕ МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАР МЕН
ЛАУАЗЫМДЫ АДАМДАРДЫҢ ЖАУАПТЫЛЫҒЫ
42-бап. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары
мен заңды мүдделерін бұзғаны үшін жауаптылықтың
жалпы негіздері мен нысандары
1. Мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды адамдары осы Заңның 29-бабының 1-тармағында белгіленген мемлекеттік әкімшілік етудің мақсатына қол жеткізбеген мемлекеттік бақылауды, лицензиялауды және аккредиттеуді жүзеге асыру кезінде өз қызметтік міндеттерін орындамаған немесе тиісінше орындамаған жағдайда, сондай-ақ өзге де құқыққа қайшы іс-әрекеттер (әрекетсіздік) жасағанда Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.