Тұрғын үй қатынастары туралы 1997 жылғы 16 сәуірдегі № 94-1
Қазақстан Республикасының Заңы
(2007.22.05. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)
Осы редакция 2007 ж. 6 шілдедегі енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
1 Бөлiм (1 - 10 баптар)
1-тарау. Жалпы ережелер (1 - 10 баптар)
2 Бөлім (11 - 30 баптар)
2-тарау. Тұрғын үйге жеке меншік құқығын алу (11 - 17 баптар)
3-тарау. Тұрғын үйге жеке меншік құқығының мазмұны (18 - 22 баптар)
және оны жүзеге асыру шарттары
4-тарау. Жеке тұрғын үй қорындағы тұрғын (23 - 27 баптар)
ұйлерді жалдау
5-тарау. Тұрғын үйге жеке меншік құқығының (28 - 30 баптар)
тоқтатылуы
3 Бөлім (31 - 66 баптар)
6-тарау. Кондоминиум (31 - 41 баптар)
7-тарау. Кондоминиум объектісін басқару (42 - 51 баптар)
8-тарау. Тұрғын үй жӘне тұрғын үй-құрылыс (52 - 66 баптар)
кооперативтері
4 Бөлiм (67 - 114 баптар)
9-тарау. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан (67 - 70 баптар)
тұрғын үй беру
10-тарау. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан (71 - 79 баптар)
тұрғын үй беру тәртібі
11-тарау. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан үйлерді (80 - 96 баптар)
жалдаушылардың құқықтары мен міндеттері
12-тарау. Мемлекеттік тұрғын үй қорындағы тұрғын (97 - бап)
үйлерге және коммуналдық қызметтерге
ақы төлеу
13-тарау. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй (98 - 101 баптар)
берудің және оны пайдаланудың ерекшеліктері
14-тарау. Мемлекеттік тұрғын үй қорындағы тұрғын (102 - 108 баптар)
үйлерді пайдалану құқығын тоқтату және
олардан шығару
15-тарау. Қызметтік тұрғын үйлерді және мемлекеттік (109 - 114 баптар)
тұрғын үй қорының жатақханаларындағы тұрғын
бөлмелерді пайдалану
5 Бөлiм (115 - 116 баптар)
16-тарау. Тұрғын үй беру жөніндегі шарттық (115 - 116 баптар)
міндеттемелер
6 Бөлiм (117 - 121 баптар)
17-тарау. Өтпелі ережелер (117 - 121 баптар)
1 Бөлiм
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңдары
1. Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңы азаматтардың, заңды тұлғалардың, мемлекеттік органдардың қатысуымен:
1) тұрғын үйлерге меншiк құқығының және оларды пайдалану құқығының пайда болуы мен тоқтатылу негiздерiне;
2) тұрғын үйлердi пайдалану құқығының жүзеге асырылуына;
3) тұрғын үйлерге қойылатын талаптарға;
4) тұрғын үй қорларының сақталуы мен жөнделуiнiң қамтамасыз етiлуiне;
5) азаматтардың тұрғын үй саласындағы құқықтарының сақталуын және тұрғын үй қорының пайдаланылуын мемлекеттік органдардың бақылауына байланысты қатынастарды реттейдi.
2. Қазақстан Республикасында тұрғын үй қатынастары осы Заңмен, Азаматтық кодекс нормаларымен және соларға сәйкес шығарылатын өзге де заңдармен реттеледi.
3. Тұрғын үй құрылысын қаржыландыруға, тұрғын үй қорының дамытылуы мен ұлғайтылуына байланысты қатынастар осы Заңда белгiленген талаптарды ескере отырып, тиiстi заңдармен реттеледi.
4. Мейманханаларда, пансионаттарда, интернаттарда, қарттар үйлерiнде және осындай мақсаттағы басқа да үй-жайларда тұру заңдарымен реттеледi.
07.06.99 ж. № 391-I ; 2006.07.07 № 182-III (бұр.ред.қара); 2007.15.05. № 253-III (бұр.ред.қара) ; 2007.22.05. № 255-III (бұр.ред. қара) ҚР Заңдарымен 2-бап өзгертілді
2-бап. Негiзгi терминдер мен анықтамалар
Осы Заңда қолданылатын терминдер мен анықтамалар мыналарды бiлдiредi:
тұрғын үй қоры - Қазақстан Республикасы аумағындағы барлық меншiк нысандарындағы тұрғын үйлер;
тұрғын үй - тұрақты тұруға арналған және соған пайдаланылатын, белгiленген техникалық, санитариялық және басқа да мiндеттi талаптарға сай келетiн жеке тұрғын үй (жеке-дара тұрғын үй, пәтер, жатақханадағы бөлме);
тұрғын үй (тұрғын жай) - негiзiнен тұрғын үй-жайлардан, сондай-ақ тұрғын емес үй-жайлардан және жалпы мүлiк болып табылатын өзге де бөлiктерден тұратын құрылыс;
қызметтiк тұрғын үй - азаматтардың еңбек қатынастарының сипатына байланысты өз мiндеттерiн орындауы кезеңiнде оларды қоныстандыруға арналған айрықша құқықтық режимдегi тұрғын үй;
қызметтiк тұрғын үйлерге теңестiрiлген тұрғын үйлер мемлекеттік тұрғын үй қорынан мемлекеттік қызметшiлерге, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлерiне, әскери қызметшiлерге және мемлекеттік сайланбалы қызмет атқаратын адамдарға берiлетiн тұрғын үйлер;
жатақхана - еңбек шарты бойынша жұмыс iстейтiн адамдардың, оқу кезеңiнде студенттер (курсанттар, аспиранттар) мен оқушылардың, сондай-ақ жатақхананың меншiк иесiмен немесе қожайынымен еңбек шарты бар басқа да адамдардың тұруы үшiн арнайы салынған немесе қайта жабдықталған тұрғын жай;
үй-жай - тұрғын үйдегi (тұрғын жайдағы) жеке iшкi кеңiстiк. Үй-жай қабырғасының, еденiнiң және төбесiнiң (қабатаралық жабынның) iшкi бөлiнбеген бетi, егер заңдарда немесе меншiк иелерi арасындағы келісімде өзгеше көзделмесе, әрбiр үй-жайдың шекарасы болып табылады;
тұрғын үй-жай (пәтер) - тұрақты тұруға арналған және соған пайдаланылатын, тұрғын үйдiң тұрғын алаңын да, тұрғын емес алаңын да қамтитын жеке үй-жай;
тұрғын емес үй-жай - тұрғын үйдiң (тұрғын жайдың) ортақ мүлiк болып табылатын бөлiгiн қоспағанда, тұрақты тұрудан өзге мақсаттарға пайдаланылатын жеке үй-жай (дүкен, кафе, шеберхана, кеңсе және сол сияқтылар);
тұрғын алаң - тұрғын үйдегi (пәтердегi) тұрғын бөлмелердiң (жатын бөлменiң, мейманжайдың, балалар бөлмесiнiң, үйдегi кабинеттiң және сол сияқтылардың) шаршы метрмен есептелетін алаңының қосындысы;
тұрғын үйдiң тұрғын емес алаңы - тұрғын үй-жайдағы iшкi қосалқы бөлмелердiң (ас үйдiң, ванна бөлмесiнiң, дәретхананың, кiреберiстiң, дәлiздiң, пәтер қоймасының және тағы басқаларының) шаршы метрмен есептелетiн алаңы;
тұрғын үйдiң (пәтердiң) пайдалы алаңы - тұрғын үйдiң тұрғын алаңы мен тұрғын емес алаңының қосындысы;
тұрғын үйдiң (тұрғын жайдың) жалпы алаңы - тұрғын үйдегi бүкiл тұрғын үй жайлардың пайдалы алаңы мен бүкiл тұрғын емес үй-жайлар алаңының, сондай-ақ тұрғын үйдiң ортақ мүлiк болып табылатын бөлiктерi алаңының қосындысы;
ортақ мүлiк - тұрғын үйдiң бөлек меншiктегi үй-жайлардан басқа барлық бөлiктерi. Ортақ мүлiк құқығы заңдарда көзделген жер учаскесiне құқықты да қамтиды;
шектеулi пайдаланылатын ортақ мүлiк - ортақ мүлiктiң жеке меншiк иесiнiң (меншiк иелерiнiң) пайдалануына белгiленген ретпен берiлетiн жекелеген бөлiктерi;
жер учаскесi - тұрғын үйге заңдарда белгiленген тәртiппен бекiтіліп берiлген жер аумағы;
кондоминиум - үй-жай жеке, заңды тұлғалардың, мемлекеттiң бөлек (жеке-дара) меншiгiнде болатын, ал ортақ мүлiк оларға ортақ үлестi меншiк құқығымен тиесiлi болатын жағдайда бiрыңғай мүлiктiк кешен ретіндегі (бұдан әрi - кондоминиум объектiсi) жылжымайтын мүлiкке меншiктiң ерекше нысаны;
үй-жайлар иелерiнiң кооперативi - көп пәтерлi тұрғын үйдегi (үйлердегi) үй-жайлар (пәтерлер) иелерiнiң кондоминиум объектiсiн басқару мақсатындағы коммерциялық емес бiрлестiгi;
бөлек (өзiндiк) меншiк - қозғалмайтын мүлiкке меншiктiң ерекше нысаны - кондоминиум құрылған тұрғын жай (тұрғын үй) құрамындағы үй-жайға азаматтардың, заңды тұлғалардың немесе мемлекеттiң меншiгi;
тұрғын үй кооперативi (тұрғын үй-құрылыс кооперативi) азаматтардың тұрғын үйдi сатып алу (салу) және пайдалану мақсатындағы коммерциялық емес бiрлестiгi, онда тұрғын үйдi меншiктену құқығы кооперативке тиесiлi болады, ал кооперативке мүше азаматтар өздерiне бекiтіліп берiлген үй-жайларды иелену және пайдалану құқығына, ал жекелеген жағдайларда - белгiленген тәртiппен билiк ету құқығына ие болады және тұрғын үйдi күтiп ұстау шығынына қатысады;
тұрғын үйдi жалдау (жалға беру) - жалдаушыға (жалға алушыға) тұрғын үйдi немесе оның бiр бөлiгiн ақы төлеттiрiп тұрақты немесе уақытша иеленуге және пайдалануға беру;
тұрғын үйдi жалдау (жалға беру) шарты - (жалға берушi) тұрғын үйдi не оның бiр бөлiгiн жалдаушыға (жалға алушыға) тұрақты немесе уақытша иелену және пайдалану құқығын осы шартқа сәйкес бередi;
жалға берушi - тұрғын үйдi жалдау шартындағы тұрғын үйдi меншiктенушi немесе меншiк иесi атынан iс-қимыл жасаушы болып табылатын тарап;
жалдаушы (жалға алушы) - тұрғын үйдi жалдау шартындағы тұрғын үйдi немесе оның бiр бөлiгiн тұрақты немесе уақытша пайдалануға алушы тарап;
табысы аздар - мемлекеттік тұрғын-үй қорынан тұрғын үй берудi сұрар алдындағы соңғы он екi айда отбасының әрбiр мүшесiне шаққандағы жиынтық айлық табысы заңдарда осы мақсаттар үшiн белгiленген ең төменгi күнкөрiс деңгейiне жетпейтiн адамдар;
толық емес отбасы - балаларды (баланы) ата-ананың бiреуi, соның iшiнде ажырасқан, жесiр ата-ана тәрбиелейтiн отбасы;
көп балалы отбасы - бiрге тұратын (соның iшiнде уақытша басқа жақта жүрген) кәмелетке толмаған төрт және одан да көп балалары бар отбасы;
әскери қызметшілер - Қарулы Күштерде, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарда әскери қызметте тұрған Қазақстан Республикасының азаматтары;
репатрианттар - Қазақстан Республикасында тұрақты тұру үшiн басқа мемлекеттерден тарихи отанына қайтып оралушы адамдар;
тұрғын үйдi реквизициялау - төтенше оқиғалар жағдайында мемлекеттік органдардың шешiмi бойынша меншiк иесiнен тұрғын үйдi заң актілерінде белгiленген тәртiппен мәжбүр етiп алып, алынған тұрғын үйдiң құнын, не Қазақстан Республикасының заң актілеріне қайшы келмейтiн өзге де өтем түрлерiн төлеу;
тұрғын үйдi жекешелендiру - азаматтардың мемлекеттік тұрғын үй қоры үйлеріндегі өздерi тұратын үй-жайларды меншiгiне сатып алуы, ол заңдарға сәйкес жүзеге асырылады;
тұрғын үйдiң құны - тұрғын үйдiң мәмiле жасалған күнi белгiленетiн нарықтық құны;
коммуналдық қызметтер - тұрғын үйде (тұрғын жайда) көрсетiлетін және сумен жабдықтауды, канализацияны, газбен, электрмен, жылумен жабдықтауды, қоқысты әкету мен лифт қызметiн көрсетудi қамтитын қызметтер;
уақытша тұрғындар - жалдаушы (тұрғын үйдiң меншiк иесi, тұрғын үй кооперативiнiң мүшесi) тұрғын үйдi пайдаланғаны үшiн олардан ақы алмай, тұрғын үйде уақытша тұру құқығын берген азаматтар;
тұрғын үйдi ұстауға жұмсалатын шығындар - тұрғын үйдi пайдалануға, оны ағымдағы және күрделi жөндеуден өткізуге, сондай-ақ жер учаскесiн ұстауға қажет төлемдер қосындысы.
жалға берілетін үй - жеке және (немесе) заңды тұлғаға меншік құқығымен тиесілі тұрғын үй (тұрғын жай), жалға беруге арналған тұрғын үй-жайлар (пәтерлер);
тұрғын үйді қосымша жалдау шарты - тараптардың шарты, оған сәйкес жалдаушы қосымша жалдаушыға тұрғын үйді не оның бір бөлігін тұрақты немесе уақытша иелену және пайдалану құқығын береді;
қосымша жалдаушы - тұрғын үйді қосымша жалдау шартындағы тұрғын үйді немесе оның бір бөлігін жалдаушыдан тұрақты немесе уақытша пайдалануға алатын тарап.
3-бап. Қазақстан Республикасының тұрғын үй қоры
1. Қазақстан Республикасының тұрғын үй қоры мыналарды қамтиды:
1) жеке тұрғын үй қоры - азаматтар мен заңды тұлғаларға меншiк құқығымен тиесiлi, мемлекеттік емес меншiк нысанына негiзделген тұрғын үйлер;
2) мемлекеттік тұрғын үй қоры - меншiк құқығымен мемлекетке қарасты және жергiлiктi атқарушы органдардың қарамағындағы (мемлекеттік коммуналдық тұрғын үй қоры) не мемлекеттік кәсiпорын қарамағындағы (мемлекеттік кәсiпорынның тұрғын үй қоры) тұрғын үйлер.
2. Тұрғын үй қорына тұрғын үйлердегi тұрғын емес үй-жайлар кiрмейдi.
3. Жеке тұрғын үй қорының және мемлекеттік кәсiпорындардың тұрғын үй қорының үйлеріндегі тұрғын үй-жайларды жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдардың немесе өзге де ұйымдардың мәжбүр етiп алуына, осы Заңда және басқа заң актілерінде көзделгендегiден басқа жағдайларда тыйым салынады.
2004.20.12 № 13-III Заңымен 4-бап өзгертілді (бұр. ред. қара) (2005.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
4-бап. Тұрғын үйлердi пайдалану
1. Тұрғын үйдi (тұрғын үй-жайды) немесе оның бiр бөлiгiн тұрғын емес мақсатқа пайдалануға осы Заңда көзделген жағдайларда жол берiледi.
2. Тұрғын үйдi пайдалану оның бұзылуына немесе бүлiнуiне әкелiп соқпауға, басқа тұрғындардың тұру жағдайларын бұзбауға, қоршаған ортаға залал келтiрмеуге тиiс.
3. Тұрғын үйдегi тұрғын үй-жайлар мен тұрғын емес үй-жайларды қайта жабдықтау мен қайта жоспарлауды үй-жай иесiнiң келісімiмен және жобаның құрылыс нормалары мен ережелерiне сәйкес келуiне жауап беретiн заңды немесе жеке тұлға орындаған жоба болған жағдайда жүзеге асыруға болады. Жобаның мiндеттi талаптарға сәйкестiгiн Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi жөніндегі уәкiлеттi мемлекеттік орган растайды.
Үй-жайларды қайта жабдықтау және қайта жоспарлау жөнiнде нақты атқарылатын жұмыстардың жобаға сәйкестiгi үшiн заңдарда белгiленген тәртiппен меншiк иесi мен жұмысты атқарушы жауап бередi.
Үй-жайларды қайта жабдықтау және қайта жоспарлау басқа меншiк иелерiнiң мүдделерiн қозғайтын жағдайда олардың алдын-ала жазбаша келісімi талап етiледi.
5-бап. Тұрғын үйдi бiрлесiп пайдалану
Үй-жайлардың иелерi (азаматтар, заңды тұлғалар, мемлекет) тұрғын үйдi бiрлесiп пайдалану үшiн заңдарда тыйым салынбаған кез келген бiрлестiкке бiрiгуге құқылы.
6-бап. Тұрғын үй қорын басқару
Тұрғын үй қорын басқаруды меншiк иесi тiкелей, не өзi құратын (тағайындайтын, сайлайтын) органдар арқылы, сондай-ақ сенім бiлдiрiлген адамдар арқылы жүзеге асырады.
7-бап. Қазақстан Республикасының тұрғын үй қорын
мемлекеттік есепке алу
Қазақстан Республикасының тұрғын үй қорын мемлекеттік есепке алу, оның кiмге тиесiлi екенiне қарамастан, Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейтiн тәртiппен Қазақстан Республикасы үшiн бiрыңғай жүйе бойынша жүзеге асырылады.
8-бап. Тұрғын үй дауларын шешу
1. Тұрғын үйге құқықтық қатынастардан туындайтын дауларды сот шешедi.
2. Азаматтарды және заңды тұлғаларды олардың тұратын тұрғын үй-жайларынан тек осы Заңда белгiленген негiздемелер бойынша, сот тәртібімен ғана шығаруға болады.
9-бап. Шетелдiк заңды тұлғалардың, шетелдiктердiң
және азаматтығы жоқ адамдардың тұрғын үй
қатынастарындағы құқықтары мен мiндеттерi
1. Қазақстан Республикасында шетелдiк заңды тұлғалар мен шетелдiктер, егер Қазақстан Республикасының заң актілерінде өзгеше белгiленбеген болса, тұрғын үй қатынастарында Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларымен және азаматтарымен бiрдей құқықтарды пайдаланады және сондай мiндеттердi мойнына алады.
2. Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын азаматтығы жоқ адамдар тұрғын үй қатынастарында Қазақстан Республикасының азаматтарымен тең құқықтарды пайдаланады және сондай мiндеттердi мойнына алады.
10-бап. Халықаралық шарттар
Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңдарындағыдан өзгеше ережелер белгiленсе, халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.
2 БӨЛIМ
2-тарау. Тұрғын үйге жеке меншiк құқығын алу
11-бап. Тұрғын үйдi сатып алу құқығы
1. Азамат немесе заңды тұлға, егер заң актілерінде өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасы аумағының қай жерiнде тұратынына қарамастан, жеке меншiгiне заңды түрде тұрғын үй сатып ала алады.
2. Бiр азаматтың немесе заңды тұлғаның меншiгіндегі тұрғын үйлердiң саны мен көлемiне шек қойылмайды.
3. Тұрғын үйге меншiк құқығын алуға немесе жүзеге асыруға байланысты қатынастар да Қазақстан Республикасының өзге заңдарымен реттеледi.
12-бап. Тұрғын үйге меншiк құқығы пайда болуының негiздерi
Тұрғын үйге немесе оның бiр бөлiгiне меншiк құқығы мынадай негiздер бойынша:
1) үй (үйдiң бiр бөлiгiн) салу;
2) сатып алу-сату, айырбастау, сыйға тарту, өмiр бойы күтiп ұстау шартымен, алып қою мәмiлелерi мен заңдарға қайшы келмейтiн басқа да азаматтық-құқықтық мәмiлелер жасасу;
3) тұрғын үйдi мұраға немесе құқықтың әмбебап түрде ауысуы ретiмен алу;
4) жалға алушының мемлекеттік тұрғын үй қорының үйiнде өзi тұратын тұрғын үйдi немесе тұрғын үй-жайды жекешелендiру (сатып алу немесе тегiн алу) жолымен меншiгiне алуы;
5) тұрғын үй (тұрғын үй-құрылыс) кооперативi мүшесiнiң тұрғын үй-жай үшiн пай жарнасының бүкiл сомасын төлеуi;
6) шарттық мiндеттеме, соның iшiнде азаматтың үй салуға өз қаражатымен немесе еңбегiмен қатысуы туралы шарт негiзiнде тұрғын үй-жайды меншiкке беру;
7) заңды тұлғалардың мемлекеттік емес меншiк нысанына негiзделген тұрғын үйдi сату не тегiн беру жолымен өз қызметкерiнiң немесе өзге азаматтың меншiгiне беруi;
8) мемлекеттiң немесе заңды тұлғаның мемлекеттік меншiк нысанына негiзделген тұрғын үйдi заңдарда белгiленген шарттармен өз қызметкерiнiң не өзге адамның меншiгiне беруi;
9) жеке меншiкте болған тұрғын үйдiң бұзылуы немесе күштеп алынуы салдарынан тұрғын үйден айырылудың өтемi ретiнде тұрғын үй беру;
10) Қазақстан Республикасының заң актілерінде тыйым салынбаған басқа да негiздер бойынша пайда болады.
ҚР 07.06.99 ж. № 391-I Заңымен 13-бап өзгертілді; ҚР 03.06.03 ж. № 427-II Заңымен. 13-бап толықтырылды
13-бап. Жалға алушының мемлекеттік тұрғын үй қорындағы
тұратын тұрғын үйiне меншiк құқығын жекешелендiру
тәртібімен алуы
1. Осы Заңда көзделген реттерде мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйдi жалға алушы, кәмелетке толған отбасы мүшелерiнiң келісімiмен, тұрғын үйдi Қазақстан Республикасының заңдарында белгiлеген шарттармен және тәртiппен жекешелендiруге құқылы.
Жалға алушының отбасы мүшелерiнiң ауқымы осы Заңның 21-бабына сәйкес белгiленедi.
2. Жекешелендiрiлген тұрғын үй жалға алушының және онымен тұрақты бiрге тұратын барлық отбасы мүшелерiнiң, соның iшiнде уақытша тұрмайтындарының, егер олардың арасындағы шартта өзгеше көзделмеген болса, бiрлескен ортақ меншiгiне көшедi.
3. Ортақ бiрлескен меншiктегi тұрғын үйдiң алып қойылуына барлық меншiк иелерiнiң келісімiмен ғана жол берiледi. Егер мәмiле тұрғын үйдiң меншiк иесi болып табылатын кәмелетке толмаған балалардың мүдделерiне қатысты болса, қорғаншы және қамқоршы органның келісімi талап етiледi.
4. Қызметтiк тұрғын үйлерге теңестiрiлген мемлекеттік тұрғын үй қорындағы тұрғын үйлер осы Заңның 101-бабының 2, 3 және 4-тармақтарында көзделген негiздер бойынша жекешелендiрiлуi мүмкiн.
2007.15.05. № 253-III ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
5. Мемлекеттік тұрғын үй қоры жатақханаларындағы бөлмелік үлгідегі тұрғын үй-жайларды оларда тұрақты тұратын азаматтар Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін тәртіппен жекешелендіруі мүмкін. Бұл орайда жалпы пайдаланудағы тұрғын емес үй-жайлар және үйдің бөлек (жеке) меншіктегі емес және ортақ мүлік болып табылатын өзге бөліктері барлық меншік иелерінің ортақ меншігіне өтеді.
Аталған тұрғын үй-жай берілген азамат қайтыс болған жағдайда, жекешелендіру құқығы, егер қайтыс болған адамның бұған құқығы болған болса, қайтыс болған (қаза тапқан) адамның отбасы мүшелеріне өтеді.
Еңбек шарты бойынша жұмыс істейтін адамдарға, оқу кезеңінде студенттерге (курсанттарға, аспиранттарға) және оқушыларға берілген жатын орындық үлгідегі, сондай-ақ бөлмелік үлгідегі тұрғын үй-жайлар жекешелендіруге жатпайды.
6. Бiрнеше жалдаушы тұратын тұрғын үйдi (пәтердi) барлық жалдаушылардың және олардың кәмелетке толған отбасы мүшелерiнiң келісімiмен ғана жекешелендiруге болады. Бұл жағдайда тұрғын үй (пәтер) барлық жалдаушылардың ортақ үлестi меншiгiне көшедi.
14-бап. Тұрғын үй (тұрғын үй-құрылыс) кооперативi мүшесiнiң
пай жарнасының бүкiл сомасын төлеуi