2. Лицензияның қолданылуын тоқтата тұру туралы шешiмде лицензияның қолданылуын тоқтата тұрудың негiздемесi мен мерзiмi көрсетiлуге тиiс. Мұндай шешiм лицензиаттың назарына жеткiзiлген күннен бастап лицензияның қолданылуы тоқтатыла тұрған болып есептеледi.
60-бап. Актуарийдiң лицензиясын керi қайтарып алу
1. Уәкiлеттi орган мынадай негiздердiң бiрi бойынша:
1) лицензияның қолданылуын тоқтата тұруға негiз болған мән-жайлар белгiленген мерзiмде жойылмаған;
2) лицензияның қолданылуы бiрнеше рет (соңғы он екi айдың iшiнде екi рет) тоқтатыла тұрған;
3) актуарий есептеулерiн жүргiзу барысында алынған және сақтандыру құпиясы немесе коммерциялық құпия болып табылатын мәлiметтер жария етiлген немесе үшiншi тұлғаға (уәкiлеттi органнан басқасына) берiлген;
4) осы Заңның 19-бабының 6-тармағындағы талаптар орындалмаған;
5) сот актуарийдiң кәсiпкерлiк қызметiн тоқтату туралы шешiм қабылдаған жағдайларда лицензияны керi қайтарып алу туралы шешiм шығаруға құқылы.
2. Лицензияны керi қайтарып алу туралы шешiмде оны қайтарып алудың негiздемесi көрсетiлуге тиiс. Мұндай шешiм лицензиаттың назарына жеткiзiлген күннен бастап лицензия керi қайтарылып алынған болып есептеледi.
ҚР 10.07.03 ж. № 483-II (бұр. ред. қара) ; 2006.20.02. № 128-III ( бұр. ред . қара) ҚР Заңдарымен 61- бап өзгертілді
61-бап. Акцияларды мәжбүрлеп сатып алу
1. Уәкiлеттi орган сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымында активтердiң сапасы мен өтiмдiлiгi бойынша оларды сыныптау ескерiле отырып есептелген құны мен мiндеттемелер арасында терiс айырма барын анықтаған жағдайда уәкiлеттi орган сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының акцияларын олардың акционерлерiнен мәжбүрлеп сатып алып, оларды сақтандыру және қайта сақтандыру шарты бойынша барлық мiндеттемелердi орындауға кепiлдiк беру жағдайында сатып алуға тiлек бiлдiрген жаңа инвесторға сату туралы шешiм қабылдауға құқылы.
2. Уәкілетті органның сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының акцияларын мәжбүрлеп сатып алуы кейіннен оларды жаңа инвесторға сату мақсатында сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының акцияларын (акционерлердің үлестерін) мәжбүрлеп сатып алу туралы өзі шешім қабылдаған күнге оның нақты төлем қабілеттігі маржасының мөлшері негізінде айқындалатын баға бойынша жүзеге асырылады.
3. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы сатып алған акцияларды сатуды уәкілетті орган оларды сатып алу бағасы бойынша жүргізеді.
Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының барлық мәжбүрлеп сатып алынатын акциялары иелерінің құқықтары мен міндеттері жаңа инвесторға ауысады.
4. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының акцияларын мәжбүрлеп сатып алу мен оларды кейiннен жаңа инвесторға сату тәртібін уәкiлеттi орган белгiлейдi.
11-тарау. Қайта құру
2006.20.02. № 128-III ( бұр. ред . қара) ҚР Заңымен 62- бап өзгертілді
62-бап. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының өз еркiмен қайта құрылуы
1. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының өз еркiмен қайта құрылуы Қазақстан Республикасының тиiстi заң актілерінде көзделген тәртiппен, осы Заңда және уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актілерінде белгiленген ерекшелiктер ескерiле отырып жүргізіледі.
2. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының өз еркiмен қайта құрылуын уәкiлеттi органның рұқсаты болған жағдайда жүзеге асыруға болады.
Сақтандыру қызметін жүзеге асырмайтын заңды тұлға ретінде өз еркімен қайта ұйымдастырылуға рұқсат алған жағдайда сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы бұрын берілген барлық лицензияларды бір апта ішінде уәкілетті органға қайтарып беруге міндетті.
3. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының өз еркiмен қайта құрылуын жүргiзуге рұқсат алу үшiн өтiнiш беруге акционерлердiң жалпы жиналысының шешiмi негiз болады.
4. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының өз еркiмен қайта құрылуын жүргiзуге рұқсат алуға берiлген өтiнiшке қоса тiркелетiн құжаттар тiзбесi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актілерімен белгiленедi.
5. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының өз еркiмен қайта құрылуын жүргiзуге рұқсат алуға берiлген өтiнiштi уәкiлеттi орган құжаттардың толық топтамасы табыс етiлген күннен бастап бiр ай iшiнде қарауға тиiс.
63-бап. Өз еркiмен қайта құрылуға рұқсат беруден бас тарту
1. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының өз еркiмен қайта құрылуына рұқсат беруден уәкiлеттi орган мынадай негiздер бойынша:
1) көзделiп отырған өз еркiмен қайта құрылу нәтижесiнде сақтанушылардың және өзге де кредиторлардың заңды мүдделерi бұзылатын;
2) көзделiп отырған қайта құру нәтижесiнде қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етудiң ең төменгi талаптары, сақталуы мiндеттi нормалар мен лимиттер және осы Заң мен уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актілерінде белгiленген өзге де талаптар бұзылатын;
3) уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актілерінде көрсетiлген құжаттар табыс етiлмеген;
4) табыс етiлген құжаттар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес келмеген жағдайларда бас тартады.
2. Уәкiлеттi орган өтiнiш берушiге өз еркiмен қайта құрылуына рұқсат беруден бас тартқаны туралы бас тартудың негiздемесiн көрсете отырып жазбаша хабарлайды.
64-бап. 2006.20.02. № 128-III ҚР Заңымен алып тасталды ( бұр. ред . қара)
12-тарау. Тарату
65-бап. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын тарату негiздерi
1. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын тарату, оның iшiнде банкроттық негiз бойынша тарату Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес, осы Заңда және уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актілерінде белгiленген ерекшелiктер ескерiле отырып жүзеге асырылады.
2. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы мынадай негiздер бойынша:
1) уәкiлеттi органның рұқсаты болған жағдайда өз акционерлерiнiң шешiмi бойынша (өз еркiмен таратылуы);
2) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда соттың шешiмi бойынша таратылуы мүмкiн.
ҚР 10.07.03 ж. № 483-II Заңымен (бұр. ред. қара) 66-бап өзгертілді
66-бап. Өз еркiмен және мәжбүрлеп таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының кредиторлар комитетi
1. Кредиторлар мүдделерiн қамтамасыз ету және олардың сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарын өз еркiмен және мәжбүрлеп тарату рәсiмдерiне қатысуымен шешiмдер қабылдау мақсатында кредиторлар комитетi құрылады.
Таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы кредиторлар комитетiнiң құрамын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының тарату комиссиясының ұсынысы бойынша уәкiлеттi орган бекiтедi.
2. Кредиторлар комитетiнiң құрылуы мен қызметiнiң ерекшелiктерi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актілерімен белгiленедi.
ҚР 10.07.03 ж. № 483-II Заңымен (бұр. ред. қара) ; 2006.20.02. № 128-III ҚР Заңымен ( бұр. ред . қара) 67-бап өзгертілді
67-бап. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының өз еркiмен таратылу ерекшелiктерi
1. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының өз еркiмен таратылуы уәкiлеттi органның рұқсаты болған жағдайда жүргiзiледi.
2. Өз еркiмен таратылуды жүргiзуге рұқсат алу туралы өтiнiшке тiзбесi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актілерінде белгiленетiн құжаттар қоса тiркелуге тиiс.
3. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының өз еркiмен таратылуына рұқсат алуға берiлген өтiнiштi уәкiлеттi орган барлық қажеттi құжаттар түскен күннен бастап бiр ай iшiнде қарауға тиiс.
4. Өз еркiмен таратылуға рұқсат алған жағдайда сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы бұрын берiлген барлық лицензияларды бір апта мерзімде уәкiлеттi органға қайтаруға мiндеттi.
5. Уәкiлеттi органнан өз еркiмен таратылуға рұқсат алғаннан кейiн сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының филиалдары мен өкiлдiктерiн ескере отырып, тарату комиссиясын құрады, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының мүлкi мен iстерiн басқару өкiлеттiгi заңдарда белгiленген тәртiппен соған көшедi.
6. Өз еркiмен таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының тарату комиссиясы уәкiлеттi органның сұратуы бойынша оған өз қызметi туралы кез келген мәлiметтердi және таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымына қатысты деректердi табыс етуге мiндеттi.
7. Тарату комиссиясы сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының таратылуы туралы есеп пен тарату балансы бекітілген күннен бастап он күн iшiнде оларды әдiлет органдары мен уәкiлеттi мемлекеттік органға табыс етуге мiндеттi.
Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын тарату аяқталған кезде тарату комиссиясы мұрағатта сақтауға арналған құжаттарды белгiленген тәртiппен тапсыруға және бұл туралы уәкiлеттi органды хабардар етуге мiндеттi.
8. Кредиторлардың талаптарын қанағаттандыруға қаражаты жетпеген жағдайда сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы банкроттық негiздерi бойынша мәжбүрлеп таратылуға тиiс.
9. Өз еркiмен таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының тарату комиссиясының қызметiн бақылауды уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
Өз еркiмен таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының тарату комиссиясы қызметiнiң ерекшелiктерi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлермен белгiленедi.
10. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының өз еркiмен таратылуын аяқтау мүмкiн болмауына байланысты уәкiлеттi орган оны мәжбүрлеп тарату туралы сотқа жүгiнуге құқылы.
68-бап. Өз еркiмен таратылуға рұқсат беруден бас тарту
1. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының өз еркiмен таратылуына рұқсат беруден уәкiлеттi орган мынадай негiздер бойынша:
1) көзделiп отырған өз еркiмен таратылу нәтижесiнде сақтанушылар мен өзге де кредиторлардың заңды мүдделерi бұзылған;
2) уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актілерінде көзделген құжаттар табыс етiлмеген;
3) табыс етiлген құжаттар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес болмаған жағдайларда бас тартады.
2. Уәкiлеттi орган өтiнiш берушiге оның өз еркiмен таратылуына рұқсат беруден бас тартқаны туралы бас тартудың негiздемесiн көрсете отырып жазбаша хабарлайды.
ҚР 10.07.03 ж. № 483-II Заңымен (бұр. ред. қара) ; 2006.20.02. № 128-III ҚР Заңымен ( бұр. ред . қара) 69-бап өзгертілді
69-бап. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын мәжбүрлеп тарату ерекшелiктерi
1. алып тасталды
2. Уақытша әкімшілік өз өкілеттігін доғарып, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының құжаттарымен мүлкін он күннен аспайтын мерзімде тарату комиссиясының төрағасына өткізеді. Егер мәжбүрлеп таратылатын сақтандыру ұйымы сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру жүйесінің қатысушысы болса, уақытша әкімшілік міндетті сақтандыру түрлері бойынша сақтандыру төлемдеріне кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымға уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде көзделген көлемде және мерзімде ақпарат береді.
3. алып тасталды
4. алып тасталды
5. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы мәжбүрлеп таратылатын жағдайда сот уәкiлеттi органға хабарлайды және он күн iшiнде оған сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын мәжбүрлеп тарату туралы шешiмнiң көшiрмесiн жiбередi.
6. Сот сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын уәкiлеттi органның лицензияны керi қайтарып алуына байланысы жоқ негiз бойынша мәжбүрлеп тарату туралы шешiм қабылдаған жағдайда, уәкiлеттi орган оның лицензиясын керi қайтарып алу туралы мәселенi заңдарда белгiленген тәртiппен қарайды.
7. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарын банкроттық негiзi бойынша тарату , осы Заңның талаптары ескерiле отырып жүзеге асырылады.
ҚР 10.07.03 ж. № 483-II Заңымен (бұр. ред. қара) ; 2006.20.02. № 128-III ҚР Заңымен ( бұр. ред . қара) 70-бап өзгертілді
70-бап. Мәжбүрлеп таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының тарату комиссиясы
1. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын, оның iшiнде банкроттық негiз бойынша тарату туралы шешiм қабылданғаннан кейiн сот тарату жөнiнде iс қозғайды және оның филиалдары мен өкiлдiктерiн ескере отырып, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының тарату комиссиясын құру жөнiнде уәкiлеттi органға мiндеттер жүктейдi.
Мәжбүрлеп таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының тарату комиссияларын тағайындау мен босату тәртібі және тарату комиссиясының төрағасы мен мүшелерiне қойылатын талап уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актілерінде айқындалады.
2. Таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы кредиторларының аралық тарату балансы мен талаптарының тiзiлiмiн уәкiлеттi орган бекiтедi.
3. Таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының тарату комиссиясы уәкiлеттi органға iстелген жұмыс туралы есептi және оның жазбаша сұратуы бойынша өз қызметi туралы қосымша мәлiметтер мен таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымына қатысты деректердi табыс етуге мiндеттi.
4. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының тарату, конкурстық массасы осы Заңда белгiленген ерекшелiктер ескерiле отырып, Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалған тәртiппен қалыптастырылады.
Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының тарату комиссиясының төрағасына, мүшелерiне және өзге де жұмысқа тартылған қызметкерлерге төленетiн ай сайынғы сыйақы олардың әрқайсысына тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгiленген он еселенген ең төменгi жалақыдан аспауы тиiс.
Таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының мүлкiн сатуды оның тарату комиссиясы Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жүргiзедi.
Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы тарату комиссиясының қызметiне бақылау жасауды уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
5. Тарату комиссиясы уәкiлеттi органмен келісілген тарату туралы есептi және тарату балансын сотқа табыс етедi.
Сот тарату туралы есептi және тарату балансын бекiтедi және тарату жөніндегі iстi аяқтау туралы ұйғарым шығарады.
Тарату комиссиясы сот ұйғарымының көшiрмесiн заңды тұлғаларды мемлекеттік тiркеудi, филиалдар мен өкiлдiктердi есептiк тіркеуді жүзеге асыратын тиiстi әдiлет органына, сондай-ақ уәкiлеттi органға жiбередi.
Мәжбүрлеп таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын тарату тәртібі және оның тарату комиссиясының жұмысына қойылатын талаптар уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актілерімен айқындалады.
Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын тарату аяқталған кезде тарату комиссиясы құжаттарды белгiленген тәртiппен мұрағатқа сақтау үшiн өткізуге және бұл туралы уәкiлеттi органды хабардар етуге мiндеттi.
6. алып тасталды
71-бап. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын банкрот деп тану
1. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының төлем қабiлетсiздiгi мен дәрменсiздiгi уәкiлеттi органның тиiстi қорытындысы ескерiле отырып айқындалады.
2. Уәкiлеттi органның тиiстi қорытындысы болған жағдайда сот сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы жөнiнде оңалту рәсiмдерiн тағайындауы мүмкiн.
3. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымына қатысты оңалту рәсiмдерi санация нысанында немесе сақтандыру мiндеттемелерi мен соларға сәйкес активтер сомасын Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жүргiзiлетiн жария саудаға салу арқылы мүдделi сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарына беру нысанында жүргiзiлуi мүмкін.
4. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы заңдарда белгiленген тәртiппен сот шешiмi бойынша ғана банкрот деп танылады. Дәрменсiз сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын оның кредиторларының және сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының өзiнiң шешiмi бойынша соттан тыс тарату рәсiмiне жол берiлмейдi.
5. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының банкроттығы туралы iс бойынша тараптардың бiтiм келісімiн жасасуына жол берiлмейдi.
ҚР 11.06.03 ж. № 436-11 Заңымен (бұр. ред. қара); ҚР 10.07.03 ж. № 483-II Заңымен (бұр. ред. қара) ; 2006.20.02. № 128-III ҚР Заңымен ( бұр. ред . қара) 72-бап өзгертілді
72-бап. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы кредиторларының талаптарын қанағаттандыру кезектiлiгi
1. Сақтандыру ұйымы кредиторларының заңдарда белгiленген тәртiппен танылған талаптары мынадай кезектiлiк пен қанағаттандырылуға тиiс:
1) бiрiншi кезекте, таратылатын сақтандыру ұйымы азаматтардың өмiрiне немесе денсаулығына зиян келтiргенi үшiн жауапты болатын жағдайда, ол азаматтардың талаптары сақтандыру шарттары бойынша жауапкершiлiкпен байланысты емес негiздер бойынша тиiстi мерзiмдiк төлемдердi капиталдандыру арқылы қанағаттандырылады;
2) екiншi кезекте, еңбек шарты бойынша жұмыс iстейтiн адамдармен еңбекке ақы төлеу жөнiнде және авторлық шарттар бойынша сыйақылар төлеу жөнiнде есеп айырысу жүргiзiледi;
3) үшiншi кезекте, сақтандырылушының жеке өзiне байланысты жасалған сақтандыру шарттары бойынша кредиторлардың талаптары қанағаттандырылады;
4) төртiншi кезекте, кредиторлардың - жеке тұлғалардың өздерi жасалған мүлiктiк сақтандыру шарттары және сақтандырылушының жеке өзiне байланысты емес сақтандырудың басқа да түрлерi бойынша талаптары қанағаттандырылады;
5) бесiншi кезекте, жасалған сақтандыру шарттары бойынша, осы тармақтың 3) және 4) тармақшаларында аталғаннан өзге, кредиторлардың талаптары, сондай-ақ сақтандыру ұйымын мәжбүрлеп тарату кезінде, міндетті сақтандыру шарттары бойынша, жүзеге асырылған кепілдік, өтемақы төлемдері және оларды жүзеге асыруға байланысты өзге де шығыстар бойынша сақтанушылардың (сақтандырылушылардың, пайда алушылардың) сақтандыру төлемдерін жүзеге асыруға кепілдік беретін қордың талаптары қанағаттандырылады;
6) алтыншы кезекте, таратылатын сақтандыру ұйымының мүлкiн қамтамасыз етiлу сомасы шегiнде кепiлге салумен қамтамасыз етiлген мiндеттемелер бойынша кредиторлардың талаптары қанағаттандырылады;
7) жетiншi кезекте, салықтар, алымдар және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер бойынша, сондай-ақ республикалық бюджеттен берiлген кредиттердi қайтару бойынша берешек өтеледi;
8) сегiзiншi кезекте, Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес басқа кредиторлармен есеп айырысу жүзеге асырылады.
2. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын тарату жөніндегі iске байланысты шығыстар, сондай-ақ соттың сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын тарату туралы шешiмi заңды күшiне енгенге дейiн, не уәкiлеттi органның сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын ерiктi түрде таратуға рұқсат беру туралы шешiмi күшiне енгенге дейiн басталған сақтандыру жағдайлары бойынша сақтандыру төлемдерiн жүзеге асыруға арналған шығыстар кезектен тыс жүргiзiледi.
3. Қайта сақтандыру ұйымы кредиторларының заңдарда белгiленген тәртiппен танылған талаптары мынадай кезектiлiкпен қанағаттандырылуға тиiс:
1) бiрiншi кезекте, таратылатын қайта сақтандыру ұйымы азаматтардың өмiрiне немесе денсаулығына зиян келтiргенi үшiн жауапты болатын жағдайда, ол азаматтардың талаптары қайта сақтандыру шарттары бойынша жауапкершiлiкпен байланысты емес негiздер бойынша тиiстi мерзiмдiк төлемдердi капиталдандыру арқылы қанағаттандырылады;
2) екiншi кезекте, еңбек шарты бойынша жұмыс iстейтiн адамдармен еңбекке ақы төлеу жөнiнде және авторлық шарттар бойынша сыйақылар төлеу жөнiнде есеп айырысу жүргiзiледi;
3) үшiншi кезекте, цеденттердiң "өмiрдi сақтандыру" саласы бойынша шарттардан туындайтын талаптары қанағаттандырылады;
4) төртiншi кезекте, цеденттердiң "жалпы сақтандыру" саласы бойынша шарттардан туындайтын талаптары қанағаттандырылады;
5) бесiншi кезекте, таратылатын қайта сақтандыру ұйымының мүлкiн қамтамасыз етiлу сомасы шегiнде кепiлге салумен қамтамасыз етiлген мiндеттемелер бойынша кредиторлардың талаптары қанағаттандырылады;
6) алтыншы кезекте, салықтар, алымдар және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер бойынша, сондай-ақ республикалық бюджеттен берiлген кредиттердi қайтару бойынша берешек өтеледi;
7) жетiншi кезекте, Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес басқа кредиторлармен есеп айырысу жүзеге асырылады.
4. Әрбiр келесi кезектегi талаптар одан алдыңғы кезектегi талаптар толық орындалғаннан кейiн қанағаттандырылады.
Бiр кезектегi кредиторлардың талаптарын қанағаттандырған кезде қаражат олардың арасында қанағаттандырылуға жататын талаптар сомасына бара-бар бөлiнедi.
5. Тиiстi кезегi келгенде кредитордың талабы оның келісімiмен Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтiн әдiстермен, оның iшiнде есеп айырысудың бара-барлық принципiн сақтай отырып, ақшалай нысанда және (немесе) мүлiктi заттай күйiнде беру арқылы қанағаттандырылуы мүмкiн.
10.07.03 ж. № 483-II Заңымен 73-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
2005.23.12 № 107-III (бұр. ред. қара); 2006.31.01. № 125-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 73-бап өзгертілді
73-бап. Уәкiлеттi органның сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарын тарату процесіндегі бақылау өкiлеттiктерi
1. Ерiктi және мәжбүрлеп, оның iшiнде банкроттық негiз бойынша таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының тарату комиссияларының қызметiн бақылауды жүзеге асыру мақсатында уәкiлеттi орган:
1) тарату комиссияларынан iстелген жұмыс туралы есептердi, ал қажет болған жағдайда, қосымша ақпаратты да алуға;
2) тарату комиссияларының есептер мен қосымша ақпаратты беру нысанын, мерзiмдерiн және кезеңдiлiгiн белгiлеуге;
3) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен тарату комиссияларының қызметiн тексерудi жүргiзуге;
4) тарату комиссияларының қызметiнде Қазақстан Республикасының заңдарын, кредиторлардың құқықтары мен заңды мүдделерiн бұзу анықталған кезде кемшiлiктердi жою жөнiнде, тарату комиссиялары орындауға мiндеттi жазбаша нұсқамалар шығаруға, нұсқамалардың орындалу мерзiмiн белгiлеуге;
5) тарату комиссиясы белгiленген мерзiмде жазбаша ұйғарымды орындамаған жағдайда кредиторлардың құқықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерiн қорғау үшiн сотқа не прокуратура органдарына жүгiнуге;
6) тарату шығыстарының сметасын қалыптастыру мен бекітудің ерекшеліктерін және тәртібін белгілеуге;
7) тарату комиссияларының кассадағы қолма-қол ақшаны сақтау, қолма-қол ақшамен кіріс және шығыс операцияларын жасау, касса құжаттарын жүргізу ережелерін орындау, қолма-қол ақшаның жұмсалуын қамтамасыз ету жөніндегі талаптарын, касса қалдықтарының лимиттерін, сондай-ақ тарату комиссиясының ағымдағы шотына қолма-қол ақшаны өткізу мерзімдерін айқындауға құқылы.
2. Тарату комиссиясы Қазақстан Республикасының заңдарын бұзған жағдайда тарату комиссиясының төрағасы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
13-тарау. Есеп беру және өзге де мәселелер
11.06.04 ж. № 562-II (бұр. ред. қара); 2005.08.07. № 69-III; 2006.20.02. № 128-III (бұр. ред . қара); 2006.05.05 № 139-III (бұр. ред. қара); 2007.28.02. № 235-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 74-бап өзгертілді
74-бап. Қаржылық және өзге де есеп беру
1. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы мен сақтандыру брокерi өздерi жүргiзген операциялардың есебiн қаржылық есептіліктің халықаралық стандарттарына, Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.
2. Шоғырландырылған негiздегі қаржылық есептіліктi қоса алғанда, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы мен сақтандыру брокерiнiң қаржылық есептiлігі тiзбесін, нысандарын, оларды беру мерзiмдерi мен тәртібін уәкілетті органмен келісім бойынша Ұлттық Банк белгілейдi.
2-1. Шоғырландырылған негiздегi қаржылық есептiлiктi қоса алғанда (қаржылық және статистикалық есептiлiкті қоспағанда), сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы мен сақтандыру брокерi есептiлiгiнiң тiзбесiн, нысандарын, оларды беру мерзімі мен тәртібін уәкілетті орган белгiлейдi.
3. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы және сақтандыру брокері уәкiлеттi органның сұратуы бойынша оған өзiнiң мүлкi туралы, оның iшiнде Қазақстан Республикасының шегiнен тыс жерлердегi мүлкi туралы, қабылданған тәуекелдердiң мөлшерi, берiлген кепiлдiктер мен кепiлгерлiктер туралы, жасалған және жасалатын сақтандыру және қайта сақтандыру мәмiлелерi туралы мәлiметтердi, заңды тұлғалардың жарғылық капиталдарына қатысу туралы мәлiметтердi, өзiнiң бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асыру мақсатында сақтандыру құпиясы бар мәлiметтердi табыс етуге мiндеттi.
4. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы және сақтандыру брокері өз қызметiне жыл сайын мiндеттi аудит жүргiзiп отырады.
2005.23.12 № 107-III ҚР Заңымен 74-1- баппен толықтырылды
74-1-бап. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы ірі
қатысушысының есептілігі
1. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының заңды тұлға болып табылатын ірі қатысушысы уәкілетті органға жыл сайын қаржы жылы аяқталғаннан кейін тоқсан күн ішінде қаржылық есептілік пен оның түсіндірме жазбасын табыс етуге тиіс.
2007.19.0 2. № 230-III ҚР Заңымен 2 тармақ өзгертілді (бұр.ред. қара )
2. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының жеке тұлға болып табылатын ірі қатысушысы уәкілетті органға қаржы жылы аяқталғаннан кейін тоқсан күн ішінде кірістер мен мүлік туралы мәліметтерді, сондай-ақ: