3. Бұрын қолданылған жазаны мерзiмiнен бұрын алуға осы Кодекстiң 111-бабының 1-тармағында аталған жазаларды өтей бастаған күнiнен алты айдан ерте жол берiлмейдi.
111-бап. Бас бостандығынан айыруға сотталғандарға қолданылатын жазалау шаралары
1. Сотталғандарға жазаны өтеудiң белгiленген тәртібін бұзғаны үшiн мынадай жазалау шаралары қолданылуы мүмкiн:
ескерту немесе сөгiс;
екi айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерiнде тәртiптiк айыппұл;
түзеу колонияларында немесе түрмелерде ұсталатын сотталғандарды он бес тәулiкке дейiнгi мерзiмге айыптылық оқшаулау орнына шығару;
жалпы және қатаң режимдегi түзеу колонияларында ұсталатын, жазаны өтеудiң белгiленген тәртібін қасақана бұзушы сотталған еркектердi камералық үлгiдегi үй-жайларға, ал қатаң режимдегi колонияларда - алты айға дейiнгi мерзiмге жалғыз адамдық камераларға ауыстыру;
жазаны өтеудiң белгiленген тәртібін қасақана бұзушы сотталған әйелдердi үш айға дейiнгi мерзiмге камералық үлгiдегi үй-жайларға ауыстыру.
2. Бас бостандығынан айыруды колония-қоныстарда өтеушi сотталғандарға жатақханалардан тыс тұру құқығының күшiн жою және жұмыстан бос уақытта отыз күнге дейiн мерзiмге жатақхана шегiнен шығуға тыйым салу түріндегі жаза қолданылуы мүмкiн.
3. Жазаны өтеудiң белгiленген тәртібін қасақана бұзушылар болып табылатын сотталғандарға осы Кодекстiң 73-бабының 4-тармағында және 82-бабының 4-тармағында көзделген шаралар да қолданылуы мүмкiн.
ҚР 21.12.02 ж. № 363-II Заңымен 112-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
112-бап. Бас бостандығынан айыруға сотталғандардың жазаны өтеудiң белгiленген тәртібін қасақана бұзуы
1. Сотталушының еңбектен негiзсiз бас тартуы; алкогольдi, есiрткiлердi, басқа да есеңгiрететiн заттарды пайдалануы; ұсақ бұзақылық; түзеу мекемесi әкiмшiлiгiнiң өкiлдерiн қорқыту, қорлау немесе оларға бағынбау; түзеу мекемелерiнде пайдалануға рұқсат етiлмеген нәрселердi жасау, сақтау немесе беру (алу); құмар ойындарға қатысу; сот тағайындаған мiндеттi емделуден жалтару; ереуiлдер немесе өзге де топтық бағынбаулар ұйымдастыру, сондай-ақ оларға белсене қатысу; жыныстық сипаттағы лайықсыз iс-әрекеттердi жасауы; осы бапта аталған жөнсiздiктердi жасауға бағытталған сотталғандар топтарын ұйымдастыру немесе оларға белсене қатысу бас бостандығынан айыруға сотталғандардың жазаны өтеудiң белгiленген тәртібін қасақана бұзуы болып табылады.
2. Бiр жыл iшiнде айыптық, тәртiптiк оқшаулау орнына, камералық үлгiдегi үй-жайларға не жалғыз адамдық камераға шығару түріндегі жазаға тартылған сотталушының жазаны өтеудiң белгiленген тәртібін өзге қайталап бұзушылығы қасақана бұзушылық деп танылуы мүмкiн.
3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында аталған құқық бұзушылықтарды жасаған сотталушы өзiне осы Кодекстiң 111-бабының 1-тармағында көзделген шараларды: сотталған еркектердi камералық үлгiдегi үй-жайларға немесе жалғыз адамдық камераларға көшiру, сотталған әйелдердi камералық үлгiдегi үй-жайларға көшiру , айып оқшаулау орнына орналастыру шаралары тағайындалу жағдайында жазаны өтеудiң белгiленген тәртібін қасақана бұзушы деп танылады.
4. Сотталушы түзеу мекемесi бастығының қаулысымен, айып салумен бiрге тағайындалған жазаны өтеудiң тәртібін қасақана бұзушы деп танылады.
ҚР 21.12.02 ж. № 363-II Заңымен 113-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
113-бап. Бас бостандығынан айыруға сотталғандарға жазалау шараларын қолдану тәртібі
1. Бас бостандығынан айыруға сотталғандарға жазалау шараларын қолдану кезiнде тәртiп бұзуды жасаудың мән-жайы, сотталушының жеке басы және бұрынғы мiнез-құлқы ескерiледi. Қолданылатын жаза әрекеттiң ауырлығы мен сипатына сәйкес болуға тиiс. Жаза әрекет анықталған күннен бастап он тәулiктен кешiктiрiлмей, ал тексеру жүргiзiлген болса - оның аяқталған күнiнен бастап, бiрақ әрекет жасалған күннен үш айдан кешiктiрiлмей қолданылады. Жаза әдетте, дереу орындалады және тек ерекше жағдайларда ғана - оны қолданған күннен бастап бiр айдан кешiктiрiлмей орындалады. Бiр тәртiп бұзушылық үшiн бiрнеше жаза қолдануға тыйым салынады.
2. Ескерту немесе сөгiс түріндегі жаза ауызша немесе жазбаша, ал қалған жазалар - тек жазбаша қолданылады. Жаза түзеу мекемесi бастығының немесе оның орнындағы адамның қаулысымен қолданылады.
3. Тәртiптiк айыппұл түріндегі жаза осы Кодекстiң 112-бабының 1-тармағында келтiрiлген жазаны өтеудiң белгiленген тәртібін бұзғаны үшiн ғана қолданылады. Қаулы сотталушыға қол қойдырылып жарияланады. Айыппұлдың өндiрiп алынған сомасы республикалық бюджетке аударылады.
4. Сотталушыны камералық үлгiдегi үй-жайға және жалғыз адамдық камераға көшiру онда ұстаудың мерзiмi көрсетіліп жүргiзiледi.
5. Камералық үлгiдегi үй-жайға көшiрiлген сотталушыға камералық үлгiдегi үй-жайға көшiруден басқа жазаның барлық шаралары қолданылуы мүмкiн.
6. Колонияның балалар үйiнде емiзулi балалары бар әйелдер, жүктілігi және тууы бойынша жұмыстан босатылған әйелдер айыптық оқшаулау орнына және камералық үлгiдегi үй-жайларға көшiрiлмейдi.
7. Егер сотталушы тәртiптiк жазаны өтеу күнiнен бастап алты ай iшiнде жаңа жазаға тартылмайтын болса, ол жазасы жоқ деп саналады.
114-бап. Бас бостандығынан айыруға сотталғандарды айыптық оқшаулау орындарында, камералық үлгiдегi үй-жайларда және жалғыз адамдық камераларда ұстау ережелерi
1. Айыптық оқшаулау орнына көшiрiлген бас бостандығынан айыруға сотталғандарға кездесуге, телефон арқылы сөйлесуге, тамақ өнiмдерiн сатып алуына, посылкалар, сәлемдемелер мен бандерольдар алуға тыйым салынады. Олардың күн сайын ұзақтығы бiр сағат сейiлдеуге құқығы бар.
2. Жазалау тәртібімен камералық үлгiдегi үй-жайға немесе жалғыз адамдық камераларға көшiрiлген сотталғандардың:
ай сайын тамақ өнiмдерi мен бiрiншi кезекте қажеттi нәрселердi сатып алуға бас бостандығын өтеу кезеңiнде тапқан қаражатынан төрт айлық есептi көрсеткiш мөлшерiнде жұмсауға;
алты ай iшiнде бiр посылка немесе сәлемдеме мен бiр бандероль алуға; ұзақтығы бiр жарым сағаттық күн сайынғы сейiлдеудi пайдалануға;
түзеу мекемесi әкiмшiлiгiнiң рұқсатымен алты айдың iшiнде бiр қысқа мерзiмдi кездесуге құқығы бар.
3. Айыптық оқшаулау орнына шығарылған, камералық үлгiдегi үй-жайға немесе жалғыз адамдық камераларға көшiрiлген сотталғандар басқа сотталғандардан бөлек жұмыс iстейдi.
4. Сотталғандар айыптық оқшаулау орындарынан, камералық үлгiдегi үй-жайлардан немесе жалғыз адамдық камералардан қылмыстық атқару жүйесiнiң емдеу-профилактикалық мекемелерiне көшiрiлген жағдайда олардың аталған емдеу мекемелерiнде болу мерзiмi жазаның өтеу мерзiмiне есептеледi.
115-бап. Түзеу мекемелерiнiң бас бостандығынан айыруға сотталғандарға көтермелеу және жазалау шараларын қолданатын лауазымды адамдары
1. Осы Кодекстiң 109 және 111-баптарында атап өтiлген көтермелеу және жазалау шараларын қолдану құқығын түзеу мекемелерiнiң бастықтары немесе олардың орнындағы адамдар пайдаланады.
2. Топ бастықтарының мынадай көтермелеу шараларын қолдануға құқығы бар:
алғыс жариялау;
жылына қосымша бiр посылка немесе сәлемдеме алуға рұқсат ету;
тамақ өнiмдерi мен бiрiншi кезекте қажеттi нәрселердi сатып алуға қосымша ақша жұмсауға рұқсат ету;
топ бастығының бұрын қолданған жазасын мерзiмiнен бұрын алу.
3. Топ бастықтарының мынадай жазалау шараларын қолдануға құқығы бар: ескерту немесе сөгiс.
16-тарау. Алуан түрлі түзеу мекемелеріндегі
жазаларды атқарудың ерекшеліктері
ҚР 21.12.02 ж. № 363-II Заңымен 116-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
116-бап. Жалпы режимдегi түзеу колониялары
1. Жалпы режимдегi түзеу колонияларында дағдылы жағдайларда осы түзеу мекемесiне келген сотталғандар, сондай-ақ жазасын өтеудiң қатаң және жеңiлдетiлген жағдайларынан көшiрiлген сотталғандар жазасын өтейдi.
2. Жазаны өтеудiң белгiленген тәртібін бұзғаны үшiн жазасы болмаған және дағдылы жағдайларда жаза мерзiмiнiң кемiнде алты айын өтегенi бойынша еңбекке адал қараған жағдайда сотталушы жеңiлдетiлген жағдайларға көшiрiлуi мүмкiн.
3. Өзiнiң түзелгенiн дәлелдеген және тағайындалған жаза мерзiмiнiң үштен екiсiн жеңiлдетiлген жағдайларда кемiнде алты айын өтеген сотталғандар жеңiлдiктi жағдайларға көшiрiлуi мүмкiн.
4. Дағдылы, жеңілдетілген және жеңілдікті жағдайларда жазасын өтеуші сотталған адамдар - жазаны өтеудің белгіленген тәртібін қасақана бұзушылар қатаң жағдайға көшірілуі мүмкін. Жеңілдетілген және жеңілдікті жағдайларда жазасын өтеуші сотталған адамдар - жазаны өтеудің белгіленген тәртібін бүзушылар дағдылы жағдайға көшіріледі.
5. Бас бостандығынан айыру орындарында әдейi жасаған қылмысы үшiн сотталған адамдар да бастапқы кезеңде қатаң жағдайларда ұсталады.
6. Жазаны өтеудiң қатаң жағдайларынан дағдылы жағдайларына көшiру жазаны өтеудiң белгiленген тәртібін бұзғаны үшiн жазасы болмаған кезде алты айдан ерте жүргiзiлмейдi.
7. Жазаны өтеудiң қатаң жағдайларынан дағдылы жағдайларына, дағдылы жағдайларынан жеңiлдетiлген және жеңiлдiктi жағдайларына қайта көшiру осы баптың 2, 3 және 6-тармақтарында белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.
8. Жалпы режимдегi басқа түзеу колониясынан ауыстырылған сотталғандар жазасын өздерiне ауыстырылғанға дейiн белгiленген жағдайларда өтейдi.
117-бап. Жалпы режимдегi түзеу колонияларында жазаны өтеудiң жағдайлары
1. Жазасын жалпы режимдегi түзеу колонияларында дағдылы жағдайларда өтеушi сотталғандар жатақханаларда тұрады. Оларға:
тамақ өнiмдерi мен бiрiншi кезекте қажеттi нәрселердi сатып алуға өздерiнiң жеке шоттарындағы қаражаттан ай сайын төрт айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде жұмсауға;
жыл iшiнде төрт қысқа мерзiмдi және төрт ұзақ уақыт кездесуге;
жыл iшiнде алты посылка немесе сәлемдеме және алты бандероль алуға рұқсат етiледi.
2. Жазасын жеңiлдетiлген жағдайларда өтеушi сотталғандар жатақханаларда тұрады. Оларға:
тамақ өнiмдерi мен бiрiншi кезекте қажеттi нәрселердi сатып алуға өздерiнiң жеке шоттарындағы қаражаттан ай сайын сегiз есептiк көрсеткiш мөлшерiнде жұмсауға;
жыл iшiнде алты қысқа мерзiмдi және алты ұзақ уақыт кездесуге;
жыл iшiнде он екi посылка немесе сәлемдеме және он екi бандероль алуға рұқсат етiледi.
3. Жазасын жеңiлдiктi жағдайларда өтеушi сотталғандарға бостандықтағы өмiрге ойдағыдай бейiмделуi мақсатында түзеу колониясы бастығының қаулысымен түзеу колониясы шегiнен тыс қадағалауда арнаулы жатақханаларда тұруға рұқсат етiледi. Олар түзеу мекемесi орналасқан ауданның шегiнде еркiн жүрiп-тұра алады, туған-туыстарымен кездесу құқықтары шектелмейдi.
4. Жазасын қатаң жағдайларда өтеушi сотталғандар жабық үй-жайларда тұрады. Оларға:
тамақ өнiмдерi мен бiрiншi кезекте қажеттi нәрселердi сатып алуға ай сайын бас бостандығынан айыруды өтеу кезеңiнде тапқан қаражатын ғана жұмсауға;
жыл iшiнде екi қысқа мерзiмдi және екi ұзақ уақыт кездесуге;
жыл iшiнде үш посылка немесе сәлемдеме және үш бандероль алуға;
ұзақтығы бiр жарым сағаттық күн сайынғы сейiлдеудi пайдалануға рұқсат етiледi.
ҚР 21.12.02 ж. № 363-II Заңымен 118-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
118-бап. Қатаң режимдегi түзеу колониялары
1. Қатаң режимдегi түзеу колонияларында дағдылы жағдайларда осы түзеу мекемесiне келген сотталғандар, сондай-ақ жазаны өтеудiң қатаң және жеңiлдетiлген жағдайларынан көшiрiлген сотталғандар жазасын өтейдi.
2. Сотталғандар жазаны өтеудiң белгiленген тәртібін бұзғаны үшiн жазасы болмаған және дағдылы жағдайларда жаза мерзiмiнiң кемiнде тоғыз айын өтеу бойынша еңбекке адал қараған жағдайда жеңiлдетiлген жағдайларға көшiрiлуi мүмкiн.
3. Өзiнiң түзелгенiн дәлелдеген және тағайындаған жаза мерзiмiнiң үштен екісі мен кемiнде үш айын жеңiлдетiлген жағдайларда өтеген сотталғандар жеңiлдiктi жағдайларға көшiрiлуi мүмкiн.
4. Дағдылы, жеңілдетілген және жеңілдікті жағдайларда жазасын өтеуші сотталған адамдар - жазаны өтеудің белгіленген тәртібін қасақана бұзушылар қатаң жағдайға көшірілуі мүмкін. Жеңілдетілген және жеңілдікті жағдайларда жазасын өтеуші сотталған адамдар - жазаны өтеудің белгіленген тәртібін бұзушылар дағдылы жағдайға көшіріледі.
5. Бас бостандығынан айыру орындарында әдейi жасаған қылмыстары үшiн сотталған адамдар да бастапқы кезеңде қатаң жағдайларда ұсталады.
6. Ұстаудың қатаң жағдайларын дағдылы жағдайларға көшiру жазаны өтеудiң белгiленген тәртібін бұзғаны үшiн жазалары болмаған кезде тоғыз айдан ерте жүргiзiлмейдi.
7. Жазаны өтеудiң қатаң жағдайларынан дағдылы жағдайларына немесе дағдылы жағдайларынан жеңiлдетiлген және жеңiлдiктi жағдайларына көшiру осы баптың 2, 3 және 6-тармақтарында белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.
8. Қатаң режимдегi басқа түзеу колониясынан ауыстырылған сотталғандар жазаларын өздерiне көшiрiлгенге дейiн белгiленген жағдайларда өтейдi.
119-бап. Қатаң режимдегi түзеу колонияларындағы жазаны өтеудiң жағдайлары
1. Қатаң режимдегi түзеу колонияларында дағдылы жағдайларда жазасын өтеушi сотталғандар жатақханаларда тұрады. Оларға:
тамақ өнiмдерi мен бiрiншi кезекте қажеттi нәрселердi сатып алуға өздерiнiң жеке шоттарындағы қаражаттан ай сайын үш айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде жұмсауға;
жыл iшiнде үш қысқа мерзiмдi және үш ұзақ уақыт кездесуге;
жыл iшiнде төрт посылка немесе сәлемдеме және төрт бандероль алуға рұқсат етiледi.
2. Жазасын жеңiлдетiлген жағдайларда өтеушi сотталғандар жатақханаларда тұрады. Оларға:
тамақ өнiмдерi мен бiрiншi кезекте қажеттi нәрселердi сатып алуға өздерiнiң жеке шоттарындағы қаражаттан ай сайын жетi айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде жұмсауға;
жыл iшiнде төрт қысқа мерзiмдi және төрт ұзақ уақыт кездесуге;
жыл iшiнде алты посылка немесе сәлемдеме және алты бандероль алуға рұқсат етiледi.
3. Жазасын жеңiлдiктi жағдайларда өтеушi сотталғандарға түзеу колониясы бастығының қаулысымен түзеу колониясының шегiнен тыс жерде қадағалауда арнаулы жатақханаларда тұруға рұқсат етiледi. Олар түзеу мекемесi орналасқан ауданның шегiнде еркiн жүрiп-тұра алады, туған-туысқандарымен кездесу құқығы шектелмейдi.
4. Жазасын қатаң жағдайларда өтеушi сотталғандар жабылатын үй-жайларда тұрады. Оларға:
тамақ өнiмдерi мен бiрiншi кезекте қажеттi нәрселердi сатып алуға ай сайын бас бостандығынан айыруды өтеу кезеңiнде еңбекпен тапқан қаражатын ғана жұмсауға;
жыл iшiнде екi қысқа мерзiмдi және бiр ұзақ уақыт кездесуге;
жыл iшiнде екi посылка немесе сәлемдеме және екi бандероль алуға;
ұзақтығы бiр жарым сағат күн сайынғы сейiлдеудi пайдалануға рұқсат етiледi.
ҚР 21.12.02 ж. № 363-II Заңымен 120-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
120-бап. Айрықша режимдегi түзеу колониялары
1. Айрықша режимдегi түзеу колонияларындағы дағдылы жағдайларда осы түзеу мекемесiне келген сотталғандар, сондай-ақ қатаң және жеңiлдетiлген жағдайлардан көшiрiлген сотталғандар жазасын өтейдi.
2. Жазаны өтеудiң белгiленген тәртібін бұзғаны үшiн жазасы болмаған, еңбекке адал қараған жағдайда дағдылы жағдайларда жаза мерзiмiнiң кемiнде бiр жылын өтеуi бойынша сотталғандар жеңiлдетiлген жағдайларға көшiрiлуi мүмкiн.
3. Дағдылы және жеңілдетілген жағдайларда жазасын өтеуші сотталған адамдар - жазаны өтеудің белгіленген тәртібін қасақана бұзушылар қатаң жағдайға көшірілуі мүмкін. Жеңілдетілген жағдайда жазасын өтеуші сотталған адамдар - жазаны өтеудің белгіленген тәртібін бұзушылар дағдылы жағдайғакөшіріледі.
4. Бас бостандығынан айыру орындарында әдейi жасаған қылмыстары үшiн сотталған адамдар мен аса ауыр қылмыстары үшiн сотталғандар бастапқы кезеңде қатаң жағдайларда ұсталады.
5. Қатаң жағдайлардан дағдылы жағдайларға көшiру жазаны өтеудiң белгiленген тәртібін бұзғаны үшiн жазасы болмаған жағдайда бiр жылдан ерте жүргiзiлмейдi.
6. Жазаны өтеудiң қатаң жағдайларынан дағдылы жағдайларына немесе дағдылы жағдайларынан жеңiлдетiлген жағдайларына қайта көшiру осы баптың 2 және 5-тармақтарында белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.
7. Жалпы режимдегi басқа түзеу колониясынан ауыстырылған сотталғандар жазасын өздерiне ауыстырылғанға дейiн белгiленген жағдайларда өтейдi.
121-бап. Ерекше режимдегi түзеу колонияларында жазаны өтеудiң жағдайлары
1. Ерекше режимдегi түзеу колонияларында дағдылы жағдайларда жазасын өтеушi сотталғандар жатақханаларда тұрады. Оларға:
тамақ өнiмдерi мен бiрiншi кезекте қажеттi нәрселердi сатып алуға өздерiнiң жеке шоттарындағы қаражаттан ай сайын екi айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде жұмсауға;
жыл iшiнде екi қысқа мерзiмдi және екi ұзақ уақыт кездесуге;
жыл iшiнде үш посылка немесе сәлемдеме және үш бандероль алуға рұқсат етiледi.
2. Ұстаудың жеңiлдетiлген жағдайларында жазасын өтеушi сотталғандар жатақханаларда тұрады. Оларға:
тамақ өнiмдерi мен бiрiншi кезекте қажеттi нәрселердi сатып алуға өздерiнiң жеке шоттарындағы қаражаттан ай сайын бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде жұмсауға;
жыл iшiнде үш қысқа мерзiмдi және үш ұзақ уақыт кездесуге;
жыл iшiнде төрт посылка немесе сәлемдеме және төрт бандероль алуға рұқсат етiледi.
3. Ұстаудың қатаң жағдайларында жазасын өтеушi сотталғандар камералық үлгiдегi үй-жайларда тұрады. Оларға:
тамақ өнiмдерi мен бiрiншi кезекте қажеттi нәрселердi сатып алуға бас бостандығынан айыруды өтеу кезеңiнде тапқан қаражатын ай сайын жұмсауға;
жыл iшiнде екi қысқа мерзiмдi кездесуге;
жыл iшiнде бiр посылка немесе сәлемдеме және бiр бандероль алуға;
ұзақтығы бiр жарым сағаттық күн сайын сейiлдеуге рұқсат етiледi.
122-бап. Өмiр бойы бас бостандығынан айыруды өтеушi сотталғандарға арналған ерекше режимдегi түзеу колониялары
Ерекше режимдегi түзеу колонияларында өмiр бойы бас бостандығынан айыруға сотталғандар, сондай-ақ кешiрiм жасау тәртібімен өлiм жазасы өмiр бойы бас бостандығынан айыруға ауыстырылып сотталғандар жазасын басқа сотталғандардан бөлек өтейдi.
123-бап. Өмiр бойы бас бостандығынан айыруды өтеушi сотталғандарға арналған ерекше режимдегi түзеу колонияларында бас бостандығынан айыруды өтеудiң жағдайлары
1. Өмiр бойы бас бостандығынан айыруға сотталғандар, әдетте, камераларға екi адамнан артық орналастырылмайды. Сотталғандардың өтiнiшiмен және өзге де қажеттi жағдайларда түзеу колониясы бастығының қаулысы бойынша сотталғандардың жеке басының қауiпсiздiгiне қатер төнген жағдайда олар жалғыз адамдық камераларда ұсталуы мүмкiн. Аталған сотталғандардың еңбегi сотталғандарды камераларда ұстаудың талаптары ескерiле отырып ұйымдастырылады.
2. Сотталғандардың ұзақтығы бiр жарым сағаттық күн сайынғы сейiлдеуге құқығы бар. Сотталушының мiнез-құлқы үлгiлi және мүмкiндiк болған жағдайда сейiлдеу уақыты екi сағатқа дейiн арттырылуы мүмкiн.
3. Түзеу колониясына келген бойда барлық сотталғандар жазаны өтеудiң қатаң жағдайларында орналастырылады. Жазаны өтеудiң қатаң жағдайларынан жазаны өтеудiң дағдылы жағдайларына көшiру жазаны өтеудiң қатаң жағдайларында кемiнде он жылын өтеуi бойынша осы Кодекстiң 120-бабының 5-тармағында аталған негiздер бойынша жүргiзiледi.
4. Сотталғандар жазаны өтеудiң дағдылы жағдайларында кемiнде 10 жылын өтеуi бойынша осы Кодекстiң 120-бабының 2-тармағында аталған негiздер бойынша жеңiлдетiлген жағдайларға көшiрiлуi мүмкiн.
5. Жазаны өтеудiң белгiленген тәртібін қасақана бұзушылар деп танылған, жазасын дағдылы және жеңiлдетiлген жағдайларда өтеушi сотталғандар жазаны өтеудiң қатаң жағдайларына көшiрiледi. Жазаны өтеудiң дағдылы не жеңiлдетiлген жағдайларына қайта көшiру осы баптың 3 және 4-тармақтарында көзделген тәртiппен жүргiзiледi.
6. Сотталғандардың дағдылы, жеңiлдетiлген және қатаң жағдайларда жазаны өтеудiң тамақ өнiмдерi мен бiрiншi кезекте қажеттi нәрселердi сатып алуға қаражат жұмсауына, кездесулердiң саны мен түрiне, посылкалардың, сәлемдемелер мен бандерольдардың санына қатысты бөлiгіндегі тәртібі осы Кодекстiң 121-бабымен белгiленедi.
124-бап. Колония-қоныстар
1. Абайсызда жасаған қылмыстары үшiн сотталғандарға арналған колония-қоныстарда бас бостандығынан айыруға жетi жылдан аспайтын мерзiмге сотталғандар жазасын өтейдi; жақсы мiнездемелi сотталғандарға арналған колония-қоныстарда осы Кодекстiң 73-бабында көзделген тәртiппен жалпы және қатаң режимдердегi колониялардан ауыстырылған сотталғандар жазасын өтейдi.
2. Колония-қоныстардың екi түрiнде де дәл сол жағдайларда бас бостандығынан айыруға сотталғандар жазасын өтейдi.
3. Сотталған еркектер мен сотталған әйелдер бiр колония-қоныста ұсталуы мүмкiн. Қатысып қылмыс жасап сотталғандар бас бостандығынан айыруды, әдетте, бөлек өтейдi.
125-бап. Колония-қоныстарда бас бостандығынан айыруды өтеудiң жағдайлары 1. Бас бостандығынан айыруға сотталғандар колония-қоныстарда:
күзетсiз, бiрақ колония-қоныс әкiмшiлiгiнiң қадағалауында болады; мекеменiң iшкi еңбек тәртібі ережелерiмен ұйқыға бөлiнген уақыттан басқа кезде колония-қоныс шегiнде еркiн жүрiп-тұру құқығын пайдаланады; колония-қоныс әкiмшiлiгiнiң рұқсатымен колония-қоныстан тыс жерге қадағалаусыз, бiрақ олардың орындайтын жұмысының сипаты бойынша не оқуына байланысты қажет болса, тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық құрылым аумағының шегiнде қадағалаусыз жүрiп-тұра алады; азаматтық киім киiп жүре алады; өзiнде ақша мен бағалы заттар ұстай алады; ақшаны шек қоюсыз пайдаланады; посылкалар, сәлемдемелер мен бандерольдар алады; санына шек қойылмай кездесе алады;
әдетте өздерiне арналған жатақханаларда тұрады. Жазаны өтеудiң белгiленген тәртібін бұзуға жол бермеген және отбасы бар сотталғандарға колония-қоныс бастығының қаулысы бойынша колония-қоныстың аумағында немесе одан тыс жерде жалға алған немесе өзiнiң тұрғын алаңында отбасымен тұруына рұқсат етiлуi мүмкiн. Аталған сотталғандар тiркелу үшiн колония-қонысқа айына төрт ретке дейiн келуге мiндеттi. Тiркелу кезеңi колония-қоныс бастығының қаулысымен белгiленедi. Сотталғандар тұратын тұрғын үй-жайларда колония-қоныс әкiмшiлiгiнiң өкiлi кез келген уақытта бола алады;
сотталушының жеке басын куәландыратын белгiленген үлгiдегi құжаты болады. Сотталушының жеке басының куәлiгi, төлқұжаты мен басқа да жеке құжаттары олардың жеке iстерiнде сақталады.
2. Сотталғандарға тiзбесi түзеу мекемелерiнiң Iшкi тәртiп ережелерiмен белгiленген нәрселер мен заттарды жатақханаларға әкелуге, пайдалануға және жатақханада сақтауға тыйым салынады.
3. Жұмысқа қабылдаудың, жұмыстан босатудың және басқа жұмысқа көшiрудiң ережелерiн қоспағанда, сотталғандардың еңбегi Қазақстан Республикасының еңбек туралы заңдарымен реттеледi. Сотталғандарды басқа жұмысқа, оның iшiнде басқа жерге ауыстыруды колония-қоныс әкiмшiлiгiнiң келісімi бойынша өздерi жұмыс iстейтiн кәсiпорынның әкiмшiлiгi жүзеге асыра алады.
4. Сотталғандарға тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық құрылым аумағының шегiнде орналасқан жоғары және орта кәсiптiк білім беру мекемелерiнде сырттай оқуға рұқсат етiледi.
ҚР 10.03.04 ж. № 529-II Заңымен 126-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
126-бап. Түрмелер
1. Түрмелерде жаза мерзiмiнiң бiр бөлiгiн түрмеде өтеумен бес жылдан астам мерзiмге бас бостандығынан айыруға сотталғандар, сондай-ақ жалпы, қатаң және ерекше режимдердегi түзеу колонияларында жазаны өтеудiң белгiленген тәртібін бұзғаны үшiн үш жылға дейiнгi мерзiмге түрмеге көшiрiлген сотталғандар, сондай-ақ өлім жазасын орындауға мораторий енгізілгенге дейін немесе мораторий қолданылған уақытта өздеріне қатысты өлім жазасы туралы үкім күшіне енген адамдар ұсталады. Түрмелерде сондай-ақ осы Кодекстiң 72-бабында көрсетiлген негiздер бойынша сондағы сотталғандар ұсталуы мүмкiн.
2. Түрмелерде жалпы және қатаң режимдер белгiленедi.
3. Қатаң режимде осы түзеу мекемесiне келiп түскен сотталғандар мен жалпы режимнен көшiрiлген сотталғандар ұсталады.
4. Сотталған жүктi әйелдер мен жанында жас балалары бар сотталған әйелдердi, сондай-ақ I және II топтағы мүгедектер болып табылатын сотталғандарды қатаң режимде ұстауға болмайды.
5. Қатаң режимге жазалау мерзiмiнiң кемiнде бiр жылын өтеуi бойынша сотталғандар жалпы режимге көшiрiлуi мүмкiн.