2. Артықшылықты акциялардың меншік иелері - акционерлердің жай акциялардың меншік иелері - акционерлеріне қарағанда қоғамның жарғысында белгіленіп, алдын ала айқындалып кепілдік берілген мөлшерде дивидендтер алуға және қоғам таратылған кезде осы Заңда белгіленген тәртіппен мүліктің бір бөлігіне басым құқығы бар.
Қоғамның артықшылықты акцияларының саны оның жарияланған акцияларының жалпы санының жиырма бес процентінен аспауға тиіс.
3. Осы баптың 4-тармағында белгіленген жағдайларды қоспағанда, артықшылықты акция акционерге қоғамды басқаруға қатысу құқығын бермейді.
4. Егер:
2005.08.07 ж. № 72-IІІ ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара)
1) қоғам акционерлерінің жалпы жиналысы шешімі бойынша артықшылықты акцияларды иеленуші акционердің құқығын шектеуі мүмкін мәселені қараса. Шектеу қою үшін орналастырылған (сатып алынғандарын шегере отырып) артықшылықты акциялардың жалпы санының кемінде үштен екі бөлігі жақтап дауыс берген жағдайда ғана мұндай мәселе бойынша шешім қабылданды деп есептеледі;
2) қоғам акционерлерінің жалпы жиналысы қоғамды қайта ұйымдастыру не тарату туралы мәселені қараса;
3) артықшылықты акция бойынша дивиденд оны төлеу үшін белгіленген мерзім өткен күннен бастап үш ай ішінде толық мөлшерінде төленбесе, артықшылықты акция акционерге қоғамды басқаруға қатысу құқығын береді.
2005.08.07 ж. № 72-IІІ ҚР Заңымен 5- тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
5. Құрылтай жиналысы (жалғыз құрылтайшының шешімі) немесе акционерлердің жалпы жиналысы жарғылық капиталды қалыптастыруға және дивидендтер алуға қатыспайтын бiр "алтын акцияны" енгізуі мүмкін. "Алтын акция" иесінің акционерлердің жалпы жиналысының, директорлар кеңесі мен атқарушы органның шешімдеріне қоғам жарғысында белгіленген мәселелер бойынша вето қою құқығы болады. "Алтын акция" куәландырған вето қою құқығы басқаға берілмеуге тиіс.
14-бап. Қоғам акционерлерінің құқықтары
1. Қоғам акционерінің:
1) осы Заңда және қоғамның жарғысында көзделген тәртіппен қоғамды басқаруға қатысуға;
2) дивидендтер алуға;
3) қоғамның қызметі туралы ақпарат алуға, оның ішінде акционерлердің жалпы жиналысында немесе қоғамның жарғысында белгіленген тәртіппен қоғамның қаржы есептілігімен танысуға;
4) тіркеушіден немесе нақтылы ұстаушыдан оның бағалы қағаздарға меншік құқығын растайтын үзінді көшірмелер алуға;
5) қоғам акционерлерінің жалпы жиналысына қоғамның директорлар кеңесіне сайлау үшін кандидатура ұсынуға;
6) қоғамның органдары қабылдаған шешімге сот тәртібімен дауласуға;
7) қоғамға оның қызметі туралы жазбаша сауал салуға және қоғамға сауал келіп түскен күннен бастап отыз күн ішінде дәлелді жауаптар алуға;
8) қоғам таратылған кезде мүліктің бір бөлігіне;
9) осы Заңда белгіленген тәртіппен өз акцияларына айырбасталатын қоғамның акцияларын немесе басқа да бағалы қағаздарын артықшылықпен сатып алуға құқығы бар.
2. Ірі акционердің, сондай-ақ:
1) акционерлердің кезектен тыс жалпы жиналысын шақыруды талап етуге немесе директорлар кеңесі акционерлердің жалпы жиналысын шақырудан бас тартқан жағдайда оны шақыру туралы талап-арызбен сотқа жүгінуге;
2) директорлар кеңесіне осы Заңға сәйкес акционерлердің жалпы жиналысының күн тәртібіне қосымша мәселелер енгізуді ұсынуға;
3) директорлар кеңесінің отырысын шақыруды талап етуге;
4) өз есебінен аудиторлық ұйымның қоғам аудитін жүргізуін талап етуге құқығы бар.
3. Акционерлердің осы баптың 1 және 2-тармақтарында белгіленген құқықтарын шектеуге жол берілмейді.
Қоғамның жарғысында акционерлердің өзге де құқықтары көзделуі мүмкін.
15-бап. Қоғам акционерлерінің міндеттері
1. Қоғамның акционері:
1) акцияларды төлеуге;
2005.08.07 ж. № 72-IІІ ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара)
2) осы акционерге тиесілі акцияларды тіркеуші мен нақтылы ұстаушыға қоғамның акцияларын ұстаушылардың тiзiлiмдер жүйесiн жүргізуге қажетті мәліметтердің өзгерісі туралы он күн ішінде хабарлауға;
3) қоғам немесе оның қызметі туралы қызметтік, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпия болып табылатын ақпаратты жария етпеуге;
4) осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заң актілерінде белгіленген басқа да міндеттерді орындауға міндетті.
2. Акционердің осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасында белгіленген талаптарды орындамауының салдары үшін қоғам мен тіркеуші жауапты болмайды.
16-бап. Қоғамның бағалы қағаздарын басымдықпен сатып алу құқығы
2005.08.07 ж. № 72-IІІ ҚР Заңымен 1 тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
1. Жарияланған акцияларды немесе қоғамның жай акцияларына айырбасталатын басқа да бағалы қағаздарды орналастыру, сондай-ақ бұрын сатып алынған осы бағалы қағаздарды сату ниетi бар қоғам осы туралы шешiм қабылдаған күннен бастап он күн iшiнде өз акционерлерiне жазбаша хабарлама жiберу немесе бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау арқылы өздерiнде бар акциялар санына барабар бағалы қағаздарды тең жағдайларда орналастыру (өткізу) туралы шешiм қабылдаған қоғамның органы белгiлеген орналастыру (өткізу) бағасы бойынша оларды сатып алуды ұсынуға мiндеттi. Акционер қоғам акцияларын орналастыру (өткізу) туралы хабарланған күннен бастап отыз күн iшiнде акцияларды не қоғамның акцияларына айырбасталатын өзге де бағалы қағаздарды басымдықпен сатып алу құқығына сәйкес сатып алуға өтiнiм беруге құқылы.
Бұл орайда қоғамның жай акцияларын иеленетiн акционердiң жай акцияларды немесе қоғамның жай акцияларына айырбасталатын басқа да бағалы қағаздарды басымдықпен сатып алу құқығы бар, ал қоғамның артықшылықты акцияларын иеленушi акционердiң қоғамның артықшылықты акцияларын басымдықпен сатып алу құқығы бар.
2. Қоғам акционерлерінің бағалы қағаздарды басымдықпен сатып алу құқығын іске асыру тәртібін уәкілетті орган белгілейді.
17-бап. 2005.08.07 ж. № 72-IІІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
2005.08.07 ж. № 72-IІІ ҚР Заңымен 18-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
18-бап. Қоғамның акцияларын орналастыру
1. Қоғам өз акцияларының шығарылымы мемлекеттік тiркеуден өткеннен кейiн акциялардың жарияланған мөлшерi шегiнде оларды бiр немесе бiрнеше орналастыру арқылы орналастыруға құқылы.
Қоғамның жарияланған акцияларының саны шегiнде акцияларын орналастыру туралы шешiмдi, қоғамның жарғысында осы мәселе акционерлердiң жалпы жиналысының құзыретiне жатқызылған жағдайды қоспағанда, қоғамның директорлар кеңесi қабылдайды.
Акцияларды орналастыру ұйымдастырылмаған бағалы қағаздар рыногында өткiзiлетiн жазылу немесе аукцион, ұйымдастырылған бағалы қағаздар рыногында сату арқылы жүзеге асырылады.
2. Қоғамның жазылу арқылы орналастырылатын акциялары осы орналастыру шегiнде акцияларды сатып алатын барлық тұлғалар үшiн бiрыңғай орналастыру бағасы бойынша сатуға жатады.
3. Қоғамның акцияларын ұйымдастырылған бағалы қағаздар рыногында не ұйымдастырылмаған бағалы қағаздар рыногында өткiзiлетiн аукцион арқылы орналастырған кезде акцияларды орналастыру туралы шешiм қабылдаған қоғамның органы осы орналастыру үшiн белгiлеген акцияларды орналастыру бағасы сауда-саттықтың (аукционның) ең төменгi бағасы болып табылады.
2006.05.06 № 146-III ҚР Заңымен 4- тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
4. Қоғамның жарияланған акцияларды орналастыру туралы шешiм қабылдауға уәкiлеттi органы орналастырылатын акциялардың санын ұлғайту және (немесе) орналастыру бағасын төмендету туралы шешiм қабылдаған жағдайда, бұл орналастыру осы Заңның 16-бабы 1-тармағының ережелерi ескерiле отырып жүргiзiледi.
2005.08.07 ж. № 72-IІІ ҚР Заңымен 19-баптың тақырыбы өзгертілді (бұр. ред. қара)
19-бап. Қоғам акцияларын ұстаушылардың тізілімдер жүйесі
2005.08.07 ж. № 72-IІІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
1. Қоғам акцияларын ұстаушылардың тiзiлiмдер жүйесiн жүргiзудi қоғамның тіркеушісі ғана жүзеге асыра алады, ол қоғамның және оның аффилиирленген тұлғаларының аффилиирленген тұлғасы болмауға тиіс.
2005.08.07 ж. № 72-IІІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
2. Қоғам акцияларын ұстаушылардың тiзiлiмдер жүйесiн жүргiзу сондай-ақ ол бойынша уәкілетті органға ақпарат беру тәртібі Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар рыногы туралы заңдарында белгіленеді.
2005.08.07 ж. № 72-IІІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
3. Қоғам өз акциялары шығарылымын мемлекеттік тіркеу мақсатында уәкілетті органға құжаттар табыс етілгенге дейін қоғамның акцияларын ұстаушылардың тiзiлiмдер жүйесiн жүргiзу жөніндегі қызмет көрсету туралы қоғамның тіркеушісімен шарт жасасуға міндетті.
2005.08.07 ж. № 72-IІІ ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
4. Орналастырылатын акция толық төленгенге дейін қоғамның осы акцияны қоғам акцияларын ұстаушылардың тiзiлiмдер жүйесіндегі (нақтылы ұстаушыны есепке алу жүйесіндегі) оны сатып алушының жеке шотына есептеу туралы бұйрық беруге құқығы жоқ.
20-бап. Қоғам акцияларын орналастыру қорытындылары туралы есеп беру
1. Қоғам уәкілетті органға қоғамның жарияланған акцияларын толық орналастырғанға дейін не оларды толық орналастырғаннан кейін әрбір алты айдың (есепті жарты жылдық аяқталғаннан кейін бір ай ішінде) қорытындылары бойынша өз акцияларын орналастыру қорытындылары туралы есеп беруге міндетті.
2. Акцияларды орналастыру қорытындылары туралы есептің мазмұнын және оны табыс ету тәртібін, сондай-ақ осы есепті қарау және бекіту тәртібін уәкілетті орган белгілейді.
21-бап. Қоғамның орналастырылатын акцияларын төлеу
1. Осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заң актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, қоғамның орналастырылатын акцияларын төлеуге ақша, мүліктік құқықтар (соның ішінде зияткерлік меншік объектілеріне құқықтар) және өзге де мүлік енгізілуі мүмкін.
Ақшадан басқа, өзге де мүлікпен төлеу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес берілген лицензия негізінде әрекет ететін бағалаушы белгілейтін баға бойынша жүзеге асырылады.
2. Егер қоғамның орналастырылатын акцияларын төлеуге мүлікті пайдалану құқығы енгізілсе, мұндай құқықты бағалау осы мүлікті пайдалануға төленетін ақының мөлшері негізге алына отырып, қоғамның оны пайдаланған бүкіл мерзіміне жүргізіледі. Аталған мерзім біткенге дейін қоғам акционерлері жалпы жиналысының келісімінсіз мұндай мүлікті алып қоюға тыйым салынады.
3. Қоғамға өзінің жарияланған акцияларын бағалы қағаздардың бастапқы рыногында орналастырған кезде оларды өзі сатып алуына жол берілмейді.
22-бап. Қоғамның акциялары бойынша дивидендтер
1. Артықшылықты акциялар бойынша дивидендтерді қоспағанда, қоғамның акциялары бойынша дивидендтер акционерлердің жалпы жиналысында қоғамның дауыс беретін акцияларының жай көпшілігімен дивидендтер төлеу туралы шешім қабылданған жағдайда ақшалай немесе қоғамның бағалы қағаздарымен төленеді.
Қоғамның акциялары бойынша оның бағалы қағаздарымен дивидендтер төлеуге акционердің жазбаша келісімі болған кезде осындай төлем қоғамның жарияланған акцияларымен және ол шығарған облигациялармен жүзеге асырылатын жағдайда ғана жол беріледі.
Дивидендтерді алуға құқығы бар акционерлердің тізімі дивидендтер төлеу басталатын күннің алдындағы күні жасалуға тиіс.
2. Қоғамның акциялары бойынша дивидендтер төлеудің кезеңділігі қоғамның жарғысымен және (немесе) акцияларды шығару проспектісімен белгіленеді.
3. Қоғамның акциялары бойынша дивидендтер төлеу төлем агенті арқылы жүргізілуі мүмкін. Төлем агентінің қызметіне ақы қоғам есебінен төленеді.
2005.08.07 ж. № 72-IІІ ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
4. Орналастырылмаған немесе қоғамның өзi сатып алған акциялар бойынша, сондай-ақ егер сот немесе қоғам акционерлерiнiң жалпы жиналысы қоғамды тарату туралы шешiм қабылдаса, дивидендтер есептелмейдi және төленбейдi.
2005.08.07 ж. № 72-IІІ ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
5. Қоғамның жай және артықшылықты акциялары бойынша:
1) өз капиталының теріс мөлшері болған жағдайда немесе егер қоғамның өз капиталының мөлшері оның акциялары бойынша дивидендтер есептеу нәтижесінде теріс болса;
2) егер қоғам Қазақстан Республикасының банкроттық туралы заңдарына сәйкес төлем қабілетсіздігі немесе дәрменсіздік белгілеріне сәйкес келсе не аталған белгілер қоғамда оның акциялары бойынша дивидендтер есептеу нәтижесінде пайда болса;
3) 2005.08.07 ж. № 72-IІІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
6. Акционер қоғам берешегінің жиналып қалу мерзіміне қарамастан, алынбаған дивидендтерді төлеуді талап етуге құқылы.
Дивидендтер оларды төлеу үшін белгіленген мерзімде төленбеген жағдайда акционерге дивидендтердің негізгі сомасы және ақша міндеттемесін немесе оның тиісті бөлігін орындау күніне Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қайта қаржыландырудың ресми ставкасын негізге ала отырып есептелетін өсімпұл төленеді.
7. Акционерлік қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған коммерциялық емес ұйымдар өз акциялары бойынша дивидендтерді есептемейді және төлемейді.
23-бап. Жай акциялар бойынша дивидендтер
2005.08.07 ж. № 72-IІІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
1. Егер қоғамның жарғысында көзделсе, қоғамның жай акциялары бойынша тоқсанның немесе жарты жылдықтың қорытындылары бойынша дивидендтер төлеу директорлар кеңесінің шешімі бойынша жүзеге асырылуы мүмкін.
Қоғамның жай акциялары бойынша жыл қорытындысы бойынша дивидендтер төлеу туралы шешімді акционерлердің жылдық жалпы жиналысы қабылдайды.
Қоғамның аталған органдары қоғамның жай акциялары бойынша дивидендтер төлемеу туралы шешім қабылдап, оны қабылдаған күнінен бастап он жұмыс күнi ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында міндетті түрде жариялауға құқылы.
2005.08.07 ж. № 72-IІІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
2. Қоғамның жай акциялары бойынша дивидендтер төлеу туралы шешім қабылданған күннен бастап он жұмыс күні ішінде бұл шешім бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануға тиіс.
3. Қоғамның жай акциялары бойынша дивидендтер төлеу туралы шешімде мынадай мәліметтер:
1) қоғамның атауы, орналасқан жері, банк және өзге де реквизиттері;
2) дивидендтер төленетін кезең;
3) бір жай акцияға шаққандағы дивидендтің мөлшері;
4) дивидендтер төлеудің басталатын датасы;
5) дивидендтер төлеудің тәртібі мен нысаны болуға тиіс.
24-бап. Артықшылықты акциялар бойынша дивидендтер
1. Осы Заңның 22-бабының 5-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, қоғамның артықшылықты акциялары бойынша дивидендтер төлеу қоғам органының шешімін талап етпейді.
Артықшылықты бір акцияға дивидендтер төлеу кезеңділігі және дивидендтің мөлшері қоғамның жарғысымен белгіленеді. Артықшылықты акциялар бойынша есептелетін дивидендтердің мөлшері жай акциялар бойынша осы кезең үшін есептелетін дивидендтердің мөлшерінен аз болмауы керек.
Қоғамның артықшылықты акциялары бойынша дивидендтер толық төленгенге дейін оның жай акциялары бойынша дивидендтер төленбейді.
2. Артықшылықты акция бойынша дивидендтің кепілдікті мөлшері оның мәні тұрақты және жалпы қолжетімді болған жағдайда қайсыбір көрсеткішке қатысты белгіленген түрінде де, индекстеу арқылы да белгіленуі мүмкін.
2005.08.07 ж. № 72-IІІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
3. Артықшылықты акциялар бойынша дивидендтер төлеу мерзімінің басталуы алдындағы бес жұмыс күні ішінде қоғам бұқаралық ақпарат құралдарында осы Заңның 23-бабы 3-тармағының 1), 2), 4), 5) тармақшаларында тізіп келтірілген мәліметтерді көрсете отырып, дивидендтер төлеу, сондай-ақ қоғамның бір артықшылықты акцияға шаққандағы дивиденд мөлшері туралы ақпарат жариялауға міндетті.
25-бап. Қоғамның акцияларымен мәмілелер жасасу
1. Бағалы қағаздардың қайталама рыногында қоғамның дауыс беретін акцияларының отыз және одан да көп процентін дербес немесе өзінің аффилиирленген тұлғаларымен бірлесе отырып сатып алғысы келетін тұлға бұл туралы қоғамға және уәкілетті органға ол белгілеген тәртіппен хабарлама жіберуге міндетті. Хабарламада сатып алынатын акциялардың саны, болжамды сатып алу бағасы туралы мәліметтер және уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерімен белгіленген өзге де мәліметтер болуға тиіс.
2. Акционерлердің қоғам акцияларын сатуына қоғамның кедергі жасауға құқығы жоқ. Қоғамның акцияларын сатқысы келетін тұлғаға қоғамның оларды қоғамның өзінің немесе үшінші тұлғалардың ұсынылған бағадан жоғары баға бойынша сатып алуы туралы ұсыныс жасауға құқығы бар. Сатып алу туралы ұсыныста акциялардың саны, бағасы және акцияларды үшінші тұлғалар сатып алған жағдайда сатып алушылардың реквизиттері туралы мәліметтер болуға тиіс.
2005.08.07 ж. № 72-IІІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
3. Бағалы қағаздардың қайталама рыногында қоғамның дауыс беретін акцияларының отыз және одан да көп процентін дербес немесе өзінің аффилиирленген тұлғаларымен бірлесе отырып сатып алған тұлға сатып алған күннен бастап отыз күн ішінде қалған акционерлерге қоғамның оларға тиесілі акцияларын сатуға ұсынысты бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауға міндетті. Акционер өзіне тиесілі акцияларды сату туралы ұсыныс жарияланған күннен бастап отыз күннен аспайтын мерзімде оларды сату туралы ұсынысты қабылдауға құқылы.
Акционерлерге оларға тиесілі акцияларды сату туралы ұсыныста аттарын (атауларын), тұрғылықты жерін (орналасқан жерін), оларға тиесілі акциялардың санын қоса алғанда, қоғамның дауыс беретін акцияларының отыз және одан да көп процентін сатып алған тұлға және оның аффилиирленген тұлғалары туралы және осы Заңның 69-бабының 2-тармағына сәйкес айқындалатын, акцияларды сатып алудың ұсынылып отырған бағасы туралы деректер болуға тиіс.
Акционердің өзіне тиесілі акцияларды сату туралы жазбаша келісімін алған жағдайда сатып алу туралы ұсынысты жариялаған тұлға акцияларды отыз күн ішінде төлеуге міндетті.
Акцияларды сатып алудың осы тармақта аталған тәртібі сақталмаған жағдайда қоғамның дауыс беретін акцияларының отыз және одан да көп процентін иеленуші тұлға (тұлғалар) өзімен (өздерімен) аффилиирленбеген тұлғаларға қоғамның дауыс беретін акцияларының жиырма тоғыз процентінен асатын акцияларының оған (оларға) тиесілі бір бөлігін иеліктен шығаруға міндетті.
4. Қоғамның өзіне тиесілі акцияларды сату туралы ұсынысқа жауап ретінде өтініш берген акционері осы ұсынысты жариялаған тұлғаның акцияларды сатып алудан бас тартуына сот тәртібімен шағымдануға құқылы.
26-бап. Орналастырылған акцияларды қоғамның бастамасы бойынша сатып алу
2005.08.07 ж. № 72-IІІ ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
1. Орналастырылған акцияларды сатып алу қоғамның бастамасы бойынша акционердiң келісімiмен, қоғамның акцияны сатып алуы кезiнде оның құнын айқындаудың акционерлердiң жалпы жиналысы бекiткен әдiстемесiне сәйкес, оларды кейiннен сату мақсатында немесе Қазақстан Республикасының заңдарына және қоғамның жарғысына қайшы келмейтiн өзге де мақсаттарда жүргiзiлуi мүмкiн.
2. Егер осы Заңда және (немесе) қоғамның жарғысында өзгеше белгіленбесе, қоғамның бастамасы бойынша орналастырылған акцияларын қоғамның сатып алуы директорлар кеңесінің шешімі негізінде жүргізіледі.
3. Қоғамның:
1) акционерлердің бірінші жалпы жиналысын өткізгенге дейін;
2) акцияларды орналастыру қорытындылары туралы есеп бекітілгенге дейін;
3) егер акцияларды сатып алу нәтижесінде қоғамның өз капиталының мөлшері осы Заңда белгіленген ең төменгі жарғылық капиталдың мөлшерінен аз болса;
4) егер акцияларды сатып алу кезінде қоғам Қазақстан Республикасының банкроттық туралы заңдарына сәйкес төлем қабілетсіздігі не дәрменсіздігі белгілеріне сәйкес келсе не аталған белгілер қоғамда оның барлық талап етілетін немесе сатып алу болжанатын акцияларды сатып алу нәтижесінде пайда болса;
5) егер сот немесе қоғам акционерлерінің жалпы жиналысы оны тарату туралы шешім қабылдаса, өзінің орналастырылған акцияларын сатып алуға құқығы жоқ.
2005.08.07 ж. № 72-IІІ ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
4. Егер қоғамның бастамасы бойынша оның сатып алынатын орналастырылған акцияларының саны акцияларды сатып алу-сату мәмiлесi (мәмiлелерi) жасалғанға дейiнгi олардың жалпы санынан бір процент асатын болса, ол өз акционерлеріне осындай сатып алу туралы хабарлауға міндетті.
Қоғамның өзі орналастырған акцияларын сатып алуы туралы хабарламасында өзі сатып алатын акциялардың түрлері, саны, бағасы, мерзімі туралы және оларды сатып алу талаптары туралы мәліметтер болуға тиіс және ол бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануға тиіс.
2005.08.07 ж. № 72-IІІ ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
5. Қоғамның өз акционерлері сатып алуға өтініш берген орналастырылған акцияларының саны қоғам сатып алуға жариялаған акциялардың санынан асып түскен жағдайда бұл акциялар акционерлерден оларға тиесілі акциялардың санына барабар сатып алынады.
27-бап. Қоғамның орналастырған акцияларды акционердің талап етуі бойынша сатып алуы
2005.08.07 ж. № 72-IІІ ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
1. Қоғам орналастырылған акцияларды сатып алуды:
1) акционерлердiң жалпы жиналысы қоғамды қайта ұйымдастыру туралы шешiм қабылдаған (егер акционер қоғамды қайта ұйымдастыру туралы мәселе қаралған акционерлердiң жалпы жиналысына қатысып, оған қарсы дауыс берсе);
2) осы Заңда және қоғамның жарғысында белгiленген тәртiппен қабылданған iрi мәмiле жасау туралы шешiммен және (немесе) жасалуында қоғамның мүддесi бар мәмiле жасау туралы шешiммен келiспеген;
3) акционерлердiң жалпы жиналысы қоғамның жарғысына осы акционерге тиесiлi акциялар бойынша құқықтарды шектейтiн өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы шешiм қабылдаған (егер акционер осындай шешiм қабылданған акционерлердiң жалпы жиналысына қатыспаса немесе ол осы жиналысқа қатысып, аталған шешiмнiң қабылдануына қарсы дауыс берсе) жағдайларда өзiне қойылуы мүмкiн қоғам акционерiнiң талап етуi бойынша жүргiзуге тиiс.
2005.08.07 ж. № 72-IІІ ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды
1-1. Орналастырылған акцияларды акционердiң талап етуi бойынша қоғамның сатып алуы қоғамның акцияларды сатып алуы кезiнде олардың құнын айқындаудың акционерлердiң жалпы жиналысы бекiткен әдiстемесiне сәйкес жүзеге асырылады.
2005.08.07 ж. № 72-IІІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
2. Акционерлердің жалпы жиналысы немесе директорлар кеңесi шешім қабылдаған күннен бастап отыз күн ішінде акционер өзіне тиесілі акцияларды сатып алу туралы қоғамға жазбаша өтініш жіберу арқылы талап қоюға құқылы.
Аталған өтініш алынған күннен бастап отыз күн ішінде қоғам акционерден акцияларды сәйкес белгіленген бағамен сатып алуға міндетті.
3. Қоғамның өз акционерлері сатып алуға өтініш берген орналастырылған акцияларының саны қоғам сатып алуы мүмкін акциялардың санынан артық болған жағдайда бұл акциялар акционерлерден оларға тиесілі акциялардың санына барабар сатып алынады.
28-бап. Қоғамның орналастырылған акцияларды сатып алуы бойынша шектеулер
1. Қоғам сатып алатын орналастырылған акциялардың саны орналастырылған акциялардың жалпы санының жиырма бес процентінен аспауға тиіс, ал қоғамның орналастырылған акцияларын сатып алуға жұмсайтын шығыстары:
1) орналастырылған акцияларды акционердің талап етуі бойынша сатып алған кезде - акционерлердің жалпы жиналысында осы Заңның 27-бабының 1-тармағында аталған шешімдердің бірі қабылданған күнгі жағдай бойынша;
2) орналастырылған акцияларды қоғамның бастамасы бойынша сатып алған кезде - қоғамның орналастырылған акцияларын сатып алу туралы шешім қабылданған күнгі жағдай бойынша оның өз капиталы мөлшерінің он процентінен аспауға тиіс.