Қазақстан Республикасының Заңы
“Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы”
Осы редакция 2007 ж. 12 қаңтарда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
1-тарау. Жалпы ережелер (1-3 баптар)
2-тарау. Валюталық реттеу (4-12 баптар)
3-тарау. Валюталық оперцияларды үзеге асырудың негізгі принциптері (13-19 баптар)
4-тарау. Капитал қозғалысының операциялары және шоттар ашу (20-26 баптар)
5-тарау. Валюталық бақылау (27-31 баптар)
6-тарау. Қорытынды Ережелер (32-34 баптар)
Түпнұсқада мазмұны жоқ
Осы Заң резиденттер мен резидент еместер валюталық құндылықтарға құқықтарын іске асырған кезде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейдi, валюталық реттеу мен валюталық бақылаудың мақсаттарын, мiндеттерi мен тәртібін айқындайды.
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) базалық актив - бағасына туынды қаржы құралының құны тәуелдi қаржы құралы, көрсеткiш немесе тауар;
2) валюта - мемлекеттердің заңды төлем қаражаты ретінде қабылдаған ақша бiрлiгі немесе банкноттар, қазынашылық билеттер және монеталар, оның iшiнде қымбат металдардан жасалған монеталар (айналыстан алынған немесе алынатын, бiрақ айналыста жүрген ақша белгiлерiне айырбасталуға жататынын қоса алғанда) түрiндегі қолма-қол және қолма-қол емес ақша нысанындағы құнның ресми стандарттары, сондай-ақ шоттардағы, оның ішiнде халықаралық ақша немесе есеп айырысу бiрлiктерiндегі қаражат;
3) валюталық операциялар:
валюталық құндылықтарға меншік құқығының және өзге де құқықтардың көшуіне, сондай-ақ валюталық құндылықтарды төлем қаражаты ретінде пайдалануға байланысты операциялар;
валюталық құндылықтарды, ұлттық валютаны, номиналы ұлттық валютамен көрсетiлген бағалы қағаздарды және төлем құжаттарын, резиденттер шығарған номиналы жоқ бағалы қағаздарды Қазақстан Республикасына әкелу, жіберу және аудару, сондай-ақ Қазақстан Республикасынан әкету, жiберу және аудару;
4) валюталық құндылықтар:
шетел валютасы;
номиналы шетел валютасымен көрсетілген бағалы қағаздар және төлем құжаттары;
резидент еместер шығарған номиналы жоқ бағалы қағаздар;
тазартылған құйма алтын;
резиденттер мен резидент еместер арасында, сондай-ақ резидент еместер арасында операциялар жасалған жағдайда қолданылған ұлттық валюта, номиналы ұлттық валютамен көрсетілген бағалы қағаздар және төлем құжаттары;
резиденттер мен резидент еместер арасында, сондай-ақ резидент еместер арасында операциялар жасалған жағдайда қолданылған резидент шығарған номиналы жоқ бағалы қағаздар;
5) валюталық шарт - өзгерістері мен толықтыруларын қоса алғандағы келісім, құрылтай құжаттары, сондай-ақ солардың негізiнде және (немесе) оларды орындау үшiн валюталық операциялар жүзеге асырылатын өзге де құжаттар;
6) шетел валютасы - шет мемлекеттің валютасы, сондай-ақ халықаралық ақша немесе есеп айырысу бiрліктерi;
7) шетелдiк банктер - Қазақстан Республикасынан тыс жерде құрылған және өздері тіркелген мемлекеттердiң заңнамасы бойынша банк операцияларын жүзеге асыруға құқығы бар банктер мен өзге де қаржы институттары;
8) коммерциялық кредиттер - тауарларды (жұмыстарды, қызметтер көрсетудi) жеткiзушiлер (сатушылар) мен алушылар (сатып алушылар) арасында тiкелей жүзеге асырылатын экспорт бойынша төлем мерзімін кейінге қалдыру немесе импорт бойынша алдын ала ақы төлеу (аванстық төлем);
9) ұлттық валюта - Қазақстан Республикасының валютасы;
10) резидент еместер - осы баптың 15) тармақшасында аталмаған жеке тұлғалар, заңды тұлғалар, олардың филиалдары мен өкілдіктерi;
11) айырбастау пункттерi - шетел валютасымен айырбастау операциялары жүргiзiлетiн арнайы жабдықталған орындар;
12) мәміле паспорты - валюталық операциялар бойынша есепке алуды және есептілікті қамтамасыз ету үшін қажетті сыртқы экономикалық мәміле туралы мәліметтер көрсетілетін белгіленген нысандағы құжат;
13) туынды қаржы құралдары - құны базалық активтiң құнынан бөлек бағалануы мүмкін және мәмiлелердiң дербес объектісi бола алатын қаржы құралдары;
14) тiкелей инвестициялар - заңды тұлғаның акцияларын (қатысушылардың салымдарын) төлеуге зияткерлiк шығармашылық қызметтiң нәтижесіне құқықтарды қоса алғанда, ақшаны, бағалы қағаздарды, заттарды, мүліктік құқықтарды және өзге де мүлiктi салу, соның нәтижесiнде осындай салымдарды жүзеге асыратын тұлғаға осы заңды тұлғаның дауыс беретiн акцияларының он және одан да көп проценті (қатысушылар даусының жалпы санының он және одан да көп процентi) тиесілi болады;
15) резиденттер:
Қазақстан Республикасының азаматтары, оның iшiнде шет мемлекетте тұрақты тұру құқығына осы мемлекеттiң заңнамасына сәйкес берiлген құжаты бар Қазақстан Республикасының азаматтарын қоспағанда, шет елде уақытша жүрген немесе Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде оның мемлекеттік қызметінде жүрген азаматтары;
Қазақстан Республикасында тұрақты тұру құқығына құжаты бар шетелдiктер және азаматтығы жоқ адамдар;
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған, Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан жері бар барлық заңды тұлғалар, сондай-ақ Қазақстан Республикасында және одан тыс жерлерде орналасқан жерi бар олардың филиалдары мен өкілдiктерi; (1-қосымша)
Қазақстан Республикасынан тыс жерлердегі Қазақстан Республикасының дипломатиялық, сауда және өзге де ресми өкiлдiктерi;
16) уәкілетті банктер - Қазақстан Республикасында құрылған банктер және осы баптың 17) тармақшасында аталған ұйымдарды қоспағанда, валюталық операцияларды, оның ішiнде клиенттердiң тапсырмасы бойынша операцияларды жүзеге асыратын банк операцияларының жекелеген түрлерін жүргізуге құқығы бар ұйымдар;
17) уәкiлетті ұйымдар - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған, қызметiнiң ерекше түрі шетелдiк валютамен айырбастау операцияларын ұйымдастыру болып табылатын заңды тұлғалар;
18) қаржы қарыздары:
ақша нысанында берілетін қарыздар (коммерциялық кредиттерді қоспағанда);
банктердің шет елде халықаралық капитал нарықтарында қаражат тарту мақсатында құрылған еншiлес ұйымдарының сол банктердегі салымдары (депозиттерi);
борышкердiң міндеттемелерді орындауын қамтамасыз етуге берілетін ақша;
үшінші тұлғалардың тауарларды (жұмыстарды, қызметтер көрсетудi) сатып алуды және өзге де мәмiлелердi қаржыландыруы, сондай-ақ үшiншi тұлғалардың кредитор алдындағы борышкердің мiндеттемелерiн орындауы, соның нәтижесінде ақшаны және өзге де мүлiктi сыйақымен немесе онсыз қайтару жөнiндегі міндеттемесі орындалған тұлғаның осындай қаржыландыруды ұсынған және (немесе) осындай орындауды жүзеге асырған тұлғаға мiндеттілігі туындайды;
19) экспорт (импорт) - резиденттiң резидент емеске (резидент еместiң резидентке) тауарларды сатуы, жұмыстарды орындауы, қызметтер көрсетуі.
2-бап. Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерiнен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгіленген болса, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.
3-бап. Осы Заңның қолданылу аясы
Осы Заң Қазақстан Республикасының аумағында қолданыста болады және Қазақстан Республикасының резиденттері мен Қазақстан Республикасының аумағында валюталық операцияларды жүзеге асыратын резидент еместерге қолданылады.
Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде осы Заң Қазақстан Республикасының резиденттеріне қолданылады.
2-тарау. ВАЛЮТАЛЫҚ РЕТТЕУ
4-бап. Валюталық реттеудің мақсаттары мен міндеттері
1. Валюталық реттеудің мақсаты тұрақты экономикалық өсуге қол жеткізу және экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттің саясатына жәрдемдесу болып табылады.
2. Валюталық реттеудің міндеттері:
1) Қазақстан Республикасында валюталық құндылықтардың айналысының тәртібін белгілеу;
2) Қазақстан Республикасының дүниежүзілік экономикаға одан әрi кiрiгуi үшін жағдайлар жасау;
3) валюталық операциялар мен капитал легi жөніндегі ақпараттық базаны қамтамасыз ету болып табылады.
5-бап. Валюталық реттеу органдары
1. Қазақстан Республикасында валюталық реттеудiң негізгі органы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi болып табылады.
2. Қазақстан Республикасының Үкіметі және өзге де мемлекеттік органдар валюталық реттеуді өз құзыретi шегінде жүзеге асырады.
3. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi және Қазақстан Республикасының Үкіметі осы Заңға сәйкес өз құзыреті шегінде резиденттер мен резидент еместер үшін мiндеттi нормативтік құқықтық актiлер шығарады.
Валюталық реттеу органдары әзiрлеген валюталық реттеу мәселелері жөніндегі нормативтiк құқықтық актiлер Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен міндетті түрде келісiлуге тиіс.
4. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi валюталық реттеудің негізгі органы ретiнде:
1) осы Заңның 6-бабына сәйкес резиденттердің валюталық құндылықтарды пайдалануға байланысты қызметін жүзеге асыруына қойылатын талаптарды;
2) тармақшасының екiншi абзацы 2006 ж. 31 желтоқсанды қоса алған мерзiм бойынша қолданылады
2) резиденттер мен резидент еместердiң валюталық операцияларды жүзеге асыру тәртібін, соның iшiнде валюталық реттеу режимдерiн:
лицензиялауды;
тiркеудi;
хабардар етудi;
3) Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асыратын резидент еместердің валюталық операцияларына мониторингтi (валюталық мониторингтi) жүзеге асыру тәртібін;
4) уәкілеттi мемлекеттік органдармен келісім бойынша олардың құзыретiне сәйкес барлық резиденттер мен резидент еместердiң орындауы үшін мiндеттi валюталық операциялар бойынша есепке алу және есептілік нысандарын белгілейдi.
Жүзеге асырылу тәртібі осы Заңда белгiленбеген валюталық операциялар шектеусiз жүргізіледi.
6-бап. Валюталық құндылықтарды пайдалануға байланысты
қызметті жүзеге асыруға қойылатын талаптар
1. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi валюталық құндылықтарды пайдалануға байланысты қызметтің мынадай түрлерін:
1) қолма-қол шетел валютасымен бөлшек сауданы жүзеге асыруды және қызметтер көрсетуді;
2) уәкiлеттi ұйымдардың шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыруын лицензиялауға тиіс.
Осы тармақтың 1) тармақшасында аталған қызметтi жүзеге асыруға лицензия өз қызметін бажсыз сауда дүкенінің кеден режимiнде, сондай-ақ халықаралық тасымалдар жасайтын теңiз, iшкi cу, әуе, темір жол және автомобиль көлiгiнде жүзеге асыратын тұлғаларға берiледі.
2. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi осы баптың 1-тармағында аталған қызметке қойылатын біліктілік талаптарын, сондай-ақ қосымша сауда нүктелерi мен айырбастау пункттерiн тiркеу (ашу) тәртібін белгiлейдi. Айырбастау пунктін тiркеу кезiнде белгiленген үлгідегi құжат - айырбастау пунктiнiң тiркеу куәлiгi берiледi. Уәкілеттi ұйымдар үшiн құрылтай құжаттарын келiсу тәртібі, құрылтайшылардың құрамына, ұйымдастыру-құқықтық нысанына, жарғылық капиталдың мөлшерiне және қалыптасу тәртібіне қойылатын талаптар, бөлiмшелер құру және басқа заңды тұлғаларға қатысу жөніндегі шектеулер қосымша белгіленедi.
3. Резиденттер лицензия алу үшiн Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне, "Лицензиялау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес белгіленген құжаттардан басқа, осы Заңның 10-бабының бірінші бөлігіндегі 1), 3)-9) тармақшаларында көзделген құжаттарды Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтiк құқықтық актiсiнде белгіленген шарттармен және тәртіппен тапсырады.
4. Осы баптың 1-тармағында аталған қызметті жүзеге асыруға лицензиялар немесе лицензия беруден бас тарту резидент құжаттардың толық топтамасын табыс еткен күннен бастап күнтiзбелiк отыз күн iшiнде берiледi.
Өтiнiш берушiге лицензия беруден бас тартылған кезде жазбаша нысанда дәлелдi жауап берiледi.
5. Лицензия беруден бас тарту үшін мыналар негіз болып табылады:
1) осы Заңға сәйкес көзделген құжаттарды не өзге де ақпаратты ұсынбау;
2) өтiнiш берушiнiң осы Заңға сәйкес белгiленген талаптарға сай болмауы;
3) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген өзге де негіздер.
6. Жүзеге асыруға лицензия алынған қызмет бойынша ақпарат ұсынудың нысандары мен тәртібі Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтiк құқықтық актiсiнде белгiленедi.
7 бап 2006 ж. 31 желтоқсанды қоса алған мерзiм бойынша қолданылады
7-бап. Валюталық операцияларды лицензиялау
1. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі осы Заңның 4-тарауында көзделген валюталық операцияларға лицензиялар бередi.
2. Валюталық операцияларға қатысушы резидент шоты ашылғанға дейін немесе тараптардың бiрi шарт бойынша мiндеттемелердi орындауды бастағанға дейiн не осы Заңның 20-бабы 5-тармағының екiншi бөлігінде, 7-тармағында және 25-бабы 3-тармағының 2) тармақшасында көрсетiлген мерзiм өткен күннен бастап күнтізбелік отыз күн iшiнде лицензия алуға өтініш жасауға міндеттi.
3. Резиденттер лицензия алу үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне, "Лицензиялау туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгiленген құжаттардан басқа осы Заңның 10-бабы бiрiншi бөлiгiнiң 1)-8), 10) тармақшаларында көзделген құжаттарды Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісiнде белгіленген шарттармен және тәртiппен ұсынады.
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi ұсынылған құжаттарда сілтеме жасалған құжаттарды қосымша сұратуға құқылы.
4. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі нормативтік құқықтық актiде:
1) осы Заңның 22-бабының 3-тармағына сәйкес лицензиялануға тиiс валюталық операциялардың көлемдеріне қатысты талаптарды;
2) осы Заңның 22-бабының 2-тармағына сәйкес лицензиялануға тиiс операцияларды резидент-клиенттің тапсырмасы бойынша оның мүддесiне және оның есебінен резидент еместің жүргiзуi көзделетiн, ол тiркелген мемлекеттiң заңнамасы бойынша бағалы қағаздар нарығындағы кәсiби қызметтi жүзеге асыруға құқығы бар резидент пен резидент емес арасындағы мәміле шарттарына қатысты талаптарды;
3) осы Заңның 25-бабына сәйкес лицензиялануға тиiс операциялар бойынша уәкілетті банктердегі шоттар арқылы валюталық операцияларды жүзеге асыруға мүмкіндіктің жоқтығына негіздеме ұсынудың талаптарын белгілейдi.
5. Лицензия беруден бас тарту үшін мыналар негіз болып табылады:
1) осы Заңға сәйкес көзделген құжаттарды не өзге де ақпаратты ұсынбау;
2) жүргiзiлетiн операцияның Қазақстан Республикасының заңнамасына сай келмеуі;
3) жүргiзiлетiн валюталық операцияның және (немесе) өтiнiш берушiнiң осы Заңға сәйкес белгiленген талаптарға сай келмеуi;
4) осы Заңның 22 және 25-баптарына сәйкес лицензиялануға тиiс валюталық операцияларға қатысты салықтық берешектiң, бюджет қаражатының, үкіметтік сыртқы қарыздардың есебінен берілген кредиттер бойынша және мемлекеттік кепілдіктерді орындауға байланысты туындаған талаптар бойынша мерзімі өткен берешектің болуы;
5) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген өзге де негіздер.
Өтініш берушіге лицензия беруден бас тартылған жағдайда, бас тарту себептері көрсетіле отырып, жазбаша нысанда дәлелді жауап беріледі.
6. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде лицензиялануға тиіс валюталық операциялардың ең аз сомасы, сондай-ақ берілген лицензияға сәйкес валюталық операция бойынша ақпарат ұсынудың нысандары мен тәртібі белгіленеді.
8-бап. Валюталық операцияларды тіркеу
1. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі осы Заңның 4-тарауында аталған валюталық операцияларды тіркеуді жүзеге асырады.
2. Тіркеу режимі валюталық шартты тіркеуді және тіркелген валюталық шарт бойынша резиденттің кейiннен мәлiметтер беруін қамтиды.
3. Валюталық операцияға қатысушы резидент тараптардың бiрi валюталық шарт бойынша мiндеттемелерiн орындауды бастағанға дейiн не осы Заңның 20-бабының 7-тармағында және 23-бабының 2-тармағында аталған мерзiм өткен күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішiнде, ал осы Заңның 25-бабының 5-тармағында көзделген жағдайларда шот бойынша операциялар жүргізіле басталғанға дейін тiркелуге өтiніш беруге мiндетті.
4. Резиденттер валюталық операцияларды тіркеу үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне осы Заңның 10-бабы бiрiншi бөлiгiнiң 1)-4), 6), 7), 10) тармақшаларында көзделген құжаттарды Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнің нормативтiк құқықтық актiсiнде белгiленген шарттармен және тәртiппен тапсырады.
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi ұсынылған құжаттарда сiлтеме жасалған құжаттарды қосымша сұратуға құқылы.
5. Резидент құжаттардың толық топтамасын тапсырған күннен бастап он жұмыс күнi iшiнде тіркеу жүзеге асырылады.
Валюталық шартты тiркеген кезде өтiнiш берушiге белгiленген үлгiдегi құжат - тiркеу куәлігі беріледi.
6. Тiркеуден бас тарту мынадай жағдайларда жүзеге асырылады:
1) дұрыс емес ақпарат ұсыну не осы Заңға сәйкес көзделген ақпаратты ұсынбау;
2) жүргiзiлетiн операцияның Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес келмеуi.
7. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінiң нормативтік құқықтық актiсiнде тiркелуге тиiс мәмiленiң ең аз сомасы және тіркеу тәртібінiң ерекше жағдайлары белгiленеді.
9-бап. Валюталық операциялар туралы хабарлама
1. Хабарлама режимi валюталық операцияларға қатысушы резиденттердiң және (немесе) уәкiлетті банктердің, сондай-ақ клиенттердің тапсырмасы бойынша валюталық операцияларды жүзеге асыратын бағалы қағаздар нарығына кәсiби қатысушылардың Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiне валюталық шарт бойынша белгіленген нысанда ақпарат ұсынуын және жүргізілген операциялар мен валюталық шарттың өзгерiстерi туралы кейіннен ақпарат ұсынуын қамтиды.
Валюталық операцияларға қатысушы резиденттер валюталық шарт жасалғаннан кейін, бiрақ ол бойынша мiндеттемелердi тараптардың бiрi орындауды бастаған күннен бастап жеті жұмыс күнінен кешiктірмей, ал шетелдiк банкте шот ашу кезiнде, осы Заңның 25-бабының 2-тармағында белгіленген мерзiмде Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне хабарлама жасайды. Егер хабарлама тәртібі валюталық шартқа ол бойынша мiндеттеменi орындау процесiнде қолданылған болса - валюталық шарт бойынша жүзеге асырылатын валюталық операциялар хабарлама жасалуға тиiсті күннен бастап жетi жұмыс күнінен кешіктірмей хабарлайды.
2. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi валюталық операцияға қатысушы резидентке одан валюталық шарт туралы ақпарат алған күннен бастап он күннен аспайтын мерзiмде хабарлама туралы растау бередi.
3. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi валюталық операциялардың жасалу мән-жайларын нақтылау мақсатында соның негiзiнде валюталық операциялар жүзеге асырылатын валюталық шартты талап етуге құқылы.
4. Уәкiлеттi банктер және (немесе) бағалы қағаздар нарығының кәсiби қатысушылары хабарлама туралы растау болмаған жағдайда клиенттердiң валюталық операцияларын Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтiк құқықтық актiсiнде белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне хабарлай отырып жүргізеді.
10-бап. Лицензия мен тіркеу куәлігін алу үшін талап
етілетін құжаттар
Резиденттер валюталық құндылықтарды пайдалануға байланысты қызметті жүзеге асыруы қойылатын талаптарға сәйкес, сондай-ақ осы Заңда белгiленген валюталық реттеу режимдерiнiң талаптарына сәйкес Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне мынадай құжаттарды ұсынады:
1) өтініш;
2) тiгілiп, қол қойылып (жеке және заңды тұлғалар үшін) және мөр басылып (заңды тұлғалар үшiн) куәландырылған валюталық шарттың көшiрмесi;
3) жеке басты куәландыратын құжаттың көшiрмесi (валюталық операцияны жүзеге асыратын жеке тұлғалар үшін);
4) заңды тұлғаның мемлекеттік тiркелгенi туралы куәлiктiң көшiрмесi (заңды тұлғалаp үшiн);
5) құрылтай құжаттарының нотариатпен куәландырылған көшiрмесi (заңды тұлғалap үшiн);
6) бiрегей сәйкестендiрілген код берiлгенiн растайтын, Қазақстан Республикасы мемлекеттік статистикасының уәкiлеттi органы берген құжаттың көшiрмесi (заңды тұлғалар үшiн);
7) салық төлеушiнiң мемлекеттік тiркелгенiн растайтын құжаттың көшiрмесi;
8) өтінiш берушінiң талаптарға, оның iшiнде осы Заңда және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтiк құқықтық актілерінде белгiленген біліктілiк талаптарына сәйкестiгiн растайтын құжаттар;
9) резиденттiң шетел валютасы шотының бар екендігі туралы банктің анықтамасы;
10) валюталық шарт бойынша мiндеттемелердiң туындауын, орындалуын және тоқтатылуын растайтын құжаттардың көшiрмесi.
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi танысу үшiн осы бапта аталған құжаттардың түпнұсқаларын резиденттен сұратуға құқылы.
11-бап. Валюталық мониторинг
1. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi валюталық мониторингтi Қазақстан Республикасының төлем балансының тұрақтылығын бағалау мақсатында жүзеге асырады.
Валюталық мониторингтің негізгі міндеттерi:
1) валюталық мониторинг объектілерi жүзеге асыратын валюталық операциялар бойынша ақпарат базасын жасау;
2) Қазақстан Республикасы төлем балансының, сыртқы борышының және халықаралық инвестициялық позициясының статистикасын, оларды талдау мен болжауды жетiлдiру болып табылады.
2. Резидент емес заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының аумағында бiр жылдан астам жұмыс iстейтін филиалдары мен өкілдiктерi валюталық мониторинг объектiлерi болып табылады, Валюталық мониторинг қолданылатын қызметтiң түрлерiн Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі айқындайды.
3. Валюталық мониторинг белгіленген есептілік нысандарына сәйкес валюталық мониторинг объектiлерiнiң резиденттермен және резидент еместермен iске асыратын жобалары бойынша олардан ақпарат жинау әдiсiмен жүзеге асырылады.
4. Валюталық мониторинг жүргiзу үшiн есептілік мерзiмдерi мен нысандары Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтiк құқықтық актісiнде белгіленедi.
12-бап. Шет ел валютасын және ұлттық валютаны қайтару
1-тармағы 2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледі
1. Резиденттер мәміле шарттарында көзделген мерзiмде уәкілетті банктердегі банк шоттарына:
1) резиденттiң тауарлар (жұмыстар, қызметтер көрсету) экспортына ақы төлеуге алған ұлттық валютаны және шетел валютасын;
2) резидент емес мiндеттемелерiн орындамаған және (немесе) толық орындамаған жағдайда, резиденттiң тауарлар (жұмыстар, қызметтер көрсету) импорты бойынша есеп айырысуды жүзеге асыруы үшiн резидент еместiң пайдасына аударған ұлттық валютаны және шетел валютасын аударуды қамтамасыз етуге міндетті.
2. Резиденттің тауарлар (жұмыстар, қызметтер көрсету) экспорты, импорты бойынша есеп айырысуды жүзеге асырған кезде уәкілетті банктердегі банк шоттарына ұлттық және шетелдік валютаны аударуы:
1) резидент еместен тартылған қарыздың шарттарына сәйкес резиденттің міндеттемелерін қамтамасыз етуге арналған шетелдік банктердегі резиденттің шоттарына валюта түсімін аударған;