Астық туралы 2001 ж. 19 қаңтардағы № 143-II
Қазақстан Республикасының Заңы
(2006.10.01. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
Осы редакция 2006 ж. 29 желтоқсанда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
1-тарау. Жалпы ережелер (1 - 2 баптар)
2-тарау. Астық рыногын мемлекеттік басқару мен реттеу (3 - 9 баптар)
3-тарау. Астық өндіру мен сатуды мемлекеттік қолдау (10 бап)
4-тарау. Мемлекеттік астық ресурстары (11 - 12 баптар)
5-тарау. Астық қабылдау кәсіпорындары (13 - 16 баптар)
6-тарау. Астық қабылдау кәсіпорындарының қызметін реттеу (17 - 33 баптар)
7-тарау. Астық қабылдау кәсіпорындарын тарату (34 - 38 баптар)
8-тарау. Астық қолхаттары (39 - 41 баптар)
9-тарау. Қорытынды ережелер (42 бап)
Осы Заң Қазақстан Республикасында астықты өндiру, сақтау және сату процесiнде пайда болатын қатынастарды реттейдi.
1-тарау. Жалпы ережелер
ҚР 11.07.01 ж. № 231-11; 13.10.03 ж. № 488-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 1-бап өзгертілді
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) агент - мемлекет жүз процент қатысатын, Қазақстан Республикасы Үкіметінiң шешiмiмен құрылатын және өз құзыретi шегiнде мемлекеттік астық ресурстарын басқару жөніндегі өкiлеттiктi жүзеге асыратын ұйым;
2) алып тасталды
4) алып тасталды
5) мемлекеттік астық ресурстары - азық-түлiктiк қауiпсiздiктi қамтамасыз ету және мемлекеттік мiндеттемелердi орындау мақсатында, сондай-ақ астық рыногын қорғау мен реттеу үшiн жасалған мемлекеттік астық запастары;
6) астық иесi - астық қабылдау кәсiпорнына сақтауға астық берген жеке (немесе) заңды тұлға;
7) астық қолхатын ұстаушы - астық иесi, астық қолхатымен индоссамент жасаған жағдайларда - индоссат;
7-1) қойма куәлiгiн ұстаушы - кепiлмен ауыртпалық жасалған астық иесi, қойма куәлiгiмен индоссамент жасалған жағдайларда - индоссат;
7-2) кепiл куәлiгiн ұстаушы - кепiл куәлiгiмен куәландырылған мiндеттемеде астықты кепiлге ұстаушы болып табылатын тұлға;
8) астық - тағамдық, тұқымдық, мал азығы және техникалық мақсаттар үшiн пайдаланылатын дәндi, дәндi-бұршақ және майлы дақылдардың өнiмдерi;
9) астық қолхаты - астық иесiнен астықты сақтауға қабылдағанын растап, астық қабылдау кәсiпорны беретiн қоймалық қос куәлiк;
10) астық қоймасы (элеватор, астық қабылдау пунктi) - астық сақтауға арнап мамандандырылған техникалық ғимарат;
11) астықтың сапасы - астықтың мемлекеттік стандарттардың, техникалық жағдайлардың, санитарлық, ветеринариялық және фитосанитариялық ережелер мен нормалардың, гигиеналық нормативтер мен өзге де нормативтiк құжаттардың талаптарына сәйкес келуiн айқындайтын тұтыну қасиеттерiнiң жиынтығы;
12) астық рыногының мониторингi - астықты өндiрудi, сақтауды, қайта өңдеудi және сатуды қоса алғанда, астық рыногына қатысушылар жүзеге асыратын астықпен жасалатын операциялар туралы деректердi жинауға, өңдеуге және талдауға бағытталған тұрақты iс-шаралар жиынтығы;
13) жұмылдырушы дайындық - мемлекеттік органдардың алуан түрлi дағдарысты жағдайларда ел халқын астық ресурстарымен қамтамасыз ету қабiлетi;
14) мемлекеттік азық-түлiктiк астық резервiн жаңарту - оның бiр бөлiгiн сату және жаңа егiннiң астығы есебiнен мемлекеттік азық-түлiктiк астық резервiнiң белгiленген көлемiн және қажеттi сапасын ұстап тұру мақсатында жаңа егiннiң астығын сатып алу;
14-1) мемлекеттік астық ресурстарын ауыстыру - мемлекеттік астық ресурстарын бiр астық қабылдау кәсiпорнынан басқасына тасу;
15) азық-түлiктiк қауiпсiздiк - сыртқы және iшкi жағдайларға қарамастан, тамақтанудың физиологиялық нормаларына сәйкес халықтың тамақ өнiмдерiне деген қажеттерiн қанағаттандыратын тиiстi ресурстармен, әлеуетпен және кепiлдiктермен қамтамасыз етiлген экономиканың, соның iшiнде оның агроөнеркәсiптiк кешенiнiң жай-күйi;
16) азық-түлiктiк астық - тағамдық мақсаттарға пайдаланылатын астық;
17) астық өндiру - астық өсiруге бағытталған агротехникалық iс-шаралар кешенi;
18) реттеушi орган - Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес бағаны (тарифтердi) мемлекеттік реттеудi жүзеге асыруға уәкiлеттi мемлекеттік орган;
19) тұқымдық астық (тұқым) - себу мақсаттарына пайдаланылатын әрi сорттылық және себу сапаларына қарай бөлiнетiн астық;
20) алып тасталды
21) алып тасталды
22) астық сапасының сертификаты - астық сапасының нақты көрсеткiштерiн және олардың стандарт талаптарына және (немесе) келісім-шарт талаптарына сәйкестiгiн куәландыратын құжат;
22-1) астық қолхаттары бойынша мiндеттемелердi орындауға кепiлдiк беру жүйесi - астық қабылдау кәсiпорындарының өздерi берген астық қолхаттары бойынша мiндеттемелерiн орындамауынан астық қолхаттарын ұстаушылардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғауға бағытталған ұйымдық-құқықтық шаралар кешенi;
23) алып тасталды
24) алып тасталды
25) алып тасталды
26) уәкiлеттi орган - астық рыногы саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды, оған қатысушылардың қызметiн үйлестіру мен реттеуді, сондай-ақ мемлекеттік астық ресурстарын басқаруды өз құзыретi шегiнде жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
27) астық рыногына қатысушылар - астықты өндiруге, сақтауға, тасымалдауға, қайта өңдеуге және онымен сауда жасауға қатысушы жеке және заңды тұлғалар;
28) астық қолхаттары бойынша мiндеттемелердi орындауға кепiлдiк беру қоры - астық қабылдау кәсiпорындарының өздерi берген астық қолхаттары бойынша мiндеттемелерiн орындамауынан астық қолхаттарын ұстаушылардың мүдделерiн қорғауды қамтамасыз ету мақсатында құрылатын заңды тұлға;
29) жемдiк астық - жануарлар мен құс азығына арналған астық;
30) астық қабылдау кәсiпорны - астық сақтау жүзеге асырылатын меншiк құқығындағы астық қоймасы (элеватор, астық қабылдау пунктi) бар заңды тұлға;
31) астықты сақтау - астық қоймасында (элеваторда, астық қабылдау пунктiнде) жүзеге асырылатын, астық қабылдауды, өлшеудi, кептiрудi, тазартуды, сақтауды және тиеп жөнелтудi қамтитын қызмет көрсетулердің технологиялық кешені;
32) астықтың сапасына сараптама жасау - көлік құралын (қойманы) зерттеуді, сынаманы іріктеу мен сынақтан өткізуді, сапа сертификатын ресімдеуді қамтитын астық сапасының нақты көрсеткіштерін белгілеу мен растауға бағытталған шаралар кешені.
2-бап. Астық туралы заңдар
1. Қазақстан Республикасының астық туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнiң нормаларынан, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер болса, халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.
2-тарау. Астық рыногын мемлекеттік басқару
мен реттеу
3-бап. Астық рыногындағы мемлекеттік басқарудың мақсаттары
Астық рыногын мемлекеттік басқару мен реттеудiң мақсаттары:
1) Қазақстан Республикасының азық-түлiктiк қауiпсiздiгi мен жұмылдыру дайындығын қамтамасыз ету;
2) астық бағасының демпингіне жол бермеу;
3) астық өткізу рыногын кеңейту;
4) астық сапасын қамтамасыз ету;
5) фитосанитариялық жағдайды қауiпсiз деңгейде ұстау;
6) табиғи-климаттық жағдайларды және рынок конъюнктурасын ескере отырып, астық өндiру құрылымын оңтайландыру және астықты өндiру, сақтау мен сату технологиясын жетілдiру;
7) жемдiк астықтың мемлекеттік ресурстары көлемiнiң шегiнде мал шаруашылығы мен құс шаруашылығында азықтың ықтимал тапшылығын жою;
8) астық өндiру iсiнде инвестиция, кредит, салық және кеден саясатын қалыптастыру болып табылады.
ҚР 13.10.03 ж. № 488-II (бұр. ред. қара); 2004.20.12. № 13-III (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 4-бап өзгерді
4-бап. Астық рыногын мемлекеттік реттеу нысандары
Астық рыногына қатысушылардың қызметiн мемлекеттік реттеу:
1) Қазақстан Республикасының Үкіметі бекiтетiн біліктілік талаптары негiзiнде астық сақтау жөніндегі қызметтi лицензиялау;
2) Қазақстан Республикасының сертификаттау туралы заңдарына сәйкес астықты сертификаттау;
2-1) астықтың сапасына сараптама жасау жөніндегі аккредиттелген зертханалардың қызметiн бақылау;
3) астық қолхаттарының айналысын құқықтық реттеу;
4) астық қабылдау кәсіпорындарының астық сақтау жөніндегі қызметке қойылатын біліктілік талаптарын, астықтың сандық-сапалық есебін жүргізу, астықты сақтау, астық қолхаттарын беру, олардың айналымы және оларды өтеу жөніндегі ережелерді сақтауын бақылау;
5) мемлекеттік астық ресурстарын қалыптастыру және олардың сандық-сапалық жай-күйiн бақылау арқылы;
6) 2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен алып тасталды
7) өсiмдiктердi қорғау және олардың карантинi жөніндегі iс-шараларды мемлекеттік қаржыландыру;
8) 2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен алып тасталды
9) алып тасталды
10) заң актілерінде көзделген өзге де нысандар арқылы жүзеге асырылады.
ҚР 13.10.03 ж. № 488-II (бұр. ред. қара); 2004.20.12. № 13-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 5-бап өзгерді
5-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінiң құзыретi
Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) Қазақстан Республикасының астық рыногы мен астық индустриясын дамыту стратегиясы - астық бағдарламасын әзiрлеп, iске асырады;
2) астық өндiрудi мемлекеттік қолдау бағдарламасын бекiтедi, инвестициялар тарту үшiн қолайлы жағдай қалыптастырады және астық рыногын дамыту мен оның тұрақтылығын қолдау жөнiнде өзге де шаралар қолданады;
3) мемлекеттік астық ресурстарының көлемiн, құрылымын, қалыптастырылу, сақталу және пайдаланылу ережелерiн бекiтедi;
4) астықпен жасалатын операцияларға байланысты үкiметаралық келісімдер жасасады;
5) астық қабылдау кәсiпорны мен астық иесi арасындағы жария шарттардың үлгi нысанын бекiтедi;
6) астықты сақтау жөніндегі қызметтi лицензиялау кезiнде біліктілік талаптарын бекiтедi;
7) астықтың мемлекеттік ресурстарымен және агенттiң жеке қаржы-шаруашылық қызметiмен жасалатын операцияларды жеке есепке алу бойынша бухгалтерлiк есептiң ережелерi мен стандарттарын әзiрлейдi және бекiтедi;
7-1) астық қолхаттары бойынша мiндеттемелердi орындауға кепiлдiк беру қорларын құруға, олардың жұмыс iстеуі мен таратылуына қойылатын талаптарды, астық қабылдау кәсiпорындарының астық қолхаттары бойынша мiндеттемелердi орындауға кепiлдiк беру жүйесiне қатысу шарттарын, астық қолхаттары бойынша мiндеттемелердi орындауға кепiлдiк беру қорының (қорларының) кепiлдiктер алу тәртібін, астық қолхаттары бойынша мiндеттемелердi орындауға кепiлдiк беру қорының (қорларының) астық қолхаттары бойынша мiндеттемелердi өтеу тәртібін, сондай-ақ мемлекеттiң осындай қорларға қатысу нысаны мен тәртібін белгiлейдi;
8) 2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен алып тасталды
ҚР 13.10.03 ж. № 488-II (бұр. ред. қара); 2004.20.12. № 13-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 6-бап өзгерді; 2006.10.01. № 116-III ҚР Заңымен 6-бап жаңа редакцияда (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
6-бап. Уәкілетті органның құзыреті
Уәкілетті органның құзыретіне мыналар кіреді:
1) астық нарығы саласында мемлекеттік саясатты қалыптастыру және іске асыру, оған қатысушылардың қызметін үйлестіру және реттеу;
2) астық сақтау жөніндегі лицензияланатын қызметті жүзеге асыратын заңды тұлғаларға қойылатын біліктілік талаптарын әзірлеу;
3) астық қабылдау кәсіпорындарының:
мемлекеттік ресурстар астығы бойынша - тоқсан сайын уәкілетті органның облыстық аумақтық органдарының бастықтары бекіткен мемлекеттік ресурстар астығының сақтауын тексеру кестелері негізінде, сондай-ақ астық нарығына қатысушылардың ресми жолданымдары (шағымдары) болған кезде (дерегі жоқ шағымдарды қоспағанда);
өзге де иеленушілердің астығы бойынша - астық нарығына қатысушылардың ресми жолданымдары (шағымдары) негізінде (дерегі жоқ шағымдарды қоспағанда) астықтың сандық-сапалық есебін жүргізу, астық сақтау, астық қолхаттарының берілуі, айналымы және өтелуі ережелерін сақтауын бақылау;
4) Қазақстан Республикасының астық туралы заңнамасының бұзылуы туралы нұсқамалар беру, Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасына сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарау;
5) астық нарығының мониторингін жүзеге асыру;
6) астық сапасын мемлекеттік бақылау;
7) жыл сайын техникалық реттеу саласындағы уәкілетті орган бекіткен кестелер негізінде, сондай-ақ астық нарығына қатысушылардың ресми жолданымдары (шағымдары) болған кезде (дерегі жоқ шағымдарды қоспағанда), астық сапасының сараптамасы жөнінде аккредиттелген зертханалардың астық сапасын сараптау мен техникалық реттеу саласындағы уәкілетті органмен және оның аумақтық бөлімшелерімен бірлесе отырып, уәкілетті орган белгілеген астық сапасы сертификатын беру тәртібін және техникалық реттеудің мемлекеттік жүйесі талаптарын сақтауы тұрғысынан олардың қызметін бақылау;
8) осы Заңның 28-бабының 2-тармағында көзделген негіздер болған кезде астық қабылдау кәсіпорнынан астықты көліктің кез келген түрімен тиеп-жөнелтуге тыйым салу;
9) ауыл шаруашылығы техникасының және жабдықтарының лизингін ұйымдастыру, селекцияны және тұқым шаруашылығын, дәнді дақылдар өсіру технологиясы, топырақ құнарлылығын сақтау, өсімдіктер қорғау және 1 карантині жөнінде бағдарламалар әзірлеу;
10) техникалық реттеу саласындағы уәкілетті органмен келісе отырып астық сапасын сараптау және астық сапасы сертификатын беру тәртібіне талаптар әзірлеу;
11) астық (тұқым) сапасы бойынша стандарттарды, техникалық шарттарды, басқа да нормативтік құжаттарды жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізу;
12) астықтың сандық-сапалық есепке алынуы, сақталуы; астық қолхаттарының берілуі, айналымы және өтелуі; астық нарығының мониторингін жүргізу; астық қабылдау кәсіпорнын уақытша басқаруды жүргізу; астық қабылдау кәсіпорындары есептілігінің үлгі нысандары жөнінде нормативтік құқықтық актілер, мемлекеттік астық инспекторлары туралы ереже әзірлеу және бекіту;
13) астық қабылдау кәсіпорындарында астық сақтау жөніндегі қызметті лицензиялау ережелерін әзірлеу және бекіту;
14) астық өндірушілерді қорғау үшін демпингке қарсы шаралар қолдану жөнінде ұсыныстар әзірлеу;
15) астық қолхаты жазылатын бланкілерге, оларды шығару, алу, сақтау, айналдыру, өтеу және жою тәртібіне талаптар, сондай-ақ астық қолхаттарының үлгілеріне талаптар белгілеу;
16) астықтың сандық-сапалық есебін жүргізу және астық қолхаттары тізілімі мәліметтеріне сәйкес астықтың сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі талаптарды сақтау тұрғысынан астық қабылдау кәсіпорындарының қызметін инспекциялау (тексеру);
17) осы Заңның 33-бабы 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес астық қабылдау кәсіпорнына уақытша басқаруды енгізу туралы, сондай-ақ уақытша басқаруды мерзімінен бұрын аяқтау туралы шешім қабылдау;
18) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын өкілеттіктер шегінде мемлекеттік астық ресурстарын басқаруды бақылау;
19) мемлекеттік астық ресурстарын тиеп жіберуге және тасымалдауға (орнын ауыстыруға) бақылау.
2006.10.01. № 116-III ҚР Заңымен 6-1-баппен толықтырылды (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
6-1-бап. Облыстың жергілікті атқарушы органының құзыреті
Облыстың жергілікті атқарушы органының құзыретіне мыналар кіреді:
1) селекция және тұқым шаруашылығын, дәнді дақылдарды өсіру технологиясын дамыту, топырақ құнарлылығын сақтау және қалпына келтіру жөніндегі бағдарламаларды іске асыру;
2) астық сақтау жөніндегі қызметті лицензиялау;
3) астық нарығы мониторингін уәкілетті орган бекітетін ережелерге сәйкес жүзеге асыру;
4) астықтың (тұқымның) сапасы бойынша стандарттарды, техникалық шарттарды, басқа да нормативтік құжаттарды жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізу;
5) табиғи-климаттық жағдайларды және нарық конъюнктурасын ескере отырып, астық өндірісі құрылымын оңтайландыру, астық өндіру, сақтау және өткізу технологиясын жетілдіру;
6) астық өндіру мен сақтаудың жаңа озық технологияларын енгізу;
7) астық қолхаттарының тиімді айналымы үшін жағдайлар жасау;
8) бюджеттік бағдарламаларға сәйкес отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге минералдық тыңайтқыштар, тұқым улағыштар мен гербицидтер құнын арзандатуды жүзеге асыру;
9) ішкі нарықтың мұнай өнімдеріне қажеттіктерін уақтылы қамтамасыз ету жөнінде қажетті шаралар қолдану;
10) өңірлерде астық өндірушілерге сертификаттық қызметтер көрсету бойынша бәсекелестік орта құру жөнінде шаралар қолдану;
11) астық қабылдау кәсіпорындарын бақылау, ол мыналарды қамтиды:
бекітілген кестелерге сәйкес жаңа егіннің астығын қабылдауға дайындығы тұрғысынан астық қабылдау кәсіпорындарын лицензиядан кейінгі жыл сайынғы тексеру;
астық қабылдау кәсіпорындарын тексеру актілерін ресімдеу;
12) осы Заңның 26-бабында белгіленген негіздемелер бойынша астық сақтау жөніндегі қызметті жүзеге асыру құқығы лицензиясының қолданылуын тұтастай немесе жекелеген операцияларды жүзеге асыру бөлігінде алты айға дейінгі мерзімге тоқтата тұру.
2006.10.01. № 116-III ҚР Заңымен 6-2-баппен толықтырылды (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
6-2-бап. Мемлекеттік астық ресурстарын басқару жөніндегі
агенттің функциялары
Мемлекеттік астық ресурстарын басқару жөніндегі агент:
1) отандық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінен мемлекеттік астық ресурстарына астықты нарықтық бағамен сатып алу;
2) мемлекеттік астық ресурстарын сақтау үшін белгіленген тәртіппен астық қабылдау кәсіпорындарын таңдау;
3) отандық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне мемлекеттік тұқым ресурстарынан және жемдік астықтың мемлекеттік ресурстарынан тұқымдық және жемдік астық несиелерін беру функцияларын жүзеге асырады.
ҚР 11.07.01 ж. № 231-11; 13.10.03 ж. № 488-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 7-бап өзгертілді
7-бап. Астық сапасын мемлекеттік бақылау
1. Қазақстан Республикасының аумағында өндiрiлетiн астық санитариялық және фитосанитариялық ережелер мен нормаларға сәйкес болуға тиiс.
2. Астық сапасын мемлекеттік бақылауды уәкiлеттi орган, оның аумақтық органдары жүзеге асырады.
2006.10.01. № 116-III ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
3. Астық сапасының мемлекеттік бақылауы мыналарды қамтиды:
1) астық қабылдау кәсіпорындарына қабылдау және тиеп жіберу кезінде астық нарығына қатысушылардың ресми жолданымдары (шағымдары) негізінде (дерегі жоқ шағымдарды қоспағанда) астық сапасының көрсеткіштерін айқындауды бақылау;
2) астықтың сандық-сапалық жай-күйін бақылау, соның ішінде:
мемлекеттік ресурстар астығы бойынша - тоқсан сайын уәкілетті органның облыстық аумақтық органдарының бастықтары бекіткен мемлекеттік ресурстар астығының сақталуын тексеру кестелері негізінде, сондай-ақ астық нарығына қатысушылардың ресми жолданымдары (шағымдары) (дерегі жоқ шағымдарды қоспағанда) болған кезде;
өзге де иеленушілердің астығы бойынша - астық нарығына қатысушылардың ресми жолданымдары (шағымдары) (дерегі жоқ шағымдарды қоспағанда) негізінде.
ҚР 13.10.03 ж. № 488-II (бұр. ред. қара) Заңымен 8-бап жаңа редакцияда
8-бап. Астықтың сапасына сараптама жасау
1. Астықтың сапасына сараптама жасауды стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі уәкiлеттi орган белгілеген тәртiппен аккредиттелген зертханалар жүзеге асырады.
2. Астық сапасының сертификатынсыз, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес талап етiлетiн өзге де құжаттарсыз экспорттау мен импорттау кезiнде астық сатуға жол берiлмейдi.
ҚР 13.10.03 ж. № 488-II (бұр. ред. қара) Заңымен 9-бап өзгертілді
9-бап. Астық тасу
1. Қазақстан Республикасының аумағында астық тасу тура және аралас қатынас жүйесi болып табылатын темір жол, автомобиль, теңiз және iшкi су көлiгiмен жүзеге асырылады.
2. Уәкiлеттi орган өз құзыретi шегiнде мемлекеттік астық ресурстарын тиеп жөнелту мен тасуға (, ауыстыруға) бақылауды жүзеге асырады.
Мемлекеттік астық ресурстарының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік ресурстардың астығын сақтайтын астық қабылдау кәсiпорындары мен аталған астық қабылдау кәсiпорындарынан астық әкетудi жүзеге асыратын көлiк ұйымдары Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейтiн тәртiппен кез келген мөлшерде астық тиеп жөнелтудi уәкiлеттi органмен келiсуге мiндеттi.
3. Көлiктiң кез келген түрiмен тасылуға тиiстi астық партиясына көлiктiң сол түрiмен жүк тасу ережелерiне сәйкес мынадай құжаттар:
экспорттау мен импорттау кезiнде азық-түлiктiк және жемдiк астыққа - астық сапасының сертификаты;
бiрiншi және кейiнгi репродукциялы тұқымға - тұқым куәлiгi;
элиталық тұқымға - тұқым аттестаты қоса берiледi.
4. Астықты тасу және тиеп жөнелту жөніндегі көлiк қызметiне жеңiлдiктi тарифтер беру тәртібі Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленедi.
3-тарау. Астық өндіру мен сатуды мемлекеттік қолдау
13.10.03 ж. № 488-II (бұр. ред. қара); 2004.20.12. № 13-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 10-бап өзгерді
10-бап. Мемлекеттік қолдаудың нысандары
Астық рыногының тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында мемлекет астық өндiру мен сатуды қолдаудың мынадай нысандарын жүзеге асырады:
1) Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейтiн тәртiппен отандық ауыл шаруашылық тауар өндiрушiлерiне элиталық тұқым құнын арзандату;
2) техника мен жабдықтардың лизингiлiк жеткiзiлiмiн ұйымдастыру;
3) 2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен алып тасталды
4) отандық ауыл шаруашылық тауар өндiрушiлерiнен мемлекеттік астық ресурстарына астықты нарықтық бағамен сатып алу;
5) отандық ауыл шаруашылық тауар өндiрушiлерiне мемлекеттік тұқым ресурстарынан тұқымдық несие беру;
6) 2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен алып тасталды
7) топырақтың құнарлылығын сақтау жөніндегі ғылыми зерттеулер бағдарламаларын қаржыландыру;
8) астықты өндiру мен сақтаудың жаңа озық технологияларын енгізуге жәрдемдесу;
9) отандық ауыл шаруашылық тауар өндiрушiлерiне мемлекеттік жемдiк астық ресурстарынан жемдiк несие бөлу;
10) астық қолхаттарының тиiмдi айналысы үшiн жағдай жасау;
2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен 10-1) тармақшамен толықтырылды
10-1) бюджеттік бағдарламаларға сәйкес отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндiрушiлерге минералдық тыңайтқыштар мен жанар-жағар май материалдарының құнын арзандату;
11) iшкi рыноктың мұнай өнiмдерiне деген қажеттерiн дер кезiнде қамтамасыз ету жөнiнде қажеттi шаралар қолдану;
12) 2006.10.01. № 116-III ҚР Заңымен алып тасталды (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
13) агроөнеркәсiптiк кешен үшiн мемлекеттік білім беру тапсырысына сәйкес кадрлар даярлау;
14) аймақтарда астық өндiрушiлерге сертификаттық қызмет көрсету жөнiнде бәсекелестiк орта құру үшiн шаралар қолдану;
15) астық өндiрушiлердi қорғау жөнiнде демпингке қарсы шаралар әзiрлеу;
16) отандық ауыл шаруашылық машина жасау iсiн жаңғырту жөнiнде шаралар қолдану.
4-тарау. Мемлекеттік астық ресурстары
ҚР 13.10.03 ж. № 488-II (бұр. ред. қара) Заңымен 11-бап өзгертілді
11-бап. Мемлекеттік астық ресурстарының түрлерi
1. Мемлекеттік астық ресурстары:
1) мемлекеттік азық-түлiктiк астық резервiнен;
2) мемлекеттік жемдiк астық ресурстарынан;
3) мемлекеттік тұқым ресурстарынан;
4) мемлекеттік сатылатын астық ресурстарынан тұрады.
2. Мемлекеттік азық-түлiктiк астық резервi:
1) Қазақстан Республикасының жұмылдыру қажеттерiн;
2) Қазақстан Республикасының азық-түлiктiк қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге арналған.
3. Мемлекеттік жемдiк астық ресурстары мал шаруашылығы мен құс шаруашылығының азық жөніндегі қажеттерiн қамтамасыз етуге арналған, сондай-ақ техникалық мақсаттар үшiн пайдаланылуы мүмкін.
4. Мемлекеттік тұқым ресурстары - төтенше жағдайлар болғанда ауыл шаруашылығы тауарларын өндiрушiлерге көмек көрсету, Қазақстан Республикасының тұқым материалына деген қажеттерiн тұрақты қамтамасыз ету, сорт жаңартуды, сорт алмастыруды жүргiзу, мемлекетаралық келісімдердi орындауды қамтамасыз ету үшiн құрылған және соған арналған мемлекеттік тұқым запасы.
5. Мемлекеттік сатылатын астық ресурстары - iшкi рынокты реттеу, астықты экспортқа шығаруды қамтамасыз ету, iшкi рынокта сату, гуманитарлық көмек көрсету және мемлекеттік азық-түлiктiк астық резервiн, мемлекеттік тұқым ресурстарын және мемлекеттік жемдiк астық ресурстарын жаңарту үшiн құрылған және соған арналған астық запасы.