Автомобиль көлiгi туралы 2003 жылғы 4 шілдедегі
№ 476-ІІ Қазақстан Республикасының Заңы
(2006.31.01. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
Осы редакция 2006 ж. 29 желтоқсанда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
1-тарау. Жалпы ережелер (1 - 9 баптар)
2-тарау. Автомобиль саласындағы (10 - 19 баптар)
мемлекеттік реттеу
3-тарау. Жолаушыларды және багажды (20 - 29 баптар)
автомобильмен тасымалдау
4-тарау. Жүктерді және почтаны автомобильмен (30 - 41 баптар)
тасымалдау
5-тарау. Халықаралық автомобиль тасымалдары (42 - 45 баптар)
6-тарау. Автомобиль көлігіндегі жауапкершілік (46 - 55 баптар)
Осы Заң автомобиль көлiгi саласында тасымалдаушылар, жолаушылар, жүк жөнелтушiлер, жүк алушылар, басқа да жеке және заңды тұлғалар арасында туындайтын қатынастарды реттейдi.
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгі ұғымдар пайдаланылады:
1) автовокзал - жолаушылар легi тәулiгiне бес жүзден астам адам болатын, жолаушыларға және автобустардың жүргiзушiлерiне қызмет етуге арналған және оған: жетпiс бестен астам адам сиятын күту залы және билет кассалары бар күрделi ғимарат, жүргізушiлердi медициналық куәландыру және алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету пункттерi, сақтау камералары, жолаушыларды отырғызуға және түсiруге арналған перрон, автобустар тұратын алаң, автобустарды қарау посттары, диспетчерлiк пункттер және ана мен бала бөлмесi кiретiн құрылыстар кешенi;
2) автостанция - жолаушылар легi тәулiгiне бес жүз адамнан аз болатын, жолаушыларға және автобустардың жүргiзушiлерiне қызмет етуге арналған және оған: жетпiс бес адамға дейiн сиятын күту залы және билет кассалары бар күрделi ғимарат, сақтау камералары, жолаушыларды отырғызуға және түсiруге арналған перрон, автобустар тұратын алаң, диспетчерлiк пункттер кiретiн құрылыстар кешенi;
3) автобус - жүргiзушiнiң орнын қоспағанда, сегiзден аса отыратын орны бар, жолаушылар мен багаж тасымалына арналған автокөлiк құралы;
4) автомобиль көлiгi - негiзгi қызмет аясы автокөлiк құралдары мен инфрақұрылымды пайдалана отырып, жолаушылар, багаж, жүктер мен почта тасымалын ұйымдастыру және жүзеге асыру болып табылатын экономика саласы;
5) автомобильмен тасымалдау - автомобиль жолдары арқылы автокөлiк құралдарымен жүзеге асырылатын жолаушылар, багаж, жүктер немесе почта тасымалы;
6) автомобильмен тасымалдаушы (бұдан әрi - тасымалдаушы) - меншiк құқығымен немесе өзге де заңды негiздерде автомобиль көлiгi құралдарына иелiк етушi, жолаушыларды, багажды, жүктердi немесе почтаны тасымалдауда ақыға немесе жалға қызметтер көрсететiн және соған белгiленген нысанда берiлген лицензиясы немесе тиiстi рұқсаты бар заңды немесе жеке тұлға;
7) автомобиль көлiгi құралы (бұдан әрi - автокөлiк құралы) - автобустар, шағын автобустар, жеңiл және жүк автомобильдерi, автомобиль тiркемелерi, ершiктi тартқыштарға жартылай тiркемелер, сондай-ақ арнайы бейiмделген автомобильдер (жүктердiң белгiлi бiр түрлерiн тасымалдауға арналған) және арнаулы автомобильдер (әртүрлi, көбiнесе көлiкке арналмаған жұмыстарды орындайтын) кiретiн автомобиль көлiгi жылжымалы құрамының бiрлiгi;
8) багаж - Жолаушылар мен багаж тасымалы ережелерiнде белгiленген нормалар шегiнде, буылып-түйiлген және автобустың, шағын автобустың багаж бөлiмшесiнде немесе автобусқа, шағын автобусқа iлесiп жүретiн багаж автомобилiнде, сондай-ақ тасымалдаушымен қосымша келісім негiзiнде таксимен тасымалданатын жолаушы мүлкi;
9) қалалық автомобильмен тасымалдау - тасымалдаушы қаланың белгiленген шекаралары шегiнде жүзеге асыратын тасымалдар;
2006.31.01. № 125-III ҚР Заңымен 9-1) тармақшамен толықтырылды
9-1) мемлекеттік көліктік бақылау (бұдан әрі - көліктік бақылау) - жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының автомобиль көлігі саласындағы заңнамасы талаптарын сақтауын тексеру мақсатында уәкілетті орган жүргізетін іс-шаралардың жиынтығы;
10) жүк жөнелтушi - оның атынан жүк жөнелту ресiмделетiн жеке немесе заңды тұлға;
11) жүк алушы - жүктi автомобильмен тасымалдау шарты негiзiнде немесе өзге де заңды негiздерде жүк алуға уәкiлеттi жеке немесе заңды тұлға;
12) жүктер - автомобиль көлiгiмен жүк тасымалдау ережелерiмен белгiленген талаптарға сәйкес тасымалдауға қабылданған мүлiк;
13) автомобиль көлiгi инфрақұрылымы - тасымалдың үздiксiз процесiн, сондай-ақ автокөлiк құралдарының қауiпсiз пайдаланылуын қамтамасыз ететiн құрылыстар кешенi (автовокзалдар, автостанциялар, жүк терминалдары, автокөлiк құралдарына техникалық қызмет ету және оларды жөндеу станциялары (шеберханалары), автокөлiк құралдары сақталатын құрылыстар);
14) жеңiл автомобиль - жолаушылар мен багажды автомобильмен тасымалдауға арналған және жүргiзушiнiң орнын қоспағанда, отыратын орны сегiзден аспайтын автокөлiк құралы;
15) қалааралық облысiшiлiк автомобильмен тасымалдау - тасымалдаушылар бiр облыс шегiнде қалалар немесе өзге де елдi мекендер арасында жүзеге асыратын тасымалдар;
16) қалааралық облысаралық автомобильмен тасымалдау - тасымалдаушылар екi немесе бiрнеше облыс шегiнде қалалар немесе өзге де елдi мекендер арасында жүзеге асыратын тасымалдар;
17) халықаралық автомобильмен тасымалдау - тасымалдаушылар әр түрлi мемлекеттер аумағында орналасқан мекендер арасында жүзеге асыратын тасымалдар;
18) шағын автобус - жасаушы завод жүргiзушiнiң орнын қоспағанда, отыратын орны он алтыдан аспайтын етiп көздеген, ерекше шағын класты автобус;
19) жолаушыларды және багажды автомобильмен тұрақты емес тасымалдамау - тасымалдаушылар автобустарды, шағын автобустарды пайдалана отырып, аралық пункттерде жолаушылар отырғызбай, бастапқы және соңғы пункттер арасында жүзеге асыратын, бiр реттiк (тұрақты емес) сипаттағы тасымалдар;
20) жолаушы - автомобильмен тасымалдауға жасалған шарт негiзiнде немесе өзге де заңды негiзде тасымалдаушы көрсететiн қызметтердi пайдаланатын жеке тұлға;
21) қала маңындағы автомобильмен тасымалдау - қалалық тасымалдауға жатпайтын және тасымалдаушылар қаланың немесе өзге де елдi мекеннiң белгiленген шекарасынан бастап өлшенетiн қашықтығы елу шақырымға дейiнгi маршруттарда жүзеге асыратын тасымалдар;
2006.31.01. № 125-III ҚР Заңымен 21-1) тармақшамен толықтырылды
21-1) тексеру - шаруашылық субъектілерінің Қазақстан Республикасының автомобиль көлігі саласындағы заңнамасы талаптарын сақтауын айқындау мақсатында жасалатын бақылау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың іс-әрекеті;
22) жолдама парақ - автокөлiк құралының жұмысын есепке алуға арналған, тасымалдаушы автокөлiк құралының жүргiзушiсiне беретiн құжат;
23) жолаушыларды және багажды автомобильмен тұрақты тасымалдау - тасымалдаушылар автобустарды, шағын автобустарды пайдалана отырып, алдын ала келісілген жол жүру маршруттары, бастапқы және соңғы пункттерi, жолаушылар отырғызу және түсiру пункттерi белгiленген қозғалыс кестелерi бойынша жүзеге асыратын тасымалдар;
24) қол жүгi - салмақ және көлем өлшемдерi Автомобиль көлiгiмен жолаушылар және багаж тасымалдау ережелерiнде белгiленген талаптарға сәйкес келетiн, жолаушының автобус, шағын автобус немесе такси салонында тасымалдайтын жеке заттары;
25) такси - Автомобиль көлiгiмен жолаушылар және багаж тасымалдау ережелерiне сәйкес жабдықталған, жолаушыларды және багажды автомобильмен тасымалдауға арналған жеңiл автомобиль;
26) автокөлiк құралдарын техникалық пайдалану - автокөлiк құралдарын қауiпсiз пайдалануды ұйымдастыруға және қамтамасыз етуге бағытталған iс-шаралар, техникалық әсер ету (диагностикалау, техникалық қызмет ету, жөндеу) кешенi;
27) уәкiлеттi орган - көлiк саласында мемлекеттік саясатты iске асыруды, Қазақстан Республикасының көлiк кешенi қызметiн үйлестiрудi және реттеудi жүзеге асыратын орталық атқарушы орган.
2-бап. Қазақстан Республикасының автомобиль көлiгi туралы заңдары
Қазақстан Республикасының автомобиль көлiгi туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актілерінен тұрады.
Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленсе, халықаралық шарттың нормалары қолданылады.
3-бап. Осы Заңның қолданылу аясы
Осы Заңның күшi Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес автомобиль көлiгi саласындағы қызметтi жүзеге асыратын барлық жеке және заңды тұлғаларға қолданылады.
4-бап. Автомобиль көлiгi саласындағы қызметтi жүзеге асырудың негiзгi принциптерi
Автомобиль көлiгi саласындағы жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтер мынадай негiзгi принциптер негiзiнде жүзеге асырылады:
1) адамдар қауiпсiздiгiнiң, олардың өмiрi мен денсаулығын сақтаудың, табиғатты және мәдени құндылықтарды қорғаудың басымдығы;
2) автомобиль көлiгi саласындағы жұмыстарды және көрсетiлетiн қызметтердi жүзеге асыру кезiнде жеке және заңды тұлғалар құқықтарының теңдiгi;
3) тұтынушының автомобиль көлiгi саласында көрсетiлетiн қызметтердi таңдау еркiндiгiн, соның iшiнде тасымалдаушының меншiктi автокөлiк құралдары мен көрсетiлетiн қызметтерiн пайдалану арасындағы таңдау еркiндiгiн қамтамасыз ету;
4) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес автомобиль көлiгi саласындағы жұмыстарға және көрсетiлетiн қызметтерге баға еркiндiгiн қамтамасыз ету.
5-бап. Автомобиль көлiгiн жұмылдыру дайындығын қамтамасыз ету және оны төтенше жағдайларды жоюға тарту
Автомобиль көлiгiн жұмылдыру дайындығын, азаматтық қорғаныс және авариялық-құтқару жұмыстары бойынша iс-шараларды қамтамасыз етуге байланысты қатынастар Қазақстан Республикасының арнайы заң актілерімен реттеледi.
Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар туындаған кезде, сондай-ақ төтенше жағдай енгiзiлген кезде мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен материалдық шығындар мен залалды кейiннен өтей отырып, өздерiне берiлген өкiлеттiктер шегiнде тасымалдаушыларды төтенше жағдайларды жоюға байланысты жұмыстарды орындауға тартуға құқылы.
6-бап. Автомобиль көлiгіндегі экологиялық, санитарлық-эпидемиологиялық қауiпсiздiк және өрт қауiпсiздiгi
Автомобиль көлiгіндегі экологиялық, санитарлық-эпидемиологиялық қауiпсiздiк және өрт қауiпсiздiгi Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актілерімен регламенттеледi.
7-бап. Тасымалдаушыларға және автокөлiк құралдарына тасымал қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету бөлiгiнде қойылатын талаптар
1. Жолаушылар, багаж және жүк тасымалына:
1) Қазақстан Республикасының автомобиль көлiгi туралы заңдарына сәйкес біліктiлiгiн және кәсiби жарамдылығын растайтын құжаттары;
2) тасымалдың тиiстi түрiн жүзеге асыруға жарамды және тасымал қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету бөлiгiнде нормативтiк құқықтық актiлердiң талаптарына сай келетiн автокөлiк құралдары бар тасымалдаушылар жiберiледi.
2. Автобустармен, шағын автобустармен жолаушылар тасымалдауға кем дегенде жиырма бiр жастағы, тиiстi санаттағы жүргiзушi куәлiгi бар жүргiзушiлер жiберiледi.
3. Автобустарда багаж қоятын бөлiмшеден тыс орында жүк, оның iшiнде багаж тасымалдауға тыйым салынады.
4. Таксимен тасымалдауды жүзеге асыруға кемiнде төрт есiгi бар, сериялы шығарылатын жеңiл автомобильдердi пайдалануға жол берiледi.
Арнаулы, соның iшiнде толығынан қолмен басқарылатын, сондай-ақ рулi оң жақтан басқарылатын автокөлiк құралдарын такси тасымалдары үшiн пайдалануға тыйым салынады.
8-бап. Автомобильмен тасымалдаудың түрлерi
1. Автомобильмен тасымалдау:
1) жолаушылар мен багаж тасымалына;
2) жүк тасымалына;
3) почта тасымалына бөлiнедi.
2. Қатынас түрлерi бойынша жолаушыларды және багажды автомобильмен тасымалдау халықаралық, қалааралық облысаралық, қалааралық облысiшiлiк, қалалық, қала маңындағы және елдi мекендердi: кенттердi, ауылдарды (селоларды) аудан немесе облыс орталықтарымен, республикалық маңызы бар қалалармен (астанамен) жалғастыратын тасымалдау болып бөлiнедi.
3. Жолаушыларды және багажды автомобильмен тасымалдау ұйымдастыру сипаты бойынша тұрақты және тұрақты емес болып бөлiнедi.
9-баптың 3) тармақшасы 2005 ж. 1 қаңтардан бастап күшіне енеді
9-бап. Автокөлiк құралдарын жүргiзушiлердiң еңбегi мен тынығуы режимiн тiркейтiн бақылау қондырғыларымен (тахографтармен) жабдықтау жөніндегі талаптар
Жүргiзушiлердiң еңбегi мен тынығуы режимiн тiркейтiн бақылау қондырғыларымен (тахографтармен):
1) қауiптi жүктердi автомобильмен тасымалдауды;
2) жолаушыларды, багаж бен жүктi автомобильмен халықаралық тасымалдауды;
3) жолаушыларды және багажды автомобильмен тұрақты және тұрақты емес қалааралық облысаралық тасымалдауды жүзеге асыру кезiнде пайдаланылатын автобустар, жүк автомобильдерi, соның iшiнде арнайы бейiмделген автомобильдер жабдықталуға тиiс.
2-тарау. Автомобиль саласындағы
мемлекеттік реттеу
10-бап. Автомобиль көлiгi саласындағы мемлекеттік реттеудiң негiзгi мiндеттерi
Автомобиль көлiгi саласындағы мемлекеттік реттеудiң негiзгi мiндеттерi мыналар болып табылады:
1) экономиканың және халықтың автомобильмен тасымалдауға және өзге де жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтерге деген мұқтажын қамтамасыз ету үшiн жағдайлар жасау;
2) жеке және заңды тұлғалардың заңды құқықтары мен мүдделерiн, сондай-ақ мемлекеттiң ұлттық мүдделерiн қорғау;
3) халықаралық автомобильмен тасымалдау рыногында отандық тасымалдаушылардың бәсекеге қабiлеттiлiгi үшiн жағдайлар жасау;
4) автомобильмен тасымалдаудың iшкi рыногын қорғау;
5) автомобиль көлiгiнiң инфрақұрылымын одан әрi дамыту.
11-бап. Автомобиль көлiгi саласындағы мемлекеттік реттеу және бақылау
1. Автомобиль көлiгi саласындағы мемлекеттік реттеу құқықтық қамтамасыз ету, лицензиялау, сертификаттау, Қазақстан Республикасының автомобиль көлiгi туралы заңдарының сақталуын бақылауды жүзеге асыру арқылы iске асырылады.
2. Қазақстан Республикасының автомобиль көлiгi туралы заңдарының сақталуын мемлекеттік бақылауды Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген құзыретi шегiнде уәкiлеттi орган және басқа да мемлекеттік органдар жүзеге асырады.
3. Қазақстан Республикасының аумағы бойынша автокөлiк құралдарының жүрiп-тұруын бақылау Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы автокөлiк құралдарын өткізу пункттерiнде және Қазақстан Республикасының аумағындағы көлiктi бақылау посттарында жүзеге асырылады. Техникалық бақылау құралдарымен жарақталмаған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы автокөлiк құралдарын өткізу пункттерiн және көлiктi бақылау посттарын құруға жол берiлмейдi. Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы арқылы автокөлiк құралдарын өткізу пункттерiнiң және Қазақстан Республикасының аумағындағы көлiктi бақылау посттарының тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкіметі бекiтедi.
12-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінiң құзыретi
Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) автомобиль көлiгi саласында мемлекеттік саясатты әзiрлейдi;
2) автомобиль көлiгi саласында халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;
3) Қазақстан Республикасының аумағы бойынша тасымалдарды жүзеге асыру кезiнде автокөлiк құралдарының жүрiп-тұру тәртібін айқындайды;
4) автомобиль көлiгi саласында лицензиялау ережелерiн, соның iшiнде лицензиаттарға қойылатын біліктiлiк талаптарын бекiтедi;
5) Қазақстан Республикасының аумағында автокөлiк құралдарымен тасымалдауға жол берiлетiн қауiптi жүктердiң тiзбесiн бекiтедi;
6) Қазақстан Республикасының аумағы бойынша Автокөлiк құралдарымен қауiптi жүктердi тасымалдау ережелерiн, қауiптi жүктер тасымалдайтын жүргiзушiлер мен автокөлiк құралдарына қойылатын біліктiлiк талаптарын бекiтедi;
7) тасымалдаушыларды төтенше жағдайларды жоюға тарту тәртібін айқындайды;
8) автомобиль көлiгi саласындағы мiндеттi түрде сертификатталуға жататын өнiмдердiң (жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтердiң) тiзбесiн бекiтедi;
9) 2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен алып тасталды (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
13-бап. Уәкiлеттi органның құзыретi
Уәкiлеттi орган:
1) автомобиль көлiгi саласындағы мемлекеттік саясатты iске асырады;
2) өз құзыретi шегiнде автомобиль көлiгi саласында халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыруға қатысады және халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттерде Қазақстан Республикасының мүдделерiн бiлдiредi;
3) автомобиль көлiгi саласындағы нормативтiк құқықтық актiлердiң жобаларын әзiрлейдi;
4) жолаушыларды және багажды автомобильмен қалааралық облысаралық (астананы және республикалық маңызы бар қалаларды қоса алғанда) тұрақты тасымалдауды ұйымдастырады, тиiстi облыстардың (астана мен республикалық маңызы бар қалалардың) жергiлiктi атқарушы органдарымен көрсетiлген маршруттар бойынша қозғалыс кестесiн келiседi;
5) жолаушыларды және багажды автомобильмен халықаралық тұрақты тасымалдауды ұйымдастырады, аталған тасымалдардың маршруттары бойынша қозғалыс кестесiн келiседi;
6) жолаушыларды және багажды автомобильмен халықаралық және қалааралық облысаралық тұрақты тасымалдау маршруттарының тiзiлiмiн жүргiзедi;
7) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес лицензиялануға жататын қызметтiң жекелеген түрлерiн лицензиялауды жүзеге асырады;
8) Қазақстан Республикасының автомобиль көлiгi саласындағы заңдарының сақталуын бақылауды ұйымдастырады және жүзеге асырады;
9) автомобиль көлiгi саласында мемлекеттiң қоғамдық бiрлестiктермен және заңды тұлғалардың қауымдастықтар (одақтар) нысанындағы бiрлестiктерiмен өзара iс-қимылын қамтамасыз етедi;
10) Автомобиль көлiгiмен жолаушылар және багаж тасымалдау ережелерiн бекiтедi;
11) Автомобиль көлiгiмен жүк тасымалдау ережелерiн бекiтедi;
12) Автокөлiк құралдарын техникалық пайдалану ережелерiн бекiтедi;
13) автокөлiк құралдарының техникалық жай-күйiне және оған қызмет етуге, оларды сақтау тәртібі мен шарттарына, сондай-ақ техникалық әсер ету есебiне қойылатын талаптарды бекiтедi;
14) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Автомобиль көлiгiнде еңбектi қорғау және қауiпсiздiк техникасы ережелерiн бекiтедi;
15) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Жүргiзушiлердiң еңбегi мен тынығуын ұйымдастыру ережелерiн, автокөлiк құралдарын еңбек пен тынығу режимiн тiркейтiн бақылау қондырғыларымен жарақтандыру жөніндегі талаптарды бекiтедi;
16) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес автомобильмен тасымалдау қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету, оларды ұйымдастыру және жүзеге асыру бөлiгiнде автомобиль көлiгi инфрақұрылымдары объектiлерiне қойылатын талаптарды бекiтедi;
17) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жолаушыларды және багажды қалааралық облысiшiлiк, қалалық, қала маңындағы және елдi мекендердi: кенттердi, ауылдарды (селоларды) аудан немесе облыс орталықтарымен, республикалық маңызы бар қалалармен (астанамен) жалғастыратын автомобильмен тұрақты тасымалдау тарифтерi есебiнiң әдiстемесiн бекiтедi;
18) 2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен алып тасталды (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен тақырыбы жаңа редакцияда (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
14-бап. Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдарының құзыретi
2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен 1-тармақ өзгерді (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
1. Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi өкiлдi органдары:
1) жолаушыларды және багажды автомобильмен тасымалдауды, соның iшiнде елдi мекендердi: кенттердi, ауылдарды (селоларды) аудан немесе облыс орталықтарымен, республикалық маңызы бар қалалармен (астанамен) жалғастыратын тасымалдарды дамыту бағдарламасын бекiтедi;
2) өз құзыретi шегiнде жолаушылар көлiгiн дамытудың кешендi схемасын және жол жүрiсiн ұйымдастыру жобаларын бекiтедi;
3) шалғай елдi мекендерде тұратын балаларды жалпы білім беретiн мектептерге тасымалдаудың схемасы мен тәртібін бекiтедi;
4) 2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен алып тасталды (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен 2-тармақ өзгерді (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
2. Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары:
1) жолаушыларды және багажды қалааралық облысiшiлiк, қалалық, қала маңындағы және елдi мекендердi: кенттердi, ауылдарды (селоларды) аудан немесе облыс орталықтарымен, республикалық маңызы бар қалалармен (астанамен) жалғастыратын тұрақты тасымалдауларды ұйымдастырады, олардың маршруттарын бекiтедi, оларға қызмет көрсету құқықтарына конкурс ұйымдастырады және өткiзедi, маршруттар бойынша қозғалыс кестелерiн бекiтедi;
2) автовокзалдар мен автостанциялардың тiзiлiмiн жүргiзедi;
3) жолаушыларды және багажды қалалық, қала маңындағы, елдi мекендердi: кенттердi, ауылдарды (селоларды) аудан немесе облыс орталықтарымен, республикалық маңызы бар қалалармен (астанамен) жалғастыратын және қалааралық облысiшiлiк автомобильмен тұрақты тасымалдау маршруттарының тiзiлiмiн жүргiзедi;
4) таксимен жолаушылар және багаж тасымалдауды ұйымдастырады;
5) шалғай елдi мекендерде тұратын балаларды жалпы білім беретiн мектептерге тасымалдауды ұйымдастырады;
6) жолаушыларды және багажды автомобильмен тасымалдауды, соның iшiнде елдi мекендердi: кенттердi, ауылдарды (селоларды) аудан немесе облыс орталықтарымен, республикалық маңызы бар қалалармен (астанамен) жалғастыратын тасымалдарды дамыту бағдарламасын әзiрлейдi;
7) жолаушылар көлiгiн дамытудың кешендi схемасын және жол жүрiсiн ұйымдастыру жобаларын әзiрлейдi;
8) 2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен алып тасталды (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
15-бап. Уәкiлеттi органның лауазымды адамдарының автомобиль көлiгi саласында мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру кезіндегі құқықтары мен мiндеттерi
1. Уәкiлеттi органның лауазымды адамдарының:
1) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртiппен және жағдайларда осы Заңның 11-бабының 3-тармағында көзделген өткізу пункттерiнде автокөлiк құралдарын тоқтатуға;
2) Қазақстан Республикасының автомобиль көлiгi туралы заңдарының бұзылуы туралы тексерулердi жүзеге асыруға және актiлер жасауға, жолсыздықтарды жою туралы орындалуға мiндеттi нұсқамалар беруге;
3) Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заңдарына сәйкес әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттамалар жасауға, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстер бойынша iс жүргiзудi жүзеге асыруға құқығы бар.
2. Уәкiлеттi органның лауазымды адамдары:
1) жеке және заңды тұлғалардың автомобиль көлiгi қызметi мәселелерi жөніндегі өтiнiштерiн қарауға және олар бойынша тиiстi шаралар қолдануға;
2) Қазақстан Республикасының автомобиль көлiгi саласындағы заңдарының сақталуын бақылауды жүзеге асыруға мiндеттi.
3. Автомобиль көлiгi саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру кезiнде уәкiлеттi органның лауазымды адамдарының үстiнде қызметтiк нысанды киiмi, кеудеге таққан нөмiрлi белгiлерi болуға және талап ету бойынша қызметтiк куәлiгiн көрсетуге тиiс.
Қызметтiк нысанды киiмнiң, кеудеге тағатын нөмiрлi белгiлердiң, қызметтiк куәлiктiң үлгiлерiн уәкiлеттi орган бекiтедi.
16-бап. Автомобиль көлiгi саласындағы лицензиялау
Автомобиль көлiгi саласындағы кәсiпкерлiк қызметтiң жекелеген түрлерi Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңдарына сәйкес берiлетiн лицензия негiзiнде жүзеге асырылады.
17-бап. Сертификаттау
1. Автомобиль көлiгi саласында автокөлiк құралдарын, автокөлiкке арналған жабдықтарды, процестердi, өнiмдердi (жұмыстарды және көрсетiлетiн қызметтердi) сертификаттау Қазақстан Республикасының сертификаттау туралы заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Шет мемлекет берген сертификат, оны Қазақстан Республикасының сертификаттау туралы заңдарына сәйкес мемлекеттік сертификаттау жүйесi таныған жағдайда, Қазақстан Республикасында жарамды деп табылады.
18-бап. Автомобиль көлiгi саласындағы мiндеттi сақтандыру
1. Қазақстан Республикасының аумағында автокөлiк құралдарын пайдалануға олардың иелерiнiң азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгi мiндеттi сақтандырылған жағдайда ғана жол берiледi.
2. Жолаушылар мен багаж тасымалдауды жүзеге асыру үшiн пайдаланылатын автокөлiк құралдарымен жол жүрген кезде жолаушылардың өмiрiне, денсаулығына және мүлкiне келтiрiлген зиян үшiн тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгi де мiндеттi сақтандырылуға жатады.
3. Автокөлiк құралдары иелерiнiң азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру және тасымалдаушылардың жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру бойынша сақтандыру сыйлықақылары мен сақтандыру төлемдерiнiң мөлшерi, сондай-ақ сақтандырудың осы түрлерiн (кластарын) ұстау және оларды жүргiзу шарттары бойынша қосымша талаптар Қазақстан Республикасының сақтандырудың осы түрлерi (кластары) туралы заң актілерімен белгiленедi.