Орталық және аумақтық сайлау комиссияларының хабарламаларындағы деректер - сайлау округтерi бойынша, ал округтiк сайлау комиссияларының хабарламаларындағы деректер сайлау учаскелерi бойынша ұсынылады. Тиiстi сайлау комиссиясы сайлаудың алдын ала қорытындылары туралы тiзiмдеме нысанындағы хабарламаны дауыстарды санау аяқталғаннан және тиiстi хаттама жасалғаннан кейiн қырық сегiз сағаттан кешiктiрмей жариялайды.
6. Сайлау алдындағы үгіт жүргізу мерзiмi аяқталған кезден бастап сайлау қорытындылары ресми жарияланғанға дейін сайлаушыларға немесе сайлау комиссиялары мүшелерiне әсер етуге ықпал тигiзетiн қоғамдық, топтық немесе жеке мүдделердi бiлдiрудiң және қарсылықтың кез келген нысанына жол берiлмейдi.
45-бап. Президенттi, Парламент, мәслихаттар депутаттарын және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары мүшелерiн тiркеу
Тиiстi сайлау комиссиялары осы Конституциялық заң белгiлеген тәртiппен жетi күн мерзiм iшiнде олардан Конституцияға және Республика заңдарына сәйкес Президенттiң, Парламент, мәслихат депутатының және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органы мүшесiнiң мәртебесiмен сыйыспайтын өз мiндеттерiн доғару туралы жазбаша өтiнiштерiн алғаннан кейiн сайланған Президенттi, Парламент, мәслихат депутаттары, жергiлiктi өзiн өзi басқару органдарының мүшелерiн тiркейдi.
46-бап. Президенттiң, Парламент, мәслихаттар депутатының және жергiлiктi өзi-өзi басқару органдары мүшелерiнiң куәлiгi мен омырауға тағатын белгiсi
1. Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Республика Президентi қызметiне кiрiскен кезде Президентке тиiстi куәлiгi мен Орталық сайлау комиссиясы белгiлеген үлгiдегi омырауға тағатын белгiнi тапсырады.
2. Орталық сайлау комиссиясы Республика Парламентi депутаттарын сайлау қорытындылары бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланғаннан кейiн әрбiр депутатқа куәлiгi мен белгiленген үлгiдегi омырауға тағатын белгiсiн тапсырады.
3. Бұқаралық ақпарат құралдарында тiзiмдер жарияланғаннан кейiн тиiстi аумақтық сайлау комиссиясы:
1) мәслихаттар депутаттарына - олардың әрқайсысына мәслихат депутаттарының куәлiгiн және Орталық сайлау комиссиясы белгiлеген үлгiдегi омырауға тағатын белгiнi бередi;
2) жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының мүшелерiне олардың әрқайсысына жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары мүшесiнiң Орталық сайлау комиссиясы белгiлеген үлгiдегi куәлiгiн бередi.
9-тарау. Сайлау бостандығының кепiлдiктерi
ҚР 06.05.99 ж. № 375-I; 14.04.04 ж. № 545-II (бұр. ред. қара) Конституциялық Заңдарымен 47-бап өзгертілді
47-бап. Кандидаттар қызметiнiң сайлау науқаны барысындағы кепiлдiктерi
1. Президенттiкке, Парламент, мәслихаттар депутаттығына кандидаттар тiркелген күнiнен бастап сайлау қорытындысы жарияланғанға дейiн жұмыстан, әскери қызметтен және әскери жиындардан босатылуға құқылы. Кандидаттарын сайлауға қатысқан уақыты тiркелген күнге дейiн оның жұмыс iстеген мамандығы бойынша еңбек стажына есептеледi.
2. Президенттiкке, Парламент, мәслихаттар депутаттығына, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары мүшелiгiне кандидаттарды олар тiркелген күннен бастап және сайлау қорытындылары жарияланғанға дейiн өздерiнiң келісімiнсiз жұмысынан босатуға, басқа жұмысқа немесе лауазымға ауыстыруға, сондай-ақ iссапарларға жiберуге не әскери жиындарға шақыруға болмайды.
3. Президенттiкке, Парламент депутаттығына кандидаттарды олар тiркелген күннен бастап және сайлау қорытындылары жарияланғанға дейiн, сондай-ақ оларды Президент, Парламент депутаты ретiнде тiркегенге дейiн Орталық сайлау комиссиясының келісімiнсiз тұтқынға алуға, ерiксiз әкелуге, оларға сот тәртібімен қолданылатын әкiмшiлiк жазалау шараларын қолдануға, қылмыстық жауаптылыққа тартуға, сондай-ақ тiкелей қылмыс үстiнде ұсталғаннан және ауыр қылмыс жасағаннан басқа реттерде ұстауға болмайды.
ҚР 14.04.04 ж. № 545-II Конституциялық Заңдарымен 48-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
48-бап. Мемлекеттік органдардың сайлау бостандығын қамтамасыз ету жөніндегі қызметi
1. Соттар, прокуратура мен iшкi iстер органдары үшiн, сондай-ақ тұрғын үй қорын пайдалану жөніндегі ұйымдар үшiн дауыс беру күнi мен соның қарсаңындағы күн жұмыс күнi болып табылады.
2. Iшкi iстер органдары мен тұрғын үй қорын пайдалану жөніндегі ұйымдар сайлау комиссиялары қажет ететiн, тиiсiнше, мынадай:
1) дауыс берудi өткізу кезiнде қоғамдық тәртiп пен сайлау бостандығын қамтамасыз ету;
2) сайлаушылар тiзiмдерiн нақтылау;
3) дауыс беретiн күнi сайлау комиссияларының қызметiнде туындаған басқа да мәселелер жөнiнде көмек көрсетуге мiндеттi.
3. Егер сайлау комиссиясы өзiнiң атына берiлген өтiнiштi тексеру кезiнде өтiнiште көрсетiлген мән-жайларды құқық қорғау органдарының тексеруi қажет деп тапса, онда тиiстi органдар сайлау комиссиясының өтiнiшi бойынша мән-жайларды тексередi және өтiнiштi алған күннен бастап - үш күндiк мерзiмде, ал егер өтiнiш дауыс берілетiн күн алдындағы бес күнге жетпейтін уақыт ішінде не дауыс берілетін күні алынған жағдайда дереу өтiнiш бойынша шешiм шығарады.
ҚР 06.05.99 ж. № 375-I; 14.04.04 ж. № 545-II (бұр. ред. қара); 2005.15.04. № 44-III (бұр. ред. қара) Конституциялық Заңдарымен 49-бап өзгертілді
49-бап. Сайлау науқаны барысындағы шешiмдер мен iс-әрекеттерге шағым беру және олардың күшiн жою
Соттар мен прокуратура органдары сайлау комиссиялары мүшелерiнiң, азаматтардың, заңда белгiленген тәртiппен тiркелген қоғамдық бiрлестiктер өкiлдерiнiң дауыс берудi өткізуге қатысты, сондай-ақ сайлау туралы заңдардың бұзылуы жөніндегі сайлауды әзiрлеу мен өткізу кезеңiнде келiп түскен арыздарын қарап, оларды бес күн мерзiмде, ал дауыс беру алдындағы бес күнге жетпейтiн уақыт iшiнде және дауыс беру күнi келiп түскендерiн дереу қарауға мiндеттi.
Жергiлiктi мемлекеттік басқару және өзiн-өзi басқару органдарының, кәсiпорындар мен ұйымдардың, олардың лауазымды адамдарының сайлау туралы заңдарды бұзатын шешiмдерi мен iс-әрекеттерiне сотқа шағым жасалады.
Соттар, прокуратура органдары мен сайлау комиссиялары өз жұмысын сайлау процесi кезiнде, оның iшiнде демалыс күндерi және сайлау өтетiн күнi, шағымдарды қабылдау мен қарауды осы Конституциялық заңда белгiленген мерзiмде қамтамасыз ететіндей етiп ұйымдастырады.
Азаматтар мен ұйымдардың сайлау заңнамасын бұзушылықтар туралы өтініштерiн, егер осы Конституциялық заңда өзгеше көзделмесе, сайлау комиссиялары шағым түскен күннен бастап бес күннiң ішінде қарайды.
Сайлау комиссиясының және оның мүшелерiнiң шешімдері мен іс-әрекеттеріне (әрекетсіздiгіне) жасалған шағымды, егер осы Конституциялық заңда өзгеше көзделмесе, жоғары тұрған комиссия шағым түскен күннен бастап үш күннiң ішінде қарайды.
ҚР 06.05.99 ж. № 375-I Конституциялық Заңымен 50-бап өзгертілді; 14.04.04 ж. № 545-II Конституциялық Заңымен 50-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
50-бап. Қазақстан Республикасының сайлау туралы заңдарын бұзғаны үшін жауаптылық
1. Тұлға:
1) сайлау комиссиясының жұмысына араласқан;
2) дауыс беруге кедергi келтiрген;
3) кандидатты, партиялық тiзiмдердi тiркеуге байланысты мiндеттердi орындауға кедергi келтiрген;
4) дауыстарды санауға және сайлау қорытындыларын анықтауға байланысты мiндеттердi орындауға кедергi келтiрген;
5) кандидатты, саяси партияны сайлау мақсатында өзiнiң лауазымдық немесе қызмет жағдайының артықшылықтарын пайдаланған;
6) сайлау құжаттарын қолдан жасаған;
7) дауыстарды көрiнеу қате санаған;
8) сайлау нәтижелерiн көрiнеу қате айқындаған;
9) дауыс беру құпиясын бұзған;
10) Республика азаматының өз сайлау құқығын еркiн жүзеге асыруына зорлық-зомбылық жасау, алдау, қорқыту, сатып алу жолымен кедергi келтiрген жағдайда заңмен белгiленген қылмыстық жауаптылықта болады.
2. Тұлға:
1) осы Конституциялық заңның талаптарына сәйкес мәлiметтердi бермеген немесе жарияламаған;
2) сайлау комиссиясының өз құзыретi шегiнде қабылдаған шешiмiн орындамаған;
3) сайлау алдындағы үгiттi кандидатты, саяси партия ұсынған партиялық тiзiмдi тiркегенге дейiн, сайлау күнi не соның алдындағы күнi жүргiзген;
4) сайлау алдындағы үгіт жүргiзу құқығына кедергi келтiрген;
5) кандидаттар, саяси партиялар туралы көрiнеу жалған мәлiметтер таратқан немесе олардың ар-намысы мен қадiр-қасиетiне нұқсан келтiретiн өзге де iс-әрекеттер жасаған;
6) сайлау комиссиясы мүшелерiнiң құқықтарын бұзған;
7) азаматтардың сайлаушылар тiзiмiмен танысу құқығын бұзған;
8) сайлаушылар тiзiмдерiн жасау үшiн сайлаушылар туралы жалған мәлiметтер берген;
9) басқа адамдар үшiн дауыс беру мақсатымен азаматтарға сайлау бюллетеньдерін берген;
10) сайлауға қатысу үшін демалыс бермеген;
11) бұқаралық ақпарат құралдары арқылы сайлау алдындағы үгіт жүргiзу талаптарын бұзған;
12) анонимдi үгiт материалдарын дайындаған немесе таратқан;
13) үгiт материалдарын қасақана жойған немесе зақымдаған;
14) кандидаттарға, партиялық тiзiмдерiн ұсынған саяси партияларға олардың сайлау қорларынан тыс қаржылық (материалдық) қолдау көрсеткен;
15) кандидатты сайлау үшiн шет мемлекеттерден, ұйымдардан, азаматтардан, азаматтығы жоқ адамдардан қайырмалдық алған;
16) сайлауға байланысты қоғамдық пiкiрге сұрау салу жүргiзудің талаптарын бұзған;
17) сайлауда кандидаттардың, саяси партиялардың сенім бiлдiрiлген адамдарының, бұқаралық ақпарат құралдарының өкiлдерi мен байқаушылардың заңды қызметiне кедергi келтiрген жағдайда Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген әкiмшілiк және өзге де жауаптылықта болады.
3. Осы Конституциялық заңның бұзылуы анықталған кезде сайлау комиссиясы сотқа не прокуратураға жүгiнуге құқылы.
4. Кандидат, саяси партия осы Конституциялық заңның талаптарын бұзған кезде, кандидатты тiркеуден бас тарту немесе тiркеудiң күшiн жою үшiн негiз болып табылатын талаптарды қоспағанда, оларға ескертiледi, ал қайта бұзған кезде тиiстi сайлау комиссиясы кандидатты, партиялық тiзiмдi тiркеу туралы шешiмнiң күшiн жояды.
ҚР 14.04.04 ж. № 545-II Конституциялық Заңымен 9-1-тараумен толықтырылды
9-1-тарау. Электрондық сайлау жүйесiн пайдаланып сайлау
өткізудiң ерекшелiктерi
ҚР 2005.15.04. № 44-III (бұр. ред. қара) Конституциялық Заңымен 50-1-бап өзгерді
50-1-бап. Электрондық сайлау жүйесi
1. Сайлау өткізу кезiнде сайлаушылардың тiзiмiн жасау, дауыс беру, дауыс берудiң қорытындыларын белгiлеу мен сайлау нәтижесiн анықтау үшiн сайлау округi аумағында электрондық сайлау жүйесi пайдаланылуы мүмкiн.
Электрондық сайлау жүйесiн пайдаланып сайлау өткiзген кезде осы Конституциялық заңның нормалары электрондық сайлау жүйесiн пайдаланудың ерекшелiктерi ескеріле отырып қолданылады.
2. Электрондық сайлау жүйесi - сайлауға әзiрлену мен оны өткізу кезiнде ақпараттық процестердi автоматтандыруға арналған ақпараттық технологиялардың, ақпараттық желiлердiң және оларды бағдарламалық-техникалық қамтамасыз ету құралдарының жиынтығы.
Электрондық сайлау жүйесiнде пайдаланылатын бағдарламалық-техникалық құралдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес сертификатталуға тиiс.
3. Электрондық сайлау жүйесiн пайдаланып сайлау өткiзген кезде сенім бiлдiрiлген адамдар, байқаушылар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерi осы Конституциялық заңда көзделген құқықтар мен мiндеттерге толық көлемде ие болады.
4. Электрондық сайлау жүйесi Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлеген тәртiппен құрылған мемлекеттік комиссия оны қабылдағаннан кейiн пайдаланылады.
Электрондық сайлау жүйесi пайдаланылатын сайлау округтерi мен сайлау учаскелерiн Орталық сайлау комиссиясы олардың электрондық дауыс беруге дайын болуына қарай анықтайды.
5. Электрондық сайлау жүйесiнiң жабдықтары учаскелiк сайлау комиссиясы мүшелерiнiң қатысуымен дауыс беруге кемiнде үш күн қалғанда ашылып, орнатылады, ол туралы акт жасалады.
Жабдықтарды ашу және орнату кезiнде сенім бiлдiрiлген адамдар, байқаушылар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкiлдерi қатысуға құқылы. Электрондық сайлау жүйесiнiң жабдықтары орнатылған кезден бастап сайлау учаскесiн күзетудi iшкi iстер органдарының қызметкерлерi қамтамасыз етедi.
6. Жергiлiктi атқарушы органдар дауыс берiлетiн күнi сайлау учаскесi ашылған кезден бастап дауыс беру нәтижелерi Орталық сайлау комиссиясына берiлгенге дейiн электрондық дауыс беру өткiзiлетiн учаскелерге электр энергиясының үздiксiз берiлуiн қамтамасыз етедi.
7. Электрондық сайлау жүйесiн пайдалану тәртiбінiң осы Конституциялық заңмен регламенттелмеген бөлiгiн Орталық сайлау комиссиясы белгiлейдi.
50-2-бап. Электрондық сайлау жүйесіне қойылатын талаптар
1. Электрондық сайлау жүйесi Конституция және осы Конституциялық заң талаптарының сақталуын, оған енгізілетiн және одан шығатын ақпараттардың дұрыстығын, толықтығын және уақтылығын қамтамасыз етуге тиiс.
2. Электрондық сайлау жүйесi ақпараттарға рұқсат етiлмеген жолмен қол жеткізудi, ақпараттарды жинаушы, өңдеушi, жинақтаушы, сақтаушы, iздестiрушi және берушi бағдарламалық-техникалық құралдардың жұмыс ырғағын бұзуды, аталған құралдардың iстен шығуын болдырмайтын тиiстi қауiпсiздiк шараларымен қамтамасыз етiлуге тиiс.
3. Сайлауда электрондық сайлау жүйесiн пайдаланған кезде мыналарға:
Орталық сайлау комиссиясы белгілегеннен басқа электрондық жүйелердi пайдалануға;
оны ортақ қолжетiмдi телекоммуникациялық желiлерге және электрондық сайлау жүйесінде қолданылмайтын өзге де ақпараттық жүйелер мен байланыс желiлеріне қосуға;
электрондық дауыс берудi өткізуге, дауыстарды санауға, сайлау нәтижелерi туралы ақпараттарды беруге заңсыз араласып, бақылау жасауға жол берiлмейдi.
4. Электрондық сайлау жүйесi кез келген енгізілген ақпаратты оның енгізілуiне қарай iс-әрекеттi сипаттап және енгізудiң дәл уақытын көрсете отырып, автоматты түрде сақтауға мүмкiндiк беретiн бағдарламалық-техникалық қамтамасыз ету құралдарын (дауыс беру туралы деректердi жазу құрылғысын) қамтуға тиiс.
50-3-бап. Электрондық сайлау жүйесiн пайдаланып дауыс беруге арналған үй-жай
1. Электрондық сайлау жүйесін пайдаланып дауыс беруге арналған үй-жай, дауыс беруге арналған кабинада дауыс берудi қоспағанда, қатысып отырған адамдарға электрондық сайлау жүйесiн пайдаланып дауыс беру кезіндегі iс-әрекеттің көрінуі қамтамасыз етілетіндей болып жабдықталады.
2. Электрондық сайлау жүйесiн пайдаланып дауыс беруге арналған үй-жайда электрондық сайлау жүйесiне қызмет көрсетуге Орталық сайлау комиссиясы белгiлеген тәртіппен рұқсат алған маман бола алады.
50-4-бап. Электрондық сайлау бюллетенi
1. Электрондық сайлау жүйесін пайдаланып сайлау өткiзген кезде дауыс беру электрондық сайлау жүйесi құралдарымен жасалатын электрондық бюллетеньмен жүргiзiледi.
2. Электрондық сайлау бюллетенiнiң мәтiнi мемлекеттік тiлде және орыс тілінде жазылады және осы Конституциялық заңның 37-бабының 1-тармағында белгiленген талаптарға сай келуге тиiс.
50-5-бап. Электрондық дауыс берудi ұйымдастыру
1. Сайлау комиссиясының төрағасы дауыс беру басталардан отыз минут бұрын комиссия мүшелерінің қатысуымен:
электрондық сайлау жүйесінің дұрыс жұмыс iстеп тұрғандығын тексередi;
комиссияның сайлаушыларды есепке алуға және электрондық дауыс беруге арналған құрылғыны беруге жауапты мүшелерiн анықтайды.
Электрондық сайлау жүйесiнiң жұмысын тексерген кезде дауыс беруге арналған үй-жайда сенім бiлдiрiлген адамдар, байқаушылар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерi болуға құқылы.
Осы тарауда көзделген жағдайларды қоспағанда, электрондық сайлау жүйесiне қатысты ic-әрекеттi кiмнiң болса да жүзеге асыруына тыйым салынады.
2. Дауыс беру басталғанға дейін сайлау комиссиясының төрағасы электрондық сайлау жүйесін қосудың мөр басылып жабылған паролiн ашады және электрондық сайлау жүйесiн оны енгізу жолымен iске қосады. Бұл ретте қатысушыларға парольдің сақталу шараларының бүтiндiгiне алдын ала көз жеткізу мүмкiндiгi қамтамасыз етiлуi тиiс.
3. Сайлаушы электрондық дауыс беруге сайлаушылардың тiзiмдерi негiзiнде сайлаушының жеке басын куәландыратын құжатын көрсетуi бойынша жiберiледi.
4. Дауыс беруге арналған үй-жайдан тыс жерде дауыс берген кезде осы Конституциялық заңға сәйкес сайлаушылар дауыс беруге арналған тасымалданатын құрылғының көмегімен дауыс бередi, ол дауыс беруге арналған үй-жайдан тыс дауыс берген барлық сайлаушылардың дауыстары туралы деректердiң сақталу мүмкiндiгiмен қамтамасыз етілуге тиiс.
Осы Конституциялық заңның 41-бабының 6-тармағына сәйкес берген өтiнiштерi негiзiнде сайлаушылар тiзiмiнен олар туралы деректер электрондық дауыс беруге арналған тасымалданатын құрылғыға алдын ала енгізiлiп қойылады.
5. Сайлаушы электрондық дауыс берудi жасырын дауыс беруге арналған кабинада жүзеге асырады, онда осы Конституциялық заңның 42-бабының 1-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, дауыс беретiн адамнан басқа адамның қатысуына тыйым салынады.
Сайлаушы электрондық дауыс беру бюллетенінен электрондық дауыс беруге арналған құрылғыны басқару элементтерiн пайдалану жолымен өзi дауыс бергiсi келетiн кандидаттың аты-жөнiн табады және соған дауыс бергенiн растайды.
Сайлаушы саяси партия үшiн дауыс берген кезде электрондық дауыс беруге арналған құрылғыны басқару элементтерiн пайдалану жолымен өзi дауыс бергiсi келетiн саяси партияның атауын табады және соған дауыс бергенiн растайды.
Дауыс беруге арналған кабинада дауыс берген сайлаушы электрондық дауыс беруге арналған құрылғыны сайлау комиссиясының мүшесіне бередi.
6. Электрондық дауыс беруге және дауыстарды санауға кедергi келтiретін техникалық ақаулар туындаған жағдайда сайлау комиссиясы бағдарламаны қайта қосу туралы шешiм қабылдауға құқылы, ол хаттамамен ресiмделедi және оған сайлау комиссиясының мүшелерi қол қояды.
Бұл шешiмнiң орындалуы электрондық сайлау жүйесiн пайдалануды қамтамасыз ететiн маманға жүктеледi.
7. Егер жабдықтың техникалық жай-күйi сайлауды тиiстi дәрежеде өткізуге мүмкiндiк бермесе, онда тиiстi сайлау учаскесiнде дауыс беру Орталық немесе тиiстi аумақтық сайлау комиссиясының шешiмiмен ақауларды жоюға және дауыс берудi ұйымдастыруға қажеттi мерзiмге кейiнге қалдырылады.
Тиiстi сайлау учаскесiнде ақаулар туындағанға дейiн дауыс берген сайлаушылар кейінгі дауыс беруге жалпы негiзде қатысады.
50-6-бап. Электрондық сайлау жүйесiн пайдаланған кезде дауыстарды санау
1. Электрондық дауыс берудi пайдаланған кезде дауыстарды санау электрондық сайлау жүйесiмен жүргізiледi.
Дауыстарды санау осы Конституциялық заңмен белгіленген уақытта басталады, бiрақ осы учаскедегі дауыс беруге арналған барлық құрылғылардағы деректер электрондық сайлау жүйесiне енгізілмей тұрып басталмауы керек.
Дауыстарды санау туралы мәлiметтер дауыс беру туралы деректер құрылғысында тiркелуге тиiс.
2. Сайлау учаскесiндегі электрондық дауыс беру нәтижелерi туралы ақпарат электрондық жүйемен электрондық хаттамаға енгізiлiп, ол комиссия мүшелерiнiң электрондық цифрлық қолтаңбаларымен расталады.
Сайлау комиссиясының мүшелерi қол қойған электрондық хаттаманың қағаздағы көшiрмесi сайлау учаскесiнің үй-жайында жалпыжұрттың танысуы үшiн арнайы белгіленген орынға iлiнедi және үй-жайда екi күн бойы тұрады.
3. Осы Конституциялық заңға сәйкес дауыстарды санау кезiнде қатысқан адамның тiлегі бойынша оған комиссия төрағасы мен хатшысының қолдары қойылып, тиiстi сайлау комиссиясының мөрiмен расталған, электрондық дауыс беру нәтижелерi туралы электрондық хаттаманың қағазға түсiрiлген көшiрмесi беріледi.
50-7-бап. Электрондық сайлау жүйесiн пайдаланған кезде сайлау қорытындыларын белгiлеу
1. Электрондық сайлау жүйесiн пайдаланған кезде сайлау округтері бойынша сайлау қорытындыларын электрондық хаттамалар негiзiнде Орталық сайлау комиссиясы белгілейдi және олар тиiстi сайлау комиссияларына хабарланады.
Электрондық сайлау жүйесі арнайы бөлiнген коммуникациялық желiлерге осы тармаққа сәйкес ақпарат беру үшін қажеттi мерзімге ғана қосылады.
2. Егер дауыс беру осы Конституциялық заңның 50-5-бабының 7-тармағымен көзделген тәртiппен кейiнге қалдырылған жағдайда, тиiсті сайлау округы бойынша сайлау қорытындылары тиiстi сайлау округының барлық учаскелерiнде дауыс беру өткiзiлгеннен кейiн белгiленедi.
50-8-бап. Электрондық сайлау жүйесiн пайдаланып дауыс беру нәтижелерiне шағымдану
1. Жоғары тұрған сайлау комиссиясына немесе сотқа электрондық сайлау жүйесiн пайдаланып дауыс беру нәтижелерiне шағымдану кезінде дауыс беру туралы деректердi жазуға арналған құрылғы дәлелдеме ретiнде қаралады.
2. Дауыс беру туралы деректердi жазуға арналған құрылғылар осы баптың мақсаттары үшін тиiсті облыстық (республикалық маңызы бар қала, астана) аумақтық сайлау комиссиясында сақталады.
50-9-бап. Дауыс беру туралы деректердi жазуға арналған құрылғыларды сақтау
Дауыстар саналғаннан кейiн дауыс беру туралы деректердi жазуға арналған құрылғы пакетке салынып, сайлау комиссиясының мөрiмен бекітіледi және тиiстi облыстық (республикалық маңызы бар қала, астана) сайлау комиссиясына берiледi.
Дауыс беру туралы деректердi жазуға арналған құрылғылар сайлау аяқталған күннен бастап бір жыл бойына сақталады.
II. ЕРЕКШЕ БӨЛIМ
10-тарау. Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауы
ҚР 06.11.98 ж. № 285-II Заңымен 51-бап өзгертілді
51-бап. Республика Президентінің кезектi сайлауы
Президенттiң кезектi сайлауы жетi жылда бiр рет тиiстi жылғы желтоқсанның бiрiншi жексенбiсiнде өткiзiледi және ол мерзiмi жағынан Республика Парламентiнiң жаңа құрамын сайлаумен тұспа-тұс келмеуге тиiс.
ҚР 06.11.98 ж. № 285-II Заңымен 52-бап алынып тасталды
52-бап.
ҚР 06.11.98 ж. № 285-II Заңымен 53-бап өзгертілді; ҚР 2005.15.04. № 44-III (бұр. ред. қара) Конституциялық Заңымен 53-бап өзгерді
53-бап. Республика Президентi сайлауын жариялау және тағайындау
1. Президенттiң кезектi сайлауын Парламент Мәжілісi қыркүйектің екінші жексенбiсiнен кешiктiрмей жариялайды.
2. алынып тасталды
3. Бiр адам қатарынан екi реттен артық Президент болып сайлана алмайды.
ҚР 08.05.98 ж. № 222-I; 06.05.99 ж. № 375-I; 14.04.04 ж. № 545-II Конституциялық Заңдарымен 54-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
54-бап. Республика Президенттiгiне кандидатқа қойылатын талаптар
1. Президент болып сайлану үшiн азамат Конституцияның 41-бабының 2-тармағында белгiленген талаптарды қанағаттандыруға, сондай-ақ Конституцияның 33-бабының 2 және 3-тармақтарына және осы Конституциялық заңға сәйкес белсендi сайлау құқығына ие болуға тиiс.
2. Президенттiкке кандидатқа Конституция мен осы Конституциялық заң қоятын талаптарға оның сәйкестiгiн азаматтың өзiн-өзi ұсыну туралы өтiнiшi немесе республикалық қоғамдық бiрлестiктiң жоғары органының кандидатты ұсыну туралы хаттамасының үзiндiсiн кандидаттың дауысқа түсуге келісімi туралы өтiнiшiмен қоса тапсырған кезден бастап бес күн iшiнде Орталық сайлау комиссиясы белгiлейдi. Бұл ретте Президентке кандидаттың Қазақстан Республикасында кемiнде он бес жыл тұру фактiсiн Орталық сайлау комиссиясы анықтайды, ал кандидаттың мемлекеттік тiлдi еркiн игергенiн анықтау рәсімі Республика Конституциялық Кеңесінің Конституцияның 41-бабының 2-тармағына ресми түсiндiрме беруi туралы актiсiне сәйкес Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен анықталады.
3. алынып тасталды
ҚР 06.05.99 ж. № 375-I; 14.04.04 ж. № 545-II (бұр. ред. қара); 2005.15.04. № 44-III (бұр. ред. қара) Конституциялық Заңдарымен 55-бап өзгертілді
55-бап. Республика Президенттiгiне кандидаттар ұсыну
1. Президенттiкке кандидаттар ұсыну құқығы белгiленген тәртiппен тiркелген республикалық, қоғамдық бiрлестiктерде, сондай-ақ өзiн-өзi ұсыну жолымен - азаматтарда болады.
2. Президенттiкке кандидаттар ұсыну сайлау жарияланған күннен кейінгі күні басталып, сайлауға екi ай қалғанда аяқталады.
3. Президенттiкке кандидаттарды қоғамдық бiрлестiктер атынан олардың жоғары органдары ұсынады. Қоғамдық бiрлестiктер осы қоғамдық бiрлестiктiң мүшесi болып табылмайтын адамдарды кандидаттыққа ұсынуға хақылы. Қоғамдық бiрлестiк Президенттiкке бiр ғана кандидат ұсынуға хақылы. Президенттiкке кандидат ұсыну туралы шешiм республикалық қоғамдық бiрлестiктiң жоғары органы мүшелерiнiң жалпы санының көпшiлiк даусымен қабылданады да хаттамадан үзiндi жасалады. Республикалық қоғамдық бiрлестiктiң жоғары органының шешiмi:
1) Президенттiкке кандидатқа жеткiзiледi;
2) Президенттiкке кандидаттың дауысқа түсуге келісім беруi туралы өтiнiшiмен қоса Орталық сайлау комиссиясына тапсырылады.
4. Президенттiкке кандидаттыққа өзiн-өзi ұсыну олардың Орталық сайлау комиссиясына тиiстi өтiнiш беруi арқылы жүргiзiледi.
5. Егер кандидаттарды тiркеу мерзімі аяқталатын күні Президенттікке екіден кем кандидат тiркелген жағдайда, Орталық сайлау комиссиясы кандидаттарды ұсыну мерзiмiн жиырма күннен аспайтын мерзiмге ұзартады.
ҚР 06.05.99 ж. № 375-I; 14.04.04 ж. № 545-II (бұр. ред. қара) Конституциялық Заңдарымен 56-бап өзгертілді
56-бап. Республика Президенттiгiне кандидатты қолдап қол жинау
1. Сайлаушылардың Президенттiкке кандидатты қолдауы олардың қол жинауы арқылы расталады.
2. Президенттiкке кандидатты сайлаушылардың Республиканың облыстарының, республикалық маңызы бар қаласының және астанасының кем дегенде үштен екiсiнiң атынан теңдей өкiлдiк ететiн сайлаушылардың жалпы санының кем дегенде бiр процентi қолдауға тиiс.
3. Президенттікке кандидатты қолдап қол жинауды сенім бiлдiрiлген адамдар ұйымдастырады және кандидаттың Конституциямен және осы Конституциялық заңмен белгіленген талаптарға сәйкестігін тексеруден кейiн бес күннен кем емес мерзiмде осы Конституциялық заңның 55-бабының 3 және 4-тармақтарында белгiленген оны ұсыну туралы құжаттар негiзiнде Орталық сайлау комиссиясы беретiн қол қою парақтарымен ресiмделедi.