1) Республиканың белсендi сайлау құқығы бар азаматтары;
2) тиiстi сайлау учаскелерi аумағында тұрғылықты жерi бойынша тiркелген азаматтар;
3) демалыс үйлерiнде, санаторийлерде, тұрақты емдеу-профилактикалық мекемелерiнде, шалғайдағы және қатынасу қиын аудандарда орналасқан азаматтар тұратын мекендерде, алыс мал шаруашылығы учаскелерiнде, тергеу изоляторы мен уақытша ұстау изоляторларында, Қазақстан Республикасына қарайтын және дауыс беретiн күнi жүзуде жүрген кемелерде құрылған сайлау учаскелерi бойынша дауыс берудi өткiзетiн күнi аталған мекемелер мен ұйымдарда немесе кеме бортында болған азаматтардың бәрi;
4) әскер бөлiмдерi бойынша әскер бөлiмдерiнде тұрған әскери қызметшiлердiң барлығы, сондай-ақ олардың отбасы мүшелерi және әскер бөлiмдерi орналасқан жерлерде тұратын басқа да сайлаушылар енгiзiледi. Әскер бөлiмдерiнен тыс жерлерде тұратын әскери қызметшiлер сайлаушылар тiзiмiне тұрғылықты жерi бойынша жалпы негiзде енгiзiледi;
5) шет мемлекеттердегi Қазақстан Республикасының өкiлдiктерi жанындағы сайлау учаскелерi бойынша тиiстi шет мемлекетте тұратын немесе ұзақ мерзiмдi шетелдiк iссапарда жүрген әрi Республиканың жарамды паспорты бар барлық азаматтар енгiзiледi. Шет мемлекетке жеке шақыру бойынша, қызметтік, іскерлік және туристік сапарға келген Республика азаматтары учаскелiк сайлау комиссиясына өтініш жасаған жағдайда және олардың Қазақстан Республикасы азаматы деген жарамды паспорты болса, сайлаушылар тiзiмiне енгізіледi.
2. Таңдаушылар тiзiмiне:
1) облыс аумағында орналасқан мәслихаттардың;
2) тиiсiнше республикалық маңызы бар қала мен Республика астанасы мәслихатының барлық депутаттары енгiзiледi.
3. Азамат (таңдаушы) сайлаушылардың (таңдаушылардың) бiр ғана тiзiмiне ене алады.
ҚР 14.04.04 ж. № 545-II (бұр. ред. қара) Конституциялық Заңымен 26-бап өзгертілді
26-бап. Сайлаушылардың (таңдаушылардың) тiзiмiмен таныстыру
1. Азаматтардың тұрғылықты жерi бойынша құрылған сайлау учаскелеріндегі сайлаушылар тiзiмдерiн дауыс беретiн күнге он бес күн қалғанда тиiстi сайлау комиссиялары танысу үшiн сайлаушыларға бередi.
Әскери бөлiмдерде, Қазақстан Республикасына тиесiлі және сайлау күнi жүзуде жүрген кемелерде, демалыс үйлерiнде, санаторийлерде, тұрақты емдеу-профилактикалық мекемелерде, шалғайдағы және қатынасу қиын аудандарда орналасқан азаматтар тұратын жерлерде, алыс мал шаруашылығы учаскелерiнде, тергеу изоляторлары мен уақытша, ұстау изоляторларында, Қазақстан Республикасының шет мемлекеттердегi шетелдiк мекемелерінiң жанынан құрылған сайлау учаскелерi бойынша сайлаушылар тiзiмдерi сайлаушыларға танысу үшiн дауыс беруге бес күн қалғанда; жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының мүшелерiн сайлау өткiзiлетiн кезде құрылған сайлау учаскелерi бойынша - дауыс беруге жетi күн қалғанда берiледi.
2. Сенат депутаттарын сайлау бойынша таңдаушылар тiзiмдерi танысу үшiн жергiлiктi бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау жолымен сайлауға дейiн кемiнде жетi күн бұрын ұсынылады.
3. Азаматтарға (таңдаушыларға) тиiстi сайлау комиссияларының үй-жайларында сайлаушылар (таңдаушылар) тiзiмiмен танысу, сондай-ақ оларға енгiзiлген сайлаушылар (таңдаушылар) жөніндегі деректердiң дұрыстығын тексеру мүмкiндiгi берiледi.
4. Әрбiр азамат (таңдаушы) сайлаушылар тiзiмдеріндегі өзi туралы деректердi тексеруге және тiзiмге енгiзiлмегенi, дұрыс енгiзiлмегенi немесе тiзiмнен шығарып тасталғаны, сондай-ақ тiзiмдердегi сайлаушы (таңдаушы) туралы деректерде жаңсақтық жiберiлгенi үшiн шағымдануға құқылы. Тiзiмдерге түзетулер жасау қажеттiгi туралы арыздарды тиiстi сайлау комиссиясы сайлау комиссиясына арыз келiп түскен күнi қарайды. Арыз мақұлданбаған жағдайда сайлау комиссиясы арызданушыға оның арызының мақұлданбағаны туралы дәлелдi шешiмнiң көшiрмесiн кешiктiрмей бередi. Шешiмге сайлау комиссиясы тұрған жер бойынша тиiстi сотқа шағым жасауға болады, ол шағымды - арыз келіп түскен күні қарап, түпкiлiктi шешiм қабылдайды. Арызданушы үшiн дұрыс шешiм қабылданған жағдайда сайлау комиссиясы сайлаушылар (таңдаушылар) тiзiмiне түзетудi немесе енгiзiлмеген сайлаушыны тiзiмге енгізудi дереу жүргiзедi.
5-тарау. Сайлау алдындағы үгiт
ҚР 06.05.99 ж. № 375-I Конституциялық Заңымен 27-бап өзгертілді; 14.04.04 ж. № 545-II Конституциялық Заңымен 27-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); ҚР 2005.15.04. № 44-III (бұр. ред. қара) Конституциялық Заңымен 27-бап өзгерді
27-бап. Сайлау алдындағы үгiт
1. Сайлау алдындағы үгiт - сайлаушылардың белгiлi бiр кандидатты, саяси партияны жақтап немесе қарсы дауыс беруге қатысуына түрткi болу мақсатындағы қызмет.
Шетелдіктердiң, азаматтығы жоқ адамдардың, шетелдік заңды тұлғалардың және халықаралық ұйымдардың кандидаттарды, партиялық тiзiмдерін ұсынған саяси партияларды ұсынуға және сайлауға, сайлауда белгiлi бір нәтижеге қол жеткізуге кедергі болатын және (немесе) демеп жіберетін қызметті жүзеге асыруына тыйым салынады.
2. Сайлау алдындағы үгiт кандидаттар тiркелген мерзімі аяқталған кезден басталып, сайлау болатын күннің алдындағы күнгi жергілiктi уақыт бойынша нөл сағатта аяқталады. Қайтадан дауыс берудi өткiзген кезде сайлау алдындағы үгiт қайтадан дауыс беру күнi тағайындалған күннен басталып, сайлау болатын күннiң алдындағы күнгi жергiлiктi уақыт бойынша нөл сағатта аяқталады.
3. Сайлау алдындағы үгiт:
1) бұқаралық ақпарат құралдары арқылы;
2) сайлау алдындағы жария iс-шараларды (сайлау алдындағы жиналыстарды және сайлаушылармен (таңдаушылармен) кездесулердi, сайлау алдындағы жария пікір таластар мен пiкiр алысуларды, митингiлердi, шерулердi, демонстрацияларды және заңнамада белгiленген тәртiппен және осы Конституциялық заңда тыйым салынбаған өзге де сайлау алдындағы іс-шараларды), сондай-ақ кандидаттардың және олардың сенім бiлдiрген адамдарының сайлаушылармен (таңдаушылармен) жеке кездесулерін өткізу жолымен;
3) баспа, дыбыс-бейне және өзге де үгiт материалдарын шығару және (немесе) тарату жолымен жүзеге асырылады.
4. Мыналарға:
1) мемлекеттік органдарға, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарына, сондай-ақ қызметтік мiндеттерiн орындау кезінде олардың лауазымды адамдарына;
2) Қарулы Күштердiң, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың әскери қызметшiлерiне, ұлттық қауiпсiздiк органдарының, құқық қорғау органдарының қызметкерлерi мен судьяларға;
3) сайлау комиссияларының мүшелерiне;
4) діни бiрлестiктерге сайлау алдындағы үгiттi жүргiзуге, кез келген сайлау алдындағы үгiт материалдарын таратуға тыйым салынады.
5. Мемлекеттік органдардың лауазымды адамдары болып табылатын кандидаттарға өзiнiң лауазымдық немесе қызмет жағдайының артықшылықтарын пайдалануға тыйым салынады.
Осы Конституциялық заңда мыналар:
1) бағынышты немесе басқа да қызмет жағынан тәуелдi адамдарды, аталған адамдар кандидаттың сенім бiлдiрген адамдары ретiнде үгіттi жүзеге асыратын жағдайларды қоспағанда, сайлау алдындағы үгіт жүргiзуге тарту;
2) кандидаттың, партиялық тiзiм ұсынған саяси партияның сайлануына септiгiн тигiзетiн қызметтi жүзеге асыру үшiн мемлекеттік органдар орналасқан үй-жайларды пайдалану, егер өзге кандидаттарға, саяси партияларға аталған үй-жайларды осындай шарттармен пайдалануға кепiлдiк берілмесе, лауазымдық немесе қызмет жағдайының артықшылықтарын пайдалану деп ұғынылады;
Осы тармақта белгiленген шектеулердi сақтау лауазымды адамдарға өздерiнің қызметтiк мiндеттерiн орындауға кедергi келтiрмеуге тиiс.
6. Кандидаттар не олардың сенім бiлдiрген адамдары болып тiркелген журналистердiң, бұқаралық ақпарат құралдары редакциялары лауазымды адамдарының сайлауды бұқаралық ақпарат құралдары арқылы көрсетуге қатысуына құқығы жоқ.
7. Бұқаралық ақпарат құралдары кандидаттардың, саяси партиялардың сайлау науқанын объективтi көрсетудi жүзеге асыруға; кандидаттың немесе саяси партияның ар-намысына, қадiр-қасиетiне және iскерлiк беделiне көрiнеу нұқсан келтiретiн үгiт материалдары мен өзге де ақпаратты жариялаудан аулақ болуға; өтiнiш келiп түскеннен кейін баспа басылымының таяудағы нөмірінде сол бетте, сондай көлемде және сол қаріппен немесе теледидар не радио хабарларында жиырма төрт сағат iшiнде сондай уақытта аталған адамдарға ар-намысын, қадiр-қасиетін және iскерлiк беделін қорғауы үшiн терiске шығаруды тегiн жариялауына мүмкiндiк беруге мiндеттi.
Бұқаралық ақпарат құралдары тиiстi сайлау комиссияларының сайлау алдындағы науқан барысы туралы ақпаратты және осы Конституциялық заңда белгiленген хабарламаларды жариялауына кiдiрiссiз мүмкiндiк туғызады.
8. Бұқаралық ақпарат құралдарының лауазымды адамдары, осы Конституциялық заңның 29-бабының 1-тармағында көрсетiлген материалдарды жариялау жағдайларын қоспағанда, кандидаттар мен саяси партиялардың сайлау алдындағы науқан барысында айтқан пiкiрлерi үшін жауапты болмайды.
9. Сайлау науқаны үшiн арнайы әзiрленген баспа материалдарын, соның iшiнде безендiрiлген материалдарды, сондай-ақ омырауға тағатын белгiлердi, жалауларды, жалаушаларды тегiн таратуды қоспағанда, сайлаушыларға тегiн немесе жеңiлдiк шарттарымен тауарлар, бағалы қағаздар беріп, қызметтер көрсету, сондай-ақ лотереялар, қайырымдылық акцияларын өткізу, ақша төлеу не осындайларға уәде беру арқылы сайлау алдындағы үгiттi жүргiзу сайлау алдындағы жөнсiз үгіт деп саналады. Сайлау алдындағы жөнсiз үгіттi жүргiзуге тыйым салынады.
Сайлау жарияланған (тағайындалған) кезден бастап, кандидаттарға, партиялық тiзiмдерiн ұсынған саяси партияларға, сондай-ақ олардың атынан немесе оларды қолдап кeз келген жеке және заңды тұлғаларға, ойын-сауық және спорттық iс-шараларын ұйымдастыруды қоспағанда, қайырымдылық iс-шараларын өткізуге тыйым салынады.
Кандидаттың, партиялық тiзiмiн ұсынған саяси партияның, сондай-ақ олардың сенім бiлдiрген адамдарының осы тармақта белгiленген ережелердi бұзуы кандидатты, партиялық тiзiмдi тiркеу туралы шешімнің күшiн жоюға әкеп соғады.
10. Қандай да бiр адамның бейнесiн - оның жазбаша келісімiнсiз, ал ол қайтыс болған жағдайда мұрагерлерінің жазбаша келiсімінсiз пайдалану арқылы сайлау алдындағы үгiт жүргiзуге тыйым салынады.
ҚР 06.05.99 ж. № 375-I Конституциялық Заңымен 28-бап өзгертілді; 14.04.04 ж. № 545-II Конституциялық Заңымен 28-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
28-бап. Сайлау алдындағы үгiт жүргiзу құқығы
1. Мемлекет азаматтарға, қоғамдық бiрлестiктерге Қазақстан Республикасының осы Конституциялық заңына, өзге де заң актілеріне сәйкес белгілi бiр кандидатты, саяси партияны жақтап не қарсы кедергiсiз сайлау алдындағы үгiт жүргiзу құқығына кепiлдiк бередi.
Осы Конституциялық заңға сәйкес сайлау қорларын құрмайтын азаматтар, қоғамдық бiрлестіктер қаржыландыруды талап етпейтiн сайлау алдындағы үгіт жүргiзуге құқылы.
2. Осы Конституциялық заңға сәйкес белгiленген тiркеу мерзiмi аяқталған кезден бастап, үгіт науқаны аяқталғанға дейiн кандидаттардың, партиялық тiзiмiн ұсынған саяси партиялардың өздерiнiң сайлау алдындағы бағдарламаларын баспасөзде және басқа да бұқаралық ақпарат құралдарында үгiттеуге және насихаттауға құқығы бар.
Кандидаттардың, партиялық тiзiмдерiн ұсынған саяси партиялардың сайлау алдындағы үгiт жүргiзуi үшiн бұқаралық ақпарат құралдарына қол жеткізуiнiң тең жағдайына кепiлдiк беріледi.
3. Мемлекет кандидаттарға өз бағдарламаларымен бұқаралық ақпарат құралдарына шығуы үшiн бiрдей қаражат бөлiнуіне кепiлдiк бередi. Әрбiр кандидаттың телевизиядан он бес минуттық сөз сөйлеуiне, радиодан он минуттық сөз сөйлеуіне, сондай-ақ баспа басылымдарында 0,1 баспа табақтан аспайтын көлемде екi мақала жариялауына қаражат берiледi.
Партиялық тiзiмдерiн ұсынған саяси партиялар теледидарда Орталық сайлау комиссиясы ұйымдастыратын, ол белгiлейтiн уақыт көлемiнде саяси пікiр-сайыстарға қатысуға құқылы.
Бұқаралық ақпарат құралдары тiркелген кандидаттарға және партиялық тiзiмдерiн ұсынған саяси партияларға шарттық негiзде эфир уақытын, баспасөз бетiнен орын бередi. Бұқаралық ақпарат құралдарында кандидаттарға және партиялық тiзiмдерiн ұсынған саяси партияларға эфир уақытын, баспасөз бетiнен орын беру туралы шарттың талаптары белгiлi бiр кандидатқа, саяси партияға артықшылық туғызбауға тиiс. Эфирден және баспасөзден орын беру төлемiнiң мөлшерi, шарттары мен тәртібі туралы мәлiметтердi тиiстi телерадиохабарларын тарату ұйымы, мерзiмдiк баспа басылымының редакциясы сайлаудың тағайындалғаны туралы шешім ресми жарияланғаннан кейiнгі оныншы күннен кешiктiрмей хабарлауға және жариялауға тиiс, сондай-ақ Президент сайлауы кезiнде - Орталық және облыстық сайлау комиссияларына, Парламенттiң, мәслихаттардың депутаттары мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары мүшелерiн сайлау кезiнде өзге де аумақтық, сондай-ақ oкругтік сайлау комиссияларына берiлуге тиiс.
Бұқаралық ақпарат құралы кандидаттардың, партиялық тізімін ұсынған саяси партиялардың бірiне эфир уақытын, баспасөз бетiнен орын бөлуге берген келiсімi басқа да кандидаттарға, партиялық тізімдерін ұсынған саяси партияларға эфир уақытын, баспасөз бетiнен орын бөлуге келісім беруі болып табылады.
Кандидаттар мен партиялық тiзiмдерiн ұсынған саяси партиялардың бұқаралық ақпарат құралдарына шығуының кезектілігі жазбаша өтініштердің келiп түсу ретiмен не егер өтiнiштер бiр мезгiлде келіп түссе, жеребе бойынша белгiленедi.
Кандидаттардың телевизия мен радиода сөйлеп жатқан сөздерiн бөлуге және сөйлеген сөздерiне iле-шала, сондай-ақ баспа басылымдарындағы сөздерiне сол нөмiрде түсiнiктеме жасауға тыйым салынады.
4. Сайлау комиссияларының өтiнiмi бойынша жергiлiктi мемлекеттік басқару және өзiн-өзi басқару органдары кандидаттарға сайлаушылармен кездесуi үшiн шарттық негiзде үй-жай бередi. Сайлау комиссиялары бөлiнген үй-жайда кандидаттардың сайлаушылармен кездесуiнiң кестесiн жасайды және оны бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды. Үй-жай беру шарты барлық кандидаттар үшін бiрдей болуға тиiс.
5. Тиісті сайлау комиссиялары партиялық тізімдер бойынша дауысқа түсетiн кандидаттардан басқа кандидаттарға плакаттар, листовкалар, ұрандар мен өзге де үгіттiк баспа материалдарын басып шығару үшiн бiрдей мөлшерде ақша бөледi. Барлық үгiттiк баспа материалдарында сол материалдарды шығарған ұйым, олар басылған жерi мен таралымы, тапсырыс жасаған тұлғалар, қандай қаражаттан төленгендiгi туралы мәлiметтер болуға тиiс. Yгiттiк баспа материалдарын Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерлерде дайындауға, анонимдiк үгiт материалдарын таратуға тыйым салынады.
6. Жергiлiктi атқарушы органдар тиiстi сайлау комиссияларымен бiрлесiп барлық кандидаттар үшiн үгіттiк баспа материалдарын орналастыру үшiн орын белгiлейдi және оларды стендтермен, тақталармен, тұғырлықтармен жарақтандырады. Үгiттiк баспа материалдары барлық кандидаттар үшiн тең құқықтар қамтамасыз ететiн жағдайда орналастырылады.
Кандидаттар үгiттiк баспа материалдарын тиiстi объект иесiнiң рұқсатымен өзге де орындарда iлiп қоюға құқылы.
Үгiт материалдарын ескерткiштерге, ескерткіш тұғырларға, тарихи, мәдени немесе сәулеттiк құндылығы бар үйлер мен ғимараттарға, сондай-ақ дауыс беруге арналған үй-жайларға iліп қоюға тыйым салынады.
Сайлау комиссиясының үй-жайы мен дауыс беруге арналған үй-жайда кандидаттың фотосуретiмен және Орталық сайлау комиссиясы белгiлеген мәліметтердің стандартты жиынтығымен, бiр нысанда кандидаттар туралы ақпарат орналастырылады.
7. Президенттiкке, Парламент және мәслихат депутаттығына кандидаттар өз сайлау қорларының қаражаты есебiнен бұқаралық ақпарат құралдарына шығуға, сайлау алдындағы жария іс-шараларды өткізуге, қосымша үгіт материалдарын шығаруға байланысты шығындарды төлеуге, сондай-ақ көлiк және iссапар шығыстарының орнын толтыруға құқылы. Бұл мақсатқа кез келген басқа көздерден өзге ақша тартуға, сайлау науқаны барысында кандидаттар пайдаланатын, кандидаттардың сайлау қорлары қаражатынан ақысы төленбеген жеке және заңды тұлғалардың кез келген тауарын, жұмысы мен қызметiн қабылдауға, аталған жеке және заңды тұлғаларға осы қызметтердің көрсетiлгенi үшін кандидат тарапынан жәрдемнің кез келген түріне тыйым салынады.
Кандидатқа, саяси партияларға сайлау алдындағы үгітті жүргiзуге байланысты қызмет көрсететiн жеке және заңды тұлғаларда олардың осы қызметтердi қабылдауға жазбаша келісімi болуға тиiс. Жазбаша келісімi жоқ тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
8. Орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың мерзiмдi баспа басылымдары сайлау комиссияларының хабарламаларын, сайлауға қатысатын кандидаттар туралы деректердi Орталық сайлау комиссиясы белгiлеген тәртiппен және көлемде жариялауға мiндеттi.
9. Сайлаумен байланысты қоғамдық пікірге сұрау салу нәтижелерін жариялаған кезде бұқаралық ақпарат құралдары сұрау салуды жүргiзген ұйымды, сұрау салуды жүргізуге тапсырыс берген және оның ақшасын төлеген адамдарды, сұрау салу жүргiзілген уақытты, ақпарат жинау әдiсiн, сұрау салудың нақты тұжырымын, сұралғандардың саны мен сұрау салу нәтижесінің қателiк коэффициентiн көрсетуге мiндеттi.
Бұқаралық ақпарат құралдарында қоғамдық пікірге сұрау салу нәтижелерiн, сайлау нәтижелерiнiң болжамын, сайлауға байланысты өзге де зерттеулердi дауыс берiлетін күн алдындағы бес күн ішінде және дауыс берiлетiн күні жариялауға жол берілмейдi.
Сайлау күнi дауыс берілетiн үй-жайда немесе дауыс беру пунктiнде қоғамдық пiкiрге сұрау салуға тыйым салынады.
ҚР 14.04.04 ж. № 545-II Конституциялық Заңымен 29-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
29-бап. Кандидаттың, саяси партияның сайлау алдындағы бағдарламасы
Президенттiкке, Парламент және мәслихат депутаттығына, жергiлiктi өзін-өзi басқару органының мүшелiгiне кандидат, партиялық тізімін ұсынған саяси партия өзінің болашақ қызметiнiң сайлау алдындағы бағдарламасын баяндайды. Сайлау алдындағы бағдарламада Республиканың конституциялық құрылысын күштеп өзгерту, оның тұтастығын бұзу, мемлекет қауiпсiздігіне нұқсан келтiру, әлеуметтік, нәсілдiк, ұлттық, дiни, тектiк-топтық және рулық араздықты қоздыру, қатыгездiк пен зорлық-зомбылыққа бас ұру, сондай-ақ заңдарда көзделмеген әскерилендiрілген құралымдар құру идеялары уағыздалмауға тиiс.
Аталған талаптар бұзылған жағдайда тиiстi сайлау комиссиясы кандидатты тiркеуден, саяси партияның партиялық тiзiмін тiркеуден бас тартуға, ал кандидат немесе саяси партия мұндай сайлау алдындағы бағдарламаны тiркелгеннен кейiн ұсынған жағдайда кандидатты немесе партиялық тiзiмдi тiркеу туралы шешiмнiң күшiн жоюға құқылы.
ҚР 14.04.04 ж. № 545-II Конституциялық Заңымен 30-бап алынып тасталды (бұр. ред. қара)
30-бап.
ҚР 14.04.04 ж. № 545-II Конституциялық Заңымен 31-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); ҚР 2005.15.04. № 44-III (бұр. ред. қара) Конституциялық Заңымен 31-бап өзгерді
31-бап. Сенім бiлдiрген адамдар
1. Кандидаттардың, партиялық тiзiмдерiн ұсынған саяси партиялардың өздерiне сайлау науқанын жүргiзуге көмектесетiн, сайлау алдындағы үгiттi жүргізетін, кандидаттар, саяси партиялар мүдделерiн білдіретін сенім бiлдiрiлген адамдары болуына құқылы.
2. Кандидаттар, партиялық тiзiмдерiн ұсынған саяси партиялар сенім бiлдiрiлген адамдарын өздерінің қалаулары бойынша тиісті сайлау округіндегі әр сайлау учаскесіне үш адамнан аспайтын санда анықтайды және оларды тiркеу үшiн тиiстi сайлау комиссиясына хабарлайды.
Сенат депутаттығына кандидаттың әрбiр ауданда, қалада, қаладағы ауданда бір-бірден сенім бiлдiрiлген адамдары болуына құқығы бар.
Кандидат, саяси партия сенім бiлдiрiлген адамдар ретiнде ұсынған адамдар тиiстi сайлау комиссиясына өзiнiң сенім бiлдiрiлген адам болуға келiскенi туралы өз өтінішін табыс етедi.
3. Сайлау комиссиясы сенім бiлдiрiлген адамдарды тiркегеннен кейiн оларға тиiстi куәлiк бередi.
4. Сенім білдiрiлген адам Қазақстан Республикасының азаматы болуға тиiс, ол Сенат депутатын сайлау кезiнде мәслихат депутаты, қандай да бiр сайлау комиссиясының мүшесi, саяси мемлекеттік қызметшi лауазымындағы адам болмауға тиiс.
5. Сенім бiлдiрiлген адамдар кандидаттың, партиялық тiзiмiн ұсынған саяси партияның өздерiне жазбаша түрде берген өкілеттiгі шегінде әрекет етедi.
6. Сенім білдiрiлген адамдар сайлау науқаны аяқталғаннан кейiн, өз ұйғарымымен, кандидаттың және партиялық тізiмiн ұсынған саяси партияның шешiмiмен, сондай-ақ кандидатты, партиялық тiзімдi тіркеудiң күшi жойылған жағдайда өз мәртебесiнен айырылады.
ҚР 14.04.04 ж. № 545-II Конституциялық Заңымен 32-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
32-бап. Сайлау алдындағы үгiттi тоқтату
1. Сайлау болатын күнi және оның қарсаңындағы күнi кез келген үгiтке тыйым салынады.
2. Сайлау комиссияларының үй-жайларынан және дауыс беруге арналған үй-жайлардан тыс жерлерде бұрыннан ілулi тұрған баспа үгiт материалдарын сол орындарында қалдыруға болады.
6-тарау. Сайлауды қаржыландыру
ҚР 06.05.99 ж. № 375-I; 14.04.04 ж. № 545-II (бұр. ред. қара); 2005.15.04. № 44-III (бұр. ред. қара) Конституциялық Заңдарымен 33-бап өзгертілді
33-бап. Сайлауды мемлекеттік қаржыландыру
1. Партиялық тiзiмдер бойынша сайланатын Парламент Мәжілісi депутаттарының сайлауын қоспағанда, Президенттiң, Парламент, мәслихаттар депутаттарының, жергілікті өзін-өзі басқару органдары мүшелерiнiң сайлауы республикалық бюджет қаражатынан жергілікті атқарушы органдардың осы мақсаттарға арнап ашылған шоттары арқылы қаржыландырылады. Бұл шоттарға республикалық бюджеттен түсетін бюджет қаражатына иелік етуді аумақтық сайлау комиссиялары жүзеге асырады. Қаржыландыру тәртібi Қазақстан Республикасының бюджеттік заңнамасында белгіленеді.
2. Республикалық бюджет қаражатынан:
1) сайлау комиссияларын ұйымдастыру мен оның қызметiне, үй-жайды жалға алуға, iссапар шығыстарына, консультанттарға, сарапшыларға, лингвистикалық комиссияның мүшелерiне еңбек ақы төлеуге;
2) осы Конституциялық заңның 28-бабының 3-тармағына сәйкес партиялық тiзiмдер бойынша дауысқа түсетiн кандидаттардан басқа кандидаттардың бұқаралық ақпарат құралдарындағы сөздерiне;
3) осы Конституциялық заңның 28-бабының 4 және 5-тармақтарына сәйкес жүргiзiлетiн кандидаттардың сайлау алдындағы көпшiлiк шараларын өткізуге, партиялық тiзiмдер бойынша дауысқа түсетiн кандидаттардан басқа кандидаттардың үгiт материалдарын шығаруға;
4) партиялық тiзiмдер бойынша дауысқа түсетiн кандидаттардан басқа кандидаттардың Орталық сайлау комиссиясы белгiлеген мөлшерде көлiкке жұмсаған шығындары жабылады.
3. Халықаралық ұйымдар мен халықаралық қоғамдық бiрлестiктер, шетелдiк мемлекеттік органдар, шет елдердiң Заңды тұлғалары мен азаматтығы жоқ адамдар тарапынан Республикадағы сайлауды қаржыландыруға, олардың қандай да болмасын тiкелей немесе жанама түрде республикадағы сайлауды қаржыландыруға қатысуына тыйым салынады.
4. ҚР 2005.15.04. № 44-III Конституциялық Заңымен алынып тасталды (бұр. ред. қара)
ҚР 06.05.99 ж. № 375-I; 14.04.04 ж. № 545-II (бұр. ред. қара); 2005.15.04. № 44-III (бұр. ред. қара) Конституциялық Заңдарымен 34-бап өзгертілді
34-бап. Сайлауды мемлекеттік емес қаржыландыру
1. Президенттi және Парламент және мәслихаттар депутаттарын сайлауда кандидаттардың сайлау алдындағы үгiтiн осы Конституциялық заңда белгiленген тәртiппен құрылатын сайлау қорлары қаражатынан қаржыландыруға болады.
2. Сайлау қорлары заңдарда белгiленген тәртiппен мемлекеттік тiркеуге жатады.
3. Сайлау қорлары мынадай көздерден:
1) сайлау округтерi бойынша депутаттыққа кандидаттардың жеке қаражатынан, саяси партиялардың қаражатынан.
2) кандидатқа оны ұсынған Республиканың қоғамдық бiрлестiгi бөлген қаражаттан;
3) Республика азаматтары мен ұйымдарының ерiктi қайырмалдықтарынан құралады. Мемлекеттік органдар мен ұйымдардың, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының, қайырымдылық ұйымдарының, дiни бiрлестiктердiң, өздерiнiң жарғылық капиталында шетелдiк қатысушысы бар қазақстандық заңды тұлғалардың ерiктi қайырмалдықтарына, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың анонимдiк қайырмалдықтарына тыйым салынады.
4. Сайлау қорларына заңды жолмен алынған қаражат қана берiледi. Қорға келiп түскен ақшаның жалпы сомасы және оның көздері туралы ақпаратты сайлау қорытындылары жарияланғаннан кейiн он күн ішінде:
Қазақстан Республикасының Президентiн, Парламент Мәжілісінің депутаттарын партиялық тiзiм бойынша сайлау кезiнде - Орталық сайлау комиссиясы;
Парламент Сенатының депутаттарын сайлау кезiнде - облыстық (республикалық маңызы бар қалалардың және астананың) сайлау комиссиялары; Парламент Мәжілісiнiң депутаттарын сайлау кезінде бiр мандатты сайлау округтерiнен сайлауға түсетiн кандидаттарға қатысты және мәслихаттардың депутаттарын сайлау кезiнде - oкругтік сайлау комиссиялары бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды.
5. Аталған көздерден сайлау қорларына жолдануы мүмкiн ақшалай қаражаттың шектi мөлшерi осы Конституциялық заңның Ерекше бөлiмiнде белгiленедi. Белгiленген мөлшерден артық түскен ақша қаражаты сайлау қорына есептеуге жатқызылмайды және оларды қосқан азаматтар мен ұйымдарға қайтарылып берiледi. Бұл ретте аталған қаражатты қайтаруға байланысты шығыстар оларды енгiзген азаматтар мен ұйымдар есебiнен жабылады. Дерегi жоқ қайырмалдықтар республикалық бюджет кiрiсiне енгiзiледi.
6. Сайлау қорын құрайтын ақша қаражаты кандидат, партиялық тiзiм тiркелгеннен кейiн тиiстi сайлау комиссиясы банк мекемелерiнде ашатын арнаулы уақытша шоттарға түсiрiледi. Аталған шот бойынша кiрiс есептелмейдi және төленбейдi. Осы Конституциялық заңда аталған мақсаттар үшiн сайлау қорының қаражатына иелiк ету құқығы тек қана кандидатқа және партиялық тiзiмдердi ұсынған саяси партияларға берiледi. Банктер тиiстi сайлау комиссиясына арнаулы уақытша шотқа келiп түскен қаражат және олардың жұмсалуы туралы апта сайын есеп бередi. Тиiстi сайлау комиссиясының сұратуы бойынша сол мәлiметтер жиырма төрт сағаттың ішiнде берiледi. Сайлау қорларының қаражатын жұмсау тәртібін және тиісті банк мекемесін Орталық сайлау комиссиясы белгiлейдi.