4. Қазақстан Республикасының мүлiктi жария етуге байланысты рақымшылық жасау туралы заңнамалық актiсiнде белгiленген тәртiппен жария етiлген жер учаскелерiне салық жер учаскесi жария етiлдi деп танылған кезден бастап есептеледi.
Бұл ретте жария еткен кезге дейiн төленген жер салығы осы Кодекстiң 325-бабының 2-тармағына сәйкес есептелген болып саналады.
341-бап Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 29 қарашадағы № 500-ІІ Заңымен енгiзiлген өзгерiспен; Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 5 шілдедегі № 158 Заңымен енгiзiлген толықтырумен (2007 жылғы 1 сәуiрде өзiнiң қолданылуын тоқтатады).
342-бап. Жеке тұлғалардың салықты есептеу тәртібі және төлеу мерзiмдерi
1. Жеке тұлғалар (өз қызметiнде пайдаланатын жер учаскелерi бойынша жекелеген кәсiпкерлердi, жеке нотариустар мен адвокаттарды қоспағанда) төлеуге жататын жер салығын есептеудi салық органдары тиiстi салық ставкалары мен салық базасын негiзге ала отырып, 1 тамыздан кешiктiрiлмейтiн мерзiмде жүргiзедi.
Салық кезеңi iшiнде салық салу объектілеріне құқықты берген жағдайда салық сомасы осы Кодекстің 340-бабы 3-тармағының ережелерi ескерiле отырып есептеледi.
2. Жеке тұлғалар бюджетке жер салығын ағымдағы жылдың 1 қазанынан кешiктiрмей төлейдi.
3. Жеке кәсiпкерлер, жеке нотариустар, адвокаттар өз қызметiнде пайдаланатын жер учаскелерi бойынша жер салығын осы Кодекстiң 340-бабында белгiленген тәртiппен есептейдi және төлейдi.
342-бап Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 23 қарашадағы № 358 Заңымен енгiзiлген толықтырулармен.
56-тарау
Салық кезегі және салық есептілігі
56-тараудың тақырыбы Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 23 қарашадағы № 358-ІІ
Заңымен енгiзiлген өзгерiспен
343-бап. Салық кезеңi
Жер салығын есептеу мен төлеу үшiн салық кезеңi осы Кодекстiң 136-бабына сәйкес белгiленедi.
344-бап. Салық есептілігі
1. Заңды тұлғалар (мемлекеттік мекемелерді қоспағанда), жеке кәсiпкерлер, жеке нотариустар мен адвокаттар жер салығы бойынша декларацияны салық салу объектiлерi орналасқан жердегi салық органдарына есептiк салық кезеңiнен кейiнгi жылдың 31 наурызынан кешiктiрмей, сондай-ақ ағымдағы төлемдер есеп-қисабын осы бапта белгiленген мерзiмде табыс етедi.
2. Жер салығы бойынша ағымдағы төлемдер есеп-қисабы ағымдағы салық кезеңiнiң 15 ақпанынан кешiктiрiлмей табыс етiледi.
3. Ағымдағы төлемдерді төлеудің соңғы мерзімінен кейін құрылған салық төлеушілерді қоспағанда, жаңадан құрылған салық төлеушiлер ағымдағы төлемдер есеп-қисабын салық төлеушi мемлекеттік тiркеуден өткен айдан кейiнгi айдың 15-iнeн кешiктiрмей табыс етедi.
4. Осы Кодекстің 324-бабы 3-тармағының 4) және 7) тармақшаларында көрсетілген заңды тұлғалар пайдалануға немесе жалға берілген салық салу объектілері бойынша ағымдағы төлемдердің есебін осы баптың 5-тармағында көзделген мерзімдерде табыс етеді.
5. Салық кезеңі ішінде жер салығы бойынша салық міндеттемелері өзгерген кезде ағымдағы төлемдердің есебі салық салу объектілері бойынша 1 ақпандағы, 1 мамырдағы, 1 тамыздағы және 1 қарашадағы жағдай бойынша тиісінше ағымдағы салық кезеңінің 15 ақпанынан, 15 мамырынан, 15 тамызынан және 15 қарашасынан кешіктірмей табыс етіледі.
6. Осы баптың ережелерi бюджетпен есеп айырысуды ауылшаруашылық өнiмдерiн өндiрушiлерге арналған арнайы салық режимiнде жүзеге асыратын заңды тұлғаларға, аталған арнайы салық режимi қолданылатын қызметке пайдаланылатын жер учаскелерi бойынша қолданылмайды.
344-бап Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 23 қарашадағы № 358-ІІ Заңының редакциясында; Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 29 қарашадағы № 500-ІІ Заңымен енгiзiлген өзгерістер және толықтырулармен.
13-бөлім
Көлік құралдары салығы
57-тарау
Жалпы ережелер
345-бап. Салық төлеушiлер
1. Егер осы бапта өзгеше көрсетiлмесе, меншiк құқығында салық салу объектiлерi бар жеке тұлғалар және меншiк, шаруашылық жүргiзу немесе оралымды басқару құқығында салық салу объектiлерi бар заңды тұлғалар, олардың құрылымдық бөлiмшелерi (бұдан әрi - заңды тұлғалар) көлiк құралдары салығын төлеушiлер болып табылады.
1-1. Лизинг алушы қаржы лизингi шарты бойынша берiлген (алынған) салық салу объектiлерi бойынша көлiк құралдары салығын төлеушi болып табылады.
2. Мыналар:
1) Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін көлік құралдарына қажеттілік нормативтері шегінде бірыңғай жер салығын төлеушілер;
1-1) меншікті ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде пайдаланылатын мамандандырылған ауыл шаруашылығы техникасы бойынша бірыңғай жер салығын төлеушілерді қоса алғанда, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер. Аталған мамандандырылған ауыл шаруашылығы техникасының тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді;
2) мемлекеттік мекемелер;
3) салық салу объектiсi болып табылатын бiр автокөлiк құралы бойынша - Ұлы Отан соғысына қатысушылар және соларға теңестiрiлетiн адамдар;
4) салық салу объектiсi болып табылатын бiр автокөлiк құралы бойынша - меншiгiнде мотоколяскалары мен автомобильдерi бар мүгедектер;
5) салық салу объектiсi болып табылатын бiр автокөлiк құралы бойынша - Кеңес Одағының Батырлары мен Социалистiк Еңбек Ерлерi, "Халық қа?арманы" атағын алған, үш дәрежелi Даңқ орденiмен және "Отан" орденiмен наградталған адамдар, "Ардақты ана" атағын алған, "Алтын алқа", "Күмiс алқа" алқаларымен наградталған көп балалы аналар;
6) ауыл шаруашылық құралымынан шығу нәтижесiнде пай ретiнде алынған, пайдаланған мерзiмi жетi жылдан асқан жүк автомобильдерi бойынша жеке тұлғалар көлiк құралдары салығын төлеушiлер болып табылмайды.
345-бап Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 29 қарашадағы № 500-ІІ, 2004 жылғы 13 желтоқсандағы № 11-ІІІ Заңдарымен енгiзiлген өзгерістер және толықтырулармен.
346-бап. Салық салу объектiлерi
1. Қазақстан Республикасында мемлекеттік тiркеуге жататын және (немесе) есепте тұрған көлiк құралдары, тiркемелердi қоспағанда, салық салу объектiлерi болып табылады.
2. Мыналар:
1) жүк көтергiштiгi 40 тонна және одан асатын карьерлiк автосамосвалдар;
2) мамандандырылған медициналық көлiк құралдары салық салу объектiлерi болып табылмайды.
346-бап Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 4 шiлдедегi № 475-ІІ Заңымен енгiзiлген өзгерiспен.
58-тарау
Салық ставкалары
347-бап. Салық ставкалары
1. Салықты есептеу айлық есептік көрсеткіштермен белгіленген мынадай ставкалар бойынша жүргізіледі:
___________________________________________________________________
Салық салу объектiсi Салық ставкасы
(айлық есептік көрсеткіш)
___________________________________________________________________
1. Двигатель көлемi мынадай жеңiл
автомобильдер (текше см.):
1100-ге дейiн қоса алғанда 4,0
1100-ден жоғары 1500-ді қоса 6,0
1500-ден жоғары 2000-ды қоса 7,0
2000-нан жоғары 2500-ді қоса 12,0
2500-ден жоғары 3000-ды қоса 17,0
3000-нан жоғары 4000-ды қоса 22,0
4000-нан жоғары 117,0
2. Жүк көтергiштiгі мынадай жүк таситын
арнаулы автомобильдер (тiркемелердi
есептемегенде):
1 тоннаға дейiн қоса алғанда 6,0
1 тоннадан жоғары - 1,5 тоннаны қоса 9,0
1,5 тоннадан жоғары - 5 тоннаны қоса 12,0
5 тоннадан жоғары 15,0
3. Шынжыр табанды машиналар мен
механизмдердi қоспағанда, өздiгiнен жүретiн
машиналар мен пневматикалық жүрiстегi механизмдер 3,0
4. Автобустар:
12 отыратын орынға дейiн қоса алғанда 90,
12-ден жоғары - 25 отыратын орынды қоса 14,0
25 отыратын орыннан жоғары 20,0
5. Мотоциклдер, мотороллерлер, мотошаналар, көлемi
шағын кемелер (двигателiнiң қуаты 55 кВт-тан артық
емес) 1,0
Мотоциклдер (двигателiнiң қуаты 55 кВт-тан жоғары) 10,0
6. Катерлер, кемелер, буксирлер, баржалар,
яхталар (двигательдiң қуаты мынадай ат күшiне тең):
160-қа дейiн қоса алғанда 6,0
160-тан жоғары 500-ді қоса 18,0
500-ден жоғары 1000-ды қоса 32,0
1000-нан жоғары 55,0
7. Ұшу аппараттары әрбір киловатт қуаттан
айлық есептiк көрсеткiштiң
4,0 процентi
________________________________________________________________
2. Жеңіл автомобильдердің жеті айлық есептік көрсеткіш ставкасы бойынша салық салынатын двигателінің көлемі 1500-ден жоғары - 2000 текше сантиметрді қоса, он екi айлық есептік көрсеткіш ставкасы бойынша салық салынатын 2000-нан жоғары - 2500 текше сантиметрді қоса, он жеті айлық есептік көрсеткіш ставкасы бойынша салық салынатын 2500-ден жоғары - 3000 текше сантиметрді қоса және жиырма екі айлық есептік көрсеткiш ставкасы бойынша салық салынатын двигателiнiң көлемi 3000-нан жоғары - 4000 текше сантиметрдi қоса алған көлемде болған кезде салық сомасы двигательдiң аталған көлемiнен асқан әрбiр бiрлiк үшiн 7 теңгеге ұлғайтылады.
3. Егер осы тармақпен өзгеше белгiленбесе, салық төлеудiң белгiленген мерзiмi аяқталғанға дейiн пайдаланылу мерзiмi алты жылдан асқан жеңiл автокөлiк құралдары бойынша мынадай түзету коэффициенттерi қолданылады:
ТМД елдерiнде шығарылған автокөлiк құралдары үшiн:
6 жылдан - 15 жылға дейiн қоса алғанда - 0,3;
15 жылдан жоғары - 25 жылды қоса - 0,2;
25 жылдан жоғары - 0,1;
двигатель көлемi мынадай басқа автокөлiк құралдары үшiн:
3000 текше сантиметрге дейiн қоса алғанда - 0,5;
3000-нан жоғары - 4000 текше сантиметрдi қоса - 0,7;
4000-нан жоғары - 1,0.
Пайдаланылу мерзiмi жиырма жылдан асқан ТМД елдерi шығаратын жеңiл автомобильдер мен мотоциклдер бойынша жеке тұлғалар үшiн түзету коэффициентi - 0.
4. Белгiленген салық төлеу мерзiмi аяқталғанға дейiн пайдаланылу мерзiмi жетi жылдан асқан ТМД елдерiнде шығарылған жүк таситын, арнаулы автокөлiк құралдары бойынша мынадай түзету коэффициенттерi қолданылады:
7 жылдан - 14 жылға дейiн қоса алғанда - 0,5;
14 жылдан жоғары - 20 жылды қоса - 0,3;
20 жылдан жоғары - 0,1.
5. Пайдаланылу мерзiмiне байланысты ұшу аппараттарының салық ставкаларына мынадай түзету коэффициенттерi қолданылады:
1999 жылғы 1 сәуiрден кейiн Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерден сатып алынған ұшу аппараттарына:
пайдаланылу мерзiмi 5 жылға дейiн қоса алғанда - 1,0;
пайдаланылу мерзiмi 5 жылдан жоғары - 15 жылды қоса - 2,0;
пайдаланылу мерзiмi 15 жылдан жоғары - 3,0;
1999 жылғы 1 сәуiрге дейiн сатып алынған, сондай-ақ 1999 жылғы 1 сәуiрден кейiн алынған және Қазақстан Республикасында 1999 жылғы 1 cәуipгe дейiн пайдалануда болған ұшу аппараттарына:
пайдаланылу мерзiмi 5 жылға дейiн қоса алғанда - 1,0;
пайдаланылу мерзiмi 5 жылдан жоғары - 15 жылды қоса - 0,5;
пайдаланылу мерзiмi 15 жылдан жоғары - 0,3.
6. Көлiк құралының пайдаланылу мерзiмi көлiк құралдарының паспортында (әуе кемесiн ұшуда пайдалану жөніндегі нұсқамада) көрсетiлген көлiк құралы шығарылған жыл негiзге алына отырып есептеледi.
7. Осы баптың 1-тармағындағы кестенiң 6-тармағында көрсетiлген көлiк құралдарының пайдаланылу мерзiмiне қарай салық ставкаларына мынадай түзету коэффициенттерi қолданылады:
5 жылға дейiн қоса алғанда - 1,0;
5 жылдан жоғары - 10 жылды қоса алғанда - 0,5;
10 жылдан жоғары - 20 жылды қоса алғанда - 0,3;
20 жылдан жоғары - 30 жылды қоса алғанда - 0,2;
30 жылдан жоғары - 0,1.
347-бап Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 23 қарашадағы № 358-ІІ Заңымен енгiзiлген өзгерістер және толықтырумен; Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 4 шiлдедегi № 475-ІІ Заңымен енгiзiлген өзгерiспен; Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 29 қарашадағы № 500-ІІ Заңымен енгiзiлген толықтырулармен.
59-тарау
Салықты есептеу тәртібі және төлеу мерзімдері
348-бап. Салықты есептеу тәртібі
1. Салық төлеушiлер салық салу объектілерін, әрбiр көлiк құралы бойынша салық ставкасын және түзету коэффициенттерiн негiзге ала отырып, салық кезеңi үшiн салық сомасын дербес есептейдi.
Көлiк құралы меншiк құқығында, шаруашылық жүргiзу құқығында немесе оралымды басқару құқығында салық кезеңiнен аз уақыт болған жағдайда салық сомасы көлiк құралы меншiк құқығында, шаруашылық жүргiзу құқығында немесе оралымды басқару құқығында болған кезең үшiн салықтың жылдық сомасын 12-гe бөлiп, оны көлiк құралы меншiк құқығында, шаруашылық жүргiзу құқығында немесе оралымды басқару құқығында iс жүзiнде болған айлардың санына көбейту арқылы есептеледi.
2. Салық кезеңi iшiнде жеке кәсiпкерлер, жеке нотариустар, адвокаттар өз қызметiнде пайдаланатын салық салу объектілеріне меншiк құқығын, сондай-ақ заңды тұлғалар салық салу объектілеріне меншiк құқығын, шаруашылық жүргiзу немесе оралымды басқару құқығын берген кезде, егер осы бапта өзгеше көзделмесе, салық сомасы мынадай тәртiппен есептеледi:
1) беретiн тарап үшiн:
салық кезеңiнiң басында қолда бар көлiк құралдары бойынша салық сомасы салық кезеңiнiң басынан бастап көлiк құралына меншiк құқығын, шаруашылық жүргiзу құқығын немесе оралымды басқару құқығын берген айдың бiрiншi күнiне дейiнгi кезең үшiн есептеледi;
салық кезеңiнiң iшiнде сатып алынған көлiк құралдары бойынша салық сомасы көлiк құралына меншiк құқығын, шаруашылық жүргiзу құқығын немесе оралымды басқару құқығын алған айдың бiрiншi күнiнен бастап көлiк құралына меншiк құқығын, шаруашылық жүргiзу құқығын немесе оралымды басқару құқығын берген айдың бiрiншi күнiне дейiнгi кезең үшiн есептеледi;
2) алушы тарап үшiн - салық сомасы көлiк құралына меншiк құқығын, шаруашылық жүргiзу құқығын немесе оралымды басқару құқығын алған айдың бiрiншi күнiнен бастап, салық кезеңiнiң соңына дейiн немесе алушы тарап одан кейiн аталған көлiк құралына меншiк құқығын, шаруашылық жүргiзу құқығын немесе оралымды басқару құқығын берген айдың бiрiншi күнiне дейiнгi кезеңге есептеледi.
3. Салық кезеңi iшiнде жеке кәсiпкерлер, жеке нотариустар, адвокаттар болып табылмайтын жеке тұлғалар салық салу объектілеріне меншiк құқығын берген кезде салық сомасы мынадай тәртiппен есептеледi:
1) көлiк құралына меншiк құқығын жеке кәсiпкерлер, жеке нотариустар, адвокаттар болып табылмайтын жеке тұлғаларға берген кезде жылдық салық сомасын тараптардың бipeуi (келісім бойынша) есептеп, бюджетке енгiзедi;
2) көлiк құралына меншiк құқығын жеке кәсiпкерлерге, жеке нотариустарға, адвокаттарға, заңды тұлғаларға берген кезде бюджетке төленуге тиiстi салық сомасын есептеу осы баптың 2-тармағында белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.
4. Алу кезiнде Қазақстан Республикасында есепте тұрмаған көлiк құралын сатып алған кезде салық сомасы көлiк құралына меншiк құқығы, шаруашылық жүргізу құқығы немесе оралымды басқару құқығы туындаған айдың 1 күнiнен бастап салық кезеңiнiң соңына дейiнгi кезең үшiн есептеледi.
348-бап Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 4 шiлдедегi № 475-ІІ Заңының редакциясында; Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 29 қарашадағы № 500-ІІ Заңымен енгiзiлген толықтырумен.
348-1-бап. Салық төлеу мерзiмдерi
1. Егер меншiк құқығында, шаруашылық жүргiзу құқығында немесе оралымды басқару құқығында 1 шiлдеге дейiн болған көлiк құралдары бойынша осы бапта өзгеше белгiленбесе, бюджетке салық төлеу салық салу объектілерінiң тiркелген жерi бойынша, ағымдағы төлемдердi енгізу арқылы салық кезеңiнiң 5 шiлдесiнен кешiктiрiлмей жүргiзiледi.
2. Осы Кодекстiң 348-бабының 4-тармағында көрсетiлген көлiк құралына меншiк құқығын, шаруашылық жүргiзу құқығын немесе оралымды басқару құқығын салық кезеңiнiң 1 шiлдесiнен кейiн алған жағдайда, бюджетке салық төлеу көлiк құралын мемлекеттік тiркеуге дейiн немесе тiркеу кезiнде жүргiзiледi.
3. Алу кезiнде Қазақстан Республикасында есепте тұрған көлiк құралына меншiк құқығын, шаруашылық жүргiзу құқығын немесе оралымды басқару құқығын 1 шiлдеден кейiн алған жағдайда жеке кәсiпкерлер, жеке нотариустар, адвокаттар, заңды тұлғалар салық кезеңi үшiн декларацияны табыс ету мерзiмi басталғаннан кейiнгi он жұмыс күнiнен кешiктiрiлмейтiн мерзiмде көрсетiлген көлiк құралдары бойынша салық төлеудi жүргiзедi.
4. Бюджетпен есеп айырысуды ауыл шаруашылығы өнiмдерiн өндiрушiлерге арналған арнаулы салық режимiнде жүргiзетiн заңды тұлғалардың көлiк құралдарына салық төлеуi осы Кодекстiң 389-бабында белгiленген мерзiмдерде жүзеге асырылады.
5. Көлiк құралының меншiк иесi атынан меншiктi сенімгерлiк басқару құқығымен көлiк құралын иеленушi тұлғаның көлiк құралдарына салық төлеуi көлiк құралы меншiк иесiнiң осы салық кезеңi үшiн салық мiндеттемесiн орындауы болып табылады.
348-1-бап Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 4 шiлдедегi № 475-ІІ Заңымен енгiзiлдi; Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 29 қарашадағы № 500 -ІІ Заңымен енгiзiлген өзгерiс және толықтырумен.
60-тарау
Салық кезеңі және салық декларациясы
349-бап. Салық кезеңi
Көлiк құралдары салығын есептеу мен төлеу үшiн салық кезеңi осы Кодекстiң 136-бабына сәйкес белгiленедi.
350-бап. Салық есептілігi
Төлеушi - заңды тұлғалар (бюджетпен есеп айырысуды ауыл шаруашылығы өнiмдерiн өндiрушiлерге арналған арнаулы салық режимiнде жүзеге асыратын заңды тұлғаларды қоспағанда) көлiк құралдары салығы бойынша ағымдағы төлемдер есебiн ағымдағы салық кезеңiнiң 5 шiлдесiнен кешiктiрiлмейтiн мерзiмде, сондай-ақ декларацияны есептi жылдан кейiнгi жылдың 31 наурызынан кешiктiрiлмейтiн мерзiмде салық салу объектілерінiң тiркелген жерi бойынша салық органдарына табыс етедi.
350-бап Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 4 шiлдедегi № 475-ІІ Заңының редакциясында, Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 29 қарашадағы № 500-ІІ Заңымен енгiзiлген өзгерiспен; Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 13 желтоқсандағы № 11-ІІІ Заңымен енгiзiлген өзгерістермен.
14-бөлім
Мүлік салығы
61-тарау
Заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерге салынатын мүлік салығы
351-бап. Салық төлеушiлер
1. Мыналар мүлiк салығын төлеушiлер болып табылады:
1) Қазақстан Республикасының аумағында меншiк, шаруашылық жүргiзу немесе оралымды басқару құқығында салық салу объектiсi бар заңды тұлғалар;
2) Қазақстан Республикасының аумағында меншiк құқығында салық салу объектiсi бар жеке кәсiпкерлер.
2. Заңды тұлғаның шешiмi бойынша оның құрылымдық бөлiмшелерi салық төлеушiлер ретiнде қарастырылады.
Қазақстан Республикасының резидентi емес заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан салық салу объектiлерi бойынша салық төлеушiлер болып табылады.
3. Осы баптың 2-тармағында аталған салық төлеушiлер мүлiкке салынатын салықты осы тарауда заңды тұлғалар үшiн белгiленген тәртiппен есептейдi және төлейдi.
4. Мыналар мүлiкке салынатын салықты төлеушiлер болып табылмайды:
1) Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейтiн қажеттілік нормативтерi шегiнде салық салу объектiлерi бойынша бiрыңғай жер салығын төлеушiлер.
Салық салу объектiлерi бойынша бiрыңғай жер салығын белгiленген қажеттілік нормативтерiнен артық төлеушiлер мүлiкке салынатын салықты осы бөлiмде белгiленген тәртiппен төлейдi;
2) салық салу осы Кодекстiң 283-бабында белгiленген салық режимiнiң екiншi үлгiсi бойынша жүзеге асырылатын жер қойнауын пайдаланушылар;
3) мемлекеттік мекемелер;
4) Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 29 қарашадағы № 500-ІІ Заңымен алынып тасталды;
5) уәкiлеттi органның қылмыстық жазаларды атқару саласындағы түзеу мекемелерiнiң мемлекеттік кәсiпорындары;
6) дiни бiрлестiктер.
Осы тармақтың 5) тармақшаларында аталған заңды тұлғалар пайдалануға немесе жалға берiлген салық салу объектiлерi бойынша салық төлеуден босатылмайды.
351-бап Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 23 қарашадағы № 358-ІІ Заңымен енгiзiлген өзгерiспен; Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 29 қарашадағы № 500-ІІ Заңымен енгiзiлген өзгерістермен.
352-бап. Жекелеген жағдайларда салық төлеушiнi анықтау
1. Меншiк иесi салық салу объектілерін сенімгерлiк басқаруға немесе жалға берген кезде меншiк иесiмен келісім бойынша салық төлеушi сенімгер басқарушы немесе жалға алушы болуы мүмкiн.
Бұл ретте сенімгер басқарушының немесе жалға алушының салық төлеуi салық салу объектiлерi меншiк иесiнiң есептi кезең үшiн салық мiндеттемесiн орындауы болып табылады.
2. Егер салық салу объектiсi пайлық инвестициялық қор активтерiнiң құрамына кiретiн салық салу объектілерін қоспағанда, бiрнеше тұлғаның ортақ үлестiк меншiгiнде болса, осы тұлғалардың әрқайсысы салық төлеушi деп танылады.
3. Бiрлескен ортақ меншiктегi салық салу объектiлерi бойынша осы салық салу объектілерінің меншiк иелерiнің бiрi олардың арасындағы келісім бойынша салық төлеушi бола алады.
4. Қаржылық лизингке берiлген объектiлер бойынша лизинг алушы салық төлеушi болып табылады.
5. Пайлық инвестициялық қор активтерiнiң құрамына кiретiн салық салу объектiлерi бойынша пайлық инвестициялық қордың басқарушы компаниясы салық төлеушi болып табылады.