58-бап Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 21 желтоқсандағы № 363-II Заңымен енгiзiлген өзгерістер және толықтырумен.
59-бап. Қылмыстардың қайталануы жағдайында жаза тағайындау
1. Қылмыстардың қайталануы, қауiптi қайталануы және аса қауiптi қайталануы жағдайында жаза тағайындау кезiнде бұрын жасалған қылмыстардың саны, сипаты және қоғамдық қауiптілік дәрежесi, оның алдындағы жазаның түзетушiлiк ықпалының жеткiлiксiздiгiне себеп болған мән-жай, сондай-ақ жаңадан жасалған қылмыстың сипаты мен қоғамдық қауiптілік дәрежесi ескерiледi.
2. Қылмыстардың қайталануы жағдайында жасалған қылмыс үшiн жазаның мерзiмi мен мөлшерi жасалған қылмыс үшiн көзделген ең қатаң жаза түрiнiң ең жоғары мерзiмi мен мөлшерiнiң үштен бiрiнен төмен, ал қылмыстардың қауiптi қайталануы жағдайында - жартысынан төмен, ал қылмыстардың аса қауiптi қайталануы жағдайында - үштен екiсiнен төмен болмауы керек.
3. Егер осы Кодекстiң Ерекше бөлiмiнiң бабында (бабының бөлiгiнде) айқындаушы белгi ретiнде қылмыс жасаған адамның соттылығына сiлтеме болса, сондай-ақ осы Кодекстiң 55-бабында көзделген ерекше мән-жайлар болған кезде қылмыстың қайталануы, қауiптi қайталануы немесе аса қауiптi қайталануы кезiнде жаза осы баптың екiншi бөлiгiнде көзделген ережелердi ескермей тағайындалады.
59-бап Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 21 желтоқсандағы № 363-II Заңымен енгiзiлген өзгерiспен.
60-бап. Үкiмдердiң жиынтығы бойынша жаза тағайындау
1. Егер сотталған адам үкiм шығарылғаннан кейiн, бiрақ жазаны толық өтегенге дейiн жаңадан қылмыс жасаса, сот соңғы үкiм бойынша сот тағайындаған жазаға соттың алдыңғы үкімі бойынша жазаның өтелмеген бөлiгiн толық немесе iшiнара қосады.
2. Үкiмдердiң жиынтығы бойынша түпкiлiктi жаза, егер ол бас бостандығынан айырумен байланысты болмаса, осы Кодекстiң Жалпы бөлiміндегі осы жазалау түрi үшiн көзделген жазалардың ең жоғары мерзiмiнен немесе мөлшерiнен аспауы керек.
3. Үкiмдердiң жиынтығы бойынша бас бостандығынан айыру түріндегі түпкiлiктi жаза жиырма бес жылдан аспауы керек. Егер адам үкiмдердiң жиынтығында осы Кодекстiң 58-бабының төртiншi бөлiгiнде аталған қылмыстардың бiреуiн болса да жасаған деп танылған үкiм қамтылатын болса, бас бостандығынан айыру түріндегі үкiмдер жиынтығы бойынша түпкiлiктi жаза отыз жылдан аспауы керек.
4. Үкiмдердiң жиынтығы бойынша түпкiлiктi жаза қайта жасалған қылмыс үшiн тағайындалған жазадан да, соттың оның алдындағы үкімі бойынша тағайындалған жазаның өтелмеген бөлiгiнен де артық болуы тиiс.
5. Үкiмдердiң жиынтығы бойынша жаза тағайындау кезiнде жазалардың қосымша түрлерiн қосу осы Кодекстiң 58-бабында көзделген ережелер бойынша жүргiзiледi.
61-бап. Мерзiмдердi қосу кезiнде оларды белгiлеу тәртібі
1. Қылмыстардың жиынтығы және үкiмдердiң жиынтығы бойынша жазаларды iшiнара немесе толық қосу кезiнде бас бостандығынан айырудың бiр күнiне:
а) қамаудың немесе тәртiптiк әскери бөлiмде ұстаудың бiр күнi;
б) бас бостандығын шектеудiң екi күнi;
в) түзеу жұмыстарының немесе әскери қызмет бойынша шектеудiң үш күнi;
г) қоғамдық жұмыстарға тартудың төрт сағаты сәйкес келедi.
2. Айыппұл салу белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру, арнаулы, әскери немесе құрметтi атақтан, сыныптық шеннен, дипломатиялық дәрежеден, біліктілік сыныбынан және мемлекеттік наградаларынан айыру, сондай-ақ мүлiктi тәркiлеу оларды бас бостандығын шектеумен, түзеу жұмыстарымен, қамаумен, тәртiптiк әскери бөлiмде ұстаумен, бас бостандығынан айырумен қосқан кезде дербес орындалады.
61-бап Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 5 мамырдағы № 47-II Заңымен енгiзiлген өзгерiспен.
62-бап. Жаза мерзiмдерiн есептеу және жазаны есепке алу
1. Белгiлi бiр лауазымда болу немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айырудың, түзеу жұмыстарының, әскери қызмет бойынша шектеудiң, бас бостандығын шектеудiң, қамаудың, тәртiптiк әскери бөлiмде ұстаудың, бас бостандығынан айырудың мерзiмi айлармен және жылдармен, ал қоғамдық жұмыстарға тартудың мерзiмi сағатпен есептеледi.
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген жазаларды ауыстыру немесе қосу кезiнде, сондай-ақ жазаны есепке алу кезiнде мерзiм күндермен есептелуi мүмкiн.
3. Үкiм заңды күшiне енгенге дейiн қамауда ұстау бас бостандығынан айыру, қамау, тәртiптiк әскери бөлiмде ұстау түріндегі жаза мерзiмiнiң бiр күнiне бiр күн есебiмен, бас бостандығын шектеу түрiнде ұстауға - екi күнге бiр күн, түзеу жұмыстары мен әскери қызмет бойынша шектеуге - үш күнге бiр күн, ал қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жазалау мерзiмiне - қоғамдық жұмыстардың төрт сағаты қамауға ұсталған бiр күн есебiмен есептеледi.
3-1. Үкiм заңды күшiне енгенге дейiн үйде қамауда ұстау уақыты бас бостандығынан айыру, қамау түріндегі жаза мерзiмiнiң бiр күнiне екi күн, бас бостандығын шектеу түрiнде ұстауға - бiр күнге бiр күн, түзеу жұмыстары мен әскери қызмет бойынша шектеуге - екi күнге бiр күн, ал қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жазалау мерзiмiне - қоғамдық жұмыстардың екi сағаты үйде қамауда ұстаудың бiр күнi есебiмен есептеледi.
4. Сот үкімі заңды күшiне енгенге дейiн адамды қамауда ұстау уақыты мен Қазақстан Республикасы шегiнен тыс жерлерде жасалған қылмыс үшiн сот үкімімен тағайындалған бас бостандығынан айыру жазасын өтеу уақыты адам осы Кодекстiң 8-бабының негiзiнде ұстап берiлген жағдайда бiр күнге бiр күн есебiмен есептеледi.
5. Сот қарағанға дейiн қамауда ұсталған сотталушы адамға айыппұл, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру түріндегі жазаны тағайындау кезiнде сот қамауда ұсталған мерзiмдi ескере отырып, тағайындалған жазаны жеңiлдетедi немесе оны осы жазаны өтеуден толық босатады.
6. Қылмыс жасалғаннан кейiн психикалық аурумен науқастанған адамға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары қолданылған уақыт жаза мерзiмiне есептеледi.
62-бап Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 5 мамырдағы № 47-II Заңымен енгiзiлген өзгерiспен; Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 желтоқсандағы № 10-III Заңымен енгiзiлген толықтырумен.
63-бап. Шартты түрде соттау
1. Егер түзеу жұмыстары, әскери қызмет бойынша шектеу, бас бостандығынан айыру немесе тәртiптiк әскери бөлiмде ұстау жазасын тағайындағанда сот сотталған адамның жазаны өтемей түзелуi мүмкiн деген қорытындыға келсе, ол тағайындалған жазаны шартты деп санауға қаулы шығарады.
2. Шартты түрде соттау қолданылған жағдайда сот жасалған қылмыстың сипаты мен қоғамдық қауiптілік дәрежесiн, айыптының жеке басын, соның iшiнде жауаптылық пен жазаны жеңiлдететiн және ауырлататын мән-жайларды ескередi.
3. Шартты түрде соттау тағайындалған кезде сот сотталған адам мiнез-құлқымен өзiнiң түзелгенiн дәлелдеуге тиiс сынақ мерзiмiн белгiлейдi. Сынақ мерзiмi бiр жылдан үш жылға дейiнгi ұзақтықта тағайындалады.
4. Шартты түрде соттау кезiнде жазаның мүлiктi тәркiлеуден басқа қосымша түрлерi қолданылуы мүмкiн.
5. Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 21 желтоқсандағы № 363-II Заңымен алынып тасталды.
6. Шартты түрде сотталған адамның мiнез-құлқын бақылауды оған уәкiлдiк берiлген мамандандырылған мемлекеттік орган, ал әскери қызметшiлер жөнiнде әскери бөлiмдер мен мекемелердiң командованиесi жүзеге асырады.
7. Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 21 желтоқсандағы № 363-II Заңымен алынып тасталды.
63-бап Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 21 желтоқсандағы № 363-II Заңымен енгiзiлген өзгерістермен.
64-бап. Шартты түрде соттаудың күшiн жою немесе сынақ мерзiмiн ұзарту
1. Егер шартты түрде сотталушы сынақ мерзiмi өткенге дейiн өзiнiң түзелгенiн дәлелдесе, шартты түрде сотталушының мiнез-құлқына бақылау жасауды жүзеге асыратын органның ұсынысы бойынша сот шартты түрде сотталудың күшiн жою және сотталған адамнан соттылықты алып тастау туралы қаулы ете алады. Бұл орайда шартты түрде сотталудың белгiленген сынақ мерзiмiнiң кем дегенде жартысы өткен соң күшi жойылуы мүмкiн.
2. Егер шартты түрде сотталған адам сол үшiн өзiне әкiмшiлiк жаза салынған қоғамдық тәртiптi бұзса, сот осы баптың бiрiншi бөлiгiнде аталған органның ұсынысы бойынша сынақ мерзiмiн ұзарта алады, бiрақ ол бiр жылдан аспауы керек.
3. Шартты түрде сотталған адам сынақ мерзiмi iшiнде қоғамдық тәртiптi үнемi және қасақана бұзған жағдайда, не шартты түрде сотталған адам бақылаудан жасырынса, сот осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген органның ұсынысы бойынша шартты түрде соттаудың күшiн жою және сот үкімімен тағайындалған жазаны орындау туралы қаулы етедi.
4. Шартты түрде сотталған адам сынақ мерзiмi iшiнде абайсызда қылмыс жасаған не кiшiгiрiм ауырлықты қасақана қылмыс жасаған жағдайда шартты түрде соттаудың күшiн жою немесе оны сақтау туралы мәселенi сот жаңа қылмыс үшiн жаза тағайындалған кезде шешедi.
5. Шартты түрде сотталған адам сынақ мерзiмi iшiнде орташа ауырлықтағы қасақана қылмыс, ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасаған жағдайда сот шартты түрде сотталудың күшiн жойып, оған осы Кодекстiң 60-бабында көзделген ережелер бойынша жаза тағайындайды. Осы баптың төртiншi бөлiгiнде көзделген жағдайларда да жаза осы ережелер бойынша тағайындалады.
64-бап Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 21 желтоқсандағы № 363-II Заңымен енгiзiлген өзгерістермен; Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 желтоқсандағы № 10-III Заңымен енгiзiлген толықтырумен.
V бөлiм
ҚЫЛМЫСТЫҚ ЖАУАПТЫЛЫҚТАН ЖӘНЕ
ЖАЗАЛАУДАН БОСАТУ
65-бап. Шын өкiнуiне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату
1. Бiрiншi рет кiшiгiрiм немесе орташа ауырлықтағы қылмыс жасаған адам, егер ол қылмыс жасағаннан кейiн айыбын мойындап өз еркiмен келсе немесе қылмысты ашуға жәрдемдессе, немесе қылмыс келтiрген зиянды өзгеше түрде қалпына келтiрсе, қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкiн.
2. Жеке адамға қарсы ауыр немесе аса ауыр қылмысты қоспағанда, қылмыс жасаған адам, егер ол ұйымдасқан топ немесе қылмысты сыбайластық (қылмысты ұйым) жасаған қылмыстарда болғызбауға, ашуға немесе тергеуге, ұйымдасқан топ немесе қылмысты сыбайластық (қылмысты ұйым) жасаған қылмысқа басқа да қатысушыларды анықтауға белсендi түрде жәрдемдессе, қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкiн.
3. Осы баптың бiрiншi және екiншi бөлiгiнде көзделген жағдайлар болған кезде басқа санаттағы қылмыс жасаған адам тек осы Кодекстiң Ерекше бөлiмiнiң тиiстi баптарында арнайы көзделген реттерде ғана қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкiн.
65-бап Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 5 мамырдағы № 47-II Заңымен енгiзiлген өзгерiспен.
66-бап. Қажеттi қорғану шегiнен асқан кезде қылмыстық жауаптылықтан босату
Қоғамдық қауiптi қылмыстан болған үрейлену, қорқу немесе сасқалақтау салдарынан қажеттi қорғану шегiнен асқан адамды сот iстiң мән-жайын ескере отырып, қылмыстық жауаптылықтан босатуы мүмкiн.
67-бап. Жәбiрленушiмен татуласуына байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату
1. Ауыр емес қылмыс жасаған немесе адамның қайтыс болуымен немесе оның денсаулығына ауыр зиян келтiрумен байланысты емес орташа ауыр қылмысты бiрiншi рет жасаған адам, егер ол жәбiрленушiмен татуласса және келтiрiлген зиянның есесiн толтырса, қылмыстық жауаптылықтан босатуға жатады.
2. Орташа ауыр қылмыс жасаған адам, егер ол жәбiрленушiмен татуласса және жәбiрленушiге келтiрiлген зиянның есесiн толтырса, қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкiн.
67-бап Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 21 желтоқсандағы № 363-II Заңының редакциясында.
68-бап. Жағдайдың өзгеруiне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату
1. Қылмыс белгiлерi бар әрекет жасаған адамды, егер iстi сот қараған кезде жағдайдың өзгеруi салдарынан ол жасаған әрекет қоғамға қауiптi емес деп танылса, сот қылмыстық жауаптылықтан босатуы мүмкiн.
2. Бiрiншi рет кiшiгiрiм немесе орташа ауырлықтағы қылмыс жасаған адамды, егер ол адамның содан кейiнгi мүлтiксiз мiнез-құлқына байланысты iс сотта қаралған уақытта ол қоғамға қауiптi деп есептеле алмайтындығы белгiленсе, сот қылмыстық жауаптылықтан босатуы мүмкiн.
69-бап. Ескіру мерзiмiнiң өтуiне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату
1. Егер қылмыс жасалған күннен бастап мынадай мерзiмдер өтсе, адам қылмыстық жауаптылықтан босатылады:
а) кiшiгiрiм қылмыс жасағаннан кейiн екi жыл;
б) орташа ауырлықтағы қылмыс жасағаннан кейiн бес жыл;
в) ауыр қылмыс жасағаннан кейiн он жыл;
г) аса ауыр қылмыс жасағаннан кейiн он бес жыл.
2. Ескіру мерзiмi қылмыс жасаған күннен бастап және сот үкімі заңды күшiне енген кезге дейiн есептеледi.
3. Егер қылмыс жасаған адам тергеуден немесе соттан жалтарса, ескіру мерзiмiнiң өтуi тоқтатылады. Бұл ретте ескіру мерзiмiнiң өтуi адамның ұсталған немесе оның айыбын мойындап келген кезiнен бастап жаңартылады. Бұл орайда, егер қылмыс жасаған уақыттан берi жиырма бес жыл өтсе және ескіру тоқтатылмаса, адам қылмыстық жауапқа тартылмауы керек.
4. Егер ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасаған адам осы баптың бiрiншi бөлiгiнде аталған мерзiм өткенге дейiн жаңадан қасақана қылмыс жасаса, ескіру мерзiмi тоқтатылады. Мұндай реттерде ескіру мерзiмi жаңа қылмыс жасаған күннен қайта басталады. Ескіру мерзiмi өткенге дейiн адам тағы да қылмыс жасаған өзге реттерде әрбiр қылмыс бойынша ескіру мерзiмi дербес өтедi.
5. Жасаған қылмысы үшiн осы Кодекс бойынша өлiм жазасы тағайындалуы мүмкiн адамға ескіру мерзiмiн қолдану туралы мәселенi сот шешедi. Егер ескіру мерзiмiнiң бiтуiне байланысты сот адамды қылмыстық жауаптылықтан босату мүмкiн деп таппаса, өлiм жазасын тағайындауға болмайды. Бұл ретте сот жиырма бес жылға дейiн мерзiмге бас бостандығынан айыруды немесе өмiр бойы бас бостандығынан айыруды тағайындайды.
6. Бейбiтшiлiк пен адамзаттың қауiпсiздiгiне қарсы қылмыс жасаған адамдарға ескіру мерзiмi қолданылмайды.
70-бап. Жазаны өтеуден мерзiмiнен бұрын-шартты түрде босату
1. Егер сот түзеу жұмыстарын, әскери қызмет бойынша шектеу, бас бостандығын шектеу, тәртiптiк әскери бөлiмде ұстау немесе бас бостандығынан айыру жазасын өтеп жүрген адам өзiнiң түзелуi үшiн сот тағайындаған жазаны толық өтеудi қажет етпейдi деп таныса, ол мерзiмiнен бұрын-шартты түрде босатылуы мүмкiн. Бұл орайда адам қосымша жаза түрiн өтеуден толық немесе iшiнара босатылуы мүмкiн.
2. Сот мерзiмiнен бұрын-шартты түрде босатуды қолдана отырып, сотталған адамға осы Кодекстiң 45-бабының бiрiншi бөлiгiнде көзделген мiндеттердi жүктеуi мүмкiн, ол бұларды жазаның өтелмей қалған бөлiгi iшiнде орындауға тиiс.
3. Жазадан шартты түрде-мерзiмiнен бұрын босату сотталған адам:
а) кiшiгiрiм және орташа ауырлықтағы қылмысы үшiн тағайындалған жаза мерзiмiнiң кемiнде үштен бiрiн;
б) ауыр қылмысы үшiн тағайындалған жаза мерзiмiнiң кемiнде жартысын;
в) аса ауыр қылмысы үшiн тағайындалған жаза мерзiмiнiң кемiнде үштен екiсiн, сондай-ақ бұрын жазадан мерзiмiнен бұрын-шартты түрде босатылған адамға, егер мерзiмiнен бұрын-шартты түрде босату осы баптың жетiншi бөлiгiнде көзделген негiздер бойынша жойылған болса, тағайындалған жаза мерзiмiнiң кемiнде үштен eкiciн нақты өтегеннен кейiн қолданылуы мүмкiн.
4. Бас бостандығынан айыруға сотталушының нақты өтеу мерзiмi алты айдан кем болмауы керек.
5. Сот тағайындаған өмiр бойы бас бостандығынан айыру жазасын өтеп жүрген адам, егер сот ол бұл жазаны одан әрi өтеудi қажет етпейдi деп таныса және кемiнде жиырма бес жыл бас бостандығынан айыруды iс жүзiнде өтесе, мерзiмiнен бұрын-шартты түрде босатылуы мүмкiн.
6. Мерзiмiнен бұрын-шартты түрде босатылған адамның мiнез-құлқына бақылау жасауды оған босатылған адамның тұрғылықты жерi бойынша - мамандандырылған уәкiлеттi мемлекеттік орган, ал әскери қызметшiлер жөнiнде - әскери бөлiмдер мен мекемелердiң командованиесi жүзеге асырады.
7. Мерзiмiнен бұрын-шартты түрде босату қолданылған адам, егер жазаның қалған өтелмеген бөлiгi iшiнде:
а) өзiне әкiмшiлiк жазасы салынған қоғамдық тәртiптi бұзса немесе оған мерзiмiнен бұрын-шартты түрде босатуды қолдану кезiнде сот жүктеген мiндеттердi орындаудан әдейi жалтарса, сот осы баптың алтыншы бөлiгiнде аталған органдардың ұсынуы бойынша мерзiмiнен бұрын-шартты түрде босатудың күшiн жою және жазаның өтелмей қалған бөлiгiн орындау туралы қаулы ете алады;
б) қылмыс абайсызда жасалса, жаңа қылмысқа жаза тағайындау кезiнде мерзiмiнен бұрын-шартты түрде босатудың күшiн жою немесе оны сақтау туралы мәселенi сот шешедi;
в) қылмыс қасақана жасалса, сот оған осы Кодекстiң 60-бабында көзделген ережелер бойынша жаза тағайындайды. Егер сот мерзiмiнен бұрын-шартты түрде босатудың күшiн жойса, абайсызда қылмыс жасаған жағдайда да жаза осы ережелер бойынша тағайындалады.
8. Өлiм жазасы түріндегі жаза кешiрiм жасау тәртібі бойынша бас бостандығынан айырумен ауыстырылған адамға мерзiмiнен бұрын-шартты түрде босату қолданылмайды.
70-бап Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 21 желтоқсандағы № 363-II Заңымен енгiзiлген өзгерістер және толықтырумен.
71-бап. Жазаның өтелмеген бөлiгiн неғұрлым жеңiл жаза түрiмен ауыстыру
1. Кiшiгiрiм, орташа ауыр және ауыр қылмыс үшiн бас бостандығынан айыру жазасын өтеп жүрген адамға сот оның жазасын өтеу кезіндегі мiнез-құлқын ескере отырып, жазаның өтелмей қалған бөлiгiн оның жеңiл түрiмен ауыстыра алады. Бұл орайда адам жазаның қосымша түрiн өтеуден толық немесе iшiнара босатылуы мүмкiн.
2. Жазаның өтелмеген бөлiгi, сотталған адам ауыр емес және орташа ауыр қылмыс жасағаны үшiн жаза мерзiмiнiң кем дегенде үштен бiр бөлiгiн, ауыр қылмысы үшiн немесе бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеуден шартты түрде мерзiмiнен ерте босатылған және жазаның өтелмей қалған бөлiгi кезеңiнде жаңа қылмыс жасаған адам жаза мерзiмiнiң жартысын нақты өтегеннен кейiн жазаның неғұрлым жеңiл түрiмен ауыстырылуы мүмкiн.
3. Жазаның өтелмеген бөлiгiн ауыстыру кезiнде сот осы Кодекстiң 39-бабында аталған жаза түрлерiне сәйкес, осы Кодексте әрбiр жаза түрi үшiн көзделген шекте жазаның кез келген неғұрлым жеңiл түрiн таңдап алуы мүмкiн.
71-бап Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 21 желтоқсандағы № 363-II Заңымен енгiзiлген өзгерістермен.
72-бап. Жүктi әйелдердiң және жас балалары бар әйелдердiң жазаны өтеуiн кейiнге қалдыру
1. Жеке адамға қарсы ауыр және аса ауыр қылмысы үшiн бес жылдан астам мерзiмге бас бостандығынан айыруға сотталған әйелдердi қоспағанда, сотталған жүктi әйелдердi және он төрт жасқа толмаған баласы бар әйелдердi сот тиiсiнше бiр жылға дейiнгi немесе бала он төрт жасқа толғанға дейiнгi мерзiмге жазасын өтеуден босатуы мүмкiн.
2. Егер осы баптың бiрiншi бөлiгiнде аталған сотталған әйел баладан бас тартса немесе баланы тәрбиелеуден жалтаруды жалғастырса, немесе сотталып, жазасын өтеу кейiнге қалдырылған әйелдi бақылауды жүзеге асыратын орган екi рет жазбаша түрде ескерту жасағаннан кейiн қоғамдық тәртiптi бұзса, сот сол органның ұсынысы бойынша жазаны өтеу мерзiмiн кейiнге қалдыруды тоқтатып, сотталушы әйелдi сот үкіміне сәйкес тағайындалған жерге жазасын өтеуге жiбере алады.
3. Бала он төрт жасқа толғаннан кейiн немесе ол шетiнеген жағдайда не жүктілігi үзiлген жағдайда сот сотталған әйелдiң мiнез-құлқына қарай оны жазаны өтеуден босатуы немесе оны неғұрлым жеңiл жазамен ауыстыруы, немесе сотталған әйелдi жазаны өтеу үшiн тиiстi мекемеге жiберу туралы шешiм қабылдауы мүмкiн.
4. Егер сотталған әйел жазаны өтеуден босату кезеңiнде жаңа қылмыс жасаса, сот оған осы Кодекстiң 60-бабында көзделген ережелер бойынша жаза тағайындайды.
72-бап Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 21 желтоқсандағы № 363-ІІ, 2004 жылғы 9 желтоқсандағы № 10-III Заңдарымен енгiзiлген өзгерістермен.
73-бап. Ауруға шалдығуына байланысты жазадан босату
1. Қылмыс жасағаннан кейiн оның өз iс-әрекетiнiң (әрекетсiздiгiнiң) iс жүзіндегі сипаты мен қоғамдық қауiптілігiн ұғыну не оған ие болу мүмкiндiгiнен айыратын психикасы бұзылу пайда болған адамды сот жазадан босатады, ал жазасын өтеп жүрген адамды сот оны одан әрi өтеуден босатады. Мұндай адамдарға сот осы Кодексте көзделген медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын тағайындауы мүмкiн.
2. Жазаны өтеуге кедергi жасайтын өзге де ауыр науқастан зардап шегушi адамды сот жазаны өтеуден босатуы мүмкiн немесе бұл жаза неғұрлым жеңiл жаза түрiмен ауыстырылуы мүмкiн. Бұл орайда жасалған қылмыстың ауырлығы, сотталған адамның жеке басы, науқасының сипаты және басқа мән-жайлар ескерiледi.
3. Осы баптың бiрiншi және екiншi бөлiктерiнде аталған адамдар, егер осы Кодекстiң 69 және 75-баптарында көзделген ескіру мерзiмi өтпеген болса, олар сауыққан жағдайда қылмыстық жауапқа тартылып жазалануы мүмкiн.
4. Қамауға не тәртiптiк әскери бөлiмде ұстауға сотталған әскери қызметшiлер өздерiн әскери қызметке жарамсыз ететiн науқастануы жағдайында жазадан немесе жазасын одан әрi өтеуден босатылады. Оларға жазаның өтелмеген бөлiгi де неғұрлым жеңiл жаза түрiмен ауыстырылуы мүмкiн.
74-бап. Төтенше мән-жайлардың салдарынан жазадан босату мен жазаны өтеудi кейiнге қалдыру
1. Кiшiгiрiм және орташа ауырлықтағы қылмысы үшiн сотталған адамды, егер жазаны өтеу өрт немесе кездейсоқ апат, отбасының еңбекке жарамды жалғыз мүшесiнiң ауыр науқастануы немесе қайтыс болуы немесе басқа да төтенше мән-жайлардың салдарынан сотталған адам немесе оның отбасы үшiн жазасын өтеуi аса ауыр зардапқа әкелiп соқтыруы мүмкiн болса, сот жазадан босатуы мүмкiн.
2. Ауыр немесе аса ауыр қылмысы үшiн бас бостандығынан айыруға сотталған адамның жазасын өтеуiн сот осы баптың бiрiншi бөлiгiнде аталған негiздер болған жағдайда үш айға дейiн мерзiмге кейiнге қалдыра алады.
75-бап. Айыптау үкімінiң ескіру мерзiмi өтуiне байланысты жазаны өтеуден босату
1. Қылмысы үшiн сотталған адам, егер айыптау үкімі оның заңды күшiне енген күнiнен бастап есептегенде, мынадай мерзiмдерде орындалмаған болса, жазаны өтеуден босатылады:
а) кiшiгiрiм ауырлықтағы қылмысы үшiн сотталғанда - үш жыл;
б) орташа ауырлықтағы қылмысы үшiн сотталғанда - алты жыл;
в) ауыр қылмысы үшiн сотталғанда - он жыл;
г) аса ауыр қылмысы үшiн сотталғанда - он бес жыл.
2. Егер сотталған адам жазаны өтеуден жалтарса, ескіру мерзiмiнiң өтуi тоқтатыла тұрады. Бұл жағдайда ескіру мерзiмiнiң өтуi адам ұсталған немесе айыбын мойындап келген кезден басталады. Сотталған адамның жазаны өтеуден жалтаруы кезiне қарай өткен ескіру мерзiмi есептелуге тиiс. Бұл орайда айыптау үкімі, егер оның шығарылған уақытынан бастап жиырма бес жыл өтсе және ескіру мерзiмi жаңа қылмыс жасау арқылы үзiлмеген болса, орындалмауы керек.
3. Егер адам осы баптың бiрiншi бөлiгiнде аталған мерзiм өткенге дейiн жаңадан қасақана қылмыс жасаса, ескіру мерзiмi үзiледi. Мұндай жағдайда ескіру мерзiмiнiң өтуi жаңадан қылмыс жасаған күннен бастап қайта есептеледi.
4. Өлiм жазасына немесе өмiр бойы бас бостандығынан айыруға сотталған адамға ескіру мерзiмiн қолдану туралы мәселенi сот шешедi. Егер сот ескіру мерзiмiн қолдану мүмкiн деп таппаса, өлiм жазасы өмiр бойы бас бостандығынан айыруға ауыстырылады, ал өмiр бойы бас бостандығынан айыру жиырма бес жыл мерзiмге бас бостандығынан айыруға ауыстырылады. Бейбiтшiлiк пен адамзаттың қауiпсiздiгiне қарсы қылмыс жасағаны үшiн сотталған адамдарға ескіру мерзiмi қолданылмайды.
76-бап. Рақымшылық немесе кешiрiм жасау актiсi негiзiнде қылмыстық жауаптылық пен жазадан босату
1. Рақымшылық жасау туралы актiнi адамдардың жеке айқындалмаған тобы жөнiнде Қазақстан Республикасының Парламентi шығарады.
2. Қылмыс жасаған адамдар рақымшылық жасау туралы актiнiң негiзiнде қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкiн. Қылмыс жасағаны үшiн сотталған адамдар жазадан босатылуы мүмкiн не оларға тағайындалған жаза қысқартылуы немесе жазаның неғұрлым жеңiл түрiмен ауыстырылуы мүмкiн, не мұндай адамдар жазаның қосымша түрiнен босатылуы мүмкiн. Жазасын өтеген немесе оны одан әрi өтеуден босатылған адамдардан рақымшылық жасау туралы актiмен соттылығы алынып тасталуы мүмкiн.
3. Белгiлi бiр жеке адамға ол жөнiнде айыптау үкімі заңды күшiне енген жағдайда кешiрiм жасау туралы актiнi Қазақстан Республикасының Президентi шығарады.
4. Қылмыс жасағаны үшiн сотталған адам кешiрiм жасау кезiнде жазаны одан әрi өтеуден босатылуы мүмкiн не оған тағайындалған жаза қысқартылуы немесе жазаның неғұрлым жеңiл түрiмен ауыстырылуы мүмкiн. Жазасын өтеген адамнан кешiрiм жасау актiсiмен соттылығы алынып тасталуы мүмкiн.
77-бап. Соттылық
1. Қылмыс жасағаны үшiн сотталған адам соттың айыптау үкімі заңды күшiне енген күннен бастап соттылықты жою немесе алып тастау кезiне дейiн сотты болған деп есептеледi. Осы Кодекске сәйкес соттылық қылмыстың әлденеше рет қайталануы, қылмысты қайталау кезiнде және жаза тағайындау кезiнде ескерiледi.