Ескертулер.
1. Осы Кодекстiң 176-бабы үшінші бөлігінің г) тармағында, 193-бабының үшiншi бөлiгiнiң а) тармағында, 209-бабының үшінші бөлігінiң а) тармағында, 307-бабында, 308-бабының төртiншi бөлiгiнiң в) тармағында, 310-315-баптарында, 380-бабында көзделген қылмыстар сыбайлас жемқорлық қылмыстар деп танылады.
2. Осы Кодекстiң 164, 168-171, 233-3, 236-баптарында, 337-бабының екiншi және үшінші бөлiктерiнде, 337-1-бабында көзделген қылмыстар экстремизмнің белгiлерi бар қылмыстар деп танылады.
41-бап Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 25 қыркүйектегi № 484-II Заңымен енгiзiлген өзгерiс және толықтырумен; Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 8 шілдедегі № 67-ІІІ Заңымен енгізілген өзгеріспен.
42-бап. Қоғамдық жұмыстарға тарту
1. Қоғамдық жұмыстар сотталған адамның негiзгi жұмыстан немесе оқудан бос уақытта тегiн қоғамдық пайдалы жұмыстарды орындауынан тұрады, олардың түрлерiн жергiлiктi атқарушы органдар немесе жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары белгiлейдi.
2. Қоғамдық жұмыстар алпыс сағаттан екi жүз қырық сағатқа дейiн белгiленедi және күнiне төрт сағаттан аспайтын уақытта өтеледi. Қоғамдық жұмыстардан әдейi жалтарған жағдайда олар осы Кодекстiң тиiсiнше 45 және 46 және 48-баптарында көзделген мерзiмдер шегiнде бас бостандығын шектеумен, қамауға алумен немесе бас бостандығынан айырумен ауыстырылады. Бұл орайда сотталған адамның қоғамдық жұмыстарды өтеген уақытын есептеген кезде, бас бостандығын шектеудiң, қамауға алудың немесе бас бостандығынан айырудың бiр күнi қоғамдық жұмыстардың төрт сағатына есептеледi.
3. Әскери қызметшiлерге, елу бес жастан асқан әйелдер мен алпыс жастан асқан еркектерге, жүктi әйелдерге, үш жасқа дейiнгi балалары бар әйелдерге, бiрiншi немесе екiншi топтағы мүгедектерге қоғамдық жұмысқа тарту тағайындалмайды.
42-бап Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 5 мамырдағы № 47-II Заңымен енгiзiлген өзгерістер және толықтырулармен; Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 21 желтоқсандағы № 363-II Заңымен енгiзiлген өзгерiспен.
43-бап. Түзеу жұмыстары
1. Түзеу жұмыстары екi айдан екi жылға дейiн мерзiмге белгiленедi және сотталған адамның жұмыс орны бойынша өтеледi.
2. Түзеу жұмыстарына сотталған адамның табысынан соттың үкімімен белгiленген мөлшерде, бес проценттен жиырма процентке дейiнгi шекте мемлекеттiң кiрiсiне ұстап қалу жүргiзiледi.
3. Еңбекке жарамсыз деп танылған, тұрақты жұмысы жоқ немесе оқу орнында өндiрiстен қол үзiп оқитын адамдарға түзеу жұмыстарын тағайындауға болмайды. Мұндай адамдарға, егер осы Кодекстiң Ерекше бөлiміндегі тиiстi баптың санкциясымен айыппұл түрiнде жаза көзделмеген болса, бiр ай түзеу жұмысы үшiн заңмен белгiленген бiр айлық есептi көрсеткiшке тең айыппұл сомасының есебiнен сот түзеу жұмыстарының орнына айыппұл тағайындауы мүмкiн. Егер аталған мән-жайлар жазаны өтеу кезiнде пайда болса, сот түзеу жұмыстарын айыппұл салумен де ауыстыра алады.
4. Түзеу жұмыстарына сотталған адам жазасын өтеуден әдейi жалтарған жағдайда сот түзеу жұмыстарының өтелмеген мерзiмiн нақ сол мерзiмге бас бостандығын шектеу, қамауға алу немесе бас бостандығынан айыру түрiнде жазалауға ауыстыра алады.
44-бап. Әскери қызмет бойынша шектеу
1. Келісім-шарт бойынша әскери қызмет өткерiп жүрген, сотталған әскери қызметшiлерге, сондай-ақ шақыру бойынша әскери қызметiн өтеп жүрген офицерлерге осы Кодекстiң Ерекше бөлiмiнiң тиiстi баптарында көзделген жағдайларда әскери қызметке қарсы қылмыс жасағаны үшiн, сондай-ақ келісім-шарт бойынша әскери қызмет өткерiп жүрген, сотталған әскери қызметшiлерге осы Кодекстiң Ерекше бөлiмiнiң тиiстi баптарында көзделген түзеу жұмысының орнына үш айдан екi жылға дейiнгi мерзiмге әскери қызмет бойынша шектеу тағайындалады.
2. Әскери қызмет бойынша шектеуге сотталған адамның үлес қаражатынан соттың үкімімен белгiленген, бiрақ жиырма проценттен аспайтын мөлшерде мемлекеттiң кiрiсiне ақша ұсталып қалады. Осы жазаны өтеу уақытында сотталған адамның лауазымын, әскери атағын көтеруге болмайды, ал жаза мерзiмi кезектi әскери атақ беру үшiн еңбек сiңiрген жылдар мерзiмiне есептелмейдi.
45-бап. Бас бостандығын шектеу
1. Бас бостандығын шектеу соттың сотталған адамға оның бас бостандығын шектейтiн белгiлi бiр мiндеттер жүктеуiнен тұрады және қоғамнан оқшауламай бiр жылдан бес жылға дейiнгi мерзiмге мамандандырылған органның қадағалауымен оның тұрғылықты жерi бойынша өтеледi. Өзге жаза (қоғамдық жұмыстарға немесе түзеу жұмыстарына тарту) бас бостандығын шектеуге ауыстырылған жағдайда, ол бiр жылға жетпейтiн мерзiмге тағайындалуы мүмкiн.
Сот бас бостандығын шектеу түрiнде жаза тағайындай отырып, сотталған адамға: мамандандырылған органға хабарламай тұрақты тұратын, жұмыс iстейтiн және оқитын жерiн өзгертпеу, мамандандырылған органның рұқсатынсыз белгiлi бiр жерлерге бармау, оқудан және жұмыстан бос уақытта тұрғылықты жерiнен кетпеу, басқа да жерлерге бармау мiндеттерiн орындауды жүктейдi. Сот, бас бостандығын шектеуге сотталған адамға оның түзелуiне ықпал ететiн басқа да мiндеттердi орындауды: алкогольге салынудан, нашақорлықтан, уытқұмарлықтан, жыныс жолдары арқылы жұғатын аурулардан емделу курсынан өтудi, отбасын материалдық қолдауды жүзеге асыруды жүктей алады.
2. Бас бостандығын шектеуге сотталған адам жазаны өтеуден қасақана жалтарған жағдайда сот бас бостандығын шектеудiң өтелмеген мерзiмiн нақ сол мерзiмге бас бостандығынан айыру түріндегі жазамен ауыстыра алады. Бұл ретте бас бостандығын шектеудi өтеу уақыты бас бостандығын шектеудiң бiр күнi үшiн бас бостандығынан айырудың бiр күнi есебiнен бас бостандығынан айыру мерзiмiне есептеледi.
3. Бас бостандығын шектеу ауыр және аса ауыр қылмыс жасағаны үшiн сотталғандығы бар адамдарға, әскери қызметшiлерге, сондай-ақ тұрақты тұратын жерi жоқ адамдарға қолданылмайды.
4. Бас бостандығын шектеу түріндегі жазаны өтеу кезеңiнде сот сотталған адамның мiнез-құлқын қадағалауды жүзеге асыратын органның ұсынысы бойынша сотталған адамға бұрын белгiленген мiндеттердiң күшiн толық немесе iшiнара жоя алады.
45-бап Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 21 желтоқсандағы № 363-II Заңының редакциясында.
46-бап. Қамау
1. Қамау сотталған адамды тағайындалған жазаның бүкiл мерзiмiнде қоғамнан қатаң оқшаулау жағдайында ұстау болып табылады.
2. Қамау бiр айдан алты айға дейiнгi мерзiмге белгiленедi. Қоғамдық жұмыстарға тарту, түзеу жұмыстары немесе айыппұл салу қамаумен ауыстырылған жағдайда ол кемiнде бiр ай мерзiмге тағайындалуы мүмкiн.
3. Қамау үкiм шығару кезiнде он сегiз жасқа толмаған адамдарға, сондай-ақ жүктi әйелдер мен кәмелетке толмаған балалары бар әйелдерге қолданылмайды.
4. Әскери қызметшiлер қамауды абақтыда өткiзедi.
46-бап Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 желтоқсандағы № 10-III Заңымен енгiзiлген өзгерiспен.
47-бап. Тәртiптiк әскери бөлiмде ұстау
1. Шақыру бойынша мерзiмдi әскери қызмет өткерiп жүрген әскери қызметшiлерге, сондай-ақ қатардағы және сержанттық құрам қызметтерiнде келісім-шарт бойынша әскери қызмет өткерiп жүрген әскери қызметшiлерге, егер олар сот үкiм шығарған кезде заңда белгiленген шақыру бойынша қызмет, өткеру мерзiмiн бiтiрмесе, тәртiптiк әскери бөлiмде ұстау тағайындалады. Бұл жаза әскери қылмыстар жасағаны үшiн осы Кодекстiң Ерекше бөлiміндегі тиiстi баптарда көзделген жағдайда, сондай-ақ сот iстiң мән-жайы мен кiнәлiнiң жеке басын ескере отырып, екi жылдан аспайтын мерзiмге бас бостандығынан айырудың орнына дәл сол мерзiмге тәртiптiк әскери бөлiмде ұстаған дұрыс деп тапқан жағдайда үш айдан екi жылға дейiнгi мерзiмге белгiленедi. Бас бостандығынан айырудың орнына тәртiптiк әскери бөлiмде ұстау бұрын бас бостандығынан айыру түрiнде жазасын өтеген адамдарға қолданылмайды.
2. Бас бостандығынан айырудың орнына тәртiптiк әскери бөлiмде ұстау кезiнде тәртiптiк әскери бөлiмде ұстау мерзiмi тәртiптiк әскери бөлiмде ұстаудың бiр күнi үшiн бас бостандығынан айырудың бiр күнi есебiмен белгiленедi.
48-бап. Бас бостандығынан айыру
1. Бас бостандығынан айыру сотталушыны колония-қонысқа жiберу, жалпы, қатаң, ерекше режимдегi түзеу колониясына немесе түрмеге отырғызу жолымен оқшаулаудан тұрады.
2. Үкiм шығару кезiнде он сегiз жасқа толмай бас бостандығынан айыруға сотталған адамдар жалпы немесе күшейтiлген режимдегi тәрбиелеу колонияларына орналастырылады.
3. Осы Кодексте көзделген қылмыстарды жасағаны үшiн бас бостандығынан айыру алты айдан он бес жылға дейiн, ол осы Кодекстiң 49-бабының бiрiншi бөлiгiнде аталған ерекше ауыр қылмыстар үшiн - жиырма жылға дейiнгi мерзiмге не өмiр бойына белгiленедi. Абайсызда жасалған қылмыс үшiн бас бостандығынан айыру он жылдан аспауға тиiс. Қоғамдық жұмыстарға тартуды, түзеу жұмыстарын немесе бас бостандығын шектеудi бас бостандығынан айырумен ауыстырған жағдайда ол алты айға жетпейтiн мерзiмге тағайындалуы мүмкiн. Қылмыстардың жиынтығы бойынша жаза тағайындау кезiнде бас бостандығынан айыру мерзiмдерiн iшiнара немесе толық қосқан жағдайда бас бостандығынан айырудың ең жоғары мерзiмi осы Кодекстiң 49-бабының үшiншi бөлiгiнде, 69-бабының бесiншi бөлiгiнде және 75-бабының төртiншi бөлiгiнде көзделген жағдайларда - жиырма бес жылдан, ал үкiмдердiң жиынтығы бойынша отыз жылдан артық болмауға тиiс.
4. Өмiр бойына бас бостандығынан айыру өмiрге қастандық жасалатын аса ауыр қылмыс жасағаны үшiн берiлетiн өлiм жазасына балама ретiнде ғана белгiленедi және сот өлiм жазасын қолданбауға болады деп ұйғарған жағдайларда тағайындалуы мүмкiн. Өмiр бойы бас бостандығынан айыру әйелдерге, сондай-ақ он сегiз жасқа толмай қылмыс жасаған адамдарға және үкiм шығарылу сәтiне алпыс бес жасқа толған еркектерге тағайындалмайды.
5. Бас бостандығынан айыру:
а) абайсызда қылмыс жасағаны үшiн бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарға - колония-қоныстарға;
б) қасақана кiшiгiрiм немесе ауырлығы орташа және ауыр қылмыс жасағаны үшiн бас бостандығынан айыруға тұңғыш рет сотталған адамдарға және қоғамдық жұмыстарға, түзеу жұмыстарына тарту немесе бас бостандығын шектеу алты ай мерзiмге бас бостандығынан айыруға ауыстырылған адамдарға - жалпы режимдегi түзеу колонияларына;
в) аса ауыр қылмыстар жасағаны үшiн бас бостандығынан айыруға тұңғыш рет сотталған адамдарға, сондай-ақ сотталған адам бұрын бас бостандығынан айыру жазасын өтеген болса, қылмыстардың қайталануы кезiнде және қылмыстардың аса қауiптi қайталануы кезiнде әйелдерге - қатаң режимдегi түзеу колонияларына;
г) қылмыстардың аса қауiптi қайталануы кезiнде, сондай-ақ өмiр бойына бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарға - ерекше режимдегi түзеу колонияларына тағайындалады.
6. Аса ауыр қылмыс жасағаны үшiн бес жылдан астам мерзiмге бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарға, сондай-ақ қылмыстардың аса қауiптi қайталануы кезiнде жаза мерзiмiнiң бiр бөлiгiн түрмеде өтеу түрiнде, бiрақ бес жылдан аспайтын мерзiмге тағайындалуы мүмкiн.
7. Үкiммен тағайындалған түзеу мекемесiнiң нысанын өзгертудi Қазақстан Республикасының құқықтық-атқарушылық заңдарына сәйкес сот жүргiзедi.
48-бап Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 5 мамырдағы № 47-II Заңымен енгiзiлген толықтырулармен; Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 желтоқсандағы № 10-III Заңымен енгiзiлген өзгерістермен.
49-бап. Өлiм жазасы
1. Өлiм жазасы-ату жазасы адамның өмiрiне қол сұғатын ерекше ауыр қылмыстар үшiн, сондай-ақ соғыс кезiнде немесе ұрыс жағдайында мемлекеттік сатқындық, бейбiтшiлiкке және адамзаттың қауiпсiздiгiне қарсы қылмыс және ерекше ауыр әскери қылмыстар жасағаны үшiн ғана ең ауыр жаза ретiнде қолданылуы мүмкiн.
2. Өлiм жазасы әйелдерге, сондай-ақ он сегiз жасқа толмай қылмыс жасаған адамдарға және сот үкiм шығарған сәтте алпыс бес жасқа толған еркектерге тағайындалмайды.
3. Қазақстан Республикасының Президентi өлiм жазасын орындауға мораторий енгiзген кезде, өлiм жазасы туралы үкiмдi орындау мораторий қолданылған уақытта тоқтатыла тұрады.
4. Өлiм жазасы туралы үкiм ерте дегенде ол күшiне енген сәттен бастап бiр жылдан кейiн, сондай-ақ өлiм жазасын орындауға мораторийдiң күшi жойылғаннан соң ерте дегенде бiр жыл өткеннен кейiн орындалады.
5. Өлiм жазасы кешiрiм жасау тәртібімен жазаны ерекше режимдегi түзеу колониясында өтеу арқылы өмiр бойы бас бостандығынан айыруға немесе жиырма бес жыл мерзiмге бас бостандығынан айыруға ауыстырылуы мүмкiн. Өлiм жазасына кесiлген адамдардың, өлiм жазасын орындауға мораторийдiң күшi жойылған жағдайда, олардың мораторий енгiзiлгенге дейiн өтiнiш бергенiне немесе бермегенiне қарамастан, кешiрiм жасау туралы өтiнiш беруге құқығы бар.
49-бап Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 10-III наурыздағы № 529-II Заңымен енгiзiлген өзгерiс және толықтырулармен.
50-бап. Арнаулы, әскери немесе құрметтi атағынан, сыныптық шенiнен,
дипломатиялық дәрежесiнен, біліктілік сыныбынан және мемлекеттік
наградаларынан айыру
1. Ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасағаны үшiн соттау кезiнде сот айыпкердiң жеке басын ескере отырып, оны құрметтi, әскери, арнаулы немесе өзге де атағынан, сыныптық шенiнен, дипломатиялық дәрежесiнен, біліктілік сыныбынан айыра алады.
2. Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президентi берген құрметтi, әскери, арнаулы немесе өзге де атағы, сыныптық шенi, дипломатиялық дәрежесi немесе біліктілік сыныбы бар адамды ауыр немесе аса ауыр қылмысы үшiн соттаған ретте сот үкiм шығарған кезде ол сотталған адамды осы наградалардан, атақтардан, біліктілік шенiнен, дипломатиялық дәрежесiнен немесе біліктілік сыныбынан айыру туралы Қазақстан Республикасының Президентiне ұсыныс енгізудiң орындылығы туралы мәселенi шешедi.
51-бап. Мүлiктi тәркiлеу
1. Мүлiктi тәркiлеу дегенiмiз сотталған адамның меншiгi болып табылатын мүлiктiң бәрiн немесе бiр бөлiгiн мемлекеттiң меншiгiне мәжбүрлеп өтеусiз алу.
2. Мүлiктi тәркiлеу пайдакүнемдiк ниетпен жасалған қылмыс үшiн белгiленедi және осы Кодекстiң Ерекше бөлiмiнiң тиiстi баптарында көзделген жағдайларда ғана тағайындалуы мүмкiн.
3. Қылмыстық-атқарушы заңдарда көзделген тiзбеге сәйкес сотталған немесе оның асырауындағы адамдарға қажеттi мүлiк тәркiленбеуге тиiс.
IV бөлiм
ЖАЗА ТАFАЙЫНДАУ
52-бап. Жаза тағайындаудың жалпы негiздерi
1. Қылмыс жасауға айыпты деп танылған адамға осы Кодекстiң Ерекше бөлiмiнiң тиiстi бабында белгiленген шекте және осы Кодекстiң Жалпы бөлiмiнiң ережелерi ескерiле отырып, әдiл жаза тағайындалады.
2. Қылмыс жасаған адамға оның түзелуi және жаңа қылмыстардың алдын алу үшiн қажеттi және жеткiлiктi жаза тағайындалуға тиiс. Егер жасалған қылмыс үшiн көзделген жазаның онша қатаң емес түрi жазаның мақсатына жетудi қамтамасыз ете алмайтын болса ғана ол үшiн көзделгендерi арасынан неғұрлым қатаң жаза тағайындалады. Жасалған қылмыс үшiн осы Кодекстiң Ерекше бөлiміндегі тиiстi баптарда көзделгеннен неғұрлым қатаң жаза осы Кодекстiң 58 және 60-баптарына сәйкес қылмыстардың жиынтығы бойынша немесе үкiмдердiң жиынтығы бойынша тағайындалуы мүмкiн. Жасалған қылмыс үшiн осы Кодекстiң Ерекше бөлiміндегі тиiстi баптарда көзделгеннен қатаңдығы төменiрек жаза тағайындау үшiн негiз осы Кодекстiң 55-бабында белгiленедi.
3. Жаза тағайындау кезiнде қылмыстың сипаты мен қоғамдық қауiптілік дәрежесi, айыпкердiң жеке басы, сонымен бiрге оның қылмыс жасағанға дейiнгi және одан кейiнгi мiнез-құлқы, жауаптылық пен жазаны жеңiлдететiн және ауырлататын мән-жайлар, сондай-ақ тағайындалған жазаны сотталған адамның түзелуiне және оның отбасының немесе оның асырауындағы адамдардың тiршiлiк жағдайына ықпалы ескерiледi.
53-бап. Қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңiлдететiн мән-жайлар
1. Мыналар қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңiлдететiн мән-жайлар деп танылады:
а) мән-жайлардың кездейсоқ тоғысуы салдарынан алғаш рет кiшiгiрiм ауырлықтағы қылмыс жасау;
б) айыпкердiң кәмелетке толмауы;
в) жүктілік;
г) айыпкердiң жас балалары болуы;
д) қылмыс жасағаннан кейiн зардап шегушiге тiкелей медициналық және өзге де көмек көрсету, қылмыс салдарынан келтiрiлген мүлiктiк залал мен моральдық зиянның орнын өз еркiмен толтыру, қылмыспен келтiрiлген зиянды жоюға бағытталған өзге де iс-әрекеттер;
е) жеке басындық, отбасылық немесе өзге де ауыр мән-жайлар тоғысуының салдарынан не жаны ашығандық себебiмен қылмыс жасау;
ж) күштеп немесе психикалық мәжбүрлеу салдарынан не материалдық, қызметтiк немесе өзге де тәуелдiлiгi себептi қылмыс жасау;
з) қажеттi қорғанудың құқықтық дұрыстығының шартын бұзу, аса қажеттілік қылмыс жасаған адамды ұстау, негiздi тәуекел, бұйрықты немесе өкiмдi орындау жағдайында қылмыс жасау;
и) қылмыс жасау үшiн түрткi болып табылған жәбiрленушiнiң заңға қайшы немесе адамгершiлiкке жатпайтын қылығы;
к) шын жүректен өкiну, айыбын мойындап келу, қылмысты ашуға, қылмысқа басқа қатысушыларды әшкерелеуге және қылмыс жасау нәтижесiнде алынған мүлiктi iздеуге белсендi жәрдемдесу.
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделмеген мән-жайлар да жаза қолдану кезiнде жеңiлдетушi ретiнде ескерiлуi мүмкiн.
3. Егер жеңiлдететiн мән-жай осы Кодекстiң Ерекше бөлiмiнiң тиiстi бабында қылмыс белгiсi ретiнде көзделген болса, ол өзiнен-өзi жаза тағайындау кезiнде қайталап ескерiле алмайды.
4. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнiң д) және к) тармақтарында көзделген жазаны жеңiлдететiн мән-жайлар болған және ауырлататын мән-жайлар болмаған жағдайда, жаза мерзiмi немесе мөлшерi осы Кодекстiң Ерекше бөлiмiнiң тиiстi бабында көзделген жазаның неғұрлым қатаң түрiнiң ең жоғары мерзiмiнiң немесе мөлшерiнiң ауыр емес және орташа ауыр қылмыс жасаған кезде - жартысынан, ауыр қылмыс жасаған кезде - үштен екiсiнен, аса ауыр қылмыс жасаған кезде төрттен үшiнен аспауға тиiс.
53-бап Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 21 желтоқсандағы № 363-II Заңымен енгiзiлген өзгерiспен.
54-бап. Қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайлар
1. Мыналар қылмыстық-жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайлар деп танылады:
а) қылмыстарды әлденеше рет жасау, қылмыстардың қайталануы;
б) қылмыс арқылы ауыр зардаптар келтiру;
в) адамдар тобының, алдын ала сөз байласқан адамдар тобының, ұйымдасқан топтың немесе қылмыстық қауымдастықтың (қылмыстық ұйымның) құрамында қылмыс жасау;
г) қылмыс жасағанда айрықша белсендi рөл атқару;
д) айыпкер үшiн психикасы бұзылуының ауыр түрiнен зардап шегетiнi алдын ала белгiлi адамдарды не қылмыстық жауаптылық жасына толмаған адамдарды қылмыс жасауға тарту;
е) ұлттық, нәсiлдiк және дiни өшпендiлiк немесе араздық себебi бойынша, басқа адамдардың заңды iс-әрекетi үшiн кектенушiлiктен, сондай-ақ басқа қылмысты жасыру немесе оны жасауды оңайлату мақсатында қылмыс жасау;
ж) жүктілік жағдайы айыпкер үшiн алдын ала белгiлi әйелге қатысты, сондай-ақ жас балаға, басқа да қорғансыз немесе дәрменсiз адамға не айыпкерге тәуелдi адамға қатысты қылмыс жасау;
з) белгiлi бiр адамның өзiнiң қызметтiк, кәсiби немесе қоғамдық борышын өтеуiне байланысты оған немесе оның туыстарына қатысты қылмыс жасау;
и) аса қатыгездiкпен, садизммен, қорлаумен, сондай-ақ жәбiрленушiнi қинап қылмыс жасау;
к) қару, оқ-дәрi, жарылғыш заттар, жарылғыш немесе оларды бейнелеушi құрылғылар, арнайы дайындаған техникалық құралдар, тез тұтанатын және жанғыш сұйықтар, улы және радиоактивтi заттар, дәрiлiк және өзге де химиялық-фармакологиялық дәрi-дәрмектер пайдаланып, сондай-ақ күш көрсетiп немесе психикалық мәжбүрлеу не жалпы қауiптi әдiс қолданып қылмыс жасау;
л) төтенше жағдайды, табиғи немесе өзге де қоғамдық нәубет жағдайларын пайдаланып, сондай-ақ жаппай тәртiп бұзушылық кезiнде қылмыс жасау;
м) алкогольдiк, есiрткiлiк немесе уытқылық елiту жағдайында қылмыс жасау. Сот қылмыстың сипатына қарай бұл мән-жайды ауырлатушы деп танымауға құқылы;
н) адамның өзi қабылдаған антын немесе кәсiби антын бұза отырып қылмыс жасауы;
о) қылмыскердiң қызмет жағдайына немесе шартқа байланысты өзiне көрсетiлген сенімдi пайдаланып қылмыс жасауы;
п) өкiмет өкiлiнiң нысанды киiмiн немесе құжатын пайдаланып қылмыс жасау.
2. Егер осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген мән-жай осы Кодекстiң Ерекше бөлiмiнiң тиiстi бабында қылмыс белгiсi ретiнде көрсетiлген болса, ол жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жай ретiнде қайталап ескерiлмеуi керек.
3. Жаза тағайындау кезiнде сот осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлмеген мән-жайларды ауырлатушы мән-жайлар деп тани алмайды.
55-бап. Белгiлi бiр қылмыс үшiн көзделген жазадан гөрi неғұрлым жеңiл жаза қолдану
1. Әрекеттiң мақсаттары мен себептерiне, айыпкердiң рөлiне, оның қылмыс жасау кезіндегі немесе одан кейiнгi мiнез-құлқына байланысты ерекше мән-жайлар және әрекеттiң қоғамдық қауiптілігi дәрежесiн едәуiр азайтатын басқа да мән-жайлар болған кезде, сондай-ақ топтық қылмысқа қатысушы топ жасаған қылмыстарды ашуға белсене жәрдемдескен кезде жаза осы Кодекстiң Ерекше бөлiмiнiң тиiстi бабында көзделген ең төменгi шектен төмен тағайындалуы мүмкiн, не сот жазаның осы бапта көзделгенінен неғұрлым жеңiл түрiн тағайындауы не мiндеттi жаза ретiнде көзделген қосымша жаза түрiн қолданбауы мүмкiн.
2. Жазаны жеңiлдететiн жекелеген мән-жайлар да, сондай мән-жайлар жиынтығы да ерекше мән-жай деп танылуы мүмкiн.
56-бап. Аяқталмаған қылмыс үшiн жаза тағайындау
1. Аяқталмаған қылмыс үшiн жаза тағайындау кезiнде соның себебiнен қылмыс ақырына дейiн жетпеген мән-жай ескерiледi.
2. Қылмысқа дайындалғаны үшiн жазаның мерзiмi мен мөлшерi осы Кодекстiң Ерекше бөлiмiнде аяқталған қылмыс үшiн тиiстi бапта көзделген жазаның неғұрлым қатаң түрiнiң ең жоғары мерзiмiнiң немесе мөлшерiнiң жартысынан аспауы керек.
3. Қылмысқа оқталғаны үшiн жазаның мерзiмi мен мөлшерi осы Кодекстiң Ерекше бөлiміндегі тиiстi бапта ерекше қылмыс үшiн көзделген жазаның неғұрлым қатаң түрiнен ең жоғары мерзiмiнiң немесе мөлшерiнiң төрттен үшiнен аспауы керек.
4. Қылмыс жасауға дайындалғаны үшiн және қылмыс жасауға оқталғаны үшiн өлiм жазасы мен өмiр бойы бас бостандығынан айыру тағайындалмайды.
57-бап. Қатысып жасалған қылмыс үшiн жаза тағайындау
1. Қатысып жасалған қылмыс үшiн жаза тағайындау кезiнде оны жасауға адамның iс жүзiнде қатысу сипаты мен дәрежесi, осы қатысудың қылмыс мақсатына жету жөніндегі мәнi, оның келтiрiлген немесе келтiруi мүмкiн зиянының сипаты мен мөлшерiне ықпал ескерiледi.
2. Қатысушылардың бiреуiнiң жеке басына қатысты жауаптылық пен жазаны жеңiлдететiн немесе ауырлататын мән-жайлар тек сол қатысушыға жаза тағайындау кезiнде ғана ескерiледi.
58-бап. Қылмыстардың жиынтығы бойынша жаза тағайындау
1. Қылмыстардың жиынтығы кезiнде сот әрбiр қылмыс үшiн бөлек жаза (негiзгi және қосымша) тағайындап, түпкiлiктi жазаны жеңiлiрек, қатаң жазаны ауырырақ қатаң жазаға сiңiру жолымен немесе тағайындалған жазаларды толық немесе iшiнара қосу жолымен белгiлейдi.
2. Егер қылмыстар жиынтығында тек ауыр емес және орташа ауыр қылмыстар қамтылса, онда түпкiлiктi жаза қатаңдығы жеңiлiрек жазаны неғұрлым қатаң жазаға сiңiру жолымен тағайындалады.
3. Егер қылмыстардың жиынтығында ауыр немесе аса ауыр қылмыс қамтылса, түпкiлiктi жаза қатаңдығы жеңiлiрек жазаны неғұрлым қатаң жазаға сiңiру жолымен не жазаларды iшiнара немесе толық қосу жолымен тағайындалады. Бұл орайда бас бостандығынан айыру түріндегі түпкiлiктi жаза жиырма жылдан аспауы керек.
4. Егер қылмыстардың жиынтығында осы Кодексте жиырма жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру немесе өлiм жазасы не өмiр бойы бас бостандығынан айыру көзделген, ең болмағанда бiр аса ауыр қылмыс қамтылатын болса, түпкiлiктi жазалау iшiнара немесе толық қосылып тағайындалады. Бұл орайда бас бостандығынан айыру түріндегі түпкiлiктi жазалау жиырма бес жылдан аспауға тиiс.
5. Қылмыстар жиынтығы бойынша тағайындалған негiзгi жазаға жиынтықты құрайтын қылмыстар үшiн тағайындалған қосымша жазалар қосылуы мүмкiн. Жекелеп немесе толық қосылған жағдайда түпкiлiктi қосымша жаза осы Кодекстiң Жалпы бөлiмiнiң сол жазалау түрi үшiн белгiленген ең жоғары мерзiмiнен немесе мөлшерiнен аспауы керек.
6. Егер сотталған адамның iсi бойынша сот үкiм шығарғаннан кейiн оның бiрiншi iс бойынша үкiм шығарылғанға дейiн жасаған басқа бiр қылмысқа айыпты екенi анықталса, жаза нақ сол ережелермен тағайындалады. Бұл жағдайда соттың бiрiншi үкімі бойынша өтелген жаза түпкiлiктi жазалау мерзiмiне есептеледi.