Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан берілетін кепілдік берілген
трансферттің үш жылдық кезеңге арналған мөлшерін айқындау ережесін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 25 тамыздағы № 813 Қаулысы
ҚР Үкіметінің 2009 жылғы 16 маусымдағы № 914 Қаулысымен күші жойылды
Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 24 сәуірдегі Бюджет кодексінің 24-бабының 5-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан берілетін кепілдік берілген трансферттің үш жылдық кезеңге арналған мөлшерін айқындау ережесі бекітілсін.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі | Д. Ахметов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2006 жылғы 25 тамыздағы
№ 813 қаулысымен
Бекітілген
Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан берілетін
кепілдік берілген трансферттің үш жылдық кезеңге арналған
мөлшерін айқындау ережесi
1. Жалпы ережелер
1. Осы Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан берілетін кепілдік берілген трансферттің үш жылдық кезеңге арналған мөлшерін айқындау ережесі (бұдан әрі - Ереже) Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 24-бабының 5-тармағына және Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 1 қыркүйектегі № 1641 Жарлығымен мақұлданған Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражатын қалыптастырудың және пайдаланудың орта мерзімді перспективаға арналған тұжырымдамасына (бұдан әрі - Тұжырымдама) сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан (бұдан әрі - Ұлттық қор) республикалық бюджетке берілетін кепілдік берілген трансфертті қалыптастырудың үш жылдық кезеңге арналған тәртібін айқындайды.
2. Мыналар:
1) Ұлттық қордан берілетін кепілдік берілген трансфертті қалыптастырудың ашық және тиімді үдерісін қамтамасыз ету;
2) Ұлттық қордан берілетін кепілдік берілген трансфертті қалыптастырудың Тұжырымдамада көзделген қағидаттарын іске асыру;
3) Ұлттық қордан берілетін кепілдік берілген трансфертті есептеу әдістемесін регламенттеу осы Ереженің мақсаттары болып табылады.
3. Осы Ереженің 8-тармағына сәйкес Ұлттық қордан республикалық бюджетке берілетін қайтарымсыз түсім болып табылатын кепілдік берілген трансферт бюджеттік даму бағдарламаларына арналған шығындардың орташа көлеміне негізделе отырып қалыптастырылған трансферттің кепілдік берілген ең төменгі деңгейін қамтамасыз ететін константадан, сондай-ақ үш жылдық кезеңге арналған «b» коэффициентін айқындайтын жылдың алдындағы бес жылдық кезеңде Ұлттық қордың активтерін басқарудан түсетін инвестициялық кірістің орташа деңгейіне сәйкес келетін коэффициент туындысынан, Ұлттық қор активтерінің сомасынан және Ұлттық қордың базалық (функционалдық) валютасына қатысты теңге бағамынан тұрады.
4. Кепілдік берілген трансферт бюджеттің мұнай емес секторының түсімдері мен республикалық бюджет шығыстарының арасындағы айырмаға сәйкес келетін мұнай емес тапшылығының мөлшері ескеріле отырып айқындалады.
Бюджеттің кепілдік берілген трансферт мөлшерін есептеу үшін негізгі индикаторының бірі болып табылатын мұнай емес тапшылығы мен оның ықтимал параметрлері Қазақстан Республикасы Үкіметінің орта мерзімді фискалдық саясатында айқындалады.
2. Кепілдік берілген трансферттің көлемін айқындау тәртібi
5. Кепілдік берілген трансферттің мөлшері Ұлттық қордың қаражатын қалыптастырудың және пайдаланудың мақсаттары мен Орта мерзімді фискалдық саясатқа негізделе отырып айқындалады және оның есебі мынадай қағидаттарға негізделеді:
перспективада мемлекеттік шығыстардың мұнай секторынан түсетін түсімдерге тәуелділігін азайтуды қамтамасыз ету үшін активтерін басқарудан түсетін инвестициялық кіріс бюджетке қажетті трансферт көлеміне сәйкес келетін Ұлттық қорда жеткілікті қаражатты шоғырландыруға қол жеткізу;
макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, экономиканың қызып кету қаупін азайту және инфляциялық үдерістері жеделдету үшін Ұлттық қордың қаражатын шектен тыс пайдалануға жол бермеу;
Ұлттық қордың қаражатын теңгерімді пайдалану және жинақтарды қалыптастыру жолымен оның қаражатын жинақтаудың барынша көп көлеміне қол жеткізу, шектен тыс үкіметтік қарыз алуға жол бермеу.
6. Макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында кепілдік берілген трансфертті қалыптастыру мемлекеттік бюджеттің жиынтық шығыстарының өсу қарқынын елдің ЖІӨ-нің номиналды өсуінен аспайтын деңгейде қамтамасыз етуге бағдарланады.
Бұл ретте, ағымдағы бюджеттік бағдарламаларға арналған шығыстардың азаюын ескере отырып, елдің ЖІӨ-ге қатысты бюджеттің даму бағдарламалары бойынша шығыстарды тиісті сомаға шамалы ұлғайтуға жол беріледі.
7. Кепілдік берілген трансферттің ең жоғары жол берілетін мөлшері республикалық бюджетті әзірлейтін жылдың алдындағы қаржы жылының соңындағы жағдай бойынша Ұлттық қор активтерінің үштен бір бөлігінен аспауға тиіс.
Ұлттық қор активтерінің азаюына жол бермеу мақсатында республикалық бюджет тапшылығын үкіметтік қарыз алу есебінен қаржыландыру деңгейі бес жылдық кезең үшін орташа жылдық мәнінде ЖІӨ-нің 1 %-нан аспайтын мөлшерде шектеледі.
Бұдан басқа, республикалық бюджеттің тапшылығы бес жылдық кезең ішінде кепілдік берілген трансферт мөлшері шегеріле отырып, Ұлттық қорға жалпы түсімдер ретінде есептелетін Ұлттық қордың орташа жылдық өсімінен асып кетпеуге тиіс.
8. Кепілдік берілген трансферттің мөлшері мынадай формулаға сәйкес есептеледі:
Go = А + b x NFRKt-1 x e, мұнда
Go - Ұлттық қордан берілетін кепілдік берілген трансферт (теңгемен айқындалады);
А - константа;
b - үш жылдық кезеңге арналған «b» коэффициентін айқындайтын жылдың алдындағы бес жылдық кезең ішінде Ұлттық қордың активтерін басқарудан түсетін инвестициялық кірістің орташа деңгейіне сәйкес келетін коэффициент;
NFRKt-1 - республикалық бюджетті әзірлейтін жылдың алдындағы қаржы жылының соңындағы Ұлттық қордың активтері (Ұлттық қордың базалық (функционалдық) валютасымен);
e - Ұлттық қордың базалық (функционалдық) валютасына қатысты теңге бағамы.
Кепілдік берілген трансферт есептерін жүзеге асырудың бірінші жылында NFRKt-1 және e көрсеткіштері үш жылдық кезеңге арналған кепілдік берілген трансфертті айқындайтын жылдың алдындағы қаржы жылының соңындағы жағдай бойынша нақты, ал келесі жылдары - болжамды болып табылады.
Бұл ретте:
А + b x NFRKt - 1 x e = (DB - (D) + (Gno - СВЕ))), мұнда
DB - даму бюджеті;
D - таза үкіметтік қарыз алу (тартылатын және өтелетін қарыздардың арасындағы айырма);
Gno - мұнай емес сектордың кірістері;
CBE - ағымдағы бюджеттік шығыстар.
Бұл ретте, мұнай емес кірістер мен ағымдағы бюджеттік шығыстар арасындағы айырмашылық таза үкіметтік қарыз алудан асып кетпеуге тиіс D> (Gno - СВЕ),
өйткені, мұндай асып кету «А» константасының бір бөлігін ағымдағы бюджеттік шығыстарды қаржыландыруға даму бюджетіне зиян келтіре отырып алып қоюды талап етеді.
Үш жылдық кезеңге арналған кепілдік берілген трансфертті айқындау үшін мемлекеттік бюджеттің жиынтық шығыстарының өсу қарқынын елдің ЖІӨ-нің болжамды номиналды өсуінен аспайтын деңгейде қамтамасыз етуді ескере отырып, Әлеуметтік-экономикалық дамудың үш жылдық кезеңге арналған орта мерзімді жоспарының құрамында бекітілетін бюджеттік инвестициялық жобалардың (бағдарламалардың) тізбесі және Қазақстан Республикасы Yкіметінің тиісті кезеңге арналған орта мерзімді фискалдық саясаты шеңберінде тиісті кезеңге арналған даму бюджетінің мөлшері айқындалатын болады.
9. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі бюджеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органның сұрауы бойынша Ұлттық қордың активтерін басқарудан түсетін инвестициялық кіріс туралы ақпарат береді.