Жер қойнауын пайдалану, қорғау саласындағы талаптарды бұзу салдарынан
келтірілген зиянды есептеу ережесін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 22 тамыздағы № 796 Қаулысы
ҚР Үкіметінің 2011 жылғы 15 ақпандағы № 139 Қаулысымен күші жойылды
«Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының 1996 жылғы 27 қаңтардағы Заңының 49-бабының 4-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Yкіметі қаулы етеді:
1. Қоса беріліп отырған Жер қойнауын пайдалану, қорғау саласындағы талаптарды бұзу салдарынан келтірілген зиянды есептеу ережесі бекітілсін.
2. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланғаннан кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі | Д. Ахметов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2006 жылғы 22 тамыздағы
№ 796 қаулысымен
бекітілген
Жер қойнауын пайдалану, қорғау саласындағы талаптарды
бұзу салдарынан келтірілген зиянды есептеу
ережесі
1. Жалпы ережелер
1. Осы Ереже Қазақстан Республикасының «Қоршаған ортаны қорғау туралы», «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы», «Мұнай туралы» заңдарына сәйкес әзірленген және жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде жер қойнауын пайдалану және қорғау саласындағы талаптарды бұзу салдарынан келтірілген зиянды есептеу тәртібін регламенттейді.
2. Ереже меншік нысанына қарамастан, барлық жер қойнауын пайдаланушыларға қолданылады.
3. Жер қойнауын пайдалану саласындағы талаптарды бұзу салдарынан келтірілген зиянды есептеу, жер қойнауын зерделеу және пайдалану жөніндегі уәкілетті органның мемлекеттік бақылау жүргізуі барысында зиянды анықтау фактісі бойынша жүзеге асырылады.
Жер қойнауын пайдалану саласындағы талаптарды бұзу салдарынан келтірген зиянның мөлшерін жер қойнауын зерделеу және пайдалану жөніндегі уәкілетті орган жер қойнауын пайдаланушымен бірлесіп анықтайды.
4. Жер қойнауын қорғау саласындағы талаптарды бұзу салдарынан келтірілген зиянды есептеу қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның мемлекеттік бақылау жүргізуі барысында зиянды анықтау фактісі бойынша жүзеге асырылады.
Жер қойнауын қорғау саласындағы талаптарды бұзу салдарынан келтірген зиянның мөлшерін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган жер қойнауын зерделеу және пайдалану жөніндегі уәкілетті органмен және жер қойнауын пайдаланушымен бірлесіп анықтайды.
5. Зиянның мөлшерін анықтауға байланысты туындайтын дауларды Қазақстан Республикасының азаматтық іс жүргізу заңнамасында айқындалатын тәртіппен сот шешеді.
2. Жер қойнауын пайдалану саласындағы талаптарды
бұзу салдарынан келтірілген зиянды есептеу
6. Жер қойнауын пайдалану саласындағы талаптарды бұзу салдарынан келтірілген зиянның мөлшері деңгейі техникалық-экономикалық есептемелерге негізделген, экономикалық негізді, болмай қоймайтын және қабылданған әдістермен және қорларды игеру және өңдеу жүйелерімен технологиялық байланысты шығындардан асып түсетін пайдалы қазбалар қорларын игеру және өңдеу кезіндегі нақты шығындардың көлемінен болады және жер қойнауын пайдаланушының есепті кезеңде өнімді сатудың орташа бағасы бойынша құндық түрде есептеледі.
7. Жер қойнауын пайдаланушы есепті кезеңде өнімді сатпаған жағдайда, түпкілікті өнімнің құны есепті кезеңде Лондон металдар және мұнай биржасындағы (ІРЕ) орташа сату бағасын ескере отырып анықталады. Лондон металдар және мұнай биржасында (ІРЕ) өнімді сату болмаған кезде осы биржадағы оның алдыңғы кездегі орташа құны негізге алынады.
8. Зиян мөлшері осы Ережеге қосымшаға сай мысалдарға сәйкес есептеледі.
9. Деңгейі техникалық-экономикалық есептемелерге негізделген, экономикалық негізді болмай қоймайтын және қабылданған әдістермен және қорларды игеру және өңдеу жүйелерімен технологиялық байланысты шығындардан пайдалы қазбаларды игеру және өңдеу кезіндегі нақты шығындардың асып түсуі (бұдан әрі - нормативтен тыс шығындар) мынадай көлемдерден болады:
пайдалы қазбалардың теңгерімдік қорларының пайдалы қазбаның теңгерімдік қорлары дұрыс есептелген және оларды жер қойнауынан өндіру толықтығын бастапқы есепке алу мүмкін болатын бір тектес тау-кен - геологиялық жағдайлармен бір жүйеде игерілетін жер қойнауының әрбір бөлігі бойынша белгіленген нормативтік шығындардан тыс шығындар, сондай-ақ кез келген негізсіз шығындар;
теңгерімдік, сондай-ақ жер қойнауын ұтымды пайдалануды ескере отырып, пайдалы қазбалардың кен орындарын экономикалық рентабельдi игеруді көздейтін жобаны бұзудың және осы бұзулардан туындаған авариялардың нәтижесінде пайда болған пайдалы қазбалардың теңгерімделген қорларын селективті ойып алуға және қоймаға жинауға көзделген шығындар;
алаңы мен қуаты бойынша толық ойып алмаудың, қабаттарды (қыртыстарды) өңдеу мен жақындастырудың, қорларды тізімнен уақтылы шығармаудың, тау-кен әзірлемелерін уақытынан бұрын жабудың салдарынан жер қойнауында қалдырылған қорлар;
жер қойнауында суланудың, жанудың салдарынан туындаған пайдалы қазбалардың теңгерімдік қорларының немесе өндірілген пайдалы қазбалардың шығындары;
пайдалы құрамдауыштары неғұрлым бай кен орындарының оңай қол жеткізілетін учаскелерінде өндірудің салдарынан рентабельді өңдеу мүмкін емес болатын пайдалы қазбалардың теңгерімдік қорларының шығындары;
кәсіпшілікте өндіру, жинау, тасымалдау және дайындау кезінде мұнайдың, табиғи және ілеспе мұнай газының, газ конденсатының келісілген шығындар нормаларынан тыс шығындары;
кен орындарын игерудің жобаларда немесе технологиялық схемаларда көзделген технологиялық режимін сақтамаудың, сондай-ақ мұнай мен газдың құбыр сыртындағы және құбыр арасындағы кеңістік арқылы жоғары жатқан белдеулерге қабатаралық ағылуының салдарынан мұнайдың, табиғи газдың, басқа пайдалы қазбалар мен құрамдауыштардың бекітілген алынатын қорларының шығындары;
ілеспе мұнай газын, газ конденсатын алудың және кәдеге жаратудың бекітілген нормаларын сақтамау салдарынан олардың шығындары;
кен орындарын уәкілетті органдардың рұқсатынсыз өнеркәсіптік игеру кезінде жағылатын газ;
жағуға рұқсат етілген газ көлемінен тыс жағылған газ;
жобалық талаптармен салыстырғанда қайта өңделетін шикізат сапасының өзгерістері мен ауытқуларына және қайта өңдеудің технологиялық тәртібінің бұзылуына байланысты минералдық шикізатты, аралық өнімдерді (жартылай фабрикаттарды), байыту қалдықтарын, шламдарды, қождарды бекітілген нормативтерден тыс қайта өңдеу кезінде қатты пайдалы қазбалардың және олардың құрамындағы пайдалы құрамдауыштардың шығындары.
10. Мұнай-газ және газ конденсаты кен орындарын пайдалану кезінде мұнайдың, конденсат пен газдың, оның ішінде ілеспе (араластырылған) газдың нормативтен тыс қабаттық шығындары қорларды есептеген кезде қабылданған алу коэффициентінен ауытқулармен анықталады.
11. Газды жағу кезіндегі нормативтен тыс шығындар қорларды есептеген кезде қабылданған құрамдауыштардың құрамы негізінде пайдалы қазбалардың мемлекеттік теңгерімінде тұрған газдың құрамдауыштық құрамы бойынша анықталады.
12. Есепке алудың жеке аспаптары болмаған кезде жобалық шығындарды есептеу өндірілетін пайдалы қазбада араластырылған газдың құрамы бойынша жүргізіледі.
13. Пайдалы құрамдауыштардың минералдық шикізатты қайта өңдеу үдерісінде жол берілген нормативтен тыс шығындарының сандық мәні кеннің тиісті типі (сорты) үшін белгіленген алу көлемі мен оның тауарлық өнімге нақты қол жеткізілген алынуы арасындағы айырма бойынша анықталады.
14. Қайта өңдеу кезінде пайдалы құрамдауыштардың және олардың жартылай өнімдерінің нормативтен тыс шығындары өндірістік объектінің техникалық бақылау бөлімінің және тексерілетін кезеңде оның тауарлық теңгерімдерін талдаудың деректері бойынша анықталады.
3. Жер қойнауын қорғау саласындағы талаптарды
бұзу салдарынан келтірілген зиянды есептеу
15. Жер қойнауына әлеуетті қауіпті химиялық және биологиялық заттардың, радиоактивті материалдардың, өндіріс және тұтыну қалдықтарының түсу деңгейі қазіргі өлшеу (зерделеу) нәтижелері мен объектіні жобалау кезеңінде салынған деректер арасындағы мәндердің айырмашылығы бойынша есептеледі. Жер қойнауының ластану жағдайы туралы бастапқы деректер болмаған жағдайда алынған нәтижелер жер қойнауының әрбір элементі үшін бақыланатын параметрлер бойынша фондық немесе шекті жол берілетін мәндермен салыстырылады.
16. Сарқынды суларды авариялық және келісілмеген жаппай шығару кезінде жер қойнауын қорғау саласындағы талаптарды бұзу, сондай-ақ сарқынды суларды өз бетімен шығару және зиянды заттар мен қалдықтарды, оның ішінде радиоактивті қалдықтарды орналастыру салдарынан келтірілген зиянның мөлшерін есептеу Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 31 мамырдағы № 486 қаулысына сәйкес анықталады.
17. Ауыз сумен немесе шаруашылық-тұрмыстық сумен жабдықтауға арналған жер асты суларының су жинау және жиналу алаңдарында тау-кен өндірісінің қалдықтарын орналастыру олардың қауіптілік сыныбын, абсолютті салмағы мен экологиялық қауіптілік және экологиялық тәуекелдер коэффициенттерін ескере отырып, қалдықтарды орналастырғаны үшін төлемақы нормативін жүргізуге тең зиянды өндіріп алуға әкеп соғады.
18. Жер қойнауы ресурстарының екі немесе бірнеше түрі бойынша жер қойнауын қорғау саласындағы талаптарды бұзу әрбір ресурс бойынша зиянды жеке-жеке жиынтықтаумен анықталады.
19. Әрбір ластау көзінің немесе олардың жиынтығының әсерінен жер қойнауының нақты ластану деңгейі аттестатталған және/немесе аккредиттелген зертханалардың қатысуымен өндірістік объектідегі қадағалау мониторингі пункттерінде орындалған тікелей бақылау өлшемдерінің (талдаулардың) деректері бойынша анықталады.
Жер қойнауын пайдалану
қорғау саласындағы
талаптарды бұзу
салдарынан келтірілген
зиянды есептеу ережесіне
қосымша
Пайдалы қазбалардың нормативтен тыс шығындары
үшін зиян мөлшерін есептеу мысалдары
1-мысал.
Жер қойнауын пайдаланушы қорғасын-мырыш кен орнын игереді. Есепті кезеңде 61224 тонна концентрат сатты.
нормативтік шығын - 1215 тонна болған кезде
мырыштың нақты шығыны - 2024 тоннаны құрады
Есепті кезеңде жер қойнауын пайдаланушының (Лондон металдар және мұнай биржасының) мырыш концентратын сатуы кезіндегі орташа баға 228,03 АҚШ долларын құрады,
(2024 - 1215) x 228,03 = 184476,3 АҚШ доллары.
184476,3 х зиян анықталған сәтте Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі белгілеген Қазақстан Республикасы ұлттық валютасының шетелдік валютаға шаққандағы ресми бағамы = зиян сомасы.
2-мысал.
Жер қойнауын пайдаланушы есепті кезеңде 2658000 тонна мұнай өндірді.
Осы кезеңде мұнайдың нақты шығыны 4442 тонна мұнайды, оның ішінде бекітілген нормативтік шығын 1081 тонна мұнайды құрады.
Есепті кезеңде жер қойнауын пайдаланушының (Лондон металдар және мұнай биржасының) мұнайды сатуы кезіндегі орташа баға 50,49 АҚШ
долларын құрады,
(4442 - 1081) x 50,49 = 169696,89 АҚШ доллары.
169696,89 x зиян анықталған сәтте Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі белгілеген Қазақстан Республикасы ұлттық валютасының шетелдік валютаға шаққандағы ресми бағамы = зиян сомасы.
3-мысал.
Жер қойнауын пайдаланушы есепті кезеңде 215000 тонна мыс сатты:
осы кезеңдегі мыстың нақты шығыны - 13600 тонна
мыстың нормативтік шығыны - 8600 тонна
Есепті кезеңде жер қойнауын пайдаланушының (Лондон металдар және мұнай биржасының) мысты сатуы кезіндегі орташа баға бір тонна үшін 1495,6 АҚШ долларын құрады,
(13600 - 8600) x 1495,6 = 7478000 АҚШ доллары.
7478000 х зиян анықталған сәтте Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі белгілеген Қазақстан Республикасы ұлттық валютасының шетелдік валютаға шаққандағы ресми бағамы = зиян сомасы.
4-мысал.
Жер қойнауын пайдаланушы есепті кезеңде кен орнын өнеркәсіптік
игеруді жүзеге асырған кезде 300 млн. м3 көлемінде ілеспе өндірілетін мұнай газы жағылды. Бұл ретте, газда Пайдалы қазбалар қорларының мемлекеттік теңгерімінде есепте тұрған құрауыштарының өнеркәсіптік құрамы бар. Қазақстан Республикасының Қорлар жөніндегі мемлекеттік комиссиясы бекіткен деректерге сәйкес әлеуетті құрамдастардың мәндері негізінде құрауыштар мен құрғақ газдың (метанның) көлемін анықтаймыз. Әлеуетті жиынтық құрамы 1000 м3 газға 500 кг болған кезде құрауыштардың (этан, пропан, бутан) шығыны 150000 тоннаны құрайды. Құрамы 50 % болған кезде құрғақ газдың (метанның) шығыны 150 млн. м3 құрайды.
Есепті кезеңде жер қойнауын пайдаланушының (Лондон металдар және мұнай биржасының) құрғақ газды сатуы кезіндегі орташа баға 1000 м3 үшін 80 АҚШ долларын, ал сұйытылған газдың (этан, пропан, бутан) 1 тоннасы үшін 350 АҚШ долларын құрады.
Зиян сомасы:
құрғақ газ үшін: 150000000 м3 x 80: 1000 = 12000000 АҚШ доллары;
құрауыштар үшін: 150000 т х 350 = 52500000 АҚШ доллары;
барлығы: 64500000 АҚШ доллары.
64500000 х зиян анықталған сәтте Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі белгілеген Қазақстан Республикасы ұлттық валютасының шетелдік валютаға шаққандағы ресми бағамы = зиян сомасы.
Ескертпе:
басқа құрауыштар бойынша зиян мөлшерін есептеу кезінде көрсетілген мысалдарды пайдалану керек.